• Келелі кеңес
  • 19 Қыркүйек, 2012

«Халқымыз тыныш өмір сүрсін десек...»

– Мейірхан Сағынбекұлы, жұрт­шы­лыққа мәлім, Елбасымыз Н.Ә.На­зарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында, кез­десулерде, түрлі жиындарда сөйлеген сөз­дерінде заң органдарының қызметін жетілдіру, соның ішінде, әсіресе, қылмысқа қарсы күрестің ең алдыңғы қатарынан табылатын ішкі істер органдары қызметінің маңызы және оны жетілдіру мәселесін үнемі қозғап келе жатқаны өзіңізге де белгілі. Әңгімемізді Елбасымыздың талабына орай бастағанымыз жөн болар. Жалпы, қылмысқа қарсы күрес және ішкі істер органдарының алғашқы құрылған кезден бергі қызметінің мән-маңызы жөнінде әңгіме өрбіткеніміз жөн болар. – Бұл мәселе ұзақ әңгіме ғой. Елімізде қылмысқа қарсы күрес қашан туындады деген мәселенің өзі сонау тарих қойнауына да жетелейді деп ойлаймын. Ежелгі қазақ қоғамы ел ішіндегі бұзақыларды қалай ауыздықтағанын тарихтан хабары барлар білсе керек. Қазақ деген есігіне құлып салмаған, қылмыс атаулысы тіпті болмаған халық болған еді десек, жаңсақ айтқандық болмас. Әрине, өмір болған соң, ел ішінде ұрлық-қарлық, өлім-жітімге соқтырған оқиғалар да ұшырасады ғой. Мұндайдың бәрін ерте кезден бері ел ішінде ауылдың игі жақсылары, ақсақалдары, елге сыйлы билері жөнге салып отырғанын өзіңіз де білесіз. Ал, кейінгі кезеңде тарихтың даму барысында еліміз бодандықтың құрсауына түскеннен бері Еуропадағы, Ресейдегі өмір дағдылары қазақ қоғамына да сіңісуіне орай қылмыс та көбейе түсті. Арғы тарихты айтпай-ақ, өзіміздің ішкі істер органдары өткен ғасырдың 17 жылдан бері дамып келеді десек, мұның өзі де тарихтың бір қалың беттерін алатындай әңгіме болып шығады. Кеңес заманында ішкі істер органдары қалай қызмет істеді, қандай әдіс – амалдары болды, іс-тәжірибелері қалай жетілді дегендей сауал төңірегінде ой жүгіртсек, жалпы ішкі істер органдарының, яғни, ел ішіндегі келеңсіздік қылмыс пен күрес мәсе­лесі барлық заманға да, барлық елге де ор­тақ секілді. Біз 23-ші маусымды «Полиция күні», яғни, тәртіп сақшыларының мерекесі деп атап өтеміз. – Неге дәл осы күнді «Полиция күні» деп белгілеген? – Осы мәселені өзім де айтпақшы едім. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қылмысқа қарсы күресетін ішкі істер органдарының қызметі жөнінде арнайы заң қажет болды. Сөйтіп, 1992 жылғы 23-ші маусым күні республикамыздың Жоғарғы Кеңесі, «Қазақстан Респуб­лика­сының ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Міне, осы заң басшылыққа алынып, қылмысқа қарсы күрес жүргізудің тиімділігі артты. Жаңа әңгімеміздің басында, қылмысқа қарсы күрес жүргізудің әдіс-тәсілдері барлық елдерге ортақ дегендей ойымды білдірген едім. Мұның мәні айтпасақ та түсінікті болар. Сөйтсе де, бұрынғыдай еліміз шет мемлекеттер­ден оқшауланып, өмір сүрмейді ғой. Қазір Елбасымыздың көпқырлы саясатымыздың арқасында еліміз әлемнің барлық елде­рімен жақсы қарым-қатынаста өмір сүріп келеді. Сондықтан, барлық елдерде болып жатқан оқиғалардың біздің елімізге де ықпалы аз тимейді. Соған орай, ішкі істер органдары өзінің қызметін жетілдіріп, тиімді тәсілдерді қолдануды шұғыл мең­геруге қажет. Бұл салада Маңғыстау облы­сында да айтарлықтай жағымды тәжірибе қалыптасқан. Маңғыстау – мұнайлы өлке емес пе. Мұнда әлемнің түпкір-түпкірінен келіп еңбек еткендер де, республикамыздың барлық аймақ­тарынан да азаматтарымыз келіп, жұмыс істеп жүр. Мұның өзі біздің жұмысымызды күрделендіре түсетін болды. – Қалайша? Не себептен? – Облысымызға табыс табу үшін ке­ліп жатқандардың арасында қылмысқа бейім болатындары да аз болмайтыны байқалады. Сондықтан да, полицияның әрбір бөлімінде, тіпті, әрбір еңбек ор­нын­да жаңадан келген азаматтардың іс-әрекетін зерттеу, бақылау қажет. Сон­­­дай-ақ, қазір жұртшылыққа мәлім қай жерде болса да, жастар арасында қылмыс өршіді. Сондықтан да, поли­ция қызметкерлері күндіз-түні жан аямай қылмысты ауыздықтау үшін тыным таппай күрес жүргізеді. Бұл істе ескі тәсілдерді жаңарту жолдары үнемі іздестірілуі тиіс. Сөйтіп, ішкі істер орган­дарының жұмысы заман талабына қарай өзгеріп, дамып келеді. Осы қырынан алғанда, облыстық ішкі істер департаменті қазір аса ірі мемлекеттік органға айналды. Алдағы уақытта қылмысқа қарсы күрес жүргізудің тиімділігін арттыру үшін заңдар мен ережелерді де жетілдіру қажеттілігі туындады. Бұл мәселені Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында былай деп нақты атап көрсетті: «Биыл жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексін, жеке детективтік қызмет туралы заң жобасын дайындауды аяқтау қажет. Маңызды мәселе – құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жа­ңарту. 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін олардың бүкіл жеке құрамын қай­­та аттестаттаудан өткізу міндетін қоя­мын. Одан кейін құқық қорғау жүйесі қыз­мет­керлерінің ақшалай ризығын арттыру мен қолдаудың әлеуметтік дестесін кеңейту, сондай-ақ, олардың техникалық жарақтандырылуы мәселелері қаралуға тиіс». Елбасы Жолдауында атап көрсеткен бұл мәселелер ішкі істер органдарының жұмысының пәрменділігін арттыруға аса күшті серпін берді. Қазір облыстық ішкі істер департаменті кадрлық жа­ңарту жұмысын барынша қарқынды жүргізіп келеді. Қайта аттестаттау ісі де ойдағыдай өтті. Полиция органдарының техникалық жарақтандыру мәселелері де Елбасы талабына сай шешімін таба бас­тады. Ал, құқық қорғау жүйесі қыз­меткерлерінің ризығын арттыру мен қолдаудың әлеуметтік жағына баса мән бере бастадық. Өйткені, қылмысқа қарсы жан аямай күндіз-түні тынымсыз күрес жүргізіп келе жатқан азаматтардың, яғни, полиция қызметкерлерінің әлеуметтік тұрмысы да қамқорлыққа бөленуі, Елбасымыз нұсқағанындай аса қажет екенін түсіну қиын емес. Бұл күндері полиция қызметінде өз ісіне берілген аса білікті мамандар аз емес. Жұртшылық олардың еңбегі мен ерлігіне дән риза десек жаңсақ айтқандық болмас. – Қазіргі жағдайда полиция қызметінің ең басым бағыты қандай болып қалыптаса бастағанын да айта кетсеңіз? – Мұндай басымдықтар аз емес десем артық айтқандық болмас. Полиция қызметкерлерінің ең басты ұстанымы, яғни, ең басты басымдық азаматтардың конституциялық құқын қорғауға саяды. Ал, азаматтардың конституциялық құ­қын қорғау дегеніміз не? Бұл қылмысты істерді дер кезінде әрі әділ түрде тергеу қылмысты түгелдей есепке алып, ар­найы есеп жүргізіп отыру. Тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау. Міне, біз полиция қызметкерлерінің жүрегіне осы мәселені берік ұстануды ұғындырып талап етеміз. Сондай-ақ, заңды бұзғандар мен қылмыскерлерге қарсы күресті батыл әрі тиімді жүргізу де басты талап болды. Міне, осындай талапты мінсіз жүргізгенде ғана полиция қызметкерлерінің беделі жұртшылық арасында өсе түсетіні сөзсіз. – Қандай да қызметті заман талабына сай атқару үшін қаржы-қаражат қажет екенін аңдау қиын емес. Қылмыскерлерге қарсы күре­су үшін заң органдары қызмет­керлерінің тұрмыс жағдайынан бастап техникалық жарақтандыруына дейін қар­жы қажет қой. – Сұрайын деген мәселеңізді түсіндім. Елбасымыздың талабы да осыған саяды. Бұл жөнінде Жолдауда нұсқағанын айтып өттім. Бұл мәселеге келсек, ойдағыдай шешімін тапты деуге болады. Тек биылғы жылдың басынан бері ғана облыстың ішкі істер органдарына бір жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. – Бұл күндері полиция қызметкерлеріне деген сенім азайып барады дегендей сөздерді естіп қаламыз. Жұртшылықтың заң органдарына, нақты айтсақ полиция қызметкерлеріне деген сенімі бекем болу үшін де нақты шаралар жасалып жатқан болар. – Әрине, бұл мәселені безбенмен өлшей салатын зат секілді қарастыруға болмас. Егер, адамдар көшеде, не болмаса қыдырыстап жүргенде алаңсыз, қауіпсіз жүрмін деп сезінсе, онда полицияның жұмысы жақсы деген сөз. Демек біздің жұмысымыз адамдардың қауіпсіз өмір тірлігінің қатерсіз болуын қамтамасыз ету. Әрине, әсіресе, ірі қалаларда түрлі оқиғалар ұшырасып жататыны заңды. Мәселен, біз Ақтау қаласында, әсіресе, жаз кезеңінде полиция жұмысын кү­шейте түсуге бағыт аламыз. Өйткені, жаз кезінде қалаға шет жақтан адамдар көптеп келеді. Сондықтан да, халық жиі шоғырланатын жерлерді міндетті түрде бақылауға аламыз. Бұл үшін 20 полиция қызметкерлерінен құралған атқа мінген полиция взводы құрылды. Сондай-ақ, «Қауіпсіз аула» жобасы, тұрақты полиция күзеті секілді көптеген жаңалықтар енгізіліп, полиция қызметкерлері күндіз-түні кезекшілік етіп, адамдардың қауіпсіздігін, қорғауға бейімделген. Осы секілді шараларды іздестіру мен оны тиімді түрде жүзеге асыру барысында тек Ақтау қаласында ғана емес, жалпы облыс бойынша қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылық оқиғалары айтарлықтай азайып, жұртшылықтың полиция қызмет­керлеріне деген сенімі арта түсті. 2012 жылдың жарты жылдығында, облыс бойынша сақтандыру және алдын алу шаралары барысында аса ауыр қылмыс түрлері 0,5, денсаулыққа барынша зардабын тигізетін фактілер 4,8, зорлау 42,1, кісі тонау 20 пайызға кеміді. Қарақшылық 44,7, мас күйінде жасалған қылмыс 14 пайызға төмендеді. Жыл басынан бері 1000 қылмыстық іс ашылса, оның 162-і ауыр, 35-і аса ауыр қылмыстар. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу 51,7 пайызды құрайды. Сондай-ақ, мұның өзі қылмысқа қарсы күрестің оңтайлы тәсілі болды. Облыстық жедел бақылау орталығының жұмысы да жақсы нәтиже беріп отыр. Сөйтіп, мұның өзі қылмысты дер кезінде құрықтауға және қылмыс жасағандарды жедел іздеп табуға айтарлықтай ықпал етті. Биыл жыл соңына дейін мұндай орталық Жаңаөзен қаласында да жұмыс істейтіні көзделіп отыр. Жалпы, қала көшелерінің қиылысында жұртшылық жиі жиналатын орындарда 30-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Сондай-ақ, бейнебақылау камераларын қолданудың маңызы зор екені қазір тә­жірибеде нақты дәлелденді. Осындай жаңалықты енгізу барысында тіпті ауыр, ерекше ауыр қылмыс жасау оқиғаларының көрсеткіші азая түсті. Сонымен қатар, көп­теген қылмыстарды анықтау, әш­кере­леу жұмысына да бейнебақылау камераларын қолдану жақсы нәтиже берді. Әрине, қылмыс болған жерге жедел жету, қылмыс жасаған адамдардың ізіне түсіп, дереу ұстау жөнінде де облыста қалыптасқан жақсы тәжірибелер баршылық. – Алдағы уақытта облыста қыл­мысты оқиғалар азая түсетініне сені­міңіз қандай? – Жалпы облыста ғана емес республика көлемінде де қылмысты оқиғалар бәсеңдей түспек деп ойлаймын. Ал, қылмыс жасаушылардың дені жастар емес пе? Олардың қылмысқа баруының ең басты себептерінің бірі жұмыссыздық, табыс көзін таба алмаушылық екені қазір нақты дәлелденіп отыр. Сондықтан да, Елбасымыз осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында нақты шаралар қолданудың жолын да нұсқады. Нақты айтқанда, жуықта баспасөзде Елбасымыздың «Қа­зақ­станның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласы жарияланды. Онда жұмыссыздықты жою, адамдарды табыс көзімен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар айтылыпты. Осы мақаладағы 20 тапсырма орындалса, қылмыс жасау да күрт азаятынын бағамдауға болады. – Полиция қызметкерлерінің еңбегі мен ерлігінің ескерілуінің де маңызы зор болса керек... – Әрине. Бұған біз баса мән береміз. Облыстың ішкі істер қызметкерлерінің қатардағы полиция қызметкерлерінен бастап басшыларына дейін жан аямай халықтың тыныштығын күзетіп, қылмыскерлерге қарсы күресте ерлік пен тапқырлық өнегесін көрсеткендер аз емес. Олардың қатары уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына орай туындаған міндеттерді мінсіз атқаруды өзімнің азаматтық парызым, қызметтік борышым деп сезінетіндер қашан да табысты еңбек ететіні сөзсіз. Мұндайлар қашан да мақтау мен марапаттаудан қағыс қалмауын да мықтап қарастырамыз. Соның барысында биылғы ішкі істер органдары «полиция күні» мерекесінде облыстың 6000-нан астам полиция қызметкерлері түрлі наградалармен марапатталды. Мұндай өнегелі де білікті қызметкерлеріміз бар­ған сайын молайып, облыстың ішкі іс­тер қызметкерлерінің жұмысы жетіліп, жемісті бола беретіні сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Қуанбек Боқаев, журналист

458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз