• Ұлттану
  • 10 Мамыр, 2017

ҰЛТ ІСІНІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ

Үмбетхан Сәрсембин, философия ғылымдарының кандидаты

Әр заманның қиыншылығы, жетістігі, ерекшелігі, кемшілігі болады. Заман өрісіндегі ерекшелік халықтың бейбіт өміріне, ұлттың азаттығына, ұрпақтың елдігіне, зиялылардың кісілік мінезіне тәуелді. Әсіресе заман өрісінде ел болмысына мән-мағына беретін зиялылар болмысы, зиялылардың шынайы, дұрыс мінезі. Зиялылардың қадір-қасиеті ұлтының рухани мұра­ларына ие болып, елдің болашағына қажет дүниелерді қалыптастырып отыруда, даналығымен екі (өзіне дейін­гі және өзінен кейінгі) дәуірдің арасына ел мүддесіне бағытталған қызметтерімен рухани көпір бола білуінде. Адамның тұлғалық деңгейге қол жеткізуінің бір ғана мысалы, елінің болашағына жаны ашитын ұрпақ халық игілігіне ортақ құндылықтарды заман өрісінде қалдыра алады. Адам еркі мен заман еркінің үйлесуі, зиялылар жасаған тарих уақыт еркімен ақиқатқа айналмақ. Жеке бас пайдасын ойлаған адамның қам-қарекеті заман өрісінде қалмайды, себебі, уақыт оны өзінің шеңберінен ығыстырып отырады. Сондықтан да, дүние болмысының кезеңдік көрінісі заман құбылысы әрбір ұрпақтың қадір-қасиетін уақыттың елегінен өткізіп, игілігі мол ізгі нәрселерді ел тарихының бойын­да сақтап отырмақ. Заман болмысын, заман өрісіндегі адам болмысын Абай бір шумақ өлеңмен бейнелеп берген: Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек Замана оны илемек [1. 138 б.]. Байыппен қараған адамға уақыт өрісі шексіз көрінеді, ол адамзаттың, халықтың (ұр­пақтың) барлық өмір сүру кезеңіне ортақ. Бірақ, барлық кезеңде заманға мән-мағына беретін адам, ұрпақтың түзу мінезі. Түзу мінез адамның рухани тереңдігінен шығады. Рухани тереңдік өткен дәуір мен келер уақыттың жетістігін қатар бағалап, даналығымен қатар қорғай білу. Рухани тереңдік, тарихи білім, имандылық адамды өзінің уақытымен дұрыс үйлестіретін нәрсе. Адамның тұлғалық мінезі заман, тарих, қоғам, келер уақыт туралы терең білімінен шығады. Қиыншылығы мол уақытта дүниеге келген қазақ баласының зиялылықтың биік шыңына қол жеткізуінің бір ғана себебі, тәрбиелі болуда. Ұлттық болмыстың бойы­нан күш алып, әлеуметтік ортаның те­рең­дігін сақтап тұратын интеллектуалдық алымдылық, алдыменен зиялыларды өз дәуірінің сыншысы болуына ықпал етеді. Өз қоғамының сыншысы болған ұрпақ, рухани қасиеттерімен заман өрісіндегі ой өрістің бүлінуіне жол бермейді, ұлттың мінезін, рухын қорғап отырады. Тарихымыздан белгілі тарихи уақыт нағыз қазақ зиялыларын өмірге әкелді және тарихи уақытта өмір сүрген алаш тұлғаларының тарихы, болмысы, даналығы кейінгі уақытқа идея, үлгі - өнеге болып қалды. Ұлттың өмір сүру идеясын қалыптастырушы ұлт зиялыларының. рухани мұраларындағы тәжірибелерді толық пайдалану халықтың бірлігіне, мемлекеттің тұтастығына ықпал етері сөзсіз. Қазақ ұғымында мемлекет ұлттың дербес өмір сүретін ортақ үйі. Мемлекеттің қуаттылығы адамының күштілігінде, адамгершілікті қадірлейтін, кісілігі мол орта қоғамның барлық саласының дамуына ықпал етеді. Мемлекеттің негізгі байлығы жер, ұлттың тарихы және халықтың (ұрпақтың) өсімі. Қазақ қоғамының болмысының негізін құрайтын құндылықтар (жер, тіл, мәдениет, тарих, дәстүр, дін, руханият) бір-бірімен тығыз байланыста жеке адамның, қоғамның рухани өмірінде өзінің танымдық қызметін атқарып, халықтың тарихи және ұлттық санасының оянуына текелей әсер етіп отырған. Зиялылардың рухани деңгейі заман ағымын біліп, уақыт өрісінде мемлекеттің нығаюына ықпал ететін ортаның, жастардың толыққанды қалып­тасуына қызмет етуден шығады. Алаш зиялылары қоғам әлеуметтік ортаның рухани ны­ғаюының салдарынан мемлекетті нығайта алады деген көзқараста болған. Алаш зиялысы Міржақып Дулатов «Ұрпаққа хатында» атап көрсеткен: «Қазақ халқы. Қазақ халқының жай-күйі. Кім жеріне жетіп тексереді, қан жылап жүрген қайғылы халін жүрекпен сезіп, кім ескереді? Губернаторлар мен ояз бастықтарын былай қойғанда қазақтың қара шекпендісі ең кіші урядниктің алдында қалтыраумен күн өткізді, түкке тұрғысыз тілмаш шенеуініктері, болыс әміршілері қолдарымен от көсеп, одан сайын үрей шақырып, ұлтты адам төзгісіз қорлауға көндіріп келді... ең тәуір жер тартып әперілді, жергілікті қазақтар тұруға жарамсыз сусыз, шөбі тақыр құмға қуылып тасталды. Ақ патша үкіметі осы халықтың көзі ашылсын-ау, ойы оянсын-ау деп мектеп ашудың орнына, керісінше ұмтылған адамдарды айыптап тыйып отырды. Осылардың бәрін көріп, біліп, сезініп өскен байғұс басым өзімнің тақыл-тұқыл білімімді осынау қорланған, намысы тапталған, мүсәпір болған хал­қыма бағыштап, қол ұшымды беруді пер­зенттік парызым деп санадым...» [2, 7 б.] Мәдениеті, экономикасы қуатты мемлекет зиялылардың білімінің күшімен дамыған, себебі, нағыз зиялылары бар қоғамда ұлт ісінің мемлекет азаматы үшін өмірлік ұста­нымға, басты құндылыққа айналары сөзсіз. «Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме Қазақ газетінің әуендері түседі – деп жазады Мұхтар Әуезов, - біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «Кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып”, елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік. Көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді. Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұңдалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның сал­қын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын» [3]. Ұлт ісі дегеніміз, мемлекеттің жер бай­лығын, мәдениетінің байлығын, тари­хының білімін, дәстүр тәжірибелерін, тіл мен діннің тазалығын қамтамасыз етуге ба­ғытталған зиялылардың танымы, ой-өрісі, идеялары, білімі мен тәжірибелерінің, кісілік қасиеттерінің жиынтығы, соларды біріктіріп отыратын негіз. Ол ғасырлар бойы мемлекеттің, ел мүддесінің түп қазығы болып отырады. Ұлт ісі, халыққа, мемлекетке қызмет ету, оның құндылықтарын түгендеп, сақтап отыру барлық елдердің дәстүрінде бар. Әр бір елдің тарихына көз жүгіртсек мемлекеттің стра­тегиялық философиясын қалып­тас­ты­руда қоғам мен адамның дамуының негізі ретінде тарих философиясы қолға алынған. Демек ұлт ісінің басында қашанда тари­хилық принципке сүйенген зиялылардың ағартушылық дәстүрі тұрады. Қазақ қоғамының мәдени негізі ұр­пақтың тарихи санасымен қалыптасқан. Зиялыларымыздың тарихи санасы халықтың ұлттық санасының негізі, барлық ұлттың құндылықтарының іргетасы, барлығын бірік­тіріп және оны жеке адамның санасымен бір қылатын, осы біріктіру негізінде адамның ұлттық санасын қалыптастырып отыратын ерекше білім. Алаш зиялылары үшін тарихи сананы қалыптастыру арқылы халықтың ұлттық санасын ояту оңай болған жоқ. Қоғамның ішкі құрылымы өзгеріп, құндылықтарынан қол үзіп бара жатқан ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыру мақсатында зиялыларымыз жан-жақты қызмет ете білген. Ұлт руханиятының түп-нұсқаларын зерттеп қағазға түсірген. Әлихан Бөкейхановтың ерлігі туралы Міржақып Дулатов, «Әле­кеңмен бірге жүр­ген айлар, жылдар тегін өткен емес. Ол кі­сі­ден алған үлгі-өнегені, асыл қасиеттерін өз бойымызға дарытуға тырысатынбыз. Осы күнге дейін Әлекең шын жанашырым болғандықтан, бойыма күш-қуат жи­науыма, төзімділікке баурап, ақыл-кеңе­сін хат арқылы айтып, қолдап, дем беріп отырады. Әлекеңнің өзіме ұнайтын, адам таңқаларлық қасиеттері көп-ақ, соның ішінде еңбекқорлығы айтарлықтай ға­жап, қандай жағдайға кез келсе де қо­лынан қалам түспейтіндігін көрдім ғой. Түрмеде отырған шақтарында да тыным көрмей қаламын төсеп, еңбектерін жа­зумен айналысатын. Бір жолы 1906 жылы Павлодар түрмесінде отырғанын маған былай айтқан еді: «Қамауға аларда – бас аяғымды қалдырмай тінтіп шығып, соңынан қолымдағы портфелімді алған­дарында қатты абыржып қалдым, оның ішінде Абайдың баспаханаға өткізейін деген қолжазбасы болатын. Түрмеде өзімді қанша ұстап жазаласа да маған бәрі бір, тек Абайым сақталса екен дегеннен басқа ойыма еш нәрсе кірген жоқ. Тек арыз арқылы соны естеріне салдым. Ал, кісі түрмеде қарап отыра алушыма еді, қолыма алған еңбекті аударып тастайын деп жұмысқа кірісіп кеттім. Мезгілдің қалай тез өткенін байқамай қалыппын. Бір күні түрме бастықтары келіп: «Сіз, Бөкейханов мырза, абақтыдан босатылдыңыз, жо­лыңыз ашық, шы­ғыңыз» дегенде, мен: «түрмеден әзір шықпаймын, жұмысымды бітіргенім жоқ, біраз күн отыра тұрайын, дегенімде, әлгілер сенер-сенбесін білмей»: «Это Ваше дело, пусть будет так» деп шығып кеткен еді». Әлекеңде осындай қызық жағдай болғанын естіп, біз көпке дейін күліп жүрдік» [4.19 б.]. Қазақтың кемеңгер тұлғалары қалдырған рухани дүние­лерін ұрпағына қайтару мақсатында Әлихан Бөкейхановтар осылайша еңбек сіңірген. Қазақ елінің мұң-мұқтажын ескеріп, жоғын түгендеу үшін біліммен қатар ерік-жігердің күшін қатар жұмсау зиялыларымыздың ғана қолынан келді. Алаш зиялыларының Абайдың дүниелері арқылы ұлттық сананы оятуы ұлт ісін жүзеге асырудағы ауқымды ізденіс пен шеберлікті, ерлікті көрсетеді. Ерлік адамға құр мақтанмен, атақ­құмарлық мінезбен келген емес. Ерлік елге деген жанашырлықтан, оның болашағына деген жауапкершіліктен, жауаптылықтан туатын қасиет. Та­рихи өмірдің кез-келген бұрышынан шығатын ел болмысына жат нәрселер алдыменен зиялылардың қа­сие­тін сы­найды, өзінің қасиетіне адал адам ғана қоғамнан кездейсоқ орын алатын нәрселерге төтеп беру ақылы мі­незін шыңдайды. Шынымен де, ұлт зия­лылары үшін не нәрсе ізгілік болып та­былады? Тұлғаларымыздың түсінігінде ізгілік еткен ісіңнің ұлттың абыройына айналуы, елдің абыройын биікке жеткізу. Біз үшін абырой тарихымыз, тарихымыздағы ата-бабаларымыздың ар-намысы, ерлігі, адам­гершілігі, шынайы зиялылық. Өзіміздің істеген ісіміздің та­рихпен үндесуі, кейінгі ұр­пақтың қажетіне жарап отыруы, қажеттілікке айналуы. «Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді - деген Ахмет Байтұрсынов, – бұл күнгі арам билердің қолында дәрі болмақ, у болып жұғып тұр... Қазақта білімді адам жоқ емес, көп, бірақ, солардың көбі, құты, бәрі білімін халалға емес, харамға жұмсап ғадеттенген...» [3. 212 б.]. Зиялылық ұрпаққа өткен дәуірдегі ұлт өкілдерінің рухани деңгейін бейнелейтін қасиеттердің жиынтығы, ел топырағында сақталып қалатын рухани күш. Ұрпақ өткен дәуірден қанша алыстағанымен, өз дәуірінде орын алған орынсыз нәрселерді реттеу үшін немесе одан бойын аулақ ұстау үшін тарих бойындағы зиялылар тағылымының өрісіне жақындай түседі. Ол үшін үлкенге де, кішіге де тарихты, дәстүрді білу қажет. Осыған байланысты Жүсіпбек Аймауытов Мәшһүр Жүсіп Көпеевке жазған хатында былай дейді: «Мәшһүр аға! Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі сізді жарытпайды, тосаңсытады, күні өткен жат адам қы­лады. Жаңа заман өйте берсін! Сіз онда жалғыздығыңызды, жапандығыңызды, сәнді-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз...» [5. 242 б]. Қазақ зиялыларының рухы қай заманда болмасын мемлекетіміздің іргетасына ай­налған алаш тұлғаларының тағылымын ұрпақпен біріктіретін немесе ұрпақты соған бағыттап отыратын рухани деңгейімен ұлттық болмысымыздың тарихи белдеуіне ай­налуында. Зиялы адамдардың қоғамға үлгі болатын, ұрпаққа рухани әсер беретін деңгейі негізінен ұлттық мүддені қорғаудағы тереңдік, сауаттылық, өзара қарым-қатынас, байланыс шеңберіндегі сөздері арқылы үлгі болатын деңгей. Қашанда ұрпаққа үлгі болып қалатын қазақ зиялыларының ұлттық мүддеге қызмет етеудегі тұлғалық деңгейі. Тәуелсіздік, ұлттық мүдде жолындағы қызметтерінің, рухани мұраларының бәрі бүгінгі қазақ елі үшін орны жоғалмайтын тарих. Мемлекет зиялылар бірігіп атқа­ратын ұлт ісімен нығаяды. Ұлттың негізгі дүниелері жоғарыда айтып өткеніміздей жер, тіл, дін мәселесі зия­лылар тарапынан қорғалып, тиянақты шешімін тауып отырса, ұлт ісі өзінің жолына түседі, қо­ғамда бірлік, тұрақ­тылық, сенім күш алмақ. Қазақ зиялылары қашан да бұл мәселеге ұқыпты қараған. Ахмет Бай­тұрсынов айтқандай, «Қазақ мәселесінің ең зоры жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі» [6. 86 б ]. Жер мәселесіне тіл мәселесі қосылса, оған дін мәселесі тағы қосылса жайма шуақ күннің өзінде ел болмысының тығырыққа тірелері анық. Ел болмысының негізінде қашанда ұлт тағдыры тұрады. Ұлт болмысының негізі, өрісі жер мәселесіне, тіл мен дін тазалығына тәуелді. Осы себептен бұлардың сақталып, қорғалып отыруы қашанда маңызды. Әлихан Бөкейханов жазып кеткендей, «Жер, жер дегенде мұжықта, қазақта ішкен асын жерге қояды. Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Жер мәселесі өмір сүру мәселесінің зоры. Жер ісін ала қашты тартып алды, тиіп кетті қылмай, ақылмен, сабырмен, атқарған оң» [7. 138 б]. Жер ата-бабадан мирас қазына, ұлттың игіліне ғана пайдаланылатын, оның өмірін сақтайтын мұра деп бағалау ел тарихының бастапқы кезеңінде қабылданған шешім. Қазақ тарихының барлық кезеңінде ұлттық мұра туралы зиялылардың түсінігі, оны қорғау жолындағы қызметі, ерлігі жатыр. Ғасырлар бойы алаш тұлғаларының басын біріктіріп, дәстүрін қалыптастырып отырған ұлттық мүддеге қызмет ету туралы тарихи шешім зиялылықтың ерекше құбылысын бейнелейді. «Түзу қалам қисайған, өткір қалам мұқалған заманда» дініне берік, діліне жанашыр, біліміне ие, тектілігін жоғалт­паған қазақ зиялыларының рухы бүкіл ұрпаққа үлгі. Ел үшін атқарған істері үшін олардың жеке өмірі шайқалды, өздері ғана емес, тума туысы, бала-шағасы қудаланды. Бірақ, соған қарамастан олар еліне деген жан­ашырлықтан қол үзген емес. Қашанда елдің игілігіне жарап отыратын дүниелерді, ұрпаққа үлгі-өнеге беретін деңгейді қал­дырып кетті. Міржақып Дулатов жөнінде анамыз Ғанижамал Дулатова, «Сосновец лазеретінде Жақаңмен бірге жұмыс іс­тейтін дәрігерлермен таныстым: тұрған үйімізге шақырып, аз күн дәмдес болдық. Жақаң төңірегіндегі өзі қатарлы тұтқын дәрігерлерді көруім көңіліме сабыр саясын ұялатты. Жақаң ауыра қалса, жәрдемдерін аямай, жалғыз, күтусіз қалдырмас деген сенім туып, жұбанғандай қоштасып елге оралдым. Жақаңмен өткізген соңғы аз күнім көп жылдарға татитындай ұмы­тылмас үлкен әсер қалдырды. Маған бер­ген ақыл-кеңесі, дүниетанымы, өзінің көзқарасы ел-жұртына деген айрықша сүйіспеншілігі, басына түскен азапты нардың күшіндей ерлікпен көтеріп кел­гені – оның қайсарлығы мен төзімділігі бұрынғыдан гөрі де әлденеше есе күшейе түскендей көрінді, маған. Бұл жағы кімге де болса үлгі-өнеге боларлықтай. Бая­ғы азамат – Міржақып қалпынан айрыл­мағанын көрген өзім бір мектептен дәріс алғандай боп жан-дүниемді байытып сала берді, мақтанышымды жасыра алмаймын» [4.21 б.]. Қазақ зиялыларының елдің көз алдында қалған рухани болмысы, бір-біріне қолдау көрсеткен адамгершілігі, мұралары, тарихы, тағылымы, даналығы, идеялары зиялылықтың шынайы өлшемін көрсетіп, үнемі ұлт ісінің қорғаны болып ұлтымыздың рухани әлемінде мәңгі өмір сүрері анық. Себебі, жарастық бар жерде рухани жалғастық бар, рухани жалғасу тарих бетінде қалатын зиялылар тағылымын зерделеу болып табылады. Ұлт ісінде ұсақ түйек жоқ немесе болмауы керек деген ұғым осы алаш зиялыларының тағылымынан шығады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Екеу. Абайдың өмірі һәм қызметі // Абай. – 1995. - №1-2. 2. Дулатов М. Бес томдық шығармалар жинағы, екінші том. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2003. – 392 б. 3. Ахмет Байтұрсынов, Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991 – 464 бет. 4. Дулатова Г.М. АМАНАТ Естелік // Жұлдыз. – 1994. -№3-4. 5. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 5- том. Алматы, «Ғылым», 1999 – 304 б. 6. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Ны­санбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. - 560 бет. 7. Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы: Өнер, 1994. - 383 бет.

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз