• Ұлттану
  • 20 Қыркүйек, 2012

Ағалардың аялы алақаны

Көпбосын Панзабеков, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері

1. Ақжан МАШАНОВ Қазақ ССР Министрлер Советінде істеп жүрген кезім. Жаңылыспасам, 1971, не 1972 жылдың жазы болатын. Дін жөніндегі Советтің басшысы Камал Құлымбетов ағай мені өз кабинетіне шақырды (Ол уақытта мен мұсылман діні бөлімін басқаратынмын). Ол кісі бірден шақырған себебін түсіндірді: «Қа­зақ политехникалық институтының профессоры, Республика Ғылым акаде­миясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, маркшейдер кафедрасының меңгерушісі Ақжан Машановтың үстінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Үгіт және насихат бөліміне арыз түсіпті». Арыз­да «Ақжан Машанов өзі коммунист әрі үлкен ғалым, лауазым иесі бола тұрып, мешітке жұма намазға барады екен», – депті. Осы жағдайды тексеруді саған тапсырамын. Қазір мешітке барып бақылап көр, Машанов барар ма екен. Сонан соң көрген-білгеніңді жазбаша түрде Орталық Комитетке хабарлармыз! Мүмкіндігінше объективті бол». Мен Үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы Н.-ге телефон соғып едім, ол осы бөлім меңгерушісінің орынбасары К. екеуі күтіп отырғанын айтты. Барсам, екеуі де кеюлі қалыпта, бір-бірімен жарыса: «Алматы облысы бойынша Дін істер жөніндегі Советтің өкілінен арыз түсті. Политехникалық институттың профессоры, коммунист Машанов намаз оқиды екен, діни әдет-ғұрыптарды ұстайды екен. Бұл не деген сұмдық? Тексергенде осы деректер анықталса, оны партия қатарынан шығару керек, қызметі туралы да мәселе қоямыз. Соны тексеру сізге жүктеледі. Уақыт күтпейді. Тезірек кірісіңіз. Екі күн мерзім беріледі», – деді ашуға булығып. Не керек, Орталық Комитеттен шық­тым да мешітке жол тарттым. Барсам, жұма намазға адамдар жиналып жатыр екен. Бір-екі минуттай мешіт ауласын көзбен шолып шықтым. Ақжан ағамыз көрінбеді. Ішке кірдім де сол кездегі қази Байсенбаев Жахиямен амандастым. Екеуіміз сөйлесіп отырғанда жұпыны киінген Ақаң келіп сәлемдесті де намаз оқуға дайындалып жатқандардың қатарына барып отыра қалды. Намаз біткен соң Ақжан ағамды қолтықтап далаға шығып жүре сөйлестік. Әңгімеміз аяқталмаған соң маған ол кісіні үйіне шығарып салуға тура келді. Есік алдына таяп қоштаспақ болға­нымда, мені шайға шақырды. Дастархан басында әңгімені аяқтадық. Мен Ақжан ағадан: «Сізді коммунист болғанмен атеист емес. Намаз оқып, діни ғұрыптарды ұстанады» деп жазғыруда. Шыныңызды айтыңызшы, мешітке сол үшін барып жүрсіз бе? Жоқ, әлде басқа да бір шаруаңыз бар ма?» дегенімде, ғұлама ойланбастан: «Мен Әл Фарабиді өзіме ұстаз санаймын. «Екінші Аристотель»: «бір жаратушының бары хақ» деген. Оған қалай сенбейін. Жұма намаздан қалмайтыным да шын, діни жол-жоралғылар мен дәстүрлерді де қалт жібермей орындайтынымды еш­кім­нен жасырмаймын. «Ал сен бұған не дейсің?» дегендей маған тесіле қарады. Мен болсам, сыпайылық көрсетіп: «Ақа, үркітіп-қорқытуға келген жоқпын мүм­кіндігін тауып, Сізге қол ұшын беруге, шенеуніктердің қаһарынан араша­лауға келдім». «Оны қалай істе­мексің?» деп сұрамай-ақ қойыңыз. Арық сөйлеп, семіз шығайын. Алды­мен сөзімде тұрып, айтқанымды кейінірек баяндармын», – де­дім де үйден шығып кеттім. Ақаң болса, маған риза кейіппен қала берді. Жұмысқа келсем, Камал ағай (бас­тығым) бір шаруамен шығып кеткен екен. Кабинетіне кірдім де ойланып, Ақаңды өтірік айтсам да ебін тауып ақтаудың жолын іздестіре бастадым. Кенет көз алдыма әр жұма сайын мешітке барғанымда Ақжан ағамыздың сонда жүретінін елестеттім. «Ойды ой жетелейді» демек­ші, осыдан адам сенетін себеп іздеп тапқым келді. Ақыры таптым да. Отыра қалып партияның Орталық Комитеті Үгіт және насихат бөлімінің атына мына мазмұндағы анықтама жаздым: «Ақжан Машанов үстінен түскен арызды тікелей мешітке барып тексердім. Өзі де айт намазға келіпті. Сөйлесе келгенімде, ол кісі өзінің мұнда жиі келетінін былайша түсіндірді: «Қарағым, Көпбосын, менің Қазақстанда бірінші фарабитанушы екенімнен хабардар боларсың. Оны шетелдердегі көп ұлт «біздікі» деп иемденіп жүргенде, республикаға, өзіміздің қазақ жеріне алғаш алып келген мен емес пе ем? Ғылым, іздену деген бір күн я бір жылда біткен бе? Ғұлама жөніндегі бірінші кітабымнан кейін тағы бірнеше мақалалар мен кітаптар жаздым. «Екінші Ұстаздың» еңбектерінің (трактаттарының) жарық көруіне атсалы­сып келемін. Осы себептен ел ішінде көпті көрген қариялар арасында Әл-Фараби туралы мәліметтер бар ма екен, соны жинауға кеп жүрмін, – деп жауап берді. Намаз оқып, діни әдет-ғұрыптарды ұстану жалған екен. Жазылған арыз негізсіз». Ертеңіне анықтаманы Камал Құ­лым­бет­ұлына оқып бердім. Аға өте адамгершілігі үлкен, байсалды, мейлінше қарапайым, қысылып-қымтылғандарға жа­ны ашығыш, тағлымы мол кісі болатын. Cалған жерден: «Істің бұлай аяқталуы дұрыс болды. Ақаңның да құдайы бар екен. Оның жанын жаралап, партиядан шығартып, қызметінен босатқанда не табар едік... Енді анықтаманы машинкаға бастырып, бүгінгі датаны, өз қолыңды қой. Мен қатынас хат жазайын, соны Орталық комитетке поштаға салмай-ақ, өз қолыңмен апарып бер», – деді. Айтқанын істедім. Үгіт-насихат бөліміндегі идеологтар анықтаманы оқып көрді де, ләм-мим деп артық сөз айтпады. Маған тапсырманы жедел орындағаным үшін алғыс айтқан болды.... Осылайша Ақаң ақталды, коммунистік билеті мен билік лауазымы, бұрынғы абырой-атағы сақталды... Игі істерін ғалым ағамыз жалғастыра берді. Сол сол-ақ екен, Ақаң кездескен сайын қолымды алып, кеудесін кеудеме тигізіп: «Қорғаушым менің, сақтаушым!» деп тағзым еткендей болатын. Міне біз сол дархан, асқар тау, үлкен ғұлама-энциклопедист ағамызсыз күн кешіп жатырмыз. Еске түскенде, осы күнге дейін Ақаң­ның ақжарқын бала мінезін аңсай­мын. Амал нешік... Көңіліме медеу («өтірік» айтсам да) – ол кісіні бәле-жаладан құтқарып, інілік борышымды адал атқарғаным. Өзім істе­ген ісіме қанағаттанғандық сезім­демін. 2. Әбдіхамит СЕМБАЕВ 1968 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылымдар ғы­лыми-зерттеу институтына жұмысқа қабылдандым. Лауазымым – тарих және географияны оқыту методикасы секто­рының аға ғылыми қызметкері. Менің шұғылданатын пәнім қоғамтану болатын. Бірден іске кірісіп кеттім. Ол кезде институт директоры Әбді­хамит Сембаев, оның орынбасарлары Борис Муханов пен Төлеутай Ақшолақов ағалар еді. Сектор меңгерушім – Тотай Тұрлығұлов аға. Тотай ағамыз жетек­шілік ететін тарих және география секторында небәрі төрт-ақ адам едік. Сектор меңгерушісі мен менен басқа тағы екі аға – Мизами Қалиев пен Еркеш Мәмиевтер. Алайда осы аз күшпен қыруар жұмыс атқарып жүрдік. Әбдіхамит Сембаев ағамыз өте дип­ломат, іскер кісі еді ғой! Ішкі дүниеңді бүге-шігесіне дейін терең түсінетін. Кез келген институт қызметкерлерін өзі­мен тең санайтын. Сөйлеу мәнері мен қара­пайымдылығы қандай десеңізші! Бірден үйіріп әкететін. Мен ол кісіге қатты ұнадым. Менің неге бейім екенімді сезген болуы керек, қоғамдық жұмыстарды менің мойныма үйіп төкті: партия жұмысы, үгітшілік, адамдарды ауыл шаруашылық жұмысына апару, т.б. Сол тұстағы Оқу-ағарту минис­трінің орынбасары Роза Есенжолова апайы­мыз­дың ұсынысымен министр Кен­жалы Айманов ағамыз мені өзіне көмекші етіп алмақшы болғанда: «Ма­ған да екі тілді бірдей білетін, көзі ашық Панзабеков сияқты кадр керек. Кешіріңіз, Сізге бере алмаймын!» деп мені жібермей қойғаны есімде. Ал мені 1963 жылдың аяғына таман Қазақ ССР Министрлер Советі Дін істері жөніндегі Советке мұсылман дінімен шұ­ғыл­данатын бөлімге меңгеруші етіп шақырғанда, екі орынбасарына: «Көп­босынды жібермеңдер!» деп қатаң ескертіп, кезекті демалысқа кетіп қалды. Енді әуре-сарсаңға түсейін. Әбді­хамит Сембаев ағамыздың қос орынбасары Борис Муханов пен Төлеутай Ақ­шолақовтарға барсам, олар көнетін емес. Директордың өзіне сілтеп, кел­генін күтуді айтады. Мен болсам, ең­бек кітапшамды алмай-ақ, Министрлер Советінің бұйрығымен жұмысқа орналасып қалдым. Сонан соң әзер дегенде (директормен келіскен болуы керек) мені босату үшін Ақшолақов ағамыз қол қойған бұйрық алдым. Арада бір жарым айдан астам уақыт өтті. Калинин көшесі мен Коммунистік даңғылының қиылысында қарсы алдымнан Әбдіхамит ағайдың шыға келмесі бар ма! Мен сасқалақтап: «Ассалаумағалейкум, Әбеке!» дегенде, ол ренжіген қалыпта, бірақ сабырлы үнімен: «Көпбосын, сенің орның әлі бос тұр, келем десең, қабылдаймын. Өзім жетекшілік жасаймын, бір-екі жылда педагогика тарихынан қорғап шығасың», – деді. Мен сәл күмілжіп: «Әкем қайтыс болып еді. Сіздердегі жұмысты тастап елге кеттім. Өлгеннің артынан өлмек жоқ екен, қайтып келіп жұмысқа орналасып қалдым. Сеніміңізге рахмет. Енді келе алмаймын» – дедім. Ол кісі менің жаңа қызметіме сәттілік тілеп кете берді. Міне, нағыз дипломат деген осы да! Бұл мен үшін үлкен дәріс болды. Екінші дәрісті Тотай ағадан алдым десем, артық айтқандық емес. Cектор меңгерушісімін, жасым үлкен деп еш­кімге дауыс көтермейтін. Алайда бізді жұмысқа жеге білді. Қашан көрсең де іздену мен жазу үстінде. Менің еншіме тиген «Қоғамтану» (бұрын «Саяси бі­лім негіздері» еді) пәнін қалай оқыту жөнінде методикалық мақалалар жазып, ұсыныстар жазуыма игі әсер етті. Аракідік іссапарларға да жіберіп тұрды. Тотай ағайдың ұйғаруымен ма­ған тапсырылған бір жұмыс – бұл педагогикалық оқулардың материалдарын мұғалімдерден жинап, сарапқа салу, кейбір баяндамаларды орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне, ұйғыр тілінен қазақ, орыс тілі­не аудару еді. бұл тапсырмалардың бә­рін де абыроймен орындай алдым деп ойлаймын. Сол 1969 жылы Ақтөбеде, Алматыда және Семейде аймақтық педагогикалық оқулар өткізу жөнінде Оқу-ағарту минис­трлігі шешім қабылдады. Ол 1970 жылдың ортасына белгіленді. Ұйым­дастыру ко­ми­теті құрылып, оның төр­ағасы болып Оқу-ағарту министрінің орынбасары Роза Есенжолова апайымыз, мүшелері болып Республика педа­гогикалық қоғамының президенті, әй­гілі фольклоршы – ғалым, Советтер Одағының Батыры Мәлік Ғаб­дуллин, т. б. сайланды. Көп уақыт өтпей, «Қазақстан мұғалімі» және «Учитель Казахстана» газеттерінде «Тәжірибе ғылы­ми болсын», «Юбилейные педагогические» атты екі мақалам жарық көрді. Аймақтық педагогикалық оқулар өткенде мен Министрлер Советінде істеп жүр едім. Дегенмен Ал­ма­тыда өткен оқуларға қатыстым. Басқа қызметке кеткен кезімде де Алматыдағы еңбек жолымды алғаш бастаған Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтынан бір сәт те қол үзген емеспін. Осы күнге дейін қоян-қолтық араласумен келемін. Институт пен Министрліктің тапсырысымен Тотай Тұрлығұловтың «Қазақстан тарихы туралы әңгімелерін», Дүйсен Бабаевтың «Қазақстан тарихы» (7-8 сыныптар үшін) екі рет (соңғы басылымы Д. Бабаев және С. Жолдасбаевтың авторлығымен «Атамұра» корпорациясынан шығып жатыр), Серік Мәшімбаев, тағы екі автордың «Ерте дүние тарихын»; Әлия Бейсенова, Мизами Қалиевтардың «Қазақстанның физикалық географиясын» (8-сынып), Күлжан Жүнісова мен Әлім Бірмағамбетовтың (4-сынып үшін) «Табиғаттануын» (географиясы да соның ішінде), бірнеше осы пәндерді оқыту жөніндегі методикалық құралдарды, оқытушылармен тәрбие жұмысын жүр­гізу туралы бағдарламаларын орыс тіліне аудардым. Ең соңғы аудармам – 11-сыныптардағы «Адам және қоғам» пәні (авторы Қанағат Жүкешев, т.б) Ауыз толтырып айта алатын еңбе­гімнің бірі – Рахметолла Башаров бастаған авторлар тобы жазған (құра­мында академик Серік Қирабаев, профессор Мәулен Құдайқұлов, т.б. оннан астам ғалымдар бар) «Орта білім беретін қазақ мектебінің концепциясы», «Жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің білім мазмұнының концепциясы». Осы концепциялардың негі­зінде, қателеспесем, 1994 жылы Қа­зақ ССР Жоғарғы Советі «Орта білім» туралы заң қабылдады. Мұның бәрін мен түлеп ұшқан институт, қазіргі Білім академиясы мен оның басшыларының маған берген дәрістерінің жемісі екенін үлкен қанағаттанғандық және ризашылық сезіммен еске аламын. Ғұмыр болса, келешекте де академиядан қол үзбеспін деген ойдамын.

428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз