• Заманхат
  • 02 Маусым, 2017

Ұлттық еркіндік және азаттық жолы

Өткен айда Ресей төңкерісіне 20 жыл толды. 1917 жылдың 12-16 наурыз күндерінде ескі тәртіп құлап, жаңа тәртіп орнағанын қуана қарсы алған біздер, ол кезде өзіміз зор қуанышпен қарсы алған осы жаңа тәртіп халқымыздың басына бұрынғыдан бетер қасірет әкелерін ойламаған едік. Халқымыздың басына түскен жаңа қасіретті патшаның тақтан тайдырылуымен байланыстыру және патшаның тақтан тайдырылуын оның себебі етіп көрсету тарихты бұрмалап, ақиқатқа қарсы келгендік болып шығар еді. Біздің басымызға түскен жаңа қасіретті патшаның тақтан құлауы әкелген жоқ. Керісінше, карғыс атқан патшалық тәртіп біздің жаңа қасіретке душар болуымызға жағдай әзірлеп берді. Ресей империализмінің батысына, Еуропаның Балтық теңізі жағалауына орналасқан халықтар арасында орыстардан мәдениеті жоғары болып келген 30 миллиондай тұрғыны бар Польша және шағындау болса да идеологиясы салауатты, саяси санасы жоғары финдер ғана емес, тіпті кішкентай Эстония, Латвия, Литвалар да тәуелсіздігін алып, мемлекетін құрып нығайып барады. Ескі тәртіптің құлауымен олар «халықтар түрмесінен» құтылды. Сонымен қатар олардың бодандыққа түсіп қалмауына халықаралық жағдайдың оң келуі көмектесті. Біздің төңкерістен кейін қайтадан құлдық бұғауға түсіп қалуымыз патшалық жүйенің күйреуі салдарынан болмағанын осы елдердің өмірі анық көрсетіп тұрса керек. Басқа бір жақтарда, сол қатарда біздің Түркістанда да оқиғалар басқа бағытта дамыды. Біз енді патшалық биліктің мұрагері орыс пролетариат диктатурасының тепкісіне түсіп қалдық... Бұған ең алдымен, әрине, патшалық тәртіп, оның отаршылдық саясаты кінәлі. Патшалық отаршылдық саясат басқа ешбір жерде дәл Түркістандағыдай қатігез болмағанын да естен шығармаған жөн. Орыс патшалығы халқымызды қараңғылық пен надандықта ұстауға, материалдық және рухани жақтан әлсіретуге барын салып бақты. Түркістанды орыс келімсектерімен толтырды. Атамекеніміздің ең шұрайлы жерлерін солардың иелігіне берді. Оқу-ағарту жолына қат-қабат кедергілер қойды. Мекеме басқару істеріне араластырмады. Патшаның құлауымен «ұлттар түрмесінің» есігі ашылды. Амал қанша, біз осы мүмкіңдікті дұрыстап пайдалана алмадық. Қараңғы зынданнан жарық дүниеге шыға салып, біз өзіміздің ішкі бірлігіміздің әлсіздігін қатты сезіндік. Сегіз ай бойы (наурыздан қарашаға дейін) қаны, шаруашылық жүргізу тәсілі, тарихы бір халқымызды іштен іріткен індеттерге – надандыққа, көрсоқырлыққа, саяси сауатсыздыққа қарсы күресумен ғана шұғылдандық. Екі жерде екінің төрт болатыны тәрізді көзге ұрып тұрған ақиқатты түсіндіру үшін күресіп әлек болғандардың әрекетін көруден асқан қасірет болмаса керек. Біз осындай күйді басымыздан кешірдік. Содан бері жиырма жыл өтті. Атамекеніміздің барлық жерінде өз перзенттеріміздің қаны суша ақты. Өткен күндерді еске түсірудегі мақсатымыз: бастан кешкен қасіреттеріміздің себептерін саралау, халқымызды тәуелсіздікке бастайтын, өз тағдырын өзі айқындауға жеткізетін ең тура жолды анықтап алу болып табылады. Біздің бастан кешірген қасіреттеріміздің себептері, біріншіден, қарғыс атқан патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты. Екіншіден, тағы сол патшалық Ресейдің зұлымдығы кесірінен туындайтын өзіміздің әлсіздіктеріміз. Енді, міне, патшалық Ресей келмеске кетті. Алайда, ол қалдырған мирастар – біздің әлсіздігіміз, білім, ғылымнан артта қалғанымыз тез арада жойыла қоймайды. Осы аралықта өткен жылдар текке кеткен жоқ. Артынан болған көтерілістер, өмір сүру, білім алу жолындағы азапты, тіпті, кейде қан төгілуге дейін баратын талас-тартыстар барысында жинақталған тәжірибелер халқымызды ғайыптан болатын кереметтерге сенгіштік аңқаулығынан арылтты. Жауларымыздың баспасөздері жай халық бұқарасы арасында ғана емес, тіпті, партия ұйымдары ішінде де Кеңес үкіметіне қарсы күштердің күшейіп бара жатқаны туралы байбаламға толы материалдарды көптеп жариялауда. Мұның өзі, әрине, халқымыздың ескі таным-түсініктен біржола құтылып, ұлт-азаттықтың тура жолына түскенін көрсетеді. Тура жолға түскендік жеңіске жету үшін қажетті барлық шарттардың кепілі бола алмайды. Халқымыздың арасында, сондай-ақ, мұражырларымыз ішінде де ешқандай қателеспейтін және халқымызды басқа түскен барлық азаптан құтқарудың барлық жолын білетін «ақылшылар» көп-ақ. Оларды тыңдасаңыз, халқымызды осы заманғы ең қатерлі жолға бастағылары келетінін аңғару қиын емес. Араб елдеріндегі, Үндістандағы және басқа жерлердегі жерлестеріміздің бізге жазғандарынан белгілі болып отырған бұл «жол» туралы бұл жерде егжей-тегжейлі тоқталып жатпаймыз. Біз ата-бабаларымыздың «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген сөзін ұмытпағанымыз жөн. Бәрінен бұрын өз қатарымызды, түркістандық бірлігімізді күшейтейік. Түркістанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бірлігін Ресейден айрылу үшін күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестіре отырып, орыс империализміне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бірге қимылдайық. Орыс империализміне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады... Бұдан басқа жолдардың бәрі алдамшы, тұйық... Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады. Және оны қорғап қала алады. Өз ішінде бірлігі жоқ мұратсыз ұлтты сырттағы күш, ол, тіпті, қандай жанашыр болса да құтқара алмайды. Төрт жүз миллион тұрғыны бар Қытай көрінгенге жем болып жатыр. Кішкентай ғана Португалия мен Бельгиялар өздерін Қытайдың билеушілері ретінде сезінеді. Бір есептен ол солай болуға тиіс те. Кішкентай ғана Финляндияны патшалық Ресей біржола бойсұндыра алмағанына да куә болып отырмыз. Осы екі мысал түркістандықтардың көз алдында қашан болсын жарқырап тұрғаны абзал. Ресейдің анадай немесе мынадай бір саяси түзімі оның шет аймақтарына, соның ішінде біздің Түркістанға да сәйкес келетінін айтып жүрген адамдар да табылады. Францияның атақты төңкерісшісі Де Санте Беуэден «Франция тағына Борбон, Орлиян, Бонапарттардың қайсысын лайық көрер едіңіз?» – деп сұрағанда, ол ойланбай-ақ: «Мен үшін мойныма кімнің мініп отыруын таңдау маңызды емес, мойныма ешкімді де мінгіздеу маңызды», – деген еді. Біздің жауабымыз да сондай болуы тиіс. Бізге орыстың әрқалай түзімінің қажеті жоқ. Біз өзімізге лайық еркін және тәуелсіз өмір құрғымыз келеді. Бізді азаттыққа және тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайту және оны ұлт-азаттығы жолында күрес жүргізіп жатқан басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз үйлестіру. Бұлай болмаған жағдайда азаттық пен бостандық туралы сөз болуы мүмкін емес. Төңкерістің жиырмасыншы жылында осы ақиқатты бір сәт еске алып, зердемізге мықтап түйгеніміз абзал.

Мұстафа ШОҚАЙ, 1937 ж., № 89

612 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз