• Заманхат
  • 19 Шілде, 2017

Баспасөз саласындағы баянды достық (мемлекеттік тақырып нөмірі: XJEDU080112B10)

Білісбек Сұлтанбекұлы, ғалым

Қытай Халық Республикасы құрыл­­ғаннан кейінгі Қытай Қазақ бас­пасөзінің қалыптасып даму барысына көз жіберсек, социалистік көрші ел ретінде кезіндегі Советтер одағының құрамындағы Қазақстан елі баспасөзінің ықпалдастық байланысын анық көріп алуымызға болады. Мұның өзі бүгінгі таңдағы ха­лықаралық маңызға ие «Бір белдеу, бір жол» дәріптемесінің екі ел мәдениеті саласындағы тарихи тамыр­ластығының айғағы. 1949 жылы 1 қазан күні « Қытай Халық Республикасы» құрылып, 2 қазан күні Совет одағы Қытай Халық Республикасымен ресми дипломатиялық қатынас орнатты. Еліміз азаттық алған алғашқы 10 жыл барысында Советтер одағы Қытайдың социалистік төңкеріс істері мен социа­листік құрылыс істеріне барынша қолдау көрсетіп, дем беріп отырды. 1950 жылы 14 ақпанда елімізде «Қытай-Совет достық қоғамы», Совет одағында «Совет-Қытай достық қоғамы» құры­лып, Москвада екі ел өзара көмек шартына қол қойды (бұл кезінде «Қытай-Совет достық одақ және өзара көмек Дого­воры» деп аталды). Бұл «Достық қоғамдарының» түпкі тарихына үңі­летін болсақ; 1946 жылы 1 қараша күні Құлжа қаласында құрылған «Совет Мұ­қажырлар қоғамынан» бастау алады. Өз кезінде бұл қоғам әдетте ел аузында «Сауграждан», деп те аталған. Содан кейінгі күндерде іле-шала Алтай, Тарбағатай ай­мақтарында да бұл қоғам арт-артынан бой көтерген. Бұл қоғамның қимыл обьективінің бірі – «Мұқажырлар газетін шығару. 1944 жылы 4 айда орысша, қазақша шығарған» («Іле тарихи материалдары», ұйғұрша, 17-кітап, 129-бет). Сол кездегі халықаралық жағдай тұр­ғы­сынан алып айтқанда «Қытай-Совет дос­тығы дүние бейбітшілігінің тірегі» деп қаралды. Еліміздегі «Қытай-Совет достық қоғамы» орталық комитетінің төрағасы Лиюшяучи, орынбасар төрағалары; Сұң чыңлин (кейінгі жылдары бас төрағалық міндет атқарды), Шыңжұнру, Лижышың, Гоморо, Хуаңюанби болса, кеңестер ода­ғындағы құрылған «Совет-Қытай достық қоғамының» төрағалық міндетін А. А. Андриев атқарды. Аталған екі ел ортасында құ­рылған достық қоғамның 1951 жылы 5 қазаннан 13 қазанға дейін, Астанамыз Бейжиң қаласында тұңғыш конференция­сы ашылды. Аталған жиналысқа 1200-ден астам адам қатынасты. Бұл туралы «Шинжяң газеті» 1951 жыл 20 қазан күнгі (1-бет) санында: «Жиында екі жылдан бергі қызметтен қортынды жасалып, бұдан кейінгі Қытай-Совет достығын бұдан да ары өркендету жөнінде қызмет нысанасы мен міндеттемелері белгіленді» деп жазады. Өлкеміздегі «Қытай-Совет достық қоғамының» төрағасы сол кездегі өл­келік Халық үкіметінің төрағасы Бұр­һан Шаһиди, ал, «Совет-Қытай достық қоғамының» Қазақстан бөлімшесі атқару Советінің төрағасы – К. Сатыланов болып тағайындалған. Аталған достық қоғамның елі­мізде өлке, аймақ, аудан, ауылдарға дейін бөлімшелері құрылып, мүшелер қа­был­данып үгіт қимылдарын оздырып отырған. Айталық; «Шинжяң газетінің» 1951 жылғы 7 наурыз күнгі санында (2-бет) берілген «Іле аймағында Қытай-Совет достық ұйымының мүшелер саны артуда» атты хабарға жүгінсек: «Іле аймағындағы халықтардың Қытай-Совет достық ұйымына ынталы түрде мүше болуы нәтижесінде қазір ресми мүшелердің саны 4000-нан асып, арыз бергендердің (өтініш-б. А) саны 11000-ға жеткен. 52-жыл­ға дейін Құлжа қаласы бойынша 18 орында, әскери район, халық арасында 8 орында, ауыл қыстақтарда 3 орында ячейка құрылып, Сүйдің, Нылқы, Моңғолкүре, Арасан, Сұмыл, Қызыл күре аудандарында құруға дайындық істері көрілуде» делінген. «Шинжяң әде­биет-искусствосы» журналының 1955 жыл 2 санында жарияланған Е. Байтоқовтың (жур­­нал редакторларының бірі) «Совет әде­­биеті және оның бізге ықпалы» атты мақаласында: «Біздің көп жастарымызға, ілгері ниетті адамдарымызға Совет әде­биетінің нағыз прогресшілдік ықпалы тимей қалған жоқ. «Жаңа өмір» (бұрын «Қазақ елі») және «Шығыс шындығы» (шерқ һеқиқаты) баспаларында басылып келген журналдар мен кітапшалар, Совет әдебиетінің әр ұлттан шыққан уәкілдерінің шығармалары – прозалық, поэ­зиялық және драматургиялық ең­бек­тері таралып келді» (13-бет) дейді. Әрі аталған мақалада кеңестік Қазақстан әдебиетінің халық өміріне болған әсері сондай, соңғы кездері дүниеге келген қазақ балалар есімдерінің де сол шығармалардағы геройлар атымен атала бастағанын тілге тиек етеді. Міне, осы кезде туған «Мос­ква-Бейжиң» әні екі ел достығының марш жырына айналды. Еліміздің Советтер одағының орта Азия елдеріндегі бөлім­ше Елшіханасы Қазақстанның Алматы қаласында орналасқан болып, аталған орында Ұйғұр Сайрани қатарлы адамдар қызмет атқарып, екі ел мәдениетінің ауыс-күйісіне жауаптандырылған. Мінеки, осын­дай екі елдің одақтас ретіндегі тату көршілік байланысы кейінгі жылдарда тіпті де өркен жайды. Мұның өзі ұлтымыздың мәдени өміріне игі ықпалын тигізді. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің теориялық және саяси айлық орган журналы болған «Қазақстан коммунисі» 1959 жылғы 9-са­­нында, еліміздің азат болғандығына 10 жыл толу орайымен жарияланған Қ. Шай­мерденовтың «Қытай (жұңхуа-б. А) халық республикасына он жыл» атты мақа­ла­сында: «Қытай халқының керемет табыс­тарына сүйсіне түскен Қазақ халқы да бүкіл Совет одағының халықтарымен бірге Қытаймен достық байланысты барған сайын нығайтып келеді. Былтыр Қазақстанда Совет-Қытай достық одағының бөлімшесі құрылды» деп жазады. Міне, осы кездерде Қазақстан елінде жарық көріп елімізге жеткізілген, Құлжа қалалық Кітапхана қорында сақтаулы кітап­­тардың беттеріне басылған: «Іле Қазақ Автоном Облыстық Қытай-Совет достық қоғамы» деген қызыл мөрдің өзі сол кездегі облысымыздағы «Достық қоғамның» екі ел мәдениеті ықпалдастығындағы бел­гісі іспетті. Жоғарыдағы «Қытай (Жұң­хуа) халық республикасына он жыл» атты мақала авторы екі ел ортасындағы эконо­микалық байланысты нақтылы сандық көрсеткіштермен әдіптей келіп, мәдениет, оқу-ағарту жақтағы атқарылып жатқан нақты іс-шаралар жөнінде де: «Совет ода­ғының университеттері мен институттарын 6500 Қытай студенттері бітіріп шықты. Ал, қазір Қытайдың 5500-ден астам жас жігіттері мен қыздары совет одағының жоғары оқу орындарында оқып, инженер, конструктор, дәрігер, агроном, ғылыми қызметкер болуға даяр­лануда» дейді. Екі елде де құрылған бұл достық қоғам кезінде екі мемлекет ортасындағы мәдениет диалогын барынша күшейтіп, өзара рухани сабақтастықты кеңінен етек алдыра түсті. Осы қарсаңда көршілес Кеңес одағында да, жаңа құрыл­ған Қытай Халық Республикасының мәде­ниет қимылдарын үгіттеуге арналған шаралар кең көлемді оздырылып отырды. Айталық, 1951 жылы 19 қазан Москвада еліміздің әйгілі жазушысы Лу Шұнның дүние салғандығының 15 жылдығы дабыралы атап өтілді. Екі ел ортасындағы, міне, осындай көршілік достық кезінде қаламгерлер жағынан өнер туындысына да тиек болды. Айталық: Қазақстанның әйгілі ақындары Хамит Ерғалиев «Ұлы достық» («Шинжяң газеті», 1955 жыл 13 ақпан), Сырбай Мәуленов «Мықты көр­шің-қорғаның» («Шинжяң газеті», 1960 жыл 15 ақпан) деп жырлады. Міне, осын­дай өркендеу үстіндегі Совет одағы мәде­ниетінің ықпалы еліміздің батыс шекарасына орналасқан Шинжяң Ұйғұр Автономиялы районымызға, жүйеден жағрапиялық орналасуы жағынан іргелес жатқан Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарына барынша күшті әсерін тигізді. Өйткені, еліміз – азат болғалы бері Қазақстанмен 1700 километрлік шека­ралық көршілік қатынасы бар іргелі қоң­сылас ел болып, еліміздің батыс қақбасы болып табылатын солтүстік Шинжяң болса Қазақ ұлты ең жиі қоныстанған аудан екені белгілі. Онан қалса Қытай Халық Республикасы Қазақстаннан кейінгі дүниедегі Қазақ ұлты ең шоғырлы қоныстанған мемлекет. Ұлтымыздың, міне, осындай жағрапиялық қоныстану жағ­дайының өзі, кезіндегі еларалық мәдени ынтымақтастықтың тарихымен тығыз байланысты. 1951 жыл, 23 қазанда ашылған Қытай халық саяси кеңесі мемлекеттік жора­сының 3-реткі жыйынының ашылу байланысымен, төраға Мао Цзэдуннің сөйлеген маңызды сөзінде: «Жолдастар, ұлы Совет социалистік октябрь револоциясы жеңіске жеткеннен кейін, дүниежүзі халқының жеңіс бағыты белгіленді» делі­ніп айрықша атап көрсетілсе, осы реткі жиында жасаған Премьер Жоуынлайдың баяндамасында: «Өте-мөте бүкіл дүниежүзі халқының үштен бірін ұстайтын Қытай-Совет екі ұлы елдің бірлік одағы, тарих бойы көрілмеген және дүниеде ешқандай күш төтеп бере алмайтын ұлы бір күш болып, ол ешқашанда бейбітшіліктің соғысты жеңе алатындығының ең се­німді айғағы» (1) деп атап көрсетілді. Жал­пы, аталып отырған тарихи кезеңдегі елімізде жүзеге асып жатқан қоғамдық өзгерістер, сол кездің саяси көзімен қара­сақ кеңестер одағындағы «Октябрь революциясының заңды жалғасы» деп қаралды әрі екі ел достығы сол кездегі халықарадағы бейбітшіліктің негізі саналды. 1954 жылы екі ел ортасында тағы да бір рет достық келісім шарт толықтырылды. 1958 жылы қазанда Қытай-Совет екі ел ғылым-техникалық істестік келісіміне қол қойды. 1959 жылы 4 қазан күні астанамыз Бейжиңде «Қытай-Совет достық қоғамы» құрылғандығының 10 жылдығын құттықтау жиналысы дабыралы түрде жүргізілді. 1959 жылы 13 қарашада екі ел орта­сындағы істестікті ілгерлету жөнінде тағы да ел аралық келісім-шарт жасалды. Міне, осындай социалистік лагерьдегі көрші екі ел ретіндегі Совет одағының көмегінің арқасында еліміз ең алғаш металл, химия, көмір, мұнай, машина жасау, радио техникасы, электр станциясы, геологиялық барлау, атом қуатын бейбіт пайдалану т. б ірі өн­діріс түрлері жағында тың табыстарға алғашқы адымда қол жеткізді. «Қытай-Совет достық одақ және өзара көмек туралы Договордің бес жылдығына байланыс­ты» еліміз мемлекет басшыларының кеңес­тер одағының мемлекет басшыларына жол­даған телеграммасында былай делінген: «Қытай-Совет арасындағы достық, одақ және өзара көмек туралы договорға қол қойылғанына бес жыл толуына байланысты, біз Қытай халқы мен Қытай Халық Республикасының үкіметі атынан сіздерді және сіздер арқылы ұлы Совет халқын, Совет үкіметін қызу жігер­мен құттықтаймыз. Бес жылдан бері Қытай-Совет арасындағы саяси, шаруашылық және мәдениет іс­тері жөніндегі келелі істестік кең өріс алып дамыды. Совет үкіметі мен Совет халқы социалистік құрылыс істерімен шұғылданып жатқан Қытай халқына жан-жақтылы, системалы және барлық жағынан да жәрдем берді» («Шинжяң газеті», 1955 жыл 15 ақпан) . Дәл осындай одақтастық орнаған тұста мәдениет саласының бір тармағы болып табылатын кітап-журнал, Ақпарат-баспасөз істерінің өзара алмасуы, мәдениеттік ық­палдастық екі ел достығының жаңа сатысына көтерілді. Айталық, 1955 жыл 2 мау­сымдағы «Шинжяң газетінде»: «Досымыз Совет одағынан мемлекетімізге тарту етілген 9 баспа машинасын Ас­тана өлкемізге жіберіп берген еді. Бұл Шинжяң баспа заводына орнатылды. Әр ұлт халқы осы машиналарда сапалы және ашық етіп басылған кітап­тармен, журнал­дармен және суреттермен жуырда бет көріседі» деген қуа­нышты хабар басылған. Міне, бұдан Ке­ңес одағының кезінде өлкеміздегі аз ұлт баспа сөзін техника күшімен де барынша қуат­тап келгенін көріп алуымызға болады. Әсіресе, екі ел достық қоғамының келісім-шарты астында, еліміз Қазақтары қолына Алматы қаласындағы «Қазақ мемлекеттік баспасы» (алғашында бір мезгіл «Қазақ мем­лекеттік көркем әдебиет баспасы» деп аталған) жағынан жарық көрген кітап өнімдері дер кезінде жетіп тұрды. Айталық, СССР коммунистік партиясы орталық ко­митетінің ашылған құрылтайларының құ­жаттары, шығарған қарарлары, Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин шығармалары, орта-бастауыш мектепке арналған оқулықтар, кәсіптік қолданбалы кітаптар, сондай-ақ, аталған баспадан кириллица әрпімен қазақ тіліндегі жарық көрген халықтық қазыналарымызбен бірге авторлы еңбектер де толығымен, Қазақ қоныстанған өңірлерге жеткізіліп отырды. Айталық, 1955 жыл 11 қазан күнгі «Шинжяң газетінде» (3-бет) жа­рияланған «Қытай-Совет дос­тық күні қарсаңында» атты мақалада: «Біз тек Қазақстаннан ғана өлкеміз Шин­­жяңға келіп жатқан, болашақ үшін адамдар жасаған нәрселердің ең қымбаттысының бірі кітаптарға, оның ішінде әдеби кітаптарға ғана тоқталып көрсек Совет мәдениетінің қазыналары кітапханаларымызды байытып, оқушы жұртшылығымыздың ең маңызды рухани азығына айналып отырғанын айқын түсінеміз» дей келіп, Қазақстан бас­палары арқылы еліміз қазақ оқырмандары қолына тиіп отырған дүние классиктері мен Советтік Қазақстан қаламгерлерінің елеулі еңбектеріне шолу жасайды. Аталған мақала соңында: «Сонымен қатар, Қытай жазушылары Мапин мен Сыйжүнның дейтін тамаша кітабы және Қытай ертегілерінің жинағы атты кітабы бар. Бұл кітаптарды қазақ тіліне аударып аса тез уақыттың ішінде ел игілігіне айналдырғаны үшін халқымыз ерекше алғыс айтады... Оқушы жұртшылық сүйікті Совет одағының бұл достық көмегіне де көп алғыс айтып, өзінің борышты екендігін білдіреді» дейді. Атал­ған мақаланың газет бетінде авторсыз жариялануына қарағанда редакциялық шолу мүмкіндігі күшті. Іле облысының орталығы Құлжа қала­сының орталық кітапханасында, міне, осы кездегі орыс алфавиті негізінде басылған немесе төте жазумен жарық көрген бұл кітаптар күні бүгінге дейін кезіндегі екі ел достығының көзіндей болып сақталып келеді. Біздің бұл арада байқағанымыз советтер елінің сол кезеңдерде еліміз Қытай әдебиетіне де ерекше ден қоя бастағаны болып отыр. Орыс тілінен қазақ тіліне ауда­рылып, аталған баспадан жарық көр­ген «Жаңа Қытай поэзиясы», «Қытай әңгі­­мелері» (1959 жыл), «Дауылдатқан он жыл» (авторы – Хуан Әй, 1956 жыл), «Ха­лық қызметшісі» (авторы – Оу Яншан) қа­тарлы кітаптар өз дәуірінде ең алдымен Қа­зақстанда ана тілімізге аударылып, сол арқылы еліміздегі қазақ оқырмандарының қолына жетіпті. Қазақстанның әйгілі ақын­дарының бірі – Қалижан Бекқожинның аудармасымен жарық көрген аталған – «Жаңа Қытай поэзиясы» кітабы 1954 жылы бас­па көрген болып, кітапқа Мао Цзэдун Гоморо бастаған 45 ақынның таңдамалы өлеңдері енгізілген. Кітаптың соңғы сөзін­де аудармашы: «Қытай поэзиясынан – Советтер одағының халықтарына, оның ішінде ұлы орыс халқына деген ыстық достық сезімдерін молынан көреміз. Бұл қасиетті тақырыпқа ар­нал­ған Қытай ақындарының нелер тамаша өлеңдері бар. Сонымен бірге Қытай халқына біздің Совет әдебиеті кең таралып, сүйікті сезімге бөленген. Белгілі Совет ақындарының көптерінің шығармалары Қытай ті­­ліне аударылған, Әсіресе, Горький, Мая­ковскийдің шығармалары Қытай оқу­шыларының күнделікті кітабына ай­налып алды. Қазақтың қарт ақыны Жамбыл да Қытай жұртшылығына қа­дырлы ақынның бірі. Қытай әдебие­тінің таңдаулы шығармалары орыс тіліне, сол арқылы басқа туысқан ха­лық­тардың тіліне аударылып, кітап болып шығып келеді. Қытай ақындары Гомороның, Оминсияудың өлеңдер жи­на­ғы орыс тілінде жеке кітап болып басылды. Қытай поэзиясының таңдаулы шығармаларынан орыс тілінде бірнеше жинақ шықты. Қытай ақындарының таңдаулы шығармалары қазақ тілінде кітап болып осы жинақ арқылы тұңғыш рет шыққалы отыр. Бұл жинаққа Қытай жаңа поэзиясының екі дәуірінде шыққан таңдаулы шы­ғармалары енгізілді. Бірінші бөлім – Қытай Революциясының басталуы мен им­периялизмге қарсы күрес кезінде шық­қан шығармалар, екінші бөлімге – жаңа демократиялық Қытай мемлекеті туғаннан бергі жазылған шығармалар ау­дарылып енгізілді» (2) дейді. Міне, бұл арада біз екі ел ортасындағы баспасөз байланысының өркен жайған барысын бағамдап қана қалмай, шығыстың кезінде «Гомері» атанған Жамбыл Жабаев шығармаларының да кезінде Қытай тіліне аударылғаны жөнінде де тарихи деректі кездестіреміз. Өйткені, Советтер одағының Ұлы Отан соғысы кезінде, атағы аспандап шыққан Жамбыл Жабаевтің даңқы мен шығармалары, одақтас көрші ел ретінде елімізге ең алдымен жеткен. Айталық, 1954 жылы Қытай Халық Республикасы құ­рыл­ғандығына 5 жыл толу байланысымен, елімізде өткен салтанатты жиналысқа, Кеңестер одағының үйірме құрамында болып, сол кездегі Қазақстан ғылым ака­демиясының президенті Дінмұхамед Қо­наев та қатынасады. Нақтырақ алып айтсақ, Қонаев елімізде 1954 жылы 30 қыр­күйек­тен 28 қазанға дейін (кеңестер одағы үйірмесінің құрамында) ресми сапарда болады. Әрі осы жолдағы өзінің куә болған еліміздің 5 жылдық қоғамдық даму барысы жайлы 1955 жылы «Халықтық Қытайдағы 30 күн» (15 мың таралыммен жарық көрген) атты сапарнамалық-очерк кітабын жазып жариялады. Аталған кітаптан үзінді алдымен сол кездегі Қазақстанның «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланып, іле-шала Қазақ тіліндегі «Шинжяң газетінің» редакциялық ескертпесімен 1955 жыл 11-12 ақпан күндердегі сандарында басылды. Аталған кітап мазмұнына көз жіберсек, сол кездегі еліміз қоғамындағы қоғамдық ондірістің сан салалы даму жетістіктерін кітап авторының ыждағаттықпен бақылап, тебірене толғанысқа түскенін әбден көріп алуымызға болады. Әсіресе, белгілі ғалым ретінде Қонаев еліміз қоғамындағы да­му­дың табысты көрсеткішін нақтылы санды мәліметтермен жеткізеді. Сондай-ақ, осы сапарында кітап авторы еліміздің мәдениет саладағы ерекшелігі мен дамуына да баса назар аударып отырған. Айталық: атал­ған кітабында Д. Қонаев еліміздің әйгілі жазушылары Лаушы Гоморомен сұқ­бат­та болып, жаңа құрылған орталық ұлт­тар институтына экскурсия жасағанын, әйгілі Қазақстан жазушысы Ғабиден Мұс­та­фин­ның «Қарағанды» романының аудар­машысымен, сондай-ақ, жыр алыбы – Жам­был өлеңдерін Қытай тіліне аударған қалам­гер Гобаучянмен кездескенін, Жамбыл аудармашысына Жамбылдың орыс ті­ліне аударылған кітабын ұсынып, ыстық ықыласты сұхбатта болған барыста, өзіне дән риза болған қытай қаламгерінің алдағы күндерде Абай шығармаларын аударуға ниет білдіргенін де жазады. Мұхтар Әуезов те өзінің «Индия очерктері» атты кітабында Жамбыл өлеңдерінің Индиядағы ұрду ті­ліне аударылғанын кезінде жазған еді (103-бет). Міне, бұдан Жамбылдың ертеректегі Қытай әдебиетіндегі із-деректерінің де ба­ранын байқағандай боламыз. Әрине, бұл екі ел ортасындағы әдеби-мәдени бай­­ланыс­тарымыздың тарихын зерделеген зерттермендер үшін маңызы аса зор. Өйт­кені, осы қарсаңда «Шинжяң газетінің» «Қытай-Совет мәдениеті» атты жетісіне бір рет берілетін арнаулы айдарында жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығына байланысты дүниелер молынан жарияланып отырыпты. Айталық, Жамбыл киносы туралы материялдармен қатар Совет жазушысы Павел Кузнецовтың Жамбыл Жабаевтың қайтыс болғанына 5 жыл толуына орай жазған «Халық бақытының жыршысы» ма­қа­ласы аталған газет бетінен айрықша орын алыпты. Жоғарыдағы аталып өткен «Дауыл­датқан он жыл» романының негізгі та­қы­­ры­бы – 1937 жылдан 1947 жылға дейін­­гі Жапон басқыншыларына қарсы ішкі Қытайдағы қытай халқының соғыс ерлігі болып, Қазақстанда жарық көрген бұл кітаптың жауапты редакторы әйгілі қазақ жазушысы Ілияс Есенберлин екен. Ал, «Қытай әңгімелері» кітабына 12 жазу­шысының 18 әңгімесі кіргізіліпті. Атал­ған кітаптардың Қазақстан елін айналып, бір­неше тілден өткермеленіп елімізге жетіп отыруының өзі бір жағынан баспасөздің ел аралық көпірлік рөлін әйгілеп отырса, енді бір жағынан аударма ғылымы үшін де зерттеуге тиісті қызғылықты тақырыптар болып қалары сөзсіз. Қорыта келгенде, міне, бұл фактілер, елімізбен тату көрші болып отырған Қазақстан екі елінің мә­дени байланыстарының тарихы үшін де күні бүгінге дейін құнын жоймайтын құн­ды деректер деп қараймыз. Бұл арада бүгінгі Құлжа қалалық кітапхана қорында сақталып отырған 500-ге тарта кітап, сол дәуірде екі ел арасында орнаған достық қо­ғамы арқылы еліміз оқырмандарының қолы­на жеткен мол мұраның тек шағын бір бөлігі ғана екені шүбәсіз. Көрші екі елдің аталған тарихи кезең­дердегі баспа мәдениеті жағындағы ауыс-күйісіне көз жіберсек, талай-талай та­­­ғы­­­лымды тарихи байланыстарға көз жеткізуімізге болады. Бұдан ертеде-ақ Қа­зақстанның Алматы қаласындағы мем­лекеттік баспахана жанынан, келісім-шарт негізінде еліміз қазақтарына арналып «Қазақ елі» атты журналдың шығарылып келгені мәлім. Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабай ұлы, Ф. Оразаевтар жазған «Қазақ журна­листикасының тарихы» атты кітапта аталған журнал туралы: «Журналдың тұң­ғыш саны 1944 жылдың қыркүйек айында шығарылды... Журналдың бас редакторы қызметін көп жылдар бойы атқарған Бөлебай Исабекұлының айтуына қарағанда, алғашқы саны 10 беттей болып, 5-10 мың тиражбен айына бір рет шығарылыпты. Журналдың бір ерекшелігі шекара маңындағы ағайын­дарымыздың оқу үлгісіне лайық­талып, араб қарпімен басылды. Ал­ғашқы сан­­дарынан бастап, екі айдағы нөмірі бірігіп қазақша, ұйғұршасы да бірге шығып отырды. Осыған байланыс­ты оның көлемі де ұлғайып 20-30 бет аралығында болды. Журнал Қазақстан мемлекеттік баспаханасында басылып, бағасы сол кездегі ақшамен 2 сом болған. Журналдың тағы бір ерекшелігі шығарудың барлық қаражатын, мате­риалдық-техникалық жұмыстарына сырт­­қы сауда министрлігі жауап беріп, ал, тарату жұмыстарымен мемлекеттік қауіп­сіздік комитеті айналысқан. Шетелге шығатын болғандықтан, оның са­пасына, безендірілуіне ерекше мән беріліп, сапасы сол кездегі «Огонек» журналымен бірдей деңгейде еді» (2010 жыл, Алматы, «Білім» баспасы, 240-бет) дейді. «Шинжяңның үш аймақ төңкерісі тарихы» (орталық Ұлттар баспасы, 2000 жыл, 27-бет) атты кітапта: «1943 жылдан бастап, Совет одағы Алматы, Ташкент қатарлы жерлерде «Шығысқа көмек беру көмитетін» құрып «Қазақ елі», «Шығыс ақиқаты» сияқты газет-журнал шығарып, империализмнің Шин­жяңға шапқыншылық жасау қас­күнемдігін әшкереледі» делінген. Баспа сөз тарихын зерттеуші Мунир Ерзиннидің (татар) сөзіне сүйенсек, жоғарыда аты аталған «Шығыс ақиқаты» журналы 1936 жылы ең алғаш «Күн шығыс ақиқаты» болып жарық көріпті (Алматы, «Ұйғұр ауазы» газеті, 2011 жыл 27 маусым, «Ұйғұр баспасөзінің тарихымен үшін бас тақырып»). Біздің зерттеуімізше «Қазақ елі» журнал 1941-жылдан бастап араб әрпімен шы­ғарыла бастаған болып, кейінгі кездері ба­ғасы 2 сом, тұрақты 24 бет болып жарық көрген. Кейбір сандары мерекеге байланысты көбейтіліп те отырған. Журнал көлемінің үштен бір бөлігін ұйғұр тіліндегі ма­териалдар иелеп келген. Яғни, 17-бетке дейін таза қазақ тіліндегі материалдар жарияланған. Жур­налдың алғашқы кездегі шығарушы алқалары: Тілеулес Балтақожаұлы (жауапты шығарушы), Қадыр Қасанұлы (шы­ғарушының орынбасары), Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебайұлы, Нығымет Сауран­байұлы, Қабыш Ыбырайұлы, Дүй­сенбек Еркішұлы қатарлы адамдар болып, кейін шығарушы алқалары: Бөлебай Исабекұлы (жауапты редактор), Қадыр Қасан­ұлы (редактордың орынбасары), Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбайұлы, Ғабит Мүсі­репұлы, Сімет Кеңесбайұлы, Дүй­сенбек Еркішұлы, Болат Дүкенбайұлы (бұл тарихи даукіметтер қазақ мемле­кеттік ұлттық Кітапханасының сирек кездесетін әдебиеттер қорындағы сақ­­талған журнал сандарынан алынды – автор) болып толықтырылып отырған. Міне бұдан Қазақстанның бүгінгі дүниеге әйгілі қазақ әдебиеті мен мәдениеті саласындағы өнер саңлақтары кезінде, еліміз қазақтарының ақпарат-баспасөз істерінің қалыптасуына, дамуына өзіндік рөл ойнап, өнеге-үлгі бола білді деп әбден айта аламыз. Әрине, мұның өзі бүгінгі еліміз Қазақ баспасөзі тарихындағы қызғылықты тақырып. «Қа­зақ елі» журналы 1949 жылға келгенде «Жаңа өмір» болып өзгеріп, 1957 жылға дейін шығып келген. Еліміз қазақтарына ар­на­лып, арғы бетте басылым көрген аталған басылымның сол кездегі қоғамдық ортадағы рөлі туралы қарт баспагер, Қытай қазақ жазба әдебиетінің алғашқы қарлығаштарының бірі – Рахыметолла Әпше ұлы ертеректе «Шұ­ғыла» журналында жариялаған «Мен әдебиетке қалай қызығып, қалай кірістім» атты эссесінде былай дейді: «5-6-клас­ты қаладан (Дөрбілжін ауданынан) оқыдым. Қырдан қалаға келген соң тағы бір адым ілгерлеу болды. Қалада ойын-сауық сияқты мәдени қимылдар мол болады екен, оқушылардың өздері ұйымдастырған нөмірлері болумен бірге мұғалімдер негіз болған «Қасқырбай», «Шұға», «Жалбыр»-ларды оқу-ағарту мекемесі ұйыстырған көнсерт үйірмесі кілопта қояды екен, бұған Нұрмади сияқты Шянжаңдар (аудан әкімі Б. Ә) ынтамен қатынасып жүрді. Бұларға да көзім пысып еліктей бастадым. Сонымен, көп көрудің де ләззатын сезіндім. Бұл кезде тағы бір оқу басталды. Бұл Қазақстанның және орыстардың белгілі ақын-жазушыларының кітаптарының келуіне байланысты болды. 42-43 оқу жылына қарсы сыфан (педа­гогикалық) мектебіне келгенімізде «Қа­зақ елі» журналы мен сол жақта жасалған оныншы класқа дейінгі оқулықтарды емдік». Міне, бұл көненің көзі болған кісінің сөзі. Алғашында «Қазақ елі» болып жарық көріп, кейінгі кездері атын «Жаңа өмірге» ауыстырған журналдың өз кезінде төте жазумен кітап басатын баспаханасы да бар болып, оның жауапты қызметін Мәриям Кәкімжанова өтепті. Қатардағы қарапайым оқырмандарды көздеген екі ел достық қоғамы, бұл баспаханадан араб алфавиті негізіндегі ана тіліміздегі кітаптарды да көптеп шығарып, оны сол кездің өзінде еліміз қазақ оқырмандары қолына жеткізіп отырыпты. Міне, мұндай екі ел мәдениеті ортасын­дағы достық, ынтымақтастық кезінде ұлттық мерзімді баспасөз өнімдерін Қы­тай қазақтарының қолына жеткізу аясында ғана қалып қойған жоқ, жаңа құрылып жатқан Шинжяң ұйғұр автономиялы районымыздың ақпарат-баспасөз ісіне Совет­тік мамандар қатарында Қазақстан баспагерлері де атсалысыпты. Айталық, Қазақстаннан – Ыбырай Кетекин, Жәрдем Тілеков, Жүнісбек Орысбаев т.б. тәжі­ри­белі кәсіптік баспасөз мамандары Шин­жяңға келіп кітап, журнал-газет шығару істеріне көмек қолдарын созыпты. Қарт баспагер, әйгілі аудармашы, тіл маманы Абылаш Қасымбекұлының еске алуынша, Шинжяңдағы Қазақ ақпарат-баспасөз қызметіне көмекке келген бұл үйірменің жауаптысы Ыбырай Кетекин болып, ол өз кезінде «Қазақстан темір жолы» газетінің жауапты редакторы міндетін өтеген кісі екен. Сол сияқты үйірме құрамындағы Жүнісбек Орысбаев та Қазақстандағы баспасөз саласындағы білікті баспагер екен. Жәрдем Тілеков болса Қазақстан жазушылар одағы Семей облыстық бөлімшесінің бастығы екен. Аталған мамандар қата­рында Ыбырай Кетекин мырза өлке орта­лығындағы қазақ тілді газет істерінің дамуына кеңесші болса, Жәрдем Тілеков өлкелік Жазушылар одағының орган журналы «Шинжяң әдебиет-көркемөнер искоствосы» («Шұғыла») әдеби журналының жарық көруіне жауаптандырылып, редакторлар қосынын тәрбиелеп жетілдіруге күш салыпты. Ал, Жүнісбек Орысбаев мырза мұн­да келгеннен кейін тұңғыш рет «Мао Цзэдун таңдамалы шығармаларының» 1-томын орыс тілінен қазақ тіліне аударыпты. Бұл аударманың сол кезде ішінара бөлімдері мерзімді баспасөздер бетінде жарық көргенімен, кітаптың толық нұсқасы кейінгі кездің тарихи жағдайларына байланысты басылымнан тоқтатылыпты. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, ұлтымыз жиі қоныстанған үш аймақ көлеміндегі мерзімді басылымдарға да көршілес Қазақстан елінің баспагерлері көмекке келіпті. Айталық, көрнекті баспагер, журналист Қалиолла Нұртазаұлының мәліметіне сүйенсек, міне, осы тұста «Алтай газеті» редакциясына Қазақстаннан баспа сөз маманы Дүйсенбек Омарұлы көмекке келіпті. «Ол кісі Мұхтар Әуезовтің ‹Абай› романының сол кездегі жауапты редакторы болған адам» (3) деген дерек те бар. Міне, мұндай өз кезеңіндегі көршілік көмек, жаңа құрыла бастаған ұлтымыздың ақпарат-баспасөз істерінің қалыптасуы мен дамуына керемет түрткілік рөл ойнады. Осы кезеңдерде іс сапармен елімізге жиі-жиі ат басын бұрған Совет қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары мен баспасөз мамандары да, көршілес Қазақстан елі әдебиеті мен баспасөзінің тәжірибе сабақтарын елімізге кеңінен таныстырып, тәжірибе алмастырып, тағаны қалана бастаған Қытай Қазақ баспасөзімізге барынша оңды әсерін тигізіп отырған. Айталық, 1957 жылы 25 мамыр өлке орталығы Үрімжіде, 170 уәкіл қатынасқан Шинжяң Ұйғұр Автономиялы райондық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің тұңғыш құрылтайы ашылып, бұл құрылтайға Ғабит Мүсірепов советтер елі жазушыларының үйірмесін бас­тап келеді. Жиналыста академик жазушы Ғ. Мүсірепов советтік Қазақстан елінің әдебиеті мен баспасөз істері жағындағы тәжірибелері мен жетістіктерін баяндай келіп, еліміздегі қалың аз ұлт қаламгерлері мен баспагерлеріне Қытай әдебиеті публис­тика жанрының үлгі аларлық маңыз­ды тұстары туралы баяндама жасайды. Қазақ клас­­сигінің бұл баяндамасы сол кездегі еліміз Қазақ баспагерлері ортасында айрықша аңыс қозғайды. Сол сияқты 1959 жылы іс-сапармен елімізге келген Сәбит Мұқанов, Бейжиңнен қайтар жолында өлкемізді аралап Үрімжіде, Құл­жа қаласында аялдап, болашақ Қазақ әде­биеті мен баспасөзінің бет-бағдары жөнінде де көлемді ғылыми лекция оқиды, әрі Үрімжідегі кездесуде Асқар Татанаев ұсынған Әсет Найманбаевтің «Салиха-Сәмен» дастанын өзімен бірге ала кетіп, кейінгі күндерде жарық көрген «Ақындар» атты монографиялық еңбегінде аталған Әсет ақынның дастанынан цитат келтіреді. Осы қарсаңда кәсіптік қызметпен Ілеге келген баспагер, ақпарат ісінің майталманы Әбдуали Қарағұлов мырза да «Іле газеті» мекемесінде ақпарат – Баспасөз шаруашылығы жайлы арнаулы лекция оқыпты. Міне, мұндай қолдаулар жаңа құрыла бастаған ұлтымыздың ақпарат-баспасөз істерінің қалыптасуы мен дамуына белгілі деңгейде жебеушілік рөл ойнады. Міне, осы қарсаңда Қытай қазақтарының тыныс-тіршілігін Қазақстан еліне, ал, Қа­зақ­станның мәдени жаңалықтарын еліміз қазақтарына таныстыруды мақсат еткен «Біздің отан» деген газет жарық көріп, кейін келе аталған газет атын «Шалқарға» өзгертті. Жоғарыда аталған «Қазақ елі» басылымының қосымша саны ретінде жарық көрген бұл газет, Алматы қаласында 1998 жылға дейін жарық көрді. Арадағы екі жылдық үзілістен кейін 2000 жылы бұл басылым «Шалқар-2» деген атпен қайтадан басылым көріп, күні бүгінге дейін осы атпен жалғасымын тауып жарық көріп келеді. Бұл басылымның Қазақстан елінде күні бүгінге дейін төте жазумен жарық көріп келуіне; 1958-1962 жылдар аралығындағы халықаралық тарихи жағдайларға байланысты, ата-жұртына қайтқан қазақтардың мерзімді баспасөзге деген қоғамдық сұранысы себеп болған сыңайлы. 20-ғасырдың басынан басталып, 50 жыл­дарға келгенде екі ел қарым-қа­тына­сы бұрынғыдан да қоюлана түскен. Осы кездегі еліміз Қазақтары мектептерінің оқыту программалары да Совет-Қазақстан еліндегі үлгі бойынша жүргізілген. Со­циалистік одақтас дос елдер ретінде Совет-Қазақстан мемлекеті осы кезеңдерде орта мектеп 8-9 класс оқыту программасына «Қытай халық республикасы» атты арнаулы сабақ та кіргізген (4) . Екі ел ортасындағы байланысқа Советтер одағы компартиясының ең жоғары билік басына Хрущев көтерілген 1958 жылға келгенде екі ел ортасына салқындық түсе бастап, 1960 жылдардың басына келгенде бұл салқындық тіпті де шиеленісіп кетті. 1962 жылға келгенде екі мемлекет еларалық байланысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл қырғиқабақ көзғарастың салқыны 20 жылға дейін созылып, Қытай коммунистік партиясы 11-кезекті орталық комитетінің 3-жалпы мәжілісінің дана шешімінен кейін барып, екі ел басшыларының құлшынысының нәтижесінде әуелгі тату көршілік қатынас арнасына қайтып орала бастады. Әдіптеп айтар болсақ, 1979 жылдан 1989 жылға дейінгі 10 жыл барысында Қытай-Совет екі ел ортасындағы араздықтар жойылып, қалыпты қатынасқа көшті. «1982-жылы жазда, Совет одағы коммунистік партиясының ең жоғары басшысы Брежнев Совет-Қытай қатынасы мәселесінде Қытай жақпенен сұқбаттасатынын білдірді. 1989 жылы 15 мамырдан 18 мамырға дейін, Совет одағы орталық комитетінің бас шужиы (секретары) Горбачев Қытайда ресми сапарда болды... Дың Шяупиң мен Горбачевтің кездесуі Қытай-Совет арасындағы 20 неше жылдық алауыздықтың ақырласқандығынан дерек берді» («Шинжяң заң газеті», ұйғұрша, 2011 жыл 9 қыркүйек, «Қытай-Совет бай­ланысындағы 40 жыл»). Соңғы кездері Советтер одағы таратылып, одақ құрамындағы республикалар арт-артынан егемендік жариялады. Міне, осы тарихи кезеңде тәуелсіз мемлекеттер достастығы қауымдастығындағы мемлекет­термен еліміз халықаралық дипло­матиялық байланыс негізінде өзара тең құқылы тату көршілік қатынас орнатты. Қазақстан Республикасының егемендігін ең алғашқылардың бірі болып, «Еліміз 1991 жылы 27 желтоқсанда мойындады. 1992 жылы 3 қаңтарда дипломатиялық байланыс орнатты» (Сарқытқан Қастер, «Іле пед институты ғылыми журналы», 2011 жыл 1-сан, 91-бет). 2001 жылы Қытай, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан «Шаңхай селбестік» ұйымына мүше болу шартына қол қойды. Содан бері мәдени байланыстарымыз осы негізде етек алып қарыштап дамып, тарихтың жаңа сатысына көтерілді. Еліміздің көркейіп, гүлденіп әлем елдер алдындағы қуат-күшінің артуына байланысты, ендігі кезекте көршілес орта Азиядағы елдерге еліміздің әлеуметтік даму беталысы өз ықпалдастығын көрсетуге көшті. Айталық, бұл күндері «Шинжяң Телевизясының 8-Арнасы» көршілес Өз­бекстан мен Қырғызстанға бағыттап өз бағдарламасын таратып келсе, Шинжяң ұйғұр автономиялы районы шетелдермен мәдени байланыс қоғамы мен Қазақстан Қазақтану қоғамдық қоры, «Қазақ-Қытай акедемиясы» мекемесі (алғашында ұлттық Кітапханасы жанындағы «Рух-Мирас» қо­ғамдық бірлестігі) бірігіп, 2005 жылдан бері ел аралық криллица жазуымен «Көрші» атты әмбебап мәдени айлық журнал шығарып келеді. Адамзат қоғамы информация дәуіріне қадам тастап, бұл саладағы техниканың үздіксіз өркендеуіне байланысты екі елдегі қазақ оқырмандары бұл күндері электронды баспасөзді де емін-еркін пайдалануға қол жеткізіп отыр. Міне, бұл екі ел ақпарат-баспасөз саласындағы атқарылып отырған сенімді селбестік – Ши Жинпиң төраға ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» халықаралық дәріптемесінің бүгінгі таңдағы айқын жемісі. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. «Одақ» журналы, 1951 жыл, 11-сан, 6-11-беттер. 2. «Жаңа қытай поэзиясы», Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1954 жыл, 148-бет. 3. «Қоғамдық ғылым мінбесі» 2008 жыл 3-сан, 106-бет. 4. «Халық мұғалімі» журналы, Қа­зақстан, 1956 жыл 7-сан, 52-бет.

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз