• Заманхат
  • 20 Қыркүйек, 2012

«РАСПУТИНЩИНА» ІНДЕТКЕН ТҰСТА әйел етекке сүрінеді, еркек жетекте бүлінеді

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, журналист

Сонымен, «Распутинщина» не «распутин шайындылары» – бүгінгі қоғамды жайлаған әлеуметтік-психологиялық, айта берді, саяси құбылыс. Әйтпесе, оқырманның бұлыңғыр – академиялық қасаңдықпен басын қатырмай, қазақ­тың жалпақ тілімен айтқанда, ол жұқ­­палы күйе, кімнің, ненің болса да басын байлап, дуалап алатын си­қыр. Онда жыныс болмайды. Әдетте мұн­дайлар қылмыскерлерден де қауіпті. Қылмыскерлерге құрар «қақпан», тастар «тор» бар. Ал, алдыңғылар үшін еш шара, айла-шарғы жоқ. Оларды көзің көріп, көңілің ғана сезеді. Тағы бір қызығы, олар бір-бірін алыстан танып, бір-біріне тез жұғысады. Оны айтасыз, олар адамға, оның ішінде, беделді де жоғары лауазымды жанға алдымен психологиялық «террор» жасап, соңы өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жасап алған соң, сол ортадағы идеологиясын қалыптастырып алады да, өзі қызмет етіп жүрген ортаны көзге көрін­бейтін үрейде ұстайды. Өйткені, ол сол лауазымды адамның сенімін серік етіп, қолтығына кіріп алған. Оны «дуадан» басы айналып қалған әлгі басшы сезіп білмейді де. Ал, қалғандардың оларға көрсететіні «үнсіз», іште «өліп» жатқан қарсылық қана. Оны қазақ «іштен тыну» дейді. Бұл қоғамдық дерт. Сонымен, сөз басындағы біреу біліп, біреу білмейтін Григорий Распутин кім? Басында, Вырубова дегеннің таныстыруымен орыстың соңғы ағзамы Николай II мен оның әйелі, ханым Александра Федорованың сеніміне кіріп, арты олардың, айта берді, бүкіл Ресей империясының тағдырына ықпал еткен Григорий Распутин оңай жан емес еді. Ол өзінің шала сауат, жалған да аяр діндар екендігіне қарамай, патшаның жеке отбасына, сол арқылы ұлы Ресей империясының мемлекеттік, саяси, қоғамдық өміріне ерекше ықпал етті. Николай II-нің үйіне кіріп, қызмет сарайынан шыққан оның беделінің күштілігі сонша, сол патшалықтағы белді-белді деген қызметкерлерді орнынан алып, олардың орындарына өзіне жақын да, айтқанынан шықпайтын адамдарды қойғызатын дәрежеге дейін жетті. Кезінде князь Феликс Юсупов «Конец Распутина» атты кітабында ол туралы: «Под маской лицемерия и фальшивой святости грязной проходимец, полуграмотной мужик, вор и развратник Распутин длительное время роковым образом подчиняет себе частную жизнь царской семьи и влияет на политическую судьбу Российской Империи» деп жаза келіп: «Распутинство – кубок темных интриг, личных эгоистических расчетов, истерического безумия и тщеславных домогательств» деген еді. Мұны жазып, тілге тиек етіп отыр­ғанымыз, соңғы кездері осыдан 1 ғасырға жуық бұрынғы Ресей патшалығындағы болған келеңсіздік бүгінде бізде, жоғары лауазымды қызметкерлер арасында әртүрлі порым-пошымда қайталанып, кең етек алған сыңайлы. Мемлекеттік деңгейдегі қызметтегі лауазым иелерінен бастап, облыс әкімдеріне дейінгі аралықтағы шенеуніктердің арасын жайлаған індет іспетті «распутинщинаға» көз жұма қарауға болмайды. Бұл тұста біреудің атын айтып, түсін түстеудің өзі артық. Сол «распутин­щина» өкілдерінің жоғары лауазымды қызметкерлердің отбасына, ондағы жандардың қызмет орындарына лайықты «қамқорлықтар» жасау арқылы, олардың беделдерін қаншалықты түсіріп, оларды халықтан қаншалықты қол үздіріп бара жатқанын айтсақ жеткілікті. Олар сол Распутиннің іс-әрекетіндей қылықтарға барып, қаншама адал да жақсы қызмет істеп жатқан жандарды жұмыссыз қалдырып, олардың орнына айтқанға көніп, айдауға жүретіндерді қоюда? Сөз соңында айтарымыз, қай дәреже­дегі болсын лауазым иесі бүгінде індетке айналған «распутинщинаға» жол бермей, айналасындағы өздерін сол «аялап, қамқорлығына алғандарға» сындарлы да сын сөзбен қараса екен. Кезінде белгілі бір облыстың әкімі «Короля делает свита» дегенді тілге тиек етіп, жаңдайшап сол «распутинщинаға» саятын сөз айтқан еді. Шынында да, «распутинщина» індеткен тұста әйел етекке сүрінеді, еркек жетекке бүлінеді емес пе? «ОҚЫ, ОҚЫ ЖӘНЕ ОҚЫ» Бiр кезде ұлы күн көсем атанып, аты-жөнi Адам атадан бастап, ең соңғы пайғамбар Мұхаммед алеиһис саламға дейiнгi аралықтағы пайғамбарлардың бәрiнен жоғары қойылып, айтылып та, жазылып та келген Ленин айтқан «Оқы, оқы және оқы» деген қанатты қағидаға негiз болған Құран кәрiмдегi: 1.Читай (и возгласи) ! 3. Читай! 4. Он – Тот, кто (человеку дал) калам (перо) и научил письму, – (96:1-4) деген қасиеттi де киелi сөздi оқып, бiлiп өскен мұсылман ел-жұртының бүгiнде бiлiмнен сонша артта қалғанына таң қаласың. Келтiрiлген алғашқы аяттардан-ақ, Ислам иiсi адамзатты надандық пен артта қалушылыққа емес, iлiм-бiлiмге және оқып үйренуге әрi жазуға шақырғанын, сонымен бiрге, Мұхаммед алеиһис саламның «iлiм iздеу әрбiр мұсылман еркек және мұсылман әйелге парыз», сондай-ақ, «бiлiм Қытайда болса да ал» дегенiн ұмыт­пасақ, мұсылман әлемi бiлiмнен мұншама артта қалар ма едi? Кезiнде Ислам әлемге тек қана Орта Азияның өзiнен Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Әбу Әли Ибн Сина (980-1037), Әбу Райхан әл-Беруни (973-1050), Ұлықбек (1384-1449) секiлдi ғұламалар мен мемлекет қайраткерлерiн берген едi. Бұның бәрi бүгiнгi ғылым-бiлiммен, оқымысты да бiлiмдарлармен салыстырғанда өткен шақ. Бүгiнде солар сияқты ғұламалар неге жоқ? Неге олардың насихаты өзгелердiң оқыған-тоқығандарына қарағанда аз? Бүгiнгi бiлiм шыңына шығып ауыздан-ауызға iлiнiп жүрген, Нобель сыйлығын алған мұсылман әлемiнiң ғұламалары қанша? Болса, нелiктен әлем ғалымдарындай насихатталмайды? Әлде, оларды айдарлатып, айбынды көрсетуге мерзiмдi телеарналарымыз бен баспасөздерiмiз жетпей ме? Осының барлығы сұрақ. Бiздiңше Еуропа және Батыс ақпараттық құралдарына қарағанда, мұсылман әлемiндегi ең басты қарым-қатынас құралы және идеологиялық қаруы саналатын, осынау ең қажеттi нәрседен мұсылман әлемi барынша артта қалған. Мiне, соның салдарынан мұсылман мемлекеттерi өздерiнiң өткенiн былай қойғанда, бүгiнгi қоғамдық-саяси, мәдени-өркениеттiк тыныс-тiршiлiгiн, болмыс-бiтiмiн дүниежүзiне толық таныта алмай келе жатыр. Қызық жағдай! Менiң қолыма тиiп, тiлiме тиек болып отырған фактiге жүгiнiп отырып, осылай демеске амал жоқ. Егер, құрметтi оқырман алдарыңызға тартқалы отырған көрсеткiштер рас болатын болса, онда шынында да мұсылман әлемi өзiнiң о бастағы оқып-бiлуге, бiлiмге деген құштарлығын соншалықты жоғалтып алғанына ерiксiз таң қаласың. Бүкiл Ислам әлемiндегi елу жетi елде 1450 млн. халық тұратын болса, оларға 500 ғана университет қызмет етедi. Ал, бiр ғана АҚШ-тың өзiнде 5 758, Үндiстанда 8 407 университет бар екен. Сондай-ақ, әлемде ең озық жоғарғы оқу орны 500 болса, оған мұсылман елдерiнен бiрде-бiр университет кiрмейтiн көрiнедi. Тiптi, оны айтасыз христиан әлемiнiң орта деңгейiнiң 90 пайызы сауатты болса, ал, мұсылман әлемiнiң орта деңгейiнiң сауаттылығы 40-ақ пайыз. Оны айтасыз, алдыңғылардың көпшiлiгiнiң 98 пайызы орта мектептi бiтiрсе, соңғы мұсылман әлемiндегi ел-жұрттың 50 ғана пайызы орта мектептi бiтiредi екен. Осы көрсеткiштердiң өзi-ақ, жалпы, мұсылман әлемiндегi бiлiм деңгейiнiң қаншалықты екенiн аңғартса керек. Мысалы, АҚШ-та 1 млн. адамға 5 000 оқымыстыдан келсе, бүкiл Араб әлемiнде 1 млн. адамға 50 техниктен ғана келедi екен. Осының бәрiн оқып, бiлiп отырып, бiр кезде Жаратқан иемiздiң бiлiмге, бiлiктiлiкке шақырған ұрпағының соншама деңгейдегi бiлiмсiздiкке түсiп кеткенi ерiксiз көңiл құлазып, жүрек егiледi. Сонда, бұдан шығатын қорытынды не? Ең алдымен бiздiңше мұсылман әлемi материалдық құндылықтарға қарағанда, Алла тағаламыз бен Пайғамбарымыз о баста насихаттаған бiлiмге ұмтылуы керек. Болашақ ұрпағына пайғамбарымыз тiлге тиек еткендей, жердiң қай түкпiрiнде болса да, бiлiмге, бiлiмдарлыққа ден қойдырмаса болмайды. Адам өзiн-өзi қолға алмаса, Алла да олардың жағдайын өзгертпейтiндiгi хадисте айтылған. Ендеше, бұдан шығар қорытынды оқу, бiлу, оларды көңiлге тоқып Еуропа мен Батыс әлемiндегi бiлiмдiлiк пен бiлiктiлiкке ұмтылу, мұсылман әлемiнiң басты бағыт-бағдары, ұстаным-ұлағаты болуға тиiс. АДАМ АЛЛАНЫҢ КӨШІРМЕСІ ЕМЕС Бiз мақаламызға тиек еткелi отыр­ған тақырыпты кезiнде жазып, оқыр­мандарымызды дiни қандай да кiтапты оқыған кезде, оның мақсат-мүддесi, ұстаным-ұстыны қандай екендiгiн ажырата бiлулерi керек екендiгiн ескерткен болатынбыз. Және оған әлi де сан оралатынымызды айтып өткенбiз де. Өйткенi, елiмiзде сан түрлi секталардың кең етек жайып, халқымыздың арасына сына қағып жүргенi бәрiмiзге де белгiлi. Ендеше, көше кезiп, үй аралап дiни кiтаптар таратқандарға да өте сақтықпен қарағанымыз жөн. Бұны айтып отырған себебiмiз, қолымызға тиген бiр кiтап сол бағыт-бағдардағы ұстанымды насихаттаған жинақ. Ол Новосибирскiдегi “ЭКОР” баспасынан басылған О.Н. Шатохин дегеннiң ағылшын тiлiнен аударған «Манифест Ислама» атты кiтабы. Авторы – Мухаммад Рафи-уд-Дин. Ол аталған кiтабында Исламның ұстанған бағыт-бағдарымен бiрге, оның мән-мағынасы және саяси-моральдық, қоғамдық тұрғыдағы алатын орны туралы ой толғайды. Жалпы, автордың Исламға деген ниетiнiң қаншалықты түзу екендiгiн бiлмеймiз, бiрақ, соған қарамай аталған кiтапты оқып отырып көңiлiңе күдiк, көкiрегiңе түйткiл орнығады екен. Аталған жинақтың «Качества человека являются отражением качеств Создателя» деген бөлiмiнде автор «Центральным свойством человеческого создания, как и Божественного, является любовь со всеми сопутствующими ей качествами. Тақ как в человеке отражаются все качества Создателя, его можно назвать образом Божества. Поэтому Пророк (мир ему) говорил: «Аллах создал человека по образу и подобию Своему» дейдi. Мiне, дәп осы тұста, ол үлкен қателiк жiберiп қана қоймай, Алла мен Адам жаратылысын баяндау арқылы, оқырманды жаңылыс жолға салып отыр. Олай дейтiнiмiз, бiз бiлетiн Құран мен басқа да Ислам дiнiндегi танымдық кiтаптарда олай демейдi. Мысалы, Рукайя Максудтың 2001 жылы Мәскеуде шыққан «Ислам» атты кiтабында (ол да ағылшын тiлiнен аударылған – А. Ә.): «Бог всезнающ и всевидящ; Он совершенно «отличен» от сотворенной Им Вселенной, вне времени, вечен, без начала и конца» дей келiп, «В мире не существует ничего, подобного Богу (!), и ничто не может сравниться с Ним. Ничто не разделяет Его власть, и у Него, конечно же, нет «сотоварищей» или каких-либо «родственников» дейдi. Ендеше, аталған автор Құран Кәрiмнiң 112-Ықылас сүресiндегi: «Ол Алла, бiреу-ақ. (1) Алла мұңсыз. (Әр нәрсе Оған мұқтаж.) (2) Ол тумады да туылмады. (3) Әрi Оған ешкiм тең емес (4)» дегенмен «Шуро» сүресiнiң 11-аятындағы: «Оған ешнәрсе ұқсамайды. Ол Естушi, Көрушi Зат» дегенiн жақсы бiлiп, жоғарыдағыдай ой-пiкiрiмен тұжырымға келген. Ендеше, бiз де со жағындамыз. Алла не нәрсенi болса да жеңiл, шаршап шалдығусыз және еш демалыссыз сөз – бұйрық арқылы жаратқан. Сондай-ақ, ол адамды жаратушы ғана емес, оның бүкiл ғұмыры одан әрi бақылап, басқарушы да. Сонан соң, Алла өзi жаратқандардың өткенiн де, болашағын да бiлетiн құдiрет. Сондықтан, адамды Алланың бейнесi ретiнде қабылдап, оған ұқсату астамдық. Әлқисса, бiз тiлге тиек етiп отырған «Манифест Ислама» атты кiтаптың қалың көпшiлiктi, әсiресе, орыс тiлдi оқырмандарды терiс жолға түсiрiп, ол туралы жаңсақ пiкiр қалыптастыратынын айтқымыз келедi. Иә, «Библия» Құдаймен Адам жаратылысына басқаша көзқараспен келiп, оған өзгеше пiкiр бiлдiретiнi рас. Белгiлi дiн зерттеушiсi, философ Сергей Булгаков өзiнiң «Свет невечерний» кiтабында оның қыр сырын аша келе: «Образ Божий в человеке. И сотворил Бог человека по образу Своему, по образу Божию сотворил его (Быт. 1: 27), И создал Господь Бог человека из праха земного и вдунул в лице его дыхание жизни; и стал человек душою живою (2: 7), Человек сотворен, но по образу Божию. Он создан из праха земного, из общей тварной материи, но в него вдунуто самим Богом дыхание жизни Из Себя Самого извел и как бы выделил Бог его сущность, И уже в силу такого своего происхождения человек является сыном Божиим» дейдi. Ендеше, Алла мен Адам жаратылысына келгенде Ислам мен христиандықтың арасында айырмашылық бар. Қорыта айтқанда, жоғарыдағыдай “Манифест Ислама” секiлдi кiтаптарды оқығанда мейлiнше сақ болғанымыз жөн. Сөз соңында құрметтi оқырманға жеткiзерiмiз, Алла мен Адам жаратылысын ажырата бiлу – әрқайсысымыздың азаматтық та, мұсылмандық та мiндетiмiз. ҰЛТСЫЗДЫҚТЫ «АТАБАЕВША» ҰЛЫҚТАУ немесе НИГИЛИЗМНІҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ Национальность, как здоровье: их начинаешь действительно ценить только, когда потеряешь Латын мақалы Осыдан көп жылдар бұрын дәріс алған ұстаздарымыздың бірі белгілі ғалым Белгібай Шалабаевтың «Өмірде не болмайды» атты кітабын оқып, оның өзінен, осы тақылеттес сөздерді есіткенде күлетінбіз. Сөйтсек, ол кісі өзінің шау тартқан жасына орай, көріп-білгендерін көкейіне хаттап, көңіліне түйгеннен кейін айтады екен ғой. Бүгінде, сол ұстазымыздың тілге тиек еткендерін өзіміз де айтып та, жазып та жүрміз. Бір жолы белгілі бір газеттен «Для меня национальность не имеет никаго зна­чения, есть замечательное выражение по этому поводу: это все равно что гордиться тем, что ты родился во вторник или в Чевтерг. Национальность – это не беда и не заслуга» деген пікір-тұжырымды оқып таңқалғанымыз бар. Сонда, атақты ұстазымыздың «Өмірде не болмайды» деген сөзіне тағы бір көз жеткізген едік. Ал, енді назарларыңызға ұсынып отырған сөздің иесі – белгілі ресейлік режиссер Эльдар Рязанов. Енді, Құдайдың құдыретіне қарасаңызшы, дәл сондай сөзді қазақ режиссері Болат Атабаев мырза да жөн жосықсыз қайталайды. Ол «Многие представители старшего поколоения вводят в заблуждение нашу молодежь, заявляя: «Я горжусь, что родился казахом». Что значит гордиться тем, что родился казахом? По сути, это же самое, что гордиться тем, что родился в девять утра», - дейді. Осылардың екеуіндегі басты кемшілік те, адамды түңілдіретін де жағдай – олардың тексіздікті насихаттауы. Ұлттан безуді ұлықтаған Эльдар Рязанов пен Болат Атабаевтың ұқсастығы неде, әрі басты қасиеттеріндегі үндестік қай тұста жатыр? Ол ең алдымен, өздерін белгілі азамат санайтындардың өз тегі мен ел-жұртын ұмытып, көктен түскендей көңіл-күйде өмір сүрулері. Орыста «Иван, не помнящий родства» деген ұғым-түсінік бар. Біздіңше, осы бір сөз аталған қалың ел-жұртқа белгілі режиссерлардың көзқарастарындағы ұстанымдарға байланысты айтылған секілді. Жалпы, ұлт мәселесінде Рязановты мен түсінемін, ал, Атабаевтыкі не жорық? Атабаев мырза «Многие представители старшего поколоения вводят в заблуждение нашу молодежь» дегенде кімдерді меңзеп отыр. Үлкеннің алдын көрмегеннің, үлкеннің сөзін тыңдап өспегеннің айтары қашанда да осындай болып келеді емес пе? Ондайды қазақ «тексіздік» деп таниды. Ұлтсыздықты ұлағаттаудың ең озық үлгісі – осы сөз. Әйтпесе, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, сана-сезімінің қаншалықты тәрбиелі де, иманды екенін білетін өнер адамы олай айтпаған болар еді. Латында «Тегін құл немесе қу жасырады» деген қанатты сөз бар. Біз бұл жерде Атабаевты «Құл да, қу да» деп отырған жоқпыз. Бар болғаны реті келгенде аталы сөзді алға тарттық. Ол мырза тіпті бір кезде «Ұлттық мемлекет құру идеясы абсурд» дегенге саятын сөз айта келе, «Ұлттық мемлекет құру тек қана киіз үйде отырып, қымыз ішіп, домбыра тартумен шектелмейді. Уақыт оған ырық бермейді де» деген де болатын. Біз білмейміз, ол мырзаға «ұлттық мемлекет болу үшін оның азаматтары киіз үйде отырып, домбыра тартулары керек» деген пікірді айтып жүрген адамды. Сөз жоқ, қазақ ұлт ретінде уақыт пен заман талабынан қалмауы керек. Ендеше, Атабаевтың алға тартып отырған уәжі де орынсыз. Ал, оның жоғарыдағыдай пікірлерін «Время» сияқты газеттер «Золотые слова» деп насихаттап жатады. Бұны қазақ «қу мен қу намазшамда жолығады» дейді. Міне, осындай пікір қайшылығына толы ойлар айтып жүрген адамның қазақ сахнасына өнер туындыларын ұлттық деңгейде қалай шығарып жүргеніне таңқаласың. Шынында да, өмірде не болмайды, ұзақты-қысқалы ғұмырыңда кімді көрмейсің. Солардың бірі де, бірегейі Эльдар Рязанов пен Болат Атабаев сияқтылар. ЖАҢАГАЗЕТШІЛДІК Бүгінде жаңагазетшілдік – ақпараттық кеңістіктегі індетке айналған дерт болып барады. Бірақ, соған қарамай, оны олай қабылдап жатқан ешкім жоқ. Тамсана, таңғала қарайды және оларды жата-жастана оқиды. Олардың арасында жеке бастың мақсат-мүддесі үшін ашылғандары барын былай қойғанда, күнделікті ағымға ілесіп, ана бір жел өкпе, желбас «сары басылымдармен» жарыса шығып жатқандары да бар. Мысалы, бір ғана Оңтүстік Қазақстанда бүкіл республикамыздағы басылымдарды қосқаннан артық 250-ге жуық газет шығады екен. Мұның жақсылығы көп пе, әлде жамандығы көп пе? Оның жемісін алдағы уақыттағы ұрпақ тәрбиесінен көреміз. Олардың артында бір-бір ақшалы қалталылардың тұрғаны тағы анық. Тәртіп пен заңға бой ұсынғысы келмейтін тәуелсіздік терісін жамылған әлде біреулерге тәуелді газеттердің олигарх иелері болса сыртта тұрып, тілге тиек еткен кейіпкерлеріне тасадан тас атады. Осындайда Н.Некрасовтың «Современники» поэмасында: «Не у нас – во всей Европе Прессой правит капитал, Был же генкель, есть же Гоппе... Ты бы ярче их сиял! Прессе нужны коммерсанты» – дегені бар. Өзіміздің ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің сонау 1922 жылы мерзімді баспасөз туралы: «Кейбірінің (мерзімді басылымдарды айтып отыр – А.Ә.) кім екені белгісіз. Көбі ары-бері сандалуда. Сондықтан, газеттерден қазіргі уақытта жұрттың көбі жамандау бөлімін ғана оқиды. Ол неден? Себебі, жамандау қазақ мінезінде өсекшілдіктің салдары: бұл жерде газет те ел рухына жақындайды. Сондықтан, ол бөлімнің оқушысы көп» дейтін сөзі есіңе түседі. Оны айтасыз, ол газеттердің аттары «Шындық», «Ақиқаттың ақ жолы», «Ар-Дақ», «Ар-ождан», «Діл», «Ақиқат», «Айғақ», «Айғақ-махаббат» деп айдарланып, асқақтап тұратынын қайтерсің. Ұмытып барады екенбіз, олардың ішінде «Қызық газет», «Қымызхана», «Сөзжұмбақ», «Басқатыру» сияқты атынан жаңылысатын қаптаған қосымшалары да бар. Аттарына қарасаң бірі иманды, екіншісі арлы, үшіншісі әділетті. Ол – «Халық мұңын мұңдап, ұлт мүддесін жоқтаймыз» дегенге саятын гөй-гөйдің көрінісі. Тәуелсіздік терісін жамылып, әлде біреулерге тәуелді болып жүрген бұл газеттер елдің бетке ұстар азаматтарын қаралап, «жаптым жала, жақтым күйе» дегенге саятын бағыт-бағдарда жұмыс істейтіндерін өздері де білмейтін секілді сыңай танытып, елді әрі-сәрі күйде қалдыратынын қайдан білсін. Ана бір жылдары сол газеттердің елдің құрметті азаматтары Қуаныш Айтаханов пен Бердібек Сапарбаевты жабыла жамандап, соңына шам алып түскендей болғанын оқып-білгенде жағамызды ұстағанбыз. Әйтпесе, олардың екеуі де ел-жұрт мақтанышы, халық қалаулыларына айналған азаматтар емес пе? Әзір де сол. Оның куәсі ретінде «Діл» деген газеттің Арыс қаласындағы бір мектептің директорын ел-жұртқа «бөжей» етіп көрсетіп, барынша қаралап баққанын алға тартсақ та болады. Ондай мысалдарды оңтүстік өңірінен көптеп табамыз десек қателеспейміз. Ал, енді сол газеттердің беттерінде шыққан «көркем» әңгімелерді оқығанда төбе шашымыз тік тұрады. Сол баяғы эротика, көрпе-төсек қызығы. Оны сырттан бақылап, сығалап тұрғандай суреттеп, баяндап беретінін қайтерсіз. Оларды үлкендер әйелінен, әйелі күйеуінен, атасынан келіні, келінінен атасы, ата-анасы бала-шағасынан, бала-шағасы ата-анасынан жасырып оқып қарық болып қалатыны өкінішті. Жаңагазетшілдер үшін бұл да – мақтаныш, бұл да – мәртебе. Өйткені, газеттерінің саны көптеп таралып жатыр емес пе? Сол шіркіндер демократияның демагогия, сөз бостандығының аузына келгенді айтып, жазу еместігін білмей­тін­дігіне таң қаласың. Одан да ары бар­сақ, сөз бостандығы мен демократияны жөн-жосықсыз оңды-солды пайдалана беру дәріні дәрігердің кеңесінсіз ішумен бірдей. Жалпы, біздің жаңа басылымдардан бастап, жаңагазетшілдікпен ауырғандардың ем-домы, біздіңше, олардың сол демократия мен сөз бостандығының ара қашықтығын білмеуінде. Ендеше, тәуелсіздік терісін жамылып, әлде біреулерге тәуелді болған жаңагазетшілдердің ойланатын жайлары да аз болмаса керек.

356 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз