• Ұлттану
  • 19 Шілде, 2017

«КҮНӘ» деген НЕМЕНЕ, «КІНӘ» деген НЕМЕНЕ?.. немесе өзгеріс өнегелері

Қобдабай    Қабдыразақұлы, жазушы

Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті. «Адамгершілік» адамның санасындағы, оның ішкі дүниесіндегі асыл қасиеттердің жиынтығы немесе биік шыңы. Адам баласына адамгершілік қасиеті қараптан-қарап туындамайды. Ол қасиет отбасында, ортада, мектепте, айналадағы адамдармен қарым-қатынасында қоғамдық тәрбиемен қалыптасады. Тәрбие болмаған жерде адамгершілік болуы мүмкін емес. Адамның адамгершілік қасиеттері ең алдымен айналасындағылармен жақсы қарым-қатынаста болу, өзара сыйласу, қарапайымдылық, кішіпейілділік, салмақты да сабырлы болу, үлкенге ізетті, кішіге қамқор болу жатады. Сондай-ақ, өз қолыңнан келгенше көмегіңді аямау, біреудің жақсылығын бағалау, оны қанағат тұту. Қазақта «Айналаңда досың көп болуы үшін жақсы бол, арың таза болсын» деген сөз бар. Сондай-ақ «жамандық-жамандықпен аяқталады», – дейді. Қай жерде болса да біреуге жамандық жасасаң қашан да болса да өмірі алдыңнан шығады. «Көргендінің қылығы көңіл марқайтады», – деп қазақ халқымыз тегін айтпаған. Әр бала өзін мәдениетті ұстаса, өз ортасының көңілін марқайтады. Адамның бойындағы жақсы қасиеттер оның істеген қылығынан, сөйлеген сөзінен көрінеді. Адам бойындағы жақсы қасиеттер рухтан туындайды, ал, барлық жаман қасиеттер амалдың көрінісі. Адам денесі біреу болғанымен оның ішінде қарама-қарсы, яғни, жақсы мен жаман екі күш болады. Ол екеуі үнемі күресте болады. Адамның жақсы не жаман болуының осы­ған байланысты екенін Ш.Құдайбердиевтің мына бір өлеңі айқындай түседі. «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр. Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап тұр. Тағдырдың бір қиын, сырлы сиқырымен Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр».  Бірақ,  рухани адамгершілік адамның бойынан толық көріне бермейді. Сондықтан да, білім берудің барлық кезеңдерінде рухани адамгершілік тағылымдарын негізге алған жөн. Сонда, мінез-құлқы жетілген, саналы адам қалыптасады.

Жетілген мінез-құлық үш нәрсенің:  жүректің, ақылдың, қолдың келісімі. Бала өзінің жүрегін тыңдауға үйренсе, жүрегінің ғана айтқанын орындаса өмірден өз орнын таба алады деп сенуге болар еді.Ең бастысы – адамгершілікті бойға сіңіре білу. Ол үшін, әрине көптеген ізденістер қажет. Ізденістің нәтижесі: әр жеткіншектің көкірек көзінің ашық болуына байланысты.Бұл туралы Мұхаммед (с.ғ.с) пай­ғамбарымыздың хадистерінде мынадай сөздер бар: «Мен Миғражға көтерілгенде, жетпіс мақамды басып өттім. Жетпіс мың пер­дені аштым, енді оң дәрежесіндей Аллаға жақындадым. Бірақ, жұмыр бастағы көзбен көре алмадым, тек көкірек көзіммен көріп, тоқсан тоғыз мың сөз сұхбат құрдым, оның отыз үш мыңы шариғатта, отыз үш мыңы тариқатта, ал қалған отыз үш мыңы ақиқатта» – дейді.Ал, Абай болса: «Ақыл мен қайрат кімде жоқ, ол хайуанда да бар» – сондықтан, бұл екеуі болса да, ол – «Толық адам» бола алмайды. Сондықтан, жылы жүрегі болуы керек, сонда ол – «Толық адам» болып қалыптасады – дейді.Шәкәрім өзінің «Үш анық» деген еңбегінде «Ар ілімін» былай тұжырымдайды: Бірінші – әрбір адамда діни таным болуы қажет, екінші – ғылыми танымы болуы керек, үшінші – «Ар ілімін» меңгеруі тиіс – дейді, және оны үшке бөледі: 1. Мейірімділік. 2. Ынсаптылық. 3. Әділеттілік, міне осы үшеуі бойында болған адам, нағыз «Толық адам» бола алады деп, тұжырымдайды. Абай әлемді екіге бөледі: бірінші – көрінетін, ал, екінші – көрінбейтін. Сондықтан, осы екі әлемді меңгеруге ұмтылуымыз қажет дейді Қо­жа Ахмет Йассауй ілімді, ғылымды, білімді, ғалымды екіге бөледі: Бірінші: Тән ғылымы, тән ғалымы, қал ілімі, шариғат, тариқат, дүниауи білім (жалған білім).Екінші: жан ғылымы, жан ғалымы, хал ілімі, мағрифат, ақиқат, иллаћи білім (шынайы білім). Кемел адамды (толық адамды) қалыптастыру үшін, оған: парасатты сөз, парасатты іс, парасатты ойлау, парасатты білім үйретуіміз қажет. Қазіргі таңдағы білім берудің өзекті мәселесі сапалы біліммен қатар өскелең жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру болып табылады. Адамның рухани қасиеттерге ие болып, қалыптасуы өмірге келген уақытынан басталуы керек. Балаға жастайынан имандылық, ізгілік, мейірімділік қасиеттерін сіңіре білсек, баланың болашағын берік қалағанымыз. Имандылық – адамның қоғамдық өмірінің негізі. Себебі, адамның қоғамдағы орны оның адамгершілігімен, ізгілігімен, қара­­пайым­дылығымен және қайырым-дылығымен ардақталып, анықталады. Осы қасиеттерді баланың бойына бүлдіршін, балалық шағынан сіңіру үшін «Құндылық мәйегі» атты пән оқытуды ұсынған едік. «...Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыс­тық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, – деп Абай айтқандай, махаббат, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдері бар рухтың мекені – жүрек. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», – деп адамның жақсы өмір сүруіне негіз бола алатын адами қасиеттерді дөп басып көрсетеді. Адамның пейілі таза, көңілі кең, мейірімі мол, әр нәрсені қанағат ынсап тұта алу қасиетінің биіктігі ниетке байла­нысты екендігін Шәкәрімнің «Мейірім, ынсап, әділет, шыдам, шыншыл харакет – түп қазығы ақ ниет», – деген нақыл сөзі дәйектей түседі. Мейірімді, қайырымды, сезімтал адам әрдайым жақсылық жа­сауға дайын тұрады. Ақ ниетпен жақ­сылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді. Еңбекпенен, өрнекпенен, Өнер ойға тоқылса. Жайнар көңіл, қайнар өмір, Ар ілімі оқылса (Шәкәрім). «Ар түзейтін» ғылымның негізгі мақ­сатының бірі өзінің аты да айтып тұрға­­нындай адам психологиясын зерттеу, оның мінез-құлқындағы кемшіліктер мен кеселдерді түзету және рухани кемелдендіру болып табылады.. Осынша өнер тауып асқан адам, Әлемнің қиын сырын ашқан адам, Ол түгіл өмірге де айла табар, Өлмей жетер бірталай жасқа да адам. Бірақ адам өз жанын танымайды, Біледі бір өзінен басқаны адам. Тіршілік – жоғалатын жан сипаты, «Жаным жоқ», – деп болады масқара адам, Жаным емес жазыпты пән деп мұны, Не демес ойы жетпей сасқан адам. Жанының бастан барын байқамапты, Психолог ғылымын шашқан адам (Шәкәрім). Қазіргі психология ғылымының практикасында адамның мінез-құлқын түбегейлі түзету, жан кеселдерінен айықтыру және рухани кемелдендіру деген проблемалар шешімін тапқан емес.Ол тек «Ар түзейтін» ғылымның қолынан келетін шаруа. Сондықтан да, «Өзін-өзі  тану пәнінің»өзегін өзгертуді, оны тәрбиелеу қазақ ілімімен ауыстыруды ұсынғамыз.Пікір білдірген оқырмандар, сұрауына сай, өзгертіп оқытқан бір-екілі сабақтың үлгі жоспарын ұсынып,алдыңғы мақ­аланың ойын аяқтауды жөн көрдім. Сабақтың тақырыбы: Әдептілік-ғұ­рып­тық құқық негізі(ІХ сынып). Мақсаты. Білімдік:1.Құқықтық және имани жауапкершілік; 2.Кінә және күнә туралы түсінік. Дамыту: 1. Әдеп және құқық арасындағы байланысты салыстыра алу; Тәрбиелік:  1. Зиянды әдеттер мен харамнан жирендіру. Жаңа  сабақтың  мазмұны. 1. Азаматтық-құқықтық қатынасқа қатысушылардың белгілі бір сапалық қасиеттері болады. Бұл – құқықтық қабілеттілік және әрекет қабілеттілігі деп аталады. Азаматтық - құқықтық қабілеттілік адам дүниеге келі­сімен пайда болады. Мысалы сәбиді алайық. Ол қандай құқыққа ие болады? – Қазақстан Республикасының азаматы деген туу туралы куәлікті алады. – Түрлі әлеуметтік жеңілдіктер. – Мүгедек болса жеңілдіктер, т.б. Құқықтық қабілеттілік адам өмірден өткеннен кейін тоқтатылады. Әрекет қабілеттілік дейтін бар. Өзі айтып тұрғандай бір нәрсе істеуге қабілеттілік. А). 1 жас-14 жас бала; Ә).14-18 жас жасөспірім; Б).18 жастан кәмелетке толған жас. Соңғысында әрекет қабілеттілігі толық. 14 жасқа толғанға дейін ешқандай әрекет жасауға қабілетті емессің. Сен үшін ата-анаң немесе қамқоршың араласады. 14 жасқа толғанда ішінара әрекет қабілеттілігі пайда болады және өзіне алған міндетті орындау қабілеті де пайда болады. 18 жасқа толғанда әрекет қабілеттілігі толық түрде көрінеді. 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін олардың атынан ата-аналары заңды әрекеттерді жүзеге асырады. Азаматтық кодекс туралы заңда мұны мәмілелер деп атайды.14 жасқа дейінгілер өздерінің жасына сай ұсақ мәмілелерді жүзеге асыра алады. 2. Ислам дінінде жауапкершілік адам санасы былай өрнектеледі. Жауапты жан – Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйым салынған нәрселерінен бойын аулақ ұстаған адам. Ол – мұсылман болуы, ақыл-есінің толық болуы, жақсы мен жаманды, харам мен халалды ажырата білетін есті болуы қажет. Ең басты шарты – балиғат жасына толуы. Ғұламалардың басым көпшілігінің көзқарасы бойынша, балиғат шағы қыз баланың – 9-15, ер баланың – 12-15 жасында білінеді. Жалпы 15-ке толғандар, балиғат жасына жетті деп есептеліп, жауапкерлік міндеті жүктеледі. 3. Адам бойындағы кемшіліктерді қазақтар: «мін» дейді.Адам міні негізінен екі түрде көрінеді, олар: кінә мен күнә. Кінә – адамның адамдар алдындағы міні болса, күнә – адамның жаратушысы алдындағы міні. Күнәні тыйым салынған, харам істер деуге болады. «Күнә» ұғымы халықтың санасына ислам діні арқылы сіңді. Күнәға жалпы адамгершілікке жатпайтын көптеген теріс қылықтар (нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыздық, т.б.) жатады. «Күнә» ұғымы әрбір мәдени-өркениет жүйесінде, әр түрлі мазмұнға ие болуы мүмкін. Мысалы, христиан мәдениетінде басты күнәларға жататындары: өзін құдайдан жоғары санау («грех гордыни»), пайдакүнемдік («грех корысти») және нәпсіқұмарлық («грех сладострастия») болып есептелсе, онда мұсылмандық өркениетте бұлардың  қатарына арақ-шарап ішу, бес парызды орындамау, өсімқорлық т.б. қосылады. Дегенмен, күнә  дәрежесіне қарай үлкен күнәлар және кіші күнәлар болып екіге бөлінеді. Үлкен күнәлардың қатарына кіретіндер: Аллаға ортақ қосу, Алладан басқаға (Аллаға сенім артқандай) сенім арту, сиқыр жасау және жасату, өсім жеу, жетімнің хақын жеу, намысты, абыройлы әйелге жала жабу, жалған куәгер болу, әке-шешеге қарсы келу, зинақорлық жасау, ұрлық істеу, араға ғайбат айту, пара жеу, өтірік айту, екі кісіні шағыстыру, құмар ойнау, кісі хақын жеу. Бұл туралы Құранның «Ниса» сүресінің 31-аятында: «Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен, яғни, үлкен күнәлардан сақтансаңдар, сендердің кіші күнәларыңды кешіріп, өздеріңді құрметті орынға (жәннатқа) кіргіземін». Тағы бір аятта: «Сондай  күнәлардың үлкенінен және арсыздықтан (зинадан) сақтанғандардың кіші күнәлары болса да шәксіз  Раббыңның жарылқауы кең» («Нәжім» сүресі, 32- аят) делініп, үлкен күнәлардан сақтанса, кіші күнәларды Алланың кешіретіндігін ескертеді және исламда әркiм өзiнiң күнәсі мен қылмысына жауап бередi. Адам күнәсі үшін не бұл дүниеде, не қабірде, не ақыретте жаза тар­туы керек. Бiреудiң күнәсiн басқа бiреу көтермейдi. «Күнә» сөзі – діни сенімге, ұстанымдарына, заңнамаларға қайшы істерді білдірсе, «кінә» ұғымы адамдар арасында болатын немесе мемлекет заңнамаларына қарсы құқық бұзу арқылы жасалған қылмыстар үшін қолданылады. Қазақстан Рес­публикасының заңнамасында «кінә» ұғымына келесідегідей түсініктеме бе­ріл­ген: «Кінә – ол заңмен қарас­тырылған тұлғаның қасақаналық немесе абайсыздық ниетімен жасалған қоғамға тигізетін қауіпті зардаптары әрі өзінің мемлекеттік және қоғамдық құндылықтарына психикалық қатынасы мен пайдакүнемдік пен селқостық таныту болып табылады». «Күнә» мен «кінә» бір-бірімен байланысты ұғымдар деуге болады. Өйткені, белгілі бір мемлекет азаматының жасаған ісі заңға қайшы болса, ол – кінә. Кінәлі жандар тиісті жазасын алады 3. Қазақ әдет-ғұрпындағы «кінә» ұғы­мының моральдық тұрғыдағы мағынасына тоқталсақ, ол адамдардың өз араларында болған түсініспеушілік салдарынан туындайтын, яғни, қылмыстық заңбұзарлық әрекетке жатпайтын амалдарды айтуға болады. Мысалы: абайсызда қағып кету, сөзге келіп қалу, жан күйзелісінің әсерінен балағаттау және т.б. Мұндай істер ар сотында қаралып,әдепсіздік пен көргенсіз ретінде жауапқа тартылады. Басты амал: – кешірім тілеп,керек болса,аяққа жығылып, ант ішіп, екінші рет қай­таланбайтынына серт береді. Кешірім жасай білу де әдептілік үлгісі. 4. Өмір – адамға табиғатпен берілген ең қымбат дүние. Адамның ұзақ, мәнді де сәнді өмір сүруінің негізгі – оның ден­саулығы. Денсаулық адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса қайта орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар соғыс, ашаршылық, экологиялық жағдай және адам ағзасын улайтын зиянды әдеттер болып табылады. Еліміздің әрбір адамы қалауынша өмір сүруге құқылы. Адам өмірі ғажайып нәрсе болғанымен, қас қағым сәтте үзіледі. Сол жіпті үзетін дерт – наша, темекі, арақ немесе иіскейтін, соратын улы газдар мен сұйықтар, қысқа электромагниттік тол­қындар арқылы таралып, үгіттеліп жүрген ойындар мен өлімдік насихаттар. Осылардың бала ағзасы мен миына қан­шалықты зиян келтіріп, нендей жаман салдары бар екендігіне бейнероликтер мен слайдтар арқылы көрсетіп, әңгімелеу (Оқушылардың пікірлерін тыңдау. Оқу­шылардың біз біл­мейтін, естімеген сан түрлі әңгімесі болады екен. Бұл жайында олардың алған ақпараты өте көлемді көрінеді. Соларды өздеріне айтқызып, нендей зияны болғанын тыңдап, жалпыны одан жирендіру шарасын ұйымдастыруға болады). Біз мұнда бір сабақтың мазмұнын көрсету арқылы, жоғарыда аталған пәндерді қалай кіріктіріп үйретуге болатындығына мысал келтірдік.Оны қалай өткізу, оқыту, ұйымдастыру керектігіне пікір айтуды жөн көрмедік. Себебі ұстаз шеберлігі өз  зертханасында қалыптасады. Енді, «Өзін-өзі тану» пәнінің өзегін өзгертіп, керегесін кеңейту керек деген мақаланың соңы аяқталмай қалған еді. Соны жалғастыралық. 4. Жыл сайын соңғы қоңыраудың алды-артына сиыстырып, сынып жетекшісінің есебін, ата-ана,пән мұғалімдері мен оқу­­шылар алдында есеп беру сағатын ұйым­дастыру қажет (Бұл шараның мектептің әр сатысын бітірушілер үшін қажеті жоқ). Осы кезде, келесі оқу жылының алғашқы қоңырауына дейін әр оқушының игерер тұ­нық иманы саналар, адами қасиеттер, жібек мінез, бия­зы әдеп, ерекше өнер жайындағы сынып жетекшісінің пікірі тыңдалады. Ол, әрине, өткен оқу жылында сынып же­тек­шісі тарапынан ұйымдастырылған іс-шаралардың сыныпқа келтірген пайдасы, әсерімен қалдырған үлгі-өнегесін талдаумен ұштасады. Ата-анаға, оқушыға, сынып же­текшісіне арналып, бір парақ қағазды қарындашпен үшке бөліп сызып, ең басына игерілетін машық дағды туралы, сынып жетекшісінің пікірі, екінші бөлігіне ата-ана пікірі, үшінші бөлігіне оқушы пікірі жазылып үш еселенеді (Оқушы да, ата-ана да, сынып жетекшісінің пікірінен алып тастауға немесе оған қосып жазуға ерікті). Бір есесі  ата-анада, екіншісі оқушыда, үшіншісі сынып жетекшісінде сақталады. Ата-ана келесі оқу жылының алғашқы қоңырауына келгенде баласының игеруге тиіс машық дағдысын қалай игергені туралы бағалау пікірін ашық жазып тапсырады. Оқушы Наурызда болатын талқылауға дейін кем-кетігін толтырып, есебін жазып, тапсырады. Бағалау осы күнде «есептелді, есептелмеді» – деген тәрізді түсініксіздеу сөзбен белгіленсе, он үш жасқа дейінгілерге «айбат», онан үлкендерге «абыройлы», «абзал» деген белгілер арқылы өрнектелуі дұрыс. Оныншы сыныпты бітір­ген қыздар мен ұлдардың игеру дәре­жесін бағалайтын тыйымдардың тізім парақшасы. «Қазақта қызға қырық үйден, ұл­ға отыз үйден тыйым» деген аталы сөз бар. Біздің қызымыз (ұлымыз)................ ның мына  тыйымдарды қаншалықты ұста­натындығы туралы Сіздің пікіріңіз (Ата-анасы келесі оқу жылының алғашқы қоңырауында, сынып жетекшісіне тап­сырады. Оқушының өзі келесі Наурызда сынып ұжымы есебінде өз бағалауын ашық жазып тапсырады). 1. Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе, жалғыз қыдыруға тыйым; 2. Үлкендер алдында жарыса сөйлеме; 3. Талтайып отырма; 4. Шалқайып жатпа; 5. Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр; 6. Орынсыз іске ұрынба; 7. Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама; 8. Әурет жерлеріңді ашық-шашық жүруге тыйым; 9. Өзгелерге тіл және қол тигізуге тыйым; 10. Кісіге қарап керілуге, есінеуге тыйым; 11. Дастархан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле. Орынсыз сөйлеме; 12. Ұрлық қарлыққа тыйым; 13. Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе; 14. Бұраңдауға, қылымсуға тыйым (ұлдарға: беталды қылжақтама); 15. Қызыл іңірде жатып, түске дейін ұйықтауға тыйым; 16. Жалқаулыққа, ластыққа тыйым; 17. Кісі алдында қасынуға, киім ауыс­тыруға тыйым; 18. Аш болсаң да, тоқ болсаң да Аллаһ­ты естен шығарма; 19. Бейәдеп сөз айтудан тыйым; 20. Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек. Үлкендердің атын атама; 21. Ішімдік, шегімдікке тыйым; 22. Ұрыс-керіске тыйым; 23. Беттен алып, төске шабудан тыйым (ұлдарға:қырсықтанба, қарсыласпа); 24. Ер адамның киімін киме (Әйел за­тының киімін киме); 25. Біреудің дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба; 26. Түнде суға жалғыз барма; 27. Жат жыныстылармен араласып жатпа; 28. Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе; 29. Тарс-тұрс жүріс, қарқ-күрк күлме; 30. Ерді қорлама, ғай­бат­тама (Ұл­дарға: Әйел затын құрметте, аяла, қадір тұт); 31. Адамды және жан-жануарларды теппе; 32. Бүйіріңді және жағыңды таянба; 33. Тәкәппар, сайқымазақ болма; 34. Тамақты өз алдыңнан же, кісі алдындағыға қол созба; 35. Шектен тыс боянба (Ұлдарға: Денеңе жазу жазба, бет-аузыңды аламыштап бояма); 36. Қызғаншақ, күншіл болма; 37. Менмен өзімшіл болма; 38. Алдап-арбаушы болма; 39. Көрсеқызар, нәпсіқұмар болма; 40. Тойымсыз болма (Бұл тыйымдардан, ата-аналар да, оқушылар өздері де, мен үшін қажетсіз деп тапқанын сызып тастауға, әрі үстемелеп басқа тыйымдарды қосып жазуына ерікті). Әр сыныптағы оқушылардың жас ерек­шеліктері мен үлгі-әдеп, мінез-құлық­та­рының қалыптасуына сай берілетін тапсырмалар  өзгеше болу керек. Бұл бір ғана үлгі ретінде көрсетілді.

1412 рет

көрсетілді

75

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз