• Еркін ой мінбері
  • 19 Шілде, 2017

Оңашадағы онлайн ойлар

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, журналист

Қалай туып, қалай өлетінің маңызды емес, қалай өмір сүргенің маңызды. Келесі шынайы өмірің осыған байланысты болғандықтан.

*** Мен– музыкадан сауатсыз адаммын. Бірақ, Қа­зақияны күй мемлекеті деп атар едім. Әнді кез-келген халық айтады. Ал, күй тек қазақта ғана бар. Біздің брендіміз осы болу керек. Мұны сиқыршының өзі патенттеймін десе де патенттей алмайды. Бұл саған – қазы да емес, құрт та емес. Батыстың симфониясына бергісіз дала музыкасының қадіріне жетпей жүрген өзіміз. Әйтпесе, қазіргі қазақтың «чижик» әншілері айтып жүрген ән-сымақтардан күй әлдеқайда биік тұрғаны даусыз. Бәрі пиарға байланысты. Қазақта күйді насихаттаған адамдар саусақпен санарлық. Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тлендиев, Ақселеу Сейдімбек, Қаршыға Ахмедияров және тағы бір-екі адам. Өте өкінішті. Қазақтың ұлы композиторы Шәмші вальсті де күй секілді құйқылжытып шығарған. Оған мысал – екі қайырмасы бар әндері. Бұл тек күй мемлекетінде туған адамның қолынан келеді.

*** Саясатта «шараханье» деген ұғым бар. Түбімізге осы жетеді. Біреуді мақтасақ, аспанға ұшырып жібереміз. Сынасақ, құздан құлатып тынамыз. Сынағанда ешкімді де жәбірлемейтіндей немесе мақтағанда адамды ұятқа қалдырмайтындай ортадағы ойды бедерлеу қолымыздан келмей-ақ қойды. Қысқасы, бүгінгі күні объективті сөз саптауды игердік деп көпшілігіміз айта аламыз ба? Мақтау ісінде де, қаралау ісінде де ардың ісіне жүгінуді жадымыздан шығар­мауымыз керек дәл қазір. Абай атам бекер шаршамаған: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Контекстегі дос ұғымы ардың ісіне құлауға шақырып тұрғаны айқын. Осыған жүгінгенде ғана қазақтың басы бірігеді. Жалқаулығымыздан балалап жатқан жағымпаздық пен көреалмаушылықтан құтылғанда ғана қазақ бір-біріне дос бола алады, бірлікке бір табан жақындай түседі. *** Бағзы заманда ел аралап, күнін көруге дағдыланып алған ағамыздың көзіне бір күні айдалада ырымға ауыл кезікпей әбден діңкелейді. Арып-ашып, әбден әлсіреп, бір төбенің басына шыққанда, тәлейі таусылмапты, бір байдың күздеуде отырған жері көз ұшында көлбеңдейді. «Өлтіре көрмеңдер, бір кесе ағарған берсеңдер, жетеді» деп төбенің басынан байдың он екі қанат үйіне дейін зарлап келген ағамыз есіктің сол жағына жайғасады. Төрде отырған қожайын қызын айранға жұмсаған сәтте аяқ астынан ағамыз басқаша сайрап қоя берсін: «Әй, айраныңды өзің іш, мен сенің қызыңды қатындыққа алып кетуге келіп отырған адаммын». Ал, керек болса! Үй иесі өте ақылды болып шығады: «Сенің әңгімең дұрыс екен. Кел, менің қасыма жақын келіп айтшы, айтарыңды». Ағамыз екі өкпесін қолына алып, қасына жетіп барады. «Ал, енді айтшы» депті бай тағы да. Сонда, жаңа ғана қоқаңдап отырған қонақ: «Айранымды ішем де кетем. Қарынаштықтан басым айналды ма, байқаусыз аузымнан шығып кетіпті. Сөзімді қайтып алдым, байеке» деп әзер құтылыпты. Сөйтсе, бай бүкіл алтынын қонағы отыра кеткен табалдырықтың сол жағына көміп қойған екен. Міне, будың құдіреті! Алтынның буы бишараны ғана есінен тандырмайды, күндердің күнінде бай адамды да ақылынан адастырады. Қазақ бекер айтпайды: «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді». Қолына қарға тышқан адам байлығын еселей түссем деп жанталасады. Философияның заңы: «Қажеттілікті өтеу жаңа қажеттілікті туғызады». Бұдан кейін бәсекелестік басталады. Мұның арты дүниеқоңыздыққа барып тіреледі. Осындай маршрут. Ешқашан «happyend»-ке апармайтын маршрут! *** Мектепте болсын, жоғары оқу орнында болсын, оқытушылар балаларға тек бағдар ғана береді. Ал, адамның білімді болуы сол адамның «самообразованиемен» қаншалықты айналысатындығында. Қазақтың өз тамырынан ажырамай әлемдік өркениетке ұмтылуы ғана ұлтты жоғары сатыға көтереді. Тек орысша ғана оқу немесе тек қазақша біліммен шектеліп қалу да – қазақ үшін өте қауіпті нәрсе.Томаға тұйықтықтан да ада, нигилизмнен де ада ортадағы синтез ғана бізді білімді ұлт деңгейіне көтереді.

*** «Басқа тілдерді меңгерген адам» мен «білімді адам» деген түсініктерді шатастырудың қажеті жоқ. Орыс тілі мен ағылшын тілін білетін адамды ғана білімді деу – біздің таяз ойлайтынымыздың тағы бір белгісі. Мен ағылшынша білетін біздің балаларымыздың Шекспир мен Блейкті оригиналда оқып жүргендеріне күмәнмен қараймын. Олардың ол тілді пайдалану аясы «бытовуха» мен «договордың» төңірегінде ғана жүзеге асады.Кез-келген тілді үйренудегі басты мақсат жалпы әлемдік өркениетті үйрену болуы тиіс. Басқа тілдерді осындай ұлы мақсатпен үйренгенде ғана ұшпаққа шығамыз. *** Барлық адамдардың комменттерінде ақиқат болады. Бірақ, мұның бәрі субъек­тивтік ақиқат деген категорияға келіңкірейді. Ортадағы ойды айту қашан да қиын. Өйткені, нағыз ақиқат сонда жатыр. Бірақ, оны айтуға көп адамның батылы бармайды. Өйткені, ақиқатты айту – барлық уақытта да тиімсіз. Мәселенің бар мәнісі осында. Иә, тобырлық психологиядан ада пікір білдіру қашанда ауыр. *** Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ Абайды тыңдағанында біз қазір, Ілияс Омаров шырылдағандай, басқа елдерден елу-алпыс жылға кейін қалмас едік. Абайды сол кезде түсінбеген қазақ, қазір неге оны басына көтеріп жүр? Абай өз тамырынан үзілмей, әлемдік өркениетке ұмтылды. Ол қазақ ұлты мен әлемдік цивилизациядағы өз тепе-теңдігін таба білді. Ұлы пропорцияға құрылған осы үйлесім Абайдың тұғырын ешқашан аласартпайды. Біздің әрқайсымызға қазір осы тепе-теңдік жетпей тұр. Бұл гармонияға енді барлық қазақ ұмтылуы керек. Абай осыны армандап кетті. Ұлттық сананы қалыптастыру арқылы әлемдік мәдениетті игеруге машықтану ғана бірлігі күшті біртұтас ел құруға мүмкіндік беретінін айтып кеткен Абайдың ақылына жүгінсек, көштен қалатындай қауіп жоқ . Алайда, Абай арманда кетті. Артына қарамай өлді деп айта алмайсың. Одан кейін де оңып кеткеніміз өзімізге белгілі. Ұлттық санадан бұрын тарихи сана сахнаға бұрын шығып алды. Біз қазір соның құрбаны екенімізді екі күннің бірінде айтып жүрміз. Әріде орыс империясы, беріде социализм дәуірі қалыптастырған бодандық тарихи сана ана тілімізді шектеу және жалпыадамзаттық мәдениеттің есігін тек орыс тілін білетіндерге ерекше ашу кесірінен ұлт тұтастығының тамырына қан жүгірмей қалды. Осыдан басталған көне сүрлеуден әлі күнге дейін шыға алмағанымыз да ұлттық идеологияның ұрығын септірмей келеді. Ал, ұлттық идеология жоқ жерде рух бірлігін қалыптастыру догмаға жақын тұрған қиялға көбірек ұқсайды. *** Бизнесте шын мәніндегі бәсекелестік өзінің апогейіне жеткенде, рынок альтернативті тауарлар мен қызметтерге түпкілікті толғанда барып біз «ширпотребтен» құтыламыз. Тек сапалы тауар өтетін кезде барып «Талғам» деген категория аренаға шығады. Осы ұғым өз кезегінде біздің жүрегімізде үлкен мәдениетті орнықтырады. Иә, иә, жүрегімізде. Мәдениеттің астанасы – жүрек. Ізгілікке ұмтылған адам ғана мәдениетке қол жеткізеді. Ізгілікке ұмтылған адам ғана гуманист бола алады. Әрине, жекелеген адамдар бұл дәрежеге әлдеқашан көтерілгенін жоққа шығармаймын. Бұл жерде тұтас қоғамдағы жағдайды айтып отырмын. Бәсекелестік пен талғам тіршілігімізге кірмей тұрып бойымыздағы эгоизм мен нигилизмнен құтылатынымызды кесіп айту қиын. Сөйлемді кері қарай бұратын болсақ, бәрімізді үлкен мәдениеттілікке апаратын бәсекелестік пен талғам біздің қоғамда әлі қалыптасып үлгерген жоқ. *** «Халық үшін қызмет ететін» адамдардың шығаратын қуыршақтарын Астана дүкенінен көріп құлап қалдым.«Қарақат» деп аталатын қуыршақ қыз 90 мың теңге тұрады екен. Қасымда тұрған Шымкенттің бір жігіті айтты: «Ойбай-ау, бұл ақшаға мен Шымқаладан «живой қыз» сатып аламын ғой!». *** Біздің қазақ журналистикасының ең осал тұсы – ақын-жазушылар мен әншілерден қайта-қайта сұхбат алғанға шебер. Ал, қазақтың техника мен жаратылыс төңірегіндегі әлемдік деңгейге көтеріліп жүрген ғалымдарымен сұхбаттасуға тісіміз батпайды.Өте өкінішті! Қарап отырсаңыз, өзге елдерде ұлтымыздың беделін асқақтатып жүрген солар емес пе?!

*** Қазақтың қарапайым айтылған сөзінің өзінде көп мағына жататынына таңданудан жалыққан емеспін. «Су – тіршілік көзі» дейді. Осыны білімсіз халық айта ала ма? Айта алмайды. Жаратылысты танып-білген халықтың сөзі, бұл. Жерден басқа планеталарда тіршілік жоқ. Себебі – біреу-ақ. Өйткені, басқа планеталарда су жоқ. Адам ағзасының 70 пайызын, қан құрамының 90 пайызын су құрайды. «Адам күніне ең кемі 1,5 литр таза су ішу керек» дейді дәрігерлер. Осы жерге келгенде қазақты тағы да аяйсың. Өмір сүру мерзіміміздің де аз болып тұрғаны ең алдымен суға байланысты. Бізде – не су таза емес, не тазартамыз деп жүріп минералы жойылған су. Окинава аралында өмір сүретіндердің статистикалық орташа жасы – 120 жас. Жекелей адамдар 140-қа дейін өмір сүреді. Соның сырын жақында білдім. Олар коралл минералына өте бай су ішеді екен. Жаратылысты біліп тұрса да жағдайы келіспеген қазақты қалай құтқарамыз?

*** Біздің «ұлттық идеямыз» – «Ланд Крузер» міну. Қысқасы, құрығанда бір шетелдік лақсаға отыру. Ата-бабадан қалған қасиет. Ештеңе дей алмайсың. Аталарымыз үйден гөрі астындағы атын маңызды санаған. Сол әдет әлі келе жатыр. Мен жатақханада тұратын, бірақ, кредитпен «крутая тачка» мініп жүрген талай жігіттерді «лично» танимын. Сөз жоқ, мен олардың бәріне «ұлттық идеяны» қолдаушылар ретінде достық рәуішпен қараймын. Бірақ, жеке басым осы «ұлттық идеяны» қолдаушылар қатарына қосылмадым. 1982 жылы бір гаишникке ерегіскеннен әлі күнге дейін жүргізушілік куәлігін алуға бірде-бір рет талпынған емеспін. Гаишниктен менде – аллергия.

*** Бұрын әріптестеріммен кездескенде «Көрінбей кеттің ғой газеттер мен журналдардан?» деп әзілдейтінмін. Қазір «Көрінбей кеттің ғой агенттер мен Фб-дан?» дейтінді шығарыппын. Шартты рефлекстің мәтіні өзгеріп жатыр. Құдай ақырын берсін. *** Мен өзімді діндар адаммын деп есептей алмаймын. Бірақ, Исламның тәрбиесіндей тәрбие жоқ. Бір мысал. Исламда «көркем мінезді кісі» деген түсінік кездеседі. Мұндай кісіге үш шарт қойылады. Біріншіден, ол үнемі жадырап жүруі керек. Жаратқанның жақсы сынына да, қатал сынына да шүкіршілікпен қарау деген болар бұл. Екіншіден, ондай адамның қолы да, жүрегі де жомарт болуы қажет. Үшіншіден, ол басы жерге тигенше адам баласына зиян келтірмеуі тиіс. Оның салмағы күндіз ораза, түнде намаз оқығанмен тең. Оларға пейіштің жоғары жағынан үй соғылады. Әрине, мұндай адам болу өте қиын.

*** Өлерінен біраз бұрын ислам дінін қабылдаған Лев Толстой өзінің осы қадамына қарсылық білдіріп, шу-шу еткен орыс интеллигенциясына былай басу айтқан екен: «Мырзалар, менің жазғандарымды дүниедегі барлық адам оқымайды. Оқығандары екінші қайтара беттей қоюы екіталай. Құранды дүние жүзінде бір миллиардқа жуық адам күніне бес рет оқиды. Тәулік тастамай! Бұдан кейін сендерге тағы қандай әңгіме керек?!». Мен намазын қаза қылмайтындардың қатарында жоқпын. Дей тұра, жас келген сайын барлық құбылысты Аллатағаланың жіберген әңгімелерімен байланыстыратын болдым. Жер басып жүргендердің бәрін Жаратқан иеміз сынаққа жібергеніне көз жете бастағандай. Құдайға иман етумен, тәуекел етумен қатар Жаратқанның барын және қу жанымыздың қай бір күні қаза болатынын бір сәтке де естен шығармай жүруді имандылық деп санасақ; біреуге жасаған жақсылығымыз бен біреуден көрген теперішімізді сол сәтінде ұмытып кетіп отырсақ, мұсылмандықтың ауылына жақындай түскеніміз де! *** «Бәрі өтеді де кетеді. Бұл да!» деген өзінің аталы сөзін жүзігіне ойып жаздырған Сүлеймен патша ақылсыз ба?! Қарапайым шындықты екі ауыз сөздің қауызына сыйдырып қойған. Айтары жоқ ақиқат, кез-келген нәрсе бара-бара санадан сызылады. Мына жалған өмірді айтпағанда, әрбір қолдан жасалған «қуанышыңның» өзі бір аптадан кейін көңіліңнен ғайып болады. Қарапайым мысал. Битіңе дейін қосып жүріп алған темір, тақтай немесе қағаз формасындағы наградаңның өзін бес-алты сағат ғана «жуасың». Сол атақты иеленгеніңді екі күннен кейін айналаң ұмыта бастайды. Бір айдан кейін өзіңнің де ыстық-суығың басылады. Бірақ ең үлкен трагедия – енді келесі атаққа кезекке тұрасың. Құлқын деген осы! *** Лондонда іс-сапармен жүргенде тамаша бір ой келгені бар. Сол елдегі аура әсер етсе керек. Мемлекет қандай дәрежеде болса, ол елдегі қоғамның да, оның адамдарының да деңгейі сондайлық пропорционалды болатынына көз жеткізіп қайттым. Тұманды Альбион тұрғындарының бір-біріне деген сүйіспеншілігі қатты тәнті етті. Мұнда киім киюден жарыс деген атымен жоқ. Ең ауқатты кісілердің өзі қарапайым киінеді. Халық тұтастай бұл мәселеде ерекшеленуді діндеріне сәйкес ағаттық санайды. Мемлекеттік қызметтегілер қатаң дресс-код сақтайды, қалғандары өздеріне өте ыңғайлы киім кигенді тәуір көреді. Лондон көшелерінде «Ланд Крузер» не «Мерседес» көрсек, не дейсіз?! Осының бәрі адамдардың арасында дүние бәсекелестігінің атымен жоқ екенін аңғартты. Мен дүниенің боқ екенін бірінші болып түсінген халық ағылшындар ма деп қалдым! Олар үшін тек таза адами қарым-қатынастың дұрыстығы маңызды. Мұнда тура баяғы «Коммунизм құрылысшысының моралдық кодексінде» жазылғандай, «адам адамға – дос, жолдас және бауыр». Кеңес Одағында осы қағидат қағаз жүзінде қалды. Англияда ешқандай «жарлықсыз» жүзеге асқан. Сөз жоқ, цивилизация жемісі. Ұзақ ойландым: ағылшындар мұндай дәрежеге қалай жеткен? Ақыры, жауабын тапқандай болдым. Логикаға сүйенсек, қай мемлекет болсын, мұндай дәрежеге жету үшін ең алдымен заң үстемдігін орнатуы керек. Басқаша кестелесек, құқықтық мемлекет дәрежесіне көтерілуі қажет. Бұл «адам адамға – дос, жолдас және бауыр» болуға баратын ең бірінші, ең қажетті баспалдақ. Осыған қол жеткізген мемлекетте әділеттілік орнай бастайды. Бұл – екінші саты. Осы кезеңде адамдарда сенімділік пайда болады. Сол қасиет дамудың үшінші деңгейі – мейірімділікке алып келеді. Аталмыш кезеңде адамдар бір-біріне бауыр болмаса да, іштей жанашырлықпен қарау дәрежесіне жетеді. Жамандық ойлау мен қызғаншақтықтан арылады. Көреалмаушылықтың көзі жойылады (Бұл жерде айта кетер бір жайт, барлық адам осындай деңгейге жетеді деп жаңсақ түсінуге тағы болмас. Мұндай көрсеткіштер әдетте қоғамның басым көпшілігінің осы деңгейге жетуімен қабылданатыны белгілі). Ал, енді әлгі Англиядағы жағдай – төртінші, ең жоғары биіктік деп қарастырған жөн. Мұны сүйіспеншілік сатысы десек, қателесе қоймаймыз. Егер жабайы мысалмен түсіндірсек, екі адамның төбелесіп жатқанын көрген үшінші адам сырт айналып қашып кетеді. Бұныңыз – құқық орнамаған мемлекеттегі көрініс. Үшінші адам әлгі екеуін ажыратуға батылы барса, бұл – заң үстемдік құрған мемлекет. Екі адам төбелесуге бармай, сотта айтысып тұрса, әділеттілік орнаған ел. Ал, мейірімділік сатысына көтерілген елде екі адам төбелеспек тұрмақ, ұрысуға ниет білдірмейді. Өйткені, мұнда адамдар бір-бірінің жан дүниесіне үңіле білу дәрежесіне көтерілген. Соңғы сүйіспеншілік сатысын енді сіздерге айтудың өзі қызық болмай қалды!

*** Қазақ көп параметрлер бойынша басы бірікпейтін халық болғанына қарным ашады. Тіл, дін, діл және тағы басқалар бойынша бір-бірімізден алшақтанып барамыз. Ең қорқыныштысы, ешкім де басқаларға түсіністікпен қарағысы келмейтіні. Жер бетінде бір-бірін түсінгісі келмейтін халық біз шығар! Орыс империясы (орыс халқы емес, Құдай үшін шатастырмаңыздаршы) біздің халыққа деген саясатын өте білгірлікпен жасағанына әбден көзім жетті.«Сексеуілді сексеуілге ұрып сындырады» деген стратегия әлі күнге дейін қатесіз жұмыс істеп тұрғанына таң қаламын. Әлі сол қазақ бірінің етін бірі жегісі келіп тұрады. Бұл үрдіс – осы стратегияның жемісі.

*** Жылына 500-800 мың көлемінде ақша төлеп оқитын студенттерге жаным ашиды. Диплом үшін 3 миллион теңгенің төңірегінде ақша жұмсап, қорытындысында жұмыссыз, салпақтап қалады. Сонда, не үшін оқыды? Ақшаны не үшін төледі? Осы сұрақтарға жауап таппаған соң басыңды қасисың. Бүгін де басымды қасып отырғанмын. Осыдан шығудың теориялық жолын тапқан сияқтымын. Ақша төлеп оқитындар келісім-шарт жасасқанда ЖОО оқудан кейін жұмыс орнын тауып беруге міндеттенуі тиіс. Шын емес пе, жоғары оқу орындарында ақша күн тәртібінде бірінші тұратын мәселе, ал жауапкершілікті мойнына алмайды. Барып тұрған әділетсіздік! Егер, осындай нақты жауапкершілік болса, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен универлерге өз-өзінен тосқауыл қойылар еді. Білімнің де сапасы артар еді. Құдайға керегі жоқ кадрларды беталбатты дайындау да сап тиылады.

*** Басың жерге тигенше жарық дүниенің бүкіл болмысын түсініп үлгіресің бе?! Дүниені былай қойғанда, адамның өзін-өзі тануы үшін жалғыз өмір жете ме? Дау жоқ, арши түскен сайын жұмбағы жұмыртқалай беретін тылсым тұңғиықтың түбіне жету, тіпті, мүмкін емес. Адамды, болмыс атаулыны жүрегімен зерттеуге ынты-шынтысымен шын берілген ғұламалар ғана жаратылыс құпиясы құпиялардың құпиясы екеніне анық көз жеткізеді. Бұл қиямет-қайым кей тұста еш нәтиже бермейтін мешіннің тірлігін еске түсіретініне қарамастан әлгі данагөйлер парасаттылық пайымынан бір жаңылмай, құпия құлпының кодын табудан күдерін үзбей күн кешеді. Көнеден жеткен мол мұраны төрт қырынан түгел қопарып, мына жарық жал­ғанның қалған сырына барынша қанығуға құлшынған адам қамшының сабындай қысқа өмірін шексіздікке тартылған негенама беттерін қысқартуға арнайды. Не үшін? Келер ұрпақтың алдында ұятқа қалмау үшін! Келер ұрпақтың алдында абыройлы болу үшін! Фараби бабамыз түк бітірмей өмірден өткенде, Абай атамыз қазақтың қамын жемей қайтқанда, күні кешегі алаштың арыстары азаттығымыздың ақ таңын армандамай көз жұмғанда бүгінгі ұрпақтары болып отырған біз оларды кінәлауға арымыз бармағанымен, бәріміз бетімізбен жер басып жүрмейтінімізге кім кепілдік бере алады?!

*** Жаңа ғана бір танысыммен кездесіп қалып өмір мен өлім төңірегінде біраз әңгіме-дүкен құрдық. Кенеттен әлгі танысым айтты: «В раю климат хороший, но в аду общество интереснее». Қысыр сөзге екеуміз ішегіміз қатқанша күлдік. Дәл осы жерде диалектика ақиқаттың мәнін анықтайтын өнер екеніне тағы да иландым. Шынында да өзің ерекше сенетін пікірдің (тезис) жалпы ақиқат (синтез) екеніне көз жеткізу үшін қарсы жақтың негізділігін (антитезис) де мойындай білу керек екенін аңғарасың.Дәлелдеудің қажеті жоқ, адамдардың көбі тозаққа барады, өз кезегінде онда қарым-қатынастың көбірек болатыны да сөзсіз. Бірақ, кез-келген адам жұмақта жүруді армандайды. Көрдіңіз бе, адам үшін ахуал (климат) маңыздырақ. Мына жалған өмірде де адам мәнді қоғам орнатудан гөрі жеке тұрмыстық ахуалының дұрыс болғанын ең бірінші кезекке қояды. «Жеке бастың мүддесін қоғам мүддесінен жоғары қоймау керек» деген социализм принципі жұмыс істемей тұр. Мен КСРО-дағы социализмді айтып отырған жоқпын. Ол бір жалған социализм болды емес пе?! Швециядағы социализмді айтамын. Кез-келген мемлекет осындай социализмге ұмтылуы тиіс. Басты қателік осындай қоғам құра алмағанымызда жатыр. Диалектиканың синтезі осы қателігімізден көрініп тұр маған.

*** Бірін-бірі көре алмайтын қазақтан бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтын қазақ болсақ екенбіз деп армандаймын.

*** О, тоба, Қазақия үш тілдік тұғырға кө­терілген сияқты. Қазіргі жастар лексиконында ағылшын-қазақ тілдерінің қосындысынан сөз құрау пайда бола бастады. Олар түк білмейтін адамды «жәймен», ал, бәрін білетін адамды «читер» деп атайтынды шығарды. «Жәймен» дегенде қазақ тіліндегі сын есім болып табылатын қарапайым, жұпыны деген мағынаны білдіретін «жәй» сөзі қолданылып тұр. «Мен» екі бастан ағылшынның адам деген сөзі екені айтпаса да түсінікті. «Чит» – ағылшынша әр нәрсенің кодын білу» деген мағынаны білдіреді. «Ер» – ағылшынның жазылу түрі болғанымен, орыстардың зат есім жасаушы жұрнағы (шахтер, вахтер және сол сияқты). Осылайша антоним сөздер үш тілдің қатысуымен дүниеге келген. Бұны өз басым кездейсоқтыққа жатқыза алмаймын. Тіл біле бастағалы ағылшындардың «олрайт»-ы біздің «жарайд»-ымен үндесетіні былай тұрсын, бір мағынаны білдіретініне таң қалушы едім. Енді жоғарыдағы неологизмдерге аузымды ашып, көзімді жұмып отырмын. *** «Ақылды адам ойды оята біледі» деп едім, өте жақсы көретін ағам Нұралбай Күндебаев та ілкі сәтте қарап қалмады: «Ақылдының алдына түспе, ақылсыздығыңды аңғартып аласың». Нұрекеңнің логикалық реакциясына риза болдым.

*** Кеше бір ініміз «Ұлтшыл ақсақалдарға кеңес» деген фейсбуктегі жазбасында қазір жастар мен үлкендер арасында түсінбестік асқынып бара жатқанын тілге тиек етеді. Осы сұрақтың төңірегінде батыл мәлімдеме жасаған. Ілкі сәтте кейбір ақсақалдардың көңіліне келіп қалатын сөздер жүр. Бірақ, мені аталмыш жазба «қорқыта» алмады. Керісінше, қуандым. Өйткені, бала мен әкенің арасындағы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сүрлеуде бұл әңгіменің айтылуы –кездейсоқтық емес, заңдылық. Қай кезде де әкенің көңілі балаға толмайды. Бала әкесінің жолымен жүргісі жоқ. Таныс картина. Заңдылық дейтінім, егер, осы антогонистік емес қайшылық болмаса, адамзаттың дамуы қазіргі деңгейіне көтерілуі қиял-ғажайып ертегі күйінде қалар еді. Құдай осы қайшылықтың болмағанынан сақтағай. Әйтпесе, тоқыраудың көкесі сонда болады. Ұрпақтар арасындағы осы қажет қатынас бізде де пайда болғанына қуандым.

*** Сыртқы және ішкі сұлулық деген категориялар бар екені белгілі. Сыртқы сұлулық айтпаса да түсінікті. Ал, ішкі сұлулықты көру қиын. Меніңше, оны тек ақындардың жүзінен ғана көре аласың. Абайдың жүзі қандай әдемі! Жарайды, біреулер айтар, «Абайды көрген адам сияқты айтпашы» деп. Мұқағали қандай көрікті еді. Ешкімге ұқсамайтын бас сүйек ғой. Мәселе, тіпті, бас сүйекте де емес. Есенғали Раушанов ше? Ондай сұлу жігітті мен көрген емеспін.

*** Қазір бай кедейге мұрнын шүйіретін болды, ал, кедей өзінше кердеңдейді. Бүгінгі күні дүниесі түгел кісі ыңғыршағы айналған байғұсты, ал, сығарға биті, үрерге иті жоқ бишара көзін май басқан шонжарды жоққа шығарып жүргені де – тұрмыстық нигилизм. Өйткені, тақыр адамға төбеден қарау да, байлықты жиіркенішпен қызғану да жоққа шығаруды білдіретіні бесенеден белгілі. Әрі қарай кеттік. Шенеуніктің қарапайым халықты көзге ілетіні шамалы. Ал, бұқара жоғарыдағыларға сенімсіздікпен қарайтыны тағы рас. Бұл жердегі биліктің эгоизмі мен халықтың селқостығы да бірыңғай жоққа шығару болып табылады. Алайда, осындай нанымға негізделген нигилизмнің қай түрі де жеңіске жете алмайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Себебі, нигилизм – өзінің о бастауынан жасампаздыққа құрылмаған көзқарастар жиынтығы.

*** Ұлттың құдіреті бірліктен басталады.Мен бұл жерде тыныш өмір сүруді айтып отырған жоқпын. Бұл ұғымды тар мағынада қарастырудың өзі – қателік ғана емес, қатерлі дерт. Қазіргі қазақтың «сен тимесең, мен тимен, бадыраң көз» тірлігі мен бірлігі түптің түбінде жақсылыққа апармайтыны қазір біліне бастады. Өзімізді өзіміз алдағаннан басқалар ұтады. Жалған намыс та жыртығымызды жамай қоймас. Ұлттың ұлт екенін танытатын ең бірінші атрибут тіл екенін ескерсек, біздің бірлігіміз дәл осы жерден бұзылып тұрғаны қазір көзге шыққан сүйелдей. Халықтың жартысына жуығы өзге тілде өзін еркін сезінетіні оларды тамырынан ажыратпай тынбайды. Осы ажырау күндердің күнінде ұлттық сананың да тоз-тозын шығарып тынады. Бұл – ең қауіпті фактор. Екінші фактор. Дәл қазіргі әлемдік үрдісте мемлекеттің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ауадай қажет нәрсе осы жерден келіп шығады. Жаһандану процесі соншалықты қауіпті болудан қала бастады. Олай дейтін себебім, бүгінгі таңда кез-келген мемлекет, дамығаны бар, дамушысы бар, бәрі түгелге жуық экономикалық жаһандануға жол бергенімен, саяси жаһандануға, тіпті де, көнгісі жоқ. Өйткені, олардың барлығы да әлемдік мәдениет болсын, әлемдік саясат болсын, солардың ішінен өзіне керегін ғана игеріп, өзіне зияны тиетінінен бас тарта білуді баяғыда меңгеріп алған. Ұлтарақтай жер үшін қасық қаны қалғанша шайқасудан шаршамаған ата-бабаларымыздың аруағы біздің ашықауыздығымызды кешіре қоймас. Сондықтан, біз де саясатта ызалы жерді баспауды үйренуіміз керек-ақ. Міне, кез-келген халық үшін ұлттық санамен органикалық бірліктегі екінші фактор деп айтып отырған әлемдік өркениеттің озық үлгілерін өз бойымызға тезірек сіңіре білу ғана бізді тығырықтан алып шығады. Айтары жоқ, ұлттық сана мен жаһандық өркениетті игерген кез-келген мемлекет тәуелсіздігінен еш­қашан айрылмайды. Осыған қол жет­кізе алмаған халықтың көсегесі көгере қоюы екіталай. Өйткені, тұтастық қана тәуелсіздікті қамтамасыз етеді. Бізде ұлт­тың құдіретін танытатын осы фактор бар ма? Аталмыш сұрақ төңірегінде алдағы уақытта жатпай-тұрмай ойлану өз алдына, осы бағытта нақты тіршілік жасауды қазірден қолға алмасақ, тәуелсіздігімізді тәрік етіп алуымыз әбден мүмкін.

*** Басқалардың алдында бір қадам бұрын келе жатқан адамды түсіну үшін ақыл-ой инстинкі керек. Дей тұра, бізде қашанда одан бұрын эмоция жүреді. Бұған бейім тұруымыздың басты себебі іштарлық пен көреалмаушылық қасиетімізде жатыр. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары бірін-бірі ұстатып жіберуден ұялмаған қазақтың бүгінгі бойына біткен қайран қалдырарлық «қасиеті» талантты ұлдарын өліп қалғаннан кейін мойындайтындығы қоғамымыздан берік орын алды. Неге? Біріншіден, тас лақтыратын адам жердің астында жатыр. Басқаша кестелесек, бізге енді кедергі келтіре алмайды. Екіншіден, қазақ тірі адамнан емес, аруақтан өлердей қорқады. Бұл жағдайда құдайшылықты айтудан басқа амал қалмайды. Кейде маған ой келеді: көзі тірісінде көп марапатқа ие болғандар өлгеннен кейін тез ұмытылады. Ал, көрге кіргеннен кейін даңққа ие болатындар мәңгілік махаббатқа айналады. Осының өзінен де қазақтың заманауи барлық кесір қылықтарын жазбай танисың. *** Бір кемпірден жасын сұрағанда айтқан екен: «Жасым – он жетіде, бетім оттай береді!».Сол кемпірді мен бүгін түсініп отырмын. Қартаюдың трагедиясы – сенің күн сайын қартайып бара жатқаныңда емес, қартаюдың трагедиясы – күн сайын іштей «мен әлі жас көрінемін»деп өзіңді өзің алдауыңда жатыр. Иә, қартаю – трагедия емес. Меніңше, қартая білмеу – трагедия! Бұдан да асырып айтуға болады. Әдемі қартая білу әркімнің қолынан келмейді. Маған кейде бір жаман ой келеді: Абайдың заманында ақылгөй ақса­қалдарымыз көп болған. Олар да Абай сияқты аталы сөз айтқан. Тіпті, кейбірі Абайдан да асырып айтқан болар. Бұған аса күмәнім де қалмай барады. Өйткені, қазақ деген текті халықтан жалғыз ғана Абайдың шығуы шындыққа жанас­пайды. Қазақтың қаптаған кемең­гер қарттарынан Абайдың адуын артық­шылығы – ойларын қағазға түсіріп кеткендігінде. Ал, басқалардың дуалы ауыздарынан шыққан «қара сөздер» айтылған жерінде айтылып қала берген сияқты. Мәселе олардың сөздері тарихта қалмай, Абайдың сөздері ғана тарихта қалғандығында емес. Мәселе Абай заманындағыдай құдайшылығын айтып отыратын данагөй қарттардың дәл қазір де қатары көп болуында. Осыдан бір ғасыр бұрынғы шалдарымыздың осы күні болмай тұрғанына ренжігенімді Абайды жоққа шығару деп ұғып қалмаңыздаршы, Құдай үшін! Қазіргі кітап оқымайтын заманда жастарға көшелі кісінің тірі сөзі жетпей тұрғанына қынжылғаннан туған қыжыл ғой менікі. *** Біздің шоу-бизнеске ешқандай қар­сылығымыз жоқ. Ол да – қазіргі күні қажет дүниелердің бірі. Өйткені, «массовая культура» көп кісіге керек. Терапиялық өнердің түбіне балта шабудан берекет табам деу – бекер іс. Осы мәдениет болмаса, біраз балақайдың өмірге құштарлығы семе бастар еді. Сондықтан да, бұл өнерге соғыс ашудан аулақпыз. Дей тұра, «біз болмасақ, бәрі қараң қалады» деген қасаң көзқараспен де келісу қиын. Өйткені, біреулер қараң қалғанымен, біреулер қараң қалмайды. Кешіріңіз, біз барлық өнердің бейбіт қатар өмір сүргенін тілер едік. Қарапайым қайырсақ, өнер атаулының өлмегенін қалаймыз, сонымен бірге «сенің жаныңды біз ғана алып қаламызға» келіп саятын таяз сөзге де сенгіміз келмейді.

*** Фейсбукте бір тележурналист айлығым аз деп шағымданыпты. Маған ой келіп тұр: кез-келген білікті маман жұмыс берушінің алдында өзінің де шартын қоя білуді үйренетін кез келді.Бірақ, әлі күнге дейін көптеген телеарналарға жұмысқа баратындардың шарт қоюға дәрмендері жетпейді. Өйткені, ол өзі толық тәуелсіздігі жоқ адам екенін жұмыс сұрап барған бетте көрсетіп алады.Себебі, оның басты арманы – қызмет істеу емес, тезірек халыққа танылатын дикторлыққа қол жеткізу. Басқаша бедерлесек, атаққұмарлыққа (орысша атауы – телезвезда) деген тәуелділік. Дәл осы моментті жұмыс беруші өте жақсы біледі. Сондықтан да, жұмысқа қабылданып кеткеннен кейін «айлығым өте аз» деп шағымданғаның –өзіңнің осалдығың ғана. Басқа ештеңе де емес. Не болғанда да жалпы мәселеде жалқы адамның өзіне көп нәрсе байланысты екенін мойындап қоюымыз керек. Құдайшылықты айтқаныма ешкім ренжи қоймас.

*** Әдебиет бір күндік немесе бір жылдық, оны айтасыз, бір ғасырлық деген шектеулерге әсте көнбейді. Өйткені, уақытты алға сүйреп келе жатқан да, адам мен кеңістіктің үйлесім табуына үлес қосатын да ең алдымен –әдебиет пен мәдениет. Адамзат өзінің даму сатысында жаңа бір өнерді ойлап табуы мүмкін. Солай болған күннің өзінде де ол алдыңғы өркениеттің үлгілеріне міндетті түрде арқа сүйейтіні анық. Неге, біз Лев Толстой мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларына қайта айналып соға береміз? Классиканың ғажап құдіреті оның қай дәуірде де өзінің өзектілігі мен заманауилығын жоғалтпайтындығында жатыр.

*** Өткенде су туралы жазып едім. Тағы жазуға тура келіп тұр. Менің бала кезімде Аралда ауыз суды машинамен тасып, үйді-үйге тарататын. Контрамаркамен. Содан бері 50 жылдан астам уақыт өтті. Әлі тасып жүргенін аудан әкімдігінің аккаунтынан көріп қалдым әлгінде. Уақыт тоқтап қалған ба?! «Не айтарымды білмей қалдым»-ның нағыз өзі болды. Адам–Уақыт–Кеңістік үштағанындағы фантастикалық құбылыстай көрініп тұр бұл маған. Қайран, Мұқаң! «Отанды сүю де бір қорлық екен! Отанды сүймеу де бір қорлық екен!» деп еді-ау!

*** Менің үлкен креслода отырған танысым бір жүздескенімізде «Жоғары лауазым да Аллатағаланың берген сыйы ғой» деп қалды. Сыйы болса, сыйы шығар. Мейірімі мол Тәңірінің қолынан бәрі келеді. Дегенмен, менің түсінгенім, Жаратқанның бір сыны жақсы болады, бір сыны қатал болады. Мансап – оның сыйы ғана емес, сыны да деп түсінген жөн, тегінде. Құдайдың сол сынынан да сүрінбей өтуді көп «кісі» түнде түсінде, күндіз өңінде ойлап жүр деп айту қиын, әрине. *** Қазақтың мақалдары тұнып тұрған философия. «Бақа сисе, көлге – сеп» деген мақалды қазір халық басқарып отырған әкім-қаралардың өздері де түсінуі қиын-ау. Пәлсапа деп отырғаным сол! Алайда, менің оппоненттерім айтуы мүмкін: «мақалы жоқ халық бар ма?». Иә, онысы рас. Бірақ, қазақ­тың мақалы Құдайдың өзін құлататын мақалдар екенін олар қайдан білсін?! «Ұра берсең, Құдай да өледі» деген мақал кімде бар? Ешкім де! Дей тұра, осы мақалды қазақ бекер шығарған деген ой келіп тұр дәл қазір. Құдайға қылыш алып жүгіргендей дәл осы мәтеліміз әлі күнге дейін толыққанды жолымыз ашылмай, бағымыз жанбай, басымыз бірікпей, тіршілігіміздің кібіртіктей беретінінің бастауы сияқты.

*** «Писательство – инстинк передачи информации» дейді Фазыл Искандер. Өте дәл айтылған сөз. Бойында бар адам ғана басқаларға бірдеңе бере алады. Бойына тазалық біткен адам ғана басқаларға сол тазалықты жеткізуге құштар болып тұрады. Әдемі инстинк. Адами инстинк. Мұндай инстинкті адамға тек Құдай ғана сыйлайды. Адамзат баласы осыдан 4,5 миллиард жылдан астам бұрын шаң мен газдан жаратылған жер бетінде өзінің 3,5 миллиард жылдан бері өмір сүріп келе жатқанынан бастап талай жұмбақтың жауабын тапқаны белгілі. Тылсым жаратылыстың ұңғыл-шұңғылын зерттеу ғана адам өмірінің мәнін ашып берді.

*** Адамзаттың қолынан екі нәрсе келмейді. Біріншісі, уақыт пен кеңістікті өзгерте алмайды. Екіншісі, мәңгілік двигатель ойлап таба алмады. Аллатағаланың басты құдіреті де осында. Себебі, әлгі екі нәрсені адамзат ойлап тапса, адам біткен Құдайды түпкілікті ұмытып кетер ме еді! *** «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» деп айтып кеткен Абайдан асқан кардиолог жоқ. Адамдар ең алдымен жүрегінің соғып тұрғанынан ләззат алуы керек. Осыдан артық ләззат жоқ. Өйткені, бұл ләззат болмаса, басқа ләззат та болмайды. Ал, біз дәл осыған мән бермейтін секілдіміз. 80 жас жасаған адамның жүрегі 3 миллиард рет соғады екен. Олай болса, бұл дегеніңіз – өмірден 3 миллиард рет ләззат алу деген сөз! Осыдан кейін өміріңе өкпелеуің орынсыз. *** Кейде біздің аудармашыларға таң қаламын. Жақында жақсы көретін дос-інім Мұрат Қожамқұлов айтты: «Шәке, «Шампанское» дегенді «Аққайнар» деп тәржімалағанына қарным ашты. Францияның Шампан қаласынан шыққан шарапты осылай аударғанымыз ақылға сия ма?!». Белгілі тележурналистің аңғарымпаздығына риза болдым.

*** Әлемдегі ең зор атақ деген Нобель сыйлығының өзі о басынан әділетсіздікке құрылғанын теріске шығара алмайсың. Жауласқан адамы математик бол­ғандықтан ғана осы салада сыйлық тағайындамауды өсиет етіп кеткен Нобельді тиянақты түсіну қиын. Өйткені, дүниенің бәрі математикаға құрылған. Тіпті, поэзияның өзі. Дүние симметрияға негізделген. Қай данышпанның айтқаны есімде жоқ: «Философ жартылай математик болуы керек, математик жартылай философ болуы тиіс». Математиканың өміріміздегі орнын бұдан асырып қалай айтуға болады?

531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз