• Ұлттану
  • 21 Тамыз, 2017

Шығармашылығы туған жерімен тығыз байланысты

Бүгінде қоғам, сана, тұтастай ұлттық ұғымдар жаңарып, жаңғыруда. Жаңғыру... Бұл біздің арғы-бергі дәуірдегі ата-бабаларымыздың жүріп өткен тарихи өткенімен де тікелей байланысты. Жаңғыру қолдағы барды қанағат етіп отырмай, алға ұмтылу, бардың қайырын көріп, ел болашағы үшін жаңа бір күш-қайрат танытып, рухани селкіністер жасау... Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде қазақ ұлты, қазақ халқының алдағы ұзақ мерзімдік бағыт-бағдарларын жүзеге асырудың айқын жолдарының бірі ретінде дәл осы рухани жаңғырудың жолдары талданып көрсетілгендігі бүтіндей қоғамның да ойынан шығып, үлкен бір серпіліс болғандығы қуантады. Ал, біздің бұл тұстағы ұлттық ұғымдардың жаңғыруы деп отырғандығымыз тіптен тегін емес. Біле білсек, қазақ тарихында, бұрынғы өткен қазақ қоғамында батырлық, өрлік деген тамаша ұғымдар болған. Оның Қазақ елі, қазақ халқының өміріндегі қандай қадірлі қасиеттер болғандығын тәуелсіздік дәуірінен бері қарай біз қаншама жерден айтып, жазып келе жатсақ та, әлі түбіне дейін жетіп, барлық сырларын толық ашып болдық дей аламас едік. Тарихқа терең үңіліп қарайтын болсақ, сол батырлық дегеннің өзі де ұлты, халқы үшін жанпида етуге даяр нағыз көпшіл, халықшыл, ұлтшыл тұлғалардың ғана бойларынан табылмайтын ба еді?! Басқасын айтпағанда, бұған әйгілі Сырым батыр мен Махамбет батырлардың өмірі де айқын дәлел бола алады. Бұл екі алып тұлға екі бөлек заманда ғұмыр кешкенмен, кезінде екеуі де нағыз ұлттың зиялылары болды. Бірі шешен, ділмар би болса, екіншісі биге тән мінезі бола тұра, әлеуметке өршіл рухтағы ақындығымен танылып, халқының рухани ұраншысына айналды. Оларды атқа қондырып, нағыз ұлт батырларына айналдырған да осы зиялылықтары мен мінезділіктері еді. Яғни, ұлт үшін, елі үшін қандай мұқтаждық, қажеттілік туындаса, ұлт зиялылары да соған тән мінез танытады. Дегенмен, бүгінгі уақыт, заман басқа! Бүгінгі тәуелсіздік талаптары қазақтың бетке шығар тұлғаларынан зиялылықты, парасаттылықты, ұлт, халық келешегі үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ұйыса өмір сүруді қажет етеді. Халқымыздың бойындағы жақсы қасиеттері жоғалмағандығы, қайта қоғам жаңарған сайын, ақын, жазушы, суретші, өнер адамы болсын, мейлі, қоғамның зиялыларының бойларынан халқы сүйсінетіндей небір тамаша мінездері де айқын көрінуде. Бұған атақты Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов ағалардың өмірі де дәлел бола алады. Солардың іздерін басқан, танымы, тәлімі, өнегесі қызықтырар тұлғалар да аз емес!.. Солардың ішіндегі бірі де, бірегейі де белгілі жазушы, талантты публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік сыйлықтың иегері Мереке Құлкенов деуге толық негіз бар. Ұлт зиялысының зиялылық қадамдары алғаш журналистік қызметтерінен басталғандығы белгілі. Ол өзінің асқақ арманға толы жастық шағында-ақ қадау-қадау тақырыптарға барып, өзінің көптеген қатарлас-қаламдастарына қарағанда, ерте есейіп, оқырмандарын ұйытып, ойландырып, толғандыратын дүниелерін де ерте өмірге әкелді. Сыншылар, әдебиеттанушылар кезінде қаншама жерден мақтап, әрқалай талқыға салса да, әліге дейін өзінің ғажайып сырларын толық күйінде ашып үлгермеген әңгіме, новеллалары, әсіресе, «Жаңбырдан кейін», «Үрей», «Ғашық», тағы басқа дүниелері зиялылық ойдың шуағына толы. «Біздің қоғам» атты танымдық-тағлымдық кітабы осыдан он жылдан астам уақыт бұрын әуелі республикалық газетте жарияланып, кейін өз алдына кітап болып жарыққа шықса да, әлі күнге дейін дәл бір кеше ғана жазылғандай болып, оқырмандарын бірден толғанысқа жетелейтіндігі де сондықтан! «Таңғы самал», «Жібек жел» шығармалар жинағы, «Халел Досмұхамедовтың өмірі мен қызметі», «Қазақстан» кітаптары және «Махаббат мұнарасы», «Жәңгір хан» пьесалары ше?! Ағамыз ұлы Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Махамбет кітапханасы» сериясымен 20 томдық кітапты және «Махамбет елі» кітап-альбомын үш тілде даярлауда жалпы редакциясын басқарды. Махамбеттің көркем образын жасаған (драматург Р.Отарбаевпен бірігіп жазған) «Бас» драмасы 2003 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің екінші жүлдесіне ие болды. Тек осылар ғана ма?! Оның от ауыз, орақ тілді публицистикасы мемлекеттік тіліміздің қоғамдағы орны, мәртебесі, қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту, ұлт тілінің ұлттың рухани қадір-қасиеттерін жан-жақты ашып көрсетіп, рухани жағынан байи түсуіне жағдайлар жасау жөніндегі бастамаларымен айқын көрінбеді ме?! Мереке ағаның зиялылығы дегенде, бірден оның «Ана тілі» ұлт газетін басқарған жылдардағы қызметі еске түседі. Он бес жыл мерзім аралығында ол мемлекеттік тілдің жарқын болашағы үшін күресіп, өздерінің бар таным-біліктерін алға тарта отырып, өзгелердің де қазақ тіліне деген ерекше бір құрмет сезімдерін оятуға жұмылған ондаған, жүздеген жаңа авторларды тауып, солардың жазған дүниелері арқылы бүтіндей қоғамдық санадағы мемлекетшіл сананы оятып, жаңғыртуға молынан үлес қосты. Оқырмандардың, зиялы қауымның әлі де естерінде шығар, біз мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтеміз, кеңестік дәуірде орыстанып кеткен қоғамдық сананы жаңғыртып, өз арнасына саламыз, орыс тілді қазақтарымыздың өздеріне де тәуелсіз Қазақ елінің болашағы тек қана ұлт тілінің келешегімен тікелей байланысты екендігін түсіндіреміз деп, осыншама шапқылап жүргенде, өзіміздің қазағымызбен бірге, қоғамдағы қаншама замандардан бергі өзімізбен қатар ғұмыр кешіп келе жатқан өзге ұлттардың өкілдері де қазақ тілін шебер меңгеріп, дәл қазақтардың өздеріндей-ақ құлпырта сөйлей бастады емес пе?! Сонда, осыған бөркін аспанға ата қуанып, қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге, тіпті, сол тілде оқып, сол тілде мектеп бітіріп, сол тілде жоғары оқу орындарында білім алып, оқу-тоқуларын аяқтаған соң да, қалың қоғаммен бірге қайнасып, мемлекеттік тілде сайрап кетуге ұмтылғандарды рухани жағынан қолдап, арман-тілектеріне қанат бітірген де Құлкенов басқарған жылдардағы «Ана тілі» ұлт газеті болғандығын зиялы қауым жақсы біледі. Қаламгер Құлкеновтың кезінде өзі басқаратын «Ана тілі» ұлт газетінің атынан тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбат жүргізгендігі газеттің мыңдаған оқырмандары, авторлары, тіл жанашырлары мен зиялы қауымның тілек-өтінішінен туындаған шаруа еді. Шындығына келгенде, Мереке аға «Ана тілі» газетін басқарып тұрған жылдардың өзінде-ақ нағыз ұлттың рухани жанашыры мен қамқорына айналып, ұлт зиялысы атанып үлгерген. Оның бойындағы зиялылық қасиеті бертінде өзі іргесін қаласқан, сындарлы шақтарда қаламымен, ақыл-кеңесі, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қамқоры, жанашыры бола білген «Қазақ газеттері» медиахолдингін басқарған жылдарда да жаңа бір қырынан жарқырай көрінгендігі хақында бертінде қаламгер, ақын, жазушы, қайраткер ағаларымыз әбден өзінің нақышына келтіре жазды. Осындай өз бойындағы талант-қабілеті, таным-білігі, өмірлік тәжірибесімен-ақ ұлтына шапағатын молынан түсіріп жүрген зиялы перзентін өз туған жері де қадірлеп, тіпті, оларды өздері үшін мақтан етеді. Бұрын тек жұмыс барысында, шығармашылық іссапарлармен, кейде өз туған өлкесіндегі әдеби-мәдени шараларға белсене қатысып, ортақ іске бір үлесін қосып кетіп жүретін Мереке ағамыз жуықта Атырау өңіріне жергілікті оқырмандармен жүздесіп, шығармашылық іс-жоспар, ой-толғаныстарымен бөлісейін деп, арнайы ат басын бұрды. Ағамыз осы жолы қасына жұбайы Гүлсім апай мен немересі Айсәулені де ерте келіпті. 65 жасқа толып отырған қайраткер қаламгер, ел зиялысын жерлестері лайықты қарсы алып, жазушымен кездесу бірқатар мәдени шаралармен жалғасты. Ең бір қуанышты жәйт, кездесу шараларының баташары облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бағдарламасы негізінде Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында басталды. Мерейтойлық шараға жазушылар Несіпбек Дәутаев, Рахымжан Отарбаев, Серікқали Хасан, Атырау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев, саясаттанушылар Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Нұрлан Нұрғазин, ақын Бауыржан Халиолла, журналист Кенжебек Тұманбайұлы сынды бір топ азаматтар қонақ ретінде қатысты. Белгілі жазушы, талантты публицист, ұлт зиялысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік сыйлықтың иегері Мереке Құлкеновтың «Елім деп соққан жүрегі» атты шығармашылық кеші өзінің зиялылық ойларға толы пайымдарымен баурады. Театр әртістері бұл кештің идеялық мазмұнын ашып, мерейтой иесінің бүтіндей шығармашылығы мен қаламгерлік, қайраткерлік, зиялылық болмысын ашуға үлкен ұмтылыс жасапты. Соған қарағанда, кешті ұйымдастырушылар негізінен мерейтой иесінің шығармашылық рухына дендей еніп, өзінің әрбір кесекті материалдарымен еліне, жұртына үн қатудағы басты тілектерін ел рухымен де терең ұштастыруға ерекше мән берген. Өте бір сәтті табылған шешім. Мереке аға – кезінде ұлт зиялыларының өмірін көп зерттеп, қадау-қадау ойлар айтқан қаламгер. Оның бір тек ардақты алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтың өмірі, шығармашылығы мен қызметі туралы жазған «Есіл ердің бірі Халел Досмұхамедов» атты публицистикалық зерттеу еңбегінің өзі-ақ елдегі халелтануға даңғыл жол салғандығын қалайша ұмытарсың?! Оның, тіпті, бүгінде өзі басқарып отырған «Өлке» баспасының атынан шығарған тұңғыш кітабы да кезінде тез сатылып, көп пайда әкелетін жеңіл-желпі дүние емес, ғасырға жуық уақыт бойына шаң басқан мұрағат қоймаларында жатқан ардақты алаш қайраткерінің «Исатай-Махамбет» атты зерттеу еңбегі болып шыққан еді. Шығармашылық кешті ұйымдастыру­шылардың тарапынан осының бәрі де ескерілген, сахнадағы театр әртістері бейнелеген өткен ғасырдың басындағы нағыз ұлт зиялысы, ұлт болашағы жолына бүтіндей өмірін арнаған Х.Досмұхамедов пен алаш арысының келер ұрпаққа қалдырған рухани мұраларындағы өршіл рухын қайта тірілткендей болып, халелтануға, Халел мұралары арқылы ел өткеніне қайтара бір үңіліп, алдағы ұлы көшімізді ұлт келешегі жолында құрбан болған қайраткер тұлғаның өмір жолынан өнеге алуға үндеген қаламгер Құлкенов өміріндегі үндестік, не қаламгер шығармалары арқылы Атырау өңірінен шыққан ардақты алаш қайраткерінің аманаты мен арман-тілегін жете танып-білуге болатындығын анық жеткізе білген өршіл рухтағы үнқатулар дәл біздің бүгінгі өміріміз, бүгінгі рухани қажетімізбен де үндесіп жатқандығы ерекше назар аудартты. Сахналық қойылымдағы Досмұхамедов пен Құлкенов арасындағы рухани сұхбаттасуға Мереке ағаның журналистикадағы алғашқы тәлімгерлерінің бірі болған қазақтың атақты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың көркем образ ретінде қатысып, келешегіне үлкен үміт-сенім артқандығы да – сәті табылған шешім. Мерейтойы иесі көрнекті қаламгер М.Құлкеновтың атына еліміздің танымал қайраткер зиялыларының аттарынан бірқатар құттықтаулар келіпті. Олардың арасында ақын Ғалым Жайлыбаев, академиктер Ғалымқайыр Мұтанов, Өмірзақ Айтбаев және Жанат Сейдуманов, Сағымбай Қозыбаев, Жұмабек Кенжалин, Жүсіпбек Қорғасбек сынды зиялылардың лебіздері кеш шырайын аша түскендей болды. Мерейтойлық шығармашылық кешке арнайы келген облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев театрландырылған қойылымның жерлес жазушының шығар­машылығы арқылы кеше, бүгін және ел ертеңін байланыстырған тілектерін іліп әкетіп, өзінің де өңір басшылығы қызметіндегі іс-тәжірибелері кезіндегі кордаланған зиялылық, қайраткерлік ойларын Елбасымыздың бүгінде бүтіндей ел-жұрт болып, қызу талқылап, ел болашағы үшін салауатты, салмақты пайымдар жасап жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегімен байланыстыра өрбітіп, өзінің туған жерімен үнемі тығыз байланыс­та келе жатқан жазушы Құлкеновтың шығармашылығы мен зиялылық, қайраткерлік еңбегіне облыс халқының атынан ақ тілегін білдіріп, биік табыс­тар тіледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутаев қаламдас-замандасының бойын­дағы шығармашылық, зиялылық, қайраткерлік қасиеттерін бөле жарып айтып, оның нағыз бүгінгі қоғам үшін қажетті тәуір мінезі, нағыз зиялы тұлғаға тән болмысын ашып бергендей болды. Атырау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев М.Құлкеновтың шығармашылығымен өзінің көптен бері таныс екендігін және оның шығармашылығында өмірмен шынайы байланыс аңғарылып жататын­дығын алға тартса, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-дра­матург Рахымжан Отарбаев Мереке ағаның Алматыдағы алдыңғы тол­­қын қаламгерлердің тәлімін көп көріп, өзінің кейінгі қаламдас інілеріне шы­найы жанашырлықпен көңіл бөліп, үнемі көмектесіп жүргендігіне қатысты нақтылы мысалдар келтіріп, оның зиялылық қырларын да аша түсті. Зиялылыққа толы шығармашылық кеште қоғам тынысын әріден танып, дәл бағасын беретін саясаттанушы сөйлемесе бола ма?! Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның қайраткер қаламгердің зиялылық тұлғасына қатысты өзі білетін, өзі талай рет куә болған және қалам ұстаған зиялылардың арасында сирек кездесетін қасиеттерін талдап, таразылап айтып берді. Кеш соңында мерейтой иесі, көрнекті тұлға Мереке Құлкеновтың өзіне сөз берілгенде, ол әлгінде ғана сахнада әртістер бейнелеген жазушы, ел зиялысы Құлкеновтың өмірдегі шынайы бейнесін жаңа да, тың деректермен толықтырып, өзінің сахналық қойылымға, кешті ұйымдастырушыларға, кешке арнайы келіп, өзінің зиялылық, қайраткерлік сөздерін айтқан облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына деген ризашылығын білдіріп, қазіргі өз туған өлкесінде және бүтіндей елдегі ұлт болашағы үшін атқарылып жатқан істерге, ұрпақ тәрбиесіне, тілге, жерге қатысты қадау-қадау ойларымен бөлісті. Қайраткер қаламгер Мереке ағаның туған жеріндегі мерейтойлық шаралар ертесіне облыстағы ең шалғай жатқан, бірақ, өңірдегі алдыңғы қатарлы аудандардың бірі – Қызылқоға ауданында жалғасты. Жазушы осы ауданда өмірге келіп, оның бертінде қаламгерлікке деген ұмтылысын оятқан балалық, жастық шағы да осы өңірде өтіпті. Әкесі Әбдеш аға мен анасы Талшын апайдың бүтіндей саналы ғұмырлары Қызылқоға ауданында халқына адал қызмет етумен өткен. Олар өз кезінде өз ұрпақтары ғана емес, Қызылқоға жерінен түлеп ұшқан талайғы талантты жастарға ақыл-кеңестерін беріп, қолтықтарынан демеп жіберген нағыз жергілікті зиялылардың сапынан көрініпті. Сондай ардақты жерлестерінің бүгінде елдің кемел қаламгерлерінің қатарынан табылып, ел зиялысына айналып отырғандығына жерлестері қалайша қуанбасын?! Ал, оның аудан иелігіне ене бере, көлікті тоқтатып, туған жердегі жайқалып өскен жусанды мейірлене иіскегендігі жерлестеріне деген сағынышын аңғартса, ауданның кіреберісінде аудан әкімі Мақсот Сайполұлы Мұқанов бастаған қызылқоғалықтардың жерлес жазушысын қасына еріп келе жатқан қонақтарымен бірге дәм ұсынып, қарсы алуы да айналайын туған жер деген қастерлі ұғымның мәнін ашып, көкірекке ыстық сезім ұялатты. Қызылқоғалық ағайындар өздерінің жазушы жерлестерімен кездесіп, сырла­суға асығып отыр екен. Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, Президенттік сыйлықтың иегері М.Құлкеновтың шығар­машы­лығына арналған «Туған жерден қанат­танған қаламгер» атты шығар­ма­шылық кеш аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылыпты. Мәдениет үйіндегі М.Құлкеновтың шығармашылығы мен өміріне арналған көрмеге мерейтой иесі туралы жазылған баспасөз материалдары, қаламгердің әр жылдары жарық көрген кітаптары мен оның елдің танымал баспагері екендігін танытатын, әрі өзі басқаратын бас­падан шығарған кітаптары қойылыпты. Сол кітаптардың арасындағы жазушының өзінің жары, қаламгер Гүлсім Мұқышева апаймен бірігіп шығарған «Жыр маржаны» атты 10-томдық қазақ поэзиясының антологиясы да ерекше көрік беріп тұр. Шығармашылық кештің ашылу сал­та­натында сөз алған аудан әкімі М.Мұ­қанов мерейтой иесіне арнап: – Сіз кезінде ауданға талай рет ке­ліп, тіл тағдыры, елдің рухани мәселелері хақында сырласып, жерлестеріңіздің ой-тілектерін біліп, көп мәселелерді өзіңіз басқарған «Ана тілі» газетінде көтеріп едіңіз. Әсіресе, сіздің Елбасымызға арнап жазған ашық хатыңыз күрмеуі көп жәйттердің шешімін табуына да түрткі болған. Сіз елдің рухани-мәдени өмірі үшін қазір де көп жұмыстар атқарып жүрсіз. Қаламыңыз мұқалмасын, сізге тек қана табыс тілейміз! – деді. Бұл кешті жазушының жерлестерімен сұхбаттасуы, сырласуы десе де болар еді. Өйткені, кешті жүргізуші Қалидолла Ізекенов – мерейтой иесінің өзінің ауылдасы, ұзақ жылдар бойына ауданның рухани өміріне атсалысқан сыйлы жан. Жазушының өмір жолы мен шығармашылығын жақсы білетіндіктен, көп ретте оның өзі де қызықты, танымдық-тағлымдық мәні ерекше жәйттерді назарға салып, өзінің мерейтой иесіне арнаған «Қайраткер» атты өлеңін оқи отырып, ара-арасында жазушының шығармашылығына қатысты сұрақтар қойды. Мереке аға ондай сауалдарға ықыластана жауап беріп, ойларын бүкпесіз ашық білдірді. Мереке ағаның туған жеріндегі шы­ғар­машылық сапарына орай, облыс­тағы жергілікті басылымдарда оның шығар­машылығы мен зиялылық, қайрат­керлік өмірін айшықтайтын материалдар топтамасы жарияланған еді. Ал, мінберге көтерілген аудандық «Қызылқоға» газетінің редакторы Бауыржан Сисенов: – Біз Мереке ағаны бір кездегі балғын автор ретінде ғана емес, елге танымал қаламгер, әрі өзіміздің өмірдегі шынайы жанашырымыз, қамқор ағамыз ретінде де жақсы көреміз. Редакциямыздың басында қиындықтар кездескенде, Алматыдағы Мереке аға бізге бірден қол ұшын созып, өз қаржысына редакциямызға компьютерлер мен гарнитур алып беріп, еңсемізді тіктеген еді, – дей келіп, жазушы ағасына әр жылдары туған жерге келген сапарын бейнелейтін фотосуреттерден жасақталған фотоальбомын сыйлады. Шығармашылық кеште мерейтой иесінің қасына еріп келген алматылық қонақтарға да сөз берілді. Белгілі жазушы Серікқали Хасан: – Мереке ағамыздың 65 жылдық жә­не шығармашылығына 45 жыл то­луы­на байланысты, Алматыдағы қалам­дастары, достары бірқатар кездесулер, кештер ұйымдастыруға ұсыныс жасап еді, өзі басқаратын үлкен баспадағы жұмыстардан қолы тимеді ме, әлде жазып жатқан бір үлкен шығармалары болды ма, ағамыз соның біріне де елең етпей, шаруаларын атқарып жүре берді. Ал, туған жерге келуін біз жазушылығы мен журналистігін қатар алып жүрген және өзінің зиялылығы, қайраткерлігімен де танымал ағамыздың туған жер, өскен ортасына деген сағынышы, шексіз ыстық ықыласы деп қабылдадық. Өз орталарынан шыққан таудай тұлғаға лайықты құрмет көрсетіп жатқан облыс және аудан басшылығына алғысымыз шексіз, – десе, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы: – Мен Алматыда ел зиялылары қа­тыс­қан көптеген жиындарға, конфе­ренцияларға қатысып жүремін. Сонда үнемі Мереке ағаның ел, жер, тіл, ұрпақ тағдырына қатысты талай рет батыл-батыл ойлар айтқандығына куәмін. Мереке ағаның бойында нағыз бүгінгі күннің талабы мен бүгінгі қоғамымыздың қажеттілігіне сай зиялылық қасиеттер баршылық. Осының бәрі тәлім-тәрбиеден, туған жерінің қасиетінен деп білемін, – деген ақжарма ойын ортаға салды. Тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар мерейтой иесінің туған жерімен байланысы хақындағы әңгімесін өрбіте келіп: – Мен Мереке ағаның бойындағы екі басты қасиетін бөле жарып айтар едім. Оның біріншісі – қайраткерлігі, екіншісі – туған жерге деген жанашырлығы. Ол – Атыраудың нағыз патриот перзенті, – деді. Кеше облыстық драма театрда ағынан жарылған мерейтой иесі туған ауданындағы шырайлы жүздесуде де ішке сыр бүкпей, көптеген танымдық-тағлымдық ойларымен бөлісті. Қайраткер ағаның уақытын үнемдеп, бар мүмкіндігін оқырмандарына жаңа бір дүниелерін ұсынуға арнап жатқандығы да осы кезде аңғарылды. Ағамыз мұрағаттарда болып тұрады. Баспагер, атақты редактор, танымал зиялы тұлға емес пе, қолына түскен көне басылымдар мен кітаптар, құжаттарды зерттеп, тіпті, бірқатар тарихи деректердің сырына қанығу үшін сол жерлерге дейін барып, жергілікті өлкетанушылар, зиялылармен кездесіп, алдағы өзі жазатын дүниелеріне негіз қалап жүргендігі қуантады. Ал, Мереке ағаның өзі: - Сіздердің сұрақтарыңызға орай айтарым, мен қазір жер тағдырына қатысты жиі ойланамын. Халқымыз, ұрпағымыз жердің қадір-қасиетін жете білсе, жердің жемісін көріп, елдің игілігіне айналдырса екен деймін. Менің қазіргі жазып жатқан «Жер» атты пьесамда негізінен осындай ойлар айтылады. Атақты Халел аға туралы болашақ романым да жазылу үстінде. Бұл негізінен тарихи-көркем дүние болып шықпақ. Менің шығармашылығыма қызығушылық білдіріп жатқандықтарыңызға рахмет, мен өзімнің туған жерімдегі жақсы істерге, жергілікті зиялылардың бастамаларына әрдайым қуанып отырамын. Кеңестік әскери сынақ аймағының бір бөлігі ретінде менің туған ауданым да көп қасірет шекті. Сайбол аға Тайсойғандағы полигонның зардабы хақында өз еңбегінде жақсы жазыпты. Қазіргі қоғамда мағынасыз, мәнсіз байлар көбейгені мәлім. Бір нәрсеге қолдары жеткенше, солар елдің қамқоры болып көрінеді. Қолдары бір нәрсеге жетсе, бәрін ұмытады. Мен бұның бәрін үкіметтік жер реформасы жөніндегі комиссияның отырыстарына қатыса жүріп, осы мақсатта жергілікті тұрғындармен кездесулердің кездерінде анық байқадым. Жер мәселесі – ел мәселесі. Жер мәселесі – келешек мәселесі, ұрпақтың тағдыры да осыған байланысты. Сондықтан, бұндай жағдайға өте жауапты, әрі мұқият болуымыз қажет. Еліміз барда, жеріміз барда, халқымыз барда, Қазақстанымыздың бағы таймайтындығына, келешегі кемел екендігіне сенімдімін, – деп, жігер бере сөйледі. Кеш соңы жазушы, қайраткер М.Құл­кеновтың мерейтойына арналған концерттік шаралармен жалғасты. Жазушы Құлкеновтың туған жеріне келу сапары өзінің шығармашылық мақсатымен үндес жатқандықтан, ол өзінің бала кезінен бергі таныс өңірді, жердің табиғатын, тарихи орындарын тағы бір мәрте аралауды көздегендіктен, қызылқоғалықтар қазақ тарихындағы әйгілі орны бар Ойыл өзенінің жағалауына киіз үй тігіп, қаламгердің бір сәт туған жердің керімсал ауасын жұтып, көзкөргендердің әңгімелерін тыңдауына да жағдай жасапты. Осы жерде профессор Әбілсейт аға Мереке ағаның туған жердің тарихи өткенін жақсы білетіндігін тілге тиек етсе, мерейтой иесінің қатарлас-замандастары, облыс орталығында тұратын Әбілхан Төлеуішов, Құлшарап Шомаев, Серік Қуаныш ағалар мен жазушы ағаның бауыры Баязи Әбдешев Мереке ағаның туған жердегі өміріне қатысты қызықты әңгімелерімен бөлісті. Мереке Әбдешұлы аудан орталығынан көп қашық, бірақ, кезінде аудан орталығы болған Қарабау ауылында дүниеге келсе, бастауышты бітірген жылдары ата-анасының қызмет жағдайына байланысты Мұқыр ауылына қоныс аударып, онжылдық мектепті сондағы ауыл мектебінде бітіріпті. Ол аудан орталығынан қашықтау болғанмен, нағыз бір елдегі тоқсан жолдың торабы дерлік, әрі тарихы ғасырларға дейін созылатын темір жолдың бойында екен. Кешегі кеңестік дәуірде қаракөл қой совхозы болып, одақтық деңгейде басқарылған ауылдың қазіргі тұрмыс-тіршілігі жаман емес. Алтын белгінің түлектері бұл ауылда да баршылық. Бұл ауылдан қазақтың талайғы танымал тұлғалары өсіп шығыпты. Ал, ауылдастарының жазушы, қайраткер Мереке ағаға деген ықыластары тіптен ерекше. Мұқыр ауылдық округінің әкімі Аман Жанұзақов, дәрігер-зейнеткер, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы, кезінде Мереке ағаның ата-анасымен аралас-құраластығы болған, ағаның өзінің де тәрбиелі бала болып өскендігін жақсы білетін Ақниет Сахиев, ардагерлер Жұмаш Жақсиев, Есқабыл Құттыбаев, кластастары Шалабай Дүйсеғалиев, Еділхан Арыстанғалиев, тағы басқа ауылдастары жерлестерінің алдынан шығып, арқа-жарқа болып қалысты. Мереке аға алдымен ауыл іргесіндегі қорымға барып, өз ата-анасы, өзі кішкентай кезінен ертегісін тыңдап, бауырында өскен Бәтима әжесі және туыстарының бейіттеріне барып, Құран оқытып, бет сипады. Жазушы ағаның оқушылық, балалық шағы өткен ата-анасының қара шаңырағында бүгінде оның інісі Мұқаш отбасымен бірге тұрып жатыр. Жазушы ат басын бірден сол үйге бұрып, ондағы бауырларымен құрақұша қауышты. Осындағы кең жайылған дас­тархан басында ауылдастары Мереке ағаның ата-анасы, олардың ауылдағы беделді, зиялы жандар болғандығы, көп адамдарға жақсылықтар жасағандығы хақындағы қызықты әңгімелерімен бөлісті. Ауылдастары жазушыға, оның отбасы мен қасына еріп келген қонақтарына ауыл орталығындағы «Ақ отау» мейрамханасынан дәм таттырып, жазушының шығармашылығы, азаматтығы, зиялылығы мен қайраткерлігіне қатысты көшелі әңгімелерін өрбітті. Қайтар жолда облыс басшылығы мерейтой иесі мен оның қасындағы қонақтарына қаланың ішімен еркелеп, ирелеңдеп ағып өтетін ару Жайықта ақ кемемен саяхатқа шығып, елордамыз Астананың ішімен ағып өтетін Есіл дарияны еске түсіретін алып дарияның бойындағы күн санап көркейіп, ерекше сұлуланып келе жатқан облыс орталығының әсем ғимараттары мен жағалаудың да қалалықтардың нағыз сүйсініп серуенге шығып, демалатын әсем көріністерге бөленулеріне бағыт алғандығын тамашалап көрулеріне жағдай жасады. Кешкілік мерейтой иесі, көрнекті қаламгер, ел зиялысы Мереке Құлкеновтың құрметіне орай, облыс әкім Нұрлан Асқарұлы Ноғаев облыс әкімінің резиденциясында берген қонақасында мерейтой иесі және оның қасына еріп келген қонақтары облыс өмірінің мәдени-рухани бағдарламасы аясында өткен мерейтойлық шаралардың өздерінің шығармашылықтарына үлкен әсер етіп, алда жақсы шығармалардың өмірге келуіне, әсіресе, қаламгерлер қауымының туған жермен арадағы байланысы Елбасы алға қойған «Туған жер» бағдарламасының халқымызды, кейінгі жастарды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, ұйымшылдыққа, елдің стратегиялық бағыттарын көп болып, бірге атқарысуға ықпал жасайтындығына үлкен сенім білдірді. Біз – рухани жаңғыру жолындағы елміз. Жаңғыру сананы, қоғамды ғана жаңғыртып қоймай, ілгері дамуға, әлемнің озық елдерінің алдыңғы қатарына қосылып, бақытты, шалтты тұрмыс кешуге жетелейтіндігін қоғамымыздың әрбір мүшесі де біліп жүруге тиіс. Елбасымыз алға қойған рухани жаңғыру, туған ел бағдарламалары ел-жұртымыздың ішкі ынтымағы, аралас-құраластығы, туыстық, ағайындық бірлігімізді нығайтуға жаңаша серпін бермек. Соның бір айқын дәлелі шығармашылығы зиялылықпен нұрланған қайраткер қаламгер Мереке ағаның туған жерінде өткен қызықты кездесулері деуге хақылымыз. Қаламыңыз мұқалмасын, өмірде де, өнерде де әрдайым биіктен көріне бергейсіз, аға!

Еркін ШЫҒАЙҰЛЫ, Ғалым БЕРДАЛИН Атырау облысы

781 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз