• Келелі кеңес
  • 20 Қыркүйек, 2012

Ұлтын өліп-өшіп сүймеген адам ешқашан да зиялы бола алмайды

Ақбота ИСЛӘМБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті Қай уақытта да, қандай бір мезгілде болмасын қалың көпшіліктің алдынан үнемі шығып тұратын бір сұрақ бар. Ол «Ұлт зиялылары деп кімді айтамыз? Олардың қатарына қандай мамандық иелерін жатқызамыз? Оқып, білім алғандардың барлығы да зиялы ма? Жалпы, қазақта интеллигенция, яғни, зиялы бар ма» деген сауал алдымыздан қашанда да шығып отырған. Оған берілген жауаптар да өз кезең-кезіне байланысты әр түрлі болғандығын тарихтан білеміз. Сонда да, оның мән-мағына, түп-тұрағын анықтап айтып берген бірде-бір ғұламаны оқып-білмеппіз. Көтерілген мәселенің күрделілігі де сонда болса керек. Ендеше, осы бір мәңгілік сұрақтарға жауап іздеу ниетімен біз де аталған тақырып төңірегінде ой қозғау үшін әр түрлі мамандық иелерін осынау келелі кеңеске шақырған едік. Келелі кеңесіміздің қонақтары: Әшірбек Сығай – профессор, театр сыншысы, Смағұл Елубай – халық жазушысы, Қамбар Атабаев – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Әлем тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Дос Көшім – республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, журналист, Қали Сәрсенбай –«Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы, Әлімғазы Дәулетхан – тарих ғылымдарының кандидаты, Аманхан Әлімұлы – журналист. – Қай кезеңде де ұлт зиялылары за­ман­ның, айта берді мемлекет, ел-жұрт­тың қоғамдық-саяси өмірінің өтін­де тұрған. Мысалы, Л.Толстой «Не могу молчать» деген мақаласында Патшалық Ресей үкіметін айыптап, халық мұңын мұңдайды. Сөйтіп, сол кезде белең алған ату-асу жазасына байланысты наразылық ойын білдіреді. Ұлы Абай да кезінде өзі өмір сүрген қоғамды сынап қана қоймай, қазақтың да мінін бетіне басқан. Күн көсем атанған Ленин М.Горькийге жазған хатында буржуазиялық интеллигенцияның күні өтіп, олардың өз уақыттарының ақыл-ойы болудан қалғандығын алға тарта келе, оларды нәжіске теңейді. Ал, өзіміздің Мұстафа Шоқай болса, ұлт зиялысы кім деген сұраққа жауап іздеп, олар туралы өз ойларын тұжырымдаса, Міржақып Дулатов қазақ зиялысы төңірегінде елеулі-елеулі ой қозғайды. Әрине, ұлт зиялысы мәселесіне келгенде, Мұстафада жалтаңдық, екі­ұштылық жоқ, ал, Міржақыпта негізгі ойын айтуда астарлау мен сөзбұйдаға салушылық байқалады. Бұл тұста Шоқай еркін ой иесі болса, Дулатовтан Кеңес өкіметі қысымының ізі сезіледі. Оны, тіп­­­ті, аталған екі автордың мақала та­­­қы­рыптарынан-ақ байқауға болады. Олар­дың қозғаған мәселелерінің маз­мұн-мәндерінде де айырмашылық бар. Ал, енді, күні кешегі өмірден өткен орыс жазушысы Александр Солженицын интеллигенцияны оқыған-тоқығаны диплом алудан ғана аса алмай қалған білімділер деп кекетіп-мұқатқан. Сөйткен, интеллигенция мәселесі дәл бүгінгі күнге дейін уақыт мінберінен бір түспей келеді. Ендеше, құрметті қонақтар, қазіргі уа­қытта Сіздер ұлт зиялысына кімдер жа­тады деген сауалға не деп жауап бе­ріп, оның анықтауышын айтып бере аласыздар ма? Жалпы, ұлт зиялысы қандай болу керек? Әшірбек Сығай: – Интеллигент Солженицынның өзі жеке басына жауап бере алмай кеткен адам. Мен оны мойындамаймын. Біздің нанымызды жеп, суымызды ішіп, қазақты батпаққа батыра, бүкіл әлемге жамандаған. Бұл интеллигенттік мінез бе?! Зиялылық па сол?! Айдалада жатқан қазақ халқынан қорлық көргендей сөздер айтты. Лениніңіз де оңып тұрған жоқ. Бәрінен де Мұстафа Шоқайдың айтқан ойлары шындыққа жақындау деймін. Ұлтын өліп-өшіп сүймеген адам ешқашан зиялы бола алмайды. Білімді адамдарды интеллигенттер дейміз. Қазір бәрі білімді. Не өз тілін, салтын, дінін білмейтін бізді басқарып отырған шолақ белсенділердің барлығы дерлік Мәскеу университетін бітірген. Егер, білімді осылар десек, зиялы да осылар. Мүлде мектеп есігін ашпаған, әріп танымаған ауылда небір саналы ағаларымыз бар. Ауылға барғанымда, солармен сөйлесіп отырып, таң қаламын. Бүкіл дүние жүзінде қандай құбылыстар болып жатқанын, әлемдегі жаңалықтарды, жастардың болашағын дұрыс таразылап айтып отырады. Созақ ауданында Марқабай Сүлейменов деген досым бар. Небәрі мектеп директорының орынбасары. Сонымен кез-келген мәселені талқылауға болады. Өйткені, шынымен де, білмейтіні жоқ. Халықтың хал-жағдайы жөнінде өте қатты толғанатындардың бірі болған. Өкінішке орай, 56 жасында өмірден өтті. Білімдарлардың бәрі зиялы дегенге аса құрметпен қарамаймын. Қазір зиялыны отқа, оққа қоюдан ешкім шаршамайды. Халық зиялыны іздеп, тапса кінәлап жатады. Ең әуелі, біз мемлекетіміздің қай бағытта келе жатқанын түсіну керекпіз. Бұл социализм бе, әлде демократиялық бағыттағы нарыққа негізделген капитализм бе, түсіне алмаймыз. Зиялылар қазір дағдарыста. Ортақ идеология жоқ. Бағыт-бағдар беретін істің жоспары да көрінбейді. Айтылатыны құр сөздер. Қазір зиялы өз тілінде, билік өз тілінде, ауылдағы халық өз тілінде сөйлейді. Жылы кабинетте ұйқы сұрап отырғандардың шешімдер қабылдап жататыны көңіл қаузайды. Елмен есептеспеген, халықпен талқыға түспеген шешімдер қабылданбауы керек. Халықпен санасқан, ақылдасқан қадамдар жасалса, бұл нағыз дұрыс қадамдар болар еді. Смағұл Елубай: – Шындығында да, өз басынан гөрі, қарапайым халықтың жағдайын кім арты­ғырақ ойласа, соны зиялы деу керек. Билік басында отырғандар халықтың мүддесін ойламаса, ұстанған бағыттары өзгеше болса, бұл халық үшін үлкен қасірет. Тіл, дін, ұлттық құндылықтар жайлы жан айқайлары бекер емес. Бұның бәрі биліктің басында отырғандар, құжаттарға қол қоятындар өз басынан бұрын халықтың да қамын ойласа екен деген ниеттен шығып отыр. Зиялы қауымы өз халқының мұңын мұңдамайтын халық мүлде халық емес. Бұл жай ғана тобырға айналып қалуы да мүмкін.Зиялы қауымда ұлттық реңк міндетті түрде болу керек. Өз халқына еңбегін сіңіріп жүрген адамды, адамзатқа еңбегін сіңіріп жүр деп түсіну керек. Жаһандану заманында ұлтсыз киборгтар (ағылшын тілінде қысқартылып берілген кибернетикалық организм деген сөз, оның екінші мағынасы медицинада биологиялық организмге жатады – А.И.) кең етек алып, кейбір министрдің креслосында отырған, бірақ, санасы жағынан ойнап жүрген баладан аспайтындар болады. Бұл ұлтты қасіретке алып келуі де мүмкін. Жаңадан қызметке келген кейбір жігіттеріміз ұлтсыздықты, жаһандану дәуіріндегі киборг адамды мақсат-мұрат ететін сияқты көрінеді. Бұл дегеніміз оларда ұлттық мүдде болмайтынын көрсетеді. Болса тек экономикалық мүдде ғана болар. Ақша санау да керек. Бірақ, сонымен қатар, ұлттық иман қоса жүріп отырса дейміз. Біз қазір қай кезеңде өмір сүріп жатырмыз? Қайда бара жатырмыз? Болашағымыз қандай? Біздің болашағымыз қай елдің болашағына сәйкес? Болашағымыз дағ­дарысқа ұшыраған капиталист мемле­кеттің болашағымен сәйкес пе? Әлде, бізді жарқын болашақ күтіп отыр ма? Міне, осы сауалдарға жауап тауып, баға беретін кез жетті. Жалпы, мемлекетіміздің қайда бара жатқанына талдау, болжаулар жасау керек Қамбар Атабаев: – Зиялы, бұл қоғам­ның, ұлттың ақыл-ойы. Қай заманды алмасақ та, зиялы болған, болады да. Тек қоғамына қарай деңгейлері әр түрлі болады. Осы тұста өзім туралы айта кеткім келеді. Мені біреу зиялы десе, маған мазақ сықылды көрінеді. Ғалым болармын, атағым бар шығар, бірақ, зиялы емеспін. Қалай зиялы болам, Ке­ңестер кезінде партияны мақтап, кан­ди­даттығымды қорғасам, тәуелсіздік алған соң, партияны жамандап, докторлық қорғасам?! Қанша дипломы болмасын, ұлттың мүддесін ойламаған адам зиялы емес. Тарихшы ретінде, тарихымызға тоқтала кетейін. Бүкіл өмірін ұлтына арнаған Алаш зиялыларын айтпай кетуге болмайды. Әлихан Бөкейханов бар ғұмырын халқының мүддесін қорғаумен болды. 24 жасында көтеріліске шығып, қара тізімге енді. Өмірінің соңына дейін сол қара тізімнен шыға алмай өлтірілді. Ахмет Байтұрсынов халқы үшін бүкіл өмірін азаппен өткізгендердің бірі. Ұлт зиялысының үлгілері деп айтуға болады. Олардың зиялылығының ең басты белгісі, ұлтшылдығы болды. Қазір, ұлтшылдық деген термин Кеңес үкіметінің салдарынан трансформацияға ұшырап, мағынасын жоғалтты. Бүгінде, ұлтшыл десе қорқып, қашатындай дәрежеге жеттік. Ал, негізінде ұлтшыл деген азаматтың азаматтығын көрсететін термин. Кезінде 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін өткен құрылтайға сайлауға түскен кандидаттарға берілген мінездемеде ұлтшыл азамат деген баға ең жоғарғы баға болып есептелген. Оған Әлихан Бөкейхановтар депутат болып өтті. Сол кездегі газет беттеріне қарасаңыздар, сайлауға түскен депутаттардың ең бірінші көрсеткіші ұлтшыл азамат деп жазылған. Міне, осыдан айтарым қазақ зиялыларының тарихы – қасіретті тарих. Қазақ зиялылары барлық заманда да оқтың өтінде тұрды. Зиялылардың тағдыры сол. Зиялы болам деген адам қай кезде болмасын ұлтының жанашыры болу керек. Қай қоғамда болмасын зиялы қауым оппозицияда тұрады. Өйткені, ешқандай билік толығымен халықтың мүддесімен санаспайды. 30-жылдары қазақ зиялыларының тағдыры қалай біткені белгілі. Қазақ зиялылары бір емес, бірнеше рет қырылды. Сонда да біз зиялыны іздеп отырмыз. Бірақ, соған қарамастан зиялы қауым бар. Мысалы, Үшкілтай Сұбханбердіқызы деген апайымыз бүкіл ғұмырын Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ әдебиетінің библиографиясын жасаумен өткізді. Бір институттың жұмысын өзі ғана атқарды. 20-дан астам кітап шығарды. Ешқандай атақ та даңқ та қумады. Өмірден өткен Жағда Бабалық атамыздың білімі, біліктілігі қандай еді?! Онда нағыз энциклопедиялық бі­лім болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында еліміздің егемендігіне ши жүгіртушілермен, яғни, мыңмен жалғыз алысқан Алдан аға Айымбетовты қайда қоямыз. Ол кісінің жалғыз өзі шығарған «Казахская правда» газеті сол кезеңде ұлттық намысты оятып, қазақ қоғамының қозғаушы күші болған жоқ па? Осы кісілерді зиялы демегенде кім дейміз? Ал, енді, бүгінгі күнге келсек, қазір де зиялылар бар. Зиялы үні естілмей, зиялыларға мүмкіндік берілмей жатқан шығар, қайдам? Мысалы, сол Б.Атабаев, Ж.Мамай секілді оппозиционер саналатын топта да зиялылар бар ғой. Қасымда отырған Дос інімді зиялы емес деп кім айта алады. Ол да интеллигенцияның бір өкілі. – Дос Көшім демекші, оппози­ция­дағылар ұлт зиялыла­ры ма, әлде басқа мүд­­дені көздеген, бас­­қа мақсатқа ұм­ты­­лушылар ма? Реті кел­­гендегі сұ­рақ­қа өзі­ңіз жауап беріңізші, Дос аға! Дос Көшім: – Әркімнің жеке пікірі бар. Меніңше, оппо­зициядағылардың не­гізгі мақсаты – би­лікті алу.Олар билікті алу үшін, әрине, ха­лықтың ойындағы сөзді айтып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау керек. Сол уа­қыт­тарда солардың жұ­мыстарынан зиялылыққа жақын реңк байқаймыз. Десек те, олардың басты мақсаты – билікті алу. Мен оларды зиялыларға қоспас едім. Себебі, зиялылық пен саясаткерліктің арасы екі түрлі. Менің Гаврил Харитонұлы Попов деген досым: «интеллигенция всегда в оппозиции» дейтін. Соған орай: «Сендер оппозиция болдыңдар, қазір демократия орнап жатыр, тағы оппозиция боласыңдар ма? Сендердің айтқандарың орындалатын болу керек. Мен түсінбеймін», – деп сұрағаным бар. Сонда ол маған: «Жоқ, Дос. Олар әрқашан оппозиция болады. Өйткені, олар өмірді қалай жақсарту керектігін біледі. Соған қатысты ұсыныстарын айтады. Сосын, сол ұсыныстарды түзетіп қайта ұсынады», – деген болатын. Сондықтан, интеллигенция деген қоғамға әрқашан жол көрсетіп, бағыт беріп отыратындар. «Интеллигенция всегда в оппозиции» деген де, ол соны меңзейтін. Сондықтан, зиялы қауым қай уақытта болмасын ойын ашық айтуға міндетті. Ал, билікке қатысты түрлі ой-тәсілдер ойлап, біресе билікке жақындап, біресе алыстайтындар саясаткерлер. Сондықтан да, менің ойымша, оппозицияның да, басқа да саяси мақсат пен зиялылықтың екеуінің арасы екі үлкен мәселе. Ұлт өзінің мемлекетін құрған уақыттан бастап интеллигенция қажет болады. Себебі, ол сол мемлекеттің идеологиясын, ұлттың имандылығын, адамгершілігін, қоғамның әділетті болуын ойлап, жолын көрсетіп, насихаттай біледі. Олардың алдында үлкен міндеттер тұрады. Егер, ұлт өзінің мемлекетін құрмаса, зиялының қажеті жоқ. Меніңше, қазіргі дағдарысымыздың негізгі себебі, мемлекетке оның керексіз болып қалуы. Себебі, билік басындағылар көп мәселелерді өздері шешеді. Президент жеке бір ой айтса, одан төменгі шолақ белсенділер сол мәселені өздерінің білімінше, деңгейінше орындайды. Не болмаса, өздерінің ішкі мақсаттарымен араластыра жүзеге асырады. Міне, содан зиялының қоғамға қажеттілігі бірте-бірте төмендейді. Бұл ең үлкен қауіп деп ойлаймын. Десек те, халықты алға алып жүретін зиялыдан басқа ешкім жоқ. Бұл олардың тарихи миссиясы. Кей уақытта олар дағдарысқа ұшырайтын шығар, кей уақытта тоқырайтын да болар. Бірақ, қазір, осылай келелі кеңес ұйымдастырылып, талқылаулар өткізіп жатқанымыз зиялылардың әлі де бір нәрсе айтқысы келетінін көрсетеді. Екін­ші мәселе, оларға мүмкіндік берілуі де, берілмеуі де мүмкін. 1960 жылы мен хат таныдым. Содан бастап, барлық қазақ газет-журналдарын оқимын. Менің таңқалатыным, сол уақытта «Зиялы қайда?» деген бірде-бір мақала оқымаппын. Ал, тәуелсіздік алған күннен бастап, «Зиялымыз қайда?» деген мақалалар жазыла бастады. Бұл мемлекет боп құрылғаннан кейінгі, зиялы қауымға деген қажеттіліктің ту­ғанын көрсетеді. Бұндағы қажеттілік халыққа ғана туды. Билікке бұл қажетсіз. Себебі, зиялылардың аяққа оралғандай, әр қатені түзетіп отыруы ешқандай би­лікке ұнамайды. Тіпті, Америкадағы билікке де ұнамайды. Бірақ, оларда заң жүзінде жазуға, айтуға, пікірталас туғызуға мүмкіндік бар. Биліктегі бір қателік, неге зиялы қауымды жинап, Еуразиялық одақ, Кедендік одақ құру жайлы пікірлерін, ұсыныстарын тыңдамасқа? Негізінен, билік басындағылар келелі мәселелерді шешу кезінде зиялының пікірімен, ойымен санасу керек. Меніңше, зиялылықтың синонимі парасаттылық. Парасаттылықтың ішіне мәдениет те, ақылдылық та, адамгершілік те, иман­дылық та кіреді. Ал, осындай адамдар араласқан қоғам әділетті, иманды қоғам болатыны анық. Сондықтан, билік зиялыларды кері итере отырып, өздерімен өздері болып қалып жатқан сияқты. Зиялы қауымның екінші тоқырауы бұл – қу тіршілік. Өйткені, қазіргі қоғамда ұлт мүддесін ойлағаннан бұрын, өзінің, мысалға, балаларын қалай оқытсам екен деген ойлары көбірек мазалайды. Бұл қашып құтыла алмайтын субъективті факторлар. Оптимист адам сан сапаға айналады дер. Кезінде он шақты ұлттық ұйым болса, қазір де олардың саны сол қалпы. Ұлт болған соң, оның проблемалары көп. Неге, әр проблеманы әр ұйым өз басына алып, сол төңіректе жұмыс атқармасқа?! Біреуі айталық, қазақ мектептерінің проблемасымен, біреуі оралмандардың мәселесімен айналыссын. Жоқ, сол бұрынғы Мұхаң, Қасеңдер ғана жүгіріп жүреді. Сол 80-90 жылдардан бері жүгіріп жүргенімізге ұяламыз. Содан, санның сапаға айналғанын көре алмай жүрміз. Оны айналдыратын да зиялы. Қазір түрлі азаматтық ұйымдар мен жеке тұлғалардың бізді басып озатын күні келді. 1937 жылы талай зиялыларымыз атылды. Содан кейін, 50-жылдары да басқа зиялылар шығып жатты. Сол кезде, меніңше, тоталитарлық жүйе жақсы айла тапты. Олар зиялы қауымның барлық материалдық жағдайын жасап, шығармашылық мүмкіндік берді. Сол арқылы олар зиялы қауымды аздырды. Менің ойымша сол аздырудың аяғы қазіргі жағдайға жеткізді. 90-жылдары «Азат» қозғалысы құрылған кезде, яғни, алғаш аштық жариялаған кезімізде мен бір-екі ғана зиялыны көрдім. Қалғаны, трактористер, егіншілер, қойшылар. Олар еліміздің 16 облысынан келіп палатка тігіп жатты. Сонда, олардың таң қалғаны, зиялы қауым өкілдерінің бірде-біреуін көре алмағанында. Қарап отырсаңыз, Жазушылар Одағы 150 метр жерде. Бұл зиялы қауымның жалтақтығын көрсетеді. Ол өзінің өлімінен қорқу емес, қолдағы бар нәрседен айырылып қаламын-ау деген жалтақтық. Менің ойымша, бұл ауру уақыт өте шығады. Қали Сәрсенбай: – Айталық, ұлт зиялысы емес, қа­зақ зиялысы деп бө­ліп жатқанымыз тәуелсіздік алсақ та, рухани деңгейіміздің төмен деңгейде жат­қанын көрсетеді. Қа­зір, зиялы деген кім екені әбден анық­талып, әркімнің өз қызметіне кірісетін уа­қыты жетті ғой. Зиялы дегенге толық және дұрыс анықтама берілмегеннің өзі кері әсерлерін көрсетіп жатыр. Жүсіпбек Аймауытов: «Мәдениет дегеніміз – ұлтты өліп-өшіп сүю», – дейді. Мәдениетке қатысты барлық анықтамалықтар мен энциклопедияларды қарасақ, 200 анықтама бар екен. Сол анықтаманың бірде-біреуі Жүсіпбек Аймауытов айтқанға жетпейді. Сондықтан, меніңше, ең әуелі зиялы адам мәдениетті және озық адам болу керек. Елдің қамын, болашағын көбірек ойлайтын адам зиялы. Ал, Халел Досмұхамедов болса: «Тілдің бұзылуына оқығандар алдымен себепші болады. Себебі, олар басқаларға еліктегіш келеді», – деп пікір білдіреді. Шын мәнінде қазір халықты бұзып жатқандар оқығандар. Тәрбиесіз берілген білім кері әсерін тигізуде. Мен бұл сөзбен, оқығанын халыққа қызмет етуге жұмсамайтын зиялылардың ішіндегі зияндылар жайлы айтқым келіп отыр. Қазіргі тағы бір мәселе, саясаткерлік пен зиялылықтың арасын ажырату қиын болып кетті. Жұлқынып алаңға шық­қандардың барлығы бізге зиялы болып көрінеді. Негізінен олай емес. Осыдан 10-20 жыл бұрын «Казправданың» бірінші бетіне қазақтың 15 кәсіпкерінің қолы қойылған Президентке арналған хаты шықты. Олар Елбасына негізгі 3 талап қойды: жер сатылсын, мемлекеттік тіл қазақ тілі болмасын, мемлекеттік графадан ұлт белгісі алып тасталынсын. Солардың барлығы негізінен, қазаққа жаны ашуға тиісті жігіттер. Сондағы қол қойғандар, қазір, өздерін патриотпыз, зиялымыз дейді. Сонда, қазақ ұмытшақ халық па?! Кешегі 10 жылдық тарихын, кімнің халықты жақтамағанын білетін шығар. Міне, осындай псевдозиялылар халықтың назарын өзіне қаратпақ ойда. Бірақ, халық ақымақ емес. 100 жылдық тарихты білетін халық кешегі 10 жылдық тарихты біледі. Меніңше, саясатта жүрген зиялылардың осындай да тобы бар. Бұның барлығы әркімнің өз жұмысымен айналыспауынан. Жаңағы айтқан зиялылардың мақсаты ұлттың мүддесі емес, өзінің жеке басының мүддесі. Тағы бір мысал айтуға болады. Мен «Алматы ақшамы» газетіне келгеннен бастап бір өзгеріс енгізуді ойладым. Сонда, есіме бір нәрсе түсті. Кезінде Виктор Храпунов қалада Алматының 150 жылдығы деген үндеулер жазып, мерекелік шаралар өткізіп жатты. 1000 жылдық тарихы бар алып шаһарымызды осылай мазақ етудің бәрі білместіктен. Осыған қатысты талай материалдар да жаздық. Сосын, ең жақсы ой, газеттің маңдайшасына «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп жаздық. Газетті оқыған әрбір азамат қаламыздың 1000 жылдық тарихы бар екенін біліп жүреді. Білмейтіндеріне айтады. Сондықтан, зиялы деген халықтың қамын ойлайтын, өзі қай саладан болмасын, өз саласында халқына қызмет ететін адам болу керек. Аманхан Әлімұлы: – Қалеке, «ха­лықты бұзып жат­қандар оқы­ғандар» дегеннен шығады. Өткен ға­сырдың басында дінтанушы Сергей Булгаков бір генерал кейіпкерінің аузына: «Проклятая русская интеллигенция! Сначала одурила свою собственную голову, а потом отравила и развратила весь народ» деген сөзді салады. Шынында да, қай кезеңде де көп жағдайларда халық интеллигенцияның іс-әрекеттерін үлгі-өнеге көрген. Бүгінде солай. Ендеше, қазақ интеллигенциясы білімділік пен біліктілікті былай қойғанда, Тәңірлік сенім-нанымнан басталып, мұсылмандық иманмен ұласқан жолды қалың көпшілікке негізгі бағыт-бағдар етіп көрсете отырып, өздері соған лайық жандар болса ғой деп те ойлайтынымыз рас емес пе?! Сондықтан, ең алдымен, өзін зиялы санайтын азаматтарымыз халық жанашыры бола білсе ғой, шіркін! Мемлекетіміздің де арқа сүйері солар болса нұр үстіне нұр емес пе?! Ұлтымыз сонда ғана өркениеті де, мәдениеті де ілгері кеткен ел-жұртпен иық тірестіріп, бәсекелестікке лайық ұлт болар еді-ау! Әлімғазы Дәу­летхан: – Бұрынғы қоғамның ең үлкен қателігі – сол қо­ғам­дағы адам­дардың өзінің кінәсін, айыбын ешқашан мойындамауында. Басты мәселе осын­да шығар. Қа­раңыз, бүгінде біз тәуелсіздік деп айтып та, жазып та жатырмыз. Енді қараңыз, біз тәуелсіздікті кімнен алдық ?! Алушы – Қазақстан. Ал, беруші жоқ. 20 жылдың ішінде баспасөз беттерінен тәуелсіздігімізді Ресей империясынан алдық деген сөзді мерзімді баспасөздердің немесе теле-радио арналардан естіп, оқып көрдіңіздер ме ?! Немесе үлкен мінберлерде өзін интеллигент санайтындар айтты ма? Әрине, айтқан жоқ. Бұл біздің отарсыздандыру саясатын жүргізбегенімізді көрсетеді. Ендеше, ұлт зиялылары осы мәселелерді айтпай, жазбай қайда жүр. Соған қарамай, ұлт зиялысы бар. Бірақ, оларды тыңдайтын құлақ жоқ. Ұлттың сөзін сөйлеп, ұлт мүддесі үшін жүгіріп жүргендердің ішінде, ұлт зиялысы туралы ең дұрыс анықтама айтқан – Мұстафа Шоқай. Ол ұлттың зиялысы болу үшін ұлттың талап-тілегімен, ұлттың зердесімен, ұлттың сана-сезімімен үйлесуі керек екендігін айтқан. Егер, халық қолдамаса, зиялы болғанымен ешнәрсе істей алмайсыз. Дәл сол сияқты, қазір біздің зиялы дегендеріміз Батыстан білім алып келіп, басқаша сөйлейтіндер. Халық өз алдына. Бұлар өз алдына. Шындықты айтып, әркімнің атын өз атымен атай алса, соны мен зиялы деп есептеймін. Ол қойшы, тракторист не болмаса академик болуы да мүмкін. Ұлт үшін басын бәйгеге тіге алған адам ғана зиялы деп саналады. – Бір кездері Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты ұлт зиялылары билік басында болып, ел-жұрт үшін талай игілікті істерді атқарды емес пе? Соған қарағанда, билік басында жүріп те ұлт жолында талай істерді атқаруға болады екен ғой. Әдебиетшілер арасында «Маяковский партияны жырлауда алдына жан салмай, өзі сияқты ақындардың алдында көлденең жатып алды. Оны айналып өтпесең, аттап өте алмайсың» – деген қанатты сөз бар. Сондықтан да, шынында біздің билік басындағы кейбір зиялыларымыз кей тұстарда біреулерді, бір «жерлерді» айналып өтуге тырысқан шығар. Оларды көзсіз батырлыққа бармады деп айыптай беруіміз де дұрыс емес болар? Смағұл Елубай: – Осы тұста халық­тың жазушысы ретінде Елбасымызға алғысымды білдіргім келіп отыр. Оның биылғы жылғы атқарған істерін айтқым келеді. Ашаршылық жайлы әңгіме жоғары дәрежеде айтылып өтті. Бұл Елбасының тікелей өз бастауымен болды. Жеке кездесуде ол кісіге ашаршылық кезінде өмірден өткен азаматтарға ескерткіш қойып, бұл парыздан құтылмайтынымызды айттым. Артында 4 миллион құрбан, аруақ тұр. Бұған «Холокоста» деңгейіндегі мемориалдық кешеннің Алматыда салынуы керектігін жеткіздім. Елбасы бұны құптады. Екінші мәселе, миллиондаған қазақ жастары көшеде арба сүйреп жүр. Соларды көрген сайын жанымыз ауырады. Міне, биыл қолжетімді баспана бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл жастарымызға да, тіпті ақшасы жоқ азаматтарға да тұрғын үй алуға үлкен үміт отын жақты. Келесі айтарым, кешегі өткен әлем діндерінің бас қосуы. Онда Елбасымыз имандылық жайлы үлкен әңгімелер айтты. Сонда, менің көзім, елімізде имандылықтың бар екеніне жетті. Иман арқылы бәрін жеңуге болады. Ұлтсыздықты да, қылмыстарды да иман арқылы тыя аламыз. Енді, Еуразиялық одақ туралы айтқым келеді. Біз үшін бұл Еуроодақ іспеттес болса, Ресей үшін құлаған Кеңес одағын құру сияқты. Меніңше, бұнда одақ емес, федерацияға айналып кету қаупі бар. Осы жерде зиялының даусы қажет деп ойлаймын. Зиялы қауымның айналысатын басты мәселесі, біздің қандай одақ құруымыз жайлы болуы керек. Қамбар Атабаев: – Шынымен де, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды билікте отырса да, халықтың қамын ойлағандар бар. Айталық, Тәшенов жерді сақтап қаламын деп басын бәйгеге тікті. Бәрін қоя тұра Қонаевтың өзін де айтуға болады. Ел осы күнге дейін Қонаевты құрметтейді. Бұл оның парасаттылығын көрсетеді. Манағы, Әлімғазы ағамыз айтқандай, біздегі ең негізгі проблеманың басы – отарсыздандыру процесінің жүрмеуі. Тәуелсіздік алғанымызбен, отарсыздандыру процесі жүрмеді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып толық қалыптаспағаны да соның салдарынан. Мемлекетіміздегі негізгі ұлт – қазақ ұлты. Қалғандары, диаспоралар. Ал, билік болса бізде 130 ұлт бар деп халықты шатастырады. Өз мемлекетінде, өз жерінде отырып, қазақ әлі негізгі ұлт­қа айналған жоқ. Тіл қазақтікі, жер қазақтікі, мемлекет қазақтікі. Басқа ұлт өкілдері мемлекет құрып отырған ұлт ретінде қазақтарды сыйлау керек. Ұлт зиялыларының айтары да сол төңіректе болмаса болмайды. Жаңағы Смағұл айтып отырған ашаршылық құрбандарына арнап монумент орнату дұрыс ой. Дегенмен, ашаршылықтың 80 жылдығы алда келе жатыр. Сондықтан, менің ұсынысым, қыстың бір күнін ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп атағанды дұрыс санаймын. Ал, енді, қазіргі баспасөзге баға берсек, «Қазақ» газетінің деңгейіне біздің қазіргі бірде-бір баспасөзіміз жете алмай келеді. 2-ақпанда «Қазақ» газетінің 100 жылдығы болады.Осыған байланысты ұсынысым, осы 100 жылдықты республика көлемінде өткізу керек. – Орыс дінтанушысы, жазушы Дмитрий Мережковский орыс интеллигенциясын Петр І-ден бастау керек деген ой айтады. Шынында да, Ре­сейге Еуропаның терезесін ашып берген сол емес пе?! Ол орыстарды Еуропалық әлемге шақырған бірінші интеллигент. Ал, философ Петр Струве болса, Патшалық Ресей кезіндегі ұлы Толстойдан бастап, басқа да ақын-жазушыларды зиялылар қатарына қоспай, тек халықты революцияға шақырған бірінші интеллигент Бакунин дейді. Жуырда «Қазақ зиялылары» деген кітапты қарап шықтым. Онда тек Батыстан білім алғандарды жазып, зиялылар тарихын ХVIII-ХІХ ғасырдан бастайды. Сонда біз, ұлт зиялылары тарихын кімнен, қашаннан бастауымыз керек. Алғаш, Қазақ мем­лекеттілігін қалыптастырған арысы Керей мен Жәнібек, берісі Жәңгір хан зиялы емес пе? Әлімғазы Дәулетхан: – Ұлт зиялылары ұлтының азаттығы, ұлтының бақыты үшін ешнәрседен тайынбайтын адамдар тобы. Олардың сауатты, сауатсыз болуы екінші мәселе. Менің атам, Шырдалым ақын деген кісі болған. Сол кісі 1924 жылы мешіт салдырыпты. Мешіттің оң жақ және сол жақ босағасында мынадай өлең жолдары жазылған екен: «Исламның анық атқан таңын көрсем, Стамбул әскерінің шаңын көрсем. Дүниеден армансыз өтер едім, Мекке мен Мәдинеге барып өлсем». 1950 жылдары Кеңес одағы алдымен соны құртты. Демек, сол бір түкпірде жатқан молда Исламның тұтастығын жырлаған екен. Бұның өзі оның зиялылығын көрсетеді. Дос Көшім: – Әр заманда зиялылыққа әр түрлі критерий қойылған. Қазіргі замандағы соның негізгі белгісінің бірі – бұл азаматтық көзқарасты ұстанымды ұстау. Әлі есімде, осыдан 7-8 жыл бұрын өлім жазасының керек не керек еместігі жайлы үлкен талқылаулар өтті. Мен сонда сарапшы едім. Көпшілік өлім жазасына қарсы болды. Бірақ, бір профессор өлім жазасының керек екендігін дәлелдеді. Сонда, мен о кісіге «өлім жазасына мораторий жарияланса, Сіз басқа пікірдегі мақала жазасыз-ау, түбі» деген ойымды айттым. 3 күннен кейін, Президент өлім жазасына мораторий жариялады. Артынша, өлім жазасын жақтаған әлгі профессор, менің айтқанымдай, көп ұзамай-ақ өлім жазасы қажет емес дегенге саятын мақала жазды. Мұндағы айтайын деп отырғаным, зиялылықтың басты белгілерінің бірі – айтқан сөзіне жауап беріп, тұрақтылық таныта, айтқанына берік болуы керектігі. Ал, енді, зиялылар тарихының қай уақыттан басталғанын тарихшылар шешу керек шығар. Меніңше, Асан қайғының өзі зиялылар атасы іспеттес. Әр айтқан сөзі, мәдениеттілігі, оның зиялылығын көрсе­теді. Біздің мақтанышымыз, ол әрбір кезеңімізде зиялыларымыздың болуы және оны халқымыз ұмытпай, өздерінің жадында сақтап, сөздерін өлместей күйінде ұрпақтан-ұрпаққа беріп келе жатуында. Әлі күнге дейін біздің олардан үйреніп, оларды құрметтеп келе жатуымыздың сыры сонда. Сондықтан, меніңше, зиялылық мәңгілік құбылыс. Қамбар Атабаев: – Меніңше, қазақ зиялылары сонау Әл-Фараби, Жүсіпбек Баласағұндардан бастау алады. Бізде зиялылықтың мектебі болған. Кезінде Абай 20 жасында бүкіл би-шешендердің шығармаларын, тарихты жатқа білген. Бұл да үлкен парасаттылық. Сондықтан, зиялылар тарихы тереңде жатыр. Әшірбек Сығай: – Зиялылыққа алып келген тұлғалар бар. Абылай ханның өзі елді ел қылған І Петрдан кем емес тұлға болған. Оның ұрпағына айтқандарында көрегенділік, көріпкелділік жатыр. Ал, енді Абылайдың 300 жылдығын неге ұмытып отырмыз?! Ол біздің халқымызға еңбегі сіңген, үш жүздің басын қосқан ірі тұлғамыз. Ал, осындай кісіні неге мадақтамасқа?! Оның қазақ үшін атқарған іс-әрекеттері зиялылықтың белгісі емес пе?! Абылай ел басын қосып, зиялылық танытқанда, енді, біз неге оны құрметтеп интеллигенттік ілтипат көрсетпейміз?! Қали Сәрсенбай: – Бағана бір қонақ тарапынан қазақ баспасөзі туралы жайсыздау әңгіме айтылып қалды. Соған байланысты айтарым, қай заманда болмасын, қазаққа қызмет етіп келе жатқан қазақ баспасөзі. Шындығына келгенде, елімізде шығатын орыс тілді басылымның біреуі де халқымыздың тарихын ешқашан жазбайды. Тіл, ұлт, жер туралы келелі мәселелер көтеріп жатқан орыс басылымдарын көрдіңіздер ме? Бола қалғанның өзінде де ондай жағдайлар некен-саяқ. Сондықтан да, қазақтың мұңын мұңдайтын да сол қазақтың дәстүрлі басылымдары. Ендеше, олар туралы пікір айтқанда, өте байқау керек секілді, меніңше. Осы тұста қазақ зиялыларының бір кемшілігін айтқым келіп отыр. Ол – мәселеге біржақты көзқараспен қарауында. Қазақтың ешқан­дай зиялысы ешуақытта халқынан ке­шірім сұраған емес. Меніңше, халқынан кешірім сұраған бір-ақ зиялы болған. Ол – Нұртас Оңдасынов. Ал, 3 ұсынысты ұсынып, президентке хат жолдаған 15 азаматымыздың ойын­да кешірім сұ­рау деген мүлде жоқ. Сонда, біз оларды ұлтын сүйеді деп, елге қызмет етеді деп қалай айта аламыз?! Зиялылықтың негізгі белгісі тектілікте болу керек. Әлімғазы Дәулетхан: – Қазақ баспа­сөзі халқымен бірге болғысы келсе, ең өмірлік мәселелерді талқылап жазу керек. Бұған Еуразиялық одақ, Кедендік одақ мәселелері кіреді. Ал, зиялылықтың негізгі белгісі – не үшін күресетінімізді анық білу. Сондықтан, не үшін күресетінімізді анықтап алған жөн. Біріншіден, үлкен Еуразиялық одаққа қауіппен қарауымыз керек. Оны кешіктірген дұрыс деген Президенттің ойына қосыламын. Келесі мәселе, Абылайдың 300 жылдығы. Ол деген елімізді біріктірген алыптарымыздың бірі. Міне, қыркүйек айында Түркістанда Абылайдың 300 жылдығын үлкен деңгейде өткізбекшіміз. Бұл «ештен кеш жақсы» дегенді аңғартса керек. Келесі мәселе, қазақ тілі мәселесі. 2020 жылға қарай Қазақстанның 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеуі керек. Оның негізін қазір қаламасақ, 2020 жылы да, 2040 жылы да қазақ тілінде ешкім сөйлемейді. Тағы айтарым, ашаршылыққа қатысты мемориалдың фундаменті Алматыда биыл салынуы керек. Міне, зиялылардың бар мүмкіндігін, әрі жан-жақтылығын танытатын тұсы да осы жерде болуы қажет. Қали Сәрсенбай: – Зиялы қойшы болсын, шопан болсын, ақын болсын, өзінің даналығына байланысты. Ана бір жылы Жазушылар одағында еңбек тақырыбына арналған пленум өтіпті. Соған Ыбырай Жақаев қатысқан көрінеді. Бір уақытта сол кісіге сөз беріліп, атақты күрішші мінбеге шыққанда жиналған кейбір оқығандар «Осы шал не айтар дейсің дегендей» оған немқұрайлылықпен қарап отырмай ма? Сонда, Ыбырай Жақаев: «Жазушы қаламыңа ие бол, диқан кетпеніңе ие бол, шопан таяғыңа ие бол» депті де мінбеден түсіп кетіпті. Бұл, әркім өзінің мойнына жүктелген ісін біліп, өзіне тапсырылған қызметін дұрыс атқару керек дегенге саятын данышпандық тұжырым емес пе? Міне, зиялылық осыдан басталады. Әркім өзінің орнында отырып, атқарып жатқан іс-әрекеттерімен ұлтына көмектессе, зиялылық деген сол. Әйтпесе, өзінің отыратын орнын білмей, қарауындағы халықты басты ұстанымдарынан жаңылыстырып, болашақ ұрпаққа теріс үлгі боларлықтай іс-әрекеттер көрсетіп жүргендер аз ба? Бұларды біз қалайша зиялылар қатарына қосамыз?! Аманхан Әлімұлы: – Қалеке, Сіздің әркім өзінің орнында отыруы керек дегеніңізден шығады. Ана бір жылдары арамызда отырған Әшірбек көкем, Сығай мәдениетке еш қатысы жоқ адамның Мәдениет министрі болып келген кезінде «Мен мәдениеттен хабары жоқ адаммен қызметтес бола алмаймын» деп өзінің жайлы орнын тастап кетуі зиялылық емес пе?! Әрине, зиялылық қой. Жалпы, Кеңес одағы идеологиясы мен идеясы қазақ интеллигенциясын үш жағдайда күйретті немесе дағдарысқа ұшыратты. Бірінші, іштей рухани мүгедек етіп, қадағалап-бақылау арқылы оны ерік-еркіндігінен айырды. Екінші, отарлау саясаты негізінде сырттан телінген жатжұрттық тәлім-тәрбие арқылы интеллигенцияны өз ұлтынан қол үздірді. Үшінші, бойына өзге тілді сіңіру арқылы, өзінің ұлттық қадір-қасиетінен ажыратты. Осыдан келді де ұлттық интеллигенция билік алдында құрдай жорғалайтын жасқаншақ болып қалыптасты. Сондықтан да, қазір, енді зиялыларымыз қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға классикалық «Кім кінәлі?» емес, «Не істеу керек?» деген сұрақтар төңірегінде іс-әрекетке көшетіндей ой қозғауы тиіс. Жалпы, ұлттық идея мен идеологияның орындалуы ұзақ процесс. Сол жолда интеллигенцияның ұлттық сөз бен іс-әрекетке батыл баруы одан да ауыр құ­бы­лыс әрі қасиет. Оларды ұлттық интел­лигенция іске асыруы тиіс. Осы тұс­та айтарым, қазір, қазақ қоғамында интеллигенцияның төрт тобы бар. Олардың біріншісі – таза қазақ тілінде сөйлеп, өзге тілді жақсы меңгергендер. Екіншісі – басқа тілдерді жақсы біліп, өз тілін шала-шарпы игеріп немесе одан тіпті мақұрым қалғандар. Үшіншісі – орыс интеллигенциясы. Төртіншісі – өзге ұлыстар мен ұлттардан құрылған зиялылар тобы. Міне, солардың соңғы үшеуі – ұлттық идея мен идеологияның қалыптасып, ұлттық сөз бен іс-әрекеттің мемлекеттік-елдік, қоғамдық-саяси өмірге қоян-қолтық араласуына барынша кедергі келтіретіндер. Ал, екінші топтың ұлттық сөздері де, іс-әрекеттері де аумалы-төкпелі болуы бек мүмкін. Өйткені, олар ұлттық құндылықтар етек алып кетсе, біз екінші сортты интеллигенцияның өкілдері болып қаламыз деп қорқады. Сондықтан, қазақ мемлекеттілігі мен тілінің және жерінің тағдыры қашанда да біріншілерге түскен, түсе береді де. Ендеше, ендігі ұлттық сөз де, іс-әрекет те солар тарапынан болуы тиіс қой деп ойлаймын.

591 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз