• Заманхат
  • 20 Қыркүйек, 2017

«БЕСЕУДІҢ СОТЫ»: ОТЫЗ ӨТКЕН СОҢ

Тергеушілер Түгелбай Тәшеновты өз «айыбын» мойындамағаны үшін, тіпті, қатты кеткен. Ол жөнінде Түгелбайдың өзі былай еске алады: «Мен 1986 жылдың 24 желтоқсанында қамауға алындым... Тергеуге әкелген соң, желтоқсанға байланысты сауалдарды төпелетіп, намысқа тиер сөздер айтты. «17 желтоқсан күні алаңға бармасам, қалайша бардым деп айтам» десем, «Ты нацист, кого ты хочешь обмануть, что не нравится русские, да, тебя учили, кормили, теперь ты хочешь перевернуть советскую власть. За 70 лет советскую власть никто не мог перевернуть, молокосос! Напиши, что ты видел подробно» деп алдыма қалам-қағаз қойды. Мен көргендерімді жазып бердім. Жазған қағаздарымды жыртып тастап, аузына түскен сөздермен балағаттап, соққының астына алды. Кешкі 6-7-лер шамасында аға тергеуші Дубаев пен тергеуші Державецкийдің қолдарына әкеп тапсырды. Олар кешкі 8-ден түнгі 12-ге дейін, бір сөз айтсам, он сөзді қосып жазып, орыс тілін білмейтінімді пайдаланып, қол қоймаймын дегеніме қарамастан, өз жазғандарыма күштеп қолтаңбамды қалдыртты. «Собственно ручно, в переводчике не нуждаюсь» деп қысыммен қол қоюға мәжбүр болдым». Түгелбайды куәлармен беттестіру әдістері де адам күлкісін келтіретін жағдайда жүзеге асырған. «Айыпкердің» айтуынша, қасына тап-таза киінген екі студент жігітті отырғызып, орталарына ұсқыны кеткен, сақал-мұрты өскен, шашы үрпиген, беті күп болып ісіп кеткен, киімі мыж-мыж, далада жататын маскүнемдердің кейпін елестетер Түгелбайды қосып қояды. Тергеуші Дубаев осылайша куәгерлерді шақыртады. Куәгер Дарюшина Түгелбайды емес, жанындағы жігітті нұсқайды, «Савицкийді өлтірген осы адам» дейді. Тергеуші, енді, сол жігітке сұрақ қойғанда, ол алаңда болмаған болып шыққан. Сонан соң, тергеуші Дарюшинаны жанына отырғызып қойып, куәгер Рыжкованы шақырады. Сол сәтте есік сәл ашық қалған екен. «Кіре берісте есік алдында заң қызметкерлері Рыжковаға әлденелерді сыбырлап жатқанын анық байқадым, – деп еске алады Т.Тәшенов ол беттестіру жөнінде. – Кейін күдігім расталды да, Рыжкова кірген бетте «Савицкийдің өлігі жанында мені көргенін» жайып салды. Тергеушіден рұқсат алып Рыжковаға: «Сіз мені киімімнен емес, түр-түсімнен жақсы танисыз ба?», – деп сұрадым. Ол: «Мұртыңыз есімде қалыпты», – деді. Мен Державецкийден 18-желтоқсанда түсіріліп алынған суретімді куәгерге көрсетуін өтіндім. Онда менің мұртым жоқ болатын. Бұған көзі жеткен Рыжкова менен кешірім сұрады. Ал, тергеуші Державецкий өзінің бұрмалаушылығын асырып сасқалақтап қалған Рыжкованы «дұрыс көрсеттіңіз» деп, жөнге салып жіберді». Кейін куәгерлер Я.Гирин және Валяевамен бетпе-бет жолықтырғанда да олардың арнайы дайындықтан өткеніне қарамастан, күлкілі жағдайға қалған. Мысалы, 28 желтоқсанда Гринмен бет­пе-бет жүздестірген. Бұл жүздестіру жөнінде Түгелбай былай дейді: «Түнгі дене қызуыма байланысты басымды жуып, шашымды артқа қайырып, таңып қойғандықтан шашым сол күні де артқа қайырулы қалпында қалған болатын. Үстімде әдеттегі мыжылған киім, бірақ, өзімнің аяқ киімімнің орнына жыртық крассовканы кигізіп қойды. Өз аяқ киімімді талап етсем, экспертизаға алып кетіпті. Мұның қандай мақсатта жасағанын кім білсін? Тағы да үш студент жігіттің ортасына жайғастым. Заң қызметкерлері шығып кетті де, ішке Гирин шақырылды. Ол бірден мені көрсетіп, Савицкийдің басынан бір рет, желкесінен ұрғанымды көргенін айтып сайрап тұр. Тергеуші Державецкийдің рұқсатымен Гиринге: «Мүмкін басқа біреумен шатастырған шығарсыз, есіңізде рас сақталсам, қандай белгілерді айтар едіңіз?» дедім. Сөйтсем, ол: «Сіздің шашыңыз артқа қайырулы еді» дейді. Тергеушіден 18 желтоқсандағы суретімді көрсетуімді өтіндім. Онда шашым алдыма түскен. Сасып қалған Гиринге тағы да тергеуші «көмек» көрсетті: «Сіздікі дұрыс, Гирин, шашы расында да бұл күні бір жаққа қайырылған болатын» деп қағазға бұрмалап жаза бастады. Куәгерлердің арнаулы дайындықтан өткізілгенін Валяевамен беттестіру барысы да айқындай түскен. МҚК-нің уақытша оқшаулау камерасында жатқанда қасындағылардан бетпе-бет жүздесу тәртібін әбден біліп алған Түгелбай наурыз айында куә Валяевамен беттестіргенде бір қулыққа баруға оқталады. «Беттестірер алдында суретімдегідей өз киімдерімді беруді талап еттім, шашымды тарап, сақал-мұртымды алдым. Әдеттегідей үш студенттің ортасына отырғызды. Тергеуші іштегі заң қызметкерлерінің шығып кетуін өтінді. Олар әбден шықты-ау дегенде бір жігітпен орын ауыстыра қойдым. Қоңырау болысымен Валяева кірді. Ол ойланбастан менің орнымда қалған жігітті нұсқады. Оны Савицкийдің өлігі жанында көргенін, айнытпай танығанын дәлелдеп бақты», – дейді ол. Тіпті, тергеушінің: «мүмкін ол жігіт емес шығар, дұрыстап қарағаныңыз жөн» дегеніне де бой бермеген ғой куәгер. Сол жерде ызаға булыққан Түгелбай: «Сізді жала жапқаныңыз үшін, тергеушілердің сөзіне ергеніңіз үшін сотқа беремін» дегенде, Валяева жата қап жылап, балаларының барын айтып, кешірім де сұрайды. Алайда, беттестіру протоколын толтырып, сондағы қатысқан адамдардың бәрінің қолдары қойылған қағазды тергеуші Дубаев пен Державецкий артынша парша-паршасын шығарып жыртып тастаған. Мұны қалай түсінсек болады? Заңмен бекітілген құжат-протоколды жыртуға оларға кім рұқсат берді? Мұны сот неге назарға алмаған?.. Сот назарға алмаған дегеннен шығады, тергеу амалдары жүріп жатқанда тергеуші Державецкий өз арам пиғылын жүзеге асырып біткенше орысша нашар білетін Түгелбайға не бірде бір аудармашы, не қорғаушы бермеген. Бұл да заң талаптарына қайшы амалдар болатын. Ақыры өз дегеніне жетіп тынған соң ғана ол 1987 жылы наурыздың аяғында Ташеновтың қолына кісен салып, бастығы Дубаевқа алып барыпты. Мұны Түгелбай сот процесінде бастан аяқ баяндап берген, бірақ, судья оған да көңіл аудармаған, байқамаған сыңай танытқан. Енді, мынадай мәселе: осы Державецкий дегеннің Қ.Рысқұлбековтың «қылмыстық ісіне» де тергеу амалдарын жүргізген адам екені мәлім. Олай болса, Қайратқа қаскөйлікпен жала жауып, «адам өлтірді» деген ең ауыр айыпты «мойнына қойып», қолын қойдырған тергеуші дәл осы Державецкий болып шықпай ма?.. *** Тергеукезінде Қайыргелді Күзембаевтың да көрмеген қорлығы жоқ. «Мені Желтоқсан оқиғасынан соң жиырма күннен кейін ұстады. Кешкі 10-да тергеуге шақырды. Өзімді ұстаған жігіт пен Губенко деген тергеуші екі жақтан қыспаққа алды. Әрине, мен ештеңені мойындамай қойдым, – деп еске алады Қайыргелді. – Олар: «Сенің бір жасақшыны таяқпен ұрып жатқаныңды бір адамдар көріпті ғой...», – деді. Мен: «Жоқ, мен бұл уақытта Бейбітшілік пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында емес, Фурманов пен Сәтбаев көшелерінің аралығында жүргенмін. Көрген адамдар болса, беттестіріңдер» деп айтқанымнан қайтпадым. Осы әңгімеден кейін үш күн өткенде Савицкиймен қызметтес үш әйелді алып келді. Аты-жөндері Дарюшина, Рыжкова және Гирин деген біреу. Үшеуі де Савицкийдің өліміне менің қатысым барлығын айтып куәлік берді. Олар алдын ала үлкен даярлықтан өткенін түсіндім. Үш-төрт адамның ара­сынан мені бірден нұсқайды. Тер­геушілер о бастан-ақ: «Күзембаев, сен Савицкийді өлтіргеніңді мойныңа ала салсайшы, жазаңды жеңілдетуге уәде береміз» деген. Губенконың қорлық сөздерін есіме түсірсем, осы күнге дейін қаным қайнайды. «Бараны! Ты будешь гнить в зоне, не выйдешь оттуда, если выйдешь, то стариком будешь» деп қорлады. Ұсталғаннан кейін бір апта өтер өтпестен жабылып ұрып-соға бастады. Менің қырсығып отырып алғаныма жындары келіп, тепкінің астына да алды. Әсіресе, Жексенбаев деген қазақ тергеушінің соққылары жаныма қатты батты. Одан да ештеңе шықпайтынына көздері жетті ме, екі жетіден соң тергеуге шақыруды сап тыйды. Есесіне өңкей қанішер қылмыскерлердің арасына апарып салды. Камераға кірген бойда қай баппен ұсталғанымды сұрады. Айттым. Сол екен: «Ә, погонный декабрист» деп бір-екеуі көтерілді. Сәл болмағанда төбелес басталып кете жаздады, ішіндегі біреуі ажыратып жіберді. Әрине, олар мені иілдермек болғанын түсіндім, бәрібір көнбей қойдым. Менен кейін дәл сол камераға Қайратты да апарып тығыпты. Оны бұрын танымайтынмын. Бізді Жоғары Сотқа апара жатқанда таныстық. Сонда, Қайраттың мына бір айтқанын ұмытпаймын: «Мені де алдап, Савицийдің өлімін мойныңа ала сал, жазаңды жеңілдетеміз» деді. Рецедевистпен бірге қамады камераға. Ол: «мойындай сал, жасақшының өлімі үшін аз мерзім береді, ал, милицонер үшін көп жылға кетесің» дегеннен соң сеніп қалдым. Қолымды қоя салдым. Үйді ойладым, әке-шешемді, бауырларымды жер айдатамын деген соң басқа амалым қалмады». Қайыргелдіні әлгілерден басқа Дубаев та тергеген екен. Ол алғашқы тергеудің астына алғандардан да өткен сұмдыққа барыпты. Алғашында түлкібұлаңға салып: «Савицкийді өлтірдім демей-ақ қой, қатыстым десең болды» деп көндірмек болған. Айтқанына көніп, дегеніне жүрмеген соң, Қайыргелдіні намысына тиетін сөздермен балағаттап, бақырып-шақырып, қысым көрсеткен. Сосын, Губенко мен тағы бір тергеуші кіріп, екеуі жабылып оны қан-жоса қылып сабап тастаған. «Бірбеткейлігім үшін мойныма 17 желтоқсан күні болған бір қылмысты таңуға «уәде» берді. «Өлтірсеңдер де мойындамаймын, өйткені, қылмысқа еш қатысым жоқ» деп қасарыстым мен. Айтса-айтқандай, 30 қаңтар күні кешкісін мені мойор Зимулькинмен беттестірді. Бұрын көр­меген адамым. Оның айтуынша, мен оны желтоқсанның 17-сінде кешкі сегізге қарай таяқпен ұрыппын, ол құлап бара жатып мені таныпты, белсенділер қатарында жүріппін. Мен бұл күні алаңға мүлдем келмегенімді дәлелдеп бақсам да, мұнымды тергеушілер құлаққа ілмеді», – дейді Қайыргелді ауыр күрсіне. Айтып өтейік, Қайыргелдінің бұл қылмысқа ешқандай қатысы жоқ екенін сотқа қоғамдық айыптаушы болып қатысқан Әділбек Оразовтың жазбалары да айғақтай түседі. «Рас, жасыратыны жоқ, алғашында мен де «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайдыға» жорып, Қайыргелдінің кінәсі бар-ау деген сенімде едім. Қателесіппін. Бұған куәгер Зимулькиннің сөзбұйдасы көзімді жеткізді. Бір өкініштісі – осының бәрінің жалғандығын біле тұра, сол күні Қайыргелдімен спорттық жаттығуға бірге барған жолдасы да (Эдик Доспановты айтып отыр – Б.Ш) шындықты айтудан тайқып кеткен, оны да алдын ала даярлықтан өткізгені даусыз. Сот үстінде Күзембаевқа жала жабылғанын анық сездім. Мойор Зимулькин желтоқсанның 17-сінде Күзембаевты 16-00-де алаңда көргенін айтады. Шылғи өтірік. Бұл кезде мен Қайыргелдінің бригадасымен бірге (бригадирі Разин) жұмыста аванс алып жатқанбыз. Ал, біздің бухгалтерия сотқа ақшаны 21-інде (желтоқсанның) бердік деген ақпарат берген. Жалған! Мен өзім, Қайыргелділер айлықты 17-сінде алғанбыз. Демек, Зимулькиннің Қайыргелдіге жала жапқанына сенімім мол. Күзембаевты жақсы білемін, жұмыс барысында, одан тысқары кезде де араласып жүрміз ғой. Достарының арасында тым қарапайым, одан лидер шықпайды, оған атаман болу жат» (Бұл да жоғарыда көрсеткен дерек көздерінен алынды). Алайда, Қайыргелдінің де әділдік күткен үміті ақталмады. Сот төрағасы ешкім күтпеген үкім шығарып, әділеттілікті қорғайды деген соттың да құйтырқы саяси ойындардың қолындағы «қуыршақ-моринетка» екенін байқатты. *** Ал, Жамбыл Тайжұмаевты тұтқынға алғанда әуелден-ақ «алаңдағы демонстрацияны ұйымдастырушы», «басынан ауыр жарақат алған» жасақшы Г.Ведельді соққыға жыққан деп «айып таққан». Жәбірленушімен бетпе-бет жүздестіргенде, бұл кісіні ұрмақ түгілі, оны өмірінде бірінші рет көріп тұрғанын айтып, дәлел-дәйектерін келтіріп-ақ бағады. Ведель де бір құдайшылығы бар адам екен: «Мен дәл осы жігіт ұрды деп айта алмаймын» депті. Бірақ, тергеушілер оның сөзіне құлақ аспағандығы былай тұрсын, «болды, сен кінәлісің, совет үкіметіне қарсы шықтың, ұлтшылдықты қоздырдың, мойында!» деп қысымға алады. Ұрып-соғады. «Ол да ештеңе емес екен, намысқа тиетін боқтық сөздерге ерік бергенде, қарап тұрып шыдамай кетесің, – дейді Жамбылдың өзі ауыр күрсініп. – Менің көзімнің жеткені, мынау тергеуші дегенге сенуге болмайды екен. «Істемегенді істедің, істегенді істемедің» деп түрлі айлаға салып, ұрып-соққанда жаныңды қоярға жай тап­пай қаласың. Сәл осалдық танытсаң «сынып» кетуің де оп-оңай. Тергеуші өзі бәрін алдын-ала кесіп-пішіп қойған соң, байғұс бізде не амал қалады?.. Бәрінен де өзіммен бірге оқитын Стамқұловтың жала жапқаны ауыр тиді. «Мир мен Сатпаев көшелерінің қиылысында Тайжұмаев автобусқа шабуыл жасады, сосын, қызыл түсті темір затпен жасақшының басынан екі-үш рет ұрды» деп аузы қисаймай соқты ғой. Бәрінен бұрын қасыңда жүрген жолдасыңның қиын-қыстау сәтте сатып кеткені жанға ауыр батады екен» (Жамбыл облыстық «Ақжол» газеті, 17 желтоқсан 1991ж). Әйтпесе, сол кезде Жамбылдың қолында кеспелдек темір емес, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабы болғанын көрген куәлар көп болыпты. Амал не, ешкім де бұның дәлеліне құлақ аспаған, арашаға түсіп бір ауыз сөз айтпаған. Осылайша, Ж. Тайжұмаевтың «қылмыстық ісін» қараған Жоғары Сот Қазақ КСР-і Қылмыстық кодексінің 60-шы, 65-ші және 73-баптың 1-тармағы бойынша «айыпты» деп тауып, бақандай он бес жылды арқалап кете барды. Айта кетер жайт, тергеу барысында жігіттер нағыз ерге тән мінез көрсетті, қанша қинап-қорласа да, ұрып-соқса да алған беттерінен қайтпады, өздерін сенімді, еркін ұстады. Олардың өздеріне тағылған айыптарды қасарысып мойындамауы осы іске тапсырыс берушілердің де, оны орындаушылардың да жүйкесін жұқартып, ашу-ызасын тудырғаны анық. Тергеу амалдарының соңы «өш алу», «кек қайтару» режиміне ұласып кеткендігінің бір себебі осы болса керек. Қайсар жігіттер бәрібір иілмей қойды. Жазалаушылар өздерінің тағып отырған «айыптарының» өте әлсіз және шикілігі көп екенін жақсы білді. Жақсы білгендіктен де «айыптаушылардың» дәлелдері мен мәлімдемелерін естімегенсіп, мән бермегенсіп жорта айналып кетіп отырды. Адам құқы туралы айтқанда ауыздары көпіріп, көп сөйлейтін заңгерлер кісі тағдыры таразыға түсіп жатқанда, оны саналы түрде аттап өтіп, ойына не келсе соны істеп бақты. Сондағы мақсаттары – «жоғарыдағылардың» көңілін табу болды. Ендеше, сол құзырлы орындардың құдіретті қызметкерлерінен сұрайықшы: басқасын былай қойғанда, адамгершілік жолы неге аяқ асты етілді? Құқық қорғаушылардың қолданыстағы заңдық нормаларды сақтауы, не сақтамауы туралы сөз етпегеннің өзінде, Алладан үміті бар азамат ретінде жазықсыз адамға арашаға түсу жөн емес пе еді? Жалған жаладан арашалап, әділдік орнатудың орнына, қаныпезерлікпен күресінге лақтырып тастағанын қалай түсінсек болады? Әділет сақшыларының өш алуы осылай болғанда, басқалар не істемейді? Ары ойлап, бері ойлап, құқық қорғау қызметшілерінің осы бір теріс те қатал іс-әрекеттеріне миым жетпей-ақ қойды. Менің ұғымымда, адамгершілік кез-келген заңнан биік тұруы керек. Адамгершілік сақталмаса, төрелік те әділ болмайды. Төрелік әділ болмаса, ертең төбеде құрбақа ойнамайтынына кепілдік жоқ. Ал, «Бесеудің ісіне» байланысты шыққан сот шешімінде олардың «қылмысын» бұлтарпай дәлелдейтін бірде бір не дәйек-факті, не мысал кездеспейді. Бәрі көз бояу мен күйе жағудың дәлелсіз бір әурелеңі. Бұл дүниеде асығыстық пен асыра сілтеушіліктің салдары қашанда өкінішті қателіктерге апарып соқтыратыны тарихта талай рет дәлелденген. Жалпы, тергеу мен сот ісінде қателіктің үлкен-кішісі болмайды. Тура жолда ауытқудың өзі адам тағдырына өшпестей із қалдыру мүмкіндігін ескерсек, Желтоқсаншыларды жазалау барысында да көптеген шалыс-шатыс қадамдар орын алғанын айтпай кете алмаймыз. Олай болса, Желтоқсаншыларға байланысты істердің астарына сот неге терең үңілмеген?.. Оған неліктен көз қысты, бармақ басты қараған?.. Тергеу амалдары кезінде жеткілікті дәлелденбеген немесе асыра сілтенген істі сот қалайша өндіріске қабылдаған?.. «Басқасын айтпағанда, дәл осы «Бесеудің» сот коллегиясы істі қайта тергеуге жіберуге толық мүмкіндігі бар еді» – дейді эксперт-мамандар. «Айыпталушылар» өздерінің бұл қылмысқа ешқандай қатысы жоқтарын айтып, тергеушілердің қысым жасағанын, олармен бетпе-бет жүздестіруді жандары шырқырап талап етіп жатса да, сот олардың жан айқайын құлақтарына да ілмегені қалай?.. Сот әділдігі қайда?!. Кейін осы сотталғандардың барлығы іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағандықтан, ақталды. Тіпті, 21 жасында қыршын кеткен Қайрат Рысқұлбековке 1991 жылы Елбасының жарлығымен Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Осы фактінің өзі тергеушілердің шаш ал десе, бас алатын әпербақандығын, соттардың сауатсыздығы мен жауапсыздығын, заң қызметкерлерінің өз арам пиғылдарын жүзеге асырудағы екіжүзділігі мен аярлығын көрсетіп тұрған жоқ па?.. Үстемдікті үрейлендірген сурет: Әңгіме басында сөз еткен фотосурет оқи­ғасына келейік. Бірден айтып өтетін жайт, аталған суреттерді дайындаған – ҚазТАГ, түсірген Юрий Беккер. Ал, оны бірінші болып жариялаған ұйғыр тілінде шығатын «Коммунизм туғи» газеті – 1987 жылдың 18 маусымындағы санында жарық көрді. Содан кейін ғана бұл атышулы суреттер 19 маусымда «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінде шықты. Суреттерді сол кездегі ресми орындар қалай қабылдады?Ол кезде мұндай фотосуреттерді дайындау өз алдына, баспасөзде жариялау мүмкін емес еді. Мұндай қателікті Орталықтың «көзі мен құлағы» болып отырған «қырағылар» қалт жібермейтін. Сондықтан, бұл суреттердің «қырағы көздердің» қырына ілінбей жарияланып кетуі кездейсоқтық болса да, ерлікпен пара-пар еді. Алайда, өздерінің тарихи ерлік жасап отырғандарын осы суретке қатысы барлардың ешқайсысы да ол кезде білген жоқ. Ол үшін кейіннен көптеген адамдар «тиісті жазаларын» алды да. Мысалы, ҚазТАГ-тың директоры, белгілі журналист, ғалым Жұмағали Ысмағұловты шұғыл қызметінен босатып, қатаң партиялық жазаға тартты. Осы мекеменің фотоақпарат редакция­сы бас редакторының орынбасары М.Венголовскийді партиядан шығарды, хроника бастығының орынбасары Вечеслав Веленжанский мен фототілші Юрий Беккерді жұмыстан қуды. Суретті алғаш жариялаған «Коммунизм туғи» газетінің редакторы Тұрдахун Назаров та жазалау «сыбағасынан» құр алақан қалған жоқ – қызметінен босатып, қатаң партиялық сөгіс берді. Сондай-ақ, «саяси қырағылықтан айрылғаны және газетте оқырмандардың ашу-ызасын қоздыратын идеялық зиянды фотосуреттерді жариялағаны, сөйтіп саяздық көрсеткені үшін» «Жетісу» газетінің редакторы Мамадияр Жа­қыпов жұмыстан қуылып, партиядан аластатылса, «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Сергей Скороходов пен қызметкері Вадим Борейко да қызметтерінен босатылды. Әрине, сол оқиғаға тікелей қатысы бар адамдар үшін бұл суреттің өз алдына жөні бөлек. Өйткені, әр түрлі басшылықта қызмет істеп, зор сенім арқалап жүргенде, аяқ астынан «айыпты» болып, тағдыр тауқыметін бастан кешіру кім-кімге де оңай болмағаны анық. Сол бір сұрқынан зәр шашқан кезең жайында Ж.Ысмағұловтың өзі былайша сыр шертеді: «...Бұл оқиға 1987 жылдың 19 маусым күні болды. Таңертең жұмысқа келіп, енді жұмысқа кірісе бастағаным еді «вертушка» атала­тын Үкімет телефоны сылдыр ете қал­ды. Орталық Комитетінің Идеология бө­лімінен баспасөз секторының бастығы Амангелді Ахметалиев екен. «Жұмеке, Алматы облыстық газеттерінің бүгінгі нөмірлерінде сот процесі жөніндегі ҚазТАГ хабарымен қоса берілген фотосурет қайдан жүр?» – деген сұрақ естілді трубкадан. Мен әлі газеттерді қарап үлгерген жоқ едім. Әдетте, жұмыс күнім баспаханадан әкелген бүгінгі нөмірлерін бір шолып, өз хабарларымызды «түгендеп» өтуден басталатын. Мен соған кірісіп үлгермеген бойда телефон бастырмалатып барады. –Білмеймін, біз ешқандай сурет берген жоқпыз, – дедім мен. –Қараңыз онда, «Огни» мен «Жетісуды». ҚазТАГ-тың фотосуреттері деп жазулы тұр ғой. Бір қолым трубкада, екінші қолыммен газеттерді ашып қарасам, расында да біздің өткендегі хабарымызға қосымша екі фотосурет басылған. Астында біздің фотохрониканың екі қызметкерінің аты-жөні тұр. «Бұл қайдан келді?» деген күдікті оймен: –Жарайды, анықтап, өзім хабарлайын, – дедім де, трубканы орнына қойып, дереу аталған қызметкерлерді шақырттым. Сондағы анықталғаны, осыдан екі күн бұрын, 17 маусым күні республикалық және облыстық газеттерде Желтоқсан оқиғаларына қатысқан бір топ адамдардың «қылмыстық ісін» қараған сот процесі туралы ҚазТАГ хабары жарияланған. Астаналық облыстың екі газеті сол хабарды кешіктіріп, бүгін, 19 маусым күні беріпті. Және, жай бермей, біздің фототілші түсірген фотосуреттермен қоса беріпті. Суретте екі кадр бар: бірінде үкімді жариялап тұрған сот мүшелері, екіншісінде сол үкім жарияланған кезде тік түрегеліп, сымға тартылғандай болып тыңдап тұрған «айыпкерлер». Астында аты-жөндері жазылған. Сөйтсем, 16 маусым күні, сот жүріп жатқанда, ҚазТАГ-тың бір фототілшісі ТАСС-тың тапсырмасымен сот залынан екі кадр түсіріп алыпты да, ертеңіне бильд-аппарат арқылы ТАСС-қа айдапты. Ал, фотохроника бас редакторының орынбасары сол суреттердің бақылау данасын редакция қызметкерлеріне көрсеткен екен, олар дереу сұратып алып, газеттеріне басып жіберіпті... Ертеңінде, күн сенбі, демалыс болса да бюроға шақырылдым. Қасыма бірінші орынбасарым мен фотохроника бас редакторының орынбасарын ертіп ала келу тапсырылды. Мәжіліс кең көлемде шақырылыпты. Астаналық облыстың, қалалық, қалалық аудандардың, БАҚ-тың басшылары түгел осында. Баяндама жасаған ОК-тің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.Устинов менің үстіме бар пәлені үйіп төкті. Ол: «Исмагулов выставил подсудимых героями» – деді. Сонда барып жүрегім зырқ етті. Істің шындап насырға шауып бара жатқанын ұғындым. Өз бастығым – З.Камалиденов баяндамашыдан бетер зіркілдеп кетті. Мен жөнінде бір ауыз араша сөз айтпады. Бір кезде біріншінің өзі сөз алды. Сол кездегі Колбиннің кейпі әлі күнге көз алдымда. Ашуланғанда өңі қып-қызыл болып, даусы қиқылдап, буынып қа­лушы еді. Бұл жолы да дәл сөйтті. Екі қо­лын сермеп сөйлегенде бет-ауызы жы­бырлап, етжеңді мұрнының ұшына дейін селкілдеп кетті. Осының бәрі тегін емес, – деді ол ай­қайлап. – Желтоқсан оқиғасының жар­тыжылдығына орайластыра, әдейі істеліп отыр. Сот процесінің дәл он алтысына тағайындалуында, он же­тінші маусымда сот процесінен хабар жариялануында астарлы мән бар. Әлдекімдер республикадағы жағдайды ушықтыруға мүдделі. Әлдекімдер осыны әдейі ұйымдастырып отыр, – деді тепсіне... Сөзін аяқтай келіп, Колбин мен жөніндегі мәселені талқыға салды. Ешкім мені қорғап бір ауыз сөз айтқан жоқ. Сөйтіп, мен қас қағымның арасында барымнан жұрдай болып айырылып, аласталып шыға келдім». Сол бюроға қатысқандардың айтуынша, сағат 11-де басталған мәжіліс 14.30-ға дейін созылған. Бақандай үш жарым сағат! Айтылмаған сөз, тағылмаған кінә қалмапты. Айыптылар да, айыптаушылар да сөйлеген. Ең көп сөйлеген, әрине, Бірінші хатшының өзі болыпты. Жеке де, басқалармен жарысып та көсілсе керек. Сөйлегендердің адымын аштырмай қақпақылдауы одан да көп болыпты. «Геннадий Колбин сонда ешкімді де аяған жоқ, – деп еске алады, арыстай бес жігіттің қасқайып тұрған осы суретін газетте жариялағаны үшін «айыпталып» жазаға тартылған адам­ның бірі – «Жетісу» газетінің бұрынғы редакторы Мамадияр Жақып. – Менің сөзімді тыңдап тұрып: «Мынау Жақыпов дегенді идеологиялық жұмыстың маңына жолатпау керек!» деп кіжінді. Бұл, әрине, саяси үкім еді. Сонан соң менің сөзім тағы бір ұнамаған кезде: «Ертең елдің бір жерінде студенттер демонстрацияға шығытын болса, сені советтік сот жолымен жазалаймыз!» деп дөң-айбат көрсетті. Мәжілісте Мирош­ник, Камалиденов, Мещеряков ерекше белсенділіктерімен көзге түсті. Олар ұлтаралық мәселені көбірек тілге тиек етіп, қазақтарға қаттырақ шүйлікті. За­қаш Камалиденов менің тәжірибелі журналист екенімді жіпке тізіп айтып, «зиянды суреттерді» білместікпен емес, әдейі бергенімді «дәлелдеп» шықты. Олар ешкімді де тыңдамады, өйткені тыңдағысы келмеді. Бетпақтыққа салынып, ешбір дәлелсіз «сендер осыны әдейі ұйымдастырып, жасадыңдар» дейді. Күйесің бе, күймейсің бе?.. Шындығына келгенде, сол суретті басып, ерлік жасадық дегеннен аулақпын. Бұл суретті қай жағынан алып қарасада, қолдарына түскен соң, әсересе, қазақ газеттері басуға тиіс еді. Суретті дайындаған – ҚазТАГ. Ерлік десек, сыбағаны соларға ұсынайық. Бірақ, бұл сурет оларға да оңай тиген жоқ...Онан соң суретті бірінші жариялаған да біз емеспіз – ол алғаш рет 18 маусымда «Коммунизм туғи» газетінде жарияланды... Ал, «Жетісу» мен «Огни Алатауда» бұл сурет 1987 жылғы 19 маусымда жарық көрді. Сонан соң, бұл суреттің осы үш газетте ғана жарияланғанын айтып өткен жөн. Әңгіме мынада: ҚазТАГ – алдымен желтоқсанға қатысқандарға сот процесі жайында материал берді. Оны көптеген газеттер 18 маусымда жариялады. Ал, облыстық басылымдар сурет кеш түскендіктен техникалық жағдайға байланысты бере алмадық («Коммунизм туғи» газетінің оперативтілігін атап өткен жөн). Келесі күні бұрынғы материалдың мазмұнын қайталап жататын суретті жариялауды жөн көрмеген болар. Рас, кейінірек, сурет жайында айқай шыққанда, оны жарияламаған газеттің кейбір қызметкерлері «бұл суреттің жөнсіздеу екенін» бірден аңғарғандығын айтып, мақтанып жүрді. Ал, біз болсақ, алғашқы күні «Жетісу» газетінің қызметкерлері «Огни Алатау» газетінің қызметкерлерінің өтініші бойынша сот процесі жайында кештеу түскен материалды кейін бірге беру үшін алып қалдық (әріптестер арасында бір-бірінің жайына қарау бола береді). Ал, келесі күні осы сурет қолымызға түсті. Сонда біз басқа газеттерде жарияланған материалды қайталап жатпай, суреттің өзін көрнекті етіп берейік деген шешімге келдік. Кейін маған тағылған айыптың бірі – суреттің өзін ғана беріп, бұрын түскен материалды алып қалғандығым болды. Не үшін сотталғаны толық айтылмаған соң, мына суреттегілер оқырмандарға жазықсыздай әсер қалдырса керек! Енді, бұл суреттің басқа облыстық газеттерде жарияланбауына келсек, олар оны алып үлгермеді. Кейін айқай шыққан соң баспайтыны да белгілі ғой («Ана тілі», 13 желтоқсан 1990 ж; «Егемен Қазақстан», 20 маусым 2007 ж.). Ақыр соңында сол күні Орталық Комитеттің бюро мәжілісінің қаулысы дайындалып, «зиянды суреттерді» түсіртіп, «қоғамда қажетсіз көңіл-күй тудырғаны үшін» ҚазТАГ директоры Ж.Ысмағұлов париялық қатаң сөгіс алып, қызметінен босатылды, М.Венголовский партиядан шығарылды. Ал, «жіберген саяси қателіктері үшін» «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің басшыларын жазалауды Қазақстан Компартиясы Алматы обкомының қарауына тапсырды. Үлкен үйден нақты нұсқау салған обком аянып қалсын ба – жазалауға құлшына кірісті. Әрине, мұндай айып үшін ешқандай кешірім болмайтыны әуелден белгілі еді. Облыстық партия комитеті бюро мәжілісінде де «айыпкерлерді» аяусыз сынға алды. Сөйтіп, қалыптасқан жағдайға байланысты облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің редакциялары 19 маусым күнгі санында Алматы қаласындағы қоғамға жат әрекеттердің белсенді қатысушылар тобына болған сот процесінен ҚазТАГ әзірлеген фотоматериалдарды жариялап, лайықты деңгейде бола алмағанын тілге тиек ете келе, оның идеялық тұрғыдан зиянды, арандатушылық сипаттағы, ұлтаралық қарым-қатынас мәселелерінде қолайсыз қоғамдық пікір тудыруға итермелейтін материал екенін атап көрсетті. Бұл ретте, әсіресе, «Жетісу» газетінің сол кездегі редакторы М.Жақыпов жазалаудың айрықша «сыбағасына» ие болды. Мысалы, оған «саяси саяздық танытып және қырағылық көрсете алмады; сот процесінің мәнін ашып көрсететін «Бұзақылық зауалы» атты мақаланы жариялауға рұқсат етпеген; өз бетінше әрекет етіп, тек қылмыскерлердің суреттерін көлемді етіп берген; бұл олар ауыр қылмыстары үшін емес, тек Желтоқсан оқиғаларына қатысқандары үшін ғана жазаланғандай қоғамдық пікір қалыптастыруға түрткі болған; сонысымен ол облыстың ұлттық және ұлтаралық қарым-қатынас бойынша жүргізіп жатқан жұмысына қарсы саяси қадам жасап, теріс элементтердің ыңғайына кетті» деген айыптар тағылды. Осылайша «саяси қырағылықтан айырылғаны және газетте оқырмандардың ашу-ызасын қоздыратын идеялық зиянды фотосуреттерді жариялауға апарып соқтырған саяздық көрсеткені үшін «Жетісу» газетінің редакторы М.Жақып КОКП мүшелігінен шығарылып, қызметінен босатылды. Ал, «Огни Алатау» газетінің бас редакторының орынбасары С.Скороходов қызметінен кетірілді. Кейінірек өткен облыстық партия комитетінің пленумында әлгі бюро шешімі бірауыздан қолдау тауып, кедергісіз бекіді. Бұл жазбадан не аңғарамыз? Шындықтың әсері кейде жала жауып, жазалағаннан да ауыр болуы мүмкін екен. Мәселен, Желтоқсан көтерілісіне қатысы бар бес жігіттің «қылмыстық ісіне» шығарылған осы сот шешімін әркім әртүрлі қабылдады. Қатал жазаға біреулердің айызы қана қуанғанына да, екіншілерінің қабырғасы қайысып жылағанына да жұрт куә. Ал, мына суреттегі өздеріне қатаң үкім кесіп тұрғандардан именбей қасқайып қараған желтоқсаншыларды көріп, сот шешіміне айызы қанғандардың ызасы қозса, қабырғасы қайысқандардың еңсесі көтерілгені де тарихи шындық. Бұл жерде әңгіме Желтоқсан қаһар­мандарына сот болып, сол сот про­цесінен түсірілген фотосуреттерді жариялағаны үшін біраз БАҚ өкілдеріне қатаң жаза қолдануында немесе қолданылмауында емес, биліктің ең жоғары эшолонында бұл мәселенің төтенше жағдай ретінде қаралуында болып тұр. Айтыңызшы, төтенше жағдай қай кезде жарияланады? Елге қатер төнгенде немесе би­ліктің өзі құрған режимге қандай да бір тосыннан қауіп таяғанда жария­ланады. Яғни, билік басындағылар газеттерде басылған Желтоқсан қаһармандарының суретінен сол кездегі режимге қарсы төнген қандай да бір қауіп-қатерді көргені анық. Оны одан әрі ушықтырмай басып-жаншып тастауға жандарын салды. Қысқасы, Желтоқсан көтерілісіне қатысты репрессиялық машинаның қатаң шараларын сөз еткенде, биліктің ең жоғарғы органында бұл мәселенің төтенше жағдай ретінде қаралуын алдымен еске алуымыз қажет-ақ. Ал, ол өз кезегінде осынау атышулы Желтоқсан – 86 құбылысының мәнін бұдан да тереңірек түсінуге көмектесетіні сөзсіз. Осыдан-ақ қазақ жастарының рухани оянуы мен қайтпас қайсарлығы тоталитарлық билік жүйесін қаншалықты үрей­лендіргенін аңғару қиын емес. Олар жасқазақтардың тасқын судай екпі­нінен шын мәнінде үрейленді, оның бүкілхалықтық тасқынға ұласып, өршіп кетуінен өлердей қорықты. Ол-ол ма, билік Желтоқсан қаһармандарын жазалау барысында, олардың қатаң жазадан қаймықпай қасқайып тұрған суретінің баспасөзде жариялануының өзінен қатты секемденді. Желтоқ­саншылардың тұрысын көріп, содан рухтанған жұрт күтпеген жерден көтеріліп кете ме деп қауіптенді. Сол үрей мен қауіп Орталықты, оның саяси органдарын аяғынан тік тұрғызды. Өйткені, қазақтың арыстай бес жігітінің «қылмыстық ісін» қараған сот әділетсіз үкім шығарған болатын. Оны биліктің өзі де жақсы түсінді. Түсінгендіктен де, халықтың «құлағы мен үні» болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарын тұзақтап ұстау үшін осындай түрлі әрекеттерге баруға мәжбүр болды. Міне, солай. Шындықты ешбір тарих бүркеп тұра алмайды. Күндердің күнінде шындықтың қаймағы қалқып тарихтың бетіне шығады. Осы қағиданы әрдайым есте ұстасақ жөн, одан ұтпасақ ұмытылмайтынымыз анық. Соттар сүттен ақ, судан таза ма? Көтерілістен кейінгі тергеу мен сот отырыстарының барысына көз жүгірт­кенде, ең алдымен ел арасында кең тараған мына бір әңгіме ойға оралады. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі аласапыран кезең. Ереуілшілерді жазалау науқаны басталып кеткен. Қазақ жастарын бір-бірлеп сот алдына әкеліп жатады. Сот: «Алаңда болдың ба?» – деп сұраса, жас жігіт: «Болдым» – депті. Сот: «Атылсын» – деп үкім шығарыпты. Екіншісін әкеліп тағы да: «Алаңда болдың ба?» – десе, әлгі: «Иә» деп жауап беріпті. «Бұны да атып тастаңдар» – депті сот. Алдына үшінші қазақты келтіріпті: «Алаңда болдың ба?» – деп одан да сұрапты. Сонда жігіт: «Жоқ, болғаным жоқ» – деп жауап беріпті. Сот аң-таң кейіпте: «Онда алаңнан алып өтіп, атып тастаңдар!» – депті. Бір қарағанда езу тарттырарлық зілсіз анекдот сияқты, бірақ, астарына үңілсеңіз езуіңізді жия алмай қалатындай сұмдық шындықтың жатқанын байқайсыз. Шын мәнінде, Желтоқсаншыларды жазалау науқанында нағыз масқара сот процестерінде жүзеге асты. Сот мүшелерінің қаныпезерлігі кейбір тұста тергеушілерден де асып түсіп отырды. Мысалы, мемлекеттік айыптаушы желтоқсаншы М.Асанбаев үшін 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының мүшесі М.Төлегенов оған өз бетінше наразылық танытып, М.Асанбаевқа «істеген қылмысы» үшін 10 жылға үкім кескен. Жылайсың ба, күлесің бе? Не десек те «қазақ ұлтшылдығын» жа­залау науқанында адам миына сыймайтын мұндай сорақылықтар мен асыра сел­теулердің аз болмағаны белгілі. Олай болса, ереуілшілерді жазалау шараларын қалайша және кімдер жүзеге асырды деген сұраққа жауап іздестіріп көрейік. Жасыратыны жоқ, жаңа басшымен бірге ілесе келген басқару аппаратының салған лаңы аз болмағаны белгілі. Желтоқсан құ­былысына «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп баға берілуі мұң екен, жер­гілікті ұлт жастарын қудалау, қатаң жазалау науқаны басталды да кетті. Шерушілерді басып-жаншып тарқату, одан кейінгі кезеңдегі жөнді-жөнсіз жала жауып ұстау, тергеу жүргізу, соттау, түрмеге жабу барысында жаңадан сайланған Қазақ КСР КП Орталық Комитетінің бірінші басшысы Г.Колбин бастаған әскери-партиялық штаб (Оның құрамында КСРО Ішкі министрінің бірінші орынбасары генерал-полковник Б.Елисов, КСРО Бас Прокурорының орынбасары О.Сороко және КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ф.Бобков кірді – Б.Ш.) барлық дерлік саяси шешімдерді өз беттерінше қабылдап отырды. Расы ол кезде Саяси Бюро мү­шелерімен келіспей бірде бір саяси шешім қабылданбайтын. Ендеше, әлгі төрт адамнан тұратын әскери-партиялық топ саяси шешімдерді қалайша өз беттерінше қабылдап отырған? Оларға мұндай жауапты іске мүмкіндік берген кім? Зерттеу көрсеткендей, әлгі әпербақан әскери-партиялық топқа мұндай мүм­кіндікті жасаған КОКП Орталық партия комитеті Саяси Бюросының өзі екен. Қазақ астанасындағы дүрбелеңге байланысты 1986 жылы 18 желтоқсанда шұғыл түрде Саяси Бюроның мәжілісі шақырылып, Брежнев атындағы алаң­да болып жатқан оқиғаға бірден «бұ­зақылар мен тонаушылар жасап жат­қан ұлтшылдардың әрекеті» деген құ­қықтық баға беріп қана қоймай, шеруге қатысқандарды жазалаудың алғашқы шараларын да белгілеп үлгерген болатын. Осылайша, олар алаңда болған адамдардың адамгершілігі мен бостандығын, абыройы мен тұлғалық құндылығын аяққа таптады. Жалпы, мұндай шешімді тек сот қана шыға­ратынын біле тұра, Саяси Бюро соған әдейі барды деуге негіз бар. «КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1986 жылғы 18 желтоқсандағы 45-мә­жілісінен үзінді: Алматыдағы жағ­дайларға байланысты шаралар туралы» деп аталатын сол құжаттың көшір­месі шұғыл түрде шифротелеграмма арқылы «Г.В.Колбиннің өзіне» деген құпия штамппен жіберілді. Құжатта көрсетілген шаралар 6 тармақтан тұрады: төртеуі ұсыныстық, қалған екеуі нұсқау ретінде жолданыпты. Мысалы, аталған шараның 2-ші тармағында: «Жағдай шиеленіскен жағдайда әскери құрылымдарды пайдалана отырып, Алматыда коменданттық сағат енгізу қажет деп санаймыз. Орталық Комитеттің Сая­си Бюросы мә­жі­лісіндегі пікір алысуды ескере отырып, Алматыда коменданттық сағатты енгізу үшін қажетті шаралар­ды қысқа мерзім ішінде жүргізу жөнінде КСРО Қорғаныс министрлігіне тапсырма берілсін» делінген. Осы құжаттың 4-ші тармағында былайша нұсқау берілген: «Қала халқы болған оқиға жөнінде жүйелі түрде ақпаратпен қамтамасыз етілсін. Болған оқиға кейбір адамдардың ұлттық пиғылымен байланысты деген түсініктеме жүргізілсін». Мінеки, «қазақ ұлтшылдығы» туралы аңызды ойлап табу мен желтоқсаншыларды аяусыз жазалау жөніндегі мәселенің қайдан шыққаны осыдан-ақ белгілі болады. Осылайша, шектеусіз өкілетті нұсқау алған Колбин мен әскери-партиялық топ дереу іске кірісті. Олар өздеріне бағынышты құқық қорғау органдарынан жоғарыдан түскен нұсқауларды бұлжытпай орындауды талап етті. Мұның өзі соттарға тікелей қысым жасау шараларына әкеп соқтырды. Осы іс-қимылы арқылы олар сол кездегі республиканың негізгі заңында көрсетілген «соттар мен халық заседательдері тәуелсіз және тек қана заңға бағынады» деген 155-бапты бұзғанын өздері де аңғармай қалған сияқты. Ал, сол кездегі судьялар мен заседательдердің бәрі партия мүшесі болғандығын ескерсек, онда олар партия тәртібін сақтай отырып, Конституция баптарынан гөрі Желтоқсан көтерілісіне баға беріп үлгерген Саяси Бюроның нұсқауын бұлжытпай орындайтыны айдан анық еді. Осы жерде Қазақ КСР Юстиция министрінің бірінші орынбасары И.Тетеркин мен республика прокурорының орынбасары А.Ефимов сияқты «шаш ал десе, бас алудан» тайынбайтын жергілікті атқамінерлердің бұл қанды істе ерекше белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Жүздеген жас ғұмырлардың болашағын тас-талқан еткен «Құйын» операциясының жалғасы ретінде жүргізілген жаппай жазалау науқанының рекордтық өте қысқа мерзімде аяқталуын қамтамасыз еткен нақ осы екеуі болатын. Себебі, прокуратура, юстиция, сот органдарының бірінші басшыларының ұлты қазақ болғандықтан да мәскеулік эмиссарлар оларға сенімсіздікпен қарады. Жалпы, сол кездегі жергілікті ұлттың арасынан шыққан жоғарғы лауазымды басшылардан бірде бір адам жоғарыда атап өткен саяси шешім қабылдайтын топқа қатыстырылмағаны да көп ойға жетелейді. Өйткені, сыртқа сездірмесе де олардың қазақ басшыларынан қатты қауіптенгені анық. Оны мына әрекеттен де аңғаруға болады: Мысалы, Желтоқсанға қатысты қылмыстық істерді тергеуге тікелей жетекшілік жасау Тергеу басқармасының бастығы, республика прокурорының орынбасары А.Мызников пен Тергеу бөлімінің бастығы В.Волтуновқа жүктелді. Ал, заң орындарымен арадағы байланысты үйлестіріп, соңғы мәліметтерді штабқа жеткізіп отыру міндеті ОК әкімшілік бөлімінің бастығы В.Ефимовтың еншісіне тиді. Осылайша, жан-жақтан қысымға алынып, ең жоғарғы инстанцияның бақылауына іліккен жергілікті тергеушілер мен сот мүшелері тыпыр ете алмады. Олар әділетсіздіктің небір сорақы түрлеріне көз жұмып қарауға мәжбүр болды. Әрине, жаңа келген басшының нені көздеп отырғанын қырағылықпен сезінгендер де болмай қалған жоқ. Оны сезінген кейбір әділет сақшылары көзге түсіп қалу үшін қандай құйтырқылықтарға бармады десеңші!.. Бұл тұрғыдағы бәсекеде бір-бірінен асып түспесе, көпшілігі одан кем қалмады. Ең сорақысы, мұндай сорға біткен сормаңдайлар жергілікті ұлт арасынан шыққан басшылар арасында да кездесті. Оның үстіне олар аз да емес еді. Мұны неге тәптіштеп отырмын? Себебі, қатардағы қарапайым жұрт жоғарғы эшалондағы сыртқы-ішкі ахуал, олардың билік жолындағы құйтырқы күресі мен тартысы, халықпен «мысық-тышқан ойыны» туралы аса құпия іс-әрекетінен бейхабар, әрі одан ісі мүлде алыс жатар еді. Әрине, әділет сақшыларының бәрі бірдей көкірегі көр соқыр болды десек қателесеміз. Өтірігі судай сорғалаған шала істің біреуін (А.Шабаров пен К.Есімбаевтың істеріне байланысты) қатты сығымдап, сілкіп-сілкіп қайта тергеуге жіберген Алматы қалалық соттың мүшесі К.Жүнісовтің соңына жандайшаптар шам алып түсті. 1987 жылдың 19 қаңтарында Алматы қалалық сот төрағасының кеңсесінде шұғыл өткізілген кеңесте И.Тетеркин «істі аяғына дейін жеткізбегені және саяси қырағылық танытпағаны үшін» К.Жүнісовке қатаң сөгіс жариялап, «60 және 65-ші баптармен жауапқа тартылғандардың бірде бір ісі қайта тергеуге жіберілмесін, айыпкерлер қатаң жазалансын» деген нұсқау берген. Осыдан кейін-ақ тергеушілер мен соттарға шегінетін жердің қалмағаны рас еді. Сол нұсқау бойынша не тиісті үкім шығарасың, не өзің қуғынға ұшырайсың. Егер, сол кездегі тергеу мен сот процестерінің барысына мұқият талдау жүргізетін болсақ, онда жазалау әдістерінің бір-біріне егіз қозыдай ұқсастығын аңғарар едік. Осы жағдай туралы БАҚ неге бір жақты көрсеткен? Неліктен әділін талдап жазбаған? Себебі, бесенеден белгілі – егер бұқара халық нағыз шындықты білетін болса, онда ең алдымен «бір топ бұзақы маскүнемдер мен нашақорлар, арамтамақтар және басқа да қоғамға жат адамдар тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетті», «Қазақстан еңбеккерлері Пленум шешімдерін бірауыздан мақұлдады» деп жалған ақпарат таратқан ТАСС-тың өтірігі ашылар еді. Сөйтіп, ойдан шығарылған жалған аңыздарды ұйымдастырып, оларды жұртқа та­ра­туға бұйрық беруге қатысқан гор­бачевшілер мен колбиншілердің дайындаған шоу-спектакльдерінің күлі көкке ұшар еді. Содан кейін не болар еді? Әрине, беделден жұрдай болып айы­рылар еді. Тоталитарлық билік үшін ең қорқыныштысы да, қауіптісі де осы болатын. Сондықтан да, шеруге шыққан жастардың іс-қимылын олар қалайда «барып тұрған ұлтшылдық» деп бағалап, оған қатысқандарды «қылмыскер» ретінде жазалауға жандарын салды. Сөйтіп, әміршіл – әкімшілік аппараты жазалау органдарынан жасқазақтарға қарсы аяусыз күрес жүргізіп, қатаң жаза тағайындауға шақырды. Осыдан барып жастарға нақақтан жала жабу, қалайда «айыбын мойындату» үшін өрескел заң бұзу әрекеттеріне барды – күш көрсетіп, соққыға жықты, ауыздарына келгендерін оттап, балағаттады, басқа да неше түрлі сұмдық құйтырқылықтарға барды. Осы ретте бір мысал. Көтеріліс барысында қанша адам тұтқындалып, оның қаншасына қандай жаза қолданғаны туралы мәлімет осы күнге дейін нақты емес. Өйткені, құқық қорғау орындарының ресми құжаттарында өзара «келісім» жоқ. Мәселе мынада – прокуратура дерегі бойынша тұтқындалғандардың жалпы саны – 2400, Ішкі органдарында – 2336, ал, МҚК-нің дерегінде - 2212 адам дейді. Осы деректерді Коммиссияның мәліметімен салыстырсақ, құқық қорғау органдарының тағы бір өтірігі алдыңнан шығады. Себебі, Комиссия қортындылары бойынша, тұтқындалғандардың жалпы саны 3115 адамға жеткен. Енді Желтоқсаншылардың қалай жазаға тартылғаны туралы Комиссия қортындысында көрсетілген мәліметтерге кезек берейік. Партия қатарынан – 55, комсомолдан – 758 адам шығарылса, 210 коммунист партиялық, 1164 БЛКЖО мүшесі комсомолдық жаза алған. Бұдан басқа 707 адам әкімшілік жолмен жазаға тартылса, 1400 адамға тәртіп қорғау органдары тарапынан қатаң шара қолданылған. Желтоқсаншылардың 99-ы Қазақ КСР Қыл­мыстық кодексінің 60-шы және 65-ші баптары бойынша бас бостандығынан айырылған. Соның ішінде 76-сы ер жігіттер болса, 23-і әйел кісілер. Ұлттық намыс үшін бас тіккен 76 ер жігіттің 2-уі өлім жазасына кесілсе, 73-іне әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылған. Оның екеуі 15 жылға, біреуі 14 жылға сотталса, 31 адам 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім етілген. Ал, 23 қызғалдақтай қыздардың 20-сы әртүрлі мерзімге сотталса, 3-еуіне еңбекпен түзеу жазасы тағайындалған. Оның ішінде Қазақ КСР Жоғары Соты – 11, Алматы қалалық соты – 59 адамға үкім шығарған, қалғандары облыстық сот органдарының еншісіне тиесілі екен. Ресми орындардың келтірген осы деректеріне қарап отырып денең түршігеді, жүрегің сыздайды. Адам тағдырын осыншама тәлкекке салған, ойыншыққа айналдырған соттардың іс-әрекетіне қат­ты қынжыласың. Әрине, ешкімнің басына бермесін деп тілейік, дегенмен осылардың орнына өзімізді қойып бір сәт ойланып көрейікші, қандай көңіл-күйде болар екенбіз?.. Шектен шыққан мұндай қатыгездікті түсіну оңай емес. Бұл – халықтар достығын насихаттап отырған Мәскеу метролитетінің өз беделін сақтап қалу жолында басқаны құрбандыққа шалу әдісінің бір түрі ғана болатын. Басқасы-басқа, бірақ жаппай тәртіпсіздіктер үшін ату жазасына кеседі деген ой ешкімнің басына келмегені анық. Дерек дегеннен шығады, мына бір тұста ресми орындардың келтірген ақпаратына сенер-сенбесіңізді білмей тағы да күдікпен қарауға тура келеді. Неге десеңіз, сотталған желтоқсаншылар туралы ресми адамдардың келтірген деректері бір-бірімен қабыспайтыны былай тұрсын, тіпті, бірінің айтқанын бірі теріске шығарады.Мысалға жүгінейек. 1991 жылғы 12 желтоқсанда ҚР Пре­зидиумының «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығы шықты. Осыған орай сол кездегі Мемлекеттік кеңесші Ю.А.Хитрин ҚазТАГ-тың тілшісіне берген сұхбатында «Қылмыстық істер бойынша сотталған 102 адамның 74-і ақталды, Ал, 28 айыптау үкімі күшінде қалдырылды, бірақ олардың көпшілігінің жазасы аңағұрлым қысқартылды» деген түсінікті («Социалистік Қазақстан», 14 желтоқсан 1991 ж.) алға тартқан болатын. Назар аударыңыз: сонда сотталған желтоқсаншылардың саны 99 емес, 102 адам болып шығып отыр емес пе? Ал, парламенттік Комиссияның тең төрағасының бірі, көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев бұл деректі 105 адам деп көрсеткені есімізде. Сонда бақандай 3 (немесе 6) желтоқсаншы неге тізімге енбей қалған?.. Міне, ресми және бейресми ақпараттар арасында бір-біріне сәйкес келмейтін, керек десеңіз адамды адастыратын мұндай деректер аз емес. *** Мынадай бір нәрсені айтпай кетсек арымызға сын. Желтоқсан көтерілісі кезіндегі «жаппай тәртіпсіздік» ұлтшылдық сипат алмаса да, кейін жаппай жазалау ұлттық реңк алды. Мысалы, алаңдағы ереуілшілерге тосқауыл ретінде қойылған ішкі істер қызметкерлерінен бастап, «тәртіп бұзушыларды» аулаушылар, құрықтаушылар, тергеу жүргізушілер, «қылмыстық істі» қарап, үкім шы­ғарушылар, яғни, бұл оқиғада жазаға тартқандар да, жазаға тартылғандар да негізінен қазақ ұлтының азаматтары болды. Осыны кездейсоқ дегенге кім сенеді? Бұл – сонау ертеден келе жатқан «жабайыларды – жабайылардың қолымен тұншықтыру» империялық саясатының осы заманға лайықталған түрі екендігіне ешкімнің дауы болмаса керек. Тағы бір жайт. Көтеріліс барысында, одан кейінгі кезеңде де тәртіп бұзу оқиғалары құқық қорғау мекемелері мен тәртіп сақшылары тарапынан да жіберілгені мәлім. Оны айтасыз көпшілік арасындағы бүлікті пайдаланып, қылмыс жасаған, өз арам пиғылын жүзеге асырған тәртіп сақшылары да болмай қалмады. Бірақ, тәртіп сақшылары тарапынан жасалған бірде-бір қылмыстық іске тиісті жаза қолданылған жоқ. Мұны қалай түсінсек болады? Осы жерде көптен мазалап жүрген ойымды айта кетудің реті келіп тұр. Жарайды, жастар алаңға шықты дей қояйық. Олардың ет қызуымен тас лақтырғанын, таяқ жұмсағанын, көп нәрсені бүлдіргенін мойындайық. Бірақ, алаңдағы қырқысты, қырылысуды бірінші болып демонстранттардың бастамағанын қалай жоққа шығарамыз?.. Шығара алмаймыз. Сол бір қалыптасқан қиын жағдайдан бейбіт жолмен шығудың ретін табуға болмас па еді? Болатын еді. Есесіне алаң тас түйін қоршауға алынып, ереуілшілерге қарсы мұздай қаруланған әскер қойылды, су шашылды, шоқпар жұмсалды. Мұның өзі жастарды заңға қарсы іс-қимыл жасауға мәжбүр етті. Мәжбүр еткенде қандай! Жаппай тәртіпсіздік осылай басталды. Бұдан кейін бейбіт шеру сапер күрегі мен қызметші иттерді, бронды техниканы пайдалану арқылы қатыгездікпен басып-жаншылды. Өзін дүлей күш бас-көзге қарамай ұрып, тепкінің астына алып жатса, қорғануға, қорғану барысында қарсы күш жұмсауға жастардың қақысы бар ма, жоқ па?!. Тәртіп сақшыларына қорғануға, қорғану барысында қарсы күш жұмсауға болады екен де, жастарға қорғануға болмай ма? Сотта ол неге назарға алынбаған? Шындап келгенде кінә ең алдымен су шашқан, шоқпар жұмсаған, аузына ақ ит кіріп, қара ит шыққан, сөйтіп арандатқан адамдардың мойнына қойылып, солар жауапқа тартылуы керек емес пе?!. Ресми дерек бойынша, алаңда екі адам қаза болған делінеді. Біріншісі – телерадио орталығының қызметкері, жасақшы С.Савицкий болса, екіншісі Энергетика институтының студенті Е.Сыпатаев. Алайда, құқық қорғау органдары жасақшының өліміне қатысты «қылмыстық істі» ашады да, дәл сондай жағдайда опат болған Е.Сыпатаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс сол бойы ашылмайды. Түк болмағандай жылы жауып қоя салады. Оны өлтірген қанішер сол бойы іздестірілмеген, тіпті іздеуге әрекет те жасалмағанын қалай түсінуге болады? Әділет қайда? Заң неге жұмыс істемеген? Айтпақшы, жасақшы С.Савицкий не үшін өлім құшты? Ресми орындар оны ауызға да алғысы келмейді. Неге? Өйткені, оның не үшін өлім құшқанын айтар болса, оған айыпты адамдардың кінәсі ашылып қалатынын жазалау аппараты жақсы білді. Негізі ол жасақшылардың ішіндегі ең белсендісі болып, қазақтың қаршадай қыздарын қуып жүріп, шашынан сүйреп, аяусыз ұрған, тепкілеген. Оны көрген намысшыл жігіттер оны сол жерде өлімші қып сабап кеткен. Бірақ, оның өліміне қатысы бар деген бес жігіттің оған ешқандай қатысы болмай шықты. Сол сияқты адам өлтіргені үшін ату жазасына кесілген Қ.Рысқұлбековтің де бұл қылмысқа еш қатысы болмаған. Алайда, қайсар жігіт кінәсі болмаса да, жаналғыштардың құрған құрығынан құтыла алған жоқ. Оны өз камерасында асылып қалған жерінен тапты. Құзырлы орындар оған «өзін-өзі өлтірген» деген анықтама қойды, әрине. Бірақ, Қайраттың өзіне өзі жайдан-жай қол көтермегені белгілі бола тұра, бұл істі де түк болмағандай жылы жауып қоя салды. Ал, Қайратты жақсы білетін туыстары «оның өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес» дегенді айтады. Ендеше, жас жігіттің өліміне қатысты қылмыстық іс ашылып, оған кінәлі қанішерлер неге іздестірілмеген? Оның өзіне өзі қол жұмсау фактісі неліктен көңілде көп күмән тудыра береді?.. Бұл фактілерді тізіп көрсетуіміздің өзіндік себебі бар. Ол қандай себеп дегенге келсек, мынаны айтамыз. Уақыт өте келе ұлттық намысты ту етіп көтеріп алаңға шыққан Желтоқсаншылардың іс-әрекеттерінде ешқандай қылмыстық құрамның блмағаны, олар дәлелсіз, әді­летсіз сотталғаны жайында кәуесет шыға бастады. Көп кешікпей әлгі әңгіме шындыққа айналып, Желтоқсаншылар бірінен соң бірі ақталып, түрмеден босай бастады. Міне, осы кезде жастарды аяусыз жазаға тартуға бұйрық және нұсқау бергендер өздеріне тықыр таяғанын сезіп: «репрессияны аяқтағандар – соттар! Сондықтан, сұрау да солардан болу керек» деп ұялмай-қызармай барлық айыпты құқық қорғау органдарына аудара салмақ болды. Ал, өздері сүттен ақ, судан таза болғысы келген. Расында да солай ма еді? КОКП ОК Саяси Бюросы, Қазақ КСР КП Орталық Комитеті, Үкімет мүшелері, одан басқа да түрлі дәрежедегі партия органдары мен жекелеген лауазымды басшылардың бұл қылмысқа түк қатысы жоқ па? Қатысы болғанда қандай!.. Қалай дегенде бейбіт шеру түрінде басталған оқиғаның кенеттен ушығуына, ақыр аяғында оның ауыр сипат алуына басты кінәлілер – сол қажетті шақта саяси айтыс­тан қашқақтаған, нақты жағдайда біліксіздік танытқан, істің байыбына бармай, теріс шешім қабылдаған, кейін партиялық-мемлекеттік жүйенің жазалау аппаратын іске қосқан партия мен үкімет шенеуніктері болды – оған ешкімнің күмәні болмауға тиіс. Дегенмен, бұл жайт «репрессияны аяқтаған соттардың» кінәсіз еместігіне кепіл бола алмайды, тек сол кездегі басқа да жазалау органдары сияқты әкімшіл-әміршіл әскери-партиялық системаның құрбаны болғандығының бір көрінісі екендігіне мысал бола алады. Егер, мәселеге осы тұрғыдан келсек, желтоқсаншылардың ісіне қатысты соттардың әрекетіне түсіністікпен қарауға мәжбүрміз. Жел­тоқсаншылардың «қылмыстық ісін» қарап, әділетсіз үкім шығарған судьялар «уақыт солай болды» деп бар кінәні уақытқа аудара салып, өздері сүттен ақ судан таза болғысы келетіндігінің астарында осы мәселе жатыр. «Жоғарғы органдардың қысымына төтеп беру мүмкін болмады, БАҚ-тың пікіріне құлақ астық, жаңылдық, жаза бастық» дейді олар. Мысалы, Жоғары Соттың төрағасы Т.Айтмұхамбетов «Жазалауды сот ақтайды деген бос сөз. Іс жүзінде бәрі керісінше. Іске қосылған жазалау машинасын тоқтату мүмкін емес еді» десе, Республика прокуроры Ғ.Елемесов демонстрацияға шыққан қазақ жастарын «экстремистер, ұлтшыл элементтер» деп атап, тәртіп сақшыларының іс-әрекетінен ешқандай қылмыстық іс көрмегенін айтып, өз кінәсін өмірінің аяғына дейін мойындамай өтті. Шамасы, олар осылайша жауапкершіліктен құтылып кетеміз деп ойлайтын болуы керек. Бірден айтайық, бұлары бос сөз. Өйткені, түрлі дәрежедегі партия органдары не жекелеген басшылар жазбаша, не ауызша түрде құқық қорғау мекемелеріне (ІІМ, МҚК, Прокуратура, Қорғаныс министрлігі) әлдеқандай нұсқау, бұйрық беруге, не орындауға міндеттілігі ешбір заңда көрсетілмеген. Бұл – бір. Екіншіден, соттар шешім қабылдағанда, үкім шығарғанда лауазымды басшылардың нұсқауы басшылыққа алыну міндеттілігі туралы мәтін де еш жерде жазылмаған. Сотқа ең бірінші адам тағдырын шешу жауапкершілігі жүктелген. Ал, адам тағдырымен ойнауға болмайтынын олар білмеді емес, білді. Сондықтан, соттар шешім қабылдағанда істің жағдайын, айыпталушылардың жеке басын және өздерінің ар-ұятын басшылыққа алу керек еді. Ішкі сеніміне жүгіну керек еді. Қалай десек те, сот заңды бұрмалауға, адам құқын таптауға, біреудің нұс­қауымен асыра сілтеуге, қысқасы «саяси интригалардың» ойыншығына айналып, заңға қарсы әрекет жасамауы тиіс болатын. Алайда, әділетті көздің қарашығындай сақтауы тиіс сот өз ішкі сеніміне сатқындық жасап, әділетсіз үкім шығаруға жол берді. Сөйтіп, заңсыздыққа белшесінен батты. Енді, сол жазықсыз істі болғандардың денсаулығын, моральдық құқын, тәлкек болған тағдырын кім қалпына келтіреді? Керек десеңіз, жастарды жазалауға қатысқандар осы күнге дейін адам құқы мен бостандығын таптағандарын, сау адамды ауру қылғандарын, өзіне мойынсұнбағандарды жаншып-төс­тегендерін мойындағысы келмейді. Мойындағысы келмейтіні былай тұрсын, көпшілігі баяғы жендеттік көзқарасынан бас тартқан жоқ. Олай болса, жоғарыда аты аталған лауазымды адамдармен бірге «қазақ ұлтшылдығын» жазалауда белсенділігімен көзге түскен Қазақ КСР Юстиция министрінің бірінші орынбасары И.Тетеркин, Қазақ КСР Бас прокурорының орынбасары А.Ефимов, Тергеу басқармасының бастығы А.Мызников, тергеу бөлімінің бастығы В.Волтунов, тергеу тобының бастығы А.Дубаев, тергеушілер С.Державецкий, А.Г.Егоров, В.Губенко, И.Кравцов, К.Кельниченко, Н.Колоянов, сондай-ақ Жоғарғы Соттың мүшелері Е.Грабарник, Р.Юриенко, В.Пономеров, Л.Башаримова, Н.Нұрбаев, Р.Оспанова, С.Райбаев, М.Төлегенов, Алматы қалалық сотының төрағасы А.Есенжанов, оның орынбасарлары Е.Канаданов, Ж.Елубаев, мүшелері Р.Ыдырысова, Н.Ақынова, К.Қайырбеков, М.Мамыров, бұдан басқа облыстық соттың төрағалары мен мүшелері бар – айыптары дәлелденген жағдайда жауапкершіліктен жалтарып кетпеуі тиіс деп тапқан Комиссия шешімдері әлі күнге күн тәртібінен түскен жоқ.Желтоқсанда жастарға нақақтан жала жауып, ұлтаралық араздықты тұтатқан, азаматтардың Конституциялық құқы мен еркіндігіне шектеу қойып, оны қазақ халқының бостандық сүйгіш рухын жоюдың құралына айналдыруды мақсат еткен саясаткерлер, үкімет мүшелері, жалақорлар, тергеушілер, судьялар заң алдында да, ар алдында да басқалармен бірдей жауап беруі тиіс. Қалай дегенде жасалған қылмыс жазасыз қалмауы керек. Бұл жалғыз менің тілегім емес, еркіндікті сүйетін, бейбіт өмір сүруді қалайтын бүкіл бұқара халық пен барлық демократиялық күштердің қалауы. Алайда, соңғы кезде менің мазамды алып, дегбірімді қашырған сұрақтардың дені басқа: Жазалаушылар сол өздері істеген істеріне өкіне ме екен, өкінбес пе екен?.. Қасақана жала жапқан, күш көрсетіп мойындатқан, көпекернеу жалған үкім шығарып соттаған жігіттердің елесі түсіне кіре ме екен, кірмес пе екен?.. Кінәсі дәлелденбеген, бірақ жазықты атанған жігіттердің бетіне қай бетімен қарайды екен?!. Өздерінің ар-ұяты алдында кешірім сұрап, тәубеге келді ме екен, келмеді ме екен?!. Мысалы, жалған куәлік берген, жала жапқан, жалған сөйлеген Телерадиоорталықтың сол кездегі қызметкерлері Я.Гирин, С.Рыжкова, Дарюшина, Валияева, милиция майоры И.Зимулькин, жалған сөйлеген Э.Доспанов, Стамқұлов, тағы басқалар қайда екен? Сол кездегі өздерінің істеріне өкініш білдіре ме екен, жоқ па екен? Кейін белгілі болғандай Телерадиоорталықта техника бөлімінде істеген С.Рыжкова «үш әріптің» осы мекемедегі «жансызы» қызметін қоса атқарыпты (Сол бір жылдарда. Қ.Ағыбаев., «Түркістан»). «Қазақ ұлтшылдығын» жазалаудың ақыры:Біз бір нәрсені ерекше ескеруіміз қажет – адамға жала жауып, жанын жаралау оңай, сол жараны жазу қиын. Тарихшылардың Желтоқсан көте­рілісі басып-жаншылғаннан кейінгі кезеңді «кіші 37-ге» теңеуі тегін емес. Он екіде бір гүлі ашылмаған талай жас ғұмыр әпербақан солдаттардың табаны астында аяусыз тапталғаны өз алдына, одан кейін де жөн-жосықсыз жала жабылып, жапа шеккендерде есеп болмады. Көптеген азаматтар құқық қорғаушылардың қорлығына, психологиялық қысымына шыдай алмады – сағы сынды, рухы түсті, мүгедек болып қалды, моральдық ауыр соққыға ұшырады. Қаншама жастардың ұлттық намысы мен абыройы аяқ асты болды. Асығыс шешім, ағат қадам қаншама қиянат, қаншама қасірет әкелді. Ұрандап басталған ұрда жық шешімдерден қаншама азаматтар азап шекті. Сол жүрек сыздатқан жылдардың өтеуін немен қайтарамыз? Кім қайтарып береді оны бізге?.. Рас, ол кезде Г.Колбин бастаған жазалау аппаратының көз алдына кілең бір «бұзақылар», «нашақорлар», «экстремистер», «исламистік ұлтшылдар» елестейтін. 1987 жылы қаңтарда және наурызда өткен Қазақстан Компартиясы ОК пленумдарында, сол жылы болған Қазақстан комсомолының ХVІ съезінде, Қазақстан журналистерінің VІІ съезінде, тағы басқа жиындарда дәйексіз, жалған сөйлеп, Желтоқсан көтерілісіне байланысты трагедияның себебі мен салдарын жастарға, қазақ халқының зиялы қауым өкілдеріне, одан қалса республикадағы интернационалдық тәрбиенің тым артта қалғандығына аударуға тырысты. Оның ауызы «ұлттық элемент», «ұлттық алауыздық», «ұлтшылдық пиғыл», «экстремист ұлтшыл», «қазақ ұлтшылдығы» деген сөздерден босамады. Ол кезде мұндай сөздердің басқа емес, бірінші басшының аузынан шығуы қоғамға кесілген (сөз қазақ қоғамы туралы болып отыр!) саяси үкім сияқты әсер ететін. Аяғы не болды – адам жүрегі айнитындай зобалаңға әкеп соқтырды. Осы жерде елемей кетуге болмайтын бір бейшаралық жөнінде айтып өтейік. Сол күндері қазақ интеллигенциясы, оның ішінде жоғары лауазым иелері өздерін қалай ұстады? Көтеріліс кезінде, одан кейін жүргізілген жаппай репрессиялық жазалау науқанында да бірде бір лауазымы жоғары қазақ басшысы жастарды қорғап, дүлей күшке қарсы шықпады. Тіпті, жағдайды түсіндіруге де әрекет жасаған жоқ. Арашаға түсуге мүмкіндігі бола тұра, оны істемеді. Қайта шенеуніктер қудалау, жазалау науқанында белсенді қатысып, халық мүддесі мен абыройын шімірікпей сатып жаңа биліктің алдында жарамсақтаумен болды. Тәртіп сақшылары тарапынан жіберілген заңсыздықтарды көре-біле тұра, оған арашаға түсуді қажет деп таппады, соның кесірінен қаншама жас азаматтардың тағдыры тәлкекке айналды. Халықтың ары мен абыройы саналатын интеллигенция өкілдері, идеолог – ғалымсымақтар БАҚ құралдары арқылы биліктің жолбикесі қызметіне жарыса араласып кетті. Ызаң келе ме, келмей ме?.. Ең өкініштісі – ел сенім артқан сол шенеуніктер мен интеллигенция өкілдері әлі күнге дейін Желтоқсан синдромынан айыққан жоқ. Сол бір үрей құрсауынан шыға алмаған олар Желтоқсанға байланысты мәселеден өздерін аулақ ұстағанды қалайды. Бұл жерде айтылуға тиіс басты нәрсе, жоғары лауазымда отырған, ел сенген, үміт артқан, әділдік күткен ел ағаларының жалтақтығы, екіжүзділігі, немқұрайлығы, азаматтық принципінің жоқтығы көп ойға жетелейді. Олар өздеріне керек кезде ғана отаншыл, өз елін, өз жұртын, өз Отанын жеке мүдде тұрғысынан ыңғайлы кезде ғана сүйе алады екен де, былайғы кезде, яғни өзіне «қажет» деп таппаған кезде оны сүюді міндетім деп есептемейді, екіжүзділікпен айналып өтіп, не бұғып қалып отыруға болады деп ойлайтын сияқты. Көтеріліс кезінде болсын, одан кейін де, бүгінгі күні де жоғары шенділердің көп бөлігінің үнсіз болатын себебі сондықтан. Ол-ол ма, Желтоқсанды қанға бөктіруге қатысқан кейбір шенді шенеуніктеріміз «жараның аузын тырнамаңдар», «өткенді қазбаламаңдар», «болғанды қаузай бергенде не шығады?» деген сыңайда ой айтып жүр. «Желтоқсандағы жазалау туралы көп айтасыңдар. Жөпелдемеде кімнің қолынан не келді, кімің барып арашаға түсе алды жастарға? Зауалды шақта көбің-ақ ықпадыңдар ма, үрейден тізелерің дірілдеп бұқпадыңдар ма? Тіпті, сол саясаттың сойылын соққан қазақ басшылары қаншама?!. Шындап келгенде, біз кеңшілікте батырмыз, күжірейіп шығамыз, ал саясат аунап түсіп, апшысы қуырылар болса талай мен дегендеріңнің сыр беріп қалатыны өтірік пе? Саясат – ағаш ат, ол шаршы алаңға шыққанда талайды бір тарының ауызына сыйғызып жіберетінін дәлелдеп келеді. Сондықтан, қопаңдамай жайларыңа жүріңдер», – деп қоқан-лоқы көрсеткен өзін зиялы есептейтін бір ықпалды кісінің сөзі әлі жадымызда ине болып қадалып тұр. Ең келеңсізі, жастарға арашаға түспегені былай тұрсын, көптеген азаматтардың тағдырына қауіп төндірген сондағы белсенді басшылар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері әлі күнге дейін сол «жылы орындарын» суытпағаны қайран қалдырады. Сол бір күндері қаншама адам жазықсыздан жазықсыз қиянат көрді, түрмеде жатты, моральдық азап шекті. Оның бәрі құжаттарда қаттаулы, оны ешкім ешқайда алып кеткен жоқ. Бірақ қоғамда ылғи да осы – көзбояу. Бір жағын көтергенсиміз – той жасаймыз, медаль үлестіреміз, құрмет көрсеткен боламыз, дастарқан жаямыз. Мұның құр алдарқату екеніне мән бермейміз. Ал, сол азаматтарға жазықсыз жала жапқандар, жазалауға қатысқандар кімдер еді? Оны айтқымыз келмейді. Расы, айтуға жүрексінеміз, батылымыз жетпейді. Бір нәрсе анық: егер желтоқсан шындығы ашық айтылмаса, мұндай оқиға міндетті түрде қайталанып тұратын болады. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Ресми деректерге жүгінсек, Жел­тоқсанды басқаны үшін 4100 адам әр түрлі деңгейдегі марапатқа ие болыпты. Оның ішінде «Қызыл Жұлдыз» орденін алғандар да, ақшалай сыйлық алғандар да бар. Сенесіз бе, осы өткен отыз жыл ішінде марапатталғандардың 37-і ғана ордендері мен громаталарын қайта тапсырған. Қайта тапсырғандардың ішінде қондықол жендеттің бірі Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасарыЭ.Басаров та бар көрінеді. Ал, Желтоқсанды қанға бөктіргендердің көпшілігінің қызметі... керісінше өсіп кетті. Тіпті, КСРО ОК-іне жылы орынға барып жайғасқандар да аз емес екен. Неге? Өйткені, олардың Желтоқсанда жасаған қылмыстары алдарынан шыққан жоқ. Олар өздерінің заңды бұзғандары үшін, зұлымдықтары үшін, кінәлары үшін жауап берген жоқ. Мәселенің негізгі мәні осында – жасаған қылмыстары үшін ешкім жауап бермейтін болса, жауапқа тартылмайтын болса, онда қоғамдық ахуал одан әрі ушыға түсеріне күмәніңіз болмасын. Әрине, мен оларды соттау, немесе бас бостандығынан айыру туралы айтып отырмағанымды оқырман қауым түсініп отырған болар. Дегенмен, кінәлі адам «Иә, мен білместікпен қателік жасап едім» деп өз арларының алдында ақталуы, алған марапаттарын тапсыруы керек еді. Үлкен өкінішке қарай, олай істеген жоқ. Бұл не деген сөз? Яғни, ертең алда-жалда біздің балаларымыз өз құқықтарын талап етіп алаңға шықса, әлгі «тәртіп сақшылары» атын жамылған жендеттер қайтадан қолдарына таяқ ұстап соңдарына түспейтініне, итке талатпайтынына еш кепілдік жоқ деген сөз. Өйткені, олар өткеннен сабақ алған жоқ. Сабақ алмағаны өз алдына, көпшілігі баяғы жендеттік көзқарасынан бас тартқан да жоқ. Ең қорқыныштысы да – осы! Шын мәнінде алаңға қанша мың ереуілші шықты? Оның қаншасы заң жүзінде әділ жазаланды? Қаншасына жала жабылды? Ереуілшілер мен тәртіп сақшылары арасында заңға қайшы әрекеттер жасалды ма, жоқ па? Егер, жасалса оны кім бастады және неге арандатты? «Қазақ ұлтшылдығы» туралы аңызды ойлап тапқан кім? Және оны аяусыз жазалауға кім нұсқау берді? Отыз жылдан бері жауапсыз қалып келе жатқан осы бір түйткілдердің мән-мағынасын ашу-бүгінгі күн үшін ғана емес, көп ұлтты мемлекетіміздің болашағы үшін де аса қымбат. Сондықтан, осындай сұрақтарға жауап талап етуге халықтың толық қақысы бар. Және Желтоқсан көтерілісінің шығу себептерін, салдары мен зардабын жан-жақты саралап, сөйтіп әділ қорытынды жасау тарих үшін маңызды. Осыдан шығарып айтарымыз, демонстранттар мен тәртіп сақшыларының (жасақшылардың да) арасына от салып, қақтығысқа итермелеген, бейбіт ереуілшілерді жаппай тәртіп бұзуға аран­датқан Г.Колбин бастаған лауазым иелерін жауапқа тарту туралы парламенттік Комиссияның қаулысы кезінде неге жүзеге асырылмаған? Оған кімдер кедергі келтірген? Қалай дегенде «Орталықтың адамы» ретінде Қазақстанға келген эмиссар басшының сол бір кездегі қазақ қоғамын дүрліктіріп, халықтың басына әңгір таяқ ойнатқан қиқуы әлі есімізде. Жыл өткен сайын ол да ақырын-ақырын алыстап тарихқа айналып бара жатыр. Өкінішке орай, Желтоқсан қасіретіне тікелей жауапты адамдардың бірде біреуі жауапқа тартылған жоқ. Оның біразы өз кінәларын мойындамаған бойда күнәларын иығына артып бұ дүниеден кетсе, біразы алшаңдай басып арамызда әлі жүр. Олардың қолдары қазақ жастарының қанына боялса да, ештеңе болмағандай тіршілік кешуде. Желтоқсан жаңғырыққа айналып, ол туралы қаншама деректер жария болып, арнайы комиссиялар құрылып (Желтоқсан мәселесін зерттеу мақсатында 5 комиссия құрылған), қорытындылары шығарылса да, сан мыңдаған жаралы көңілдер әлі де күпті, әлі де мазасыз. Мазасыздануға себеп те жоқ емес. Сонда жастар алаңға не үшін шықты? Біздің бүгінгі тақырыбымызға кейіпкер болған жігіттер кім үшін, не үшін бастарын бәйгеге тікті? Не үшін ұран көтерді? Біреулерден кек алу үшін бе? Еріккеннен бе? Әлде, оның басқа құпиясы бар ма?.. Жоқ, әрине. Алматыдағы желтоқсан көтерілісі – бұл шын мәнінде, бейнелей айтқанда, кенет ұйқысынан селт етіп оянған ұлттық сананың сонау Кремль кабинеттерінде отырған империалистердің қазақ жері мен руханиятына қатысты әріден келе жатқан құйтырқы, зымиян һәм арамза отаршылдық саясатына қарсы бас көтеруі болатын. Алайда, әлі қанаты қатая қоймаған жас қазақ демократиясы мен әкімшіл-әміршіл жүйенің бұл тұңғыш қақтығысын Мәскеу метролитеті «барып тұрған қазақ ұлтшылдығы», «орыстарға қарсы әрекет» деп бағалап, шын мәніндегі өркениеттік өңін теріс айналдырып жіберді. Соның кесірінен Желтоқсанды әлі күнге қазақ ұлтшылдарының «орыс халқына қарсы жасаған іс-әрекеті» деп түсінетіндер бар. Сондықтан болу керек, біздің елдегі өзге ұлт өкілдері Желтоқсан мәселесіне «бұл қазақ халқының жеке мәселесі» деп қарап келеді. Шын мәнінде, Желтоқсан көтерілісінің мәселесі – бұл еліміздегі барлық демократиялық күштер мен құқықтық қоғамның ортақ мәселесі. Өкінішке орай, өзге ұлт өкілдері мұны түсінгісі жоқ. Біздіңше, Желтоқсан көтерілісіне қатысты қалыптысқан (дұрысы қалып­тастырылған ғой) қазіргі көзқа­растарда осындай теріс пікірлер мен жағдаяттардың салқыны анық байқалады. Ендеше, бұқара санасында «қазақ ұлтшылдығын» жазалау науқанының әлдеқашан аяқталғаны, оның келмеске кеткені туралы ұғым қалыптасқанымен, көпшіліктің күрделі қоғамдық-саяси көзқарастарының ар жағында жасырынып жатқан терең тамырлардың да бар екенін ойға алсақ, әсіресе, осы тамырлардың қалың бұқарадан мұқият жасырынған қараңғы кабинеттер мен биік креслолар тереңдеріне кетіп жатқанын ескерсек, отаршылар салған нәубеттің ақыры әлі аяқталмағанына көз жеткіземіз. Егер, оны ауыздықтаудың жолын қазірден бастап іздестірмейтін болсақ, таппасақ, ол келешекте жалын күдірейтіп алдымыздан талай атойлап шығатын болады. Бұл фактілер нені көрсетеді? Жастардың өмірін өксіткен, олардың денсаулығына, құқығына, келешегіне өшпес қара таңба қалдырған бұл фактілер әлі де болса Желтоқсан құбылысына қатысты мәселелердің көпшілікке беймағлұм көлеңкелі жақтары заң орындары мен сарапшы-эксперттердің араласуымен жан-жақты сараланып, таразылануын қажет ететінін көрсетеді. Соңғы сөз орнына:1986 жылғы желтоқсанда Орталықтың тоталитарлық саясатына ашық қарсылық білдіріп, соның салдарынан сотқа тартылған, жаңғырығы осы уақытқа дейін басылмай келе жатқан атышулы «Бесеудің ісіне» қатысты сот процесі де ақырын-ақырын алыстап, ендігі тарихқа айналып барады. Жүрекке салмақ салатын сол бір күн­дерді еске түсіріп бұл мақаланы жазғанда, біз бір ғана нәрсені мақсат тұттық. Ол – Желтоқсан құбылысын еске түсіру арқылы сабынан саптаяқ қаратқан сол бір күндерді және бір ой елегінен өткізу, оқиға тағлымын зерделеу арқылы әділет пен ақиқат төрелігін саралау және жадымызда қайта жаңғырту. Өйткені, «әлемдегі ең әділ кеңістік соттың» өзі партократия мен бюрократияның құлақ кесті құлы болып келгені бүгінде ешкімге құпия емес. Бұл – антидемократиялық басқару әдісін қолданып келген және басқа Одақтас республикалардың ұлттық мүддесін жаншып-таптап отырған КОКП Орталық Комитетінің Қазақ КСР-нің Негізгі заңында айтылған «Совет мемлекеті, бүкіл оның органдары социалистік заңдылық, азаматтардың құқығы мен еркіндігі негізінде қызмет жасайды. Мемлекет және қоғамдық ұйымдар, лауазымды қызметкерлер КСРО Конституциясын, Қазақ КСР Конституциясы мен кеңес үкіметі заңдарын сақтауға міндетті» деген қағиданы тікелей бұзу болатын. Өкініштісі, антиконституциялық және антидемократиялық басқару әдістерінің кейбір белгілері бүгінгі күнде де бар екендігін мойындауымыз керек-ақ. Бес жігіт – бес арыс. Оның екеуі бүгінде арамызда жоқ, бізден алыста... Біріншісі – «Күнәдан таза басым бар, жиырма бірде жасым бар; Қасқалдақтай қаным бар, бозторғайдай жаным бар» деп Желтоқсанның бүкіл құпиясы мен ауыртпалығын арқалап қыршын кеткен Қайрат Рысқұлбеков болса, екіншісі – кеудесі өкініш пен өксікке толып, өмірден өткен Ертай Көпесбаев. Өзінің ар алдындағы күнәсін жүрегіне ауыр алды ма, кім білсін, көп кешікпей ол да курстас досы Қайраттың артынан келмес сапарға аттанып кете барды. Марқұмдардың топырақтары торқа болсын, рухтары жаннат төрінде шалқысын! Ал, Қайыргелді Күзембаев және Төреғали Тәшеновпен жыл бойы өтетін әртүрлі жиын-шараларда жиі жолығып, пікір алмасып тұрамыз. Қажырлы, қайратты, жігерлі жігіттер. Қазақтың қарапайым азаматтары. Тәңірім оларға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық берсін! Бесеудің бірі – Жамбыл Тайжұмаевты сыртынан танитыным болмаса, өзімен бірде бір кездескен жан емеспін. Оның ел ертеңі, ұлт болашағы үшін өз шама-шарқынша еңбек етіп, ұрпақ өсіріп жатқанына бек сенімдімін. «Қазақ ұлтшылдығы» деген аңызды ойлап тауып, жастарды аяусыз қанға бөктірген сол аласапыранның басты күнәһарлары М.Горбачев пен Г.Колбин де бұл күнде арамызда жоқ – ақтық сапарға әлдеқашан аттанып кеткен... Горбатый – Горбочевтың Желтоқсан қырғынынан кейін саясатта жолы болмады – ақыр аяғында әлемді алақанында ұстап отырған КСРО-ны саудаға салып, империяға сатқындық жасады, сөйтіп шетелге қашты. «Оқшонтайдан шыққан» Крокодил – Гена Колбин болса анау бір жылы Мәскеу метросында белгісіз жағдайда көз жұмды. Кім не десе де, оларды қазақтың қарғысы құтқарған жоқ. Бір кезде айдарынан жел есіп, дүниенің үстінен әлемге астамси қараған осынау патшалардың қайғылы тағдыры кейінгі ізбасарларына сабақ болса қанеки... *** Қортынды сөз ретінде екі ұсыныс: бірінші ұсыныс – ұлт бостандығы, мемлекет тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккен бұлардың бесеуі де біздің батырларымыз, қаһармандарымыз. Қаһармандарды ардақтау, қастерлеу, олардың ерлік істерін ұрпаққа өнеге ету – халықтың парызы һәм қарызы. Олай болса қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен осы арыстарымызға Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын беруді жеделдетіп қолға алу керек деп есептеймін. Бұл мәселеде Ресей бізге үлгі болуға тиіс. Мысалы, КСРО-ның біржола күйреуіне әкелген 1991 жылғы Мәскеудегі тамыз бүлігінде (ТЖМК) әскерилермен қақтығыс кезінде үш адам ажал құшты. Олар – Усов, Комарь және Кричевский. Кейін президент Горбачевтің жарлығымен демократия үшін күресіп, жанын пида еткен осы үш адам тарихта соңғы рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ісі жанқиярлық ерлік деп бағаланды. Сонда, қазақ елінің азаттығы мен бостандығы үшін бастарын бәйгеге тіккен біздің бес арысымыздың Ресей демократиясы үшін күрескен әлгі батырлардан несі кем?!. Әлде, қазақ Қаһарман атағына ие болу үшін міндетті түрде майдан алаңында өлім құшуы керек пе?.. Екінші ұсыныс – осы бес арысымыздың 1986 жылы 16 маусымда өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұрған фотобейнелерін үлкен етіп шығарып, Алматы, Астана, Атырау, Павлодар, Шымкент сияқты еліміздің барлық ірі қалаларында, аудан орталықтарында ел көп шоғырланатын көрнекті жерге іліп қою керек. Әрине, озбыр күштен именбей қасқайып тұрған дәл осы фотобейнелерін мәрмәр тастан қашап бір еңселі ескерткіш орнатса да артық болмас еді. Бұл біреу үшін керек емес, жалпы қазақ баласы үшін керек. Бүгінгі күн үшін емес, ертеңгі күндер үшін де керек. Ол елді, жерді, Отанды, ұлтты сүюдің жарнамалық үлгісі болып еске салып тұрар еді. Патриоттық тәрбиенің бір көрнекті құралы болар еді. Бұл орайда қарапайым жарна төлеушілердің қаражатын талан-таражға салып, мемлекеттік құпияларды сатқан жемқорлар мен шенділерден гөрі, елі үшін намысын жаныған ержүрек желтоқсаншылардың суреттері ерекше көп рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті ғой. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі кезеңдегі еліміздің саяси-қоғамдық өміріне айтулы із қалдырған «Бесеудің ісіне» қатысты сот процесі туралы қазірше айтарымыз – осы!

(Соңы, басы өткен санда)

824 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз