• Еркін ой мінбері
  • 20 Қыркүйек, 2017

АЯТЖАН АХМЕТЖАН: БІЛІМ БЕРУДІҢ МАЗМҰНЫ МАҢЫЗДЫ

Білім беру ісінің жетістіктері мен кемшіліктерін талдап-таразылау  – уақыттың өзі ұсынып отырған өзекті мәселе. Осындай күн тәртібіне өткір қойылып отырған тақырыптың бірі – орта білім берудің сапасы мен мазмұны. Елімізде үш тілде білім беруді енгізуге байланысты қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл мәселе жайында жалпы жұртшылық таныс болғанмен, кеулеген келеңсіздіктен құтылудың жолын білетін мамандар екені мәлім. Осы орайда  білім саласының жағдайын ашып көрсетіп, азаматтық пікірі мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салып жүрген белгілі ұстаз, Республикалық «ҚАЗБІЛІМ» орталығының директоры Аятжан Ахметжанмен әңгімелескен едік. 

– Қазір біздің орта білім беретін мектептердің басты міндеті – ҰБТ тапсыруға дайындық болып кеткені баршаға аян. Яғни, мектеп үшін білім берудің мазмұны емес, тестілеудің қорытындылары маңыздырақ. Сіздің ойыңызша, тест тапсырған оқушылардың алған балдары білім сапасының көр­сеткіші болып есептеле ме? – Кез келген білім мазмұны нәти­жеге бағытталған негізде құрылады. Ол бізде ғана емес, әлемде солай. Оқушыға берілген білімнің нәтижесі мұғалімнен талап етілуі тиіс. Ал, бізде бұл ҰБТ-да қол жеткізген көрсеткіш арқылы бағалануда. Әрине, бүкіл білім мазмұнының нәтижесін тестілеу көрсеткіші дәлелдей алмайды, дәлелдеуге тиіс те емес. Себебі, ҰБТ білім сапасын анықтайтын фактордың біреуі ғана, бірақ одан басқа факторларды да ескерген дұрыс. Жалпы, білім мазмұнының көздеген мақсатқа жетуі үшін білім сапасын анықтайтын тәуелді, тәуелсіз сараптамалар көбірек болуы керек, ал, біздегі аралық бақылаулар мен мемлекеттік емтихандар көзбояушылық қана. Бұл үрдіс дәл осылай жалғаса берсе, жалған көрсеткіштерге ұмтылушылықпен балалардың бойына жағымсыз мінез-құлықтарды қалай сіңіріп алғанымызды білмей қаламыз. Ал, одан кейін қоғамды түзеледі деу аңғалдық. – Білім берудің мән-мағынасы бүгінгі оқушылардан болашақ тұлға қалыптастыру екені белгілі. Ал, қазір қазақстандық мектептер қандай тұлға тәрбиелеп жатыр? Жалпы, мектеп деген не? – Мектеп – ең алдымен білім ошағы, оның басты мақсаты білім беру болып табылады. Ал, білім беруді тәрбиемен ұштастыра білу сол міндетті орындаушы адамдардың бұлтартпас парызы. Бүгінгі білім беру үдерісінің жақсы жағы да, жаман жағы да жетерлік. Өйткені, біз ұрпақ тәрбиесі мен тұлға қалыптастыруды шатас­тырып алдық. Ең бастысы, ұрпақ тәрбиесін мектепке ғана жүктейтін дерттен айығуымыз керек. Қазақ «жігіттің үш жұрты бар» дейді, жігіттің ұстанымы берік азамат болып қалыптасуына, бе­ре­келі отбасын құруына үш жұрты да жауап­ты. Сол секілді, оқушының да үш жұрты бар, ол – ата-ана, мектеп һәм қо­ғам. Ұрпақ тәрбиесі кемелді болмақ үшін осы үш жақ толық жауапты болуы керек. Біз­де бүгін біреу жасау керек деген теріс әдет бар. Жоқ, бала үшін бәріміз жауаптымыз, ешкімнің бұлтаруға қақысы жоқ. – Соңғы жылдары отандық мектеп түрлі реформаларды бастан кешуде. Бі­рақ, бұдан қордаланған проблемалар ше­шілер емес. Соның салдарынан білім маз­мұнындағы жүйелілік мәселесі назардан тыс қалып қойған жоқ па? – Әрине, бірінші кезектегі басымдықтары мен күнделікті міндеттерін шатастырған жүйе былыққа батады. Қоғамның ертеңгі тетігін ұстайтын ұрпақ тәрбиесінен гөрі уақытша мәселелерге назар аудару тұ­тас білім жүйесін тығырыққа тіреді. Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында, мақа­ла­ларында айтылған білім саласына қатысты өзекті ойды іліп алып іске асыратын білім саласының менеджерлері болмағанына тіпті таңғаламын, кейде соны іске асырғуға құлықтары жоқ шығар деген де ой келеді. Мәселе реформада емес. Мәселе жүр­гізілген реформалардың нәтижесіне еш­­кімнің жауап бермеуінде. Бәрі құдық қазады, бірақ, ешқайсысы таза су ішуді ойламайтын жандар секілді. Жобасын жасайды, қаржы аударылады, ертең орнын басқа біреуге босатады. Содан барып бүкіл білім жүйесі зардап шегеді. – Біздің білім жүйесін басқару сала­сындағы шешімдер қалай қабыл­данады деп ойлайсыз? – Біздегі шешімдердің қалай қабыл­данатыны, оны кімдердің ойлап табатыны тү­сініксіз. Шыны керек, бізде білім беру саласындағы мемлекеттік саясатта алдымен экономика, сосын, басқа мәселе деген қағиданы қолданатын секілді көрінеді. Яғни, барлық реформалар, жобалар бюджеттен бөлінген қаржыны қалай да игеруге келіп тіреледі. Жалпы, кез келген реформа ғылыми негізге сүйеніп, бұрынғы қолда барды жетіл­діре дамытып, оны дәйекті түрде іске асыру негізінде, шынайы жағдайды ескеру арқылы жасалуы шарт. Алайда, біздегі реформалар керісінше, бәрін нөлден бастайды, шөлде жатып көлді аңсайды. – Қазақстандық орта білім беру жүйе­сінің басты кемшілігі неде? – Біздің орта білімнің басты кемшілігі жүйесіздікте, нақты жағдайды ескермеуде. Мен өзім білім саласында жұмыс істеген 10 жылдан бері қаншама соңына дейін жетпеген, мақсаты орындалмаған жобалар болды, бірақ оған бірде бір адам жауап берген емес. Осыдан барып білім саласы әркім тәжірибе жасап көретін алаңға айналды. Дәл қазір біздің орта білім саласы реформаға сұранып-ақ тұр, бірақ, ол реформа қазіргі шынайы жағдайды ескере отырып жасалатын кәсіби реформа болуы керек. – Жоғарыда өзіңіз атап өткендей, бірқатар педагог-ғалымдар отандық білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың ғылыми негізі жоқтығын алға тартуда. Осыған орай жуырда белгілі ғалым, академик Асқарбек Құсайынов өзінің Орта білім беру тұжырымдамасын ел назарына ұсынды. Аталған тұ­жырым­дама жайлы пікіріңізді білсек. – Аталған тұжырымдамамен таныстым, көңілге қонымды құжат. Осы ретте Білім министрлігі 25 жыл бойы бір де бір тұжырымдамасыз жұмыс жасауы осы саладағы келеңсіздіктердің туындауына себеп болғаны анық. Әр сатыдағы білім берудің тұжырымдамасы сол саланың ата заңы, сүйенетін алтын қазығы болуы керек. Ал, кез келген басқа заңдар мен ережелердің ата заң негізінде жасалатынын ескерсек, онда бұған дейін бізде мемлекеттік стандарттан бастап, қарапайым бұйрыққа дейінгі барлық құжаттар қандай негізде жасалып келген деген заңды сұрақ туады. Демек, білімді басқару жүйесінде ғылыми концептуалды тұжырымдама туралы ойланбайтын қызметкерлер бар. Асқарбек Құсайынов – білім саласының жай-жапсарын жақсы білетін, елімізде салыстырмалы педагогика ғылымын қалыптастырған маман. Ол ұсынған орта мектепте білім беру тұжырымдамасын біраз жетілдіріп, уақыт созбай қабылдау керек деп санаймын. Жан-жақты қарастырылған ғылыми негізді жүйе білім саласының білікті мұғалім, сапалы оқулықтан тартып барлық аспектілерін қамтуы керек. Өйткені, бұл түптеп келгенде, мемлекет мүддесінен туындайды. Біздің басты мұратымыз да сол – мектебіміздің ел мүддесіне қызмет етуі.

Әңгімелескен Дина Имамбаева

578 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз