• Еркін ой мінбері
  • 20 Қыркүйек, 2017

Жалғасын тапқан жақсылық

Ежелгі тарихты бүгінгімен қосатын алтын көпір мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы тақырыбында, Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Алиевпен сұхбат.

– Құрметті, Данияр Абзалиденұлы, мәдениет, экономика, әлеуметтік қарым-қатынастар мен жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөліктерін реттеп, оларды бір арнаға тоғыстырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына кеңінен тоқталып өтсеңіз. – Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2003 жылы халыққа жол­даған Жолдауының негізінде іске асты. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы үш кезең бойынша нақты жұмыс атқарды. Алғашында екі жылға жоспарланған бағдарламаның бірінші кезеңі 2004-2006 жылдар аралығында жүзеге асса, қалған екі кезеңі 2007-2009 және 2009-2011 жылдарда жүзеге асты. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тек қана Алматы қаласында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша сан ғасырлар бойы қалыптасқан ата-бабаларымыздың көптеген тарихи дәстүрлері, шет елдердегі архивтік құжаттардың барлығы қайта қалпына келтіріліп, тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің мемлекеттік тізімі қайта бекітілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге ас­қан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, осы мемлекеттік бағдарлама аясында халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысандары – сәулет және қала құрылысы ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстары, археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстары қолға алынып және көптеген тағы да басқа ел игі­лігі үшін маңызды жобалар іске асырылды. Аталған бағдарлама аясында қала аумағында орналасқан археология ескерткіштерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәти­жесінде анықталған 15 нысанның көбісі (Ұлжан, Көк-қайнар, Құрылысшы ықшам аудандарында орналасқан ескерткіштер) жаппай заңсыз басып алу салдарынан, рұқсатсыз құрылыстар салынып, жаппай шаруашылық іс-әрекеттер нәтижесінде олардың апатты жағдайда екендігі анықталды. Осының ішіндегі кейбір ескерткіштерге қазба жұмыстары 70 жылдардың соңы мен 90 жылдардың басында жүргізілгендігі анықталды. Мәселен, орта ғасырлар қонысы (б.д.д. X-XIII ғғ.) Достық даңғылының бойында Х. Мұқан, Тайманов көшелерінің қиылыстарының мүйісінде орналасқан. Қазіргі таңда ол жерде Алматы Шекарашылар училищесі (қазіргі Әскери институт) орын тепкен. Бұл қонысты алғаш 1922 жылы археолог ғалым В. Городецкий анықтаған. Кейін 1979 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, оның орнына қазіргі әскерилер институты салынған. Осы қазба жұмыстарының нәтижесінде шағатай тілінде жазылған тиын дирхемдер табылған. Бұл дирхемдердің Алматы қаласының тарихын анықтауда бірден бір дерек көзі болып табылатынына еш күмән келтіре алмаймыз. Жаппай заңсыз басып алу салдарынан апатты жағдайдағы археологиялық ескерт­кіштердің қалдықтарына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелді. Зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің жанындағы А.Х. Марғұлан атындағы археология институтымен жүргізілген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлер Алматы қаласы тарихының музейінде және А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының қорында сақталуда. 2011 жылғы 30 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Алматы қала­сының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру және оларды жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастау туралы» №1672 Қаулы қабылдады. Аталған қаулымен Алматы қаласының 35 ескерткіші жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алынды. Бұл ескерткіштерді Мемлекеттік ті­зім­нен шығарудағы басты мақсат – Алматы қаласының Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін ретке келтіру болды. Алматы қаласы бойынша ең соңғы тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізім 1984 жылы бекітілген болатын. Осы бағдарламасы аясында Алматы қаласы бойынша жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізімі қайта өңделіп, 2010 жылы бекітілді. 2012 жылды Алматы қаласындағы «Мәде­ниет жылы» деп жариялағаны мәлім. Осы мәдениет жылы аясында республикалық ма­ңызы бар ескерткіштер – 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалы, Ықылас атындағы халық аспаптар музейі қайта жөндеуден өтті. Сонымен қатар, бағдарлама аясын­да Ағым­дағы жылы Д.Қонаевтың, Ә.Қасте­ев­тың, Ә.Марғұланның мүсіндік өнер ескерт­кіштерінде жөндеу жұмыстары жүгізілді. Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлы, қазақтың әйгілі күйші композиторы Н.Тлендиевке ескерткіш орнатсақ, «Қазан революциясы күрескерлеріне арналған» ескерткіштің орнына Райымбек батырға ескерткіш,жазушы, филология ғылымдарының докторы Әди Шәріповке, айтыс ақыны Сүйінбай Аронұлына және т.б. біршама қоғам қайраткерлеріне ескерткіштер орнатылды. Кезінде әз-Жәнібек ханның ақылшысы болған жырау Асан Қайғы бабамыз айт­пақшы, «Жер жәннаты – Жетісу», яғ­ни, оңтүстік астанамыз Алматы қаласы та­ри­хымызға, дәстүріміз бен мәдениетімізге өте бай қала. Оның тарихы да тереңде жатыр. 2016 жылы ЮНЕСКО көлемінде Алматы қаласының 1000 жылдығын атап өттік. «Мә­дени мұра» бағдарламасы аясында Алматы қаласынан табылған археологиялық қазба жәдігерлері қаланың 1000 жыл бойғы шежірелі тарихының тағы бір дәлелі. Со­нымен қатар, нумизматикалық және жаз­ба деректеріміздің барлығы бағдарлама аясында кезең-кезеңімен жарыққа шығып отырған ғалымдардың тың еңбектерінің жемісі деп білеміз. Алматы қаласында тікелей басқармаға қарасты «Музейлер бірлестігі» атты ұйым жұмыс істейді. Оған 6 музей қарайды. Дүйім жұртқа белгілі «28-ші Панфиловшілер» саябағының ішінде орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар му­зейіне заманауи бағытта реставрациялық жұмыстар жүргізіліп,музификациясы өзгер­тілді. 2014 жылы Алматы қаласы мәде­ниет басқармасының қолдауымен Нұр­ғиса Тілен­диевтің мемориалдық музей-пәтері ашылды. Былтыр ғана Елбасының қолдауымен «Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығы» мен «Алматы қаласының 1000 жылдығы» аясында Алматы қала­сындағы жаңарған музейлердің салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатысты. Әрине, біз осы арқылы Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы музейлердің өсіп өнуіне деген ерекше ыстық ықыласын көреміз. Яғни, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асқан іс-шара­лардың барлығы халықтың назарынан тыс қалып жатқан жоқ. «Мәдени мұра» еліміздің әлемдік деңгейде өсіп, өркендеуіне кең көлем­де серпіліс берді. Қазіргі таңда бұл музейлер халықтың игілігіне жұмыс істеп жатыр. – «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мемлекеттік тілде алғашқы қадамдар жасалды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ре­сей және Өзбекстан, Армения, Америка Құрама Штаттар және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 350-ден астам кітап (олардың ішінде этно­­графия, археология, тарих бойынша сериялар), жаңа энциклопедиялық сөз­­діктер шығарылды. Бүгінгі таңда ұлттық мекемелердегі кітапханалар қоры қан­шалықты жаңартылып немесе то­лықтырылуда? – «Білімнің қайнар бұлағы кітапта» де­мекші, 2016 жылы мемлекеттік Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасына қайта жаңғырту жұмыстары мен 7 кітапханада толықтай жөндеу жұмысы жүргізілді. Алматы қаласының мәдениеті мен тарихына байланысты «Алматы тарихы», «Алматы энциклопедиясы», «Алматы менің сүйікті қалам», «Сәулет шежіресі» секілді біршама кітаптар дүниеге келді. Көрші Қытай мемлекетінен табылған жәдігерлер, өзге мемлекеттердегі архивтік құжаттарымыз бен араб жазбаларының барлығы Шығыстану институтының мамандары зерттеп, қайта басып шығарды. Алматы қаласында «Орта­лықтандырылған кітапханалар жүйесі» сан­дық технологиялармен жаңарды. «Мәдени мұра»бағдарламасы аясында, қалалық мәдениет және архивтер басқармасына қарасты 5710 дана кітап қорға қосылды. Нақты айтатын болсақ, ауқымдылығы жөнінен 100 томдық «Бабалар сөзі» кітабы, «Ұлығ Түркістанның» 8 томдығы мен 20 томдық «Баласағұн Жүсіп» кітабы. Осылардың барлығы бағдарлама аясында жүзеге асып, құнды жәдігер ретінде халықтың назарына ұсынылды. – «Мәдени мұра» бағдарламасының ру­хани жалғастығы деп мемлекеттік «Бо­лашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдар­ламасын айта аламыз ба? – Әрине, Елбасы биылғы Жолдауының негі­зінде өрбіген кең көлемдегі бағдарламалық мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». Бұл бағдарлама осы «Мәдени мұраның» төл жал­ғасы десек те болады. Себебі, Жолдау­да біздің болашақта қалай дамып, қалай өрби­тіндігіміз жөнінде жазылған. Біздің ұлттық кодымызды сақтау арқылы болашаққа бағдар жасап, айқын бағытта, нақты мақсатта алға жылжуымыздың бағыт-бағдары нақ көрсетіледі. – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Алматы әкімдігінің ұйымдастыруымен қандай шаралар өткізіліп жатыр? – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында іс-шаралар жоспары бекітілді, оған сәйкес 6 жоба жүзеге асырылады, олардың бірі «Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы» атты жобасы. «Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы» («Қазақстанның рухани құндылықтары») жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеуде, сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМКК жа­нында жаңа «Киелі Қазақстан» Ғылыми-зерттеу орталығы – мекемесі құрылды. Алматы қаласының киелі жерлерін анықтау мақсатында, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы арнайы Жұмыс тобын құрды, оның құрамына атақты ғалымдар, тарихшылар, этнографтар, археологтар, рес­тавраторлар, өлкетанушылар, депутаттар мен музей ісі саласындағы мамандар кірді. Рес­публикамыздың барлық өңірлерінен барлығы 160 нысан Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енгізу үшін жолданды. Аталған тізім Сараптама кеңесінің отырысында қаралды, нәтижесінде республика бойынша 100 нысан іріктелді, оның ішінде Алматы қаласы бойынша 5 нысан. Алматы қаласы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізімі: – «Боралдай сақ қорғандары» қорғаны; – Райымбек батырдың кесенесі; – Республика алаңы (Тәуелсіздік монументі және Тәуелсіздік таңы); – Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі; – Қасиетті – Вознесенск Шіркеуі. «Киелі Қазақстан» Ғылыми-зерттеу орта­лығы Қазақстанның киелі жерлерін зерттеу бойынша ғылыми экспедиция құруды жоспарлауда, оның құрамына Алматы қаласының ғалымдары да кіреді. Өз кезегінде, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы ұлттық тарихи сананы күшейту, Қазақстан халқының рухани мұрасына негізделетін ішкі мәдени және қажылық туризмді дамыту әрі қолдау мақсатында, Алматы қаласының ұлттық құн­дылықтарын және киелі жерлерін насихаттау және зерттеу бойынша арнайы жұмыстарды жүргізуде. «Боралдай сақ қорғандары» қорғаны аума­ғында Қорық-музей құру бойынша жұмыстар басталды. Қазіргі кезде му­зей­­дің сұлбалық жобасы әзірленді. Кү­зет аумақ­тарының, реттеу аумақтарының жә­не күзетілетін ландшафт аумақтарының ше­ка­ралары анықталды. Жұ­мыстарды «Қазреставрация» РМК атқарды. Жоғарыда тізілген жұмыстарды аяқта­ған­нан кейін, аталған нысанды ЮНЕСКО Дүние­жүзілік мұра тізіміне енгізу жоспарлануда. Оған қоса, бүгінгі күнде Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы Райымбек батыр кесенесін мемлекеттік меншікке алу мәселесін қарастыруда, себебі кесенеде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу және музейдің базасын құру жоспарлануда. Республика алаңында орналасқан Тәуел­сіздік монументінде 2014 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 2016 жылғы Желтоқсан оқиғаларының 30-жылдығы аясында «Тәуелсіздік таңы» монументінде реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын және музейінің жұмысын насихаттау мақсатында, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы «А.Байтұрсынұлының музей-үйі» альбомын шығару бойынша жұмыстарды атқаруда. Оған қоса, бүгінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп, аталған нысанға республикалық маңызы бар ескерткіш мәртебесін беру бойынша жұмыстар жүргі­зілуде. Музей ғимаратында 2016 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі кезде Қасиетті-Вознесенск шір­кеуінде ғылыми-реставрациялық жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, 1911 жылы Ал­маты қаласында үлкен жер сілкінісі болған. Нәтижесінде, Алматы қаласындағы ғима­раттардың басым көпшілігі қирайды. Бірақ, осы шіркеу дін аман сақталып қалған. Расымен де, Алматы қаласы өте сейсмикалық аймақ қой. 1987, 1911 жылдары болған жер сілкіністері осы сөзімнің дәлелі. Міне осы дерек­­тердің барлығы Алматы қаласының тарихи музейінде сақтаулы. Жоғарыда аталған барлық нысандар Ал­маты қаласының республикалық және жергілікті тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне кіреді. – «Мәдени мұраға» қатысты тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Карл Бай­пақов: «Бағдарлама өзінің ауқымы жөнінде айтарлықтай саланы басып озды» деген пікір білдірді. Сіз осы пікірге қо­сыласыз ба? – Академик, Карл Байпақов тікелей осы бағдарламаның басы қасында жүрген ғалым­дардың бірі десек болады. Археология саласында көп еңбек еткен. Біраз жылдар бойы археология институтын басқарған. Қазіргі таңда, «Мәдениетті жақындастыру орталығының» директоры.«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шынымен де, мемлекеттік деңгейде барлық саланы қамтыды десек те артық айтқандық емес. Осы бағдарлама аясында біздің еліміз мәдени-әлеуметтік бағытта үлкен деңгейге көтерілді. Ол біздің мемлекетіміздің жарқын болашағының бір көрінісі. Бұл пікірге толықтай келісемін. – Кез келген мұраның қайта жаң­ғы­руы үшін инновациялық, техно­логия­лық тәсілдер қолданы­лады. ЭКСПО халық­аралық мамандан­дырылған көрме­сінің біздің елімізде өтуі үлкен мәртебе. Біздің мәдени мұрамыздың танылуының бір жолы осы ЭКСПО халықаралық көрмесі емес пе? – Бұл – Қазақстанды, еліміздің мүмкін­діктерін бүкіл әлемге паш ететін басты жоба. EXPO-2017 халықаралық көрме­сін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбы екені белгілі. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көр­мелерге қатысу кез-келген мемлекеттің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге бе­рілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму дең­гейіңді іс жүзінде дәлелдейтін өте үлкен мүмкіндік. Міне, осы мүмкіндік бізге, қазақ еліне бұйырды. Осы халықаралық көрменің біздің елде өтуіне негізгі ұйытқы болған біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей әлем алдында, саяси аренада өзінің беделі мен білгірлігінің арқасы деп білемін. ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі біз үшін, Қазақстанның жұртшылығы үшін үлкен абырой, атақ, бұйырған бақ. Орта Азия, оның ішінде ТМД мемлекеттерінің арасынан алғаш болып, әлемдегі 115 мемлекет қатысып жатқан халықаралық дең­гейдегі ғаламат көрме өткізу үлкен жауап­кер­шілікті талап етеді. Тікелей Елба­сының бастамасымен өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрме­сінің ашылу салтанатының өзі өте жоғары дәрежеде өтті. ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі осыған дейінгі іске асқан, қалыптасқан бағдарламалардың барлығын дәлелдейтін нақты іс-шара десек болады. Мен тікелей өзім ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне барып көрдім. Шынымен де, көрмеге кірген кезде адам жігерленеді. Ал, «Қазақстан павильоны» өне бойыңды шымырлатып, рухтандырады. Біз осындай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды күллі әлемге мақтанышпен айта аламыз. Сарыарқаның төсінде Астана қаласын құру, бар жоғы 20 жылдың ішінде осындай халықаралық деңгейде іс-шара ұйымдастыру, расымен де, үлкен жігерді, табандылықты, білімді, сабырлықты талап етеді. Қазіргі таңда, турис­термен қатар өзіміздің қазақ жұртшылығы Астанаға ағылып жатыр. Елорданың өзіндік тартатын магнитті күші бар. Ол күш осы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінде десем, артық айтқаным емес. Жыл сайын Астана қаласында бірнеше нысандар бой көтеріп, қарқынды дамып келеді. Осының негізінде Елордамыздың гүлденіп жатқанын аңғарасыз. Елбасы өз сөзінде: – «Алғашқы жылдары қала халқының саны 300 мыңның үстінде болса, қазір миллионға жеттік, ал, 2030 жылы Елордамыздағы халық саны 2 млн.-ға дейін жетуі мүмкін» деген. Шынымен де, Астана күн сайын, ай сайын өсіп бара жатқан мегаполис. Астана -Еуразияның жүрегі деп бекер айтпайды ғой. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы:«Алматы әрқашанда біздің Тәу­елсіздігіміздің алтын бесігі, ал, Астана ол Тәу­ел­сіздігіміздің жүрегі» – дейді. Сондықтан да, ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көр­месіне Алматы қаласы айрықша үлесін қосуы қажет. Біз, Алматы қаласы әкімдігі ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің алғашқы ашылу кезінде, яғни, маусымның 11-18 аралығында Астанада «Алматы қаласының мәдени күндерін» өткіздік. Бұл өте керемет дүние. Қазіргі таңда әр өңір өзінің мәдени күндерін өткізіп жатыр. Әр мемлекет өзінің салт-дәстүрін, мәде­ние­тін осы көрме арқылы таныс­тырғысы келеді. ЭКСПО халықаралық маман­дандырылған көрмесі бұл басқа мемлекеттердің біз білмейтін мәдениетін, өркениетін танытатын, сол арқылы мәдениеттерді жақындастыратын үлкен алаң деп білемін. – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарла­масының негізгі мақсаттарын Елбасы өзінің 2003 жылғы халыққа жолдауында айқындап өткен : «Мәдени мұра» қорын қалыптастыру; Мәдени-әдеби мұраларды сақтау және оны насихаттау; Заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәс­түрлерін дамыту; Қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі философиялық мұрасын оқып-үйрену; Жастарды мәдени құндылықтарды білуге және оны дамытуға баулу т.б. Бұл кезіндегі «Мәдени мұра» бағдарламасының ғана емес, күллі болашақтың ұранды мақсатына айналуы қажет қой. Жастар арасында мәдени құндылықтарды насихаттау қандай деңгейде жүргізілуде? – «Адамды талап ұшырады, құсты қанат ұшырады» демекші, кез келген адамның жас деңгейіне қарамастан бағдарлама аясында еліміздің өркендеуіне үлес қосамын деген талапты жастарға біз әркез қолдау көрсетеміз. Бағдарламаның алып жатқан ауқымы да өте үлкен. Бағдарламада «еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін барлығы қарастырылған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өзіміздің салт-дәстүріміз бен бала тәрбиесіне қатысты бөлек деңгей-деңгеймен бағдарламалық оқулықтар қайта өңделіп жарыққа шықты. Біз 70 жыл бойы Кеңес үкіметінің қара­мағында болдық. Соның әсерінен кейбір дәстүрімізден ажырап қалдық. Бір ғана мысал келтірсек. 1926 жылдан бастап, 1989 жылға дейін өзіміздің ұлттық мерекеміз «Наурыз мерекесін» мемлекеттік деңгейде тойлауға тыйым салынды. Яғни, 63 жыл наурыз мейрамы мемлекеттік деңгейде тойланбады. Тек, 1989 жылы біздің ұлт зиялыларымыздың наразылығының нәтижесінде ғана, түркі ха­лық­тарына ортақ «Наурыз ұлттық мерекесі» қайта жаңғырды. Өзіңіз атап өткендей, салт-дәстүр, фольклорлық жазба әдебиетіміздің барлығы қайта жарыққа шығып, халықтың назарына ұсынылды. Алматы қаласы жастардың көп шоғырланған ортасы. Қазіргі таңда Алматы қаласында 38 жоғарғы оқу орны, 82орта білім, кәсіптік колледждер бар. Шамамен 700 мыңнан аса жастарымыз білім алып, өркендеп жатыр. Бағдарлама аясында әр университеттерде өз деңгейінде клубтар құрылды. Негізі әрбір жоғарғы оқу орындарында өз салаларына қатысты танымдық клубтар жұмыс жасайды. Мысалы, мен өзім Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін тәмәмдадым. Менің студенттік шағымда «Күлтөбе» танымдық тарихи клубы болған. Кез келген клубтың мақсаты ол студенттердің жігерін қайрау, ұлтына, еліне деген махаббатын күшейту, сауатты, заманға сай білімді де білікті мамани иесіне айналдыру. Студенттік шақ – адам өміріндегі қайталанбас кезең ғой. Бірақ, оны қызықты өткізе білу әр студенттің білім-білігіне, ынта-жігеріне, талабына байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастарға қолдау көрсету және олардың интеллектуалды және кәсіби біліктілігін да­мыту мақсатында Алматы қаласының әкі­мі Бауыржан Байбек 2017 жылды «Жастар жылы» деп жариялады, осыған орай жастарды қол­даудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты, жастардың әлеуеттік жағдайын жақсарту (тегін білім, жатақхана, кітап­хана және т.б.).Бұл бағдарлама, «Мәдени мұраның» тікелей жалғасы ретінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсе­тілген нақты жүзеге асатын тапсырмалар айқындалған. – «Қазақ халқының дәстүрлі әуені – ру­хани мұраның ең бай қазынасы». Мәсе­лен,  «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» атты дәстүрлі әуен­дердің антологиялық жобасы құрылған болатын. Өнер саласындағы атқарған рөліне тоқталып өтсеңіз. – Алматы қаласында «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында республикалық дең­гейде «Қазақтың 1000 әні, 1000 күйі» атты қазақтың дәстүрлі әуендерінің антологиялық жинақтары жарыққа шықты. Күй өнері – ұлттық өнеріміздің үлкен бір арнасы. «Мәңгілік сарын» жинағына 260-қа жуық күйдің ең таңдаулылары енгізіліп отыр. Алғашқы мега-альбомда қазақтың дәулескер күйшілері – Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгірдің домбырашылық мектебіндегі орындаушыларына кеңінен орын берілді. Тоғыз күйтабақтың алғашқы үшеуі Батыс Қазақстан аймағының күйшілік дәстүріне арналса, төртінші табақ осы өңірдің Маңғыстау аймағын қамтиды. Онда Қартбай, Абыл секілді күйшілердің шығармалары бар. Алтыншы күйтабаққа Арқа өңірінің, яғни, Тәттімбет, Айдос, Дайрабай, Әшімтай сынды күйшілердің күйлері енді. Жетінші табақ, Шығыс Қазақстан өңірінің Байжігіт, Мәсғұт, Бейсенбі күйшілерге арналса, сегізінші күйтабаққа Жетісу өңірінде өмір сүрген Байсерке, Шортанбай, Тілендінің күйлері жазылды. Соңғы, тоғызыншы күйтабақ халыққа кеңінен тараған Қаратау мектебіне арналды. Өнер саласына байланысты Алматы қаласының мәдениет басқармасының бастауымен Алматы қаласында орналасқан музейлердің, театрлардың сериялық басылымдары жарыққа шықты. «Театр өнерінің анталогиясы» сонымен қатар, театрда қызмет еткен тұлғалар туралы кітап шықты. Былтыр «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы» мен «Ал­маты қаласының 1000 жылдығы» аясында Ералы Оспанұлының салт-дәстүрге қатысты «Қазақ халқының салт дәстүрлері» атты үш тілдегі (қазақ, ағылшын, орыс) кітабы жарық көрді. Қазақ қоғамына, еліміздің өсіп-өркендеуіне қатысты саналық деңгейді қалыптастыратын осы кітап қалың жұртшылық назарына ұсынылды. «Тал бесіктен, жер бесікке дейін» демекші, мұнда біздің дәстүрімізге қатысты барлығы бар. Бұл кітапта, бағана өзіңіз айтпақшы, біз ажырап қалған кейбір салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрпымыз туралы кеңінен түсіндіріліп жазылған. Жаңғыру дегеніміз – дәстүрімізді, мәдениетімізді, әде­­биетімізді, салтымыз бен санамызды қай­тадан жаңғырту. Құр жаңғырту емес, дәсүрлі жаң­ғырту. «Салтың санаң, ғұрпың ғұмырың, дәулетің дәстүрің» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Өзінің салт-дәстүрінен ажыраған мемлекеттер жер бетінен жойылып кеткен. Алпауыт мемлекеттердің алғашқы бестігінде тұрған Жа­пония мемлекетін мысалға алайық. 1867-68 жылдарда Жапонияда «Мэйдзи» реформасы жүзеге асқан. Өзін жабық мемлекет деп жария­лап, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын үзген Жапонияға Мэйдзи есімді реформатор келеді. Ол жабық есік саясатын тоқтатып, өзге елдермен қарым-қатынасты нығайтуға тырысты. Бірақ, негізгі шарт ол Жапонияның салт-дәстүрін сақтау. Шынымен де, кез келген жапон фильмінде жапондықтар өзінің әдет-ғұрпымен ерекшеленіп тұрады. Әлем классиктерінің қатарындағы ұлы жазушы, М.Әуезов: «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, қыз баланың тәрбиесіне аса мән берген. Мысалы, қыз баланың тұрмысқа шыққанға дейін шашына шолпы тағуы, инабатты мінезі, сырға салу т.с.с. Баланың тұсауын кесу рәсімінде де әрбір ұсақ-түйек нәрсеге мән берген. Тұсауды ала жіппен, тоқ ішекпен, көк шөппен кеседі. Ала жіп – біреудің ала жібін аттамасын, көк шөп – бала көктей көктесін, тоқ ішек – өмірі тоқ болсын дегенді білдіреді. Қазақ халқы дәстүрге, әдет-ғұрыпқа өте бай халық. «Ал­тынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, бар байлығымызды, бай мұрамызды бағалай білсек, мемлекетіміздің өсіп-өніп, әлемдік аренада ойып тұрып орын алатындығына, болашаққа нық қадам жасайтындығына кәміл сенемін. – Бағдарламаның өзге шет немесе ТМД елдерінің арасында көшірмесі (аналогы) болған ба? Қазір бар ма? – «Мәдени мұра» ТМД мемлекеттерінің арасында алғаш Қазақстанда жүзеге асқан. Одан кейін, Ресей мемлекетінде 2013-ші жылы «Развитие культуры и туризма на 2013-2020 годы» атты бағдарламасы жүзеге асты. Ресей мемлекеті бұл бағдарламада төл мәдениетінің қалыптасу тарихын насихаттайды. Сонау ХХ ғасырда қалыптасқан қайта сүрлеу, қайта жаңғыру кезеңін қарастырған бұл бағдарлама мен біздің «Мәдени мұра» арасында өзіндік ұқсастықтары бар. Екі елде де бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асқан. Қазіргі таңда Ресей мемлекеті осы бағдарлама аясында өздерінің жазба әдебиетін, классиктерінің туындыларын басып шығарып жатыр. Осындай, мемлекеттік деңгейде жүзеге асып жатқан іс-шаралар арқылы өзіміздің дәстүрімізді сақтай алмасақ, алпауыт мемлекеттердің аузына түсу оп-оңай. Сондықтан, дәстүрімізді қайта жаңғырту, насихаттау, келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізу бұл біздің парызымыз деп білемін. – Сұхбатты қорытындылай келе, осы бір сауалға тұшымды жауабыңызбен сұхбат нүктесін өзіңіз қойсаңыз. Бағдарлама тарихи-мәдени мұрадан хабардар етіп қана қоймайды, сонымен қатар сіз алда болатын мәдени іс-шараларға тоқтала кетсеңіз. – Ия. Алдағы күндері тіпті, осы ертең бас­та­лайын деп отырған «қала күніне» қа­тысты Алматы қаласында 70-тен аса іс-шара өтеді. Алда музейлерде, түрлі тақырыптық көрмелерде, кітапханаларда дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастырылмақшы. Одан бөлек, біздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен түрлі бағытта концерттік кештер өткізілмекші. 17-ші қыркүйек, қала күні барша жұртшылыққа, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақ­тарына дәстүрлі «Applefest» алма жәр­меңкесі ұйымдастырылады. Алматы қаласы бұл алманың отаны. Алматы алма жемісі арқылы әлемдік деңгейге танылды. ХХ ғасырда Алматыда тұрған ғалым біздің апортты Ресейге апарған кезде ресейліктер алма көлеміне таңқалған. Өйткені апорт көлемі адамның басымен пара-пар келген. Міне, осы алма жемісін қайта жаңғырту мақсатында дәстүрлі «Applefest» фестивалі өткізілмекші. Фестиваль барысында алмаларды сарапқа салып, көлемі жағынан ең үлкенін өсірген жеңімпазға сыйақы беріледі. Бұл дәстүрден бөлек, Алматы қаласының тарихын жаңғыртудың бір түрі. Ал, қалада орнатылған ескерткіштер ба­ғыты бойынша, жыл сайын, Мәдениет және архивтер басқармасымен ғылыми реста­в­рациялық жұмыстар жүргізіп, ескерткіштерді жаңартады. Бүгінгі таңда Алматы қаласында 136 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Оның 28-і республикалық маңызы бар ескерткіш болса, 108-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Басқарманың тікелей бақылауында жыл сайын ескерткіштердің жағдайына қатысты «ахуалдық актілер» (дефектный акт) жасалынып отырады. Ахуалдық жағдайына байланысты ескерткіштерге жергілікті бюджеттен немесе республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. Бұл да бір мәдениет саласының ішінде архитектуралық бағытта жүзеге асып жатқан іс-шара. Ескерткіштер ашылып жатыр, мемориалды тақталар бар. Алдағы уақытта да қаламыздың көркейіп, дамуына, тарихы мен мәдениетін келешек ұрпаққа насихаттауға, әлемдік деңгейде мәртебесін асқақтатуға өз үлесімізді қоса береміз! Осы еліміздегі бағасыз сан алуан мәдени мұраларымызды болашаққа қаз қалпында аманат ретінде жеткізу, олардың сақталуын қамтамасыз ету, қорғау, қастерлеу әрбір қазақ­стандықтың тікелей азаматтық міндеті, борышы деп білемін. – Ғаламдық өркениетке құлаш ұрған мемлекетіміздің талабына сай, кәсіптік деңгейіңіз, мамандық шеберлігіңіз, абырой, беделіңіз арта берсін! – Көп рахмет. Қажырлы еңбекті талап ететін журналистік мамандық жолында еселі еңбектеріңіз ел игілігіне арнала бергей. Толағай табыстар, шығармашылық шабыт, қаламыңызға қайрат тілеймін!

Назым САМЕТ – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің II курс студенті

924 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз