• Ұлттану
  • 12 Қазан, 2017

Қайырым мен мейірім

Мырзакелді  КЕМЕЛ – экономика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ-ситетінің профессоры. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Отырарлық ғұлама, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл Фараби 948 жылы Египетте жазған «Қайырымды қала тұрғындарының көз­қарастары туралы» трактатында қала тұрғындарының бақытты өмір сүруіне жағдай жасаған жоғарғы билік өнеріне көңіл бөлген. Онда әл-Фараби қайы­рымды қала тұрғындарының жақсы және игілікті өмір сүруі көбіне бас­қа­рушы билік өнеріне байланысты екенін, тек қайырымды билеушілер биле­ген халқы бар қалалар ғана бақытқа жете алатынын айтады. Трактатта «әрбір адам басқа адамның өмір сүруіне қолұшын беретін, адамдарды біріктіру арқылы өз таби­ғатына сай келетін дәрежеге ие болатын қоғам түрін армандап,  ұжымдасып кө­мектесу, бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын қоғамды білімді, сабырлы, ақыл­ды адами қасиеттерді бағалауға қабілетті адамдар басқарғаны жөн» деген ой бар. Фараби қоғамның дамуын бағыттайтын басты күш адамның ақыл-ой мен көрегендігі деп түсіндірді. Ол соғыссыз, қанаусыз, жалпыға бірдей бақытты болашақты армандады. Әділеттіліктің, теңдіктің, достықтың, өзара көмектің, өзара құрметтіліктің, жоғары мәдениетті қоғамның бар жерде орнауын армандады. Адамды жетіле түсуге, бақытқа, молшылыққа жетелеуді көздеген Фарабидің әділеттілікті халықтар достығын насихаттайтын, мәдениетті, ғылымды жасауда барлық адам бірдей екенін уағыздаған гуманистік идеялары оның өз заманындағы шығыс елдерінің әрі дүние жүзі халықтарының көкейкесті проблемаларымен үндесіп жатады. Фарабидің: «Бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне көмектесетін болса, жер беті түгелімен берекеге толады» – деген сөзі тап бүгінде өте өзекті. Фараби бойынша, азаматтық ғылымның міндеттеріне нағыз бақытқа жеткізетіндігін қайырымдылық қимылдары мен адамгершілік қимылдар жатады. Саяси ұйым басшысының міндеті осындай адамгершілік қимылмен оның сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндеттің орындалуы басшыдан мемлекетті басқаруды талап етеді, сонымен бірге басқару өнерінің білімділігін талап етеді. Фараби басқарудың екі типін ұсынады: 1. Нағыз бақытқа жеткізетін мораль­дық белгілер мен өмірдің әдістерімен орна­туға бағытталған басқару; мұндай бас­қарудағы мемлекет қайырымды мемлекет және мұндай басқарудағы қала да, оның халқы да қайырымды болады. 2. Басқару білімі жағынан кенжелеу мемлекет болады; бұл мемлекеттің тұр­ғындары да мәдениетсіз, білімсіз болады. Фараби қоғам мен индивид гармо­ниясының идеясын дамыта отырып, мынадай қорытынды жасады: мемлекетке адам пайда келтіргенде ғана ол мемлекет күшті, дамыған мемлекет болады. Үлгілі мемлекет қандай болуы тиіс? Ондай мемлекет жетілдірілген, дамыған иерархиялық құрылыстағы мемлекет болу керек. Мұндай мемлекетте «әрбір адам» бір кәсіппен шұғылданбаса болмайды, деді. Бұндай идеялық мемлекетте адамның қоғамдық жағдайы байлығына байланысты емес, оның біліміне байланысты болады. Осы пікір арқылы Фараби ақша ауқатты қаланың басты шарты емес деді. Фараби бойынша «Әр адам өзінің өмір сүруі және жетістіктерге жетуі үшін көптеген қажеттіктерді зәру етеді, – деп жазды Фараби, оған өзінің күші, жағдайы жетпейді, ал, өзінің мұқтаждығын өтеу үшін жұрттардың бірлестігінің, қоғамдастығының әрқайсысының әр түрлі көмектерін қажет етеді, бірлестіктің барлық мүшесінің қызметі әркімге өзінің өмір сүруі және жетістіктерге жетуі үшін барлық жағдайды жасайды». Осындай негізде Фараби адам қоғамы пайда болуының табиғи теориясын ұсынды. Тек басқа адамдармен қарым-қатынаста ғана, әлеуметтік топта ғана адам өмір сүруі мүмкін. Адамдардың бірігуінің себебі олардың материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандырудағы мұқтаждығы болып табылады. Мемлекеттің ішкі міндеті бұл тұрғындардың бақытқа жету жолын қарастыру: әділеттілік орнату, халыққа білім беру, тұрмыс туралы ілімге оқыту, оларды адамгершілікке тәрбиелеу, бақытқа жеткізетін әдеттерді тарату болып табылады. Мемлекет тек экономикалық мәселемен ғана шектелмеуі тиіс, онда ол мәдениетсіз мемлекет болғаны, – деді Фараби. Оның пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Ол ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп алды. «Тәрбиені неден бастау керек», «Философияны үйрету үшін алдын-ала не білу керек» еңбектерінде ғылымды, оқу-ағартуды меңгеру, білім, тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Осы негізде ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтайды. Ғылымдарды үйрену реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім етіп қалдырады. Әл-Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды (ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) «мәңгі нұрдың қызметшісі». Ұлы ойшыл тарихи шындықты, еңбекті, тәрбиені, оның ішінде еңбек тәрбиесін адамның игілігі, бақыты үшін қолдануды армандады. Адамның игілікке жету жолдары туралы ойларын Фараби экономиканың, саясаттың, мемлекеттік құрылыстың, отбасы тәрбиесінің, еңбек тәрбиесінің мәселелеріне байланыстыра оты­рып, аса қажет мызғымас берік негізге сүйенеді. Сондай-ақ ол қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары жөнінде батыл пікір айтқан ғұлама. Өйткені, адам бақытты болуға лайық және сол бақытын табуға тиіс. «Адам өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнісінде бақытты өмір сүре алады» – дейді данышпан. Сөйтіп, Фараби адамның өмірлік іс әрекетіне үлкен мән бере отырып, еңбек қана адамды жануарлар дүниесінен бөліп, оқшау көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Адамзат қоғамының өмір сүруіне ең керектісі оның материалдық тұтыну қажеттері дегенді бірінші орынға қоя тұрып, осынау мәселе өмір сүрудің ең маңызды ісі деген теріс көзқарастарды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Өміріміз қайырым мен мейірімге толы. Біреу қолы жеткен байлығын адамдардың, елдің игілігіне жұмсайды. Отанын рухани жаңғыртады. Біреу соғысқұмарлыққа қарсы күреседі. Біреу өзіне тапсырылған мемлекет ісін адал атқарып қана қоймай, мол табыстарға жетелейді. Бұларға мысал көп. Солардың бірнешеуін сөз етіп көрелік.

[caption id="attachment_8664" align="alignright" width="300"]Эндрю Карнеги (1835-1919) Эндрю Карнеги (1835-1919)[/caption]

Эндрю Карнеги өз заманында әлемдегі ең бай адам болған. Маталары мен корольдік қамалдары арқылы әлемге танымал бол­ған Шотландияның орта ғасырдағы аста­насы Данфермлинде дүниеге келген. XIX ғасырдың ортасына қарай қамалдар ес­кіріп, ал, қолдан тоқылатын маталар бумен істейтін станоктардың бәсекесіне шыдай алмай, бәсі төмендегенде Эндрюдің әкесі Уилл Карнегидің тоқымашылық ісі табыс бермей қойды. Анасы Маргарет жай ғана етік жөндеушінің қызы еді, өзі де сол кәсіппен айналысушы еді. Жұмыссыз қалған Уилл Эндрю саясатпен айналысты, чартистердің қозғалысын ұйымдастырды, оның бұл ісі пролетариаттың әлемдегі бірін­­ші ұйымдасқан саяси қозғалыс ретінде тарихқа енді. Бірақ, чартистер бәлендей нәтижеге жеткен жоқ. Парламент олар талап еткен жалпыға бірдей сайлау құқығын енгізуге үзілді-кесілді бас тартты. Эндрюлер отбасы әбден кедейленген соң, 1848 жылы Америкаға жол тартты. Ол елге бұрынырақ Уиллдің әпкесі көшіп барған еді. Әпкесі: «Жұмысшы адамға мұнда өмір сүру көне Англиямен салыстырғанда анағұрлым жақсы» деді. Бұл сөзге бас иген отбасының жас мүшесі Эндрю жұмысшыларды пайдаланатындар жұмысшылардан ана­ғұрлым жақсы өмір сүретінін де байқады. Уилл Карнеги мүліктерін сатуға кірісті. Аз ғана ақша жинап алған ол тағы біраз ақша қарыз алып, Wiscasset атты корабльден бір каюта сатып алды. Саяхат елу күнге созылып, эмигранттар отбасы Питтсбургке тоқтады. Питтсбург ол кезде өндірістік рево­люцияның ордасы болатын. Жан-жақтың бәрінде жаңа кәсіпорындар салынып, тұрғындардың бәрі бір нәрсе өндіруге тырысып жатты. 12 жасар Эндрю оқуға бармай, мақта фабрикасына жіп ораушы болып жұмысқа кірді. Бастапқыда Эндрю аптасына бір жарым доллар жа­ла­қы алды. Соңыра, ол телеграфтық кеңседе екі жарым жыл еңбектенді. 18 жасқа толған соң «Pennsylvania railroad» компаниясына жұмысқа тұрды. Жиырмаға келгенде ол Пенсильвания темір жолының Батыс бөлімшесінің бастығы Томас Скоттың көмекшісі болды. Скотт оған бақ болып жолықты. Бастығының сеніміне кірген жас қызметкер өзінің барлық жинаған 217 долларын жатын вагондар шығаратын компанияның акциясына салды. Екі жылдан кейін оның акциялары 5 мың доллар табыс әкелді. Осыдан Карнеги жалдамалы жұмыспен ақша табу қиын екенін, кәсібін өзгерту керектігін түсіне бастады. Осы кездері Карнегидің кәсіби салада ғана емес, өмірінің барлық бағыттарында да таланты ашылды. Ол іс-әрекеттерінде ержүректік таныта бастады, адамдарды өзіне тарта білді және өзіне қатысты нәрселердің бәрінде делдалдық жасаушылардың қатыспауын қалады. Оның әлеміне үлкен бизнестің өкілдерін қатыстыра бастады. Болашақ магнатты төңірегіндегілер «балақай Энди» немесе «Скотт мырзаның Эндиі» деп атай бастады. Скотт оған бірлескен инвестиция жасауды ұсынды, олар ниеттенген «Адамс экспресс компани»кәсіпорнының акциясына салуға Эндрюге 610 доллар керек еді. Мұндай ақша болмаған соң, бұл ақшаны оған Томастың өзі қарыз берді. Осылайша, Эндрю жай қызметкерден капиталистке айналды. Бұл 1856 жыл еді. Ол 21 жаста ғана болатын. Сол жылы Томас Скотт «Пенсильвания» атты темір жол компаниясына ауысып, үш жылдан соң компанияның бас директорының орынбасары болды. Осы жылдары да Карнеги Скоттпен бірге жүрді, айлық жалақысы бастапқы 50 доллардан 1500 долларға өсті, ол компаниядағы шешуші тұлғалардың бірі болды. Сөйтіп жүргенде жұмыстан кеткен Скотт Эндрюді өзінің орнына қойып кетті. Түрлі кәсіпорындарға инвестиция салып, Карнеги 28 жасында 40 мың дол­лардың иесі болды. Ең алғашқы болат құюшы кәсіпорынның иесі де Эндрю еді. Сол жылдары темір жолдардағы барлық ағаш көпірлер темір көпірлермен, шойыннан құйылған рельстер болат рельстермен алмастырылуы басталған болатын. Эндрю осы алтын ағып тұрған жүйеге иелік етті. 33 жасқа келгенде Эндрю Карнеги Нью-Йоркке көшіп келіп, тыныштықта өмір сүргісі, Оксфорд университетіне түсіп, өзінің жеке меншік газетін шығарғысы келді. Сол кездегі естелік жазбаларында ол байлық адамды бұзады, топастандырады, сондықтан өзімді жетілдірумен ғана айналысуды ар­ман­даймын деп жазды. «Байлық жию – пұтқа табыну секілді керексіз нәрсе. Басқаға табынғаннан ақшаға табынған қиын. Ақша туралы уайымды дамыта түсу, қайтсем қазіргіден көп ақша табамын, қайтсем ақша табуды тездетемін деу – айықпас дерттей өзіңді азғындауға ұшырату. Мен қандай іспен айналыссам да, оған тұтастай берілемін, сондықтан мен абайшыл болып, өзіме дұрыс бағыт беретін өмірді таңдауда қателеспеуім керек. Өйткені, мен қашан да жетістікке жетуге тиіспін. Сондықтан мені игілікке жеткізетін өмір жолын таңдауға міндеттімін. Сонан соң мен істерімнен 35 жылға тыс болып, әр күнімді түстен кейін кітап оқу мен өзімді жетілдіруге арнаймын». Осылай деп жазуын жазғанмен ол тез баюдың жолына түсіп, Ұлыбританияға барып, болат өндірудің конверторлық тәсілін үйреніп қайтады да, өз еліне енгізіп, үлкен байлыққа ие болады. 1875 жылы ашқан болат қорыту зауытын Карнеги Пенсильвания темір жолының бастығы Эдгар Томсонның атымен атайды, сөйтіп болашақ тапсырыс алуды алдын-ала қамтамасыз етеді. Болат өндірісіне көптеп керек коксты өзі шығаруды мақсат тұтқан ол сондағы ең үлкен кокс шығарушы кәсіпорынның бақылау пакетін сатып алады да, оның бастығы Генри Фрикті өзіне атқарушы директор етеді. Бар болғаны 4 кластық қана білім алған Карнеги жетілу үшін өте көп оқыды, оған көп уақытын арнады.Ол әдеби кітаптарды ғана емес, техникалық және арнаулы кітаптарды да назарынан тыс қалдырмады. Өзінің істері жүруіне қызмет ететін идеяларды кі­таптар мен журналдардан алуға ерінбеді. Түбінде, білімділік оның басқа адамдармен салыстырғанда басымдығына айналды. Білімді өмірге енгізу де, жаңашылдық ұсыныстар да Карнегидің жеңістерінің себептері. Мәселен, Карнеги бұрын ешбір ретсіз жүретін поездардың жүріс кес­тесін ойлап тапты, содан соң темір жол бойын­дағы ретсіздік, поездардың қақтығысы тоқтап, жететін жерге белгілі бір мерзімде, кешікпестен жету орнықты. 1881 жылға қарай Эндрю Карнеги жылына 1 миллион доллар табыс табуға жетіседі. 1889 жылы оның болат қорытудан алған табысы 20 миллион долларға жетеді. Сол кездері орташа американдық жұмысшының жылдық орташа табысы 500 доллар болатын. Карнегидің өмір жолын бақылағандарға, оның өмірде ылғи да жолы болғанын байқау қиын емес. Бірақ, жолы болуды да өзіне пайда тигізетіндей етіп пайдалануға болады, керісінше, тағдыр берген мүмкіндікті жіберіп алуға да болады. Карнеги бар мүмкіндіктерді өзі үшін табысты, өзіне абырой әкелетіндей етіп пайдалана білді. Солай бола жүріп, ол бағасы 30 доллар тұратын аса ірі торкөз костюм киіп жүретін. Анасы оны қызғыштай қорғап өзі өлгенше ешкімге үйленуге мүмкіндік бермеді. Анасы өлген соң ғана 45 жасқа келгенде үйленген ол байлығымды бөліске салады деп перзент көргісі келмеді. Үйлену тойы жарты жылдан кейін қалыңдықтың үйінде тып-тыныш, аз ғана жолдастармен өтті. Баласына берген тәрбиесі үшін Луиза қайын енесін өмір бойы жек көріп кетті, оны «мен білетін әйелдердің ішіндегі ең ұнамсызы» деп атады. Карнеги мұрагерлікті ойлап бас қатырғысы келмегенмен, Луизаға дәрігерлер денсаулығы үшін бала тууға кеңес берген соң, ол қыз туды, оның атын Эндрю анасының атымен Маргарет деп атады. Осы орайда, біздің қазақтың әдет-ғұрпында мұндай нәрсе болмағанына шүкіршілік етсек болады. Қайта, бізде үйленбей жүрген ұлдар мен отырып қалған қыздардың аналары күйзеліске түсіп, соларды аяқтандырғанша барынша тырысумен болушы еді. Бірақ, осы нақты жағдайдың өткеніне 130 жылдай мерзім болғанда, біздерде де жастары қырыққа келгенше үйленбей, тұрмыс құрмай жүргендерді көре бастадық, тіптен, кейбір жасамыс қыздардың: «күйеуге шығудың не керегі бар, өмір бойы біреудің «аяғын» жуып өткеннің несі қызық» деген сөздерін де еститін болдық. Карнегидің тағдырына байланысты ойланарлық мәселе болғанымен, негізгі тақырыбымыздан ауытқып барамыз, кейіпкерімізге қайта оралалық. Отбасынан тыс жерде Карнеги ешқандай қызық қумады. Оның негізгі мақсаты жұмыс істеп ақша табу болды. Ол америкалық «The North American Review» журналына «Байлықтың евангелиясы» деген бағдарламалық мақала жазды. Онысы қоғамда қызығушылық тудырды. Онда ол байларға арнап өзінің өмірге келгендегі мынадай негізгі міндеттерін жария етті: елден ерекшеленбейтін тұрмыс, туыстарға біраз жәрдемдесу, еркек кіндікті мұрагерге мұра қалдыру, қалғандарын өлмей тұрып «кедейлердің тұрмысын жеңілдету үшін» тарату. Осы орайда, әкелеріміз айтып отыратын өңірдің ауқаттылары мен датқаларының біздегі халықтың тұрмысын жеңілдету мақсатында жасаған қайырымдылықтары есімізге түседі. Айтөре деген бай атамыз Меккеге барар сапарының алдында өзінің бар малын жұртқа таратып берген екен деп естігенбіз. Бір қызығы, сол атамыз зиярат жолынан оралғаннан соң, бір жыл өтпей қайтадан ауқатты қалыпқа көшкен екен деп те естідік. Қоқан хандығының отарында болған кезде, солардың озбырлығына, салған салығына шыдай алмай, Сырда­рияның сол жағалауы – Мырзашөл аума­ғынан Қанай датқа мен оның ұлы Тұрлыбек датқа елдің сөзін сөйлеп, оң жағалаудан Мұсабек-Сапақ сынды ерлер шығып, Қоқандықтарға тойтарыс бергені тарихта бар. Жерлес аталарымыздың бірі Оразгелді Тастанбек бай, отызыншы жылдары кәмпеске болатынын алдын-ала сезгендей, өңірдегі кедейлерді шақырып, ас беріп, әрқайсысына малдарын жеткенше бір-бірлеп таратып берген екен. Содан, біздің елде «шүлен таратқан Оразгелді» деген сөз қалған. Әрине, өмірдің сыйы қашан да тепе-тең бөлінбеген, біреудің малын алғаннан кедей бірден байып кете қоймаған болар, бірақ, малдан басқа байлығы жоқ адамның жиған малын өз қолымен таратып беруі де мадақтауға, үлгі етуге лайық. Эндрю соңғы байлығын таратып бергенде, бұл тірлігі алдымен, өздеріне тиер үлес аз болдыға санаған оның туыстарына ұнаған жоқ. Бір жиені «маған бергені бір-ақ миллион болды» деп наразы болыпты. Ал, ол кездегі бір миллион қазіргіден отыз еседей құнды болатын. Қалған дүниесін халық игілігіне жұмсауға бел шешіп кіріскен Карнеги кітапханалар мен храмдар құрылысын бастады. Оқу орындарының ұстаздарына, студенттерге көп қаржы таратты. Осылайша, ол Америкада, Канадада, Ұлыбританияда, Ирландияда, Австралияда, Жаңа Зеландияда, Вест-Индияда, Фиджиде 3000 (үш мың!) кітапхана салдырды және оларды кітаптармен қамтамасыз етіп, қызметкерлеріне жала­қы төледі. Нью-Йорктегі әйгілі Кар­неги холлды, Питтсбургтегі Кеннеди техно­логиялық институтын салдырды. Сондай-ақ, Карнеги корпорациясының негізін қалады, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорын (бұл қорды Дейл Карнеги есімімен байланыстыратындар бар) құрды, Вашингтонда Карнеги институтын, Карнеги-Меллона университеті мен Карнеги музейін салдырды. Өзі арнаулы білімі жоқ Эндрю Карнеги сауаттылардың көп болуына осылайша қызмет етті. Карнеги трестінің президенті Чарльз Шваб оның қиялының ұшқырлығын, ақылдылығын, сезгірлігін тамсана айтатын. «Ол сіздің не айтпақ болғаныңызды сөзіңізді бастамай тұрып-ақ біліп отыратын еді» дейтін. Оның барлық озық қасиеттерінің ішінде ең негізгісі – адамдарды іске жұмылдыру қабілеті екен. Ол түсіндіріп жатқан кезде иланбау мүмкін емес болған. Карнегидің жетістігінің себебі, ол өз ақылын дұрыс пайдалана біліпті, адам тануда алдына жан салмапты. Ол 1901 жылы зейнетке шығып, өзінің болат қорыту корпорациясын 480 миллион долларға сатыпты. Өзі дүниеден өтетін 1919 жылға дейін ол 351 миллион долларға жуық ақша жұмсапты (қазіргі бағамен шамамен 115 млрд доллар), барлық жиған дүниесі 400 млн доллар (шамамен 130 млрд доллар) екен. Өлер алдындағы соңғы қаржысы 30 миллион долларды қайырымдылық ұйымдары мен зейнеткерлерге таратып беріпті. Бизнестегі карьерасына қоса Карнеги руханият мәселелеріне де араласқан. Ол ағылшын ақыны Мэтью Арнольд пен философ Герберт Спенсермен дос болыпты және де АҚШ-тың бірқатар президенттерімен, белгілі қоғам қайраткерлерімен және жазушылармен таныс болыпты. Бір мақаласында Карнеги: «бай өнеркәсіпшінің өмірі екі бөліктен тұрады: бірінші бөлігі байлықты жинау мен көбейту, екінші бөлігі – сол байлықты игілікті істерге жұмсау, қайырымдылық істер – лайықты өмірдің кілті» деді. Эндрюдің жеке үйінде мрамор пеш бар екен. Оның бетіне ашық кітаптың суреті бедерленіп, оған алтын әріптермен былай деп жазылып қойылған: Кім ойлануды білмесе – ақымақ, Кім ойланғысы келмесе – көрсоқыр, Кім жасампаздыққа ұмтылмаса – құл! Италияның Помпеи қаласынан әкелінген мрамор тақтаның құны 75 мың доллар екен. Эндрю Карнегидің айтуымен Наполеон Хилл жазып алған «Жетістіктің алты ережесі» мынадай: 1. Өзіңіздің қанша ақшаңыз болғанын қалай­тыныңыздың нақты сомасын анық­таңыз. «Менің көп ақшам болғанын қа­лаймын» деу аз. Дәл және нақты болу қажет. 2. Өзіңіз қалаған байлық үшін қандай төлем жасайтыныңыз жөнінде өзіңізге шыныңызды айтыңыз. 3. Осы ақшаға ие болатын уақы­тыңызды белгілеңіз. 4. Өз қалауыңызды орындаудың нақты жоспарын жасаңыз және ол қалауыңызды жүзеге асыруға дайынсыз ба, жоқ па, оған қарамастан бірден іске кірісіңіз. 5. Барлығын жазып қойыңыз: ақшаның көлемін, оны иелену үшін кететін уақытты, ол үшін нені құрбан ете алатыныңызды, ақшаны алу жос­парын. «Пәлен жылдың 1 қаңтарына менің иелігімде 50 мың доллар нақты ақша болуы тиіс. Оны алып алған соң, мен оны барынша тиімді жолмен мына­дай жұмысқа (бірнәрсе сату, тұр­мыстық қызмет ұйымдастыру, т.с.с.) жұмсаймын. Мен мұнша ақшаның менің иелігімде болатынына сенемін. Менің сенімім соншалық, мен бұл ақ­шаны көріп тұрғандаймын. Мен оны қолы­ма ұстап тұрмын. Ол ақша мені күтіп тұр. Олар мені болашақ ісімде өз қабілетімді көрсететініме сенеді. Маған өз ақшаларымды алу жоспары керек және ол жоспар жасалысымен мен оған сәйкес іс атқарамын». 6. Әр күні ұйқыға кетерде және таң­ертең оянған соң, көзімді жұмып, сезім­мен, ықыласпен, осы сөздерді дауыстап айтып шығыңыз. Оқығанда, ақша енді сіздікі екенін көзге елестетіңіз, сезініңіз және осыған сеніңіз. Оның түрлі кездері жазып қалдырған сөздері күні бүгінге дейін өзекті және өне­гелі. Мысалға алсақ: - жұмыс – жұмысшының жалғыз ғана меншігі. Сол үшін де ол жұмысы үшін күресуге құқылы; - өзіңнің ғана игілігіңді ойлама, алдымен тұтынушыларыңды ойла; - басты мақсат – өзіне көмек беретін­дерге көмек беру болуы тиіс. Қайыр мен жәрдем алып, жеке адам да, мемлекет те жақсырақ бола түспейді; - байлық жию – пұтқа табынудың ең жаман түрі. Ақшаға табынудан артық қиратқыш күш жоқ; - менің барлық зауыттарымды, барлық капиталымды, менде бардың бәрін алып қоюыңызға болады. Бірақ, маған бес үздік басқарушымды қалдырсаңыз, сіз есіңізді жинап үлгергенше мен қайтадан бәрінің алдына шығып кетемін; - өз парызымды атқардым деп өзіңізді жұбатпаңыз; - ат жарысында бір сүйем алға шық­қандар жеңіске жетеді; - айтқанды жасамағандар ғана емес, айтқаннан артық жасамағандар да еш­қашан жоғарыдан көрінбейді; - жасым келген сайын мен адамдардың айтқандарына назар аудармайтын бол­дым. Тек қана олардың өздерінің не жасап жатқанына қараймын; - өзін-өзі ынталандыра білмейтін адам, қаншама талантты болса да, қоңырқай күй кешуге лайық; - өмір бойы бір жолды таңдап, сол жолмен жүрген адам жетістікке жетеді; - баспалдақпен көтерілгісі келмейтін адамды оған итермелеме; - мақсат тек қана ақша табу болса, онда мен азғындаймын және қайта қал­пыма келуім қиын; - жұмысты атқарудың жаңаша жол­дарын ізде; - өмірде үлгі болатындарды материал­дық саладан емес, рухани саладан ізде; - оқы. Өз біліміңді жетілдір. Оны сенің өзіңнен басқа ешкім жасап бере алмайды. Міне, байлығымен, ізгілікті істерімен, қайырымдылығымен, білім саласына құйған орасан зор инвестициясымен тарихта аты қалған Эндрю Карнеги атты адам осындай болған.

[caption id="attachment_8665" align="alignleft" width="300"]Бертран Рассел (1872-1970 ж.) Бертран Рассел (1872-1970 ж.)[/caption]

Британдық философ, қоғам қайрат­кері және математик Бертран Артур Уиль­ям Рассел пацифизмді, атеистік көз­қарасты, либерализмді және солшыл саяси ағымдарды қолдаушы ре­тінде әлемге аты жайылған ғалым. Ол математикалық қисынға, философия мен таным теориясына ешқашан ескір­мейтін өлшеусіз үлес қосты. Бертран Расселдің шығармашылығы мен қайраткерлігі әлемнің үздік ғалымдары тарапынан жасынан-ақ жан-жақты мойындалды. Ол «рационализм мен гуманизмнің ең жарқын өкілі, сөз бостандығы мен ой бостандығының қайсар күрескері», «Вольтерге ұқсаған көне заман философтарының жалғасы, жасаған істерінің бәрін үздік орындаушы шебер», «ғасыр философы», «Аристотель заманынан бергі математикалық қисынға ең көлемді және іргелі үлес қосқан ғалым», «ХХ ғасырдағы ең үздік логик» деген бағаға ие болды. Отыз жастың төңірегінде Рассел па­цифизмге сенімі үшін социализмді мақұлдады. Пацифизм (лат. pacіfіcus – татуласты­ру, тыныштық орнату) – бейбітшілікті жақтайтын, зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған идеология. Пацифисттік қозғалыс, бейбітшілік үшін қозғалыс, соғыс пен озбырлыққа қарсы бейбіт құралдармен әрекет ететін антисоғыстық қоғамдық қозғалыс болып табылады. Пацифизмді жақтаушылар соғыстың бейбіт іс-шаралар арқылы алдын алу мүмкіндігіне сенім артады. Олардың тағы бір қажеттері соғысты әділетті, әділетсіз деп бөлмейді, соғыс атаулының бәріне де қарсы. Олар соғыстың шығу себептерін жоймай-ақ, оны болдырмау мүмкін деп сенеді. XX ғасырдың 80-жылдары саяси ықпалы артқан пацифистік қозғалыс халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында соғыстарға тыйым салу ту­ралы халықаралық конгрестер өткізіп, жалпыға бірдей қарусыздану мәсе­лелерін көтерді. Қазіргі кезде па­цифистік қозғалыс көптеген елдердің сыртқы және ішкі сая­сатына пәрменді ықпал етуге қабілетті халықаралық және демократиялық қозғалыс ретінде белсенді қызметін жалғастыруда. Ол жылдары Ұлыбританияда «от­анды қорғау» ұраны бел алып тұрған шақ еді. Пацифизм Ұлыбританияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санаған билік оны бұл ойлары үшін Тринити-колледждегі жұмысынан қуды. 1916 жылы Рассел «Ұятының дегеніне бағынудан бас тартатындарға арналған екі жылдық ауыр жұмыс» деген листов­ка жазып, таратты. Онда адамның саяси және діни себептерге байланысты әскерге міндетті түрде барудан бас тарту құқығын қорғау қажеттігін ұсынды. 1917 жылы жазған «Менің саяси иде­алдарым» деген кітабында: «Жалғыз ғана лайықты саяси мақсат – қоғамдағы әрбір адамның табиғи шығармашылық мүмкіндіктерін, егер, ол, сайып келгенде, радикалдық либералдық реформаларды өткізу мен адамдарды таптар мен басқа да кертартпа топтарға (оның ішінде діни топ­тар да бар) бөлетін жүйені жоюға алып баратын болса, барынша толық дамытуды қамтамасыз ету» деген сөзі жазылғанына жүз жылға жуық уақыт өтсе де барынша өзекті. Социализмді қолдаймын деп, 1918 жылы алты ай түрмеде отырып шыққан Рассел, Ресейге барып, ондағы тұрмысты көрген соң, 1920 жылы: «Мен коммунизмнің әлемге қажет екеніне сенемін» дей тұра, «Менің Ресейге келгенде – коммунизмнің өзіне емес, бірақ, сенім символына сенген адамдардың шегі жоқ қиындықтарды, қасіретті, қайыршылықты көбейте тү­суге де әзір тұратын шынайы берілген албырт­тығының саналылығын көр­ге­нім көңілімдегі күдіктерді мың­даған есе ұлғайтты» деп жазды. 1944 жылы АҚШ-тан Англияға оралған Рассел өзі бір кездері жұмыстан қуылған Кембридж уни­верситетінің Тринити колледжіне жұ­мысқа тұрады және сол жылдан бастап өрке­ниеттің да­муына қатысты салалы мақалалары мен кітаптарын жазады. Рассел 1950 жылы әдебиет сала­сын­дағы Нобель сыйлығын иеленді. Сутегі бомбасына сынақ жүргізілген соң, Рассел Фредерик Жолио-Кюримен хат алысып, ядролық қаруға тыйым са­луды насихаттауға барлық дарынын және абы­ройын жұмсап, өз өмірінің ең саналы және белсенді қызметіне кіріседі. 1954 жылдың 24 желтоқсанында ра­дио­дан ағылшындықтарға «Ядролық со­ғыс­­қа қарсы бейбітшілік үшін күрес ма­ни­фестін» ұсынады. Онда: «Келесі соғыста жеңімпаз болмайды, өркениет жойылады, адамзат өзін-өзі жалмай­ды», «Мен сіздердің алдарыңызда ағыл­шын да, еуропалық та емес, Батыс демо­кратиясының өкілі де емес, бұдан әрі өмір сүруіне қатер төнген адамзат ұрпағының өкілі ретінде сөйлеп тұрмын. Бүкіл әлем қайшылықтарға толы: дүниеде арабтар мен еврейлер, үнділер мен пәкіс­тан­дықтар, Африкада ақ нәсілділер мен негрлер, қала берді, коммунизм мен анти­коммунизм арасындағы алапат тар­­тыстар жүріп жатыр. Әрбір саяси са­налы адам қазіргі жағдайда, мүмкіндік болғанша, осы қарама-қарсы күштердің бір жағына шығып кетпей, тамаша биологиялық тарихы бар жан иесінің өкілі ретінде іс-әрекет жасап, өзінің жойылып кетпеуіне күш жұмсауы керек. Жер бетіндегі барша халыққа біркелкі қауіп төніп тұр. Тек соны түсіну қажет. Сол үшін бәріміз бірігіп, тізе қосып, күш жұмсап, апаттан аман сақталудың жолын іздестіргеніміз жөн» дейді. Бұл құжат хат арқылы әлемнің ең озық ғылым және мәдениет қайраткерлеріне таратылып, оған 11 ғалым мен ғұлама қол қояды. Бір қызық жәйт – бұл құжатқа 76 жастағы Альберт Эйнштейн өлерінен екі күн ғана бұрын, 1955 жылдың 16 сәуірі күні қол қойыпты, содан манифест «Рассел-Эйнштейн мани­фесті» аталады. Құжат 1955 жылы 9 шіл­деде Лондондағы жиында ресми түрде қабылданды. Бұдан кейінгі он бес жылда да Бер­тран Рассел өзінің қайраткерлік қызметін белсенділікпен жалғастыра түседі. 1963 жылы Вьетнамға жасалған америка агрес­сиясына қарсылығы үшін Расселге Батыста күшті қарсылық туындайды. «Шалдың есі ауысты» деседі. Америкадағы беделді газет «Нью-Йорк таймс»: «Ат үстіндегі өлік» де­ген мақала жазды. Бірақ бұлардың ешбірі өзінің ізденіске толы өмірінде 20 шақты кітап жазған ұлы ғалымға, ерен еңбек иесіне деген ел құрметін бәсеңдете алмады. 1872 жылы 18 мамырда дүниеге келген Бертран Рассел 1970 жылы 2 ақ­панда, 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Расселдің жан-жақты қабілетін, бір-біріне ұқсамайтын түрлі салаларда жет­кен жетістіктері мен ұлағатты үлгісін танығанда, ойыма Әбунасыр әл-Фарабидің «Бақытқа жету жайында» атты ғұламалық еңбегіндегі мына сөздер есіме түсті: «Адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге халықтар мен қала тұрғындары қол жеткізсе олар бұл өмірде дүние бақытына, басқа өмірде алыс бақытқа жетеді. Бұлар теориялық ізгіліктер, ой­шыл­дық ізгіліктер, этикалық ізгілік­тер және кәсіби өнерлер». Осының төртеуі де бойынан табылған Бер­тран Расселдің аты әлем тарихында алтын әріппен жазылуы – оның бұл өмірде де, басқа өмірде де дүние бақыты мен алыс бақытқа жеткенінің куәсі. Бұл шағын мақалада айтпағымыз – Бертран Расселдің өлмес идеялары мен ұсыныстары, олардың ішіндегі ең бағалысы «Рассел-Эйнштейн мани­фестіндегі» және соған қатысты сөй­ленген сөздердегі ойлар осыдан 60 жыл бұрын дүниеге келсе де, бүгін жазыл­ғандай өте-мөте өзекті қалпында екен­дігі. Бүгінгідей күнде құбылып тұрған за­манда, әсіресе, Ресей-Украина елдері арасындағы жанжал кезінде, бұқаралық ақпарат құралдары екі дай болып, бірі Украинаны, екіншісі Ресейді жақтап, біздің елдің бейтарап қалып: «Әр ел өз мәселесін өзі шешуге мүмкіндік жасаған дұрыс» дегенге саятын пікіріне наразылық танытып жатқанда, Расселдің: «Қайшылықтарға толы әлемде әрбір саяси саналы адам қазіргі жағдайда, мүмкіндік болғанша, осы қарама-қарсы күштердің бір жа­ғына шығып кетпегені жөн» дегенін мақұлдап, ұдайы есімізден шығармауға, дана Шәкәрімнің осыдан 80 жылдай бұрын айтып кеткен: «Тек қазақ қана деме, біз ғаламдық деңгейде ойлауымыз, ел тыныштығын – әлемдегі тыныштықпен үйлестіре, үндестіре ойластыруға тиіспіз» деген ойын оқырманымызға жеткізіп, ойы­на тағы бір рет салғанды жөн санадық. Бертран Расселдің әр жылғы ойла­рының бір парасы мыналар: ...Техника ғылымнан шығады, ал ғы­лым техниканы басшылыққа алады. ...Ой-өріс үдерісіне ешуақытта кедергі жасамаңыз, сонда жетістікке жетесіз. Оппозициямен, тіпті өз отбасыңыз бен балаларыңызбен қарсы бола қалғанда да, ол келіспеушілікті еңсеру дәлелді болуы тиіс, өзіңіздің беделіңізбен басып тастамаңыз. Өйткені жеңіс беделге (биліктің де) байланысты болса жарамсыз әрі бұлдыр. ...Егер, жалғыздықпен бірге келмесе, еркіндік деген тамаша нәрсе. Сізге баяғыдан күдік туғызбай кеткен нәрсенің өзі жайында да анда-санда ойланып қою пайдалы. Адамдар ойдан апаттан, тіпті, өлімнен қорыққаннан бетер қорқады. Ой қопарғыш зат әрі төңкерісшіл, ол бұ­зылғыш әрі қорқынышты; ой артық­шылықтарға, қалыпты жағдай мен ыңғайлы әдеттерге кешірімсіз; ой бейберекет және заңсыз, беделдерге бас имейді, жылдап қалыптасқан даналыққа мұрнын шүйіре қарайды. Ой қорықпастан та­мұқтың тереңіне үңіледі. Ой үшін адам титімдей ғана құм бөлшегі. Сөйте тұра, ой – ұлылық, жылдам әрі еркін, әлемнің жарығы және адамның ұлылығы. Соғыста әділеттілер жеңбейді, тірі қалғандар жеңеді. Адам жаны Құдай мен жыртқыштың қосындысы, екі бастаудың алаңы: біреуі – жеке, шектеулі, менменшіл, екіншісі – жалпыға бірдей, мәңгілік. Адамдар топас емес, тоғышар болып туылады. Оларды топас ететін білімсіздік.

Ришелье, Арман Эмманюэль дю  Плесси (1766-1822)

Францияның тарихындағы атақты әулеттердің бірі, ақсүйек – Ришельелер әулеті. Әулеттің басиесі Ришелье, Франсуа дю Плесси (1548-1590) – француздың мемлекет қайраткері. Оның ұлы Ришелье, Арман Жан дю Плесси (1585-1642) де француздың мемлекет қайраткері, кардинал (1622 жылдан); «Үш мушкетер» фильмінің персонажы. Ришелье, Луи Франсуа Арман дю Плесси (1696-1788) – Франция маршалы, кардинал Ришельенің шөбересі, атақты қолбасшы әрі тарихта әйелқұмарлығымен аты қалған адам. Ришелье, Арман Эмманюэль дю Плесси (1766-1822) - франко-орыс мемлекет қайраткері, герцог, Одесса қаласының негізін қалаушылардың бірі. Біздің әңгіме еткелі отырғанымыз да осы Арман Эмманюэль дю Плесси – Ришельелер әулетінің соңғы тұяғы. Біз неге Арман де Ришельені өз зерттеуімізге кейіпкер етіп алдық. Өйткені, ол Одесса қаласын жоқтан бар етіп, бағын ашқан адам. Одессаны бірінші ашқан адмирал де Рибас. Ол кезінде Қырымдағы кішкентай Хаджи-бей аталатын түрік қамалын иеленіп қалған. 1874 жылы патшайым Екатерина сол жерде қала тұрғызуға әмір етіп, оны Одесса деп атауға жарлық шығарыпты. Ол жердің байырғы тұрғындарына: татарларға, гректерге, албандықтарға, еврейлерге қосылып бұл жерге ойдан қашқан, қырдан қашқан ұры-қары қоныстанып, қала «Еуропаның қоқыс шұңқыры» аталып кетіпті. Одесса басында елеусіз ғана елді мекен болған. Онда тек бір ғана ұнтақ шығаратын фабрика, макарон цехы, бір-екі кірпіш зауыты мен вино жасау қоймасы болған. Оларда 150-дей ғана адам еңбек ететін. Басқа тұрғындар әртүрлі кездейсоқ табыстармен, маусымдық жұмыстармен және кәдімгі ұрлық-қарлықпен күн көретін. Қаланың бастапқы тұрғындары ауылдан қашқан крепостной шаруалар, қаңғыбастар, күдікті шетелдіктер және криминалдық элементтер болатын. Адамдар қамыспен жабылған жатақтарда тұратын. Төңірегі ағаштар мен бұталары жоқ тұлдыр дала, сусыз мекен – Ресей империясының ең қылмысқа бай мекені еді. Арман де Ришельенің атасы герцогтар әулетінің әдеттеріне орай 15 жасқа келгенде оны герцог де Рошеруардың 13 жасар қызы Розалияға үйлендірді. Үйлену тойында бірінші рет көріп тұрған әйелінің көріксіз түрін, өрмекшінің арқасы сияқты томпақ жауырынын көріп шошынған Арман де Ришелье өзінің бөлмесіне кіріп алып, бір сөтке бойы шықпай қойыпты. Шіркеуге барып некелесе сала ол Парижді тастай қашады, содан екі жылға дейін үйіне оралмайды. Кейін де ол әйелімен бірге өмір сүрмепті, бірақ бір-біріне деген құрметі сақталып қалыпты. Бақытқа орай, Розалия да герцогқа жабыспай, тыныш өмір кешіпті. Осынысы арқылы ол герцогтың құрметіне ие болыпты. Екеуінің жұбайлық өмірі бір-біріне хат жазысып, достық пен түсіністік жағдайында ғана өрбіпті. Әкесі мен атасы секілді әскери карьераны таңдаған Арман де Ришелье Ұлы Француз революциясы басталғанда Ресейге кетуді ойлапты. Ресейдегі патша тағына өзінің баяғыдан танысы Александр Павлович отырғанда, герцог оған құрметпен сыпайы ғана хат жазып, қызметіне құтты болсын айтып, Петербургке келіп, сізге жолықсам депті. Жылы қабылдаған император оған Петербургте гвардияда әскери қызметте қалуын немесе Одессаның қала басшысы болуын ұсыныпты. Сөйтіп, жас император Александр Арман де Ришельені өз қалауына орай Ресейдің оңтүстігіне губернатор етіпті және кейіннен оңтүстікті абаттандыруға барынша қолдау жасапты. [caption id="attachment_8666" align="alignleft" width="267"]Арман де Ришелье (1766-1822) Арман де Ришелье (1766-1822)[/caption]

Ришелье неге Одессаны таңдады? Жоқ Одесса Ришельені таңдады ма? Қалай болғанда да осы таңдаудан Одессаның жұлдызды сәті басталды. Қалалар да адамдар сияқты, олардың да өз тағдыры бар. Және де тағдыр қалай бұрып әкететіні кездейсоқтыққа да байланысты болады. 1803 жылдың 9 наурызы күні Арман Эмманюэль дю Плесси герцог де Ришелье бірінші рет Одесса жерін басты. Одесса ол ойлағаннан да нашар көрінді: балшықпен сыбалған жатаған үйлер, қисық тақтайлардан құрастырылған жұрт жиналатын боссөзді орындар, топырағы бұрқыраған көшелер, жан-жағынан тіреулер қойылған қисық-қыңыр шіркеулер оның еңсесін басты. Қала ортасындағы бірнеше ондаған екі қабатты үйлер мен тастан салынған құрылыстар оқшау-оқшау тұратын-ды, жан-жағы жалаңаш, ағаш егіп көркейту ешкімнің ойына келмеген. Герцог бұл картинаны көріп қорықты ма, жоқ па, ол жөнінде айтылмайды, бірақ ол келе сала магистраттан қаланың жай-күйі жайлы егжей-тегжейлі есеп әзірлеуді тапсырды. Ришелье жаңа бастамаларына шыдай алмай кетіп қалған қала басшысының орнын өзі иеленді, ол қызмет «азаматтық комиссар» аталатын. Ол алдымен 1804 жылдан бастап императордың көмегімен қаланы салықтан босатыпты. Қала арқылы өтетін және Еуропаға бет алған тауарлардың еркін транзитін ұйымдастырыпты. Осы қызметте және Оңтүстік Ресейдің әскери губернаторы болып 11 жылдан сәл аса еңбек етті. Ол Ресейден кеткенде Одесса абаттанған, порты бар, жылдық сауда айналымы 30 миллион рубльға жеткен Еуропалық әсем қалаға айналды. Салыстырмалы түрде айтсақ, қала құрылысы жылдары Арман де Ришелье орталық биліктен екі рет қана – бірінде 50 мың, екіншісінде – 80 мың үкіметтік жәрдемақша алды. Басқа игіліктер, әрине, өздігінен бола салған жоқ. Қалада іс жүзіндегі бір адамға бағыну болды, сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару енгізілді. Қай істің алдымен атқарылуы тиіс екенін Ришелье қала тұрғындарының өкілдерімен келісе отырып шешті. Арман де Ришелье ең алдымен Одес­сада ең жаңашыл шаруашылық жүйесін құрды. Ол кезде бүгінгідей қазынаға қан­ша қол сұқсаң да, таусылмайтын бюджеттік қаржылар жоқ еді. Сонда да, қала герцогтың бас­­шылығында ерек­ше жасампаздық күйге түсіп жүре берді, ол таңдаулыларға, сүй­кімсіздер мен жалқауларға да мейіріммен қарады, ешкімді кері итерген жоқ. Одессаға бай көпестер ағыла бастады. Шетелдік консулдықтар, үлкен сауда үйлері, мей­рамханалар мен банктер, лицейлер мен кітапханалар, тамаша театр ашылды. Қала «порт-франкоға» айналды. Герцог барлық діндерге керекті мінәжат үйлерін ашты. Қала салу тәжірибесінде Ришелье сол кездергі аса ықпалды экономист-философ Адам Смиттің идеяларын ұстанды. Глазголық даңқты профессор «қай ел болсын, әркімге сату мен сатып алуға то­лық еркіндік беріп, әркім өз қалауынша тірлік ету арқылы мол байлыққа жетеді» деген болатын. Экономикалық еркіндікке өзге еркіндіктер болмай қол жеткізу мүмкін емес. Осынау ең негізгі постулаттан ұзаққа бағытталған қорытынды жасалды: мемлекеттік болсын, жеке болсын, монополияға толықтай тыйым салынды. Әркім-ақ іс таңдауда және мекенжай таңдауда еркін болуы тиіс. Қозғалу еркіндігі, еңбек еркіндігі мен капиталды жұмсау еркіндігі, міне осы үш еркіндік Смиттің экономикалық теориясының негізі. Нақ осы Смит идеяларын қолдау Одессаның әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне алып келді, өйткені қала тұрғындарының еркін ұмтылыстар мен тілектері осындай болатын. Қала басшысы бола сала Ришелье қаланы жасыл желекке бөлеуге баса көңіл бөлді. Ағаш­тардың жас көшеттерін, гүлдер мен өсімдіктердің тұқымдарын Франция мен Италиядан алдырып, «өсімдіктерді күтіп, қараса болды» деген шартпен тұрғындарға тегін үлестіргізді. Олардың әрбір түбінің өніп, өсіп кетуін өзі қадағалады. Сола бастаған жапырақтарды көргенде ұрысқан да, айыппұл талап еткен де жоқ, өзі қолына суқұйғыш ыдыс алып, суара бастады. Бұлай еткеніне ұялған тұрғындар кешірім сұрап, өсімдіктерді суаруға кірісе кететін. Одессаның символына айналған ақ акация қала көшелеріне ерекше сән берді. Арман де Ришелье қарапайым және ымырашыл еді, қаланы ылғи жаяу аралайтын, үстінен ескі шинелі түспейтін. Көпестердің дүңгіршегіне кіріп, оның иелерімен іс жайында әңгімелесетін. Гректердің балаларды шоқындыру рәсіміне, еврейлердің тойларына қатысып, рахаттанып билейтін. 1813 жылы қалаға оба кеселі келгенде де Арман де Ришелье ешқайда қашып кеткен жоқ, кесел жайлаған жерлерге қорықпастан кіріп, ауруларды жұбатты, үкіметтің кеселді жеңетініне сендірді. Обадан өлген адамдарды жерлеуден бас тартқандардың көз алдында өзі шешініп тастап, мола қазып, өліктерді жайғастырды. Қала басшысының осынау игілікті ұмтылысына тұрғындар шындап сенді және құрметпен қарады, ол – тұрғындардың құрметтісіне және сүйіктісіне айналды. Ресейде герцогты құрметтеп Эмманиуль Осипович Ришелье деп атап кетіпті. Ол өле-өлгенше өзі жүрген «даланың еркін, таза желін» сағынып өтіпті. Ришельенің Ресейде тапқан табыс­та­рының бәрі патшаның жарлы­ғымен оның атына мәңгілік сақталыпты. Бұл қаржының бәрін ол Одессадағы Ришелье лицейіне мұраға қалдырыпты. 1815 жылы герцог еліне қайта оралуға мәжбүр болды. Наполеон әскері Ватерлоода жеңіліс тапқан соң, жеңімпаз ел Францияның тағдырын шешпек болғанда, олардың есіне өз ісіне шексіз берілген Арман де Ришелье түсті де, ол Францияның премьер-министрі етіп тағайындалды. Людовик герцог Эмманюэль де Ришельені Францияның үкімет басшысы етіп шақырғанда тарихта жағымсыз жағынан аты қалған сыртқы істер министрі Талейран мысқылмен «король Франциядан Қырымды жақсы білетін адамды үкімет басшысы етпек» депті. Бірақ, кәрі түлкі адасқан еді: Ришелье өз елінің мұң-мұқтажын да жақсы білетін болып шықты, өз жеке басының игілігі үшін емес, мемлекетінің игілігі үшін қызмет етті. Ришелье Одессадан кеткен күн қала хал­қы үшін азалы күн болды. Оны бүкіл қала халқы шығарып салды. Жылап, етегін сүйіп жүрген адамдар. Оның қайырласардағы соңғы сөзі «Достар, мені кешіріңдер, аяңдаршы мені, кеткім келмейді...» болды. Одессадан кетіп бара жатып, Ришелье өзі басқарған кездердің қорытындысын жасады: қала халқы 4 есе өсіпті, мыңдаған жаңа ғимараттар тұр­ғызылыпты, қалаға керекті барлық меке­мелер ашылыпты. Ерен еңбегі үшін Александр I Арман де Ришельені «Андрей Первозванный» орденімен наградтады. Осылайша, еңбектенген Ришельенің зейнет жасына келгенде, бір тиын қаржысы болмапты, соны білген Парламент оған жылына 50 мың франк ғұмырлық рента тағайындапты. Бұл қаржыны да ол Бордодағы Құдай үйіндегі мүсәпірлерге үлестіріп беріп тұрыпты. Әйелін сүймегендіктен, бірге тұрмаған герцог өмірден перзентсіз өтті. Ришелье әу­ле­тінің соңғы тұяғы 1822 жылы 55 жа­сында дүние салыпты. Герцогқа арнап қала тұрғындарының рахметі ретінде Приморье бульварында сырты алтынмен жалатылған латуннан жасалған ескерткіш орнатылыпты. Онда былай деп жазылып қойылыпты: «Герцог Эммануиль де Ришельеге, 1803 жылдан 1814 жылға дейін Новороссийск өлкесін басқарғаны және Одесса қаласы мен Екатеринослав, Херсон және Таврия гувернияларының игілігі үшін еткен қызметіне оның ұмытылмас еңбектері үшін қаланың барлық сословиесінің ризалығына осы ескерткішті 1826 жылы Новороссийск генерал губернаторы граф Воронцов тұрғызды». Абыройлы деп осы тағдырды айтса болады. Бүгінде Ришельенің ықпалымен басына бақ қонған, бүкіл әлемге танымал, әлеуметтік-экономикалық жағдайына сән-салтанаты мен әзіл-оспағы жараса дамыған портты қала Одесса туралы қалай айтса да жарасарлық. Бұл – іске берілгендіктің, адалдықтың, жеке мүддесін халық мүддесінен табудың айқын көрінісі.

Бауыржан Оспанов

Бауыржан Оспанов белгілі қазақ кә­сіпкері, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы, Қазақстан бокс және күрес федерацияларының вице-президенті. Forbes Kazakhstan журналы Бауыржан Оспановты 2015 жылғы Қазақстанның 50 бай адамы тізіміне кіргізді. Ол тізімде 320 миллион доллармен 32 орынға орналасқан. Қазақстанда да байлар жетерлік. Олардың ішінде 5 пайыздайы ғана мемлекеттік қызметшілік жолын пайдаланбаған, биліктің қолдауымен немесе астыртын ықпалымен байлыққа жетуге тырыспағандар. Солардың бірі – Бауыржан. Оны халық біледі, құр­меттейді, ал, қазіргі кәсіпкерлер Бауыржанды үлгі тұтады. Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында Кеңес елінде «қайта құру» дәуірі басталды. Кедейленген мемлекеттің сол кездегі иелері амалсыз жеке кәсіпкерлікке жол ашты. Кооперация туралы заң қабылданып, еркіндік берілді. Ол кезде дұрыс бағыт таңдау оңай болған жоқ. Оның үстіне, жұрттың көбі тартыншақтады, «қаржыны қайдан аламыз, несие алсақ қайтара алмай қалмас па екенбіз?» деп уайым-күдікпен жүрді. Сондай кезде алға өздеріне өздері сенімді, болашағын болжай білетін, тәуекелшіл азаматтар шықты. Солардың ішінде арқа сүйер билікшісі жоқ, өзіне ғана сенетін Бауыржан Оспанов та болды. Бауыржанның бизнесінің басты бағыттары – электр энергетикасы, өндіріс өнімдері, ауыл шаруашылығы. Ауылдағы басты кәсіп – мал өсіруді мықтап қолға алған. Шетелден асыл тұқымды малдар әкелдірген. Жылына 40 мың тонна ет өндіріледі. Соя плантацияларында өндірілген өнімдер өңделіп, сапалы май шығарылады. Қосымша өнім – сығылған қабыршықтар (жмых, шрот) малға жем. Омарта шаруашылығы да жолға қойылған. Әр ұлттың менталитеті бар. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпаныңа найзаң тисін» деп Әйтеке би айтқандай, қазақ мен­талитетінде алдымен туған-туысқа, ауы­лыма, өскен жеріме, қазағыма болсын дейтін ниеттегі халықпыз.Бауыржан Оспанов Билл Гейтстің: «Бизнес үлкен құмарлықтан туады» дегенін мақұлдайды. Бірақ, құмарлық шектен шығып кетпеуі тиіс, – дейді. Мұхаммед пайғамбардың: 20 сиырың болса, біреуін зекетке бер, – деген ережесін ұстанады. Бізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы заң бар. Ол заңда бизнес саласында жетістікке жетіп, табысы тасыған ұйымдар байлығын ел игілігіне де жұмсау мақұлданады. Жаңа заманның кәсіпкері, меценат  Бауыржан жиған дүниесі отбасынан, туыс-жақындардан артыла бастағанда, қайырымдылық шараларын өзінің жерлес­теріне ерекше қамқорлық жасаумен жал­ғастырды. Туған мекені – Алматы облысы Алакөл ауданы  Жыланды ауылы ежелден өзіндік қалпы бар ауыл. Мұхаметжан Тынышпаев осы ауылда туып-өскен. Қазір Бауыржанның көмегімен ауыл халқына бар жағдай жасалған. Ауылда кинотеатр, спортзал, демалыс алаңы, тойхана сынды халық үшін аса қажетті ғимараттардың бар­лығын Бауыржан Оспанов жаңғыртып, жаңасын салып, ел игілігіне берді. Ауылдағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізді, онда үш тілде білім алуға жағдай жасады, мектеп кітапханасына 800 том кітаптарды және олардың электрондық нұсқаларын алып берді. Оқушыларға сапалы білім беру мақсатында ауылға қаланың білікті мамандарын арнайы шақырып, оларға барлық жағдайды жасаған. Жаңа баспана салып, жалақылары да  өскен. 2006 жылы балалар жазушыларын қолдауға арналған «Дарабоз» сыйлы­ғын тағайындаған. Оның алғашқы сый­лық­тарының бірін жазушы Таласбек Әсем­құлов алды. Аталмыш сыйлық жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. 2015 жаңа оқу жылының басталуы­на меценат-кәсіпкердің көмегімен Қазақстанда бірінші болып дарынды балаларға арналған ауылдық спорт-интернат ашылды. Интернаттың құрылысынан бастап, құрылғылармен то­лық­тыру, әртүрлі бағыттағы спорт түр­леріне тренерлер алдырып, оларға үй-жай беріп, лайықты жалақы төлеп келеді. Интернатта жүздеген бала дайындық жасайды. Онда спорттың 6 түріне арналған залдар, ойын залы, футбол алаңы, кітапхана, асхана жә­не 250 орындық жатақхана бар. Мектеп тү­лектері облыста, республикада және ха­лықаралық жарыстарда түрлі жеңістерге қол жеткізуде. Спортты жандандыруды ауылдан бастау керек деп санайды Бауыржан. Ол Қанат Исламға және Жанқош Тұраровқа молынан демеушілік қолдау көрсетті. Қанат Ислам ылғи да өз алғысын жаудырумен келеді. Боксшы Назым Қызайбайға үй салып берді. Бұл жөнінде спортшы қыз əлеуметтік же­лідегі Инстаграмм парақшасына жазған. «Сәлеметсіздер ме, менің құрметті инс­та оқырмандарым. Мен 2014 жылы бірінші рет Әлем чемпионатын ұтқанда Бауыржан Оспанов ағамыз маған көлік сыйлаған еді, ал, 2016 жылы мамыр айын­да өзіміздің Астанада өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы болып, Әлем­нің екі дүркін чемпионы атанғанда, маған және ата-ана, бауырларыма үлкен үй салып беремін деген еді. Міне, қазір сол үйге көшіп келдік. Осындай ағамызға барлық отбасымыздың атынан үлкен рахмет айтқым келіп отыр! Осындай Бауыржан ағамыздай, қазақтың спортқа деген барлық жағынан көмектесіп, көңіл бөліп жүрген ағаларымызға мың да бір рахмет!!! Аман болыңыз, Бауыржан аға!» – деп чемпион өз қуанышымен бөліскен. Спорт мектебінің осынау жеңістерінен қанаттанған Бауыржан Оспанов ауылда физика-математика саласына бағдарланған тағы бір мектеп ашты. «Болашақ – білімде» дейді ол. Бұл мектепті де толықтай қамтамасыз етіп келеді. Мектептің алғашқы жетістіктері көріне бастады. «Жыланды» ауылының халқы ішімдіктен бас тартқан. Меценаттың жәрдемімен тұрғындарға қымыз күнделікті тегін таратылады. Бауыржан Оспановтың ұстанған тың­­­ғы­лықты ережелері бар. Жабайы биз­нес­тің заманы өткендіктен, бірден байып кетуді армандай бермей, мақсаттарға же­ту­дің мынадай жолдарын ұсынады: – Бүгінде жетістікке жету тек қара­жатқа тіреліп тұрған жоқ. Бірнеше кеңес: бірінші, білімді ұштай беру; екінші – жауапкершілік; үшінші, талдай білуді үйрену; төртінші, жігерлілік қажет. – Үлкен зауыт, қымбат құрылыс салу ниетін тежеп ұстаған жөн. Бастауын кішкене істерден бастап, жұмсаған қаржыңның қайтымы тез болатын саудамен айналысып барып, үлкен істерге құлаш ұруға болады; – Бизнес бірнеше бағытта болғаны дұрыс. Кәсіпкерлік ылғи да пайда әкеле бермейді. Осындай сәттерде бірінің шы­ғынын бірі толтырып тұрады. – Күн сайын жаңалық ашылып жат­қанда, кәсіпкер заманнан қалып қоймауға тырысуы керек. Бір істі бастап, екіншісін тастап, ауысып жүре беру керексіз; – Әл-Фараби бабамыздың: «Адамға алдымен тәрбие берілуі тиіс, онан соң барып – білім» дегенінің дұрыстығы әбден дәлелденген қағида. Біз жастарымыздың тәрбиесіне баса көңіл бөлуге тиіспіз. Бауыржан Оспанов туралы жазбаға кірісуімізге не себеп? Біріншіден, біздер отандық кәсіпкерді, оның жасаған игі істерін барынша жарнамалай түсуге тиіспіз. Екіншіден, ол – көптің бірі емес. Ол билік­тің ықпалымен ғана жетілмейтін, адал кәсіпкерліктің қазақтың да қолынан келетінін дәлелдеп келеді.

Ислам Әбішев

Әртүрлі себептермен, қилы жағдайда қолға қалам аласың. Біреу өз өмірінен немесе төңірегіндегілердің бастарынан кешкен оқиғаны қағазға түсіреді. Ал, біреу­лер қиялына еріп, ойдан құрастырады. Біреулер әлдекімге наразы болғандықтан немесе кейіпкеріне қатысты теріс пікір туғызу үшін тер төгеді. Ол – арам тер. Енді, біреулер өз аталарын дәріптеп, болған-болмаған оқиғалардан құрастырады, тіпті, өзін дәріптейтіндер де бар. Ақыға басқа біреудің ата-бабасының тарихын, өмірдегі оқиғаларын суреттеп кірпіштей кітап жасайтындар да кездеседі. Қалам ұстауды кәсіп етпегенмен, өзінің көзі жеткен нәрселерге өзгелердің де көздері жетсе деп, біреулердің жақсы қасиеттеріне көңілдері толып, жазуға отыратындар да бар. Бүгінгі күн біреулер үшін күнкөріс уайымы, біреулер дүниенің құлы, біреулер мансаптың буына мәз, біреулер билікшінің шалғайынан пана іздеумен жүр. Әрқайсысының мәселесі әр түрлі, ортақ нәрсе кеміді, биік өреге ұмтылып жүргендер азайды. Билік деген – иірім, кім-кімді де тереңіне тартып әкетуге әзір. Билікке жеткен адамның таза қалпында қалуы қиын. Үлкенді-кіші билік етудің бәрі таза ақылмен, білікпен келеді деу бекершілік. Оған ақылмен қоса азды-көпті айла, залымдық, зорлық жасау өнері де керек. Тәуекел ете білу де, ұнай кетуге бейімділік те, арқа сүйерлер болғаны да маңызды. «Сүйенгенің мықты болса, сүйек жұт – қақалмайсың» деген сөзде де негіз бар. Бірақ, билікті елінің көркеюі үшін атқаратындар аз да болса баршылық. «Еліме қызмет етіп жүрмін, ойым да, бойым да таза, мемлекетім көркейсе, мен де қоса көркейемін» деп парасатты ойлайтындар азайған заманда мұндайлар саусақпен санарлық қана. Менің кейіп­керім – сол аздың бірі. Ол – Әбішев Ис­­лам Әлмаханұлы, мемлекетшілдігі, ең­бек­қорлығы қатар өрілген қайраткер азамат. Оның бір сөзі жадымда сақталып қалыпты. «Жұмысында жеке нәтиже жоқ жерде еңбектенгім келмейді. Жұмысты жандырып, бір іске бір іс жалғасып жатқанды жақсы көретіндер үшін бұл жұмыс қызықсыз» дейді ол. Исекеңе ерекше құрметім мына бір сөздерін естігенімнен және оған сенгенімнен бері басталды. Ол айтады: «Мен алдыма бір жылда 1 миллиард теңге ақша табуым керек деп мақсат қойсам, соған жететініме сенемін. Соны бір банкке депозитке қойсам, маған айына 1 пайыз ақша беріп тұрады, негізгі сома сол күйінде қала береді. Оның бәрін мен не қыламын? Ақымақтықпен шашармын, болмаса тезегін домалатқан қоңыз сынды сол ақшаны молайта түсуге құнығып кетермін. Ең ұтылатын жерім – менде ақша ғана болады, басқа ештеңе қалмайды. Қоғамдағы орным, Отаныма қызмет етсем деген бала күннен еріп келе жатқан арманымнан ажыраймын. Достардан тек Мұхтар Әуезовтің «дос – бедел - досы» секілденіп, төңірегімде: «дос – ақша – дос» қана жүрер ме еді?.. Абыройымды жалған беделге айырбастаған болар ем, менің қаржымды пайдаланып қалғысы келетін азғана топтың жалған мадағына малданып жүре берсем, ешкім мені азамат деп айтатындай қайрат қылмасам, сіңірген мынадай еңбегім бар деп айта алмасам, ұрпағыма көрсетер ешбір үлгім болмаса, онда менің «Адам» деген атым жалған болғаны емес пе? Қоңыз тірлікпен өмірімді өткізіп, ақыр соңында қайғыға ұрынсам, ондай өмір сүруде қандай мағына бар?!» деген еді. Шынында, кейбіреулер басшылық қызметке «мал тауып, байысам» деп келсе, енді біреулер «шенін жоғарылатсам» десе, Ислам Әлмаханұлы: «Еліме адал қызмет қылсам, қазағым «байып», «жоғарыласа» дейтіндердің алдыңғы қатарында жүрген азамат екенін араласа, сұхбаттаса жүре таныдым. Сөздерінің шыншылдығына, ойындағысы аузынан шығып жатқанына көзім жеткен соң, өзім де мықтап ойландым, ол кісіге деген құрметім де артты. Азаматтығына, мемлекетшілдігіне, көңілінің ақтығына, риясыз пейіліне тәнті болдым. Ислам мектептен кейін политехникалық институтты бітірген. 1980 жылы Кеңес ар­мия­сы қатарында әскери борышын өтеп келген соң, Өзбекстандағы «Кибернетика» институтында ғылыми қызметкер болып өмір жолын бастаған. Келесі жылы Қазақстанға келіп, қазіргі Мақтарал ауданындағы ХХ партия съезі атындағы кеңшардың комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Бір жыл өткенде облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып ауысты. 1983 жылы ол Шардара аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы болды. Осы кезден бастап оның еңбек жолы 11 жылдай осы ауданда өрбіді. 1986 жылы «Ақ алтын» кеңшарына партия комитетінің хатшысы болды.1988 жылы «Юбилейный» кеңшарына директор болып тағайындалды. Ол – Шардарадағы ең артта қалған, қарызға белшесінен батқан көкөніс өндіретін кеңшар болатын. Сол жерде үш жыл он ай жұмыс атқарған Ислам кеңшарды барлық қарыздарынан құтқарып, кеңшар құрылғалы бері бірінші рет жылды табыспен аяқтады. Оған нарық қатынасының кейбір көріністерін енгізді. Нарық экономикасының талаптарына сай, совхоздар тарады, сол кезде өз пікірін жасырмай айтатын, еркін ойлы азамат жергілікті басшылыққа онша ұнай қоймағаны белгілі болды, сөйтіп ың-шыңсыз қызметтен кетіп, кәсіпкерлікпен айналысты. Осы жолы өмірге бейтарап қарамайтын, белсенді, ағысқа еріп жүре бермейтін, жаңашылдық пен мемлекетке жанашырлық мінездің де кей басшыларға ұнамауы мүмкін екенін алғаш рет таныды. Содан, 8 жыл көлемінде Ислам әуелі жеке кәсіпорын ашты, оның кішігірім жетістігіне көңілі тола қоймай, акционерлік қоғам құрды, ақырында өз мамандығына сай «Батсу» корпорациясын құрды. Ол кәсіпорын Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең озық, тез дамыған кәсіпорын болды. Талайларға демеушілік жасады, қайырымдылық щараларын ұйымдастырды. Осы қызметін байқаған облыс басшылығы оны 2000 жылы Ордабасы ауданының әкімі қызметіне шақырды. Ислам әкімшілік жүйесінің сыртқы атрибуттарын орындауға көшкенімен, ішкі дүниесі өзгерген жоқ. Ол бұрынғыша өз ісіне экономиканың негізгі заңдылықтары – үнем, тиімділік, қайтарым, шығынсыз қызмет, сапа, жетістік көрсеткіштері талабы тұрғысынан қарады. Бұларға, әрине, саяси мемлекеттік қызметкер ретінде халықтың жағдайы, көңіл-күйі, әлеуметтік жағдайы, мәдениет, спорт салаларын жетілдіру, арыз-шағымдар ағымының мониторингі секілді мемлекетшіл басшыға лайық мәселелерді де қатар ұстанды. Осы істері оң бағаланып Ислам Әбішев екі жыл өтпей Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, төрт айдан соң бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2009 жылдың наурыз айынан 2012 жылдың ақпанына дейін Өскемен қаласының әкімі болып қызмет атқарды. Осылайша, Әбішевтің өмірінің: маман – комсомол қызметі – партия қызметі – кеңшар директоры – кәсіпкерлік – жергілікті басқару органында саяси бас­шылық сатыларындағы кезекті жұмысы басталды. Өскемен – орыстар шоғырланған қала екені жасырын нәрсе емес. Қалаға бара сала тұрғындар тарапынан қарсылық, қабыл алмаушылыққа тап болды. Газеттерге әкімге наразылық танытатын мақалалар шықты. Қала халқы Ислам Әбішевті жарты жылдай еш қабылдай алмады. Қала әкімшілігінің алдындағы жүз жылдық арша ағаштарын алдырып тастап, жас ағаштар ектіруі тіпті де ұнамады. Ертісті жағалай демалыс аллеясын салу идеясын да түсінгендерден түсінбегендер көп болды. Оған себеп, Әбішевтің жеке басына байланысты емес, бүкіл әкімшілік жүйесінің үлкенді-кішілі басшыларына бір істі атқарғысы келгенде оны халыққа қызмет ету үшін емес, сол істі орындауға жұмсалатын қаржыдан үлес қарпып қалу үшін, яғни, өздерінің пенделік мүддесі үшін жасайды деген жаппай сенімсіздік еді. Ислам Әбішев өзінің іскерлігін дәлел­деу, қала тұрғындарының сеніміне ие болу үшін көп еңбектенді. Қаладағы шаруа­шылық жүргізуші шағын және орта бизнес кәсіпорындарының кәсіпшіліктің бар­лығының ішіндегі 97,8 пайызын алуы – рекордтық көрсеткіш. Ол, әсіресе – аса ірі комбинаттары, зауыттары бар қалада болса – тамаша көрсеткіш. Сол шағын бизнес кәсіпкерлігінен бюджетке түскен қаржы өткен жылғымен салыстырғанда 30 пайызға артты. Әкім Әбішев сол жылы «ДАМУ» Кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламасынан 135 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне үлкен көлемде қаржы алуы­на тікелей жәрдем көрсетті. Қалада да, аграрлық ауданда да, кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізетін істерге, әкімшілік кедергілерді қоспағанда, ұсақ коррупция, яғни, бірдеңе ұсынбасаң ісіңді тындырмайтындардың кедергі болатыны, онсыз істі алға бастырмауға тырысатыны бары рас. Әкім осындай көріністермен қатаң күресті. Ол: «Отырған қызметін бұлдап, жұлмалауға бейім, параны ұнататындарды – жұлмалайтын ештеңесі жоқ, пара берілуге себеп қалмайтын қызметке ауыстырып жіберген жөн» деген ережені ұстанды. Көп адамдар ел қамы түгілі, өзі қызмет атқарып отырған мекемесі үшін де бас қатырмайды. Оларға бәрібір. Өз жағдайы жақсы болса жетерлік. Жеке мүддесі шешілсе, мемлекет ауысып, басқа елге айналып кетсе де, басы ауырмайды. Мұндайлар әр мекемеде де бар. Олар таусылмайды. Ислам әкім де оларды тұжыртып, тұқыртып жөндеуге талай әрекеттенді. Өз­деріне-өздері жиіркенішпен қарайтындай етіп, талайды жөндеді. Бірақ, тауыса алмады. Тауыса алмағандарына төзді. Өмір солай екен... Әбішевтің қаланы көркейтуге арнал­ған идеялары жетіліп-артылып жатты. Шынжырға ілініп, циферблаты теріс ай­налып түскен сағат, өңірдің елдегі ең тәтті бал өндіретініне орай, бал арасының скульп­туралық мүсіні, тағысын тағылар өте көп. 2010 жылы қала әкімі тауға қарай канатты жол жасап, қысқы спорт базасын ашты. «Бұл арқылы тау шаңғысы спорты жолға қойылатын болады», – дейді әкім. Оның ойлары нақты нәтиже беретіндей әрекеттермен бекітілген. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар Австриядан әкелінген. Болат тростар 15 биік электр бағанына ілінеді. Трассаның ұзындығы 550 метр, ол теңіз деңгейінен 400 метр биікте орналасқан, қыраттар арасындағы тереңдік 100 метр­ге жетеді. Трасса бойлап электр жарығы жасалған. Бұрында елеусіз жатқан Аблакетка тауы түрленіп шыға келді. Оның етегінен ұшар басына дейін жол төселді. Жолдың жиегіне шамдар орнатылды. Жолай демалатын орындықтар қойылып, киіз үйдің жобасындай шағын сұхбат алаңдары жасалды. Жоғарыға апарар жол жиегінде ұстап шығатын сүйеніштері бар баспалдақтармен аяқталып, ең биігінде төңірегі колонналармен көмкерілген кең көлемді аренамен аяқталған. Осылардың бәрінен биік болып Қазақстан республикасының Туы орнатылған, әнұран айтылып тұрады. «Қазақстан» деген жазудың көзге менмұндалап көрініп тұруының өзі ерекше ұлттық рух беріп тұратыны сөзсіз. Цифрларды сөйлетсек, Ислам қала әкімінің басшысы болған кезде қалада 128 мың шаршы метр болатын 49 көше мен жол жөнделіп, 145 мың шаршы метр тротуар жаңғыртылды. Сонымен бірге қаладағы барлық аулалар жөнделді. 163 шақырым коммуникациялар жүйесі құрылды, 3,5 шақырым канали­зация салынды, бір су жинағыш, 23 кана­лизациялық насос станциясы, 106 шақырымнан астам жылумен қамтамасыз ету жүйесі, 75 шақырымнан астам электр желісі, 34 шақырымдай ауыз су жүйесі, 18 шақырымнан астам қоқыс суларды ағызып әкететін жүйе салынды. Барлық мөлтек аудандар мен оның жағасындағы елді мекендер орталықтандырған құбырға қосылып, сапалы, тексерілген ауыз сумен қамтамасыз етілді. Аблакетка шағын ауданында жылу мен ыстық су жүйесі іске қосылды.Қалада 52 мың шаршы метр гүлзарлар, 83 шаршы шақырым су атқылап түрған көгал алаңдары, 27 субұрқақ, ондаған ешбір жерде қайталанбайтын авторлық скульптуралар орнатылды. Бұл тас мүсіндер қалада екі жыл қатарынан өткен скульпторлардың халықаралық симпозиумының «жемісі». Қала бойынша балалар бақшасымен қамтамасыз ету мәселесінде Қазақстандағы ең жоғарғы көрсеткішке ие, балалар бақшасына кезекке тұрғандардың 98 пайызы қамтылды. Қала тұрғындарының жылдар бойы жиналып қалған жеке меншік үй салып алуға жер сұраған арыздарының барлығы, яғни, 4637 арыз қанағаттандырылып, жер үлестері тегін берілді. Әкім заңнамалардағы «Еліміздің кәмелетке жеткен әрбір тұрғыны 0,1 га жерді тегін алуға құқылы» деген та­лап­ты мүлтіксіз орындады. Ең алдымен кезекте тұрған, жер алуға өтініш білдірген адамдардың тізімін арнайы тексеру комиссиясын құрып, бұрын жер алған немесе жері бар азаматтарды тізімнен алып тастап, қайта-қайта сүзгіден өткізді. Жерге нағыз мұқтаж адамдар алғы кезекке шығарылды. Бұл мәселені тікелей өзі қадағалап, бақылап отырды. Бұл шара қаладағы жер мәселесіне қатысты жемқорлық, алыпсатарлыққа бірден тосқауыл қойды. Мейлі жер немесе тұрғын үй алу кезегі болсын, арнайы сайт ашылып, соған орналастырылды. Өтініш білдірген әрбір азамат тізімнің қалай жылжып жатқанын қадағалау мүмкіндігіне ие болды. Үй салуға байланысты үздіксіз келіп жататын арыз-шағымдар легі де азайды. «Жеке игiлiк туралы ойлау табиғи нәрсе және мұны назардан тыс қалдыруға болмайды. Ал, егер, тек осы туралы ойлап, қоғам игiлiгi елеусiз қалатын болса, өмiр ұсақ-түйек, ұят нәрсеге, тiкесiн айтсақ, пасықтыққа айналады». Джон Рескин, ағылшын жазушысы.Барлық нәрсенің ақыры бар. Ислам Әбішев Астанаға ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын Су ресурстары комитетіне төраға болып ауысты. Ислам Әбішев жауап сөзінде қатысу­шыларға қарап: «Бұл қалада жүрегімнің бір бөлшегін қалдырып барамын», – деді. Сөзін осындай сезіммен бастаған ол: «Мен осы үш жыл ішінде Өскемен қаласына әкім болған кезіме шын көңілден ризамын. Маған бірден жақсы бола қалды десем, әрине, жалған айтқан болар едім. Менің Өскеменді тезірек қабылдауға тырысқаныммен, Өскемен мені қабыл алуға басында асыға қойған жоқ. Ол үшін еңбек етіп, тер төгуге тура келді. Менің білім-білігім, кәсіпкерлік қарымым, өмір тәжірибем осы қаланы игілігі, әл-ауқаты және көркеюі үшін септігін тигізген болса ризамын. Келген кезде жасаған мәлімдемемде осы қаланың жақсаруына сенбейтін скептиктердің бір де біреуі қалғанша қызмет етемін деп уәде берген едім. Қазір сол скептиктер анағұрлым азайып, маған сенбейтіндерден сенетіндер көбірек екеніне сенімдімін. Өскемен халқы еңбекқор, сауатты, шыншыл, талапшыл, патриот халық. Мен сол ха­лықтың сөзіне құлақ түрдім, солардың талаптарын орындауға тырыстым, яғни, қала тұрғындары мені тәрбиелеп, бағыттап отырды. Менің жаман орындаушы болуға құқым қалған жоқ. Әрине, бұрынғы қызмет еткен жерлерімде көпшілік халық әкімге талап қоюдан гөрі, бас иіп, айтқанын мақұл көре беретін орта еді, сондықтан өзгеруіме де тура келді. Облыс әкімшілігі де қала үшін қаржы аямай, көмек берді, қаржының тиімді орындалуы жайында есеп талап етіп отырды. Облыс әкіміне шын ықыласты рахметімді айтамын. Сонымен бірге, мені ұдайы қолдаған, дұрыс кеңес берген маслихат депутаттарына, қала активіне, кәсіпорындар басшыларына, қоғамдық бірлестіктер жетекшілеріне, ақсақалдарға, мектептер, ауруханалар мен мекемелердің басшыларына рахмет айтамын. Мені жақсылыққа бағыттап, қолдап, керек жерінде сынап, көп жәрдем жасаған бұқаралық ақпарат көздеріне де алғысым шексіз, «yk.kz» сайты арқылы мен қала тұрғындарының пікірін біліп отырдым, олардың игі істеріне ризамын. Осы әрекеттердің бәрі Өскеменнің игілігіне қызмет етті. Бұл қаланы ерекше жақсы көріп кеттім, қоштасу қиын. Балаларым да кеткісі жоқ. Бұл қалада менің іздерім бар. Мен Өскеменнің бір бөлшегін өзіммен алып кетіп бара жатқандаймын, өзімнің жүрегімнің бір бөлшегін осында қалдырып барамын». Ислам Әбішевтің қашан ұшаққа отыратынын біліп алған адамдар аэропортқа ағылып, оның ішінде бір орыс әжейі өзі жасаған тосабын ұсынып, көңілді бір елжіреткенін теледидардан бүкіл Қазақстан халқы көрді. Мұндай құрмет әкім түгілі туысқанға жасалуы азайып бара жатқан заманда бұл үлкен оқиға болды. «Үйден шыққан кiсi, не үшiн бара жа­тырмын деп, үйге қайтып келе жатқан кiсi не алып қайттым деп ойласын». Клеобул.Көптеген шенеуніктер мансапты адамгершіліктен жоғары қояды да жұрттың өзіне деген сыйластығын жоғалтып алады. Шын мәнісінде, үлкенді-кішілі бастықтық, шешуші орын – адамның бүгінгі қызметі ғана. Ол – уақытша. Адамдық қасиет қашан да қызметтің үлкен-кішілігіне қатыссыз болуы тиіс. Жұрттың біраз бөлігі қоғадай жапырылғанға малданудың не керегі бар?! Соны жаны қалап тұратындардан теріс айналу керек. Адамзат баласының табиғаты қызық жаратылған. Азғана лауазымға қол жеткізіп, билік тізгінін ұстаса болды, кейбіреу әп-сәтте өзгеріп, көкірек керіп шыға келеді. Айналасындағыларға айбарлана қарап, жұрттың өзіне жамырай амандасып, жапырлай жол бергенін, құрақ ұшып төрге оздырғанын қалап тұрады. Жік-жапар болған жалпыға ернін ғана жыбырлатып, кісімси қалады. Ал енді бір адамдар болады, ел қызығарлықтай еңселі қыз­метте жүрсе де елден ерекшеленбей елеусіз жүреді. Жауапкершілік жүгі қара нарды да қайқаңдатар қауырт қызметін қайыспай атқарып, қарапайымдылығын ту етіп жүреді. Онысын ешкімге бұлдап бәлсінбейді. Мемлекеттік басқару аппаратында қызмет атқаратын адамдарды «мемлекеттік қызметші» деп атайды, бірақ олардың басым бөлігі «қызметшілер» емес, «қожайындар» болып шығады.

*** Тәуелсіз болғанымызға ширек ғасыр толды. «Қане, мен елім үшін не қызмет атқардым?» деген сұрақ әрбіріміздің ойымызда әрқашан жүруі тиіс. Соған жауабымыз болуы керек. Өз көңілімізді өзіміз көтеріп, өзімізді-өзіміз дәріптеумен босқа өмір өтіп жатқан жоқ па, соны біле жүруге тиіспіз. Билікке жеткенше ұлтымның ұлымын, би­лікке жеткен соң, құлқынның құлымын деген пиғылда болмайық... Адам қошеметке де малдана бермеуі тиіс. Базары жүріп тұрғандар қошеметке тоқ. Шын қиналғанға қайырыңды түсіру мүмкіндігі нақ осы кезде көп. Өзіне жақындатпау – өзін танып болмағандардың кемшілігі, ол номенклатураның қорғану тәсілі ғана емес. Құқық көп болған сайын мінез де шырт келеді. Басқару дегеніміз адамдардың санасы мен жігерінің үдерісі мен өнімі, олардың санасының әрекет етуінің маңызды бағыты. Өркениет пәс санада жетілмейді, оның сақталуы мен дамуы үшін сана биіктігі керек. Сана адамның тағдырын шешеді. Әрине, кейбірде өмірдің түрлі жағдайлары да адам тағдырын өзге бір арнаға түсіріп жіберетіні де бар. Сана адамның білімінде, дарынында, іскерлігінде көрінсе қуану керек. Қайта, сананың төмендігі ақымақтыққа, өзімбілермендікке, озбырлыққа, сауатсыздыққа, авантюризмге, отырған орынға лайықсыздыққа жетелесе болмағаны. Сана қоғамның мінезін ғана қалыптастырмайды, ол әрбір адамға да әсер етеді. Саналы басшының әрбір адамға әсері жай адамдікімен салыстырғанда бірнеше есе көп болады. Басшы саналылығын тілейтініміз содан. Билік – қатігез, адал емес деуге құ­мар­мыз. Сонда да, соған қызмет етуге жабыла жабысамыз. Неге? Санасыздық па, үйреніп қалғандікі ме? Олар ғана емес. Салыстырмалы жайлылық. Осылай болса, байлық қосылмаса да, өз мүлкіне нұқсан келмейтінін, ештеңеге бас қатырмай-ақ жайлы тұрмыста болатынын білу. Бірақ, кейбіреулер үшін ол – өз мүмкіндігін көрсету, қабілетін жұмсау рахаты. Біз кейіпкер етіп алған басшылар осылайша өз мүмкіндігін ашып көрсетіп, қабілеттерін ел ісіне жұмсап, еңбегінен рахат алып жүргендер. Ислам Әлмаханұлын Өскемен көп өз­гертті. Ол адал, қанағатшыл болып қа­лыптасты. Шенеунік, әсіресе, бірінші басшы, солай болуы тиіс. Әйтпегенде құлықсыздық тізбегі ең төменге дейін жалғаса береді. Абай дананың: «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең» дегенін ұстанған қайсыбір деңгейдегі болмасын басшы өзінің осы үлгісімен-ақ елге үлгі болады. Тиімді және онша сұға­нақ емес шенеунік – өмір бойғы арман. Кең­шарда партия жетекшісі кезімде біздің ұйымның есебінде бір дүкенші коммунист кісі болды. Сол біреуден бір тиын артық ал­майтын, таразыдан да жемейтін. Сол кісіден: «Сіздің де шығындарыңыз бар, соны қалай жабасыз, мұншама адал бола тұрып?» – деп сұрадым. «Қанағат еткен адамға қымбат шоколад сатқанда орап беретін қағаздың салмағы да жетеді», – деді ол. Мен үшін адалдықтың шыңы осы секілді көрінеді де тұрады. Осындай адамдар басшы кадрлардың ішінде көптеп болса игі... Шыншылдық, шыдамдылық, жауапкер­шiлiктi сезiну, қисынды ойлау, тәртiп және дербес жұмыс iстеуге ұмтылу әр адамға шырай беретiн осы қасиеттер мiндеттi түрде барлық істерде өз көрiнiсiн табуы тиiс. Грегори. Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметінде Ислам Әбішев өңірлердегі су шаруашылығына қатысты объектілердің жай-күйімен жіті танысудан бастады. Барлық облыстар мен аудандардағы су қоймаларын, ірілі-ұсақты гидротехникалық құрылымдарды, топтық су жүйелерін қалдырмай біртіндеп аралап көрді. Ауыл-ауылдарды аралап ауыз судың жеткізілуін, оның сапасын тексерді. «Алдымен барлық облыстағы нысан­дар­ды аралап шықтым, кешігіп жатқан құрылыстың себебін өз көзіммен көрдім. Ауыл-ауылды аралап, ауылға су жеткізу сияқты халықтық мәселені зерттедім. Маң­­­ғыстау облысындағы 54 ауылдың 30-ы «водовозбен» су тасып ішеді екен, соның есебінен қалаларда су жеткізіп беру текше­метріне 40 теңгеден кетсе, Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарына су жеткізіп беру 1 мың теңгеге жетіп жығылады екен, осы ауыл­дарға жақын арада түгелдей тексерілген, құбырмен баратын су жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жердегі мәселе: республикада ауызсу жеткізуге қатысты 6-7 мекеме бар, оның негізгілері Тұрғын үй-коммуналдық қызмет агенттігі, Су ресурстары комитеті және жергілікті билік, біз ауыл шеті­не дейін су жеткізеді екенбіз, агенттік пен жергілікті әкімшілік ауыл ішінде тараты­луы­на жауап береді. Біз ауызсуды тұтыну­шыға жеткізіп беруді тұтастай өз жауап­кершілігімізге беруді сұрадық, бұл мәселе жақын арада шешіліп қалар деп отырмыз». Төрағаның айтуынша, соңғы жүйелі еңбектердің нәтижесінде «Солтүстік Қазақстандағы көп­тен бері бітпей тұрған Булаев топтық су жүйесінің 2-кезегі іске қосылады, Алматы облысынан Бартоғай су қоймасы жаңғыр­тылып жөнделді, Нұра-Есіл каналын қай­та жаңғырту аяқталды. Атыраудағы Қоянды топтық су құбырының 3-кезегі қа­был­данды. Алда көп жұмыс күтіп тұр: Жамбыл облы­сын­да «Қарақоңыз», «Қарақыстақ» су қойма­ла­рын қалпына келтіру жұмыстары жүр­гізі­лу­де, Қарағанды облысында Жәйрем-Қаражал топтық су жүйесі қайта жаңғыр­тылды. Қостанайда «Қыз қашқан, Маш­двор, Қызыларық» лимандық суару жүйе­сін іске қосу қолға алынды, жақын арада Есіл өзеніндегі су қоймасын қоса алғанда Петропавл гидроторабын күрделі жөндеу аяқталады, Қы­зылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұ­мыстары басталуда. Қызылордадағы Арал-Сырдария топтық су жүйесі іске қосыл­мақ. Зайсан ауданында Р-2, Р-1 және Сол жағалау, Үйде­не магистралды каналдары пайдала­нуға беріледі. Бұлардың бәрі де Комитеттің басшылығымен «Қазсушар» кәсіпорны жасаған еңбектер. «Мұның бәріне қаржы қайдан та­былды?» деп сұрайтындар болса, жыл ішіндегі біздегі үнемделген қар­жының есебінен жасалды. Осы жұмысқа келген соң барлық қаржыландырылуға жіберілген жобаларды тексеріп қарағанда, жобалау нақты шығындардан анағұрлым көп екенін анықтадық та, оларды қайта қарап, орындалуы тиіс істерге қаржы со­ма­сын кеміттік. Ол әрине, сол жобаны же­ңіп алғандарға, оларға қолдау жасап жүргендерге ұнамады. Бірақ бізге мемле­кет мүлкін шашуға кім рұқсат берді. Ел­басымыз айтқан жоқ па: «Бюджетті қалып­тастырудың бір-ақ жолы бар, ол – бюд­жеттік шығындардың үнемділігі мен бе­рілген қаржының тиімділігі», – деп. Осы та­лапты біле тұрып, қалай біз аса қымбат жобаларға көзжұмбайлық жасаймыз?! Мы­­наны қараңыз: Қонаев атындағы үл­кен Алматы каналында Бартоғай су қоймасы бар. Сол қоймаға қатысты 9,25 млрд теңгелік жоба болды, «Бартоғай су қоймасының табанын тазарту» деп аталады, соны зерт­теп қарасам, су қоймасының табанында 18 миллион шаршы метр қоймалжың батпақ бар, соны тазарту керек дейді, құны - 7 миллиард теңге. Бұл батпақ су қоймасында қанша жылда жиналды десем, 40 жылда дейді. Плотина алдында жина­латын су көлемі қанша десем, 70 миллион текше метр дейді. Сонда, қоймада су астында жатқан 26 пайыз батпақ 40 жылда жиналса, онда толуы үшін 100 жылдан асып кетеді екен, «оны тазалауға несіне асығамыз, кезек күттірмейтін жобаларға қаржы жетпей жатқанда» дедім де, қыс­қар­тып тастадым. Содан күдік болып, бас­қа жобаларды да біртіндеп есептеп шық­тым да, мол қаржы үнемделетін болды». Төраға Ислам Әбішевтің басшылық өмірі тұтастай тәуекелден тұрады. Кей тәуе­келдің қайда апарып соғарын, осы қадамға барғанда алдан не күтіп тұрғанын анық бағамдау қиын екен. «Мен халықтың ақшасын көзсіз шашып жатқандардың алдын орау арқылы мемлекет мүлкінің талан-таражға кетуіне жол бермедім, яғни, мемлекет мүддесін қорып отырмын ғой. Мұным үшін мені ешкім айыптай қоймас», – деген пікірді әлгі «жұсақ» үлесті пайдаланып жатқандар мақұлдай қойған жоқ. Күресуге тура келді» дейді ол. «Су ресурстары комитетінде көптеген жобаларды іске асыруда кемшіліктер бар. Мені Үкімет осы органдағы сыбайласқан, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық істерге тосқауыл қойсын деп жіберді. Олай ету қайдан оңай болсын. Кейбір адамдар біздің комитетті жем толы астау деп санайтын болған. Ал да асай бер. Біз жобалардың көбісінің ша­мадан тыс асыра бағаланып бекітіліп кеткенін көріп отырмыз». Бизнесте дос болмайтыны, тек әріптес қана болатыны осылай тағы бір рет дәлелденді. Нағыз бизнес адал әріптестікті қалайды. Егер, дос өзінің бас пайдасы үшін досына көлеңке түсірсе, онда ол дос емес. 2011 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың үш насосын ауыстыру үшiн жобалан­ған қаржы 3 миллиард теңгеден асып жығылған. Бұл қаржының басым бөлiгi 2011 жылы игерiл­ген. Осыдан соң тағы да төрт насосты ауыстыруға тура келген. Бұл жұмысқа аталған мекеме 6 миллиард теңге сұраған. Осы­ның бәрiне күдiкпен қараған Ислам Әбiшев мамандарға қажеттi қаржыны қайта есептеттiрмей ме. Сөйтсек, төрт насосты ауыстыруға 6 мил­лиард емес, 1 миллиард 800 мың теңге ғана қажет екен.  И.Әбiшев бұдан басқа да қилы қитұрқылықтарды аш­ты. Мәселен, Солтүстiк Қа­зақ­стан облысының су құбырларының картасы бойынша барлық ауылға су құбырлары жүргiзi­луi керек деп шешiлген. Ал, тексере келгенде, көптеген ауылда адамдардың тұр­майтыны анықталған. Адам тұрмайтын ауылға су құбыры не үшiн керек? Ал әлгi қулар «ауылдардың бәрiне құбыр жүргiзiл­дi...», – деп ақша жеген. Мемле­кеттiң ақшасын жым­қыр­ғысы келгендер түрлi айла-амал табатыны белгiлi ғой. Әсiресе, осындай амал-айлалар елiмiз­дiң су шаруашылығында өте көп. «397 миллиард теңге жұмсалады» деген жобаны бастан-аяқ тексерсем, бұл жобаға бар-жоғы 95 миллиард теңге жетiп-артылады екен, – деп таңырқайды төраға. Ал, қалғаны қайда кетедi? Әри­не, шенеунiктердiң iшiп-жеуi­не, қыдыруына, төгiп-шашуына. Сомасы қысқарған 19 объектінің артында тұрған, көзге көрінбейтін «рычагтар» бұған қатты алаңдады. Бұрынғы жобалаушылар, мердігерлер, субмердігерлер, тауарларын ойына келген бағамен сатуға әбден әдеттеніп алған саудагерлер де бұған төзгісі келмейді әрине. Олардың бірі ашық майданға шықты, біреулері уақыт-сәтін күтіп, «қай жерден бас көтере алмайтындай етіп жығар екенбіз» деп аңысын аңдып, күтті. Жетістікке жетіп жүргеніңде күндесің көп болады. Саған жақсы болған сайын біреулерге жаман бола түседі. Атағың шығып, абыройың аса бастаса – сенің кешегі өмі­ріңді қазбалап, содан бір ши шығатынын күтетіндер де табылады. Саған өте жаман болып жүргенде де біреулердің көзінен қанағаттануды сезесің. Осындай пиғылдарды танығанда адамдардан қорқып кетесің. Адамдар өз тiршiлiгiнде тәртiпке айналып кеткен кейбiр қылықтарының ұят екенiн сезiнбейтiн болып кетедi (Вольтер). Көп жыл қатарласып, сенісіп қызмет атқарысып жүрген кейбір «жігіттердің» астыртын істеріне сол күндері бір түрлі налып, мұңайып жүрді. Екеуміз бір әңгімелесе қалғанда, қазақтың ақиық ақыны, былтыр туғанына 100 жыл толғанын ел болып тойлаған Қасым Аманжоловтың өмірінен күдер үзіп жатқанда, көңіл сұрай барған жолдастарына аманат еткен ақтық сөзін айтып бердім: «Адамның тегі айуанмен аталас қой. Тіршілікте біреумен ит болып ырылдастық, біреумен қасқыр болып жұлыстық, түлкі болып алдастық, онан не шықты?! Оның арты жақсылыққа жеткізген жоқ. Жақсы көретін жолдастарым да, ұнатпайтын жолдастарым да аз емес қой, барлығы да менің досым болып қалса екен. Көрсем көрдім, көрмесем сәлем де! Бұрынғы өкпе-наздарымды кімге де болса кештім». Исекең кішкене серпіліп: «Рас қой, рас!» – деді. Адамдар үшке бөлінеді: сатып алушылар, сатылатындар және сатылмайтындар. Сол үшеудің соңғысы азайып, алдыңғы екеуі басымдық алып жатқандай... Өзін ғана ойлайтын, өзіне пайдалыны ғана іздейтін адам бақытты бола алмайды. Өзің үшін өмір сүргің келсе, өзгелер үшін өмір сүре біл. Луций Анней СЕНЕКА (біздің эрамызға дейінгі 4-65 жылдар). «Руководитель» деген сөз «руками водить» деген сөздерден құралған. Яғни, қалай істеуді қолымен нұсқап көрсетіп тұратын бастық. Бүгінгі орта буын бас­шы­­ларының ішінде (үлкен басшылар – ұдайы бақылауда болады) қолымен ғана нұсқап отыратын, өзі ештеңе істемейтін, бірақ басқа тәсілдермен байқалмай күн­­­дерін өткізіп жүргендер өте көбейіп кеткен. Мемлекеттік қызмет бүгінде біреулер үшін – казино, рулетка. Бейімділігі, беріл­ген­дігі «көрініп» тұрған типаждардың заманы болды. Бағалы болуың үшін дарының, білімің мен білігің керек емес, құр осылармен жүрсең, құлдырай түсуің, жұмыссыз да қалуың ғажап емес. Қазір тамыр-таныстық, туысқандық, бағалы тән иесі болу – міне осылар керегі... Комитет басшысы: «Мені түн ортасында тұрғызып сұраса да, Қазақстанда қай өзеннен қай кезде қандай су келеді, оның көлемі қанша екенін нақты болмаса да жобалап айтып бере аламын. Өзендердің жағдайын өзімнің организмім сияқты сезінемін. Ағып жатқан судың әрбір тамшысы алтынмен тең. Бірақ, біз әлі судың қадіріне жете алмай келеміз. Сумен қамту мәселесі өте өзекті. Біз қазір өнбес дауды қуғанша еліміз үшін одан да маңызды мәселені шешіп алғанымыз абзал» дейді. Бұл сөздер өз ісіне бей-жай қарай алмайтын, өз ісін сүйетін адамның сөзі. Бүгінге дейін қадірін білмей, «суша шашып» деп қазақ айтқандай суды ешбір уайымсыз, ешбір ойсыз пайдаланудамыз. Оның аз жылдар өтпей-ақ қиынға әрі қымбатқа түсетінін біліп, суға таласып, мемлекетара бөліске түсетін заман туатынын сезіп отырғанын түсінесің осы сөздерінен. «Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, олар­дың көлемін ұлғайту – азық-түлік мәселесін өз күшімізбен шешуге мүмкіндік береді, осы салада көптеген істер атқармақ ойымыз бар. Алдымен бұрынғы суармалы жерлерді қалпына келтіреміз, содан кейін суармалы егістік көлемін 3 миллион гектарға дейін көбейтуге мүмкіндік бар, соған кіріспекпіз» дейді. Бүгінде су тек өмір нәрі ғана емес, үлкен сая­сат құралына айналды. Әсіресе, Орта Азия елдері үшін су – өте құнды тауар, стратегиялық ресурс. Өйткені, уақыт өткен сайын суға деген қажеттіліктің артуы, климаттың өзгеруі оның тапшылығын айқын сездіріп келеді. Қазақстандағы жерүсті суларының жартысына жуығы шекаралас елдерден келетін өзендер суынан қордаланады. Ел аумағындағы 8 су бассейнінің біреуі ғана ішкі сулардан толығатыны еліміз­дің бастауын көршілерден алатын өзен­дерге қаншалықты тәуелді екенін көр­сетеді. Комитет басшысының және бір мәлім­дегені – суармалы жерлерді көбейтуге қатысты. «Біздің Шығыс Қазақстан облы­сының өзінде Ертіс өзенінің бойындағы 130 мың гектардай жер пайдаланылмай тұр. Алматы облысында да 80 мың гектар жер кәдеге аспай жатыр. Ал, ол жерде егін салып, еңбек етсе, жемісі мол болар еді. Халқы жиі Оңтүстік Қазақстан облысында дайын тұрған 100 мың гектар суармалы жерді пайдалана алмай отырмыз. Ертең су бөлісетін заман келеді. Сол кезде қиындық тууы мүмкін. Себебі біз қазір суды кеңес заманындағы келісім бойынша алып отырмыз. Енді нақты есеп-қисабымызды жасаудамыз. Негізі су бөлісудің бірнеше жолы бар. Бірі – тарихи қалыптасқан жағдай, екіншісі – бүгінгі қалыптасқан жағдай бойынша бөлу. Біз тарихи жағдаймен бөлейік дейміз, өйткені одақ кезінде судан алған үлесіміз көп. Ал, егер олар қалыптасқан жағдаймен бөлеміз десе, онда біздің суармалы жерлеріміз аз болғандықтан, еншімізге аз мөлшердегі су бөлінуі мүмкін», – деді. Бұл дегеніміз – өмірдің көзі болып сана­латын су тапшылығының алдын алу, бола­шақта аса маңызды іс болып қалатын, яғни елдің келешегіне өте-мөте қатысты шаруа болмақ. Суармалы жерлердің көлемін арттыру арқылы әр қазақ отбасы 10 гектардан жер алып, еңбектенетін болса, 70 мың отбасы шағын және орта бизнесті дамыта алады екен. Кеңес уақытында елімізде 2 млн. 300 мың гектарға жуық суармалы жер болса, қазіргі күні 2 млн. 80 мың гектар суармалы жердің 1 млн. 400 мың гектарын ғана пайдаланады екенбіз. Осы жылдар ішінде алтындай 220 мың гектар жер істен шығып, жарамсызданды, сорланды, су жетпей қалды. 700 мың гектар жер пайдаланылмай жатыр. Егер үкімет осы мәселені дұрыс жолға қоятын болса, алаш қайраткерлері айтқандай «өмір мен өлім мәселесінің ең зоры» тұтастай болмаса да, біршама деңгейде шешілетін еді. Мұндай ұсыныстарды Су ресурстары Үкіметке жолдаған. Ия, өмірдің көзі ғана емес, өзі болып саналатын су шаруашылығына қатысты ақпаратты жасырып ұстау қажетсіз. Қазақ үшін қат дүниеге бөлінген қаржының діттеген жеріне жетпей, орта жолдан сап тыйылатындығы жайлы ел тегіс құлақтанғаны жөн. Осынша жеріміз тұрып біз неге азық-түлікті басқа елдерден тасимыз?! Құдай әділетсіз», – деп еді Қытай бас­шысы біздің елге бір келгенінде. «Әді­летсіздігі емес пе, бізден халық саны жүз­деп есе кем елдерге бізбен тең жер беріп, біз өз жерімізге сыймай барамыз» деді. Мұны Шерхан Мұртаза кезінде жазды. Шынында біз суармалы жердің көле­мін 3 миллион гектарға жеткізсек, соның әр гектарынан орта есеппен 3 мың долларлық өнім шығарсақ 9 миллиард доллар табыс болмас па еді жылына. Ақшасынан бұрын қанша адамға жұмыс болар еді ғой. Аргентинадан картоп, Бразилиядан ет, Америкадан Литва арқылы тауықтың санын тасымас едік қой. «Бұл құрғақ арман ғана емес, нақты жос­пар, 2020 жылдары суармалы жер көлемін 2,5 миллион гектарға, 2030 жылға дейін 4,0 миллион гектарға жеткізуге мүмкіндік бар, есептеп көрдік. Сонда дүниежүзінде алғашқы ондық­қа кіреміз. 20 миллион тонна бидай сатсақ, 4 млрд доллар болады, салыстыра беріңіз. 1 гектар суармалы жерден картоп 80 тонна, мақта 5 тонна өнім берсе жақсы емес пе?! Сырдария өзенінің ұзына бойында өзен­­нен 1 шақырым жерде су қорғау зона­сын жасап, оны тоғайға айналдырсақ, өзен маңының микроклиматы қалыптасып, флора-фауна көбейеді бір, экологиямызды қалпына келтіреміз екі, содан кейінгі жер­де ұзына бойы шамамен 4 шақырымдай кеңістіктен суармалы жер ашамыз, сөйтіп жаңа суармалы жер ашу есебінен жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың әл-ауқаты жақсарады, азық-түлік қауіпсізді­гін қамтамасыз етеміз, тіпті, артық өнім­дері­мізді сатуға жетісеміз. Мақта, көкөніс, жемшөп өндіреміз, сол арқылы мал басын арттырамыз. Жаңа жер ашудың меншік формаларына зияны болмайды, жердің иесіне жері жай ғана жайылым болып жатқаннан үлкен табыс әкеліп тұрғаны жақсы емес пе. Сондықтан, ешбір жер ие­лері бұған қарсы болмаса керек. Осындай жобаны Ертіс пен Тобыл, Іле мен Есіл өзендерінің бойында да жасамақ жос­парымыз бар. Атыраудағы Қиғаш өзенінің бойынан 100-150 мың гектар суармалы жер ашуға болады. Суармалы гектардың өнімділігін, құ­нарлылығын көтеру мен пайдалануының тиімділігін арттыру үшін барлық агротех­никалық тәсілдерді сақтаумен бірге ғы­лы­ми негізделген мелиоративтік іс-шара­лар­ды да толық атқару қажет, ол үшін, әсіресе, бұрын пайдаланылып жарамсыз­данған жерлерде: – суландыратын және коллекторлық-кәріздік жүйені тазалау, жаңа техно­ло­гияларды енгізу арқылы суды үнемдеу; – жерді күрделі және ағымдағы тегіс­теу­ден өткізу; – тік дренаж құдықтарының жұмыс іс­теуін қамтамасыз ету; – жерді тереңдетіп қопсыту. Бұл шараларды атқару белгілі бір қар­жыны талап етеді, сондықтан, ауыл ша­руа­шылығы айналымынан шығып, пайдала­нылмай жатқан суармалы жерлерді қал­пына келтіруді жеңілдетілген несиелеу мен пайдаланудағы суармалы жерлердің құ­нарлылығын арттыру мақсатында, олар­дың мелиоративтік жағдайын жақсартуды субсидиялау қажет деп санаймыз. Ол үшін «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңы­на «ауыл шаруашылығы айналы­мы­нан шығып, пайдаланылмай жатқан суар­малы жерлерді қалпына келтіруге» шы­ғындар қарастыратын және «суармалы жерлерді мелиоративті жақсарту шара­ла­рын жүр­гізуді» міндеттейтін қосымша ен­гі­­зілуі тиіс» дейді сөзіне мұқият төраға. Егер де, адам өз жолының басында мақсат қойып, оған сәтсiздiктер кезiнде тарықпай, жолдың жеңiл аралықтарында табысқа мастанбай шыдамдылықпен жылжитын болса, ол дегенiне жетедi. Адам өмiрi де осы жол сияқты. Оның да басы, аяғы, қараңғылығы мен жарығы бар (Шопенгауэр). Ислам Әбішевтің Өскемен қаласының әкімі болып тұрған кезінде де көптеген смета жасап алып келгендердің көпшілігінің әкімнің алдынан тауы шағылып, бір емес, бірнеше есеге сметасы қысқарып қалады екен. Кез-келген алдына келген сметаны қолына калькулятор алып, есептейтін болғандықтан, жақтырмағандар да, риза болғандар да әкімді «калькуляторщик» деп атап кеткенін білуші едік. Демек, алдына келген, сметаға «менің нем кетіп барады, үкіметтің ақшасы ғой...» деп немқұрайлық таныту оған бұрыннан тән қасиет емес екен. Темірдей тәртіпті, асқан жауапкершілікті өзінен де, өзгелерден де талап ететін Әбі­шевтің бір қыры сезімталдығы. Бір күн ішінде үйі өртеніп, далада қалған кезінде, «жығылған үстіне жұдырық» деп, дәл сол күні жұмыссыз қалғанда да мойымаған ол қандай қиындық-ауыртпалықты көтере білетін, өзінің нар түйедей өрлі болмысын сақтап қалатын азаматтардың ішіндегі бірегейі десе болғандай. Осындай: «Отпен аласталып, тазардың балам» деп ұлағатты анасының ақ батасын алып, жаңа өмірді бастаған кездері де болған еді. Анасын ығи құрметпен еске алып айтып отырады, әз анасын қатты сыйлайды.

Түйін

Сөзіміздің басын әл-Фарабиден бастап едік. Ол адамның іс-әрекетінде инте­лекттің рөлі аса зор деп бағалады. «Олардың ақыл-ойы халықтар арасындағы ұрыс-жанжалдардың пайдасыздығын ұғуға жетеді. Сондықтан, «олар ең жоғарғы игілікке жету жолында, (демек бақытқа жету жолында) бір-бірімен келісімге келуі керек, өйткені ненің жаман, ненің жақсы екенін тек қана адамның ақыл-ойы шешеді», – дейді. Гуманизмді, халықтар достығын насихаттап, адамның өзін, оның ақыл-ойын, қабілет пен жігерін өте жоғары қояды, адамның шынайы бақытын тілейді, оларды тынымсыз іздену, оқу-үйрену арқылы өзін-өзі жетілдіруге шақырады. Тек, адамның мінез-құлқына байланысты ғана одан жаман немесе жақсы қылық шығады», – дейді. Осы өмірдің әдісі мен қимылы арқылы нағыз бақытқа жететін жол – қайырымдылық, ақылдылық, бұған қарама-қарсы зұлымдық, – дейді тағы да. Фараби «Еңбек ету, саналы болу, адамгершілік, ізгілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұстанған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады. Осы ойларды жалғап, мақалада әр салада әртүрлі жетістіктерге жеткен тарихи тұлғаларды, өз ішімізде жүрген, биіктерге құлаш ұрған қазақстандық менеджерлерді мысалға ала отырып, сөз басын аса байыған адамның табысқа жетуге құлшынысы, бай бола тұра тұрмыста қарапайым болғаны, жиған дүниесін ұрпағының ғана иемденіп қалуын қаламағаны, сөйте тұра, орасан зор нақты қайырымдылық шараларын жасағанын сөз еттік. Қайырымдылық пен мейірімге қа­тысты тағы да ұсынған үлгілеріміз әр­түрлі. Біреуінде жер бетінде игілік пен бақыт болуы үшін тыныштық керегін ұран еткендер, екінші біреулерінде өздеріне бекітіліп берілген істерді іскерлікпен және адал атқарудың нәтижесінде жеке кәсіпкерлікте де мемлекеттік менеджментте де жетістіктерге жетіп, еңбегінің нәтижесінен жанына ләззат алғандар туралы айттық. Осыған орай, біздің елі­міздегі орасан мол байлықты ие болып отырғандардың басым бөлігі мемлекет мүлкін иемдену мен пайдалану нәтижесінде байығандар екенінің рас­тығын еске аламыз. Елде қазынаға қанша қол сұқсаң да, таусылмайтын бюджеттік қаржылар бар. Бүгінде мемлекеттік бас­қарушылар мен ірі бизнес өкілдерінің пайда табу жолында кірігіп кетуінің нәтижесінде ең тиімді бизнес осы терінің бір пұшпағын қамтып қалу болып тұр, мемлекеттік бюджет ондай «кәсіпкерлер» үшін жатып сора беретін сауын сиырға айналды. Ондай байлардың пиғылы, мейірімділігі мен қайырымдылығы Мұхаммед пайғамбар үлгі етіп ұсынған 5 пайыз зекетке сәйкес келмейтіні де көрінеді. Бұл адамдардың байлығының өсуі санасының өсуімен шендесе алмай жатыр ма? – деген ойға келеміз.Ешкімнің қалтасына үңілгіміз жоқ, олар «мемлекетке тиесілі алым-салықтарды төлеп жатырмын» десе ештеңе айта да алмаймыз. Дегенмен, байлықтың түбіне жеттім дегенді тарих кездестірмепті. Ежелгі үнді даналығы «Панчатантрада»: «Байлық түбiндe уы бар бал құйған құмыра тәрiздi. Жeгeн адам алғашында рақатқа батады да, ал, түбiнe жeтпек болғандар у жалап, ажалға килiгeдi», «Бал арасы құмыраның мoйнына жұққан балдың хoш иiстi дәмiн сeзiп, ләззатына құмартып, дәмін татып көріп, oған місe тұтпай, құмыраның ішінe түсіп, мoл балды татпақ бoлыпты. Oдан қалай шығарын oйламапты, құмыраның iшiнe түскeн oл балды бoйына малып, ісініпті дe, құмыраның аузына сыймай қысылып өлiптi»,«Байлық жiбeк құрты тәрiздi: oранған сайын жiбeк қoрғаны қалыңдап, өз oрауынан өзі шыға алмайды» делініп, байлықтың опасыздығына мысалдар келтірілген. Мен ойлаймын, егер, менің 10 миллион доллар ақшам болса, айына 1 пайыз өсімін қолыңа ұстататын банк табылады. Сонда айына 100 мың доллар ақша қалай болса солай отбасы шығынына жұмсауға, пәтер алуға, коттедж салуға, бірнеше қымбат көлікті есік алдына тұсап қоюға, қайырымдылыққа шығындауға, құмаршыл болсам – көңілдес ұстауға бәр-бәріне де жетіп жатар еді ғой. Одан артықтың қаншалықты керегі бар?! «Өзін-өзі тану» ілімінде мынадай тәмсіл бар: «Өзіңнен-өзің «Одан кейін ше?» деп сұрай берсең, қандай мәселе жайында сөз болса да тығырыққа тірелесің. Мәселен: - Сенің қандай мақсатың бар? - Диплом алу. - Одан кейін ше? - Жақсы жұмыс табу. - Одан кейін? - Бай болу, жеткілікті өмір кешу. - Одан кейін ше? - Өлетін шығармын. Міне, осы жерде ең негізгі «одан кейін» мәселесі туады.

1541 рет

көрсетілді

95

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз