• Келелі кеңес
  • 19 Қазан, 2017

ҚҰНДЫ ЖОБАҒА ҚҰЛШЫНЫС...

Дина ИмамбаЙ – 1973 жылы Алматы облысында туған. Қазақтың мемлекеттік Қыздар педагогикалық уни­верситетін бітірген. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Қазіргі уақытта «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы болып қызмет атқарады

Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде қабылданған жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Еліміз үшін маңызы зор жобаның бірі гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударуға арналғаны белгілі. Бұл ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, одан әрі дамыта отырып әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғышарты болып отыр. Осыған орай, Алматыдағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында атқарылып жатқан аударма жұмысын талқылауға арналған «Қазіргі ғылыми аударма: теориясы мен практикасы» атты жиын өтті. Оған Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров, «Өрлеу» біліктілікті арттыру республикалық институтының профессоры, философия ғылымының докторы Сапар Оспанов, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, саясаттанушы Айдос Сарым, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, ҚазҰУ-дің философия кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Нұрышева, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетай, «Мәдениет» журналы бас редакторының орынбасары, ақын Мырзан Кенжебай, С.Демирел атындағы университеттің оқытушысы, журналист Есенгүл Кәпқызы және жоғары оқу  орындарының оқытушылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы алғашқы екі ай ішінде атқарылған  жұмыстың  нәтижелерімен таныстырып, аударма барысында туындаған мәселелерді талқыға салды. Енді, осы жиынның толық нұсқасын ұсынып отырмыз. 

Рауан Кенже­хан­­ұлы Рауан Кенже­хан­­ұлы: – Бүгінгі отыры­сымыздың басты мақ­саты – 100 оқу­лық жобасы бойынша екі айда атқарылған жұ­мыстармен таныс­тыру және өзекті мәселелер жөнінде ой-пікір алмасу. Оқу­лықтарды іріктеу жө­нінде жоғары оқу орындарынан 800-ге тарта ұсыныс келіп түсті. Солардың ішінен әлеуметтану, философия, психология, мәде­ниеттану, дінтану және филология ғылымдары бойынша әлемге танымал авторлар жазған «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», «Әлеуметтанулық теориялар», «Қазіргі психология тарихы», «Экономикс» және басқа 17 оқулық іріктеліп, аудармашылар тобына тапсырылды. Қазірде бұл кітаптардың аудармасы аяқталуға таяу. Аталған бағыттар бойынша жұмысқа 90-нан аса ұстаз-ғалымдар мен аудармашы-редакторлар жұмылдырылған. Оқулықтарды іріктеуге қойылатын талаптарға келсек, ең алдымен, оқулық дүниежүзіндегі ал­дыңғы қатарлы оқу орындарында қолданыста болуы шарт. Екіншіден, бұл оқулықтар кемінде үш рет баспа жүзін көруі тиіс. Яғни, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген оқулық болмаса, онда біздің талапқа сай емес деген сөз. Біз таңдап алған оқулықтардың алды он рет қайта басылып шыққан. Үшіншіден, соңғы үш жылда оқулық студенттер үшін де, оқытушы мамандарға да қажетті, таптырмас оқу құралы болуы керек. Заманауи талаптарға сай болмаса, ол оқулықтың қажеті шамалы. Осының бәрін ескере отырып, әбден електен өткен оқулықтарды ғана таңдап алдық. Оқулықтардың бейнедәрістері қоса беріледі. Жалпы, жоба алғашқы аударма мәтінін дайындау, оған ғылыми және әдеби редакция жасау және баспаға дайындау сатыларынан тұрады. Аударма сапалы болуы үшін оқулықтар қосымша тәуелсіз ғылыми және әдеби сараптамадан өтпек. Әдеби редактор тілдік құрылымдардың сақталуына, граммати­касына, стилистикасына көбірек маңыз береді. Ең шешуші кезең жауапты үйлестірушіге тиесілі. Ол аудармашы маман­дармен, ғылыми және әдеби редактормен бірлесе отырып, шешуші жұмыс атқара­тын маман. Осы кезеңнің бәрінен өткен­нен кейін ғана оқулық басуға жіберіледі. Тікелей ағылшын, француз тілдерінен қазақшаға аударылып жатқан кітаптар қазіргі заманғы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы өзгерістерді, үдерістерді қамтуы, мазмұны жағынан идеологиялық бейтарап болуы ескерілген. Ұйымдастыру кезеңінде авторлық құқық мәселесі шешілгенін айта кеткіміз келеді. Жоба бойынша жарыққа шығатын кітаптар әрқайсысы мың данамен басылып, оқу орындарына тегін таратылады. Бұл – топтық жұмыс. Сондықтан, аудармаға кәсіби деңгейі өте жоғары, үш тілді жетік меңгерген мамандар тартылды. Айдос САРЫМ: – Осын­­­дай ірі жобаны мемлекеттің өзі қолға алып, бастама кө­тергені дұрыс. Мұндай үлгі Норвегияда бұрыннан бар, сон­дықтан, сол елдің тәжірибесінен көп үйренуге болады. Шынын айту керек, бізде Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан аударма жүйесі түгел дерлік құрыды. Жаңа дәуірдегі аударма ісі бір ізге түскен жоқ. Сондықтан, «ештен кеш жақсы» деп Қазақстан аудармашылар қоғамын құрсақ. Бұл қоғамдық негіздегі ұйым болады. Аударманың қазіргі мәселелерін, оны шешу жолдарын осы қоғам кеңінен қарастырып, түрлі мінбер арқылы халыққа жеткізіп отыруы тиіс. Аудармашылардың кәсіби біліктілігін арттыруды да, олардың портфолиосын дайындауды да негізгі бағытының бірі етуге болады. Ал, «Ұлттық аударма бюросы» қолға алып отырған жаңа жобада айналымға енген терминдерді кеңінен қолдану, жаңа терминдерді аудару қажеттігі кеңінен талқыланса, мамандар пікірі ескерілсе игі. Кейбір терминдерді түркі халықтары қалай аударғанын назарға алсақ та ұтылмайтынымыз анық. Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ: – Аударма барысында туындаған қиын­дықтың бірі – арнайы әдістемелік нұсқаулықтың жоқтығы. Біз осындай құралдарға зәруміз. Өйткені, бізде аударма теориясы жеткілікті зерттелмеген. Жоба барысында жинақталған іс-тәжірибе әдістемелік құрал әзірлеуге негіз болуы да әбден мүмкін. Осы ретте оқулықтардың тікелей түпнұсқадан аударылып жатқанына назар аударғымыз келеді. Оның ішінде орыс тілінде мүлде шықпаған кітаптар да бар. Сондай-ақ, оқулықтардың атауын қазақшалауды да көп болып ойласуымыз керек. Мәселен, Э.Аронсонның «The social animal» атты кітабын «Қоғамдық жануар» деп аудару қазақша қисынға келмейді. Ал, дінтану бойынша К.Армстронгтың «Құдай тарихын» «Тәңір тарихы» деп беруді жөн көріп отырмыз. Осы тұрғыдан сіздердің ұсыныс-пікірлеріңіз біз үшін өте қажет. Елдік маңызы бар қоғамдық шаруаға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жұмылсақ дейміз. Әлия МАСА­ЛИМО­ВА: – «Қа­зақ тіліндегі 100 оқу­лық» жобасына ұлт­тық университет ға­­лымдары белсене қатысып жатыр. Олар Д.Джонстон, Д.Ритцер, Э.Аро­н­сон және т.б. ғалым­дардың оншақты рет басылым көрген еңбектерін ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуда. Осы тұрғыда қазақ тіліндегі басылымға кітап авторлары туралы мағлұмат енгізсек те артық болмас еді. Өйткені, студенттер оқулықтың мазмұнымен қатар оның авторы туралы да білуі тиіс. Тағы бір ұсынысым, осы жоба аясында біз көбінесе батыс ғалымдарының еңбектерін аударып жатырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта 100 оқулық тізіміне Шығыс тілдерінен де сүбелі еңбектерді қосқан жөн. Олар бізге тілі, ділі, географиялық орналасуы жағынан жақын әрі батыс авторларының еңбектерінде шығыс ойшылдары көбінесе елеусіз қалады. Міне, осы олқылықтың орнын толтырып, ғылым ауқымын ке­ңейте түссек нұр үс­тіне нұр болар еді.

Гүлжиһан НҰ­РЫШЕВА: – Біздің топ аударып жатқан Д.Джонс­тонның «Фи­лософияның қыс­қаша тарихы» атты еңбегі тек студенттерге ғана емес, жалпы оқырман қауымға да қызықты болары анық. Д.Джонстонның кітабы идеологиялық тұрғыдан бейтарап және берілу үлгісі де ерекше. Мұнда философияны біздегі дәуірлерге немесе белгілі бір елдерге теліп емес, ойшылдардың шығармашылығын талдау арқылы түсіндіреді. Оқырман ежелгі Сократтан, бүгінгі Дерридаға дейінгі философтардың еңбегіне еркін қаныға алады. Жалпы, қазақ тілінің айдынын кеңейте түсуге, ғылым тілі ретіндегі мүмкіндігін паш етуге жаңа аудармалар сөзсіз қызмет етуі тиіс.

Досай КЕНЖЕТАЙ: – Біз таңдап ал­ған оқулық – Карен Армстронгтың «Тәңір­дің тарихы» атты еңбегі. Бұл кітап иудаизм, христиан және ислам дінінің тарихын қаузайды. Осы тақырыппен айналысып жүргенімізге де 20 жылға жуық уақыт болды. Бұл жөнінде арнайы магистрлік диссертация қорғалған. Аударманың ең басты шарты – тіл білу емес, аударылатын құбылысты танып білу. Ол ұғымды танып-білмеген адам ешқашан аударма жасай алмайды. Бұл кітап тарихи ұстаныммен жазылған. Бүкіл адамзаттың тарихында үлкен орын алатын археологиялық жазбалар, Құдайды қай дін қалай таныды, қандай негіздерге сүйенді, осының бәрі оқулықта жан-жақты қамтылған. Тағы бір дүние, кез келген оқулықты аударғанда өз тілімізге қарай ыңғайлауға болады. «Мынау басқа ұлттың термині, бізге сәйкес келмейді» деген ұғыммен қарайтын болсақ, қазақ тілінің ғылыми лексикасын ешқашан байыта алмаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, біздің тілде Ислам терминдері жеткілікті. Әлі күнге дейін кейбір тілшілеріміз «бұл арабизм», «бұл иранизм» деп бөліп жатады. Біз мұндайдан бас тартуымыз қажет. Араб тілінен енген сөздің барлығы өркениеттік дүниета­нымды, болмысты, табиғатты айшық­тайтын тілдік ойлау жүйесінің негізгі сұлбасы. Олардың қазақ тіліне сіңгені сонша, төл сөзімізге айналып кет­ті. Бірақ, біз соңғы кезде тілдің осындай иммунитетін жоғалтып алдық.

Назгүл ҚОЖА­БЕК: – Экономика саласы бойынша Грегори Мэнкьюдің атақ­ты «Экономикс», Рикки Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығын таңдап алдық. «Экономикс» оқулығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі экономика кафедрасының ұжымы жұмыс істеп жатыр. Жұмыс 90 пайызға аяқталды. Екінші кітап – Гриффиннің «Менедж­мент» еңбегін Narxoz уни­верситетінің Экономика және менеджмент мектебінің деканы, профес­сор С.Өмірзақов ғылыми редактор ретінде өзі қадағалап отыр. Үшінші кітапқа AlmaU университетінің басқару жоғары мектебінің деканы Гүлнар Күреңкеева жетекшілік етуде. Бұл салада терминологияға қатысты қиындықтар аз емес. Үш оқулықты бір жауапты редактордың қолына берудегі мақсат – экономика саласы бойынша тер­минологияны біріздендіру және жаңа ұғымдармен толықтыру. Біз үш оқулық бойынша жұмыс жасауда көп қазақ­шаламауға тырысудамыз. Сөзді сол қалпында қалдыра отырып, осы уақытқа дейін енген орысшаланған нұсқасын емес, ағылшын тіліндегі қалыптасқан халық­­аралық нұсқасының фонетикалық айтылуын сақтай отырып, енгізуге күш саламыз. Мәселен, «инициатива» деген сөзді көбінесе бастама деп аударып жүр. Бірақ, оның кейде бастама бол­майтын тұстары болады. Сондай жағдайда «инициатива» сол қалпында қалады. «Кон­фликт» сөзін қақтығыс дейміз. Қақ­тығыс конфликт бола алмайтын, кон­фликт қақтығыс бола алмайтын кездер болады. Сол себепті, біз оны қалдырдық. Тағы бір қиындық тудырған сөз – «перс­пек­тива», ағылшын тілінде perspectives. Пән саласын білмейтін адам аударғанда қиын­дықтар туып, басқа бағытқа адасып ке­тер едік. Өйткені, traditional perspectives – дәс­түрлі көзқарас деген ұғымды береді. Сол пәнді білмейтін адам болса, дәстүрлі перспективалар, дәстүрлі мүм­кіндіктер, әлеуеті, келешегі деуі де ғажап емес. Сон­дықтан, осы оқулық­тарды өз сала­сының мамандарына тапсырдық. Ағыл­шын тілінен қанша тікелей аударсақ та, орыс тіліндегі нұсқаларына жүгінеміз. Орыс тілінде «мотивация» сөзі зат есім және етістік мағынасында қол­да­нылады. Біз зат есім түріндегі мотива­ция­ны «уәжде­ме» деп аударсақ, етістік түрінде ынталан­дыру деп қалдырдық. Ең үлкен қиындық туды­ратын сөз – «процесс» сөзі. «Про­цесс» сөзін үрдіс, «үдеріс» деп аударып жүр. Біз оны «процесс» күйінде қал­дырдық. Рахман АЛШАНОВ: – Сонда, сіздер нені аударып жатсыздар? Елі­міз­дегі мектеп бітірушілердің 80 пайызы қазақша білім алады, жоғары оқу орнында қазақша оқиды. Оларға әлемдік деңгейдегі қазақша оқулықтар қажет. Сондықтан, терминдерді қазақ тіліне міндетті түрде аударуға тиіспіз. Сапар ОСПАНОВ: – Әрбір оқу­­лыққа аудармашы жаз­ған кі­ріс­пені және ау­дар­машының тәр­жі­малары туралы бөлімді берген дұрыс. Сондай-ақ түпнұсқа кі­таптарда автор тарапынан қателік кетеді, сондай тұстарда аудармашының ескертпесі берілуі керек. Ал, терминдерге келетін болсақ, философиялық ұғымдардың байырғы мағынасы мен қазіргі заманғы түсінігін де қамтыған жөн. Мәселен, біз орысшалап Фома Аквинский деп жүрген итальян философы Томас Аквинат Аквино деген жерде туған. Сонда, біздіңше Аквинолық Томас болады. Мұндай қате жазылып жүрген атаулар мен есімдер аз емес. Соларды бірыңғайлау керек. Тағы бір айта кететін жайт, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша философиядан көптеген еңбектер аударылды. Бірақ, олардың басым көпшілігі пайдаланылмай жатыр. Сондықтан, жаңа оқулықтарда «Мәдени мұрамен» шыққан еңбектерге тиісті сілтеме жасалса пайдалы болар еді. Және де шығыс философтарының еңбектері қосылса деген ұсынысты мен де қолдаймын. Есенғали РАУШАНОВ: – «Мә­дени мұра» бағ­дар­ламасы бойынша әлем­дік фи­лософия 20 том, мә­дениет 10 том болып, «Жазушы» баспасынан жа­рық көрді. Орта Азияда, оның ішінде, Қазақстанда ғана әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер мемлекеттік бюджет тарапынан қаржыландырылады. Бұл – Қазақстанның артықшылығы. Дегенмен, егемендік алғалы бері екі институтымыздан айрылып қалдық. Біріншісі – аударма редакторлары институты, екіншісі – корректорлар институты. Бізде қазақ тіліндегі мықты аудармашылар мектебі қалыптасқан болатын. Сол үрдіс үзіліп қалды. Енді, Ахмет Байтұрсынов­тан бері келе жатқан мектепті жалғастыру керек. Бұл атүсті қарайтын жайт емес. Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келіп жатқан мамандар өте көп. Барлығы ағылшын тілін жетік меңгерген. Тарихшыларымыз, заңгер­леріміз, экономистеріміз, басқа да мамандарымыз дайын. Алайда, аударма саласы бойынша бірде-бір маман «Болашақ» бойынша оқуға барған жоқ. Келешекте осыны ескергеніміз жөн. Аударма саласы оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Бізге тіл білетін маман емес, кәсіби аудармашы қажет. Ол екі тілді (қазақ және ағылшын) қатар меңгерсе ғажап болар еді. Әлібек АС­ҚА­РОВ: – Елбасы бас­тамасы бүкіл елі­мізде ерекше қызы­ғу­шылық туғызып отыр. Осы ретте, он жылға созылған «Мә­­дени мұра» бойынша жүздеген том еңбек жинақталғаны бар­шаға белгілі. Бірақ, сол жарық көрген еңбектердің лайықты пайдаланылмай келе жатқанын айтуға тиіспіз. Өйткені, олардың көпшілігі нашар аударылды. Енді, осы жобамен жұмыс кезінде сол еңбектерді сүзіп шығып, керегін алсақ жақсы болар еді. Сондай-ақ, ғылыми еңбек ғылыми тілде аударылуы тиіс болса да, академиялық қасаң тілдің жетегінде кетіп қалмау қажеттігін айтқым келеді. Бұл жағынан әдеби редакторлар атқаратын жұмыс көп. Шерубай ҚҰР­МАНБАЙҰЛЫ: – Қолға алынып жатқан жұ­­мысты қуана құп­таймыз. Өйткені, қазақ тілінің қоғамның түрлі саласындағы қол­данысы осы ау­дармаға тәуелді, байлаулы болып отыр. Осындай жағдайда Ұлттық аударма бюросына көп үміт артамыз. Ұйым­дастыруға байланысты айтар ұсы­ныстарым бар. Біріншіден, қысқа мерзімде еңбектердің 70-80 пайызы аударылыпты. Өте шұғыл жасалып жатқаны, жұмыстың қарқыны бірден байқалып тұр. Екіншіден, әр саланың жетекшілері мен оқулықтар іріктеліп алыныпты. Дегенмен, бұл істе жариялылыққа үлкен мән беру қажет. Мейлі 5 оқулық болсын, мейлі одан да көп болсын, тек қана мамандар емес, көпшілік қалайтын оқулықтар таңдалуы тиіс. Келесі оқулықтарды іріктеуде осыны ескергеніміз дұрыс секілді. Аударманың бір жарым ғасырға жуық тарихы бар. Ыбырай мен Абайдан басталып, бер жағында Әлихан Бөкей­ханов, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов бар. Осы істің бір ғасырлық тари­хын алып қарағанда, екі түрлі үрдісті байқаймыз. Біріншісі – Абай бастаған, Шәкәрім, Алаш зиялылары жалғастырған Жүсіпбек Аймауытовқа дейінгі аудар­машылардың дені аудар­ма­ның түпнұсқасы мен стилін сақтаудан гөрі ұлттық нақыш пен бояуға мән беріп, сөзді де, стилін де қазақ топырағына бейімдеген. Екіншісі, қазіргі аудармада дәлдікке көбірек мән беріледі. Аудармашы түпнұсқаның шылауынан шыға алмауы шала-жансар терминдердің пайда болуына әкеп соқты. Енді, бұл жобада түпнұсқадан тікелей аударуға көшіп отырғанымыз қуантады. Дегенмен, тер­миндерге байланысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Мысалы, біз айтып жүрген «өсімдік» деген сөз бұрын оқулығымызда болмаған. Бұл – жасанды сөз. Бірақ, қазір өсімдікті қолданысқа енгізіп жібердік. Ешкім оның жасанды екенін байқамайды. Дайын нәрсені ала салу – ең оңайы. Плюс, минус дегендерді қосу, алу, бөлу деп аудардық қой. Біз қазір халықаралық термин дегенді ұстанып алдық. Сонда, бізде фонетикалық заңдылық жоқ па?! Бәрін термин деп енгізе беруге болмайды. Қытай тілінде халықаралық термин деген ұғым жоқ. Басқа тілдерде де жоқ. Оны біз зерттеп көрдік. Ағылшын терми­но­логиясының 75-80 пайызы – француз сөзі. Ресейдің де сөздерінің 70-80 пайызы кірме сөздер. Орыстың кез келген сөзін түбіне дейін зерделесек, батыстың терминдері шыға келеді. Стиль туралы да бірауыз сөз айта кеткім келеді. Көркем әдебиетті аударуда біраз жақсы дүниелер бар. Алайда, ресми және ғылыми-техникалық әдебиетті аударуда ойланатын дүниелер жетерлік. Қолданыстағы оқулықтардың 80-90 пайызын оқыған кезде қазақша тіл білетін адам қиналады. Әрбір сөйлем орыс тіліндегі түпнұсқамен, сөйлем құрылысымен аударылғандықтан, ғылыми әдебиет тілі өте ауыр. Қысқасы, қазақы стиль сақталып, мазмұн өзгермеуі керек. Осы жағы ескерілсе құба-құп. Анар ФАЗЫЛЖА­НОВА: – Үлкен жұ­мыс қолға алын­ғанын көріп отырмыз. Тіл мәселесіне қатысты бі­раз қиындықтар бар екенін де байқадық. Жалпы, әрбір сала мамандары шетелдік заманауи ұғымдарды аударған кезде ұлт­тық негізбен байланыстыра отырып аударса екен. Себебі, бұл оқулықтарды басқаша жолмен аударудың қажеті жоқ. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ға­лымдары «Мәдени мұра» бағдарламасы ая­сында қыруар ұлттық мұрамызға қол жеткізді. Соның негізінде «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» шығардық. Сол сөздік осы жобада пайдаланылуы тиіс. Себебі, бұл лексикографиялық емес, лингвомәдениеттанулық танымдық еңбек. Бергісі Алаш, арғысы барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Бүкіл түркілер сол жазба тілімен бір-бірімен түсініскен. Ол Ислам өркениетінің қазақ даласында, түркі даласында гүлденген дәуіріне қызмет еткен тіл болған. Сол тілде діни лексиканың барлығы қазақтың мәдениетін жасаған. Мәшһүр Жүсіпті оқысаңыз, тұнып тұрған діни лексика. Бұл діни дискурста қолданылатын сөздер. Тек қана қазақша жазамыз деп те айтуға болмайды. Бір сөздің әртүрлі дискурстағы модельдері болуы керек. Сондықтан, әдебиеттерде осы ерекшеліктерді, тілдік дискурстарын сақтауымыз керек. Мұны бастаған – Алаш зиялылары. Мәселен, Мағжанның «Педагогикасын», Жүсіпбектің «Психологиясын» алып қарасақ, барлық терминдер қазақтың сөзжасамдық ұлттық уәждерін сақтаған. Терминдер пайдалануда осы еңбектерді қолдансақ игі. Бір өкініштісі, біздің ұрпақ сол ұлттық уәжден алыстап кетті. 15 томдық түсіндірме сөздікте сол уәждерді зерделеп жаздық. Тіл білімі институты жаңа бастаманы қолдап, көмектесуге әрдайым дайын. Келесі мәселе, мәтін мазмұны әртүрлі болуы мүмкін. Ол кімге арналуына орай түрленеді, бірақ, мазмұны сақталады. Менің ұсынысым, осындай жағдайда шығармашылыққа жол беріп, оны түсіндіріп, ағылшын тіліндегі нұсқасын көрсетіп, астына сілтеме шығарып анықтама берген дұрыс. «Қазақ» газетінің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов әлемдік ақпаратты берген кезде осындай құралдарды жақсы қолданған. Мырзан КЕН­ЖЕ­БАЙ: – Бұған дейінгі «Мә­дени мұ­ра» бағ­­­дарламасы бой­ын­ша шыққан кі­­тап­тарда көп кем­­ші­ліктер кет­кенін айтып жүр­міз. Ел­ба­сының өзі философиядан ау­дарылған шығармалардың қазақшасын оқып түсіне алмағанын айтты. Бұл жоба соның кебін кимеуі тиіс. Бірақ, жоғарыда айтылған «Құдай тарихы», «Қоғамдық жануар» деген атаулардың өзінен-ақ аударманың сапасы белгілі болды. Экономика мен кәсіпкерлік бойынша терминдердің бәрін қалдырдық деді. Шерубайдың айтқаны дұрыс, халықаралық термин деген мүлде жоқ. «Термин» деген сөздің бәрін 2 миллиард қытай өз тілінде, жапон мен араб өз тілінде айтады. Біз де осыған көшуіміз керек. Сондай-ақ, жоба бойынша іріктеліп алынған кітаптардың ішінде біздің тілімізге, дінімізге, салт-дәстүрімізге, жалпы дүниетанымымызға қайшы келетін сөздер кездесуі мүмкін. Мұсылманға, шығыс халықтарына қарсы сөздерді Вольтер де, Монтескье де жазған. Міне, осы­ған сақ болайық­шы. Есенгүл КӘП­ҚЫЗЫ: – Біз аударып жатқан оқулық «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» деп аталады. Аударманың 70-80 пайызы орындалды. Осы жерде аударма барысында туындаған қиындықтарды айт­қым келеді. Ғаламтордан қазақ тілін­дегі сөз­дердің түсіндірмесін іздеп табу өте қиын. googl-аудармашы қазақша сөздердің нақты мағынасын бермейді. Тіл білімі институты дайындаған 15 томдық сөздіктің электронды нұсқасы жоқ. Шынын айтқанда бізге қазақ тіліндегі сөздіктерден гөрі орыс тіліндегі түсіндірме сөздіктер көп көмектесті. Осы ретте Тіл білімі институтының өкілдеріне өтініш: қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі салыстырмалы сөздік жасасаңыздар және оның электронды нұсқасын сайтқа орналастырсаңыздар дейміз. Өйткені, ғылыми ұғымдардың әр тілдегі түсінігі әртүрлі, бір-біріне сәйкес келмейді. Сондай-ақ, орыс тілінен аударылған көркем әдебиеттердің мәтіндері де Kitap.kz сайтында тұрса пайдалануға ыңғайлы болар еді. Мәселен, оқулықта Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романынан үзінді берілген, бірақ, ол романның қазақшасы сайтта жоқ болып шықты. Бұл кітаптың қазақша аудармасы сәтті шыққанын бәріміз білеміз. Бізге науқаншылдық емес, нақты істер керек. Осыған бәріміз бірдей атсалыссақ құба-құп. Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ: – Бүгін сіздермен алғаш рет жүздесіп, кеңесіп отырмыз. Алдағы уақытта мұндай кездесулер жүйелі түрде өтетін болады. Өйткені, түйткілді мәселелер мен ақылдасатын шаруа өте көп. Сіздердің тараптан айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстарды барынша ескеретін боламыз. Ал, жоба жайындағы мәліметтерді ғаламтордағы Kitap.kz сайтынан табуға болатынын айта кеткім келеді. Ұсыныстарыңызды да осында қалдыра аласыздар. Біз үшін ең бастысы – ұлттық мүдде жолында абыройлы қызмет ету. Елдік жобаға қолдау танытып келгендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Дина ИМАМБАЙ:Сонымен, Ұлттық аударма бюросының алғашқы отырысы қызу пікірталас алаңына айналды. Басқосуға жиналғандар тарапынан кітапхана сөрелерінде шаң басып, оқылмай жатқан том-том кітаптар, шалағай аударылған мәтіндер, түсініксіз сөйлемдер, қазаққа тән емес сөз қолданыстары, жат тілдің ықпалындағы сөз құрау, терминдер және т.с.с. мәселелер жайында өткір пікірлер айтылды. Міне, енді жаңа жобаның арқасында соңғы жылдары сыннан көзін аша алмай келе жатқан аударма ісіндегі олқылықтарды түзетудің орайы келіп отыр. Бұған дейін аударма ісінде неден қапы жіберсек, енді, соған мұқият болғанымыз абзал. Сондықтан да, бюро басшылығы көп болып ақыл қосысуға шақырды, өздерінің сын-пікірге ашық екенін жеткізді. Осы ретте жоба аясында көтерілген тағы бір мәселені айта кету орынды. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылымдарға көзқарас өзгеріп, тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты дербес салалар оңтайландыруға ұшыраған болатын. Бұл үрдіс гуманитарлық пәндердің сағатын қысқартуға, олардың мәні мен маңызын төмендетуге әсерін тигізгені жасырын емес. Осыған байланысты, ға­лымдар мен оқытушылардың арасында көңіл толмаушылық байқалған. Енді, міне, Елбасының тікелей бастамасы жоғары білім саласындағы олқылықтардың орнын толтырғалы отыр. Өйткені, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуда гуманитарлық білімдердің алатын орны зор. Ол үшін шет тілдердегі жоғары сапалы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан алу қажет. Осыған орай, Елбасы бастама көтеріп, ғылыми қауымдастыққа бағыт-бағдар көрсетті. Енді, осы игі бастамаға бүкіл ел болып атсалысып, қолдау білдіру қажет. Жобаға тартылған ғалымдар мен оқытушыларға, аудармашы редакторларға бірлесіп, жоғары талап пен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ең алдымен алғашқы отырыста айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстар ескерілуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік деңгейдегі маңызды жоба­ның беделі жұмыстың нәтижесіне, аудармашылардың өресіне тікелей байланысты. 100 оқулықтың аударманың үздік үлгісіне айналуы тіліміздің жаңа тынысын ашып, түйткілді мәселелердің шешімін табуға және қазақ аударма мектебін қайта қалыптастыруға алып келеді деген сенімдеміз.

1406 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз