• Заманхат
  • 14 Қараша, 2017

ҰЛТЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН

Ұлт қайраткері  Нәзір Төреқұловтың туылғанына 125 жыл толуына орай

 Әбдіжапар САПАРБАЕВ – «Нәзір Төреқұлов» халық­ара­лық қайырымдылық қорының президенті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде «Аса көрнекті тарихи қайраткерлердің, шын мәніндегі мемлекетшілердің тұтас бір шоғырының» – жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжырымдап берген тұлғалардың ұлттық мүдделерге қызмет етуінің ұлы тарихи үлгісі көз алдымызда тұр» деген болатын. Осы сөздердің мәні мен мағынасына терең бойлай түссек, ұлт тарихының ұлы көші көркейе түсетініне кәміл сенеміз. Сондықтан, қазақ тарихындагы ірі тұлғалардың тарихи орны мен олардың ұлт үшін жасаған еңбектерінің маңызын көрсете білу – біздің парызымыз. Яғни, біз тарихымызды Қазақстанның қазіргі мемле­кеттігінің бастауында тұрған аса көрнекті тұлға­ларды, нағыз елжандыларды ұмытпауымыз керектігіне Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ерекше назар аударады. Қазақ халқының тарихында ерекше рөл ойнаған, ардақты азаматтарының бірі Нәзір Төреқұловтың да ұлтымыздың өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуіміз орынды екендігі сөзсіз. Өткен ғасырдың басында ұлт үшін өл­шеусіз қызмет жасаған алаш қайраткер­лерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады. Ол кісіні ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды. Халық өз атынан сөйлеген, елім деп еңіреген небір ерлерін бәйгеге қосқан. Со­лардың көбі сыннан сүрінбей өтіп, өз есімдерін халқының тарихына алтын әріп­термен жаздырып қалдырған. Осындай мақтан тұтар, өмірі – мектеп, ісі – үлгі, жұл­дызы – жарық, даңқы – асқақ арда­гер­леріміздің бірі – Нәзір Төреқұлов. (Т. Қожакеев. «Мәдениет және тұрмыс». №12, 1989 ж.). Кешегі патшалық Ресейде, Кеңестің уысында болған 70 жылдық бұлқыныс дәуірінде тарих сахнасына шыққан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды қайраткерлер бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жолдарын, амалдарын анықтап берген болатын. «Туған халқын жанындай жақсы көріп, табиғат молынан берген қабілет-дарынын, ақыл-білімін, күш-жігерін соған адал қызмет етудің ізгі мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерінің бірі, бірі емес бірегейі Н.Төреқұлов болып табылады», – деп жазды аса дарынды халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов, дипломат, саясаткер Т.Мансұровтың «Елші Н.Төреқұловтың Арабия дастаны» атты кітабына берген алғы сөзінде. Нәзір Төреқұлов Ресей отаршыл­ды­ғының Түркістан халықтарына қан­­­ша­­лықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінген. Бұл туралы ойла­рын ол Ташкентте, Мәскеуде шы­ғып тұр­ған басылымдарда жариялаған мақа­ла­лары мен баяндамаларында бүкпесіз айтқан. Патшалық Ресей мен большевиктер билеген Ресей Түркістанды шикізат өндіретін ел ретінде санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркендеуін тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет ашып, аяусыз әшкерелеген. Н.Төреқұловтың саясаткер ретінде қа­лып­тасуы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына – аса күрделі, қым-қуат, ғаламшардың алтыдан бір бөлігінде ауқымды әлеуметтік тәжірибе – жаңа қоғам орнату тәжірибесі жүргізіліп жатқан уақытқа тұспа-тұс келді. Осынау қиын, Орталық Азияның халқы үшін болашақ тағдырды айқындайтын кезеңде Н.Төреқұлов Түркістандағы ең жоғарғы мемлекеттік һәм партиялық қызметтерде болды. Оның өз мұратынан ешқашан айнымайтын ұйымдастырушылық және насихатшылық қабілеті алғаш рет тап осында байқалады. Ол заманның зәйіліне бейімделуді әсте ойына алмаған, өзінің мұратына сай ғұмыр кешіп, еңбек еткен, жарқын болашаққа, әділеттің салтанат құруына сенген. Оның Түркістан халықтарының басын біріктірудегі тарихи еңбегі орасан зор. Акмал Икрамов, Абдулла Рахымбаев, Қайғысыз Атабаев және Түркістан өлкесінің басқа көсемдерімен етене араласқан Нәзір осы өлкедегі бірігу процестеріне нақты ықпал ете алатын, солай етті де. Қуатты интелект, ерен білімдарлық Н.Тө­ре­құловты туған өлке халықтарын жаңаша жаппай ағартудың басы-қасына алып келді. Шынына барсақ, Ташкентте, кейіннен алғашқы қазақ жоғары оқу орындарының бірі педагогикалық институтқа айналған Қазақ ағарту институтын ұйымдастыруға тікелей қатысып, Қазақстандағы осы заманғы жоғары мектептің негізін қалаған нақ сол. Нәзірдің ата-бабасы Оңтүстік Қазақстан облысының Қандөз ауылының төл баласы. Болашақ кеңес дипломаты, мемлекет қайраткері, ғалым 1892 жылы қазан айында Сыр бойының Түркістан өңірінде мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Әкесі Төреқұл заң және сауда қызметкері. Анасы Гүлбаһрам – тәжік қызы – аса діндар адам болған. Төреқұлдың үш баласының тұңғышы Нәзір, екінші ұлы Әбдіқадыр және Фатима атты қызы болды. Балалық, жастық шағын Қоқан қаласында өткеріп, осындағы медреседе, орыс–түзем мектебінде оқып, 1913 жылы Қоқан коммерция училищесінің сегізінші класын ойдағыдай аяқтаған Н.Төреқұлов, Мәскеу коммерция институтына оқуға түседі. Мұнда экономикалық пәндерді оқып үйренумен қатар, Нәзірдің өзі бала жасынан зор қабілеттілігін танытқан шет тілдерді үйренудің жаңа мүмкіндігі туды. Орыс және түрік тілдерін жетік біліп, француз бен неміс тілдерінде еркін сөйлей алатын дәрежеге жетті. Мәскеу коммерция институтының З курсынан 1916 жылы өз еркімен Батыс майданының «Земсоюз» нұсқаушылығына сұранып, Орта Азия жастарының саяси күресін бастаған серкесіне айналды. Өз ғұмырын халық азаттығы жолындағы күреске арнаған Нәзір, 1917-1920 жылдары үгітшілік, сауат ашу т.б. идеологиялық жұмыстармен айналысып, «Қазақ мұңы», «Халық газетасы», «Янги шарқ» газеттеріне редакторлық жасады. Минск маңында Қа­зақстаннан барған жастардан «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрады. Ұйымның мақсаты шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу еді. Яғни, Нәзір Төреқұлов XX ғасыр ба­сын­дағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қай­раткері! Жиырмасыншы жылдары Түр­кістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқандай. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұ­хамеджан Тынышпаев секілді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек, көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір күндерден басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияга дейін жалғасты. Ол бірде ағар­тушы, бірде баспагер, енді бірде Елші болып бой тастайды. Соның қай-қайсысында да халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде-бір рет ауытқымай өтті. Нәзір Төреқұлов – үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапы­ран уақытта Торғайға барып «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916-17 жылдары тол­қыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны өздеріңізге мәлім. Демек, Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ой­дың қозғаушысына айналған тұлға – Нәзір Төреқұлов! Ташкентте «Темірқазық» журналын ұйымдастырып, шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап көптеген мақалалар жазып, жариялады. Бұл орайда Нәзір Төреқұловты отты публицист ретінде танимыз. Түркістан түлегі – Нәзір Төреқұлов қазақ әдебиетінің Сәкен Сейфуллиндей, өзбек әдебиетінің Чулпондай, Абдолла Қадыридей айтулы тұлғаларымен аяусыз сынасқан, тәжіктің Садриддин Айнидей қаламгері кітабына алғысөз жазған, атақты түрколог Бартольдтың Түркістан туралы еңбектерін ғылыми саралаған сарабдан сыншы. Нәзір – білімдар әдебиет сыншысы болатын. Сыншы кісі кейде ұнай бермейді. Эстетика талабын айтқан Нәзір Сәкенмен, кейде Мағжанмен қиғаш келіп қалып жүрді. Кіммен қандай қатынаста жүрсе де, Нәзір жеке бас қамын ойламаған адам, халық қамын жеді, әдебиет, ағарту мәселесін сөйледі. Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, баш­құрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін игерген – полиглот азамат, игерген білімін іске жаратқан үлкен оқымысты ғалым. 1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде түркі тілдес халықтар бірі екіншісімен тілдескенде, өзара тез түсінісіп, бауырлас халықтар екендігін сезіне білулері үшін ортақ жазба қарпі қажеттігі алғаш рет көтерілген болатын. Бұл съездің жұмысына 131 түркітанушы ғалым, мұғалім, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мемлекет және қоғам қай­раткерлері, т.с.с. қатысқан болатын. Олардың арасында 5 қазақ – Ахмет Байтұр­сынов, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Елдес Ома­ров және Бай-Сейдули Азиз болды. Осы съезде түркі тілдес халықтардың жазбасын араб әліппесі негізінде жасақтауды жақтап сөйлеген кейбір ұлт өкілдерінің пікірлерін сынап, түркі тілдес халықтардың барлығының бір қаріпті – латын қарпін қабылдауын негіздеп сөйлегендердің бірі Нәзір Төреқұлов болды. Яғни, оның сөйлеген сөзі: «...Ең алдымен түрктанушылар съезінің бүкіл түркі дүниесі үшін ерекше прогресті революциялық факт болғанын қадай айтқым келеді, мұны мына мағынада түсіну керек: бұл съезде ескі араб жазуын қолдайтын бір де бір үн шықпады, демек ескі араб сауатының күні өткені, арамызда біржола кеткені деп түсіну керек. ...Бәсекеге түскені тек екі әліпби, бұл – реформаланған жаңа араб әліпбиі және латын әліпбиі... Ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби – Құран жазуы емес, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық не­гізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа әліп­биі». Яғни ол, латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра Мор­фологиялық зерттеу жүргізді. «Түрік халықтары кіндік баспасы» бас редакторы кезінде 12 тілде кітаптар ұйымдастырып, басып шығарып отырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын  қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балала­рымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ ті­лін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп атап өтті. Қазіргі таңда бұл мәселе қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Осы мәселе бойынша ғалымдар, тілшілер, саясаткерлер, қарапайым халық арасында қызу пікірталастар жүріп жатыр. Н.Төреқұлов тіл, өнер–білім жөніндегі өз толғауын келесі тұрғыда айтып өтті: 1. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді езілген ұлттың тілі үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана белі, буыны қатаяды. Қазақ тілінің кеңсеге емін-еркін кіріп-шығуы одан арадағы «тілмаштарды» қуып шығарар еді. 2. Елдің елдігі, теңдігі өнер-білімге бай­лаулы. Сондықтан, ел бастайтын сауатты оқы­ғандарды көптеп шығару, дайындау керек. 3. Орталық үкіметтің жарлықтарын әрбір ұлттық топтардың тұрмыс ерекшеліктеріне лайықтауға әсер етеміз. Бұл ұлттық бөлім­дерді (қазақ, өзбек, түркімен) ашу кезінде біз осындай мақсатты алға тартқан едік. 4. Алдымен айтып алайық, патша үкіметі Ресейде орыстан басқа ұлт бар деп білмейтін, білгісі де келмейтін еді. Патшаның мақсаты мынау: бұратаналардың біржолата тұқымын құрту, болмаса орыс қылып жіберу. 5. Бізге алдымен жаңа мектеп керек деген пікірді тарату жолында алысуға, әдебиеттің жоқтығы секілді бөгеттермен арпалысуға тура келіп отыр. 6. Көп шетел сөздері, терминдер қазақ тіліне қазақ тұмағын кимей кіріп барады. Бас­қаның сөзін бұзбай айтамын деп тіліңді бұрап жүргенде, өз тіліңнен айырылып қа­лар­сың. Нәзір Төреқұлов – Қазақстандағы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мәс­кеуде 1922-28 жылдары «Күншығыс халықтары Орталық баспасында» бас ре­дак­тор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдері, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, өзбек Абдолла Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты. Міне, осындай білімді зиялыларды кітап шығару ісіне қатыстыру арқылы Н.Тө­реқұлов Шығыс баспасының жұмысын жандандырып жіберді, ұлт тілдерінде жаза­тын қаншама жазушы, ғалымдардың елге танылуына жәрдемдесті. Нәзірдің бұл әрекеті ұлт саясатын тар мағынада формальды түрде жүргізіп отырған кеңес үкіметінің басшыларына ұнаған жоқ. 1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан автономиясын құлатуға қатысқан. Қоқан Ревком председателінің орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының және Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ре­тінде Қырғыз Республикасының этно­гра­фикалық құрылымына және тұрмыстық ерекшіліктеріне сәйкес болып келетін Крас­новодск уезінің Маңғышлақ уезі мен №4 және №5 Адай болыстықтарын Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік Автономиялы Республикасына беру жөнінде 1920 жылы 16 қазанда №341 Декретіне қол қойған болатын. Міне осы Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша, Маңғыстау түбегінің елімізге берілуі Нәзір Төреқұловтың жемісті еңбегінің нәтижесі екенін көреміз. 1920 жылы Түркістан КП Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Ат­қару бюросының жауапты секретары қызметін атқарды. 1922 жылы Түркістан Рес­публикасының Оқу-ағарту комиссары болып сайланды. 1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге, Москваның жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ береді, ғылыми еңбектер жазды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналын шығара бастады. Журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл ау­дара бастады. «Нәзір жолдастың сыны қа­зақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады». (С.Мұқанов. «Қызыл Қазақстан». № 16, 1923 ж). Көп ұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында Нәзір Төреқұлов пар­тия­лық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт өкіл­де­рінің алғашқылары қатарында Түркістан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірін­ші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту ха­лық комиссариатын басқарды. Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ, партия тарихы институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы «Түркістанның қызыл жыл­намасы» журналын аяғынан қаз бастырып, тұр­ғызып жіберді. Сауаттылығы төмен елде қоғам құрып, мемлекеттік құрылысты енгізудің қиыншылығын түсінген Т.Рыс­құлов, С.Қожанов, М.Тынышбаев, Х.Дос­мұхамедовтар оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашты, бұл істің басында Нәзір Төреқұлов болды. Нәзір Төреқұловтың Түркістандағы қыз­меті аса бір күрделі қиын кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікі­рін­ше, жұмыс барысында кедергі аздай жергілікті саяси топтарга «орталықтан жіберілген басшылар... дем беріп, желік­тіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайт­ты... орталықтың саясатына қатысты мәсе­лелерден шебер бұрып әкетіп отырды...». Мұндай аласапыранда өз танымы мен берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де, ол принциптеріне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кет­педі. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті. Н.Төреқұловтың оқу-ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жаз­ған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даяр­лауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды. 1925 жылы өткен І бүкілодақтық мұ­ға­лімдер съезінде жасаған Н.Төре­құлов­тың «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баян­дама­сының басты қағидалары келесі тұрғыда болды: 1. Ұлттық мәдени-ағарту мекемелерінің қолдағы бар жүйесі орнықтырылып, ол мемлекет бюджетінің есебінен біртіндеп кеңейтілсін. 2. Аса мұқтаж болып отырған аудандарда ұлттық мектептерге арналған ғимараттар салу туралы мәселе кезекке қойылсын. 3. Тұрмыстық салт-дәстүр салдарынан ортақ мектептерде әйелдер бірге оқи ал­май­тын ұлттық республикалар мен облыс­тарда (Орта Азия республикалары, Әзір­бай­жан) әйелдерге білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінсін. 4. Кеңес өкіметінің жергілікті органдары арқылы, ұлт мұғалімдерінің белсене атса­лысуымен ұлттық мектепке көмектесетін әртүрлі қоғамдар ұйымдастыру жолымен бұқара халықтың оқу-білімге қазірдің өзін­де байқала бастаған ынтасы барынша пай­даланылсын. 5. Ұлттық республикаларды, облыстарды және аз ұлттарды шаруашылық жағынан өрлетуде айрықша маңызы бар арнайы кәсіп­тік-техникалық және ауылшаруашылық мек­­тептерін дамытуға ерекше көңіл ауда­рылсын. 6. КСРО-ның барлық ұлт мұғалімдері орыстармен қатар деревняның қоғамдық өміріне белсене араласуға шақырылсын (ликбездер, сауатсыздықты жою қоғамдары, кооперативтер, т.б.). 7. Ұлттық педагогикалық техникумдар мен мұғалімдер институттарының жаңа мұғалім кадрларын дайындаудағы жалпы жұмысымен қатар, қолдағы бар мұғалім кадрларын жыл сайын және жүйелі түрде қоғамдық-саяси тәрбие ғана емес, педагогикалық тәрбие беру тұрғысынан қайта даярлау курстары ұйымдастырылсын. 8. Таңдаулы ұлттық және аз ұлттар мек­тептері мен мұғалімдерін жүйелі өсіріп отырудың барлық шаралары қолданылсын; жергілікті баспасөзде ұлттарды ағарту ісіне қазіргі кеңестік жұртшылықтың өзекті мәсе­лесі сипаты берілсін. 9. Орталық пен жергілікті жерлерде баспа жұмысын күшейтуге барынша көңіл бөлініп, мемлекеттік баспалармен қатар әрқилы ұлттық кооперативтік баспалар мен ұйымдардың бастамасы мен қызметін пайдаланып, ынталандыру арқылы ұлттық мектепті оқулықпен, кітаптармен, көмекші құралдармен, мұғалімдер басшылыққа латын арнайы басылымдармен неғұрлым толық қамтамасыз етудің барлық шаралары қолданылсын. Түркістаннан тысқары кеткен соң, Нә­зір Мәскеудегі КСРО халықтарының Ор­талық баспасын басқарды, ғылыми-педа­­гогикалық жұмысқа араласты. КСРО Ғы­лым академиясы түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қояды. Н.Төреқұлов 1922-1926 жылдары Мәс­кеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми–педагогикалық жұмысқа араласқан. Шы­ғыс еңбекшілерінің Коммунистік уни­верситетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қыз­мет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұ­мабаев сияқты ақыл-ой алыптары, “алашордашыларды” қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды. Осылайша, өкінішке орай, 1937 жылы нақақ­тан жала жабылып, атылған. Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлов толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда Кеңес Үкіметінің басшылық қызметтерін атқарды. Соның ішінде, Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәр­биелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түрік тілдес ха­­лық­тардың мақтанышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, ха­лықтармен етене араласып, оларды мә­дениетке, әдебиетке баулы. Өзі шығарып отырған газет, журналдар беттерінбегі жа­рия­ланған мақалалары езілген халықтарды жігер­лендіріп, бойларына күш-қуат берумен болды. Түркістан Орталық Комитетінің төрағасы болып жүріп, жерді пайдалану жөніндегі шығарған қаулы-қарарлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Әсіресе, жеке қожалықтар құру жөніндегі ойлары бүгінгі нарық заманында іске асуда. 1927 жылы Нәзір Төреқұлов БКП(б) ОК-нің және КСРО Сыртқы істер халық ко­мис­сариатының резервіне алынады. Яғни, Сыртқы істер наркомы тәжірибесі мол, білімді адам ретінде оны осы іске лайықты деп тапты. Сол жылдары Нәзір Төреқұловтың кандидатурасын жақтаған КСРО Сыртқы істер халық комиссариаты Сталиннің аты­на ресми хат жолдайды. Сталин оны осы орынға лайықты деп тауып, келісімін береді. 1927 жылдың 24 қарашасындағы Саяси бюроның мәжілісінде (№137 хаттама) жолдас Н.Төреқұловты Хиджаз, Неджд және бірік­тірілген аймақтарға елші етіп жіберу жөнінде шешім қабылданады. 1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хид­жаздағы (Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкі­­летті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адам­ның тағайындалуы дипломатиялық тәжі­рибеде өте сирек кездесетін жайт. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу әншейінгі кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау ал­дында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне, Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып импе­рияның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қай­рат­керлік көрсетті. Қоғам қайраткері, еліміздің ардақты азаматы Мырзатай Жолдасбеков – «Көріп жүргеніміздей, республикамызда шығыстану ғылымы, білім, дипломатиялық қызмет бұл күндері қарқын алып келеді. Алайда, олар жоқтан бар бола салмаған, озық ойлы қазақ зиялыларының аталмыш салаларда белгілі бір кәсіби һәм өрелі өріс қалыптастырғанын мойындауымыз керек. Мұны ауызға алғанда, біз оқу-ағарту ісінің ұйымдастырушысы, ірі дипломат, шығыстанушы ғұлама, мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұловтың лайықты еңбегін есте тұтамыз» деп, шынайы сезімін білдірген болатын. XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа бастаған қа­зақ интеллигенттері ұлттар арасындағы теңсіздікті жоюға, оқу, білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті халықтарды алға сүйреуге ұм­тылды. Өзінің білім дәрежесі, күрескерлік тәжірибесі, мұсылман елдері өркениетін жақсы білетіндігі жағынан Н.Төреқұлов өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды. Отызыншы жылдары қатаң қудалауға ұшырап, тоталитарлық режимнің құрбаны болған қазақтың ең талантты ұлдарының бірі Нәзір Төреқұловтың ерекше тұлға екендігін уақыт айқындап беріп отыр. Өз мемлекетінің ұлттық мүдделерін қолдауда оның шешкен мәселелерінің ауқымдылығы орасан зор. Жаңа түрік алфавиті жөніндегі комиссияның төрағасы болды және араб графикасын латынға аударуды негіздеді. Н.Төреқұлов өзін тамаша дипломат ретінде ғана емес, сонымен қатар, тәжірибелі мемлекет бас­шысы ретінде көрсете білді. Түркістан Рес­публикасының көшбастаушысы ретінде Н.Төреқұлов Орта Азиядағы көрнекті және белгілі тұлға болды. Түркістан мемлекетін орнатудағы, түрік тектес халықтарды жаңа алфавитке (әліпбиге) көшірудегі, ғы­лым, білім, мектеп саласын дамытудағы еңбек­терін айрықша атап өте аламыз. Әрдайым отансүйгіштік асыл қасиет­термен адал қызмет атқарған айтулы аза­маттың сыртқы саясат саласында қал­дыр­ған өзіндік қолтаңбасы қазақстандық дипломаттар үшін теңдесі жоқ құндылық­тардың бірегейі саналады. Халықаралық қауымдастықта мәрте­беміз биіктеп, беделімізді әлем мойын­даған осы кезеңде өмір тоқынының әрқилы иірім­дерінен өткен маңдайалды тұлғаларға тағзым етіп, олардың рухын асқақтату, кішіге өнеге, үлкенге құрмет екендігі айқын. Яғни, Н.Төреқұловтың есімі тұңғыш қазақ елшілерінің бірі ретінде Қазақстан дипломатиясында мәңгілікке жазылған. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден, жау­ластырмақ – жаушыдан» деген қанатты сөзіне сай, Н.Төреқұлов Кеңестер Одағының Таяу Шығыстағы саясатын ілгерілету үшін маңызды ел болған Сауд Арабиясымен дип­ломатиялық қарым-қатынастарының бастау-бұлағында тұрып, өзінің миссиясын жоғары деңгейде атқарғаны белгілі. Өзінің жоғары білімділігі мен біліктілігіне қоса, шығыстың діні мен тілін түсініп, терең құрметтеген Н.Төреқұлов шығыс адамына тән мәмілегерлік талантын толық ашып көрсете алды. Сауд Арабиясы Королінің отбасына ықпал етудегі Ұлыбритания өкілі мен Кеңестер Одағының өкілі арасын­дағы бәсеке біздің қандасымыздың үлесіне ше­шілуі оның табиғи мәмілегерлік қасиет­терін, қажырлы еңбегін көрсетеді. Сауда-саттық, шаруашылық саласында жасаған ұланғайыр қызметімен қатар, Король отбасымен жақын араласып, игілікті көп істер атқарады, Король Әбдел Әзиз әл-Саудтың мұрагері Ханзада Фейсалдың КСРО-ға 10 күн бойы сапар шегуін ұйым­дас­тыруы да елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Оның терең білімі мен кәсіби дағдысына, адами болмысына тәнті болған король мен оның отбасы оған ерекше құрмет көрсетті. Ауғанс­тан, Түркия, Иран, Ирак, Сирия, Иордания елшілерімен де араласып, достық қарым–қатынас орнатуға мүмкіндік туғызуы, сол кезде елшілікке қазіргідей жағдай туғы­зылмағанын ескерсек, адам сенбейтін ерлік еді. Н.Төреқұловтың еңбекқорлығы, ба­тыл ойы, жергілікті шейхтермен қатар, «антагонистердің» – Англиядан, басқа да Батыс Еуропа елдерінен келген дипло­маттардың тілін тапқан шеберлігі қайран қалдырады. Өкілетті өкіл корольмен, оның ұлдарымен де етене жақындасады. Ең ауыр тапсырманың өзін орындауға дайын тұру, туындайтын мәселелерді шын мәнінде мемлекеттік тұрғыдан шешуге ұмтылу Н.Төреқұловты кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттары арасындағы жарқын тұлғаның бірі деуге толық негіз береді. Н.Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы сегіз жылға созылған дипломатиялық қызметі бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар Ресейдің дипломатиясында да жоғары бағаланып отырғаны қуанышты. Сонымен қатар, оның елшілік таланты мен күш-жігері Сауд Аравиясы тарапынан да өте жоғары бағаға ие болғаны аян. Еуропалық білім алған, шығыс мәде­ниеті мен мәнерін бойына дарытып өс­кен, жергілікті салт-дәстүрлерді сый­лап, өзі мұсылмандықты ұстануы елші Н.Төре­құловтың дипломатиялық корпус арасында шоқтығы биік болуына өз ықпалын тигізді. Сонымен, Н.Төреқұловтың КСРО дип­ло­матиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне ешкім шүбә кел­тірмес. Бірақ, осыншама еңбек атқаруына қара­мас­тан, Алаштың абзал арыстары С.Қо­жанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н. Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алаш орда­лықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдер өкілдерімен тығыз бай­ланыста болғаны және мұсылмандьқ дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолдарынан мерт болды. Бірақ, кеш болса да, 1958 жылы толығымен ақталды. Мұның басты себебі мынада жатыр. Сол бір сын кезеңде кеңестік басшылардың мақсаты – ұлт ішіндегі ағайыншылыққа, рушылдыққа бөлінуді және ұлттық мүд­деден де жоғары діни, этникалық, тер­ри­­ториялық сананы бір мезгілде жою болатын. Оның орнына, Мәскеу өз бетін­ше жасаған, не тарихи шындыққа, не жергілікті зиялылардың мүддесіне сәйкес келмейтін жаңа кеңестік мұсылмандъқ ұлттың шеңберінде шектелген тар сананы орнатуды көздеген. Бұл қисынсыз саясатка қарсы шыққан кезкелген адам мүлтіксіз жазаланатын. Ал, Н.Төреқұлов болса, осы Түркістан аймағынан шыққан және мұсылман отбасында тәрбиеленген азамат болатын. Мұсылмандықты сақтауды наси­хаттап, қорғаған және қолдаған. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Корольдігі және басқа түркітілдес елдермен етене араласуы да оның тағдырдың тәлкегіне ұшырауына себеп болды. Осындай саясат негізінде 1937 жылы ел тарихындағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың аяулы ұлдарының бірі Нәзір Төреқұлов та жазықсыз құрбан болып кете барды. Міне, қазақ даласының көзі ашық біртуар азаматының тағдыры осындай өкінішті оқиғаларға байланысты аяқталды. Жалпы Н.Төреқұловтың Қазақстанның дипломатиялық және саяси өмірінде үлкен рөлі бар. Ол ақиқат нәрсе. Оның есімі Таяу Шығыс елдер дипломаттары, араб тарихшылары арасында кеңінен тараған. Н.Төреқұловтың тұлғасы Абай мен Шоқан­ның ұлы мұрасының ықпалымен Әли­хан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және басқалармен рухани дидарласу арқылы қалыптасты. Олардың ішінде, Қазақстан дипло­матиясының жарық жұлдызы, саясаткер Н.Төреқұловтың алтын есімін әлемдік аре­наға алып шығуда тарихшы-дипломат, танымал ғалым, мемлекет қайраткері Т.Ман­­сұровтың еңбегі ерекше. Ол архив де­рек­­теріне, дипломатиялық хат-қағаздар мағлұматтарына сүйене отырып, тұңғыш рет Нәзіртануға тың тараулар қосты. Оның «Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны» түрік, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде бір мұқабаға жинақталып, Мәскеуден жарық көруі, сондай-ақ, «Жизнь замечателъных людей» секілді абыройы асқақ баспадан Тайыр Аймұхаммедұлының азаматтық ғұмырнамалық кітабының жарық көруі, тіпті, қуанышты жағдай. Ол аударылып ,«Қазакстан» баспасы арқылы басылып, кең тарады. Бұл кітабында қазақтан шыққан осынау тұңғыш кеңестік өкілетті өкіл туралы әңгіме егжей-тегжейлі өрбітіледі, сонау бір кезеңде кеңес-сауд қарым-қатынасының қалай қалыптасып, дамығаны жан-жақты қамтылады. Мұрағат материалдарының негізінде саясаттану ғылымдарының док­торы Т.А.Мансұров ақылды да жігерлі ел­шінің Кеңес Одағының Арабия түбегіндегі ықпалы жолындағы күресіне қатысты осыған дейін сырын ішіне бүккен фактілердің бетін ашады. Келешекте, Нәзіртану саласында жасалған осындай игілікті істер жалғасын таба түспек. Нәзір Төреқұловтың ғибратты өмірі мен қызметі – әлі тиісті бағасын толық алмаған, терең зерттелмеген тың да соны дүние. Ендігі сол жәдігерлікті жалпы халыққа ұсынатын кез келді. Қазақстанның қазіргі кезеңдегі мәдени-экономикалық даму үрдісі осы саладағы бағыттарды да барынша айқын талдай түсуді қажет етіп отыр. Ол үрдісті байыпты зерттеп, зерделеу Тәуелсіз Қазақстанның жалпы адамзаттық мәдени-ғылыми даму жолындағы үлесін айқындап, рухани өсудің болашақ биіктерін саралап көрсетеді. Осыған орай, Елбасының әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына кіру стратегиясы орындалу үшін бізде бәрі бар. Еліміз дамыған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына, бай жер қойнауына, жоғары ғылыми және өндірістік әлеуетке ие, халқы білімді және еңбекке қабілетті. Сонымен бірге, шетелдегі достардың көп болуы, сыртқы аренада беделді болу өте маңызды. Бұған, әрине, мемлекетіміздің әбден қалыптасқан сыртқы саясат қызметі жәрдемін тигізеді. Дегенмен, ғылым мен өнер, спорт пен әдебиет саласындағы же­тіс­тіктердің де маңыздылығы жоғары. Т.Мансұровтың өкі­летті елшінің даңқты істе­рінің шеңберінде Н.Төреқұловтың есімін танымал етуі осы бір игі міндетке толығымен сай. Осы кі­тап­тың алғы сөзінде академик Евгений При­маков келесі тұрғыда тамаша ой айтқан: «Ұмыт болған есім ортамызға оралып қана қоймай, сонымен бірге, Таяу Шығыстағы КСРО дипломатиясы тари­хының тұтастай бір қыртысының көтерілгені – осы кітап авторының зор еңбегі». Осынау жауапты орындарда өз халқының мүддесіне адал қызмет атқарып, оның бақытты болашағы үшін күресті, өз халқының тарихында айтулы соқпақ қалдырды. Бүгінгі және келер ұрпақ оның әруағы алдында басын иіп, мәңгі жадында ұстауға тиіс. Жаңа демократиялық мемлекеттің халқы өз елінің өткендегі және қазіргі тарихын жетік білгенде ғана алға басады. 2007 жылы «Нәзір Төреқұлов» халық­аралық қайырымдылық қорының ықпал етуі нәтижесінде, «Алаш мұрасы» се­рия­сымен «Нәзір Төреқұлов» атты 5 том­­дық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Шығармалар жинағында мемлекет қай­раткері Нәзір Төреқұловтың қазақ, өзбек және орыс баспасөздерінде жарияланған баяндамалары, мақалалары, хаттары мен кейінгі зерттеушілердің ол туралы жазылған мақалалары топтастырылған. Сондай–ақ, 2011 жылы Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген режиссер Болат Шәріповтың “Өкілетті елші” атты Н.Төреқұлов жайында деректі фильмі жұрт назарына ұсынылды. Фильмде елшінің Ке­ңес Одағы кезінде сіңірген еңбегі, Ислам әлеміндегі алғашқы елші ретіндегі рөлі айтылады. Сондай-ақ, Сталиннің, кіші елдерге жүргізілген Кеңес Одағының солақай саясаты баяндалады. Фильмде өзіміздің, Ресейдің мұрағаттық материалдары пайда­ланылған, сонымен қатар, түрлі дерек­тер Т.Мансұровтың Нәзір Төреқұлов жайында жазылған еңбектерінен алынған. Бұл фильм­ді түсірудегі негізгі мақсат – халқы­мыз­дың ұлы перзенті, қазақтың нар азаматы, мемлекеттік қайраткер, дипломат Нәзір Төре­құлов, өкінішке орай, кезінде елеусіз қалған тұлғаның атын, есімін келешек ұрпаққа, жастарға жеткізу болып табылады. Міне, биыл 2017 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты, XX ғасырдың 20-30 жылдары Кеңес Одағының Сауд Арабиясы Корольдігінің Өкілетті өкілі Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл, жазықсыз құрбан болғанына 80 жыл, ал, қазақ дипломатиясына 25 жыл толып отыр. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, соңы­на өшпейтін мол мұра қалдырған алаш­тың адал перзенті, мемлекет және қоғам қай­раткері Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Оның өнегелі мұрасы тек қазақ дипломатиясына ғана емес, келешек сабырлы да салиқалы саясатымызға үлкен жол ашары анық. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай тұғыры биік, асыл тұлғалы азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал. Ұлт тұлғасын ұлықтау – ел мерейі. Ер есімі ел есін­де және болашақ ұрпақтың жадында на­қыш­пен тасқа жазылғандай мәңгі қала бермек.

1809 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз