• Заманхат
  • 05 Қазан, 2012

Күй талғамайтын қаламгер

Мен республикамыздың сонау кеңес кезінен бас журналы саналып келген «Қазақстан коммунисінде» - әлі де сол мәртебесін сақтап отырған қазіргі «Ақиқатта» тура 20 жыл (1979 жылдың 1-ақпанынан 1999 жылдың 1-ақпанына дейін) табан аудармай жұмыс істеп, мұндағы соңғы бас редакторым Ахат Жақсыбаевтың ауыс-түйісіне дейін жауапты хатшылық қызмет те атқардым. Осы жылдар ішінде атақты Баукеңнің (Бауыржан Момышұлының) қанды көйлек досы әрі жерлесі, кешегі Ұлы Отан соғысының алапатында майдандық газетті де басқарған, өзі де зор, батыр тұлғалы қарт журналист Құрманбек Сағындықов, партия қайраткері, аудармашы Мұқан Мамажанов, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қаһарман қазақ, әйгілі Рахымжан Қошқарбаевты халқына тұңғыш рет таныстырған жазушы, кезінде ҚазТАГ-тың директорлығынан партияның Орталық Комитетінің хатшылығына дейін көтерілген Кәкімжан Қазыбаев, публицист-жазушы, қазақ көсемсөзінің көш бастаушысы Камал Смайылов, сырбаз ақын, қаламы ешқашан қолынан түспейтін жазушы-журналист Сарбас Ақтаев, жасы өзімнен кіші болса да, жаны тазалығымен, періштедей пәктігімен, адамға деген қамқорлығынан танбайтын тағылымымен, қаламының қарымымен тәнті еткен тамаша азамат Жұмабек Кенжалин сынды журнал бас редакторларының, яғни ұлттық журналистика жампоздарының мектебінен өткенімді бүгінде өзіме мақтаныш тұтамын. Ал, редакторлық міндетін атқарумен қатар қаламгерлігіне біржола бет бұрып, алпыстан аса бере бұрқыратып жазуға көшкен, нағыз шығармашылық тынысы ашылған шағында жүрегі кенеттен тоқтаған қайран Кәкеңнен кейін «Қазақстан коммунисінің» тізгінін ұстаған Камал Смайылов ағамыз журналдың жауапты хатшылығына жаңа тынысымен қоса «Парасат» журналында өзінің қанатының астында болған жазушы Марат Мәжитовті де ала келген. Рас, алғаш редактордың бұл ұйғарымына осы орыннан үміткер редакциядағы мүйізі қарағайдай журналистердің бірқатары ашық қарсы шыққанымен, Камал Сейітжанұлы кәнігі басшы емес пе, ақыры өз дегенінде тұрып, журнал қызметкерлерін ығына жыққан. Сөйтсек, бұл Камал ағамыздың ойға алған жоспарларын жүзеге асыруының басы ғана екен. Іле-шала сол қарсаңда тәуелсіздік туын көтеріп, тарих ақтаңдақтарын әйгілеп, қазақ баспасөзінде демократияның дабылын қаққан философ, бүгінгі сенатор Ғарифолла Есімов, тарихшы Талас Омарбеков, экономист Нұрахым Райханов сынды дүлдүл ғалымдар мен ұлттың қадым заманнан бергі тарихи тұлғаларының ұңғыл-шұңғылын зерттеп-зерделеп жазып жүрген Тұрсын Жұртбайдай зердесі зерек жазушы да өздерінің негізгі қызметтері бола тұра «Қазақстан коммунисінің» жарты ставкалы журналистері болып шыға келген. Онымен ғана шектелмей, кешегі кеңестік қоғамның «Қазақстан коммунисі» ел тәуелсіздігінің таңы атпай жатып-ақ алаштың «Ақиқатына» айналып үлгірген. Осынау жаңарулар мен жаңғырулардың басында бастамашыл басшы, жаңашыл журналист, тынымсыз тарлан редактор, марқұм Камал Смайылов ағамыз тұрған болса, сол игілікті бастамалардың ұйыстырушы ұйтқысы, бас штабы Марат Мәжитов еді. Міне, осынау өзгерістердің нәтижесінде «Ақиқат» сол кезеңдегі нағыз ақиқаттың айбыны атанып, оқырманның сүйіспеншілігіне бөленіп қана қоймай, басқа газет-журналдардың үлгі алар басылымына айналған-ды. Сөз жоқ, журналдың осындай абыройға бөленуінде Мәкеңнің, яғни, Марат Мәжитовтің де елеулі үлесі болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Камал ағаның Маратты «Парасаттан» журналға өзімен бірге ала келгендегі мақсаты да осынау жаңашылдық идеяларын баянды етуге бірден-бір көмекші болып, қолдау жасай алатындығына сенгендігі екендігіне мұндағы әріптестерінің де көзі анық жетіп, кейін әуелдегі әрекеттері үшін кешірім сұрағандары да болған. Бірақ, Мәкең түк болмағандай кейіп танытып, мұны қаперіне де алмай, жымиған да қойған. Бұл да оның азаматтығының бір қыры еді. Мәкеңнің ең басты қасиеті сол, ол жазу үшін күй талғамайтын. Журналдың күнделікті қым-қиғаш шаруасымен қатар өзінің шығармашылық жұмысы да үзеңгі қағысып жүріп жататын. Кабинетіне қашан кіріп барсаң да үстеліне мық шегедей мықшиып алып, әлденені шұқшия жазып, қаламнан қолы босамайтын. Сенің кабинетіне кіргеніңді көрді дегенше, қаламын былай қоя салып, екі қолын екі жаққа жазып жіберіп, бір керіліп алатын да әңгіменің тиегін ағытатын келіп. Ол кезде Мәкеңді тоқтатып көр. Әңгімені Нарынның құмынан бастап, Тайсойғанның өңірін түгел шолып, содан Құныскерейдің басынан өткен оқиғаларына ойысатын. Құныскерейді айтқанда арқаланып алып, небір қилы-қилы оқиғалар мен жағдайларды жіліктей шағып, жіптей тізгенде кезінде кеңес өкіметіне қалтқысыз қызмет етіп, кейін қарапайым қара халықтың жоғын жоқтайды деп сенген жаңа жүйе жандайшаптарының әділетсіздігі мен қорлығына төзбей, атышулы банды атанған атақты түз «тентегі» жасағының құрамына өзің де еніп кеткендей боласың. Сонда, әйгілі тұлғаның басынан өткен небір шым-шытырық шырғалаңдарын көзбен көрген, ортасында жүрген тірі куәсіндей беріле баяндауы арқылы сол қарсаңда өзі жазып жүрген Құныскерей жайындағы «Құмдағы із» романының желісін бір ширатып, қиялында пісіріп алатын сияқты көрінеді бүгінде маған. Мәкең сол әңгімесінің майын тамызып жатқанда үстелінің үстінен Құныскерейдің желісі жаңа ғана үзіліп, әлі сиясы кеппеген тарауларын көретінбіз. Бірақ, жазуыма кедергі келтірдің ғой деп налып жатқан Марат жоқ. Сен кабинетінен шығысымен, үстеліне қайта мықшиып, қағазына төне түсетін. Сөйтіп жүріп романын да жазатын, журналдың жұмысын да тындыратын, жігіттермен әңгімелесіп те, авторлармен жүздесіп те үлгіретін. Мәкеңнің сол күй талғамайтындығын Бейім­бетке ұқсататынмын өзім. Өйткені, Бейімбет Майлин де көзі тірісінде үпір-шүпір балалардың арасында отырып-ақ жазуын бұрқыратып жаза беретін деп еститінбіз. Кейін бұл жөнінде әріптес замандастары естеліктерінде жазды да. Ол ғана емес, Мәкеңе сол Би-ағаның еңбекқорлығы да тартқан-ау деп ойлаймын. Неге десеңіз, Мәкең «Ақиқаттағы» өзіне тиісті жұмысын атқарып, онымен қабат романының көлемін де күн сайын қампайта түсіп қоймай, күнделік жазудан да жалықпайтын. Онысын кейде бізге оқып беріп, масаттанып та қоятын. Масаттанса масаттанатындайы да бар-ды. Өйткені бұл дәптерін күнделікті тіршіліктің жай тізбесі емес, өмір туралы, өз ортасы, замандастары туралы ойлар мен толғаныстарға толы, етек-жеңі мол пішілген тұтас бір көркем дүние деуге әбден лайық болатын. Сөйтіп жүріп, Құныскерейдің де соңғы нүктесін қойып, ол баспадан «Құмдағы із» деген атпен жарық көріп, оқырмандардың ыстық ілтипатына бөленгеннен кейін көп ұзамай енді Мәкең бізге батыс өңірінің тағы бір қилы тағдырлы біртуар перзенті Тобанияз туралы шежіре шерте бастаған. Онысы да тегін болмай, көп кешікпей «Тобанияз» романы да оқырман қолына тиген. Тобанияз Әлниязұлының талайлы тағдыры туралы кітабынан соң Мәжитовтың шығармашылық шеберханасынан кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңінде қызылдарға қырғидай тиіп, дүрбелеңге салған дала дүлейі, батыстың тағы бір «бандысы» А.Кенжеахметұлы туралы «Аманғали» романы өмірге келгенін естідім. Бірақ Мәкеңнің бұл кітабы әлі қолыма тимегендіктен ол жөнінде нақты ештеңе айта алмасам да, автордың осынау толғауы тоқсан тақырыпқа тектен-текке бармағанына кәміл сенімім бар. Мәкеңнің тағы бір керемет қасиеті – оның әңгімешілдігі. Әдетте, жазушы біткеннің бәрі бірдей әңгімешіл бола бермейді ғой. Тіпті, жазуға келгенде қамшы салдырмайтын тәп-тәуір қаламгерлер арасында көптің алдында екі сөздің басын құрап, жөні дұрыс сөз айта алмайтындары да кездеседі десек, бәлкім, бұған біреу сенсе, біреу сенбес. Бірақ шындығы солай. Ал, Мәкең әңгімесін бастады дегенше, жұмыс та, бәрі де жайына қалып, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Әсіресе, ол әкесі жайында айта бастағанда оның кемеңгерлігі мен көрегендігі, көсемдігі мен шешендігі жанында бүгінгі билік басындағылар түгіл, кешегі өткен айтулы ағаларымыздың өзі жібін есе алмай қалатындай көрінеді. Солай болса солай да шығар. Өйткені, дана да, ғұлама да сол ауылдан, қарапайым халықтың арасынан шығатыны да, бірақ бәрі бірдей елге таныла бермейтіні де рас қой. Оның үстіне сондай дана қарттан тумаса, албырт жігіт шағында ауылдың шаңын аспанға көтерген жедел жәрдем машинасы жүргізушісінің бүгінде халқының қадірменді қаламгеріне айналуы да екіталай болар ма еді, кім білген?! Әрине, мен бұл шағын мақаламда Марат Мәжитовтің шығармаларын жілігін шағып талдап, тізіп жатуды мақсат тұтқан жоқпын. Оқырман қауым оларды өздері де оқып, бағасын беріп жатқан болар. Тек, «Ақиқатта» Мәкеңмен бірге қызметтес болған кезеңде өзім аңғарған оның азаматтық қырларының бір парасын, шығармашылығының кейбір тұстарын ғана сөз етуді жөн санадым. Ең бастысы, Марат ағамыз жетпіс деген жотаға шалт қимыл, ширақ жүрісінен жаңылмай, шаршамай-шалдықпай жақсы жетті. Лайым, сол жолы жөргемге толы, ұзақ болғай! Мұрат КҮЛІМБЕТ, журналист

520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз