• Тарих толқынында
  • 15 Қараша, 2017

ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫН АЛЫП, ТОЗЫҒЫН ТАСТАЙЫҚ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, жазушы

Біздің бала күнімізде көкелеріміз жеңгелерімізді атқа өңгеріп немесе трактордың тар кабинасына екі бүктеп тығып та топырлатып әкеле беруші еді. Үйге бір әкеліп енгізген соң, көкеміздің ештеңемен шаруасы жоқ, бірнәрсені тындырып тастағандай шіреніп «мен әкелуін әкелдім, ендігісі сіздердің міндеттеріңіз» дегендей, маңғаз қалып танытып, екі қолын қалтасына салып, шікірейіп, шіреніп тұратын. Мұнан соң ауыл-аумақтағы кемпір-сампырларға кәдімгідей жұмыс табылып қалады. Жаңа ғана босаға аттаған келінге орамал жабу, оны үйге адыраспан түтетіп, табаға май салдырып, оң аяғымен аттату, ақ шымылдық ішіне кіргізу, қуғыншыларға бөлек дастарқан әзірлету, қыз сыңси бастаса, ата-бабалар салтын көлденең тарту, өзінің де осылай келгенін айтып, жап-жақсы өсіп-өнгенін тәптіштеп түсіндіру, иландыру – өз алдына бір институт болатын. Қыз әуелгіде орамал салдырмай, әлекке салады, содан кемпірлерді өлімші күйге түсіріп барып, «амалсыз» көнеді. Осыны көріп өскен біз «е, үйлену деген оңай екен ғой. Ұнатқан қызыңды алдап-сулап машинаға мінгізіп үйге әкелсең, осымен шаруа бітеді екен» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, бұл екі жастың амалсыздан барған әрекеті екен-ау. «Қалың мал» төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан, әуелі бірін-бірі ұнатқан соң, қыз келісіп, сонымен екі жақ кездесіп, осындай амалға барады. Сосын, «қа­шып кеткен қыздың» соңынан қуғыншылар келеді. Бо­са­ға аттап қойған қызды кері алып қайту дәстүрде болмағандықтан, әрі жаман ырым екені ескеріліп, екі жақ дау-дамайсыз құда болып, құшақтары әзер ажырасып тарқайды. Бірақ, бұл бара-бара қызды зор­лықпен, еркінен тыс алып қашатын әдетке айналды. Өзі қаламайтын жі­гітке барған қыз «басқа салды, біз көндік» деп барған жерінде сыңсуын айтып қалып кете беретін. Ал, біреулері «босаға аттаған» деген соңына ерер сыпсың сөздерден сескенетін. Тағы бірі босағада көлденең жатып алған кемпір-көпірден аттап өте алмай, амалсыз қалып қоятын. Бірақ, ата дәстүрден аттап кете алмаған келіннің басына бұл сор болып та жабысып жатты. Бір-екі балалы болғанда, ер-азамат қой деп сеніп, етегінен ұстаған күйеуі «еркелігін» білдіріп, сыр алдырып қояды. Араққа бөгіп келіп, келіншегін орынсыз қызғанады. Ал, біреулері жатып­ішер жалқау, шөп басын сындыруға ері­неді. Көркөкірек, өркөкірек, жасық, мақтаншақ, дарақы, басқа да міндері бірте-бірте бадырайып көріне бастайды. Әуелгіде «баламның әкесі ғой не де болса» деп көндігіп, өзін-өзі зорлап басып жүрген келіншек бір күні нілдей бұзылады. Осыдан барып, ошақтың ойраны шығады. Бала жетім, келін жесір атанады. «Қалың малсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дегенді қазақтар баяғыда айтқан. Оң жақта отырған қызды әке-шешесі үкі­леп, шама-шарқынша кәде-сыйымен ұзат­­қан. Бір замандарда қазақ арасында қыз алып, үйлену үшін «қалың мал» төлеу тәр­тібі болды. Соның салдарынан баяғының бай-манаптары қалыңмалға жығып, әйел үсті­не әйел алуды дәстүрге айналдырды. Бұл өзінше салтанат еді. Ана сүтінің дәмі әлі ауызынан кетпеген талай талдырмаш, жап-жас қыздар қалыңмалы келісілген соң, жетпістегі, сексендегі қаусаған шалға тоқал болды. Кедей байғұстың қыздары бір елтіріге сатылып кеткенін де тарихтан білеміз. Сондықтан, төңкеріс болған 1917 жылдың өзінде «Алаш» партиясы әйел теңдігіне байланысты «қалың малға», «қыз алып қашуға» қатаң тыйым салды. Кеңес өкіметі де ескінің сарқыншағы осы әдетті ұстанғандарды заңмен жазалады. Қазір де қызды еркінен тыс алып қашқандар заңмен қудаланады. Бірақ, әлі де болса, «қыз алып қашу» операциялары болып тұрады. Осы ретте мына бір оқиға еріксіз ойға оралады. Төрт-бес жігіт қыз­ды жансыздай аңдып, оңаша бір қал­тарыста көліктеріне еріксіз мінгізіп тартып кетпейді ме. Сөйтсе, әлгі қыз байбалам салып жұлқынбапты да, басына бұғалық салынса бұлқынбапты да. Жымиып қойып, «Құдай салды, біз көндік» деп үн-түнсіз отыра беріпті. Не керек, оны алып қашып келгендер үйге зорлықпен кіргізіпті. Әбжіл кемпір де келіннің басына орамал салуға дайын тұр екен. Басына орамал салына бергенде, жаңағы қыз сыңғырлап күліп: – Менің басыма осымен екінші рет орамал салынып жатыр. Ойпырмай, не деген бейқам жұрт едіңіздер. Осы әкелгеніміз «қыз ба, әйел ме» деп ешқайсыңыз сұрамайсыздар-ау, - депті. Бұдан соң не айтуға болады? «Ке­лінді» кері апарып тастауға мәж­бүр­ленгендер жердің үстімен барып, ас­тымен қайтыпты. Біріншіден, олар ауыл-аймаққа күлкі болды. Екін­шіден, келін жақтың күйеуі «жігіт­сымақтардың тұмсығына жұ­ды­рық иіскетіпті» деседі. Үшіншіден, іс заң қыз­­меткерлерінің құлағына іліккенде, біраз адам сотталып кетер ме еді. Осы жерде дәстүрге байланысты тағы бір ой еске түседі. Бұрын қыздарымыз тұрмысқа шыққанға дейін басына қызыл орамал салып жүруші еді. Қазір осы дәстүр ұмытылды. Тіпті, мұны біреулер ескірген, көнерген дәстүрлер санатына қосып жүр. Егер, жоға­рыдағы келіншек басына жаулық салып, ұзын етек көйлек кисе, «ұрылар» оны сырт айналып жүрмес пе еді? Бүгінде қызы қайсы, келіншегі қайсы, ажыратып болмайды. Екеуі де шаштарын жайып жіберіп жүреді. Бұрын тек қана күйеуі өлген әйел шашын жайып жіберіп жүреді екен. Содан соң, қазіргі қыз-келіншектер жарассын, жараспасын, тар шалбар киіп жүруді әдетке айналдырды. Омырау болса да ашық-шашық. Бұттарына шолтитып қысқа юбка киетіндер жеткілікті. Енді осындайда қыз іздеген жігіттер жаңылыспағанда қайтеді? Иә, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ал, осы озық пен тозықты ақса­қалдар, әжелер, ата-аналар кеңестері жұрт­шылыққа қаншалықты түсін­діріп жүр? Бізде атауларынан жаңы­лысатын көптеген ұлттық салт-дәстүрлерге қатыс­ты семинарлар, сыр­­ласу сағаттары өтіп тұрады. Со­лар­дың ішінен біз қозғаған мәселеге бай­­ланысты қандай шара өткенін есіме түсіре алмай-ақ тұрғаным. Егер, тиісті қоғамдық ұйымдар осындай та­қырыптарға семинарлар, кездесулер өткізіп, олар оң нәтиже беріп жатса, кешірім сұрауға дайынмын.

731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз