• Заманхат
  • 15 Қараша, 2017

Адамтанудың қазақы амалдары

Қобдабай    Қабдыразақұлы, ғалым-жазушы

Қазақ адамтанушылары – қауым ортасында сыншы (сынақшы дейді кей аймақтарда) деген атпен белгілі.Қазақ қауымында адам сыншысы, ат сыншысы, құс сыншысы, түс сыншысы (түс жорығыштар), жұлдыздамашы, жауырыншы, құмалақшы, санақшы, бақсы-балгер, тәуіп-көріпкел, көзбайлаушы, емші-домшы, сәуегей, әулие сияқты ерекше дарынды адамдар аз да болса бар еді. Адамтану қазақ білімін өмірге келтіріп, өсіріп дамытқан осылар еді. Олар қордалана келе қомақты білім қорына айналған. Алайда, бұл білім қоры сараланып, жіктеліп, реттеліп, жүйеленіп, қажетті адамдарға ұсынылудың орнына, өгейленіп, шеттетіліп, менсінілмей қамқорсыздың күнін кешуде. Қазақ атамыз, адамтанудың жолын, оны игерудің бағыт-бағдарын, амал-тәсілін әжептәуір айқын көрсеткен. Ерлерін  бесіктен танитын қазақ атамыз: «болар бала боғынан белгілі» дей отырып, «бұқа болар бұзау, биттейінен белгілі, батыр болар бала титтейінен бел­гілі», «бөрі аулайтын жігіт бөрігінен белгілі, жау ала­тын жігіт серігінен белгілі», нақтылы ден қойып, мұ­қият зерделесең, ерді кебенек ішінен тани ала­сың деп ұқтырған. «Арғымақ аттың құйрығы, әрі жібек, әрі қыл, ер жігіттің белгісі әрі мырза, әрі құл», «Арғымақ аттың белгісі аз оттар да, көп жусар, асыл ердің белгісі, аз сөйлер де көп тыңдар»,«Ат ерінді келер, ер мұрынды келер»  деп   адамтанудың  ерекшелігін   адамның   сырт белгісімен ұштастыра көрсетсе, «Атты тісіне қарап таны, жігітті ісіне қарап таны», «Жігітті бірде майданда таны, бірде бейғамда таны», деп адамды әрекет іс-қимыл үстінде толық тануға мүмкіндік  бар екенін ескертеді. Атам  қазақ, «Жау жеңетін жігітті жарағынан таниды, дау жеңетін жігітті талабынан таниды» деген қағиданы басшылық етіп, адамды бала кезінен танып білуді ұсынған. «Болар бала бесігінде бұлқынады», «Бесіктегі баланы, бек боларын мен білем», «Адам танымаған мұраттан қалар, сөз танымаған ғибраттан қалар», адам тануды тек нобаймен ғана емес дәлдікпен, белгілі әдіспен анықтауды ұсынады. Қызды әдебіне қарап, ұлды әдетіне қарап таны десе, еліктегіш еркекті сөйлеуінен байқарсың, еліктегіш әйелді көйлегінен байқарсың, жүзден жүйрік шықпай ма? Шіркін, айыра білер жан болса, келешегін бажалай алып, талантын тани біліп, же­телесе, бағыт-бағдар берсе, өспейтін жас, дамымайтын өнер, бейімділік болмас. Әй­елді табағынан байқа, баланы талабынан байқа, адамның мінезін сөйлегенде тани алмасаң билегенде танисың, адамның арманына қарап, ниетін ұғуға, ниетіне қарап, қасиетін ұғуға болады, мейірім жан жомарттығы, мейірімі бардың қайырымы бар, өзгеден айырымы бар, зейіні бардың бәріне бейімі бар екенін анық аңғартқан. Адамтану тек аңғарымпаздық, зерде­лей білер қарапайым сезгіштік пен таным­паздықты талап етеді. Кісі болар ба­ла­ның кісесінен белгілі, адамға деген жар­қын қатынас, дүниеге деген ұқып­тылық, жинақылық, бала мінезіндегі биязылық нышандары оның келешекте қандай адам болатынына жоба болары айдан анық. Саусағы ұзын биші болар, құлағы үлкен күйші болар. Атам қазақ адамның бет – әлпеті, сөз ләмінің өзі, егер оқи алсаң – нағыз кітап демеді ме?! Қазақ адамтанушылары, адамды жан-жақты  қарап, оның жан-дүниесіне терең үңіліп, тек өзін ғана емес, оның туған-туыстарын да мұқият қадағалап барып қорытынды жасайтын еді. Жігіттің жігіт болмағы на­ға­шысынан, тегіне тартпас ұл болмас, болат­тың сынығы да болат, анасына қарап қызын  ал. Себебі, дүниенің құлпы да адам, кілті де адам екені белгілі. Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар. Адам болар баланың етек-жеңі кең болар, адам болатын бала алысқа қарайды. Қатарынан озатын ұл биікте жүреді, ез атанып тоза­тын ұл иықта жүреді. Міне, мұның бәрі адамтанудың қарапайым ережелері. Қазақ адамтану үрдісінде адамның жас ерекшелігіне сай танып білу өте орынды айтылған: «Болар адам, он бесінде бас болар, болмас адам, отыз бесінде жас болар, адам болатын жігіт әуелі өз нәп­сісін билейді, сонан соң ауылын би­лейді. Отызда орда бұзбаған, қырқында қыр аса алмайды. Қабағынан жай біліп, жанарынан сырын ұқсаң, адам болар жігіттің ақылы артық болар, ісінде тәртіп болар, алпыстағы шалағай, алты жастағы баладай, көзге ұрып тұратын белгілер мен сындарды, сезіліп тұратын сырларды ұға білсең, оқи білсең адамдарды аңдамай танисың». Қазақ адамтанушылары адамдардың алақан, табан, бет-бедерлерін, құлақ күн қағар, саусақ тұяқтарының тамырлары мен олардың өң-түсі, дене пішімі, ауқаттану амалы, жатыс-тұрыс парқы, қас, кірпік, ерін, шаш, сұрқы, туған ай-күні, амал-жұлдыз сәйкестігі, шыққан тегі,  кіндік шешесі,  сәттіліктері мен кие­ліктері, ұстанған наным-сенімдерін толығымен қарастырып барып, қортынды жасайтын еді. Олардан басқа құмалақ тарту, жауырын жағу, омыртқа оқу, жұл­дыздама ашу, асық иіру, түс   жору,  тұз   шашу, жан-жануар қылықтарын ырым­дау арқылы жорамал жасау әдістерін де пай­даланған. Бала сынау әулет мектебінің ежелгі дәстүрі. «Бала Абайдың ұғымтал, зеректігіне қатты риза боп, шын сүйген Барлас бір оңа­шада жәй ғана тақпақтап: Шырағым, ер жетерсің, Ер жетсең,сірә, не етерсің? Алысқа шырқап кетерсің, Шындасаң,шыңға жетерсің, – деп еді. Барлас ақын бала Абайдың бойындағы мол дарын-қасиетті  сол кезде-ақ бай­қаған болатын». (М.Әуезов) Кеменгер ақын, адамтанушы Абай, бала Мұқтарды ең алғаш көргенде бола­шақта үлкен ғұлама адам болатынын кескін  келбетіне, түр-сипаты мен болмысына қарап, кісілік-адамдық сипаттама берген. «Ақын қолын созып, өзіне шақырды, – Бері кел,қарағым! – Бара ғой, қысылма, Мұқтаржан. Абай атаң ғой, – деді Әуез қарт. Мұқтар жү­рексіне басып, Абайға жақындап, ті­зе­­сін бүкті. Ақын оның басынан сипап: – Жанарыңда ой нұры тұнып тұр екен. Еліңнің үмітін ақтармысың!..Бақытың ашылсын, балам, – деді. Қариялар үнсіз тына қалды. Олар Абайдың адам қасиетін жаңылмай та­нитынын, артық сөз айтпайтынын білетін» (Мұқабадағы сурет, үзінді оқу­лықтан алынды). Баланың түрлі қимыл-әректіне қарап, оның кісілік-адамдық сипаттамаларын болжап айтатын әдістер де бар. Ер бала көзін ашып ұйықтаса, онда ер жеткенде бақытты, жары сұлу болады. Егер, бала үнемі жастық үстіне ұйықтайтын болса, кейін ел басқаратын көсем болады; ал көрпені тұмшалап алып жататын болса, мінезі жайдары, ақкөңіл    азамат   болады;   етбетінен   жататын   болса, қызғаншақ, кейде ойшыл болады. Аяқ-қолын созып, төрт тағандап бей-жай ұйықтайтын болса, өскен кезде кеменгер әрі батыр болады. Қазақ адамтанушылары туралы жазба деректер, жұрт жадында сақталған аңыз-әңгімелер тым мол-ақ. Керей  руынан  шыққан,  адам  сынайтын  тамаша дары­нымен барша қазаққа мәлім болған Дүй­сенбі сыншы туралы бір әңгімеден үзінді келтірейік. (Ел аузынан, А. 1989, 353-б.) Дүй­сенбіге бірде Омар деген кісі он екі жасар баласы – Сағындықты сынатуға әкеліпті. Алдымен қозысын сойып, қымызын құйып, замандасын күтімге алады. Екеуі әуелі бала сынау жайында емес, өткен-кеткен оқиғалар жайында маслихаттасып отырады.. Аракідік Дүйсенбі баланың отырыс-тұрысын, барлық қимылын, әңгімеге құлақ қойысын, қадағалаудан жазбайды. Өйткені, бұл баланы сынатуға әкелгенін біледі, Әңгіме арасында: – Омеке, мынау балаңыз қулық биенің құлыны сияқты, құс болса ұябасар дейтіндей қағылез де шымыр, тынымсыз ба қалай, – деп бір қалады. Қозының еті желініп аттанар шақ болады. – «Айран сұрай келіп, шелегіңді жа­сыр­ма» деген ғой, Дүйсеке, аузың дуалы, көзің қырағы пір едің. Бұл баламды сізге сы­нат­қалы келіп едім, – дейді Омар. – Ме­нің көріпкелім жоқ, бақсы емес екенімді өзің білесің. Омар, көргенімді айт­сам, көңілің қалса қайтемін. Балаң үшін менен жақсы сөз естігелі келгеніңді жа­сыра аласың ба? – Жасыра алмаймын, Дүйсеке, бірақ көргеніңізді айтпасаңыз мен де сізді қай­тып көрмеймін, – деп жаратылысынан жал­ған намысты білмейтін Омар морт кетеді. – Айтайын, батыр, айтайын, – деп Дүйсенбі кеңк-кеңк күліп алды да, балаға сұстана қарап, көп отырды. – Тұмсығы тоқпақтай, құлағы жар­ғақтай, ерні қаймақтай екен өзінің. Бұл сылдыр көмей, жез таңдай, сиыр жорға, қу таяқ деген жігіт. Лақты ешкілік дауды атқа сатып алып,  өмірі өзіне де, өз­геге де тыныштық бермей өтетін, елді ұйытушы емес, ірітуші адам болады, – деп баға береді. Омар ренжімейді. Рахмет айтады. Ат­танып кетеді. Сағындықты кейін көзбен көріп, үзеңгілес болған адамдар оның тап осындай адам болып өткенін айтады Бір жолы қырғыз Қызылым қарт, Жи­­рен­шеге кездесіп қалып: – Шешен. Сіз­ден сұрайын деген бір жоғым бар еді. Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған құлағдар болыңызшы, – дейді. – Жарайды, – дейді Жиренше шешен. – Жо­ғыңыздың жөнін айтып берейін,өзіңіз тауып алыңыз. – Онбес жас құйын қуған желменен тең. Жиырма бес дауыл ұрған перімен тең, Отыз бес  ағып жатқан селменен тең, Қырық бес аю аспас белменен тең Жетпіс бесте көңілін жерменен тең Сексенде селкілдеген шал боларсың, Тоқсанда толық миың орта түсер Жүзде    дүниеден  күдеріңді үз, Өлмесең де өліден кем боларсың, – дейді. – Әттеген-ай. Өзім жиырма бестегі жігіт­тей едім, көңілімнің жердей болғанын қарашы, бекер-ақ сұраған екенмін, – деп Қы­зылым қарт жантая кеткен екен. Адам­­ды тану үшін оның жас ерекшелігі мен жеке бас ерекшелігін білудің маңызын осы мысалдан-ақ аңғарамыз. ХІХ ғасырдың орта кезінде Абыз бидің батасын алмақ болып үш жігіт ел сыйла­ған шешен қарияға келеді. Серікбай мен Жаманқұлдың сөзін тыңдап, оларға өзінше баға берген би бір кезде үшінші жігітке келіп қарап: «Шын асылдың көзінде жасыл от болады» деуші еді. «Қарағым-ай, ныспыңды айтшы?» – депті. Сонда, әлгі жігіт: – Әкемнің ныспы Жаманбала өз есімім Кәріпжан, – дей бергенде, Абыз би бармағын тістеп, тіксініп қалыпты. – Тек! «Ат-аспаннан, нұр-пейіштен деуші еді. Ой, пәлі-ай, бекер болған екен, бекер болған екен», – деп басын шайқап былай деген екен. Арысын жауға бермес, Намысын дауда жібермес, Елдің ері кісі танысам сен боларсың, Бірақ, қарағым, түбі бір нәрседен кем боларсың! Шынында, Кәріпжан-ай­тулы би, шешен адам болған екен. Мұн­да, қойылған-ат, көз жанарын көріп қана сынай білген Абыз бидің талантына таң қалмасқа бола ма? Кәріпжан қартайған кезінде «Жаманға бұйырған көп жақсы аттың бірін маған неғып қимады екен», – деп налыған деседі жұрт. Өйткені, қара қылды қақ жарған әділ би өз кіндігінен перзент көрмепті Арнайы сынап танудың да амалдары бар болған. ...Бір де Сырым бала сол өңірге батыр­лық, билік атағы жайылған Малай­сарыға сәлем бере барады. – Уа, қай баласың? – Даттың баласымын. – Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол бо­ларсың? – Бол­сақ болармыз. Бірақ, бір құшақ отын­нан бір оқтаулық мүсін шығады деуші еді. Әкем жаман болса, сондай-ақ болар. Өзіңді қазыналы қарт екен десем, қазымыр қарт па едің? – Бала, әкең нашар болғанмен, шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды ренжітпей, атқарушы еді, шешеңе тартқан боларсың. – Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да, би түсетін үй болыпты. Шешем күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні ренжітпей аттандырса-қырық адам екен, қырықтың бірі қыдыр деген, онда қыдыр дарыған болар. Шал үш түрлі деуші еді: қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыз? – Балам, сынайын деп айтқан бір-екі ауыз сөзімді көңіліңе алма? Жаманнан жақсы туады-адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады – бір елтіріге алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып, қарсы сын қойдың ғой. Кісінің қадірін өзінен сүрамас болар. Қадірсіз десең – халқымнан сұра, қыдырымпаз десең – көршімнен сұра, қазымыр десең – кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді, келген жұмысыңды айт? Сырымның көңілі жадырап, сонда былай депті: – Ауылыңның алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, аулыңда ақылды қарт болса, жазылып қалған хатпен тең деуші еді. Сәлем беріп, бата алғалы келдім. – Жарайды, балам! «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар». Ақыл қуып, сөз бастайын деген екенсің, атқа мініп, ел бастайын деген бала екенсің. «Ақыл жастан, асыл тастан» шығады деген, алдыңнан жарылқасын! Шиеленген түйінді, шиыршықталған қиынды шешіп, елдің ісін тындыратын, жаудың белін сындыратын әділ би, айтулы кісі бол, аумин»! – депті Ма­лайсары қария.  Адам танып, түсіну, оның сырлы сезімін аңға­рып білу қанша қиын болғанымен амалын тапсаң, айласы да жоқ емес,тәсілі де тым көп екен. Нағыз адамтанушылар, сөз, іс-қимылды былай қойып ымнан да талай дүниені түсіне білген. «Ым білмеген, дым білмейді» деген қағида осыдан қалса керек-ті. Мысалы: Шоң мен Ақтайлақ би ыммен сөйлесіп, бір-бірін сынай отырып, жағдай соңында, өзара толық түсініскен екен. Уақ елінің мықтылары Сүйіндіктен барымтамен жүз жылқы алдырыпты.Осы себепті екі елдің арасында дау туып, ақыры сөйлесе келгенде екі жақтың басты адамдары келісімге келеді. Бірақ, бұл келісімге келгенде, Шоң би жоқ екен. Екі жақтың шешіміне келіспеген Шоң өзі барады. Ақтайлақ бидің үйіне келіп түседі. Ақтайлақ кедей екен, амандықтан кейін: «Көрші ауылға барып келемін» деп, кетерде әйеліне: «Едігенің Шоңы келді.Бұ­рың­ғының соңы келді. Қазаныңа ас сал. Аз болса, көбейт, көп болса азайт», – дейді. Көрші ауылдағы саудагерлердің жаңа киіз үйін ас-ауқатымен ала келіп Шоңды екі күн құрметпен күтеді. Бұл уақытта екі жақтың арасында сөз болмайды. Үшінші күні Шоң қайтатын болады.Ақтайлақ құрметтеп шығарып салады.Біраз жерге дейін еріп барып, Ақтайлақ тоқтап: – Шоң, Шоң! – деп дауыстайды. Шоң жалт қарайды. Ақтайлақ қолын көпке бір сілтейді, көкке бір сілтейді де, ерінің қасын ұрады. Екі би түсінісіп, дау осы иша­ратпен бітеді. Жанындағылар емеу­рінді түсінбей сұрағанда, Шоң былай деп шешіп берген екен дейді. – Ақтайлақ бидің жұмбақтап әйеліне айтқан сөздері: «Бір біткен билікті бұзып, өзің келдің, енді өзің айт шешімін. «Қазанға ас сал, аз болса көбейт,көп болса азайт» – дегені – бұрынғы ке­сімді кеміт дегені. Ал ат үстінде тұ­рып,қолымен ымдағаны – менің тұр­мысымды көкте құдай білсін, жерде екеміз-ақ білейік,кедейлігімді ешкімге айтпа дегені, – депті. Қазақ адамтанушылары өз елінің аумағынан асып, олардың білгіштігіне толық сенген көршілес жұрттың хан-қағаны, елбасы-билеушілері жанына қазақ адамтанушыларын ұстаған деген аңыздар да бар. Мысалы, Қы­тайдың Еженханы, Жонғардың қон­тайшылары, Шыңғысханның өзі адамтанушы бақсы, көріпкелдерді ке­ңесші еткен  көрінеді. Қазақ адам­танушыларының талантын жоғары баға­лаған, көршілес халықтардың елба­сылары ерте заманнан, оларды жанына алып, ақылшы, кеңесші, хатшы болдырған. Бәрімізге белгілі, жоңғар қоңтайшысының адамтанушысы, бала Қазыбекті жатқан жатысынан, сыртқы тұлғасынан жазбай таниды. «...Ертеңіне хан ерте тұрып, өзінің бір данышпан сыншы қариясы бар екен, сол сыншысын шақыртып алып: – Мынау қазақ елшілері келіп жатыр, осының сөзіне есе берсек, сүбемізді суы­рып кететіні бар ма екен, сен барып осы­ларды сынап келші, – дейді. Қария: «Жа­райды,» – деп қолына таяғын алып, көп­шілікке келіп, әрқайсысымен екі-үш ауыз сөзге келіп, бұлардың ішінен ештеңе таба алмағандай болады. «Алыстан келген ел ғой, аттоны қандай, сайлы ма екен», – деп аттың ішін аралайды. Аттың ішіне барса, Қазыбек аттың ішінде шал­қасынан түсіп, ұйықтап жатыр екен. Екі қолы екі жақта, екі аяғы екі жақта, ауызынан жалын шығып жатыр. Қария баланы ары-бері айналып тұрып қалады.Осыны ханға айтып барады: – Мен мынау көпшіліктің ішінен сен шошитындай адам таба алмадым, бірақ мен басқа бір нәрседен шошып келдім,-депті Хан: «Неден шошыдың?» – дейді – Жылқының ішінде бір бала жатыр, екі аяғы екі жақта, екі қолы екі жақта, құлаш ұрып жатыр екен. Аузынан жа­лыны атқылап тұр екен. «Аузым жет­­кенше сөйлеймін, қолым жеткенше сер­меймін, аяғым жеткенше жүремін, тө­ңіректің төрт бұрышына болса да сөйлесуге, халықты қара шыбындай ауы­зыма үймелетемін», деп тұр екен, – дейді (Б.Адамбаев) Қазақты осығұрдай дөп басып, дәл танитын, ол кім еді? Қазыбектің терең ма­ғы­налы, жоғары рухты, өткір сөзін (қазақ тілінде сөйлегені, тілмаш болмағаны) қон­тайшы қалай түсініп, бойы балқып, жү­регі жыли қалды екен?! Қазақтың мысы басты дейтін шығар­сыз. Шындығында, сыншы-ақсақал қазақ екен.

732 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз