• Заманхат
  • 05 Қазан, 2012

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЛЫСТЫРМАЛЫ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ: БҮГІНІ ЖӘНЕ ДАМУ БОЛАШАҒЫ

Дүкен Мәсімханұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі

Қазақ әдебиеттанушыларына, жалпы көзі қарақты оқырман қауымға «салыс­тырмалы әдебиеттану ғылымы» туралы түсініктеме беріп, ол туралы ұзақ-сонар баяндама жасап жату басы артық жұмыс болар. Өйткені, салыстырмалы әдебиеттану ғылымын зерттеп жүрген кейбір ғалымдар оның қазақ топырағындағы негізін салушысы М. Әуезов екенін айтады [1,197]. Алайда, негізін салу, ірге тасын қалау деген сөз, қалай дегенмен де сол ғылымды қалыптастырды, дамытты, өркендетті деген сөз емес. Өйткені «негізі қаланған» дүниенің жалғасы болмаса, іргетасы қаланған құрылыстың үстіңгі қабаттары салынбаса, онда ол шаруа істелінбегенмен пара-пар деген сөз. Осы реттен келгенде қашан да, қайда да «негізі қаланды» деп мақтанудың реті болмас еді. Мақтану былай тұрсын, әлгі «негіз қалаушының» еңбегі далаға кеткен, желге ұшқан болар еді. Осы тұрғыдан келгенде, басталған істің жалғасын тапқаны, іргесі қаланған дүниенің шаңырағы көтеріліп, керегесін жайғаны мұрат емес пе?! Ал, сол ұлы Мұхаңдар (М.Әуезов) ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында негізін қалаған салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қазақ елінде өткен ғасырдың 50-ші жылдардан кейін мүлде сұйқыл тартып, сұйылып барды да, араға жарты ғасырдай уақыт салып, тек, тәуелсіздіктен кейін ғана ғылым ретінде орнығып, қалыптаса бастады. Оның осынша кешеуілдеп, кенжелеп қалуының, әрине, өзіндік себептері болмай қалған жоқ. Ең басты себептердің бірі ретінде – кеңестік кезеңде салыстырмалы әдебиеттану ғылымына «буржуазиялық ғылым» деген айдар тағылып, оны арнайы қарастырудың, әдеби зерттеу тәсілі ретінде жандандырудың мүмкіндігі болмағандығын айтуға болар еді. Екінші бір себеп, ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін, жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным бел алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, осы бір идеяны ғана «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Әрине, біз бұл арада «қазақ әдебиетіне орыс әдебиетінің игі ықпалы болған емес, орыс қаламгерлерінен нәр алған, үлгі-өнеге алған ақын-жазушы болған жоқ» деуден аулақпыз. Тіптен, осы бағыттағы «ықпыл-әсерді, өзара үлгі-өнегені» зерттеудің өзі салыстырмалы әде­биет­тану ғылымының бір бұтағы, бір тар­ма­ғы ғана болатын. Яғни, салыстырмалы әдебиеттану ғылымының өзі «ықпалдастық теориясы» және «пареллель зерттеу тео­риясы» деп жіктелетін болса, кеңестік идео­логия осындағы тек «ықпалдастық теориясына» ғана жылы қабақ танытып келді. Оның өзінде бұл теория жоғарыда айтқанымыздай тек бір бағытта, яғни одақтас республикалардан шыққан қаламгерлердің тек «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққандығын» «дәлелдеу» үшін қызмет етуі керек болды. Ал, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы­ның тағы бір үлкен саласы – адамзат ақыл-ойының, сана-сезімінің, эстетикалық аң­са­рының, арман-мұратының үндестігін, сәйкестігін, тамырластығын, қанаттастығын, өзектестігін, сарындастығын айқындауға бағытталған, сөйтіп бүгінгі жер бетіндегі діні, тілі, түрі бөлек халықтардың өмір сүру мұраты, әлемді қабылдауы мен тануы, махаббаты мен ғадауаты қарайлас, о баста шынымен де Адам ата мен Хауа ана дейтін бір тектен, бір атадан жаралған «Адамзат» деп аталатын бір жұрт екендігін дәлелдеуді мақсат тұтатын «пареллель зерттеу» деп аталатын бұтағы мүлде шеттетіліп келді. Әрине, кеңес одағында өмір сүретін халықтардан бір ғана «кеңес ұлтын» жасауды мақсат тұтқан қызыл империяға бұл бағыттағы танымның да, теорияның да ұнай қоймасы екібастан анық болатын. Сөздің осы тұсында салыстырмалы әдебиеттану ғылымының «параллель зерттеу» деп аталатын бұтағына қысқаша тоқтала кету қажет секілді. Жалпы, салыстырмалы әдебиеттану ғылымының отаны Францияда бұл зерттеу тәсілі, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қауырт бел алып, қысқа мерзім ішінде әлемнің әдебиеттану, мәдениеттану ғылымына ғылыми зерттеудің негізгі тәсілдерінің бірі ретінде орныққаны белгілі. Алайда, салыстырмалы әдебиеттану о баста Францияда екі әдебиеттегі немесе екі қаламгер шығармашылығындағы тек нақтылы аргументтерді (оқиға, сюжет желісі, образдар, сөз кестесі, ой өрнегі т.с.с.), ондағы өзара ұқ­састықтарды салыстыра қарастырып, оның тарихи, әлеуметтік себеп-салдарын, кім кімнің ықпал-әсеріне ұшырады деген мәселені ашуды ғана мақсұттайтын. Яғни, өзара ықпал-әсері болмаған әдебиеттерді, өзара ұқсас материалдық аргументтері жоқ шығармаларды салыстыру объектісі етпейтін. Бұл принциптің басты өкілі Павл Ван Тигменнің «Салыстырмалы әдебиеттану туралы» (1931ж.) деп аталатын еңбегі ұзақ жылдар бойына әлем оқырмандарының негізгі оқулығы болып келді [2,14]. Салыстырмалы әдебиеттану ғылы­мының «пареллель зерттеу» деп аталатын тармағының қалай өмірге келгенін білу үшін, мына бір дерекке назар аудару керек секілді. 1954 жылы Парижде «Халықаралық салыстырмалы әдебиеттану қоғамы» қоғамы (²CLA) құрылған болса, сол жылы Франция мен Жапонияда, 1960 жылы АҚШ-та, 1968 жылы Германияда, 1969 жылы Канада мен Флиппинде, 1971 жылы Венгрияда, 1985 жылы Қытайда салыстырмалы әдебиеттану қоғамдары құрылып, өнімді түрде жұмыс істей бастады. 1955 жылы Венецияда ²CLA-ның тұңғыш құрылтайы өтті. Оған дүниежүзінің көптеген елдерінен салыстырмалы әдебиеттанушы ғалымдар шақырылып, алғаш рет өзара ой-пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Ал, екінші құрылтай 1958 жылы АҚШ-та шақырылып, оған әлемнің 43 елінен маман қатысты. Дәл осы құрылтайда АҚШ-тың Рене Вэллек, М.Блок бастаған ғалымдары салыстырмалы әдебиеттану ғылымының сипаты мен міндетіне жаңаша анықтама берді. Сөйтіп олар аталған ғы­лымның франциялық «ағымына» – яғни нақтылы фактілерді (rapports de facts) салыстырумен ғана шектелуге үзілді-кесілді тойтарыс берді. Әсіресе Рене Вэллектің: «Шын мәніндегі әдебиет зерттеу ісі тек өлі фактілерге (³nert fakts) ғана назар аударумен шектелмей, есесіне ондағы құндылықтар мен сыр-сипатқа көбірек көңіл бөлу керек. Тарихи зерделеу тәсілінің бір кемшілігі – ол, әдеби зерттеуді тек 'нақтылы байланыстармен' (factural relat³ons) ғана айналысатын деңгейге түсіріп, әдебиеттің өз бойындағы эстетикалық құндылықтар мен әлеуметтік сыр-сипатты бір жаққа сырып қойды. Осылайша салыстырмалы әдебиеттану ғылымы өзінің басты нысанасынан айырылды. Өйткені, әдеби шығарма тек бастамалар мен ықпалдардың ғана жиынтығы емес. Оған өзінше бүтін бітім ретінде қарау керек... Бізше болғанда, салыстырмалы әде­биеттануды лингвистикаға айналдырмай, оның әдебиеттік сипатын тұғыр ете отырып, әдебиеттің адам баласының ең қымбат құндылықтарын сақтаушы әрі жаратушы екендігін басты назарда ұстауға тиіспіз» [2,17], – деген сөзінен кейін әлемдік салыстырмалы әдебиеттану ғылымына жаңа өріс ашылды. Осылайша, тура осы құрылтайдан бастап, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы мынадай негізгі үш салаға жіктелді. Бірінші: нақтылы байланыс­тарды зерттеу ағымы немесе ықпалдастық теориясы. Екінші: эстетикалық құндылық ағымы немесе пареллель зерттеу теориясы. Үшінші: Әде­биеттің өзге ғылымдармен қа­тысын зерттеу ағымы немесе пәнаралық байланыстар (³nterd³sc³pl³nary) теориясы [2,17]. Сөз болып отырған кезеңнен бастап АҚШ салыстырмалы әдебиеттану ғылымының негізгі орталығы болумен бірге, салыстырмалы әдебиеттанудың «параллель зерттеу» деп аталатын бағытының отанына да айналды. Параллель зерттеу, – аты айтып тұрған­дай, екі әдебиетті, екі мәдениетті қатар алып қарастыратын, жалпы ғылыми зерттеу жұмысындағы орныққан, іргелі әдіс-тәсілдердің бірі. Ал, әдебиетте салыстырмалы әдебиеттану ғылымының бір тармағы ретінде, әлемдік әдебиеттану ғылымында зерттеудің бір түрлі тәсілі ретінде ертеден орныққан ғылыми әдіс. Аталған зерттеу тәсілі екі ел әдебиетіндегі шығармалардың, әдеби ағымдардың, жазушылардың арасында нақтылы, өзара ықпал-әсер, ауыс-күйіс, қарым-қатынас болмаған жағдайда да, оларды адамзаттың эстетикалық мәдениетінің жанды, бүтін тұлғасы ретінде қарастыра отырып, ондағы эстетикалық құндылықтар байланысын, таным мен талғамдағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерді зерделеуді, тарихи талдау, салғастыра қарастыру арқылы олардың ішкі мәнін, өзекті қасиетін, негізгі ерекшеліктерін ашуды басты мақсат етеді. Қысқасы сөз болып отырған зерттеу тәсілі – екі немесе одан да көп елдің әде­биетін, екі немесе одан да көп елдің жазушыларын, олардың шығармашылығын салғастыру арқылы, ондағы эстетикалық құндылықтарды айқындайды, шығармадағы ұлттық ерекшеліктерді, дәстүрлі, әлеуметтік мәселелерді, әдеби заңдылықтарды ашады, сол арқылы әдебиеттің даму деңгейін, халықтардың дүниетаным, талғам, талабын анықтайды. Салыстырмалы әдебиеттану пәнінің қажеттілігі мен көккейкестілігін қазақ әдебиеттанушы ғалымдары тым ертеде-ақ аңғарғанымен, жоғарыда айтқанымыздай, оны ғылым ретінде қалыптастыруға, орнық­тыруға, дамытуға кеңестік идеология мүлде мүмкіндік берген жоқ. Бір қызығы, батыс Еуропа елдерінде әлемдік салыстырмалы әдебиеттану көркемдік үдерісті игеруге бағытталған негізгі пән ретінде XІX-ға­сырдың аяғынан бастап-ақ жоғарғы оқу орындарында оқытыла бастағанына қарамастан, тіпті кеңестік кезеңнің өзіндегі орыс ғалымдары В. М. Жирмунский, М. П. Алексеев, Н. И. Конрад, И. Г. Неупокаева, т. б. компаративист-ғалымдардың салыс­тырмалы әдебиеттануға арналған еңбектері академиялық сипатта болғанына қарамастан, қазақстандық жоғарғы оқу орындарында тек әдебиеттанудың өзге де салалары ішінде үзінді-қыстырма ретінде сөз болғанымен, толық, жүйелі, арнайы түрде оқытылмады деуге болады. Алайда, біздің әдебиеттанушы ғалымдарымыз «қызыл идеология рұқсат етпейді» деп, мүлде қол қусырып қарап отырған жоқ. Яғни, М. Әуезовтен бермен қарайғы қазақ ғалымдары салыстырмалы әдебиеттану ғылымын жеке-дара, өзінше ғылым ретінде қарастырмағанымен, Қожанасырдың «жауын-жауынның арасымен жүргеніндей», өзге еңбектерінің ара-ара­сында, басқа тақырыптардың орайында салыстырмалы әдебиеттану ғылымына жиі-жиі соғып, аталған ғылымды теориялық та, практикалық та тұрғыда орнықтыруға ат салысты. Сондай ғалымдардың бірі һәм бірегейі, марқұм академик Рымғали Нұрғали десек, артық та, асыра да айтқандық болмайды. Басын ашып айтар бір нәрсе, өмір бойы қазақ әдебиетін, оның түрлі жанрлары мен өзекті мәселелерін, ондағы Алаш рухын жеріне жеткізе зерттеген академик Р. Нұрғалидың барлық әдеби-зерттеу мұраларын қарап отырсақ, ғалымның салыстырмалы әдебиеттану ғылымының да бірегей білгірі екендігі, аталған ғылымның өткен-кеткенімен, қыр-сырымен жан-жақты хабардар, жай хабардар емес, тіпті оның үлкен теоретигі екендігі менмұндалап көрініп тұрады. Мәселен, әлемге әйгілі американдық компаративистер. Р. Вэллек пен О. Воррен: «Өзінің сөз қолдануында «салыстырмалы әдебиеттану» термині, ең алдымен, ауыз әдебиетін, әсіресе фольклорлық мотивтерді және олардың ауысуларын зерттеуі мүмкін… Өзінің басқа бір мағынасында бұл термин екі немесе одан көп әдебиеттер арасындағы байланысты зерттеуді білдіреді» [3, 87] десе, қазақ ғалымы Р.Нұрғали: «еш уақытта еш бір елдің әдебиет, өнері томаға-тұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нәр алып байығанда ғана өркен жаймақ. Әдебиеттің интернационалдық сипаты – көптеген халықтар өнері мен тәжірибесін қорыта отырып, байлам, тұжырым жасайтын теориялық мәні бар, күрделі проблема», [4, 92], – деп атышулы ғалымдардың сараптамасымен сарындас, тіптен олардың пікірін толықтыра түсетін, ғылыми жүйелей түсетін ойларын ортаға салады. Әрине, бү­гінгі күні әлде кім жер шары дейтін ор­тақ мекенде іргелес жасап келе жатқан ха­лықтардың ақыл-ойының, мәдениеті мен өнерінің өзара ықпалдастықта дамитындығы туралы айтса, ол әрине, ешқандай жаңалық та, ерлік те болмас еді. Ал, «сендер қазан төңкерісінің арқасында ғана адам қатарына қосылдыңдар, ұлы орыс халқының арқасында өркениетке жеттіңдер» деген жалғыз ұранмен ғана өмір сүргізген, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде мұндай пікір айту, ғылыми парасаттылықты былай қойғанда, ерлікпен пара-пар болатын. Адам баласы жер шарының қай түкпірінде жасамасын, қай нәсілге жатпасын, қандай діни нанымды ұстанбасын, олардың өмірлік түпкілікті ұстанымы, тіршіліктегі өзекті принциптері, басты адами арман-мұраттары шамалас, сарындас болатыны жасырын емес. Соның әсерінен белгілі бір суреткер қай елде туып, қандай мәдени ортада өскеніне қарамастан, оның шығармаларын көп жағдайда дүниежүзіндегі өзге халықтар да соншалық етене, таныс, жылы қабылдайды. Бұның себеп-салдарын академик Р. Нұрғали өзінің «Телағыс» атты монографиялық зерттеуінде былайша баян етеді: «Үлкен талант – мейлі қайраткер, мейлі суреткер, мейлі санаткер болсын – бір ұлттың шаңырағында туса да, тек сол елдің шеңберінде қалмаса керек. Өйткені, тіл, дін, сенім әр түрлі болғанымен сезім, әсемдікке құштарлық, арман адам баласына ортақ» [4, 114]. Міне, көріп отырғанымыздай, ғалым бұл сөзінде «салыстырмалы әдебиеттану» ғылымының атын айғайлап айтпағанымен, сол «адам баласына ортақ арманды, сезімді, әсемдікке құштарлықты» ашуда салыстырмалы әдебиеттану ғылымының атқарар рөлінің ерекше екендігін меңзейді. Демек, академик Р. Нұрғали қазақ әдебиеттану ғылымын байыпты байламдармен байытатын, тың теориялық толғамдармен толықтыратын, қала берді әдеби шығармашылықтың өзін соны қырларға, тың өрістерге шығаратын салыстырмалы әдебиеттану ғылымы деп есептейді. Біздің бұл айтқандарымыздың бәрі ғалымның ғылыми еңбектеріндегі жалпы салыстырмалы әдебиеттанудың теориясына қатысты толғаныстары. Бірден ескерте кетейік, «толғаныстары» дегенде, бұл әсте академик Р. Нұрғалидың осы бағыттағы пікірлерінің тұяғы түгел сөзі емес. Мақала көлемін ескере отырып, біз ғалымның салыстырмалы әдебиеттанудың теориясын байытуға да ат салысқанын дәлелдеу тұрғысынан, оның бұл бағыттағы пікірлерінің бірен-саранынан ғана үзінді келтіріп отырмыз. Ал, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы­ның теориясы бар да, сол теория негізінде нақтылы шығармаларды салыстыра, сал­ғастыра қарастыру бар. Академик Р. Нұр­­ғали қазақтың белгілі бір ақын-жазу­шысының шығармашылығын өзге елдің белгілі бір қаламгерімен арнайы салыстыра қарастырмағанымен, салыстыра, салғастыра зерттеу тәсілін әр кезеңдегі еңбектерінде ұтымды пайдаланып отырғанын атап айту парыз. Бұның өзі, бір жағынан, қазақ еліндегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен өркен жаюына игі ықпал етіп отырған болса, тағы бір жағынан, қазақ фольклорының, әдебиеті мен өнерінің, ақын-жазушыларының, бір ауыз сөзбен айтқанда қазақ руханиятының әлемдегі «менмен» деген әдебиеттердің еш қайсысынан кенже қалып жатпағанын дәлелдеу, соған өзіміздің де, өзгенің де назарын аудару, көзін жеткізу. Тегінде салыстырмалы әдебиеттану ғылымы кез-келген ел үшін осындай қадір-қаиетімен құнды, қажетті дейтін болсақ, бүгінгідей жаһандану заманында, қазақ елі үшін, қазақ руханияты үшін, оның ғаламдық рухани кеңістіктен өз орнын берік иеленуі үшін де сондай құнды, қажетті ғылым. Ал, академик Р. Нұрғалидің артында қалған ғылыми-зерттеу еңбектерін қарап отырғанда, оның аталған ғылымның қазақ әдебиеттану ғылымы үшін көкейкестілігі мен қажеттігін ту ертеде-ақ аңғарып, сол жолда біраз байып­ты еңбектер жасап кеткенін аңғару қиын емес. Сөзіміз құрғақ болмау үшін, мысалға жүгінейік. Ғалым жалпы театр тарихы, орта ғасырлардағы грек-рим жұртының театры мен драматургиясы туралы айта келіп: «Типологиялық жағынан «Дель арте» театры қазақтың айтысына ұқсас. Қазір айтыс тек фольклордың бір нұсқасы ретінде ғана зерттеліп жүр. Асылы, ай­тыс өнері ұлттық драма мен театрдың ежел­гі үлгісі ретінде тексерілуі керек» [4, 22], – дейді. Бұл пайымдаудан саналы оқырман, сахналық қойылым үлгісінің қазақ топырағындағы тарихы да әріде жатқанын аңғарады, жай аңғарып қана қана қоймайды, туған халқының рухани байлығымен марқаяды, мақтанады. Негізінде отан­сүйгіштік, ұлттық патриотизм тәрбиесі, міне осындай ұлттық мақтаныштарды ұрпақ санасына сіңіруден басталмақ. Орыс әдебиетінің алтын ғасыры дүние­жүзі халықтарының сөз өнеріне орасан зор ықпал еткенін ешкім де, ешқашан да жоққа шығармақ емес. Алайда, бұл деген сөз жержүзінің ойшылдары мен ақын-жазушыларының бәрі орыс мәдениетінің шәкірті болып қалды дегенді білдірмесе керек. Өкінішке орай, кеңестік кезең тұсында біздің әдебиеттанушыларымыздың дені ұлы Абайды да, ұлы Мұхтар Әуезовті де орыс ойшылдарының шәкірті етіп көрсетуге тырысты. Кремльге керегі де сол болатын. Алайда, сол кер заманның өзінде профессор Р. Нұрғали салыстырмалы әдебиеттану ғылымының принциптері негізінде Абай ұлылығын орыс ойшыл­дарымен шендестіре, салғастыра қарас­тырды. «Өмірлік материалды пайдалану, сюжетке сүйек боларлық оқи­ғаларды сұрыптап таңдай білу кездейсоқ нәрсе емес, талант қуатына, дүниетаным шеңберіне сабақтас процесс екендігі белгілі. Абай Құнанбаев пен Иван Тургеновтың өзара байланыссыз бір сюжетке шығарма жазулары екі алыптың іштей туыстығын аңғартса керек. Біз «Масғұт» поэмасы мен «Шығыс аңызы» әңгімесін айтып отырмыз. Екі туынды арқауы да «Мың бір түндегі» Хасан шебер басындағы оқиғадан алынғаны анық. Тургенов қысқа ғана әңгіме жазса, Абай поэма шығарған»[4,115]. Демек, ғалымның бұл арада қазақтың Абайы анау айтқандай, тек орыс ойшылдарынан үйренуші, орыс қаламгерлерінен тағылым алушы ғана емес, талант қуаты, парасат-пайымы, дүниетаным деңгейі тұрғысынан қандай хакіміңмен де қатар тұра алатын ұлы ойшыл екенін меңзеп отырғаны анық. Ал, тағы бір еңбегінде академик Р. Нұр­ғали ұлы Мұхаңның (М.Әуезов) дра­ма саласындағы талантын, еңбектерін жан-жақты қарастыра келіп, оны әйгілі Шекс­пирмен шендестіреді. Бұл шендестіру әрине, тек туған халқына деген, өз халқының талантына деген сүйіспеншіліктен, бүйрегі бұрудан туған, сезімнің жетегінде айтыла салған жеңіл-желпі әсер емес, керісінше ғылы­ми сараланған, салыстырмалы әдебиет­тану ғылымы тұрғысынан жіті, жүйелі қарастырылып барып айтылған дәйекті байлам. «Мұхтар «Еңлік-Кебегінің» сюжеті негізінен халық аңызының бұрынғы әңгіме, поэма түрінде келген нұсқаларының іргесінен тарайды. Екі ел арасындағы нақты болған оқиғаның драма материалы екенін ұғыну – жас қаламгердің жазушылық көрегендігін аңғартады. Бұл ретте Әуезов Шекспирді еске түсіреді. «Махаббат машақаты», «Жазғы түнгі түс», «Виндзор қулары» – Шекспир осы үш-ақ шығармасының оқиғасын өз жанынан шығарған. Ал, қалған пьесаларының сюжеті басқа авторлардың шығармаларында айтылған жәйттер» [5, 316]. Байқап отырғанымыздай, бұнда да автор «ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамастан, басқа елдер әдебие­тінен үйрене отырып, Әуезовтің жанр шарттарына толық жауап бере алатын траге­дия жасай алғанын» аңғартумен бірге, «сюжеттік желінің тартылуынан, композиция құрудағы шеберлігінен М. Әуезовтің драма заңдылығын жақсы білгендігін», сөйтіп, ағылшынның әлемге әйгілі драматургінен бір кем емес дүниелер тудырғанын меңзейді. Тағы да, осы М. Әуезов шығармашылығы туралы зерттеуінің бір тұсында профессор Р. Нұрғали ұлы жазушының әйгілі «Көксерегін» Эрнест Сетон-Томпсонның «Лобо» атты әңгімесімен, Джек Лондонның «Ақазу» романымен салыстырады. Қазақ жазушысының әңгімесі мен жоғарыдағы аталған шығармалар арасындағы тақырыптық сарындастықты, концепциялық үндестікті, идеялық ұқсастықтарды жан-жақты талдап, жінтіктеп ашып көрсетеді. Алайда ондай ұқсастықтар мен сәйкестіктерге қарап, М.Әуезовтің жазушылық талантына, «Көксеректің» бір әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп, әлемдік жауһарлар қатарына қосылған бір дәуірдің шедеврі екендігіне мақтануға болғанымен, бұны әсте «бір жазушы екінші жазушыдан жиендік жасап, оп-оңай көшіріп ала салған дайын сюжет, өзгермес қалып емес, құбылыс сипатынан, обьективті ерекшелігінен туған жалпы ұқсастық» [5, 283] деп түсінбеу керектігі ескертіледі. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымының көбірек ден қоятын тағы бір ауқымды саласы – көркем аударма. Әрине, көркем аударманың сапасы мен көркемдік деңгейін аударма теориясы немесе аударма ғылымы арнайы зерттейді. Ал, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы аударылған шығарманың сол тілдегі ақын-жазушылардың шығармашылығына қалай ықпал еткенін, сол әдебиетке нендей тың тыныс, жаңа леп әкелгенін, сол арқылы әдебиеттер арасындағы, мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты қарастырады. Көркем аударманың қажеттігі де, оны зерттеудің көкейкестілігі де осы қырынан көбірек аңғарылады. Яғни, көркем аударма мәселелерін қарастырғанда сыңар бағытта, бір жақты, яғни тек әдеби тұрғыдан, я бол­маса лингвистикалық жағынан ғана үңілу, зерделеу мүлде жет­кіліксіз. Ондай зерделеу әрі кеткенде аударманың сапасын көтеруде белсенді рөл атқаруы мүмкін, алайда мәдениеттер арасындағы өзара алмасулар мен сіңісулерді, адам баласының «ақыл ауыс, ырыс жұғыс» дейтін ұлы тұғырнамасын ашуда, түсіндіруде орашолақтық танытады. Сондықтан, салыс­тырмалы әдебиеттану жүйесіндегі аударма мәселелерін зерттеу барысында мәдени-лингвистикалық зерделеу тәсілінен гөрі, әдеби әдістерді қолдануға молынан орын берілетіні содан. Академик Р.Нұрғалидың да көркем аударма мәселесіне көбірек осы – салыстырмалы әдебиеттану аспектісіндегі ұғым тұрғысынан ден қойғаны байқалады. Бұл туралы ғалым өз пікірін былай өрбітеді: «Қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдардағы жақсы құбылыстың бірі – әлем өнеріндегі үздік туындылардың, классиканың жүйелі аударылуы. Абай творчествосында зор дәстүрі жасалған бұл тәжірибенің қазір мемлекеттік, жоспарлы шаруаға айналуы қуантады. Әр ғасырда, әр жұртта жасалған асыл дүниелердің ана тілімізде сөйлеуі бай­­­­лы­­ғымызға байлық қосады, әсіресе жас буын, кейінгі ұрпақты жан-жақты эстетикалық тәрбиелеуге мүмкіндік береді, профессионалдық тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінің интернационалдық дәстүрлерінің баюына ықпал жасайды» [4, 138]. Демек, ғалым бұл арада, қазақ әдебиетінің реалистік кең арнаға түсуіне игі әсер етіп, ықпал жасаған факторлардың бірі – аударма екендігін меңзеумен бірге, көркем аударманың қай кезде де ұлтымыздың рухани дүниесін байытудағы атқарар рөлі ерекше бола беретініне сенуге шақырады. Бұл айтылғандардың бәрі де академик Р.Нұрғалидың ғылыми еңбектерін ендей қарап, көктей шолып өткенде назарымызға іліккен ой-пікірлері. Жалпы біз, ғалымның тура осы бағыттағы еңбектерін болашақта арнайы зерттеу өзегіне айналдыру – қазақ әдебиеттану ғылымы үшін теориялық та, практикалық та мән-маңызы үлкен жұмыс болады деп есептейміз. Сөздің осы тұсында, академик Р. Нұр­ғалидың салыстырмалы әдебиеттану ғылымына тек өзінің ғылыми-зерттеулерінде ғана мән беріп, оқыған дәрістерінде ғана көңіл аударумен шектелмей, сонымен бірге жаңа астанамыздағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан салыстырмалы әдебиеттану мамандығы бойынша жоғары ғылыми дәреже беретін арнайы диссертациялық кеңес ашып, сол кеңеске басшылық жасағаны, сол кеңесте еліміздің түкпір-түкпірінен келген көптеген жас мамандарды салыстырмалы әдебиеттану саласы бойынша қорғатқаны еске түседі. Біздің бұл сөзімізді ҚР ҰҒА академигі Ж.Әбділдиннің Р. Нұрғали туралы: «Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы филология ғылым­дарының докторы дәрежесін беретін Дис­сертациялық кеңес (2001-2008жж. төрағасы) құрып, оның төрағасы болды. Бұл кеңесте қазақ әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану (Қазақстанда тұңғыш рет) мамандықтары бойынша Атырау, Ақтау, Арқалық, Қызылорда, Жезқазған, Тараз, Талдықорған, Семей, ­Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары жоғары оқу орындары үшін ғылым кандидаттары мен докторлары дайындалды» [6, 8]., – деген пайымдауы одан сайын толықтай түспек. Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, ака­демик Р. Нұрғалидың салыстырмалы әдебиеттану ғылымына ерекше мән беруі, баса назар аударуы жайдан-жай емес. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қай кезде де, қай ел үшін де рухани жаңғыру мен өсудің, ұлт әдебиеті мен өнерінің толысуы мен өрлеуінің қажетті қуат көзі дейтін болсақ, жаһандану жағдайындағы жас мемлекетіміз үшін оның қажеттігі мен көкейкестілігі тіптен айқын байқалып отыр. Бұл ретте, қазақ топырағындағы о бастағы негізін ұлы Мұхаң (М.Әуезов) қалаған, бертін келе академик Р.Нұрғали қатепті ғылым деңгейіне көтерген салыстырмалы әдебиеттану ғылымы аясында бүгінде елімізде әдеби байланыстар, генетикалық һәм типологиялық байланыстар, көркем аударма, сапарнама, имагология, әдебиет пен кино, музыка, көркем сурет секілді өнердің өзге де түрлері арасындағы қатынастардың мәселелері зерттеле бастағанын атап айту парыз. Қазақстан мен өзге елдердегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының даму тарихын, пәнді зерттеудің теориялық, методологиялық негіздерін, басты категориялары мен түсініктерін айқындай түсу үшін нақты ғылыми тұжырымдар жинақталды, қазақ әдебиеті мен өзге елдер әдебиеті терезі тең әдебиеттер тұрғысынан салыстырыла қарастырыла бастады, соның арқасында қазақ әдебиеттану ғылымы да, қазақ әдебиеті де әлемдік рухани кеңістіктен өз орнын иелеудің қамына кірісті десек, осы игі істердің жүзеге асуында академик Р.Нұрғалидың еткен еңбегі мен төккен тері аз болмағанын бүгінде күмілжімей айтуға тиіспіз. ПайдаланЫЛған әдебиеттер: 1. Маданова М. М.Ауэзов – основоположник сравнительного литературоведения в Казахстана// Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті.– Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 322б. 2. Яң Найчяо. Салыстырмалы әдебиет­тануға кіріспе (қытай тілінде). Пекин. Пекин университеті баспасы.2005. – 438б. 3. Р.Вэллэк, О.Воррен. Әдебиет теориясы (орыс тілінде). – Мәскеу, 1978 – 325 б. 4. Р.Нұрғали. Арқау. ІІ том. Алматы: Жазушы, 1991– 576 б. 5. Р.Нұрғали. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана: Күлтегін, 2002– 528 б. 6. Академик Р.Нұрғалидың ғылыми мектебі./ Құрастырған: ф.ғ.д., проф. М.Шындалиева. – Астана: Еуразия университеті, 2010. 80-бет.

4393 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз