• Тарих толқынында
  • 20 Желтоқсан, 2017

Алыптар және ата заң

Серікбай Оспанұлы, ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, Күлзада Мырзағалиева, доцент, филология ғылымдарының кандидаты

Ыбырай, Абай, Ахмет. Қазақтың осы үш алыбының дүниетанымы, наным-сенімі мен ұлы мақсат бірлігінен туындаған бір-біріне ұқсас пікірлері өте көп. Солардың бірі – заң­ға, ата заңдарымызға қатысты «Қасымханның қасқа жолы» (16 ғ.), «Есімханның ескі жо­лы» (17 ғ.), «Жеті жарғы» (18 ғ.), «Қара мола Ережесіне» (1885) деген көз­қарастары. Абайдың алғыр да әділ би болғаны туралы Мұхтар Әуезов: «Бұл кезге шейін Абай ел жұмысына араласып жүретін шешен, алғыр, әділ би болған. Әділдігі сонша Абайға досынан гөрі дұшпаны көбірек билік айтқызған, – дейді. – Ірі дау болғанда патша үкіметі өзі шеше алмай әуре болған. Осындай дау тұсында ел әділетшіл билік иесіне мұқтаж болатын. Сондай би де, елдің пана іздейтіні де Абай еді» [1]. Атасы, би Балғожа Жаңбыршыұлының тәрбиесін көрген, оның үстіне, 1850 жылы Орынборда ашылған 7 жылдық мектепте орыс және татар тілдерінде тергеу және іс қағаздарын жүргізуді үйренген («Порядок производства следствий и составление деловых бумаг» деген арнайы сабақ өтілген. – С.О.) Ы. Алтынсарин ата заңымызды да, орыс заңын да жақсы білген. Сондықтан да, ол төрт рет уездік сот міндетін атқарған. 1885 жылы Шар өзені бойындағы Қа­рамола деген жерде жәрмеңке базарында бес уездің (Кереку, Қарқаралы, Семей, Өскемен, Зайсан) болыс, билері, белгілі бетке ұстар адамдары бас қосқан қыр қазақтарының төтенше съезі өтеді. Қазақ­тың ұлы ойшылы, данышпан ақыны Абай Құнанбаев сол съезде төбе би болып сайланып, сөз сөйлеп, патша өкіметінің заңы қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тұрмысына үйлеспейтінін дәлелдейді. Сөйтіп, үш күн, үш түн қыр елінің жаңа заң жобасын жазып шығады. Бұл кейін «Қарамола Ережесі» деп аталады. Ы. Алтынсарин де «Далалық облыстарды басқару жөніндегі «Уақытша ереже туралы. 1868 ж.» деген жазбасында Ережеге қарсылық білдіріп: «Жер мәселесін шешудің мұндай тәртібі ежелден қалыптасқан жерді пайдаланудың халықтық салт-дәстүріне қайшы келеді» [2] – деп жазды. Ыбырай 1878 жылдың 14 қаңтарында Торғай қаласында өткен «Жылқыны қуып алу мен ұрлыққа қарсы шаралар туралы Торғай уезінің төтенше билер съезінің қау­лысында» да қылмыстық істерді халықтың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне негізделген «Қазақтардың халық сотына» сүйеніп шешуді ұсынады. Қазақ «Ерден кетсе де елден кетпек жоқ», «Аға өлсе іні мұра» деп, ежелден келе жатқан салт бойынша күйеуі қайтыс болған жас әйелді әмеңгерлік жол­мен күйеуінің ағасына немесе інісіне жесірдің таңдауы бойынша қосқан. Сонда, оның балалары туыс-ту­ғаннан бөлінбей, жетімдік көрмей өседі. Абай дайындаған «Қарамола ере­жесінің» 47-бабында «Күйеуі өлген жесір әйел сүйсе күйеуінің бір туысқан яки ағайынына тиеді, сүймесе ықтияры өзінде» делінсе, «Жеті жарғының» ең соңғы жетінші тармағы түгелдей жесір дауы жайында. Ы.Алтынсарин «Орынбор қазақ­та­рының құда түсу, қыз ұзату, той жасау дәстүрінің очеркі» еңбегінде: «Жесір дауы деген зор дау: ол дауға правосына қол сұғылған қазақтың момындығы да, іс қозғауға оның ойының жоқтығы да бөгет бола алмайды. Шет адамның мұндай ретте қол сұғуы жәбірленген адамның бүкіл руына қорлық болып есептеледі, сондықтан, бұл іске оның барлық руы жұмылады. Сонымен, қарсы жақтың мұндай зәбір беруден бас тартпауы екі жақтың ру араздығын туғызады. Оның соңы барымтаға, не тіпті ашықтан-ашық ұрысқа апарып соқтырады», – деп жазады [3]. «Мұндай жағдайда әйел әмеңгерлік дәстүр бойынша, өлген күйеуінің туған інісіне тиеді, ал егер оның туған аға-інісі болмаса, онда оның туысқандарының біріне күйеуге шығуы тиіс» деген жолдар, жоғарғыдағы Абай жазған «Қарамола ережесімен» үндес. «Қарамола Ережесінің» 69-бабында: «Съезге шақырылған барша қызмет иелерінің ұстаған шығындары жұрт үстінен са­лынады. Сол шығындарды ел арасында старшын жиюшы болады... Кімде-кім тиісті түскен шығынын бермесе, билердің тер­геуіне беріледі» деп көрсетілген [4]. Ыбырай «Торғай уездік төтенше билер съезіне қатысушыларды күту үшін кететін шығындар қаулысында» ескіден келе жатқан тәртіп бойынша жергілікті билік өкілдері мен билер жиналғанда жауапкерге жақын байдың үйіне түсіп, қонақжайлылық салтымен ол үй бағып күтетінін, тіпті, не керектің бәрін ақысыз-пұлсыз қамтамасыз етуге тиіс екенін түсіндіре баяндайды. «Съезге қатысушылары істің бір болуы себепті бір үйге түсіп, орналасуы мүмкін және мүддесі қаралатын тағы басқа кісілер де осы үйге түсіп, өзгелермен теңдей дәрежеде қонақ ретінде күтілуге хақылы», – деп, бұл жеке адам­дарға ауыртпалық келтіріп, шығынға батыратынын айтады. Шығынды билердің өздерінен ұстауға да болмайтынын, өйткені, олардың билік еткендері үшін алатын ақылары тым аз екенін ескертіп, сондықтан, қалыптасқан әдет-ғұрыпты ескере отырып, билерді күтуге кеткен шығынды азаматтық және қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылғандардан өндіруді ұсынады [5]. Әділ, құптарлық шешім. Ыбырай жоғарыда айтып өткеніміздей, «Далалық облыстарды басқару жөнін­дегі «Уақытша Ереже туралы 1868 ж.» деген жазбасында Ережеге қарсылық білдірсе, Ахмет Байтұрсынұлы да «Қазақ халқын билеу туралы 1868-ші жылы шыққан уақытша положение» [6] деген мақаласында «Бұл положение бойынша қазақтардың болысқа, ауылға бөлінуі бұрынғы ретте қалып, әлеумет істері мұжықтардікі секілді басқарылатын болды» деп, әр болыстың өкілі болып әр ауылнайдан елубасылар (елу үйден бір кісі), әр ауылнайдың өкілі болып, әр 10 үйден бір онбасы сайланатынын айтып, елубасы, онбасылардың құқықтарына да тоқталып өтеді. Бұрын қазақтың қадірлі, халық қалаған билері билік айтатынын, биге дауласушылардың екі жағы да келіп жүгінетінін, бидің билігі әділ саналып, оны ешкімнің бұзбайтынын да халыққа ұғынықты жеткізеді. А.Байтұрсынұлының бұл айтқандары Ы.Алтынсариннің мына пікірімен үндеседі: «Халық арасында ашықтан-ашық парақорлыққа жол берген және сол жағдайларға қазақтың билік басындағыларын да итермелеген елубасы мен онбасылар арқылы қызмет иелерін сайлауға қатысты туып отыр; болыстағы маңдайалды және құрметті қызметтің соңына түскен билікке таласушылар өзінің бар мал-мүлкін бір жібі қалғанша тарту етеді, ал, жылы орынға жайғасып алған соң, пара алу жолымен жаңағы кеткен шығынның орнын тездетіп толтыруға тырысады. Бұған қоса, әдетте әр сайлаудың нәтижесінде болыстықты бір­неше партияларға бөлген лауазымнан үміткерлер мен олардың жақтастары арасында бітпес өшпенділік туындайды, билік тұтқасын ұстап отырғандардың қысымшылығы күшейеді, әділетсіз шешімдер шығарылады, жәбір көрушілер тарапынан айтылған арыз-шағымдар толастамайды, т.б. Қазақтар дәл осындай зұлымдықты онбасылар мен елубасылардан да көріп отыр, өйткені, олардың жер дауын қараған кездегі әділетсіз шешімдері қазақ шаруашылығы үшін өмір мен өлімнің салмағына тең мәселелерді туындатады. Сондай-ақ, бұл арада жауласушы жақтар бедел таластырады, құпия сауда мен астыртын бәсекелер жүреді, әрине, мұны жарлы-жақыбайлардың қалтасы көтере қоймайды». Ұқсастық себебі, екеуі де бір Ереже ту­ралы әңгіме қозғап отыр, тілек-мүдделері бір. Абай: Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта май Қалмады елге тығындап. Сөйтсе дағы елімді Ұстай алмадым мығымдап... Ахмет: «Сайлау сұмдығы, бүліншілігі осыдан шықты: сайлау үшін ақша төгу, кісі өлтіру – бәрі осыдан пайда болады. Неше түрлі жаманшылық жолмен жеңіп тұрған жағы билердің бәрін өз жағынан сайлап шығарады» [6.294.]. Ыбырай: «Далалық облыстар жөнін­дегі Уақытша Ережені халықтың салт-дәстүрімен, тұрмыстық жағдайларымен және мұндай істерге қазақтардың көз­қарасымен байланыстыра отырып, мұқият түрде қайта қарау қажет...» [2,41],– десе, Абай: «Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сай­ланғандық, бұл халыққа көп залал бол­ғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есімханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күл төбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек» [7],– деп жөн-жосығын айтады. Ыбырай: Саны жоқ, сапасы жоқ сапы­рылысқан он үйге бір би болған келді кезге. Абай: Болды да партия, Ел іші жарылды... Ахмет: «Егерде закон жалғыз ғана жұрт игілігі үшін шығатын болса, хұкімет қазаққа айтар еді: өзіңе пайдалы боларлық закон жобасын өзің жасап, закон шығаратын орынға, яғни, Г. Думаға депутаттық арқылы кіргіз деп. Оны істемей, жобаны хұкіметтің өзі жасап отыр. Олай ететін себебі... Хұкімет өзі жасаған жобасын өз мақ­сатына қолайлап, өз деген мақсатына сон­дай жолдармен жетерлік етіп жасайды. Хұкімет қолайлаған жоба халыққа да қолайлы болар ма?» [6,294]. Әрине, үкімет шығарған заң қазақтар үшін өте қолайсыз. Оның астарында отар­­шылдық мақсат-мүдде жатқанын Ыбырай, Абай, Ахмет те білді. «Ресей империясының отарлау саясатының жолындағы үлкен кедергі – қазақ жерінің тұтастығына негіз болған билердің соттық жүйесі, сондай-ақ, көшпенділердің өмір-салтына «халық билігіне», демократия мен әділ сотқа бейім әдет-ғұрып құқығы мен «жарғы» заңдары болды» [4,5 б.] – деп академик С. Зиманов атап көрсеткендей, олардың көксегені Қазақ елінің бірлігін жойып, тілінен, дінінен бездіріп, орыстандыру саясаты болатын. Соны сезген ұлт зия­лылары қазақ даласының саяси өміріне Ресей заңдарын енгізуге қарсылық білдіріп, қазақ әдет-ғұрып жүйесін қалдыруды ұсынды. Ыбырай, Абай, Ахметтердің осы жол­дағы айтқан ой-пікірлерінің бір-бірі­мен астасып, қабысып жатуы мақсат-мүдделерінің бірлігінен, ел тұтастығын көз­деп, халыққа жанашырлықтан туындаған үндестік еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Абайтанудан жария­лан­баған материалдар. – Алматы, 1988. 138 б. 2. Алтынсарин И. Собр. Соч.- Алма-Ата, Наука, 1976.т. ІІ. Стр.41. 3. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығ. Алматы, «Ғылым» баспасы .1994.-147 б. 4. Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер. – Алматы: Жеті жарғы, 2005. 5 том. -195 б. 5. Алтынсарин И. Собр. Соч.- Алма-Ата, Наука, 1976.т. І. Стр.88. 6. Байтұрсынұлы А. Ақ жол.- Алматы: Жалын, 1991.-282 б. 7. Құнанбаев А.Екі томдық шығ. толық жинағы. – Алматы: Жазушы, 2 т. 2005. – 92 б.

645 рет

көрсетілді

72

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз