• Тарих толқынында
  • 20 Желтоқсан, 2017

«Мәңгілік Ел»: пәндік ұстаным, ұтымдылық, ұластық

Жақан Молдабеков,  философия ғылымының  докторы

«Мәңгілік Ел» пәні оқу жүйесіне ендіріле бастады. «Мәңгілік Ел» оқулығы жарық көрді (Алматы, 2015). Жаңа пәнді оқытудың маңызды жақтарына, (1) оны болмыстық құбылыс, тарихи кезең, әлеуметтік арман, ұлттық идея, қоғамдық-адамгершіл бағдар ретінде түсіну, түсіндіру; (2) ұлттық сана-сезім мен ұрпақтық рух тұтастығын қалыптастыру тәсілдері; (3) жаңаша ойлау машығын жетілдіру, тура да толық сөзді түгендеу мәселелері жатады. Мәңгілік Ел ұстанымын төрт іргелі талап тұрғысынан – (1) қазақ хал­­қының тарихи құбылыстары аясында талқылаудың, (2) Қазақ елінің әлеуметтік-мәдени үрдісі құрамында түсінудің, (3) Қазақстандағы дәстүр мен ұлттық тәжірибе инновациясының ара­қатынасы арқылы түсіндірудің, (4) бола­шақ Қазақстанның қоғамдағы және адамзаттық өркениеттегі алатын орны мен рухани маңызын анықтаудың қажеті артуда. Жаңа пән тарихи-философиялық, әлеуметтік-мәдени, психология-педаго­гикалық, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық білімдер аясында, тоғысында салалық мазмұнын қалыптастырмақ. Осы тұрғыдан «Мәңгілік Ел» пәнін – тарих пен тағдыр тұтастығына, ел мен заман бірлестігіне, адам мен халық тектілігіне тұрақтайтын бағдарлама; білімдарлықтың дүниетаным-бол­жам­дық, әлеуметтік-тәлімдік маңызы зор функцияларына негіз; философиялық-әдістемелі желіге, интегративті-инновациялық оқыту әдістеріне сүйенетін тәсілдер жиынтығы; пәнаралық әдістемеге, әлеуметтік-гуманитарлық білімдер жүйесін маз­мұндайтын қағидаттар арнасы деу орынды. Мәңгілік Ел идеясына жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбек­сүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел мұрасына тағат ету – біздің ортақ рухани күшіміз, әрі жоғары мақсатымыз. «Мәңгілік Ел» пәнін оқытуды жаңа деңгейге көтеретін факторлар: - оқу орнындағы ағартушы-педа­гоги­калық қызметті уақытысында құзырлы дең­гейге көтеретін талпыныстар; - оқулықтың идеялық мазмұнын, әдіс­темелі мән-мағынасын, тәрбиелік маңы­зын айқындай түсетін ұтымды ұсыныстар; - оқулықты әлеуметтік-гуманитарлық білім саласына енгізетін уәжді жүйелейтін бастамалар; - білім саласының жаңа субъектілерін қалыптастыруға бағытталған келісімді де кешенді педагогикалық жұмыстар. «Мәңгілік Ел» пәнінің мәні – мұрат өресі мен мүдде тетіктерін теңестіруде, адам өмірін ұзартуда және тазартуда, оның елдік және ерлік ұстанымдарын ұлықтауда ашылады; ерлік, елдік, естілік ұғымдарын түсіне білгенде, өмірдің жаңа жақтарын танып түсіндіре білгенде анықталады. Пән ұстанымы – қарым-қатынастың ішкі және сыртқы жүйесін тиянақтауға, соған лайық, қажетті дайындықты қалыптастыруға және азаматтың қазақстандық мүдде­сінің мәдени-тарихи маңызын қорғауға бағытталған. Жаңа пән бағдарламасы ХХІ ғ. дағ­дыларын қалыптастыруға, дамытудың мән-мағынасын ашуға бағытталған. Ол дегеніміз – 1) Мәңгілік Ел ұстанымына қатысты ақпаратты, материалды іздеу және жинақтау, талдау әрі түсіндіру функциясын қатар жүргізу, алуан ішкі ресурстарды зерттеуде сауаттылық таныту; 2) әлемнің біртұтас бейнесі – адам, табиғат және қоғам туралы білім қорларын толықтыру; 3) ұрпақ пен ұлттың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту; 4) білім алуға ұмтылатын, өз бойында патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға қабілетті жастар тұлғасын айқындау әрі демеу. Осыдан тағлымды білімнің жаңа субъек­тілерін қалыптастыратын кешенді педагогикалық жұмыстарға мұқтажбыз. «Мәңгілік Ел» пәнін оқытудың мақ­саты: - болмыстық құбылыс, тарихи кезең, әлеуметтік арман, ұлттық идея, қоғамдық-адамгершіл бағдарды түсіндіру; - ұлттық сана-сезім мен ұрпақтық рух тұтастығына, ұлттың өрлеу дәуіріне лайық­ты көпвекторлы жүйені сабақтау; - азамат пен ел, ел мен қоғам арасын­дағы татулықты, болашаққа деген сенімді нығайту; - ел болашағына жақындатқызатын жаңаша ойлау машығын жетілдіру, төте сөз бен жүйелі ойды толықтыратын өнерді түгендеу. Халықтың кіндік қаны тамған өлкеде басынан кешкен ірілі-ұсақты оқиғаларды көзге елестеткен сайын, жас ұрпақтың тарихи санасы оянып, танымы кеңейері хақ. «Мәңгілік Ел» пәнінің іргелі мін­деттері: - тарихи құбылыстардың үйлесу кезең­дері мен жаңғыру бағытын талқылау; - Ұлы даладағы әлеуметтік-мәдени қоз­ғалыстың қайнар көзін тереңірек зерттей­тін инновациялық тәсілдерді, технологияны ендіру; - Қазақстандағы дәстүрлі мұра мен инно­ва­циялық ағымдардың нысандарын зерделеп айқындау; - қазақ халқының қоғамдағы және адам­заттық өркениеттегі орны мен рөлін дәйектеп толықтыру; - қазақстандық дәуірдің болашақ өр­леуіне ықпалдас тұлғалық- әлеуметтік жау­ап­кершілікті күшейту. Іргелі міндеттерді ескеру – біліктілік пен кәсібилікке, қауымдастық шы­ғар­­машыл дәстүр мен ұлттық сана-сезімге сүйену; туған елдің бола­ша­ғына сенетін жаңа ұрпақтарды тәрбие­леу; гуманитарлық білімдер мен ғылымдардың атқарар қызметтерін үйлес­тіру; философиялық, көркемдік, тарихи, ғылыми еңбектердің рухани жаңғыртудағы мәртебесін көтеру. Осындай құнды ағымдарды жүзеге асыру, әрі сондай басты бағыттарды жаңғырту – болашақтың маңызды мә­селелерін реттеуге, яғни, әлеуметтік-гу­манитарлық ғылымдардың мәртебесін көтеруге, ғылымды жаңа қоғамдық және ұлт­тық мәселелерге бірдей бейімдеуге, ғалым­дар арасындағы шығармашылық және педагогикалық байланыстарды ны­ғайтуға, мәдениаралық талдау мен халықаралық байланысты кеңейтуге, әлеуетті күштерді шоғырландыруға демеулікті діттейді. «Мәңгілік Ел» пәні тұтас құбылысты, тұрақты үрдісті, басты бағытты әлеуметтік тәжірибе үндестігінің деңгейімен салыстыра талдайды; дүниетанымдық көзқарасты, адамгершіл түсінікті оқырманның рухани қазынасына, ұлттық идея деңгейіне көтеру қызметін атқаруға бейімделген. Осындай нұсқама кәсіби көзқарасты, жүйелі түсінікті қалыптастыруды маңызды проблема және талдаудың ресурстық түрі ретінде қабылдаудан құралады. Ұста­малы бағытта әрекетті ізденісті жос­пар­лай білсек, қарқыннан да, бағдардан да ұтылмаймыз. Жетілген тұлға, азаматтығы айқын орта ғана өмір мен елдің мәңгілігін толы­ғы­рақ түсінуге ықылас танытады; ел мәң­гілігі ұғымына жаңа мазмұн енгізеді. Оқу­­шының болашағы оның қаншалықты тырыса оқып, мәліметтерді тереңірек талдау үлгісіне білікті болуына байланысты.Білім мен өнердің құндылығын, бірлік пен биліктің беделін жоғары тұтқан халық тыныштықта, теңдікте тату өмір сүрген, келістілер ұзақ уақыт мамыражай өмір сүр­мек. Мәңгіліктің дүниетанымдық негізін ұқпай жаңа терминдер мән-маңы­зын келте қайырып, жаңсақ түсіндіру етек алуда. Сы­ңаржақтық қашан да қауіпті. Бұл тұрғыда пәнді оқытатын жоғары саналы маман, озат педагог майталмандардың атқарар қызметі мен жауапкершілігінің мән-мағынасы көзбе-көз артпақ. Ұстаз мәдениеті ұлттық тәрбие тағлымының өміршеңдігін дәлелдейтін педагогикалық шеберліктен, жас өспірімге жанашыр болу, оның өзін-өзі танымақ, қай­сар кейіпкер болмақ талпынысына қолдау жасаған әдет-ғұрпынан білінеді. Әдепті және кәсіби сауатты оқытушы елдің құндылығын жаң­ғырту арқылы ұрпақтық санаға серпіліс енгізеді, сол ізгілікке ниет­тенеді. «Мәңгілік Ел» пәні білімнің жаңа рационалды және синтетикалық түрлеріне сұранысты арттырады, білімділік жүйе­сінің тұжырымдамалы негізін және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік тудырады. Мұнда танымдық, мәдени-саяси, ұйымдастыру және тәлім-тәрбиелік міндеттер тоғысады. Жеке оңашада пәннің маңызын әркім өзінше қабылдайды, тіл және ойлану байлығы деңгейінде түсінеді. Ал, жаңа пәннің танымдық-тағлымдық маңызын бірлесе талдап, пікірталаста тал­данса, ондай ұғым терең, ой өрісі жан-жақты әрі толық болмақ. Пән әлеуметтік, рухани-діни, идеологиялық сұраныстарды қабаттастыра өтеуге бейім. Жаңа пәннің ұғымдық қоры мен тұжырымдау ережесін жаңарту күтерлік жай, орындайтын міндет. Жаңа пәннің маңызына институционалды көзқарас пен қауымдастық кәсіби қолдауды қатар жүргізу – тың да қарқынды бастама. Пәнаралық байланыс пен мәдениаралық сұхбат­тастық «Мәңгілік Ел» пәнінің таным­дық қуатын, елдік тәрбиенің ұлт­тық тәжірибесін, гуманитарлық ықпал­дастық шеңберін арттыра түспек. Мұн­дай бастамадағы ел болу өнеріне мәде­ниаралық талдау жасалынса және үстаз-ғалымдардың халықаралық тәжі­рибесін сол деңгейде жетілдірсе, тәлім­герліктің өтімді де пайдалы жақтары өркендейтіні күмәнсіз. Тарихи оқиғалардың түрлі көріністерін, олардың жетекші күштерін толығырақ түсіну және түсіндіру үшін тарихи талдауды, оның ғылыми негізін қалыптастыруды, теориялық тұжырымдауын қатар жүргізу қажет. Тарихи құштарлықтың келесі сатысы ғылыми әдістемелік деңгейде жалғасады. «Тарихи зерттеу методологиясы дегеніміз – нақты мәселеге (тақырыпқа, жобаға) қатысты деректер мен айғақтарды біліктілікпен айна қатесіз табу әрі солардың байланысы мен қисынын талдау негізінде тарихи үдеріс пен оқиғаның бастау көзін, барысын, ірілі-ұсақты нәтижесін, себептері мен салдарын, қысқасы, барша болмыс-бітімін, құпиясы мен жұмбағын халықтың һәм мемлекеттің өз дәуірі мен кезеңіндегі мүддесі биігінен, тұлғаның әрекеті мен жаһандық ахуалды ескере, ғылыми тиянақтау – жаңалық ашу, ақиқатты айту амал-тәсілдері» (Ханкелді Әбжанов. Ұлттық және ортақ түркі тарихын зерттеу методологиясы. //Ақиқат, №2,2016, 76 б.). Ғылыми таным аясында әлемдік, қоғамдық дамудың жаңа парадигмасы қалыптасады, болашақтың белестері белгіленеді, әлемдік деңгейдегі тартымды байланыс пен өзара түсіністікті жетілдіретін әдістер ұсынылады. Ынталы ықыластар бейбітшілікке жол бастауымен, қауіп-қатердің алдын алуымен құнды. Біржағы, қазіргі тіршіліктің тұтастығы мен тұрақтылығына ықпал ететін, біржағы әлемді күш көрсетуден, терроризмнен, ядролық қауіптен сақтандыруға ар­налған пайдалы іс болмақ. Өмірге құш­тар тұлға өзін ішкі күйзеліске және сыртқы дағдарысқа ұшыратпайды, түрлі қиындықтан білгірлікпен және төзімділікпен алып шығады. Бірлескен талдауға алдымен педагогикалық тәсіл мен тәжірибенің атқарар қызметі өте зор. Ал, технологиялық құрал-жабдықтар пәннің бейнелілігі мен икемділігін, білім берудің тиімділігін қалыптастыруға, тыңдарманға жылдам жеткізуге мүмкіндікті арттырады. Десек те, техникалық құрал-жабдықтар педагогикалық тәлім-тәрбиелік іс-әрекет­терге қосымша демеушілік ететінін ұмыт­пау абзал. Айтпағымыз, бұл пәнді оқытуда: (1) ұстаздың педагогикалық тәсілін жетілдіру, (2) еркін сұхбаттасып, өзекті мәселені бірлесе ашық талқылайтын дәстүрді жүйелеу, (3) институционалды көзқарас пен қолдауды қатар жүзеге асыру бірге жүргізілсе, сонда ғана білім берудің дүниетанымдық және ағартушылық деңгейі көтерілмек. Тарихты, дәстүрді, мәдениетті үй­лес­тірмек пәрменді қимыл-әрекеттер оқу­шының, тыңдарманның өзін-өзі ұстай білу және басқару қабілеттерін жетілдірмек, білім беру жүйесінің гуманитарлық мазмұнын толықтырмақ, ел басқарудың тәсілді тәжірибесіне жол ашпақ. Үш сапалық деңгейді бір-бірімен ұштастыру – шеберлікті шешендікпен, даралықты әлеуметтік күштің құрамына ендіретін интеграциялық тың тетіктермен толықтырса, онда әр бастаманың тиімділігі артпақ. Әркім өз ортасында әлеуметтік-мәдени байланыстарды кеңейтсе, онда оралымды тәсілдер мен жарамды жолдар бір-бірімен сабақтасады. Идеялық, теориялық, әдістемелі, мәдени мұралық негіздер бірін-бірі толықтырып жатса, ондай икемділік білімнің, мәдениеттің, ұлттық тәрбиенің ықпалын әр салада арттыруға ықпал етпек. «Мәңгілік Ел» идеясына қызығу­шылық та, мемлекеттік қолдау да артуда. Бұл проблемаға деген көзқарас жас­қа да, білім деңгейіне де, өмір салтына да тәуелді. Ең бастысы, елге, жерге деген өркениеттік түсінік, қатынас қажет. Ерекше өркениеттіліктің пайдасы және қажеттілігі неде? - азаттықты аңсаған ата-бабалары­мыздың арманы және нұрлы жолында; - рухани қазына мен тарихи жәдігер­лік­тің тұрлаулы өрісінде; - қоғамның адамгершіл қалпын то­лық­тыратын халықтық дәстүр мен мәдени ынтымақтастықтың басым қал­пында; - халықтық бірлестікті, адами құн­ды­лықтарды жаңғыртуға бағыт­талған ұстанымда. Қысқасы, мәңгілікті ұлықтайтын идеялық ұстанымда. «Мәңгілік Ел» идеясы – (1) тәуел­сіздікке тұрақтайды, іріктелген тұлға­лықты тірек етеді; (2) елі сүйсінер бастаманы жинақтайды, ұлттық мәдениет құнды­лықтарын жаңғыртатын пайдалы іс-әрекетті насихаттайды. (3) халық қазынасының жиынтығы, тарихи жәдігерліктің көрінісі, ерлікке арқау, елдікке бастау боларлық тартымды тұжырымдар желісі; (4) қоғамның рухани жаңғыруын, адамгершіл қалпын толықтыруға арналған қисынды демеушілік. «Мәңгілік Ел» идеясы дүниенің әлеуметтік көрінісін, әлеуметтік кеңістік-уақыт аясындағы эволюциясын сипаттайды, қоғамдағы әлеуметтік-тарихи үрдістердің үйлестігін тұтастайды; өмірлік талпыныстың түрлерін тарихи жағдаймен оңдастырады. Оқу жүйесінде қоғамдық қажеттілікке үйлестікті, ұйыт­қушылықты іздестіреді. «Мәңгілік Ел» идеясының ғылыми-әдістемелі негізін, жобасын жасақтау – келелі мәселе. Мекем идеялардың арқауы – Қазақстанды ме­кендеген халықтың қасиетті ортақ Отанында; ертеңгі болашақтың қорғаны болатын жас ұрпақтар қабілетінде; қазақ­стан­дық патриотизмді сергітетін тартымды іс-әрекетте; азаматтық қоғамдағы белсенділікті орнықтыратын елдік бет­бұрыста; елдік бастаудың халықтық талға­мынан өткен тәлім-тәжірибеде. «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғырту – Ұлы Даланың мұрагерін көне ұлттық дәстүрлердің жалғастырушысы ретінде таныту, үйлесті ұмтылыс пен жарасымды мәдени өмірдің кеңістігін кеңейту, қауымдастық дәстүрді жаңа та­лапқа орай дәйектеу. «Мәңгілік Ел» ұстанымы – әлемдік, қоғамдық, ұлт­тық, тұлғалық ерекшеліктерді өзара үйлестіруге жол іздейді; қазақ­стандық жастарға гуманистік білім алуға әлеу­меттік жеңілдіктерді пайда­лануға жағдай тудырады; өмір кеңістігін тартымды, таза, сапалы, сәнді ететін тәжірибе түрлерін топ­тас­тырады; қазақстандық біртек­тіліктің негізі және қозғаушысы болатын бола­шағы біртұтас ұлтты қалып­тас­тыруда, оның идеясын ілгерілете, құнды­лықтарын қолдайды; өрелі өріске ортақ бағытты тиянақтайды, әйтсе де, біржақты, тіке арна болып қалмайды. Жаңа пәннің маңызына институцио­налды көзқарас пен қауымдастық кәсі­би қолдауды қатар жүргізу – тың да қар­қынды бастама. Пәнаралық байланыс пен мәдениаралық сұхбаттастық «Мәңгілік Ел» пәнінің танымдық қуатын, елдік тәрбиенің ұлттық тәжірибесін, гуманитарлық ық­палдастық шеңберін арттырмақ. Содан, жаңа пәннің мән-мазмұнын сараптайтын ғылыми-әдістемелік орталықтар кеңес­теріне мұқ­таждық артуда. Ғылыми-әдістемелі орталықтар: 1) «Мәңгілік Ел» туралы алуан мәліметтерді біртұтас ғылы­ми жүйеге келтіруге, 2) түрлі ізденістердің қолтаңбалы сипаттары мен жақтарын анықтауға, 3) жаңа пәннің дүниетанымдық және тәрбиелік маңызын ашатын әдістер жүйесін жинақтауға, 4) білім саласында пәнаралық байланыстарды кеңейтуге, 5) гуманитарлық өзара ықпалдастықты кең таратуға тікелей араласуымен құнды. «Мәңгілік Ел» ілімі – индустриялды-информациялы қоғамдық дамудың жаңа қарқынынан, қоғамдық прогресс сұранысынан туындайды; - ұзақ мерзімді білім алуды нысаналы бағ­дарға жұмылдырады; - қоғамдық дамудың маңызды факторын, білімдар-патриотты қауым­дас­тықтың ғылыми және ағарту қызметін бетке ұстайды; - білім мен ақпаратты өндіруші күш ретінде пайдалану дәстүрін жаңғыртады; - білім мен ғылыми инновациялармен өлшенеді, ғылыми-зерттеулер деңгейіне, сапалы мамандардың белсенділігіне сүйе­неді: - жаңа ұрпақтың «білім – ғылым – инновация» арнасындағы ынта-ықыласын, жөн-жобасын бағдарлайды; - ұлттық және жаһандық білім базасын қолдау басымдықтарын жандан­дыруға бағытталады; - мәдени кеңістіктің дәстүрін, тари­хын, саясатын, экономикасын адам­заттық игілікке айналдыру тәжіри­бесін іріктейді; - ұлттық мүдде тұрғысында – мәдени мұра құндылықтарын білімдік айналымға, оқу бағдарламасына енгізуге ықпал етеді. «Мәңгілік Ел» бастамасы ұлы мақ­сат­тарға жетелейтін, бейбітшілік пен келі­сімді, ұлтаралық татулық пен толе­рант­тылықты сақтайтын игі қадам, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат. «Мәңгілік Ел» пәнінің күретамырлық басымдықтары: Жалпыға ортақ қазақстандық біртек­тілікті, құзырлы білгірлікті білім бағдарла­масына ендіретін факторларды жүйелеу, жаңғыру қарқынын жалпыұлттық қағи­датқа айналдырудан; Болашағы Біртұтас Ұлтты нығайтудың формуласын дәйектеу, болашаққа деген халықтық сенімді қалыптастыру, орнық­тырудан; Елдік құндылықтарды ортақ ұлы қа­зы­наға айналдыруды оңтайландыратын тәсілдерден нәр алады. Осындай баста­малар педагогикалық тәжірибені нығай­татын қоғамдық кеңестің қызметін жандандыруды, институттық негізін қалып­тастыруды қажет етеді. Мәңгі елдің тарихи, әлеуметтік-мәдени, ұлттық қо­ным­дары – бүгінді бұрынғымен және бола­шақпен теңестіретін тарихи кезең мен қоғамдық құбылыстың жасампаз әлеуе­тінде; жалпыұлттық мұрат пен ұлттық бағдардың тұтас бір өрнегінде; болашаққа арналған реформа мен инвестиция қуатында; ұлттық рух пен ұлттық сана-сезімді үйлестіретін пәрменділікте; егеменді елдің іргетасын әлемдегі күшті мемлекеттермен иық тірестіруге лайықты қарқындарда түзеледі, түген­деледі. Бұл елдікке бетбұрыс, яғни, ұлттың өрлеу дәуіріне өтпелі де өміршең кезең; қазақ ұлтын өз тарихы мен мәдениетіне шоғырландыратын орайлы сәт; басқа халықты біріктіретін, ұйыстыратын төте жол; жасампаз елдің жаңғыруын үдететін үрдіс; әлемдік уақыт талқысына дайындық, елдік бастауға деңгей-дәреже. «Мәңгілік Ел» идеясының ғылыми негіздері мен жолдарын жасақтау – күн тәртібінде тұрған келелі мәселе, жүйелі сараптама. Жүйелі сараптама – балғын жастарымызды нағыз ер мінезді жігіттер етіп немесе қыз мінезді биязыны тартымды жан етіп тәрбиелеу үшін; жарасымды жастарға лайықты жұғымды қасиеттердің қажеті мен қадірін көтермелейтін кейіпкерлерді қалыптастыру үшін; инновациялық ізденіс пен әлеуметтік өзгерістерді іріктеу, оларды басқару үшін керек. Жүйелі сараптау дегеніміз келелі міндетті нақты түсіну, дұрыс түсіндіру, шешудің тартымды мүмкіндіктерін іздестіру, тиянақты жолдарын іріктеу; бойда ұқыптылықты, үйлестікті, үнемшілдікті, ұстамдылықты қалыптас­тыру, ұлағатты ұмтылыстың қонымды арнасын ашу; тұлғалық қайсарлықты қамшылау, қарым-қатынаста шыдамдылықты, шымырлықты, шынайылықты мінез тірегіне айналдыру, сын сағатта - өзін-өзі белсенділікте қорғатқызатын дағдыны демеу; адамның жан-дүниесін жақын­дат­қызатын сырластық, пікір алмастыратын, адамдармен тіл табысуға үйрететін ашық сұхбат, оның жұғымды жөн-жо­ралғысын қошаметтеу; әріптесті көңіл-күйді түсіретін бос кеуде­ліктен, аяқ шалыстан сақтандыру, кө­рін­генге еліктеушілікке ұрындырғызбау; адамгершілікті әлдендіру, оның әдебін үйрету арқылы иманды, ибалы, икемді болу, серіктесті ішкі дағдарыстан шы­ғаратын іргелілікке бел буу; елдік үшін ерліктен, еңселілік пен еп­тіліктен тайынбайтын ұстанымға, тапқырлыққа, тәжірибеге оралу, отан­дық рухқа дем беретін елдік түйсікті, адамгершіл байлықты ұлағаттайтын халықтық дәстүр-салтты жандандыру; әр шаңырақтың ақылшысы да қам­қоршысы, әр әулеттің көшбасшысы да болатын азаматты баптау; отбасындағы бірлік пен береке тетік­терін сабақтау, арақатынастағы ортақ ықылас пен ырысты дер кезінде бағалау; күнделікті тіршілікте өзін-өзі ұстай білетін, көрсете алатын, өмірде өзін ширақ та сергек ұстайтын отағасы мен отанасының дағдысын тәрбиелеу; өнімді де өнегелі іс-әрекеттердің тә­лім­дік мөлшерін айқындау, тәлімді өмір­лік бағдарға айналдыратын талпынысты таңдай білу; қазақтың ескіден келе жатқан құнды­лықтарын сақтау – ұлағатты салт-дәс­түрді әрдайым жаңғырту, ал сабақтау – жастардың мерейлі де саналы міндеті екеніне көзін жеткізу. Бұл қадымды құл­шыныстар Қазақ елін тұлғалы да тартымды елге айналдырудың жөн-жобасы. Қазақты тұлғалы ел-жұртқа айнал­дыру әлеуеті – тұлғалық іс-әре­кеттердің жүйелі түрінде, креативті талғампаз белсенділігінің гуманитарлық бағдары мен дәстүрінде; құлшынысты ұстанымдардың тиімді­лігін, құндылығын дәстүр мен инновация аясында саналы арттыруда; қазақтың тұлғалық, интеллектуалды, азаматтық әлеуетін үйлестіруде; рухани жаңғыру аясында әлеуметтік-гуманитарлық білім мен кәсіби білгірлікті толықтыруда; Қазақ елінің сұранысын мақсатты із­деніс пен іс-әрекетке туралайтын адами тиянақтылықта көрініс тапқан. «Мәңгілік Ел» пәні – салааралық бі­лім­дер синтезі, принциптер үлгісі: - заттық танымды, мінез-құлықтағы және әлеуметтік қарым-қатынастағы іс-әрекетті, болашақ туралы болжауды ортақ бір жүйеге ырықтау бағдарында; - тарихи-мәдени мұраларды сақтау, мұра құндылықтарын қоғамдық қажет­тілікпен сабақтастыру әдістерінде; - бастаманы интеллектуалды дамы­ған ортаның мүддесіне орай қалып­тас­тыратын интегративті жүйеде; - бүгінгі ұрпақ пен болашақ ұрпақ­тардың мүдде-мұратын есепке алу, солармен есептесу үлгілерінде; - елді біріктіру, ұлтты тұтастандыру өлшемдері мен тәртібінде, олардың жаңа құн­дылықтарын тарату ережесінде; - халықаралық мәдениет пен әлемдік өркениетпен үйлестіру тәжірибесін іріктеуде және ілгерілетуде. Жауапты мәселе – «Мәңгілік Ел» пә­нін оқытуға, оны білім беру жүйе­сіне ендіру жұмыстарына қатысты. «Мәңгілік Ел» пәні – (1) әркімді ойшыл­дыққа, отаншылдыққа, патриот­тық сезімге тартатын нысаналы тетік; (2) халықтың тарихи және ұлттық санасын түлететін әдістемелі де идеологиялық құрал-сайман; (3) адамды тұлғалайтын әлеуметтік сипаты айқын рухани күш пен әдістеменің бірлестігі. Пәнді игілікке ұластыру дегеніміз жаңа әлеуметтік саясатты кең аудиторияда тыңдарманға ұғындыру; әлеуметтік және әдістемелі еркіндікте жас ұрпақтың естілігі мен ептілігін өзара ұштастыру; ұқыптылықты, ұлағат­тылықты, үнемдеу әрекеттерін бір-бірімен үйлестіре тиянақтау; отаншылдық сезімін бастау мен баптауды ұлттық мүдде тұрғы­сынан бүтіндеу; өзіндік әрекет пен өзіндік тәрбиеге басымдық таныту; ұлттың рухани жаңаруын ғылыми негізде жандандыру. Осы дәстүр мен өнерді педагогикалық тәрбиенің құралына айналдыру – гуманистік ынтымақтастықтың шарты. Қазіргі жаңа заманда ұлттың тарихи санасы мен бүкілқазақстандық бірегейлікті қалыптастырудың; интеллек­туалды тұл­ғаның әлеуетін қалыптас­тырудың және интеллектуалды ұлттың мәр­тебесін көтер­мелеудің, бауырлас елдер­дің жағымды, жағымсыз сабақтарын саралаудың, жаһандық өркениеттің өрнек­терімен есептесудің прак­тикалық маңызы анағұрлым ұлғаюда. Осы тұрғыдан қарастырсақ «Мәңгілік Ел» қағидасында зерттеудің идеялық-теориялық шеңбері кеңеймек, әдістемелі құрылымы жетіл­мек, тақырыптың ауқымы саналуан құбылмақ, өмір тәжірибесіне сүйенетін оқыту-педагогикалық тәсілдері жаңаша жүйеленбек, әрбір әлеуметтік-мәдени көрсеткішті өлшеудің мерзімі ұзарып, салааралық ізденіс түрлерінің өзара ықпалдастығы артпақ. Бұл пәнді оқытуда: (1) ұстаздың педа­гогикалық тәсілін жетілдіру, (2) еркін сұхбаттасып, өзекті мәселені бірлесе ашық талқылайтын дәстүрді жүйелеу, (3) инсти­туционалды көзқарас пен қолдауды қатар жүзеге асыру бірге жүргізілсе, сонда ғана білім берудің дүниетанымдық және ағартушылық деңгейі көтерілмек; үш арнаның қозғаушы күштерін іздестіру, олардың жаңа әлеуетін нақты іс-әрекетке тартатын алуан шаралар шоғырланбақ, жүзеге аспақ. Тиімділіктің түрлерін бір арнаға, ортақ жүйеге келтіру, 1) білім мен тәрбиені бір ағымда басқаруға, 2) әлеуметтік-гуманитарлық оқу жүйесінің ұзақ мерзімді бағдарын жасауға, 3) қос бастаманың ұлттық сипатын анықтауға, оларды әлемдік талғаммен үйлестіруге назар аудартады. Сапалық деңгейді бір-бірімен ұш­тастыру – шеберлікті шешендікпен, даралықты әлеуметтік күштің құрамына ендіретін интеграциялық тың тетіктермен толықтырса, онда әр бастаманың тиімділігі артпақ. Әрбір іс нақты, әрбір бастама нұсқалы да ауқымды болған кезде, «Мәңгілік Ел» идеясын, бағдаршамын, пәнді насихаттайтын тәсілдер алуан болмақ, бірін-бірі толықтыратын идея­лық, теориялық, әдістемелі, мәдени мұралық негіздер бірін-бірі толықтыруға икемделінеді. Әдістемелі икемділікте білімнің, мәдениеттің, ұлттық тәрбиенің ықпалы әр салада артады. Мекем идеялардың арқауы – халықтың отбасы, Отан мәртебесін көтеретін қасие­тінде; болашақтың қорғаны болатын жас ұрпақтар қабілетінде; қазақстандық патриотизмді сергітетін тартымды іс-әре­кетте; азаматтық қоғамдағы бел­сенділікті орнықтыратын елдік бетбұрыста; елдік бастаудың халықтық талғамынан өткен тәлім-тәжірибеде. Мәңгілік Ел идеясын танымдық және әлеуметтік маңызын әр оқырман тұтас та толығырақ түсінуі керек, әр ұстаз оны дәйекті де дәлірек түсіндіруі керек, ел азаматы оны елдік дамудың бола­шақ бағдарымен ұштастыра білуі абзал. «Мәңгілік Ел» идеясының ғылыми негіздері мен жолдарын жасақтау – күн тәртібіндегі келелі әдістемелі әлеуметтік мәселе.

1647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз