• Еркін ой мінбері
  • 21 Желтоқсан, 2017

“Сағындым Алматымды” әні және композитор

Назым САМЕТ, «Ақиқат» қоғамдық-саяси журна­лының штаттан тыс тілшісі

Алтынбек Қоразбаев (1 ақпан 1948 жыл, Жамбыл облы­сы, Меркі ау­даны, Қызылсай ауылы) – қазақстандық композитор, әнші. Қазақ­стан ха­лық әртісі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының ие­гері. Қырғызстанның Халық әртісі.

– Неміс ақыны В.Гёте: «Музыка өнері – ерекше дарын иелерінің қуат алатын қайнар көзі. Оны сезіну, дүниеге әкелу ұлы адамдардың қолынан келеді» – деген. Өнерге келуіңіз жайлы айтсаңыз. – Ұлы деген сөз әркімге тән емес. Мен өзімді ұлымын деп айта алмаймын. Ұлы сөзі санаулы тұлғаларға ғана тән. Дүниеден өтіп кеткен Роза Тәжібайқызы Бағланова, Нұр­ғиса Тілендиев сияқты аға-апаларымызды, кешегі өткен Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали ағаларымыз бен көзі тірі Бибігүл Ахметқызы апамызды ұлы тұлғалар дейміз. Халқымның қарапайым өнер адамымын. Өнерге келу – әкенің күші мен ананың сүтінен дариды. Өнер маған нағашыларымнан келген. Көзді ашып, тәй-тәй басып, тіл шыққаннан бастап, ән-күй, домбыра десе құлағым елең ете қалатыны рас болған. Қызылсай деген кішкентай ауылда соғыстан кейін дүниеге келдім. Соғыстың өртін көрмесек те, соғыстың алапаты мен қасіретінің лебін сездім. Соғыстан кейін елдің әл-ауқаты қиын болды. Қызылсай таудың бөктерінде орналасқан 70-80 шаңырағы бар кішкентай ғана ауыл. Мұндағы тұрғындар малын бағып күнін көрген. Шешем 15-16 құрсақ көтерген. Соның ең кенжесі менмін. Ұлы Отан соғысы аяқталып, жергілікті халық бейбіт өмір сүре бастаған шақта 1948 жылы дүниеге келіппін. Менің өз құрбы-құрдастарымнан бір ерекшелігім, менің о бастан екі әкем мен екі анам болды. Біздің ауылда сол бір жылдары ағайын-тумалардың балаларын асырап алу әдеті дәстүрге айналған бо­латын. Сол дәстүр бойынша, мені әкемнің немере інісі Қоразбай атам мен Үпина анам асырап алады. Бірақ, өз әкем жас келгеніне байланысты, соғысқа бармаған. Шешем 45-те, әкем 60-тан асыңқырап қалған кез екен. Ең кенжесі болғаннан кейін, ырым қылып, Алтынгүл есімді әпкем атымды Алтынбек деп қойып, менің оң құлағымды тескен. Оң құлағымда әлі де сырға өтіп кететіндей тесік бар. Сосын, төбе шаш қойған. Төбе шаш, бұрым деп жатады. Әне-міне деп бірінші сыныпқа мектепке бардым. Шашымды кеспеген, сырғамды алмаған қалпымдамын. Түр-түсім өзгеше сарғыштау келген. Тарихта қазақтардың нағыз түр сипаты сарғыштау келген дейді ғой. Мектепте артымда отырған балалар шашымнан тартып, мазақтайтын. Әлі есімнен кетпейді. Әпкеміз ырым жасап, кішігірім жиын-терен қылып, шашымды қырқып, сырғамды алып тастады. Аппақ, дөңгелек күміс сырға екен. Екі әкем болды деп айтып өттім. Мен екі үйдің арасында тең өстім. Ауылда ол кезде өнерпаздар жоқтың қасы. Ауылдағы әкемнің інісі Пернеш көкеміздің үйінде домбыра болатын. Сол домбыраны әкем сұратып жатыр деп аламын. Егер, өзіме керек десем, бермейді ғой. Домбыраны алып келіп ешкім үйретпесе де, шертіп, дыңылдатып отыратынмын. Сөйтіп жүргенде, Бішкекте (ол кезде Фрунзе) ауыл шаруашылық техникумында оқитын жалғыз ағам бір келгенінде маған мандалин әкелді. Үйге үш-төрт айда бір келетін. Мандалин еуропаның сегіз ішекті музыкалық аспабы. Қалай бұрап, ойнайтынын, ештеңесін білмедім. Бірақ, ағам былай-былай бұрайды деп көрсетіп берген соң, өз бетімше үйреніп кеттім. Ол кезде мен 7-8 жастамын. Мандалинның құлағында ойнайтын дәре­жеге жеттім. Орыстың частушкаларын, қазақтың халық әндерін мандалинде ойнай беретінмін. 1938-39 жылдары қасымыздан 3 шақырым жерде Гранитогорскден орыс ұлты қаптап көшіп келді. Таудың алқабын, мөлдір бұлақтардың бойын, өзендердің жағасын, қалың тоғай-ормандардың етегін орыстар жайлай бастайды. Біздің қазақтар орыстардың (қара шекпен) өзінен, қара шекпенінен қорқып Қызылсай жаққа көшіп кетеді. 1937-38 жылдардағы ашаршылық заманында Қызылсайдан кішкентай үйлерін салып күн кешеді. Қай бір жетіскен үй дейсің? Жапа тамдар. Ол кезде ол ауылды Қоңырбай ата қыстағы дейді екен. 70-80 үйде шамамен он бес, он алты ақсақал болған. Әр төбені, әр бұрышты, әр бұлақты мынау сенікі, мынау менікі деп бөліп отырған. Әне-міне дегенше соғыс басталды. Соғыс кезінде ер азаматтың бәрі әскерге аттанды. Қызылсай қаңырап бос тұр. Кілең кемпір, қыз-келіншек, әйелдер қалған. Соғыстан тірі келген азаматтар екі-үш көше үй салады. Әлі есімде, біздің ауылда ағаш өте сирек болатын. Таудың алқабында, екі көшенің ортасында кішкене бұлақ су ағып жататын. Суды самаурынға я қазанға қайнатып, тіпті, сол жерден ішетінбіз. Қазір заман басқаша ғой... Міне, сол ауылда дүниеге келдім. Үлкен әкем қайтыс болғаннан кейін, екінші әкем Қоразбай (екінші демеймін, өз әкем деймін) ақсақал мектеп-интернатына оқуға береді. Мектеп интернатында бірдей киім үлгісі, бір уақытта тамақтану режимі сақталған. Ең алғашқы рет баян мен күйсандықта ойнауды мектеп-интернаттағы домбыра үйірмесінен үйрендім. Домбырада бірге қосылып күй шертетін бес-алты бала едік. Арасында ән айтатындары да бар. Әкем екі қатарлы гармошка (хромка) алып бер­ген. Қара гармошканы ойнағанда, бүкіл интернаттың балалары менің артымнан қалмайтын. Орысша айтқанда, «первый парень в деревне» дегендей, интернаттың ең бірінші музыканты мен болдым (күлді). Қара гармошканы ойнағанда, үлкені де кішісі де билеп кететін. 1958-59-шы жыл­дарда, теледидардың енді тарала бастаған жылдары. Радионы кейде ғана тыңдауға мүмкіндік болатын. Пионер көшбасшысының (пионер вожатый) бөлмесінде, қызыл бұрыштағы теле­дидарды көру үшін кезекке қоятын. Теле­дидар көру тек демалыс күндері рұқсат етілетін. Өйткені, басқа күндері сабақ оқимыз. Қазақстанның телеарналарын ауылда көрсетпейтін. Тек,Қырғызстанның «Қырғызстан-1» атты бір-ақ арнасын көреміз. Қолымыз қалт етсе, Қырғыздың атақты Мәскеудің (Мысқалаже) кремілінде ырдаған әндерін тыңдаймыз. Ән айтып жатқан кезде бір нотаны екі-үш минутқа дейін дем алмай созып тұратын Қырғыздың атақты Тоқтағұл деген әншісі болатын. Тоқтағұл «Алымхан» деген әнінде: «-Атқа да бір салған дүлдейсің»-деп созып тұрған кезде, елдің айтуынша Сталин таң қалыпты дейді. Маған дос болған Қыдырбек Чодро­­мовты, атамдай болған Эстебес Тур­су­на­лиев деген ақсақалды теледидардан көре­тінбіз. Елху Досмайылов атты ағамыз жағрапиядан сабақ беретін. Өнерлі кісі еді. Бес-алты күй білетін және баянда ойнайтын. Біз сол кісіге ілесіп, еліктейміз. Жағрапия пәнінен сабақ берсе де, әжептеуір музыкант болатын. Баянда өте жақсы ойнайтын. Нота танымаса да, аспаптарда шебер ойнайтын. Менің алғашқы рет музыкадан тәлім-тәрбие алуым Қызылсай ауылындағы мектеп-интернатынан басталған. Сегізінші сыныпты тәмәмдап, он бес жасқа келген шағым. Әртіс, музыкант боламын деген арман мені Жамбыл қаласына алып келді.Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің директоры, ардақты ағамыз Шора Теміровке барып, құжатымды өткізіп, училищенің студенті болып шыға келдім. Бірінші курстың өзінде, төрт курстың бағдарламасын меңгердім. Садықан Әубәкіров ағамыздың дирижерлігімен (концертмейстер) 30 адамдық шағын оркестр болған. Домбыраны меңгергенім сондай, 40-50 күйді бірден жаттап алғанмын. Бәлкім, осы қасиетімнен шығар, Садықан аға мені бірінші пультқа отыр­ғызып қоятын. Алғашқы домбыра пәнінен нота бойынша сабақ берген ағам Әбілхат Төлешов болды. Өзімнің жерлесім, Меркілік Қырғызбай Айнақұлов есімді ағам нота тану, дирижерліктің әдіс-тәсілдерін үйрететін. Бәрі кетті ғой бұл дүниеден... (ойға шомып, сәл кідірді). Училищені өте жақсы бітірдім. Содан, Шора Теміров директор ағай мені тура қолымнан жетектеп, қабылдау комис­сиясының төрағасы Әлім Қойшыбаев деген композитор ағамызбен таныстырып, барлығын түсіндіріп айтып береді. Міне, Теміров ағаның қолдауымен Алматы мемлекеттік консерваториясына, домбыра бөліміне оқуға түстім. Ешбір сабақтан сүрінбей өтіп, алты жыл консерваторияда оқыдым. Менің екі мамандығым бар. Біріншісі, домбырашы мұғалім. Екіншісі, Қазақ оркестрінің дирижері. Сексеннің сеңгірінен асқан Алдаберген Мырзабеков, домбырадан сабақ берген Ғабидолла Тастанов ағаларымыздың есімін мақтанышпен айтамын. Консерваторияны өте жақсы тәмәмдадым. Консерваторияда оқи жүре, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде үш-төрт жылдай домбырашы болып қызмет еттім. Бұрында бәрі басқаша болатын. Оқу біткен азаматтарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жұмыс табылатын. Қазіргідей жұмыссыз жүру жоқ. Мәселен, екі жыл қатарынан Мемлекеттік емтиханның төрағасы болдым. Мектептен түлеп ұшқан азаматтарға оқуға қайда түсесің деп сұрасаң, Алматы немесе Астана деп қана жауап береді. «Неге еліміздің басқа да қалаларына (Атырау, Өскемен, Талдықорған т.б.-ға) барып оқымайсыңдар?» десем, «Жоқ, Алматыда қаламыз» – дейді. Неге ауылды жерлерге барып білім алмасқа? Ауылына кетіп жатқандар бірен-саран. Барлығы Алматыға келуге ұмтылады. Бірақ, бітірген соң, жұмыссыз жүреді. Міне, қазір сондай заман. Биыл консерваторияда шамамен 16-17 азамат домбыра бөлімін тәмәмдады. Міне, солардың біршамасы жұмыссыз той-томалақта күнін көріп жүр. Көп болса, бір-екеуі ғана Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестріне немесе Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға жұмысқа кірген шығар. Қазақконцертте болса, орын жоқ. Оқу біткеннен кейін, арнайы шақыр­тумен Жамбыл облысына бардым. Ол кезде отбасын құрып, екі балам өсіп жатқан кез еді. Бірақ, үй жайы қарастырылмаған. Менің негізгі арманым қазақтың ұлт-аспаптар оркестрін құрып, соған дирижер болу. Ойымдағыдай оркестр әлі құрылған жоқ. Оны ұйымдастыру керек. 25-26 жастағы кезім. Сол жылдары «Алатау» эстра­далық жастар ансамблі құрылған еді. Облыстық партия комитетінің хатшысы, қазір Мәдениет үйінің орынбасары 80-нен асқан Ғайникен Бибатырова апайымыз: «Екі бөлмелі үй береміз. Келіп, «Алатау» ансамблінің көркемдік жетекшісі бол» – деді. Келістім. «Алатауды» жеті жыл бойы басқардым. Жаңа үш-төрт бағдарлама құрдық. Құрамында отыздан аса биші, домбырашылар, күйші, қобызшылар бар. Эстрадалық бөлімге дейін қарастырылған. Бір жағынан директоры, бір жағынан көркемдік жетекшісі ретінде «Алатау» ансамблін бірнеше рет шет елдерге апарып, Қазақстанның барлығын аралап шықтық. Ең жігерлі жасымыз сол «Алатау» ансамблінде өтті. 1980-ші жылдардың басында облыстық партия атқару коми­теті мені Жамбыл филармониясының директоры етіп сайлады. Мұнда кәсіби музыканттар бір орнында отырмайды. Әр кезде гастрольдік сапарда. Директор бола жүріп, «Тараз» ұлт-аспаптық оркестрін құрдым. Қарамағымда төрт-бес ансамбль болды. Жоспар өте көп. Бір жылда 1600 концерт қоятынбыз. Көпшілігі ауылды жерлерде. 11 жыл филармонияның директоры болдым. Жұлдызды әндерімнің жа­рыққа шыққан жылдары да осы кезеңдерге тұспа-тұс келеді. Алматы қала­сында, консерваторияда оқып жүр­генде, ән шығаруға талпындым. Бірақ, көңілге қонымды әндер шыға қоймады. Ең алғашқы әндер «Алатау» ансамблінің қабырғасында дүниеге келді. 1973-75 жылдарда «Әгугай домбыра», «Сағындым Алматымды», «Сырғалым» әндерінің үшеуі қатар шықты. Жылына бір-екі рет жұлдызды әндерім шыға бастады. «Қара кем­пір» толғауы 1984 жылы Ұлы жеңістің 40 жылдық мерейтойына арналып жазылған ән болды. Толғауда екі бірдей баласы соғысқа кетіп оралмаған, шалы соғыста қаза тапқан Қали әжеміздің өмірінен сыр шертіледі. Қали әже Қызылсайда өмір сүрген. «Қара кемпір» толғау шыққан кезде, күллі Қазақстанда үлкен серпіліс болды. Өйткені, ол кезде соғысты көзімен көрген ақсақалдарымыз көп болды. Әнді тыңдағанда, барлығының көзіне жас келді. Соғыстың лағнетін, қасіретін сезінген жастар да жылады. Әннің мазмұны да белгілі ғой. Таяғына сүйенген апамыз батысқа қарап, екі ұлын әне-міне келеді деп, 40 жыл күтеді. Қырық жыл бойы ұлдарын күтуден шаршамаған ана жүрегіне қалай таңқалмайсың? Қали әжеге қара қағаз келгенде, жынданып кеткені рас. Әрине, жынды деп атамаған. Қара кемпір, байғұс кемпір, сорлы кемпір, бейшара кемпір дейтін. 1984 жылы бұл ән бүкіл Қазақстанға таныла бастады. Әнмен бірге менің де атағым кеңге тарады. 1985 жылы Таразда (бұрынғы атауы Жамбыл) алғашқы авторлық кешімді өткіздім. Домбыраның күшімен, оркестрдің сүйемелдеуімен екі авторлық кешімді қойдым. Кейін Қазақконцерттің басшылары мен Орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың облысқа тапсырысымен Алматы қаласында концертім болды. 1986 жылы желтоқсан айында Орталық концерт залында екі, 1987 жылы тағы екі концертім өтті. 1988 жылы Республика сарайында домбыраның күшімен, алты адамның қатысуымен қатарынан бес концерт қойдық. Олар: Айткүл, Қанат Құдайбергеновтер, Жанар Айжанова, Мақпал Жүнісова, шамамен 11-12 жастағы Мейрамбек, Жамбыл облысынан Қарлығаш Қожағазина деген әнші қыз. Бәріміз қосылып, концертті жоғары дәрежеде халыққа алып шықтық. Бес күн бойы, яғни, қазан айының 21-25 аралығындағы концертке келушілердің саны лық толы болды (аншлаг). Концерттен түскен миллиондаған қаржы сомасы Қазақконцерттің үш айлық жоспарына пара-пар. «Сағындым Кенен атамды», «Әгугай домбыра», «Сырғалым», «Шаш­баулым», «Ақ моншақты аруым», «Сағыныш саздары», «Ақдегелек» ән­дерінің барлығы шыққан кезең. 1990 жы­лы Елбасының нұсқауымен Алматының орталығынан бес бөлмелі үй берді. Музыка қайраткерлер одағына Ермек Серкебаев ағамның көмекшісі болып қызметке келдім. Алты жыл шығармашылық жұмыста жүрдім. Гастрольдік сапарларда болдық.Ал, 1998 жылдан бастап, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда бес жыл бойы қызмет еттім. Одан кейін Талдықорғанға көшіп кеттім. 2003 жылдан Алматы қаласындағы Қазақконцертті басқарып отырмын. Астана қаласында Қазақконцерттің негізгі ошағы бар. Ал­маты қаласындағысы Елордамыздағы Қазақконцерттің филиалы. Менің қара­мағымда кезінде Роза Бағланова апамыз болған. Қазір еліміздің маңдайалды жұлдыздары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Айжан Нұрмағанбетова, Әлішер Кәрімов, «Меломен» триосы, Сүлеймен Ибрагимов, Нұрболат Абдуллин, Бибігүл Қилымхан, Марал Анарбек т.б. азаматтар жұмыс істейді. Міне, менің қысқаша өмір тарихым осы. – Астана арнасы, «Сырласу» бағдар­ла­масына берген сұхбатыңызда: «Бір жылда бір ән жазсам бақыттымын» деген едіңіз. Сіз үшін туындының саны емес, сапасы маңызды ғой? Қазір ән жазасыз ба? – Бір жылда бір әннің дүниеге келетіні рас. Былтырғы жазған әнім «Ақсайым, менің Ақсайым» деп аталады. Бұл әнді жазуыма себеп болған менің Қытай мем­ле­кетіне жасаған іссапарым. Орталық Қытайға жақын орналасқан Үрімжіден ары қарай 1300 шақырым жерде, Ақсай қаласы бар екен. Қытай тіліндегі атауы жоқ. Қазақша «Ақсай» деп аталады. Қала 18 жылдың ішінде құрылып, бой түзеген. Жалпы саны 10000-дай халқы бар. Соның 3500-і қазақ. Қалғаны өзге ұлт өкілдері. Басшылық етіп отырған әкімдерінен бастап, мәдениет саласындағы көркем өнерпаздарға дейін біздің қазақ азаматтары. Ақсай қаласының құрылысы мен көркіне көз тоймайды. Таза қазақи сарында, ою-өрнекпен көмкерілген мұражайда Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің мүсіндері, әл-Фараби бабамыздың ескерткіші тұр. Маған өте қатты ұнады. Ақсай қаласына іштей риза болғаннан, атақты ақын Жүрсін Ерманға келіп, әннің сөзін жазып беруін сұрадым. Сөйтіп, «Ақсайым, менің Ақсайым» әні туды. Ақсай қаласындағы қандас бауырларымыздың шақыртуымен биыл наурыз айында қайтадан сол жаққа бардым. Жол үстінде Мұратхан Шахан есімді ақынмен ұшақта таныстым. Ол: - Аға, сізбен таныса алмай армандап жүр едім. Мен Қытайдан келген оралман ақынмын. Қазақстанға келгеніме он жылдай болды. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін. Алматыдағы кітапханада жұмыс істеймін, – деп өзін таныстырып, ән жазу туралы өтінішін білдірді. Шамасы алты-жеті айдың көлемі болып қалды. «Қап-қара жеңгем әдемі» деген әдемі, әзіл ән дүниеге келді. Менің биылғы табысым сол. – Бүгінгі қоғамдағы ән мен әншілердің рөліне тоқталып өтсеңіз. – Әркім әрқалай айтады. Бірі ренжіп, ұрысып жатады. Мен «қазақтың бүкіл әні жоғалып бара жатыр» деп айта алмаймын. Қазақ әндерінің ырғағы жоғалып бара жатқаны рас, ептеп. Бірақ, оны жоғалтатындар ғана жоғалтып жатыр. Ал, енді солардың ішінде қазақтың әніне жаны ашып жүргендер де бар. Мысалы, кейінгі буын жас композиторлардан екі Арманды ерекше атап айтар едім. Бірі Арман Дүйсен болса, екіншісі Арман Бексұлтан. Арман Бексұлтанның әндері өте байыпты. Кәдімгі көпті көрген көнекөз ырғақтармен айтылады. «МузАрт» тобы оннан аса әндерін орындап келе жатыр. Орта буын композиторлардан Марат Омаровты атап өтемін. «Ана туралы», «Қоштасқым келмейді» деген әндері өте жақсы. Айта берсек, еліміздің дарынды композиторлары көп. Кеңес Дүйсекеев пен дүниеден өтіп кеткен Сейдолла Байтерековтің орындары бір бөлек. Кейбіреулер сапасыз әндерге құмар. Күнтізбеге қарап отырып: -«Ой, бір аптадан кейін осындай мейрам келіп қалыпты ғой. Мына ағамның туған күні екен ғой, осыған ән жаза қояйын» деп, күйсандыққа немесе компьютерге отырып, бір күнде бір ән жаза салады. Еуропаға еліктеп, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан т.б. мемлекеттерінің әндерін алып, өңдеп, құрастырып жүргендер де бар. Әрине, ол уақытша нәрсе. Кез-келген облысқа келісімшартқа отырып, айына он-он бес ән жазып, ақшасын алып жүргендер жетерлік. Сапалы әндер өте аз. Мен оған қарсымын, әрине. Ән жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді. Тоғыз ай толғағын көтеріп, оны өңдеп барып халыққа ұсынса ғана әннің ғұмыры ұзақтау болады. Артымыздан құрақтай болып, өсіп, өрбіп келе жатқан өнерпаздарымыз жетерлік. Осы Алматыдағы қазақ эстрадасын, қа­зақтың ән өнерін арқалап жүрген, өкше басар азаматтарға ризамын. Жаман емес. Ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиев ағамыздың он шақты әні әлі күнге дейін халықтың аузында, жүрегінде. Күнде радиодан күйлері орын­далып жатады. Шәмші Қалдаяқов, Әсет ағаның, Ескендір Хасанғалиевтің әндерін қосылып жатқа айтамыз. Міне, мәңгілік әндер деп осы кісілердің туын­дыларын айтамыз. Ал, қазіргі компо­зиторлардың әндерін қосылып айту мүмкін емес. – 16 қыркүйек күні «Астана» ала­ңында жаңа форматта «Гәкку» му­зы­калық фестивалі өтті. Біршама ән­шілердің орындауындағы әндер күнделікті тың­дап жүрген түпнұсқадан өзгеше естілді. Осы тұста фонограммамен айтуға қалай қарайсыз? – Фонограмма әншінің жазылған өз дауысы болғанымен, ол дұрыс емес. Ха­лыққа билет сатылғаннан кейін, кон­церт­те тірі дауыспен айту керек. Бірақ, кейбір стадиондарда амалдың жоқтығынан плюспен, дауыс қосып айтып жатады. Онсыз тағы болмайды. – Кезінде Роза апайымыз, одан кейін Кеңес Одағының Еңбек сіңірген әншісі Валентина Толкунова, қазір МузАрт тобындағы ағаларымыз орындап жүрген «Сағындым Алматымды» әнінің дүниеге келу тарихын баяндап берсеңіз. –1968-73 жылдар аралығында Алматыда оқыдым. 1973 жылы консерваторияны тәмәмдадым. Үйленгенмін, бір балам бар. Содан, Таразға көшіп кеттім. Бағана айтып өткен «Алатау» ансамблінің жетекшісі болып жүргенде, Алматыны сағын­дым. Алматыда менің жігіттік ең қызық кездерім өтті. «Еске алсам Көктөбені, Жаныма от береді. Алғашқы махаббатқа, Куәгер көк терегі», – деп естелік күнде­рімді сағындым. Сол сағыныш сезімінен 1973 жылы «Сағындым Алматымды» әні жарыққа шықты. Қазір Қостанайда тұратын менен үш-төрт жас үлкен Серікбай Оспанов есімді ақын сөзін жазды. Мен «Сағындым Алматымды» әнін үш рет туды деймін. Бірінші рет туғаны өзімнің орындауым. Мені бір таңқалдыратыны, бұл әннің айы оңынан туды. Себебі, алғаш рет «Алатау» триосы орындаған бұл ән жұрттан-жұртқа «көшіп», бірден көпшілік сүйіп айтатын әнге айналып кетті. Дәл осы әннің халық арасына кең тарауына Нұрғали аға Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова секілді көптеген әншілер зор үлес қосты. 1982 жылы Ресейдің халық әртісі Валентина Толкунова «Сағындым Алматымды» әнін алғаш рет өз орындауымда естіп: «Товарищ директор, это великолепная песня, я научусь его» деп өзінің тілегін білдірді. Қасында ұлы музыкант, керемет пионист Ашкинази және Оскар Волин деген ақыны бар екен. Сөйтіп, небәрі бір күннің ішінде Оскар Волин деген азаматқа орысша мәтінін жаздырып, келесі күні өзінің концертінде бір шумағын қазақ тілінде, бір шумағын орыс тілінде айтып, алғаш рет «Сағындым Алматымды» әнін үлкен сахнаға алып шықты [«Әнімді саған арнадым» – Алматы. «Астана Ме­диа Пресс» баспасы.2008ж.]. 1982 жылы әнді Жамбылда орындаса, 1983 жылы Совет Үкіметі көлеміндегі барлық әншілер қатысқан Алматы қаласында өткен «Алма-Ата встречает друзей» деген үлкен концертте Валентина Васильевна менің «Сағындым Алматымды» әнін орындады. «Сағындым Алматымды» әні тек Қазақстанда ғана емес, көршілес елдер әншілерінің орындауында да орындала бастады. Әннің екінші рет дү­ниеге келуі – Валентина Толкунованың орындауы. 2004 жылы «МузАрт» тәй-тәй басқан кезі. «Сағындым Алматымды» әнін марқұм Қайрат Жәнібеков өңдеп, «МузАртқа» орындатты. «МузАрт» өз шығармашылығын осы «Сағындым Алматымды» әнінен бастады десек, қате­лес­пейміз. Әннің үшінші рет дүниеге келуі «МузАрт» тобының орындауы. Қазір ел аузында жүрген «Сағындым Алматымды» менің жұлдызды әнімнің бірі. Әннің өміршеңдігі деген міне, осы болса керек. – Қазіргі эстрадалық әндер дәстүрлі ән өнерін жұтып қойған жоқ па? – Жоқ. Олай айтуға болмайды. Өзіне орай белгілі бір кезеңдер болады. 1990 жылы Алматыға көшіп келген кезеңдерде, қазақтың дәстүрлі этнографиялық, фоль­клорлық әндері қанат жайды. Менің есімнен кетпейді. 1989 жылдың шілде айының 21-22-і ғой деймін. «Бозторғай» әні жаңадан шығып, Мейрамбек орындап жүрген. Республика сарайында Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың бастамасымен қазақтың дәстүрлі әндерінің екі күн қа­тарынан үлкен концерті болды. Кон­церт­тегі орындаушылардың көптігі сондай, екіге бөліп, екі күн қойдық. Бірақ, менің Мейрамбегім екі концерттің екеуіне де қатысты. Орталық Партия Комитетінің хат­шысы Өзбекәлі Жәнібеков: «Мына бала ертең тағы айтсын», – деген еді. Келесі күні сахнаға өзі шығып, Мейрамбектің бетінен сүйіп, менің қолымды алған болатын. «Алтеке, мына тірлік үлкен тірлік болыпты. Үлкен ән болыпты. Мынау, нағыз актуалды, қазіргі заманға сай ән екен» – деді. «Бозторғай» әнінің шығу тарихына тоқталсам, 1988-89 жылдары Республика сарайында концерт қойған кезім. Кон­церттің құрметті қонақтары қатарында Мырзатай Жолдасбеков жеңгем екеуі, Сара Алпысовна, Әлия Назарбаева, т.б. бар. Мырзатай аға мені шақырып алып: – «Қарағым, соғыстың аты соғыс. Енді, «Қара кемпірді» ел тыңдады, жылады. «Қара шалды» да жаздың («Қара шал» да, заманның тәлкегі туралы. Кішінің үлкенді сыйламауы, үлкеннің кішіні сыйламауы. Қатыгез бала, қырсық шал жайында ай­тылады). Ал, енді сен жетім баланың тағдырын білесің бе? – деді. – Жоқ, аға білмеймін. – Сен онда жетімдер үйіне бар. Сенің Жамбылыңда да, Алматыда да бірнеше жерде толып жатыр. Барып көрші. Одан кейін, сен «Қара бала» деген ән жазасың, – деді. Содан мен қасыма Мейрамбекті ертіп алып, Жамбылдағы Кенен Әзірбаев көшесінде орналасқан жетімдер үйіне (дом молютки) бардым. Шамамен 60-70 бала тәрбиеленіп жатыр. Мен екі тобын ғана өз көзіммен көрдім. Бірінші топта он екі бала, он екінің он бірі қазақтың баласы. Біреуі ғана бөтен ұлт. Үстіңгі қабатына шықтым. Жөргекте ораулы жатқан сегіз баланың барлығы қазақ. Жүрегім ауырып, ой тол­қыны келіп, «Бозторғай» әнін жаздым. Халық «Қара бала» не «Бозторғай» деп атайды ғой. Қатпа қара баламын, Тағ­дырыма наламын. Анамды іздеп әр таңда, Аңсап әнге саламын... – Өнер саласының тап осы тұсы ақ­­сап тұр, мемлекеттік қолдау қажет дей­тін дүниелер бар ма? Немесе қандай тың жобаларды ұсынар едіңіз? – Ондай дүниелер көп қой. Мысалы, қысқа метражды арналарды көбінде мәшинеде тыңдап келе жатасың. Бұрын­ғыдай радио екінің бірінің үйінде жоқ қой. Қойып қалсаң, әніне сөзі сейкес келмейтін буынсыз әндер айтылып жатады. «Той-думан», «Гәкку» т.б. арналар өзіміздің. Сөздерінің бәрі орысша айтқанда, «шир­потреб». Түкке жарамайтын: «жаным», «сәулем», «күнім», «жүрегім езіліп қа­лады», «өліп бара жатырмын», «сен қай­да жүрсің», «сені іздеймін» т.с.с. махаббат туралы сөздер. Ана, әке туралы әндерде де тура сол кезекші сөз­дер қолданылады. «Ана, мен сені жақ­сы көремін», «анам, анам, жаным анам» т.с.с. Сол әндерді кәсіби ақындарға жаз­дыртуға болады ғой. Сөзін тыңдаған кезден-ақ өшіріп тастаймын. Осыдан 15-20 жыл бұрын, радионың орталық комитетіне өтініш жазып, комиссия құр­дық. Бибігүл Ахметқызы бастаған бір топ ақын-жазушылар, композиторлар аптасына екі-үш рет жиналып, радиоға түсіп жатқан әндердің барлығын сарапқа салатынбыз. Басынан аяғына дейін тың­даймыз. Ақындар «мына әннің сөзі жарамайды» десе, мен «мынаның музы­касы нашар, алып тастаңыз» деймін. Ра­диода Ілия Жақанов ағамыз музыкалық редактор болған. Мәдениет Министрлігіне қарасты «Репертуар бөлімі» мен әдеби кеңес болатын. Бүкіл Қазақстан көлемінде жазылып жатқан шығармалар алдымен сол жерге түседі. Репертуар бөлімінде өзінің коллегиясы бар. Олар тексеріп қарап барып, оны ары қарай жүзеге асыруға жіберетін. Сөйтіп жүргенбіз. Енді, кейінгі бес-алты жылда барлығы өзгеріп кетті. Қазір әннің сөзіне, өзіне мән бермей, халыққа ұсына береді. Осы жағын қолға алса дұрыс болар еді. Бұл, енді, Мәдениет министрлігінің құзырында ғой. Әсіресе, ұлттық телерадио арналарындағы әндерді сүзгіден өткізіп, тыңдауға жарайтындарын ғана қалдыру қажет. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Қазақстандағы барлық концерттік ұжымдар, филармониялар қа­раса дұрыс болар еді. Мысалы, облыстық филар­мониялар Мәдениет министрлігіне қарамайды. Жергілікті бюджеттен айлық алып отыр. Менің ойым, Мәдениет минис­трлігі еліміздегі 14 облыстың барлы­ғының концерттік, театр ұжымдарын қа­да­ғалап отырса. Мысалы, Семейдің, Жамбылдың, Өскеменнің барлық театры өз мәселелерін өздері шешеді (өз қотырын өздері қасып отыр). Өз режиссері, өз сценарисі, өз репертуары. Жергілікті облыстық бюджеттен ғана ақша алады. Барлығының басы бірігіп, бір алақанда, бір министрлікке бағынса дұрыс болар еді. Облыстық театр, концерт ұжымдарын қадағалап отыратын Министрліктің бір­неше жауапты орынбасарлары болса. Менің арманым, ойым осы. Бір жағынан өзімнің ағалық ақылым. – Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласының негізінде латын әліпбиіне көшу еліміз үшін қаншалықты маңызды? – Әнеу күні латын әліпбиіне көшу мәсе­лесі жөніндегі пікірімді жазып, Елор­даға жібердім. Бұл баяғыда іске асатын өте дұрыс дүние. Көршілес Өзбекстанның латын әліпбиіне өткеніне 20 жылдай болып қалды. Яғни, егемендігін алғаннан кейін бірден көшкен. Бакуға он бес күндік іссапарымда Әзірбайжан мемлекетінің латын әліпбиін емін-еркін қолданып жатқандығын аңғардым. Өйткені, олардың әліпбиге көшкеніне он жылдан аса уақыт болған екен. «Ештен кеш жақсы» дейді. Өте орынды, керек нәрсе. Біздің келешек ұрпағымызға латын әліпбиін игеру қиындық тудырмайды. Тез әрі жеңіл меңеріп кететіндігіне мен кәміл сенемін. Біріншіден, латын – әлемдік әріп. Ағылшын, француз, италиян т.б. барлығы да латын әліпбиіне көшкен. Екіншіден, біздің ұрпағымыз үшін ағылшын тілін тез үйренуге көмек болады. Үшіншіден, небәрі 26 әріп екендігі қуантады. Мемлекетіміздің латын әліп­биіне ауысқанын шын жүре­гіммен құптаймын. Мұхтар Әуезов атамыздан бастап, Ға­­бит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сә­бит Мұқанов т.б. көптеген классик ақын-жазушыларымыздың шығармаларын латын әліпбиіне аудару керек. Мемлекетіміз бұл өзгерістердің барлығына дайын бол­ған­нан кейін, мәселені қолға алып отыр. 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толық көшеміз деген жоспар бар. Бірақ, бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асады. Заман бір орында тұрмайды. Қазіргі заман біздікі деп айта алмаймын. Ол келешектің заманы. Сол үшін де Елбасы ауқымды әрі дұрыс шешім қабылдады. – Жастарға латын әріптері таңсық емес. Бірақ, аға буын, ата-әжелеріміз үшін қиындық тудырмайды ма? Латын әліпбиіне көшу елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқына сай келе ме? –Қазақстан ештеңеден кенде болып жатқан жоқ. Әрине, сай келеді. Үлкен кісілерге қиынға соққанымен, бейімделу керек. Менен жасы үлкен қариялар немере-шөбересімен бірге оқып үйренеді ғой. Өмірдің ағысымен бірге көштен қалып қоймай, көшпен бірге жүру керек. – Қайратсыз ашу – тұл, Шәкіртсіз ғалым – тұл, – деп Абай ба­ба­­мыз жырлағандай жаңа толқын, жа­ңа буын шәкірттеріңіз жайлы айтып өт­сеңіз. – Құдайға тәубе деймін. Мен өзімді ең бір бақытты ұстаз деп санаймын. Менің шәкірттерім жұлдызды шәкірттер. Ел-жұрт таныған қазақтың ең шоқ жұлдыздарының ішінде жүрген шәкірттерім бар. Барлығына ризамын. Ешқайсысы алдымнан көлденең өтпейді. Қазіргі шәкірттерім де, немере шәкірттерім де бар. Мейрамбектің шәкірт­тері менің немерем болмайды ма? Сол шәкірттерді тәрбиелеп, елге қызмет етіп жүрмін. Жақында ұзын бойлы, арық­тау, сымбатты Райм Уайс деген аза­мат­ты Қазақконцертке жұмысқа алып, үйретіп, тәрбиелеп жатырмын.Құдайға тәубә, Қазақстанның барлық жерінде шәкірттерім еліне еңбек етіп жүр. Көрген жерде алдымнан көкелеп күтіп алып, жүгіріп шығады. Осыған тәубә деймін. Осы айдың 26-сы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шәкіртім, халқының сүйікті әнші қызы Алма Аманжолованың «Сәулемді елге түсірсем» атты жеке кон­церті өтеді. Алмамен бірге қосылып, «Жайлауда», «Сағыныш саздары» деген әндерді орындаймын. Мейрамбек, Тоқ­тарларды естіп, көріп жүрсіңдер. – Өзіңізден күллі жас ұрпаққа, «Ақи­қат» ұжымына өмірлік азық болатын ағалық тілегіңізді, ізгі лебі­зіңізді естісек. – «Ақиқат» журналын әрдайым оқып, көріп жүрміз. «Ақиқатқа» ақиқатшыл, әділ болуды тілеймін. Халқымыздың мүддесін бірінші орынға қойып, мәдениетін, биік дәрежесін келер ұрпаққа насихаттай берсін! Қазақ өнері еш уақытта өлмейді. Қазақ халқы бар жерде қазақ өнері еш­қашан өлмейді. – Рахмет, аға! Өмір шындығын ту еткен қазақтың музыкалық өнерін насихаттап жүрген сізге амандық ті­леймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын.

1680 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз