• Еркін ой мінбері
  • 21 Желтоқсан, 2017

РУХАНИ МҰРА ДЕҢГЕЙІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

Үмбетхан Сәрсембин, философия ғылымдарының кандидаты

Қазақ идеясы қазақтың ата мекені, қазақ елінің тағдыры, оның болашағынан терең ой қозғаған ой­шылдардың, қазақ мемлекетін құрудағы алаш тұлғаларының идеяларының рухымен дү­ниеге келіп, ұлт мүддесіне қызмет еткен қазақ зия­лы­ла­рының бойындағы рухани қасиеттерін, білі­мін қалыптастырып отырған дүние. Тарих бойы қа­лыптасып отырған қазақ тұлғаларының елдік идея­ларының ұлттық мұраға айналуы, зиялыларды тәрбиелеп, ұлт ісіне бағыттап отыратын қазақ идеясының басты қасиеті оның мұрагерлік қыз­метінде. Әсіресе, тарихтағы қазақ баласының өмір­дің мәнін ақыл биігінен зерделеп, болашақ үшін ізденген және кейінгіге білім болатын мұра қалдыру мақсатындағы жан-жақты ізденістері, олардың рухани өміріндегі идеяның құндылығын айқындайды. Жеке адамның танымынан бастау алып, халықтың рухани өмірінде тарихтың талабымен пісіп жетіліп отыратын идеяның ұлттық сипат алуы зиялылар болмысының рухани деңгейін көрсетеді.

Идеяның тарихта қалар өз жолы бар, өз деңгейі бар, оның жолы өзінің деңгейін сақтап отырады. Идеяның жо­лы тарих, деңгейі сол тарих өрісіндегі тұлғаның дана­лығы және халықтың руханияты. Руханият халықтың мұ­расы болғанымен, оны қалыптастырып, өрісін кеңейтіп отыратын жекелеген рухани адамдар. Сол адамдардың даналығын халықтың тани білуі, сақтап отыруы халықтың руханиятын қалыптастырған. Даналығын ұлт мұрасы етіп тарих өрісінде қалдырып, оның қызметін көрсетіп отырған қазақ идеясының бастауы неде? Немесе халық ішінен шыққан рухани адамдардың даналығын бір жерден шығарып, идеяларын бір арнаға тоғыстырып, бір бағытқа бағыттап отыр­ған не нәрсе? Қазақ әдебиетінің үлгі­лері жөнінде Е. Бекмаханов, «Қа­зақстан тарихын зерттеу кезінде аса маңызды де­рек ретінде фольклордың маңызы айрықша зор. Мұның бұлай болатын себебі, ХІХ-ғасырдың екінші жартысына дейін Қазақ халқының жазба әдебиеті болмады. Сондықтан, тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізіліп отырған халықтың ауызша шы­­ғармашылығы: дастан өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз және т.б. арқылы қазақ халқының есінде сақ­талған. Осы фольклорлық материалдарда қазақтардың қоғамдық және әлеу­меттік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және ақырында, халықтың өмі­­ріндегі аса маңызды тарихи оқи­ға­лар айқын бейнесін тапқан» деп жазып кеткен [1. 42 б.] Фольклор – қазақтың тарихтағы рухани әлемі. Ұлттың тұрмыс-тіршілігінің мазмұны осы фольклор түрлері арқылы сақталып, ұрпаққа жетіп отырған. Фольк­лор түрлеріне қарап, қазақ руханиятының табиғатын зерттей аламыз. Қазақ поэзия­сы, сол поэзия ішіндегі тарихи жырлар ұлттың танымы, адамның рухани бол­мысының тарих бетінде бейнеленіп, өр­нек­теліп қалуы. Халық болмысының, ел тұрмысының, тарих жағдайындағы жеке адам болмы­сының поэзияға енуі бұл идеяны қалып­тастыратын мүмкіндік. Ұлттық поэзия­да ұлттық идеяның қалыптасуына ықпал ететін тұлғалық идея бар. Поэзияның мазмұны тарихи уақыт өрісіндегі қарама-қайшы құбылыстардың шеңберіндегі ұлттық құндылықтардың қызметін анық­тап көрсетіп, оны ұлт санасында сақ­тап отыруында. Халықтың тарих жағ­дайын­дағы ішкі күйзелісі, зиялы­лардың тол­ғанысы, ұлт санасында сақталып, та­рих бетінде қалатын елдік істердің бір таңбасы осы поэзия. Осы себептен ұлт та­рихына жанашырлық танытқан қа­зақ­тың нағыз ғалымдары нағыз тарих құ­былысы ұлттық идеяның поэзия бойында сақталатындығын ерте түсінген. Олар өз заманында қазақ руханиятының мұ­рагерлік сипатын жазып кеткен: «Жақсы, көркем жырда сол уақыттағы қазақ­тың болмыс салты көрініп тұруға лайық» [2. 302 б.]. Ұлттық идея иелері – тарихтың куә­гері. Өз заманының болмысына куә болып, шындығын айтып кететін адам қа­зақ ұғымында ұрпақтың бабасы. Аға ұрпақтың бабалық тағылымы өзі көр­ген уақытқа, адам мен қоғам шын­дығына бағасын беруінде, сол қа­рия­лық қасиеті арқылы өнеге қал­дыруда. Сон­дықтан да, ұлт тарихы­ның рухани деңгейін, оны ұлттық тәжірибеге ай­налдырған адам­дарды қазақ өмірінде ба­ба дейді. Баба­лардың идеясын біліп, та­­ғылымын ұғу ұрпақтан талап етілген іс. Қазақ жырауларының бабалық қасиеті өз заманының сыншысы болуында, елдің өткені мен болашағын, ұрпақтың бүгінгісі мен келешегін байланыстыратын, оларды біріктіріп отыратын құндылықтардың жо­лын аршып отыруында. Жыраудың та­ғылымды сөздері арқылы қазақ жы­рау­ла­рының ұлт әлеміндегі бейнесін, ұлт­қа қажет идеяны қалыптастырып, оны те­гістей таратып отырудағы толғаудың маз­мұнын, қызметін терең ұғынуға болады: Жамандық пен жөнсіздік, Қайыстырды-ау белімді. Небір-небір билерің, Көргенсіз боп көрінді, Бұларды көрген бабаңмын. Бұлар да өтіп кеткен соң, Өзінің елін бүлдірген, Бәтуаға келмеген, Сүргін салған жұртына, Жесір қатын жетім ұл, Тыңдамай датын, жылатқан. Әзәзіл жолдан тайдырған, Қайсыбірін айтайын, Сіздерді көрген бабаңмын [3. 8 б.]. Бабаларымыз көңіл бөлген мәселе ел болып өмір сүру. Ел болып өмір сүру­дің негізінде еркіндік идеясы жатыр. Ал, қоғамда еркіндік орын алу үшін ел басқарған және ел бастаған адамдардың жауапкершілігі шын мәнінде жүзеге асып отыруы қажет. Бабалар түсінігінің идея­ға айналуы өмір қажеттігі, уақыт талабы. Әл-Фараби данамыз жазып кеткендей, «халықтар мен қалаларды ерікті түрде оқытып, үйрету үшін пайдаланатын адамдар – бойына ірі қасиеттер мен шешендік өнері дарыған адамдар» [4.704 б.]. Сол сияқты рухани қасиетімен, тағылымы мен ұрпаққа қамқор рухымен дана атанған бабаларымыз, ұлттың барлық өмірінен туындап, оның болашағына жал­ғасып жатқан нәрселерді зерттеп, ұлт­тың бойынан туатын және оның болмысына қызмет ететін игі нәрселерді көрсетіп, оның жолын үйрететін адамдар. Ойшыл бабаларымыздың негізгі идеясы ұлттың рухын көтеру. Ол ақылды болу, ысырапшыл болмау, әдептіліктің жолын алдымен өз ісіңнен, өмір жолыңнан бірік­тіре білу, өмірдің шартын оймен ұғып, оны өткеруде түрлі амал-тәсілдерді ойлап табу. Қашан да ханның зердесінен басталып, халық мүддесіне жалғасатын нәрсе білім. Сол себептен халыққа да, тұлғаға да қойылатын талап ақылмен әрекеттеу: Уа, хан ием, Хан ием, Құлағыңды сал, ием. Талан болды біздерден Сансыз дүние-мал ием. Оқ жарасы бітсе де, Бітпес сөздің жарасы. Көп ойланып сөйлеген, Сөзіңнің болар расы [3. 10 б.]. Бабалар бұлар халқының тағдырына, өміріне жауапты адамдар. Олардың барлық болмысы халықтың рухани мүмкіндігі. Сондық­тан да, жырау бабаларымыздың идеясы ұлттың барлық өмірімен жалғасады: Қызыға берме ұрысқа, Зияны тиер ырысқа. Себепсіз еш ұрыс болмас, Ұрыс болса тұрыс болмас... Біреудің малы бұйырмас, Тентек ханды ел сүймес. Шатақ ерге қыз тимес. Қанды көйлек киілмес. Тұтқын қатын сүйілмес, Кеуілің қанша сүйсе де, Дұшпаныңа иілмес [3. 11 б.]. Бабаларымыздың ұғымындағы зия­­лы болудың мәнін түйіндейтін бол­­­сақ, тарих ішіндегі жеке адамды және ұлтты тұлғаландыратын құнды­лық­тардың қызметін де біле аламыз. Бой­дағы қасиетті күту жеке адам­ның міндеті, қасиет иелерінің рухын сақтау халықтың міндеті. Бабаларға жүктелген міндет ұрпаққа жаңа уақытта жеке адамның рухы мен ырысын қалпына кел­тіріп отыратын қасиет үлгілерін тарату. Сыпыра жыраудың толғаулары жыраудың қасиетін бейнелейді: Мен жыраумын, жыраумын, Шөп басында қыраумын. Хан қасында төремін, Ханға кеңес беремін. Би қасында биікпін, Ел ішінде иықпын... Күш бар жерде қуатпын, Өсек сөзден жырақпын [3. 11 б.]. Ханға кеңесін беру жыраудың парызы, оның осы парызының негізінде адам тұлғасының ерекше қасиеттері жатыр. Жыраулар өзге ұлт тұлғаларына қарағанда, елді ойлауға олардың сезімталдығы жетелеп отырады. Қазтуған жыраудың ата қоныспен қоштасуында елдің ертеңгі өмірін сезіп отырған жырау болмысының бейнесін көреміз: Еділді алса – елді алар, Енді алмаған не қалар? Жайықты алса – жанды алар, Жанды алған соң не қалар? Ойылды алса – ойды алар, Ойлашы сонда не қалар? Қара мауыты мұшақат, Бүтін тоғай жерді алар [3. 21 б.]. Адамзат баласы үшін жер – тіршілік көзі, өмір қуатының белдеуі – табиғат. Қазтуған жыраудың идеясы ұлттың негізгі мұрасы жердің адамға, ұлтқа берер пайдасын түсіндіреді. Оның ұғы­­мынша жер тарылса, елдің де өрісі тарыла береді, ал, өрісі тарылған елдің адамының тұрмысы жатқа тәуелді болып шығады, мінезі өзгереді. Сондықтан да, жерді пайдаланудағы басты идея оның тағдырын қорғау амалымен жүріп отыруы тиіс. Себебі, жердің өмірі ол елдің өмірі. Оның қасиетін біліп, құнарын таныған адам жерді қадірлейді. Бұл қазақ таны­мының әлеуметтің құрылымын бі­рік­­тіретін негізгі ұғым, негізгі ұс­таным. Жер ұлт тіршілігінің кіндігі. Табиғаттың қасиетін бабаларымыз бірнеше қырынан түсіндіреді. Бірін­шіден, жер – жер бетіндегі барлық тір­шілікке қажет нәрсенің тұтас негізі. Екін­шіден, ұлттың болмысының кін­дігі. Мыңдаған жылдардан бастау ала­тын ұлттың болмысы, тұрмысы мен мәдениеті, зиялы адамдардың тағдыры ел топырағының бойында қалады. Ата-баба рухын сақтау тарихтың рухы сіңген елдің топырағын құрметтеу, жер­ді сақтау. Үшіншіден, ұрпаққа жүк­телетін идея ол жердің таза­лығын сақ­тап, байлығын ысырап етпеу. Жырау әрі батыр тұлғаларымыз табиғатты адамзатқа, халыққа, ұр­паққа беріл­ген Алла Тағаланың мүм­кіндігі, тірші­ліктің көзі деп сауатты түйіндеген. Жыраулар ұғымында елді, жерді қор­ғау, сақ­тап отыру бұл елдік санаға тәу­елді іс. Ал, оны ұрпақ танымында қалып­тастыру тарихтағы елдің жермен тағ­дыр­лас өмірін бейнелеуде: Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран саланың жатқан аңғары-ай, Ақ шалмалы пірлердің, Мешітке жаққан шамдары-ай! Аузы түкті кәпірдің, Күшті болған салдары-ай! Кәпірден теңдік алуға, Қайта келер деймісің, Мұсылманның баяғы, Шыңғыстан туған хандары-ай?! [3. 21 б.]. Ел кіндігі жерді қорғау батыр мен хандардың ғана емес, әулиелік қасиет қонған діни адамдардың да міндеті санал­ған. Жыраудың қасиеті мен амалы оның айтқан өсиетінің тарих шындығын сақтап, тарихтың идеясы ретінде өзі өмір сүріп отырған уақыттан ілгері барып, сол ілгері барған уақыттың кеңістігінде тұрып, өзі өмір сүріп отырған уақытпен идеясы ілгері жүрген уақыттың арасындағы болатын тарихтың, сол тарихтың бойында орын алатын әлеуметтік жағдайларды бейнелеп, қоғам алдында елдіктің мәселесін көте­ріп отырады. Мәселен, Қазтуғанның айт­қан ойлары тұлпардың үстінде жүріп соғы­сатын қазақ батырларының тұлғасын күні бұрын көрсетіп тұр. М. Жұмабаевтың «Оқ жетпестің қиясында» атты өлеңінде ХV ға­сырларда өмір сүрген қазақ жырау­лары мен алаш зиялыларының өмір сүрген уақыты арасындағы қазақ идея­сының та­рих шындығына айналған, ұлттық идеяны қалыптастырып отырған тарихтың ие­лері қазақ батырларының болмысы көр­се­тіледі. Батырларымыздың заманындағы рух уақыт өрісіндегі ел болмысының таза­лығын, халықтың арман тілегімен дүниеге келетін ұрпақтың қасиетін бейнелейтін құбылыс. Қазақтың «Ата-баба» түсінігі осы бабалар қасиетінің ел үшін дарып отыратын, ел тағдыры үшін топырақта сақталып қалатын себебін дәлелдейді. Сондықтан да, жырауларымыздың түсіні­гінде ұлт рухының сақталуына күш бере­тін нәрсе – рухани тазалық. Тазалық, имандылық, адамгершілік орын алған ортада бабалар идеясы тұ­рақтамақ, бабалар идеясы бұл – адам­­ның қасиетін, жер киесін, ел иесі ұлт­тың рухын қорғайтын нәрселер. Ал, бұлар сақталған жерде, қоғам болмысы өзі­нің ішкі қуатына ие болып отырады. Бабаларымыздың өсиетіндегі идея ел қорғаған бабалар, ел үшін мерт болған бабалар рухы қорғалса, ұлт өз жеріне иелік етеді. Сондықтан да, қазақ топырағында ерте­ден бері келе жатқан идея аруақты құр­меттеумен тығыз байланысты. Оның ұлт­­тың санасында өмір сүретін бейне­лері­нің бірі М. Жұмабаевтың поэмасында көрсетілген: Содан бері бірталай заман өтті, Алашты улай-улай жаман өтті. Тұлпар – тулақ, ер арып аруақ боп, Сары арқа сайран жердің сәні кетті. Жолбарыстар жорытатын сары далада, Қорсылдаған доңыздар мекен етті. Жалғыз-ақ Оқ жетпестің қиясында, Шөккен қарт күн шығысқа түзеп бетті. Көп заман талмай-тозбай тау басында, Алаштан Кенекемдей бір ер күтті [5. 184 б.]. Идея тек айтылатын ой немесе сөз емес. Ол халықтың арман-тілегімен, ой­шылдардың сезімталдық қасиетінен туа­тын білім. Ұлттың қауіпсіздігін, тәуел­сіздігін қорғайтын, соны қамтамасыз етуге бағыт алған білім. Не себептен, жырауларымыз, әулие ойшылдарымыз уақытында келер уақыттағы қоғам болмысын біліп отырса да, ұрпақтан күдер үзбейді? Келер уақыт ішінен қазақтың талай аруақты адамдарының дүниеге келетіндігін алдын-ала біліп айтып кеткен. Бабаларымыздың келер ұрпақтан үміт күту себебі, соларға қажет нәрселерді идея ретінде болашаққа ұсынады: Адыра қалғыр көк Жайық, Аңырап қалған қонысым! Қонысымнан ауған соң, Кетпегей еді ырысым. Таудағы тарлан бөрі едім, Тарылған сынды тынысым. Кейінгі өскен жас бала, Ақ балтырын түрініп, Басарына ерініп, Көкірегі күйініп, Тек тірлікке сүйініп, Ықтиярсыз жүгіріп, Аузы түкті кәпірдің, Етпегей еді жұмысын! [3. 22 б.]. Бұл Қазтуған жыраудың өсиеті. Қазақ жырау­лары, осылайша, өз идеяларын ұлттық мұра ретінде ұрпаққа табыстап отырған. Айтылған ойдың уақыт шындығына айналуы бұл әрине ұрпақ үшін идея, ал, идеяның рухани мұра деңгейіне жетуі бұл жырау бабаларымыздың қасиеті. Қазақ идеясының мұрагерлік қыз­ме­тін оны қалыптастырушы қазақ тұлғаларының даналығы негізінде зерт­теу қазақ идеясының тарихтағы не­­гіз­дерін ашады. Тарих болмаса, идея өмір сүрмейді, ойшылдарымыздың идеясы тарихты байланыстырып, тұл­ға­лардың бейнесін сақтайды. Тұл­ға­­лардың шоғырланған жерін және сол жердің қасиетін бейнелейді. Бұлай бейнелеудің мәні ата мекен кеңістігіндегі сақталатын бабалар ізін жалғау. Жыраудың айтқан ойы оның арманы да, өз заманында атқарып үл­гере алмаған ісі де болуы мүмкін. Бірақ, оның ойы тарихтың бойында, халықтың санасында сақталса ол орындалады. Себебі, уақыты өзге болса да тұлғалардың өмірі бір, тұл­ғалық қасиеті бір, талабы ұл­тының мүддесімен ортақтасып отырады. Идея – адамның қасиетінен, ішкі дү­ниесінен туатын білім. Қасиеті арқылы уақыт өрісіне тереңдейтін ойшыл адамдар олар алдымен заманның жағдайын танушылар. Олардың танымы, бейнелеуі тарихтың дүниесіне айналады. Қазақ хан­дығы құрылған дәуір тұсындағы жы­рау­­ларымыздың идеясы елдіктің ба­ғы­­тын айқындауға бағытталса, одан кейін­гі өмір сүрген ойшылдарымыздың идеясы сол елдіктің тағдырын, тарихи күшін бейнелейді. Ұлттық болмыстың қабыр­ғасын қайта тікейтуге күш салған­дығы сезіледі. Асанқайғы қазақтың әрбір жерінің қыр-сырын зерттеген адам. Жердің қасиетін танып, сырын көрсеткен. Жер­дің қасиетін, табиғатын зерттеу мемлекеттің даму бағытын негіздейтін идея. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бағыты. Себебі, жердің астындағы және үстіндегі байлығын қорғау ол халықтың дәстүріне айналуы тиіс, дәстүрге айналған идея халықтың бойына сіңеді, ұлттық ділдің рухани көзіне айналып қалады. Бабалар ұсынысы ол әрбір кезеңнің талабына сай іс істеу, қоғамға қызмет ету. Ұзақ тарихы бар ұлттың болмысы сол та­биғатпен тығыз байланысты. Осы себептен жырауларымыздың рухани мұ­ра­ларында адамның өмірі, ұлттың тәуелсіздігі, елдің тыныштығы ата мекен өрісімен қатар өрбіген. Ойшылдарымыздың айтып кеткен ойлары өмір шындығы, сол өмір шын­­дығынан туған ойлар тарих шын­дығына айналып отырады. Мәселен қазақтың табиғатты қорғау идеясы таби­ғат­тың өміріне қайшы келмейтін өмір сүрудің ұлттық ережесін қалыптастыруға бағытталған. Ал, ұлттың өмірін қамтып отырған тәжірибелердің ұлттың дәстүрін қалыптастыруы алдымен оның ұлт мүд­десіне қажет идеяға айналуында. Оның идеяға айналу себебі – бұл жы­рау­ла­рымыздың ата дәстүрді жан-жақты мең­­геріп, ұлттың өміріне қайшы келетін нәр­селермен күресіп отыруында. Ойшылдар идеялары, даналығы арқылы ұлт зиялыларын да қамқорлайды: Мүритін тауып алмаса, Азғын болса пір ғаріп! Ата жұрты бұқара Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп [3. 15 б.]. Адамның дүниеде сақталатын, мәңгі өмір сүретін (оның жаны) рухы, идеясы. Ойшыл адамдардың рухы мен идеясы ол үнемі ұрпақтың рухани өмірінде оларға үлкен міндеттерді жүктеп отырса, сол міндеттерді дұрыс атқаруда әрбір ұрпақ, өсиетіне ойымен де, ісімен де жауап беріп отырады. Тұлғаның ойлауы ол алдымен өз жауапкершілігінен бастап, барлық өмір жолын бейнелейтін ұғым. Тұлғаның па­­расатты әрекеті нәрсенің қыр-сырын білумен, танумен ғана шектелмеген, ой­шыл адамның танымы көрген, білген, таны­­ған нәрсесін болашаққа бағыттайды. Олардың идеяларының өз уақытынан жүй­­рік келуінің бір себебі осында. Бұл дана­лықтың ғана емес, даналықтың ерек­­­ше құбылысын туғызатын әулиелік қа­сиет­тің де белгісі. ХVІІ ғасырда өмір сүрген Жиенбет жы­рау мынадай өсиетін қалдырған. Керегеге ілінген Шабылмаған семсер тұр. Жаудан алмай кегімді, Есілде өмір өткен құр. Азап шектім аралда Ханға қарсы тұрам деп. Түн ұйқымды бөлгенмін, Жұртымды жөнге салам деп. Бас кессе де басылмай, Ақ ісімді жасырмай, Атқа мінген ер едік, Қашырды бүйтіп елімнен Күйеуден безген қатындай [3. 42 б.]. Бабаларымыз не себептен әуелі қоғамын, сол арқылы өзінің еркіндігін, халық алдындағы жауапкершілігін айтып кеткен. Ойшылды ұғу даналықты білу, тұлғаның тарихын қадірлеу ісі қазақ руханиятында үнемі ескертіліп отырған. Себебі тарихи өмірдің шындығын қоғамның жақсы да және көлеңкелі, көмескі жақтарымен де көрсетіп отырады. Қандай тарихи жәдігер болмасын, иесі болмаса, ол тарихи зат болып қалады. Егер де, ұлттың қасиеті қоғам бойынан алшақтаса, тарих тек қана кітапқа айналады. Тарихтың идеяға айналуы, идеяның халықтың танымында өмір сүруі, мемлекеттің ұстанымына айналуы бұл ұлттың қасиетінің сақталуын, орнына келуін талап етеді. Ойшылдар – ұлтының қасиетінің өмірі үшін күресетін адам­дар. Бұқар бабамыздың ойларын түйінде­сек: Шүршітпенен құлақтас, Қырғызбенен жұбаптас. Ортасында ұйлығып, Кетпейін десе, жері тар, Кетейін десе, алды артын Қоршап бір алған кәуір бар. Ұйлыққан қойдай қамалып, Бүйірінен шаншу қадалып, Сорлы бір қазақ қалды, ойла! [3.51 б.]. Осылайша бабаларымыз тарихтың сарынымен көрінетін мәселелерге тоқтап, болашақ ел алдындағы ұлттық мәселені зерделеп кеткен. Олар ұлттық идеяның өмір сүруін қамтамасыз ету үшін, қоғамға қажет мемлекеттің ұлттық идеологиясын да қалыптастырған. Олардың тарихи идеялары халықтың санасын мемлекет мүддесіне бағыттаған: Мұсылманның баласы, Сірә, бір кеңес құрыңыз. Бір ауызды болыңыз! [3. 55 б.]. Ұлт, халық, ел, мемлекет бір-бірі­мен байланысты ұғым. Себебі, ұлт­қа адамдық, елге адалдық, халыққа туыстық, мемлекетке жанашырлық адам­ның қасиетінен басталады. Әлеу­метке ортақ адами қасиеттерден туын­дайтын адамгершілік жолдары ұлт пен жеке адамды, жеке адам мен қоғамды, ел мен ерді санада біріктіріп отырады. Адами қасиеті мол адамдар өмірдің тала­бымен, халықтың қалауымен ұлт ісіне барады. Қоғамда игіліктің жо­лын салып отырады. Тарихи өмір осы­­лайша мемлекетке дұрыс қызмет ететін, халқын сақтайтын адамдарды қо­ғам алдында іріктеп отырады. На­ғыз зиялы адамдарға халықтың қарап өмір сүруі ел өмірінің талабымен келе­тін әділеттіліктің көрінісі. Қазақ идеясының мұрагерлік сипат алуы бабаларымыздың тарихтың шын­дығын ұлттық өмір сүру тәжірибесіне айналдыруында, ұрпақтың сол тәжірибе негізінде ұлттық дамудың жолын сақтап отыруы рухтың тұтастығы мен ұлттық идеяның тереңдігін дәлелдейді.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ға­сырдың 20-30 жылдарында. - Алматы, «Санат», 1994. – 416 бет. 2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Ал­маты: Өнер, 1994. – 383 бет. 3. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. – 400 бет. 4. «Түркілік тәрбие» антологиясы. – Алматы: Интеллсервис, 2013. – 1004-бет. 5. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. 3-том. Аудармалар, ғылыми еңбек, мақа­лалар. – Алматы: Жазушы, 2003. - 232 бет.

765 рет

көрсетілді

88

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз