• Ұлттану
  • 21 Желтоқсан, 2017

Заманауи мәдениет көшінде

Борис Жапаров – Қазақстан Республикасы Прези­денті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», – деп атап өтті. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында Қазақ­стан Республикасы Президентінің Архиві шетел­дердегі жетекші архивтер, кітапханалар және ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатып, серіктестік пен ынтымақтастықты дамытуда. Жыл сайын Архивтің оқу залында АҚШ, Ұлы­британия, Канада, Германия, Жапония, Франция, Италия, Польша, Ресей, Түркия, Украина, Өзбекстан және басқа да елдерден зерттеушілер жұмыс істеуде. Оларды қызықтыратын тақырыптардың сан алуан болғанына қарамастан, барлығы Қазақстанның кеңестік кезеңдегі және тәуелсіздік тұсындағы саяси тарихына тоғысады. Атап айтсақ, өткен жылы АҚШ-тың Солтүстік Каролина штаты университетінің профессоры, кеңес дәуірінің зерттеушісі Дональд Рейли өзінің Кеңес Одағының басшылары туралы дайындап жатқан еңбегіне пайдалану үшін Л.Брежневтің Қазақстандағы қызметі туралы құжаттарды іздеп табумен айналысты. АҚШ-тың Мэриленд штаты университетінен келген зерттеуші Сара Кэмерон Қазақстандағы ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық туралы монографиясын жазуда Архив қор­ла­рындағы деректерді кеңінен пайдаланды. Францияның Ұлттық ғылыми зерт­теулер орталығының зерттеушілері Натали Лоран және Валери Познер қазақ кинематографиясының тарихи де­ректерін архивтік құжаттардан іздеді және т. б. Тек соңғы жылдардың өзінде Архив Корея Респуб­ликасының Ұлттық Архивімен ынтымақтастық туралы меморандумға, Ресей мемлекеттік гу­манитарлық университетімен әлеу­меттік серіктестік туралы келісімге, Холокост мемориалдық музейімен (АҚШ), Бремен университетінің Шығыс Еуропаны зерттеу орталығымен (ГФР) ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Биылғы жылы Архив қызметкерлері АҚШ-қа жұмыс сапармен барды. Сапарды ұйымдастырушы – АҚШ Мем­лекеттік департаменті қазақ­стан­дық архивистердің қалауларын ес­керіп, американдық әріптестердің тәжірибесімен мұқият танысуға жағдай жасады. АҚШ Ұлттық архивінің әкімшілігінде (NARA), Джон Ф. Кеннеди Президенттік кітапханасында, АҚШ Конгресс кітапханасындағы болған кездесулер архив ісін жетіл­ді­ру және электронды архив құру мәсе­лелері жөнінде көптеген пайдалы мәлі­мет­тер алуға мүмкіндік берді. АҚШ пре­зиденттерінің қолжазбаларының түпнұсқалары сақтаулы АҚШ Конгресс кітапханасының қоймаларын аралап, танысу ерекше әсер қалдырды. Архивте Ақпараттандыру концепция­сы мен Бағдарламасы толық кешенде жүзеге асырылуда, Ұлттық архив қоры құжаттарын жаппай цифрлеу жұмыстары жүргізілуде, зерттеушілер үшін «виртуалды оқу залының» ақпараттық құры­лымы мен моделі құрылған. Заманауи ақпараттық технологияларды енгізу мен Электронды архив құру бойынша Архив тарапынан атқарылып жатқан шаралардың дұрыстығы мен мақсаттылығын зерттеушілер мен архив­шілердің пікірлері де нақтылауда. Архивтің 2021 жылға дейінгі жоспа­рында 1 категорияға жататын ар­хив істерін яғни, аса құнды және зерт­теу­шілер тарапынан сұранысқа ие тарихи құжаттарды цифрлік форматқа кө­шіру мақсаты тұр. Осындай істердің жалпы саны 160 мың. Ағымдағы жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 62 мың іс цифрленген. Архивтің бұрындары қолданып жүрген ақпараттық жүйелері әр түр­лі ком­паниялармен әр жылдары түр­лі бағдарламалық платформалар­ды пайдалана отырып жасалуы бизнес-процестердің орындалуында қиын­дықтарға алып келген болатын. Барлық бизнес-процестерді тиімді автоматтандыру мақсатында Архив 2014 жылдан бастап жаңа Ақпараттандыру концепциясын қабылдады. Ондағы басым бағыттардың бірі болып Архив қыз­метінің басты бағыттары: жинақтау, сақ­тауды қамтамасыз ету, пайдалану және ғылыми-анықтамалық аппарат құру қызметтерін толықтай қамти отырып, Электронды архив жүйесін құру болып анықталды. ҚР Президентінің Архиві ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана отырып, бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруда. ҚР Президенті Архивінің http://archive.president.kz сайтына Қазақстанның жаңа заман тарихының маңызды оқиғаларын сипаттайтын 38 виртуалды тарихи-құжаттық көрмелер орналастырылған.Олардың қатарында қазақстандықтардың 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысуы, халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихы, 1920-1930 жж. қазақ алфавитін латын алфавитіне көшіру және т.б. тақырыптардағы көрмелер бар. Әлемнің барлық зерттеушілері үшін виртуалдық көрмелерде бірегей архив құжаттары онлайн режимінде қолжетімді. ҚР Пре­зиденті Архивінің мұндай қадамға ба­руы Елбасының Бес институционалды реформасының «Менің Елім» Азаматтық біртектілікті нығайту» 87 қадамына сай келеді.

339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз