• Заманхат
  • 23 Қаңтар, 2018

Алтын Орда тұсындағы кітаптар мен аудармалар Еуропаға қалай барды?

Нұрдəулет Омарбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті

Алтын Орда заманында ауда­рылған дастандар жайында Моңғол шап­қыншылығынан кейін, бұрынғы Дешті Қыпшақ жерімен, Орта Азияны алып жатқан үлкен империя – Хорезм шаһтың территориясының орнына Алтын орда деп аталатын алып патшалық құрылды. Дүниенің жартысын алып жатқан бұл империяның қазақ тарихына ғана емес, əлем тарихына орасан зор өзгеріс алып келгені белгілі. ХIII ғасырдың орта кезеңінде құрылған Алтын Орданың ғұмыры ХV ғасырдың ортасына қарай бес хандыққа ыдырауымен аяқталды. Екі ғасырға жуық үстемдік құрған бұл патшалықтың шынайы тарихы бүгінгі таңда бұрмаланып, көптеген құжаттардың жойылуына байланысты бұлыңғыр болып отыр. Алтын Орда дəуірінен бізге жеткен кейбір көне жəдігерлерден,тарихтың шынайы келбетін көруге мүмкіндік туады. Сол дəуірде жазылып, сақталып қалған қисса-дастандарымыз баршылық. Саяси жағдаяттарға байланысты, бұл дастандардың түпнұсқалары Еуропаның дамыған елдері Англия, Франция, Германия, Италия мен Түркия елдерінің үлкен кітапханалары мен архивтерінде жатыр. Қай уақытта, қалай кетіп қалғанын білмейміз, дегенмен, біздің бабаларымыздан жеткен мұралардың Еуропа жеріне өтіп кетуі мүмкін болған жолдарды қарастырып көрсек: 2 ғасырға жуық, бүгінгі Ресей Алтын Орда империясының отары болғанын білеміз. Ауызбіршілігі жоқ орыс князьдіктерінің алып империяға ешқандай да қарсылық көрсете алмасы белгілі болған. Дегенмен, Мамай кезінде езгіге шыдағысы келмеген орыс князьдері бірігіп, талай уақыт теперіш көрген қыпшақтың атты əскеріне қарсы тұрып, бабасының кеткен кегін қайтарыпты-мыс. Жеңіске жеткендеріне сенімді болып, біріккен əскерлерін таратып, əрқайсысы өз жерлеріне қайтып, бұрынғы тіршіліктерін жалғапты. Көп уақыт өтпей Алтын Орданың тағына отырған Тоқтамыс кішігірім əскермен орыс князьдіктерінің ең қуаттысы болып саналатын Москваның əскерін талқандап, қаланы өртке орағанын да айтып жүрміз. Сонда, құрамында қыпшақтың қалың қолы болған Ма­майға қарсы тұра алған əскер қайда кетті? Əркім өз жеріне кетті делік. Сонда, орыс князьдері үшін қауіп тек Мамай жақтан болып па? Алып империяның бір қанатын қайырып, жеңіске жеткен, рухты əскер тарқай қояр ма еді? Қуатты жауын жеңгеннен кейін сенімдері артып, келесі келер қауіпке дайындалып, өз күштеріне сеніп, бірліксіз ыдырап, құл болған бабаларының күйін кешпес үшін біртұтас болар еді ғой. Олай болмаған күннің өзінде, Шыңғыс ханның тұқымынан келер қауіпті аңдай алған болар еді. Қалай болса да шым-шытырық тарих. Түркітанушы, құмықтан шыққан Мұрат Əжі, Мамай əскерін жеңген орыстар емес, Рим папасы жіберген неміс ацтектерінің атты əскері деген жорамал жасайды. Мамай əскерін талқандағаннан кейін, Еуропадан келген қалың əскер отандарына қайтып, қорғансыз қалған орыс­тарды Тоқтамыстың оңай тізе бүктіруін тарихшы осылай түсіндіреді. Біз де Мұрат Əжінің ойына қосыламыз. Тоқтамыс Алтын Орданың тағына келгеннен кейінгі Əмір Темірмен соғысуы, Дешті Қыпшақ даласы үшін жүргізілген үлкен ұрыстар мен таққа таластар, орыс халқының Еуропалықтармен қарым-қатынасының беки түсуіне мүмкіндік туғызып, алып Ресей империясының құрылуына жол ашқан еді. Хош, содан Алтын Орда ыдырап, Ресей империя ретінде орнықты. XVI-XVII ғасыр аралығында бұрынғы Алтын орда империясына тəуелді болған жерлерді өзі иемденді. Ресей қандай іс істемесін, Батыс Еуропа елдерінен көмек алып отырды. Романовтар əулетінің таққа келуі, Ватикан арқылы шешімін тапқан оқиғалар. Ресей империясындағы ең үлкен реформатор болып саналатын, I-Петрдің шешесі – София ханым мен жұбайы Еуропаның ақсүйек əулетінен шыққандығын тарихшылар жазып жүр. Тарихшылар тағы да Петр патшаның басында психологиялық ауытқудың болғанын да айтады. Ресей империясының тарихын басқа арнаға бұрған патшаның, жалпақ тілмен айтқанда, жынды болғаны таңқаларлық жайт емес пе? I-Петр билігі кезінде Ресей империясы түркілік тегінен бас тартып, еу­ро­­пашаланған еді. Боярлардың сақал­дары қырқылып, астана Москвадан Петербургқа ауысып, татарлар мен буряттарды, құмық, ғағауыз сынды түркі нəсілінен шыққан халықтарды миллиондап жаңа астана салуға жегіп, суық климатта мерт болған жұмысшылардың үстінен қаланған қаланы тұрғызылуы осы патшаның билігі тұсында орын алған. Жаңа астананың атауының өзі немісше болуы, Мұрат Əжі сөзін растайтындай. Сонда, «есуас» Петр бұл реформаларды қалай жүргізді деген сұрақ туады? Ойымызша, бастапқыда Петрдің шешесі арқылы, кейін əйелі арқылы Рим папасы жүргізген реформалар секілді. Осыған байланысты, Рим папасының ықпалымен құрылған Ресей империясын кейбір ғалымдар III- Рим деп те атап жүр. Жорамалымыз бойынша, Алтын Орда тұсындағы жазылған кітаптар, біз сөз етіп отырған аудармалар III- Рим арқылы Еуропа жеріне өтіп кетуі мүмкін. Екінші болуы мүмкін нұсқа, Парсылар немесе Мысыр арқылы өту. Сол кезеңдегі саяси жағдаяттарға қарағанда, парсы мен Алтын Орда арасындағы соғыс, Кетбұға мен Мəм­лүктердің қырқысынан кейін, мүмкін еместей көрінгенмен, Бағдат, Шам, Мысыр қалалары XI ғасырға дейін əлемдік өркениеттің дамуына зор əсер еткен - Ислам ғылымының қайнаған қазандары. Ислам ғылымы бұл кезеңдерде тоқырап тұрғаны мен Алтын Орда билігі тарапынан қудалауға ұшырағандар, осы қалаларға ауып кетіп отырған. Бұған дəлел ретінде, Əмір Темір шапқыншылығы тұсында көп қиындықтарға душар болған Сəйф Сараидың Мысыр жеріне кеткендігін мысалға келтіре аламыз. Сондықтан, Бағдат, Шам, Мысырдағы көне кітапханалар арқылы да бабаларымыздың мұрасы Еуропа жеріне жетіп отыруы мүмкін. Үшінші мүмкін болған жол, қазақтың біртуар азаматы – Таласбек Əсемқұлов «Аңыз туралы аңыз» мақаласында, Армениядағы Арарат тауының шыңында орналасқан Матенадаран кітапханасы, Алтын Орда империясының ғылыми кітапханаларының бірі болуы мүмкін дейді. Дəл осы кітапханалар арқылы да рухани жəдігерлеріміз Еуропа жеріне өтіп кетуі бек мүмкін. Қалай болса да, үлкен мұраларымызды таққа таластың кесірінен жоғалтып алып отырмыз. Орта ғасырлар Адамзат баласының та­ри­хының бүлінген тұсы. Осыған байланысты Мұрат Əжі «Орта ғасырдың тарихын түсіруші режиссерлер мықты болғанымен, сценаристер өте нашар» –деген болатын. Рас, орта ғасыр тарихына көз жүгіртсеңіз, бір-біріне қайшы келетін көптеген фактілерге жолығасыз. Жауабын таба алмай сенделесіз. Əлемнің тең жартысын уысында ұстаған Алтын Орда империясының мұраларының үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Еуропа жерінен бір-ақ шыққанына таңданасың. XVII ғасырда, Шыңғыс ханның тұқымы Əбілғазы баһадүр өз еңбегінде: «Бабам Шыңғыс хан жайында жазылған 17 шежіре кітап қолымда тұр» – деп, жазады. Бүгінде сол шежірелердің бірі де ғылыми айналымда жоқ. Айта берсек, мəселелер таусылмайды, енді, мақала жазуымызға арқау болған аудармалар жайында сөз қозғасақ. Аудармалар Еуропа жерлерінде бол­ғанмен де, əдебиеттанушы ғалым­да­рымыз, Еуропа ғалымдарының кейбір басылымдарда үзік-үзік жарық көрген мақалаларынан, қандас бауырларымыз түріктердің кітапханасынан алып, өзбек зерттеушілерінің мұраларынан алып, сол кезеңде нəзирагөйлік үлгімен аударылған дастандардың жұғынын болса да ғылыми айналымға енгізіп, бұл мұраларға біздің де қатысымыз барын дəлелдеп бағуда. Қашан? Қалай? Бұл мұра­лары­мыздан айырылып қалғанымызды білмейміз! Бірақ, бұл мұраларды біздің бабаларымыз жазғандығы анық. Енді, соларды кері қайтару үшін толыққанды зерттеу жасау біздің ен­шіміздегі дүние. Біз оқып жүрген тарих, ақиқатынан гөрі өтірігі көп тарих. Тəуелсіздік алған кезеңде, рухани бостандыққа жеткен заманда, өз тарихымызды өзіміз жазуымыз керек. Тарих деген құбылмалы дүние, деректерді қалай құбылтсаң, солай құбылады. Сан құбылған бүгінгі таңдағы тарихтың шынайы келбетін жазуымыз үшін бабаларымыздың мұрасын түсінуіміз керек. Алтын Орда кезеңіндегі жазылған бұл дастандар жай ғана аударма ғой дейтіндер де табылуы мүмкін. Бірақ, бұл дастандар тура аударма емес, нəзирəгөйлік дəстүрмен аударылғандығын ескеруіміз керек. Дастандардың түпнұсқадан өзгешелігін, аудармашылар өз ойларынан кейбір сюжеттерді қосқандығын ғалымдар айтып келеді. Құл Ғали, Құтб, Хорезми, Сəйф Сарай, Дүрбек сынды шебер аудармашылар өз жадынан осындай дастандар тудыра алмайды деуге бола ма? Əрине, ешкім тудыра алмайды деп айта алмас. Осындай шеберлердің төл туындысының болмауын сол кезеңдегі саясаттың кесірінен деуге толықтай негіз бар. Енді, жоғарыда айтқан сөзімізді қолда бар деректерге сүйене отырып дəлелдесек. Əзірбайжанның ұлы ақыны Низамидың «Құсырау уа Шырын» дастанын түркі тілінде сөйлеткен Құтбтың аудармасына үңіліп көрсек. Дастан, Париждің Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Дастанға көшпей тұрып, алдымен, Құтб жайлы бір-екі ауыз сөз қозғасақ. Белгілісі, Құтб ХIV ғасырда өмір сүрген ақын. Нақты өмір сүрген жыл­дары белгісіз жəне шығармашылығы мен өмірі туралы ешқандай дерек жоқ. Ал енді, дастанның оқиға желісіне қысқаша шолу жасап өтсек. Иран елінде Хормуз атты патша өмір сүрген екен. Артынан мұрагері болып қалатын бала болмағандықтан, жатса, тұрса Құдайдан бала сұрайды. Тілегі қабыл болып, ұл бала дүниеге келіп, есімін Хұсырау қояды. Хормуз патша ұлы ер жеткенде, сол елдегі ең данышпан адамның тəрбиеленуіне береді. Содан, Хұсырау білімді, өнерлі болып өседі. Хұсыраудың көп елдерде болған, көпті көрген, Шапур есімді суретші досы болады. Шапур оған Мехинбану деген əйел басқаратын тамаша ел туралы айтады. Мехинбанудың өте сұлу Шырын атты сіңілісі барын айтып береді. Бұл əңгімені естіген Хұ­сырау Шырынға сырттай ғашық болып, досынан ғашығымен көрісуге көмектесуін сұрайды. Шапур уəде беріп, əрекетке кіріседі. Шапур суретші болғандықтан, Хұсыраудың бірнеше суретін салып, Арменияға жол тартады. Шырын өзі серуендейтін бақта ілініп тұрған белгісіз адамның суретін көреді. Шырын да Хұсырауға сырттай ғашық болады. Шапур Шырынға су­реттегі өзіне ғашық Хұсырау екендігін айтып, оның да Шырынмен кездесуге ынтығып жүргендігін айтады. Қыз келісімін беріп, кездесетін орынды уəделеседі. Шырынмен кездесуге келген Хұсыраудың əкесі қайтыс болып, жолыға алмай кері қайтады. Хұсырауға Бахрам есімді адам жала жауып, елден қуып, тақты тартып алады. Қиындық туған шақта Арменияға қашып барған Хұсырау Шырынмен кездеседі. Дегенмен Шырын, Иран тағына қайта отырған шақта ғана бірге болатынын айтады. Қолында ешқандай билігі жоқ Хұсырау, Византия патшасынан көмек сұрап, тақты қайтарып алады. Алған көмегі үшін Хұсырауға императордың қызы - Мариямға үйленуге тура келеді. Осы кезде Шырын өмірінде де бірқатар өзгерістер болады. Мехрибану қайтыс болып, билік Шырынның қолына өтеді. Алайда, Шырын тақтан бас тартып, Хұсыраудың еліне кетеді. Таудағы салдырған үйіне тоқтап, Хұсырауға хабар береді. Оның келгенін естіген жігіт Мариямнан қорқып, жасырын кездеседі. Жастайынан уақытылы сүт ішіп үйренген Шырын сүт ағатын канал орналастыру үшін Фархад есімді жас шеберді шақырады. Сұлудың дауысын ғана естіген шебер Шырынға ғашық болып, тілегін демде орындап береді. Фархадтың Шырынға деген сезімін естіген Хұсырау қызғаныштан шеберді шақырып, тау ойып жол салып берсе, Шырыннан бас тартатынын айтады. Патшаның уəдесіне сеніп, шебер тауды ойып аяқтауға шақ қалғанда Шырын өлді деп Хұсырау жалған хабар береді. Шырынсыз маған өмір жоқ деп Фархад өзіне қол салады. Дəл осы кезде Мəриям қайтыс болады. Енді, Шырынға үйленуге мүмкіндік болғанымен, Исфақанда Шекер деген сұлу бар дегенді естіген Хұсырау, сол Шекерге үйленіп, Шырынға үлкен опасыздық жасайды. Оның екінші əйелі де көп ұзамай дүние салып, Хұ­сырау Шырыннан кешірім сұрап келеді. Хұсырауды шын сүйген Шырын бұл опасыздықты кешіріп, екі ғашық қосылады. Шырын сұлу қуып, Иранды аздырып алған Хұсырауға ақыл беріп, мемлекетті қалпына келтіруге көмектеседі. Əділ билеуші болуға үйретіп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан уақытта, Хұсыраудың Мариямнан туған ұлы Шеруя əкесін өлтіріп, тақты өзі алып, Шырынға үйленбекші болады. Сүйгенінен айырылған Шырын күйеуінің жанына барып, өзіне қол салып өледі. Міне, дастанның қысқаша мазмұны осындай. Дастанның аудармасы жасалған жыл­дарды ғалымдар 1340-42 жж ара­лығы дейді. Енді, тарихқа көз салсақ. Бұл уақытта, Алтын Ордада өз əкесі Жəнібекті қылқындырып өлтірген баласы Тыныбектің ел басқарып тұрған кезіне тұспа-тұс келеді. Құтб дастанды аударуы арқылы, өзі өмір сүрген зама­нының шындығын əшкерелеп тұр. Сондықтан, бұл дастанды ғашықтық, діни, адамгершілікті насихаттайтын, əділдікті жырлайтын дастан ретінде ғана емес, сол кезеңнің шындығын көрсететін, астары бар аударма ретінде қарастырсақ болады. Дастандағы басты кейіпкер – Хұсырауды патшаның бейнесі ре­тінде қарастырсақ. Шырынды жай ғана сұлу қыздың бейнесі ретінде қарастырмаса керек. Дастандағы Шырын – əділдіктің бейнесі. Хұсырау Шырынмен қосылмағанға дейін қандай еді? Таққа отырса да ынжық, өзіне сенімсіз, сұлу көрсе өзін ұстай алмайтын, елді аздырып-тоздырған патша. Шырынға қосылғаннан кейін қандай патша болды? Иран елін гүлденген, дамыған елге айналдырған – əділ патша. Сондықтан, Шырын бейнесін əділдіктің бейнесі ретінде қарасақ болады. Құтб бұл дастанда əр патша өз Шырынын тапса əділеттілік орнайды деген өсиет айтып тұр. Келесі, Дүрбектің «Жүсіп пен Зылиха» дас­танын алсақ болады. Алтын Орда кезеңінде өмір сүрген барлық ақындар сияқты, Дүрбек жайлы да мəліметтер жоқтың қасы. Ғалымдар, Дүрбекті ХIV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың бас кезінде өмір сүргендігін айтады. Дүрбектің бұл дастанын Фирдоусидің «Жүсіп пен Зылиха» дастанының аудармасы ретінде қарастырады. Жүсіп пайғамбар туралы жазылған бұл дастанның Дүрбек заманына қандай қатысы бар деп ойлауларыңыз мүмкін. Қатысы сол, көптеген ғалымдар Ал­тын Орданың түбіне жеткен – Əмір Темірдің жорықтары деп қарас­тырады. Бірақ, шындығында үлкен империяның түбіне жеткен таққа таласқан бауырлардың соғысы болды. 13 жылда 20 ханның ауысуы осыған дəлел. «Жүсіп-Зылиха» дастанында Жүсіптің сұлулығын көре алмаған бауырларының опасыздығы. Тақ үшін туған ағайындарының алауыздығы осы кезеңді суреттейтін шығарма екендігі даусыз. Шексіз билігі болған хандар үшін, ақындардың аузына қақпақ болудың қан­шалықты қажеті бар дерсіздер. Бүгінгі таңдағы диктатуралық мемлекеттерде сөз бостандығының болмауы тікелей билік басындағы адамның тағының қауіпсіздігіне байланысты екені даусыз. Кейбір елдерде оппозицияның кү­шейіп кетіп, мемлекеттік билік органдарын тағынан құлатып жатқанын көріп жүрміз. Жаһанданған бұл ғасырда цензураның болуын осы себептерге байланысты түсіндіре алғанымызбен, оппозициясы халық емес, ханзадалар болған хандар үшін, мұндай цензура не үшін керек деп ойлауларыңыз мүмкін? Себебін тарих бетінде жақсы атпен қалу үшін дер едік. Мың жылдықтар бойы қалыптасқан хандардың шежіресін жазып қалдыру дəстүрі болған. Бұл шежірені жазу үшін хандар арнайы ғұламаларды тағайындап, серілігі мен батырлығын, жақсылығын асырып, жамандығын жасырып жазатын болған. Ол шежіре келесі келген ханға мұра ретінде беріліп отырған. Алтын Орданың кітапханасында хандар жайлы шежіре кітаптар да болғаны даусыз. Құтб, Құл Ғалилардың аударған дастандарының алғашқы бөлімдерінде сол кезеңде билік еткен ханды асыра мақтауын, хандардың жақсы атпен қалу саясатына байланысты жазылғандығын байқаймыз. Алтын Орда кезеңінде Түркі халықтарының кітаби тілі қалыптасқан болатын. Жарты əлемді жаулаған Шыңғыс ханның жорықтары кезінде, немересі Бату ханның жорықтары тұсында қолға түскен құлдар мен күңдерден басқа, қисапсыз алтын, күміс, жауһарлардан өзге, сол кезеңге дейін жасаған өрке­ниеттердің ең басты байлығы болып саналатын, көне кітаптар да им­перия қарамағына өткен. Алтын Ор­даның құрылымына қарай көз сал­ған болсаңыздар, кітапханалар хан сарайы маңында орналасқан, əрі арнайы рұқсатпен ғана кіргізген болса керек. Сондықтан, білім алам деу­ші ғұламалар мен ақындар міндетті түрде сарай ақыны болмаса да, сарай тарих­шысы болары – хақ. Сөз ұстаған ақындарды билік ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағанын осы­дан байқаймыз. Құтб, Құл Ғали, Дүр­бек, Сайф Сараи сынды шебер ақындардың неліктен өздері төл дас­тандарын жазбай, назирагөйлек дəстүрімен, астарлы аударма жасауы енді түсінікті болғандай.

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз