• Заманхат
  • 23 Қаңтар, 2018

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ТІЛДЕРІНДЕГІ ТЫЙЫМ СӨЗДЕРДІҢ ТІЛДІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ  СЫЙПАТЫ

А.ӘБИДЕНҚЫЗЫ, Шыңжаң университетінің докторанты, Үрімші қаласы

Түйін сөздер: қазақ тілі, қытай тілі, тыйым сөздер (табу), эвфемизмдер, мәдениет аралық қарым-қатынас, этно-мәдени талдау. Тыйым сөздер (табу) – жер жүзіндегі барлық халықтардың дерлік бәрінің тілдерінде ежелден өмір сүріп келе жатқан  тілдік һәм мәдени құбылыс ретінде ол адамдардың  өзара тілдесуін, пікір алысуы мен әлеуметтік қарым-қатынасын реттеп отырады.  Ал, қазақ және қытай  халықтары   мәдениетіндегі  алшақтық  аталған халықтар тілдеріндегі тыйым сөздердің де айырмашылығына негіз болғаны белгілі. Мәдениет аралық қарым-қатынас (cross-cultural communication) – қазіргі заманғы қарым-қатынастың  аса маңызды құрамдас бөлігі. Демек, тілдегі тыйым сөздер құбылысын жақсы меңгеру – мәдениет аралық қарым-қатынасқа, тіпті, кең өріс ашып  береді. Ал, Қытай тілі мен қазақ тіліндегі тыйым сөздер  күнделікті қарапайым тіршіліктен бас­тап, қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып жатқандықтан, екі тілдегі тыйым сөздерді дұрыс қолдану – екі халық өкілдері арасындағы өзара пікірлесу мен барыс-келісте  ерекше маңызды рөл атқарады. Осындай өзекті мәселені арқау еткен бұл мақалада қазақ және қытай тіл­еріндегі тыйым сөздердің тілдік және мәдени сыйпатына нақты мысалдармен салғастырыла талданады. Жалпы, тыйым сөздер атаулының бәрі де, мейлі, ол қай тілде болмасын, о баста қауымдық дәуірдегі адамдардың мифтік-діни наным-сенімі негізінде, табиғаттағы ие-киелердің, табиғи жұмбақ күштердің, тылсым заттар мен құбылыстардың белгісіз қатерінен, пәле-жаласынан, түрлі кесапаттан сақтандыру, олар туғызған үрейден арылу немесе мейіріне ие болып, қолдауына жету мақсатында қалыптасқан, сөзсіз орындауға тиісті қағида-ережелерінің жиынтығы болатын. Сондықтан да, «ертеректегі табу атаулының барлығы дерлік діни наным-сенімдердің негізінде қалыптасқандықтан, оны теология тұрғысынан қарастыратын ғылыми еңбектер басымдау келеді» [1,12]. Атап айтқанда, тыйым адамдарға нені атауға, нені істеуге, неге соқтығуға болмайды дегенді үйретіп, оларды оғаш сөз-қимылдан тежеп, белгісіз қатерден сақтану мақсатымен алдын ала жасалған іс-шара болып табылады. Тарихтан мағлұм болғандай, есте жоқ ерте замандардағы, алғашқы адамдардың тек табиғатқа сүйеніп ғұмыр кешкені, күнкөріс тәсілі тым қарабайыр болғаны, күш-қуат, айла-шарғысының да әлсіз болғаны, неге болса, соған нанғаны жасырын емес. «Түрлі табиғи апаттар екінің бірінде оларға қауіп төндіріп отыратын. Десе де, адамдардың өмір тәжірибесі біртіндеп молая түсті де, неден тыйылуды тәжірибе жүзінде ұғына бастады, бір-ақ не себепті тыйылатынын біле бермеді. Сөйтіп, бұл жұмбақтың жауабын мифтік, діни қисыннан іздеді. Олар табиғаттағы барлық заттардың ие-киесі бар, өмірге, тіршілікке қауіп-қатер төндіріп отырған осы ие-киелер деп жорыды, оған әрі үрейлене, әрі ізетпен қарады. Сонымен, ие-киелердің қатерінен сақтану немесе мейіріне ие болып, қолдауына жету, іс-қимылдарын сол ие-киелерге үйлестіру, үндестіру мақсатында алуан түрлі тыйымдарды ойлап тауып, тұрмыста қолдана бастады» [2,5]. Бұл дәуірде қалыптасқан тыйымдар негізінен ие-киеге табыну, табиғатқа табыну, тотемге табыну, аруаққа табыну немесе шамандық наным-сенімге қатысты тыйымдар еді. Олар ізгі рухтардан және кесірлі рухтардан тыйылу болып екіге бөлінетін. Демек, бағзы дәуірдегі қолайсыз табиғи орта, мешеу тіршілік тәсілі, сондай-ақ адам танымының таяздығы тыйымның пайда болуына негіз болған. Осылайша, нақтылы өмір талабымен саналы түрде қабысып, соның өз талабынан туындап, қайта айналып келіп, тіршілікке қыбланама болып келген табу мен эвфемизмдер, түптеп келгенде тілде, сөздік қорда сақталып, дамып, өзгеріп отырды. Сондықтан, оның этнолингвистикалық құбылыс екен­дігінің және бір айқын белгісі орыс тілінде жарық көрген салиқалы лингвистикалық энциклопедиялық анықтамалықтардан да айқын байқалады [3,78]. Қысқасы, тыйым қалыптасуындағы мифтік-діни сипат бара-бара көмескі тартты да, оның орнына нақтылы тіршілік талабынан туындаған лингвистикалық құбылыс ретіндегі тыйымдар белең алды. Десе де, ата-бабаларымыз тарихта түрлі себептерге байланысты ілгерінді-кейінді зороастризм, манихей, будда, несториан діндерін ұстанғаны, қазір ислам дінін ұстанатын мұсылман халық екені белгілі. Бұл діндердің бәрінің парыздары мен уәжіптері уақыт оза келе, ұлттық салт-дәстүрімізге ауысып, қазақ тыйымдарының құрамдас бөлігі ретінде қалыптасты. Ал, қытай халқы да тарихта ата-бабалар аруағы, анимизм, Дао, Будда секілді діндерді ұстанғаны белгілі. Екі халықтың тарихта ұстанған діни наным­дарының негізінде өмірге келген тыйымдар өз кезегінде ұлттық салттағы дүниетаныммен ұштасып жатты. Нақтылап айтқанда, қазақ тіліндегі тыйымдар болсын, қытай тіліндегі тыйымдар болсын, өркениет үрдісінің әр кезеңінде ұдайы толығып, сараланып, кемелденіп отыруы­мен бірге, ұлттық тұрғыда барлығына ортақ, адам мен табиғат, адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы қатынастарды реттеп, сол арқылы қоғамдық тәртіпті сақтап, жарастықтың орнауына қызмет ететін, тежеп-шектеу күшіне ие, әлеуметтік қағида ереже болып қалыптасты. Тыйымды қоғамдағы адамдар барлығы қатаң сақтауы, бұлжытпай атқаруы қажет, олай болмағанда, өздері өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік өмірдің талғам-талабымен санаспағандық болып есептеледі. Адамдар тыйымды бала кезден бастап естіп, үйреніп біледі, әрі өле-өлгенше орындауға міндетті болады. Қарап отырсақ, қазақ халқы да, қытай халқы да тыйымға бай халықтар. Әдетте, қай халықтың тыйымдарын алмаңыз, тыйымдары мазмұнына қарай наным-сенімге және салт-дәстүрге байланысты тыйымдар деп екі үлкен салаға бөлінеді. Наным-сенімге байланысты тыйымдар өз ішінен ие-киеге байланысты тыйымдар, табиғатқа байланысты тыйымдар, тотемге байланысты тыйымдар, ата-бабаға, аруаққа байланысты тыйымдар, тағдырға байланысты тыйымдар деп бөлінеді. Ал, ағылшын және қытай тілі секілді әлемдегі іргелі тілдерде де салт-дәстүрге байланысты тыйымдар өз ішінен күнделік тұрмысқа байланысты тыйымдар, жол-жосынға байланысты тыйымдар, түрлі кәсіпке байланысты тыйымдар, зат-құбылысқа байланысты тыйымдар, дене мүшелеріне байланысты тыйымдар, сөз-қимылға байланысты тыйымдар деп бөлінеді [4,25]. Демек, жалпы тыйым сөздер сөз-қимылға байланысты тыйымдарға жатады. Салғастыра қарайтын болсақ, қазақ халқы мен қытай халқының этнолингвистикасына саятын бір қауым сөздер ежелгі мифтік, діни наным-сенімге байланысты өз атымен тура аталмай, басқаша мағынада аталады. Қай тілде болмасын, осындай атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тыйым сөздер (табу) деп аталады. Тілдегі тыйым сөздер – ата-бабаларымыздың зат пен оның атауының арасында табиғи байланыс бар, «тіл киелі», «тілдің де иесі болады» деп қарайтын ежелгі мифтік наным-сенімнің бейнесі болып, тілде реалды өмір сүріп отырған дәстүрлі мәдени құбылыс. Тыйым сөздер де, жалпы тыйымдар сияқты қоғамдық өмірді, іс-қимылды үйлестіру, үндестіру, ретке салып, тәртіпке келтіру рөлін ойнаумен бірге, тілдің әдепті, қимылдың ибалы да ізетті болуы сынды қоғамдық моральдың қалыптасуына, жарасымдықтың орнауына қызмет етеді. Қазақ тіліндегі тыйым сөздер қолданылу мақсатына қарай, мынадай төрт түрге бөлінеді:

Қазақ-қытай тілдеріндегі жөн-жосық, салауатқа қатысты тыйым сөздер

Адамның жөн-салауатына қатысты атаулар, әдетте, адамдар арасындағы туыстық және басқа әлеуметтік қатынастардан мәлімет беріп, тергелушінің салауаты, кәсібі, жасы, жынысы кім екендігін көрсетеді, әрі аса зор мәдени-моральдық жүк арқалаған болады. Бұл топтағы атаулар – туыстық қатынасты білдіретін атаулар. Мысалы: әке- 爹, шеше – 娘, аға –哥(兄, қарындас- 妹 т.б. және әлеуметтік салауатты білдіретін атаулар молда – 和尚, би –巨人, төре – 公, мұғалім-师, меңгеруші-管 т.б. болып бөлінеді. Ежелгі көшпенді қазақ халқында болсын, отырықшы күн кешкен қытай халқында болсын, туыстық-қандастық қатынас пен рулық бауырмалдық қатынас қоғамдық-әлеуметтік қатынастарды реттеп отыруда негізгі рөл атқарған. Отбасында ортағасырлық тәртіп сақталса, ру-тайпалар ара бауырмалдық қатынас баса дәріптелді. Ал, адам мен адам арасындағы қатынаста атақ-дәреже жүйесі үстем орында болып, адамдар тегіне, мәртебесіне, дәрежесіне қарай жіктерге бөлініп, сол негізде қарым-қатынас жасалды. Бұл түрдегі қоғамдық түзіліс қазақ халқы мен қытай халықтарының өздеріне тән отбасы көзқарасын, қоғамдық салауат көзқарасын, сондай-ақ, моральдық-этикалық қағидаларын ретке келтірді. Ол көзқарастар мен қағидалар бара-бара ата-бабаның бағзы дәуірлердегі мифтік-діни дүниетанымымен ұштасты да, адамның жөн-салауатына қатысты тыйым сөздерді қалыптастырды. Қазақ халқы мен қытай халқының атақ-салауатқа қатысты тыйым сөздерін шартты түрде мынадай екі топқа жіктеуге болады. бөлінеді. Бірінші, дәстүрлі қоғамдық салауат көзқарасына байланысты тергеу сөздер. Қазақтың дәстүрлі салауат көзқарасы бойынша, адам мен адам арасындағы қоғамдық-әлеуметтік қатынаста тергелушінің өз аты-жөні тура аталмай, тегі, мәртебесі, дәрежесі қатарлы жақтардағы салауатына қатысты атаулар қолданылады. Мысалы: қаған, хан, сұлтан, би, төре, профессор, мұғалім, меңгеруші т.б. Екінші, әдеп сақтап, ізет білдіруге қатысты тыйым сөздер. Қазақ халқында бағзы замандардан бері үлкенді сыйлап, кішіні құрметтейтін, ата-баба аруағын қадір тұтатын тамаша дәстүр бар. Дәстүр бойынша соңғы жас буын алдыңғы аға буын адамдардың атын төте атауына тыйым салынады, әдетте, мейлі қандастық қатынасы бар немесе жоқ болсын, егде адамдардың бәрі де жасына, жынысына қарай өз аты-жөнімен емес, туыстық атаумен ауыстырып атайды. Мысалы: атай-爷, әжей-奶, шешей-娘, ағай-叔, апай-姨, жеңеше-嫂, әпке-姐, бауыр-兄, қарындас-妹 т.б. Демек, туыстық атаулар негізгі тура мағынасында туыстық қатынасты атап көрсетсе, ал ауыспалы келтірінді мағынасында таза тыйым сөз ретінде, әдеп сақтап, құрмет білдіру қызметін атқарады. Адамның атақ-салауатын тергеп сөйлеу әдептілік саналады. Қоғамдық қатынаста орнын тауып қолданылған атақ-салауатқа қатысты тыйым сөздер туыс пен туғанды, үлкен мен кішіні, жоғары-төменді жақындатып, бір-біріне болған меншіктеу-меншіктелу қатынасын дәл бейнелеп береді. Онда ізет білдіру, жақын тарту, өз орнын тану, басқалардың назарын өзіне қарату сынды міндеттер болады. Әсіресе, біздің ата-бабаларымыз атақ-салауатқа қатысты тыйым сөздерді қолдануға ерекше назар аударған, олар ұқсамаған ортаға, ұқсамаған жағдайға қарай, түрлі нысандардың қасиетін дәл басып көрсететін, сыпайы да жағымды, шынайы да табиғи тыйым-тергеу сөздерді тауып қолданған. Сөйтіп, артына өшпес үлгі-ғибраттар қалдырған.

Қазақ және қытай тіліндегі әйелдер  айтатын тыйым сөздері

Қазақ халқының да, қытай халқының да этнографиялық-тілдік материалдарына қарап отырсақ, дәстүрлі салт бойынша жаңа түскен келіндер ата-енесінің, қайын аға, абысындарының, сондай-ақ ауылдағы үлкендердің атын жөн-жосықсыз атауға тыйым салған. Ал, әсіресе, қазақ халқында ата-енесі ғана емес, күйеуінің туыс-туғандарын, нағашы-жиендерін, өзі түскен рудың үлкен-кішісін өз атымен тура атамайды, қатаң ат тергейді. Олардың есімін тіке атаса, көргені аз, әдептен озған, ибасыз келін есептеледі. Сол себепті, олардың жолына, жасының үлкен-кішілігіне қарай әрқайсысына лайықтап басқадай ат қояды, аузына берік болып, өле-өлгенше солай атап өтеді. Егер, абайсызда оқыстан аузынан шығып кетсе, ұят санап, қатты өкінеді. Қазақ әйелдерінің тыйым сөздері пайда болу тегі жағынан байырғы мифтік-діни наным-сеніммен, ежелгі жол-жосықпен сабақтасып жатады, бірақ, қоғамның дамуына ілесіп, тың мазмұндардағы ұғымдарды бойына сіңіріп, кемелдене түсті де, әдептілік пен тектіліктің бейнесі, нышаны ретінде ұлтымыздың ерекше құндылықтары қатарынан орын алады. Жалпы, қазақ және қытай әйелдерінің тыйым сөздері тілде ешқашан ыңғайсыздық тудырған емес. Оның арнаға түскен заңдылығы, қалыпқа айналған тәртібі болады. Келін екінші атты кездейсоқ, қалай болса, солай қоя салмайды. Әсіресе, қазақ келіндері ат қоятын адамдардың жолы, жасы, жынысы, жөн-салауаты, мінез-құлқы, түр-тұрпаты, өнер-талабы қатарлы қасиеттерін жан-жақты тексеріп, анықтайды. Сол негізде қойылатын ат белгіленеді де, оған өзінің үлкенді үлкен тұтып құрметтеу, сыйлау, кішіні кішірейтіп аялау, жақсы көру, өзімсініп жақын тарту, тіпті кемсіну, қомсыну, бөгдесіну қатарлы субъективтік позициясы мен көзқарасын үстейді. Сөйтіп, объективтік қасиеттер мен субъективтік бояу сәйкесін тапқан, үйлесімді де жарасымды ат тергеу сөз қолданысқа енеді. Әдетте, қытай халқында болсын, қазақ халқында болсын, келіндер атасы мен енесін ата – 伯父, апа-伯母 деп, қайнағаларын аға –哥, үлкен аға – 大哥, кіші аға- 二哥, тете аға-三个 т.с.с. аттар қойып тергейтін болса, біздің қазақ халқының келіндері, тіпті, жасы кіші болса да, қайындарын інім, мырза жігіт, молда жігіт, тетелес, кекілдім, айдарлым, тұлындым, тентегім деп атайды. Абысындарын ақылдас деп, қайын бикелері мен қайын сіңлілерін еркем, қаракөз, бикеш, шырайлым, еркежан деп атайды. Бұл жағдай қытай халқында кездеспейді. Сондай-ақ, қазақ келіндері өзі түскен рудағы жасы үлкен адамдарды жөн-салауатына, мінез-құлқына қарай би ата, жақсы ата, жақсы апа, шабан апа деп атаса, ал, жасы кішілерін күйгелек қайын, бөспе қайын деп те атай береді. Қазақ келіндері ешқашан тете емес қайнысын тетелес деп, тұлым қоймаған қайнысын тұлымдым деп атамайды. Тергелетін ат басқа зат атауларымен аттас болып немесе дыбыстық жақта белгілі үндестік болса, келіндер ол адамдарға тергеп ат қоюдан сырт, аты кетеді деген түсінік бойынша, ол заттарға да, үндес дыбысы бар сөздерге де басқаша ат қояды. Мысалы, тергелетін есім Жылқыбай болса – жылқыны мініс деп, Бүркітбай болса – бүркітті үлкен құс деп, Тышқанбай болса – тышқанды қап шикіл деп атаған. Тергелетін ат басқа біреудің атымен аттас болып келсе, ол адамды аттеріс деп, күйеуімен құрдас болса, құрдас деп атаған.

Қазақ және қытай тілдеріндегі киелі ұғымдарға қатысты тыйым сөздер

Қазақ халқының да, қытай халқының да ежелгі мифтік және діни наным-сенімі бойынша бүкіл ғаламды бір жаратушы жаратқан, ол жаратушы қазақ ұғымында «Көк Тәңір» деп аталса, қытайлар үшін 天. )қазақ ұғымында да, қытай ұғымында да ғалам үстінгі, ортаңғы және астыңғы қабат деп үшке бөлінеді. Үстінгі қабат – аспан, ортаңғы қабат – қара жер, онда адамдар тұрады, астыңғы қабат – жер асты, онда жын-ібілістер тұрады деп қараған. Бұл туралы қытай ғалымы, профессор Ван Инчуанның: «бағзы дәуірдегі адамдар жаратушының қаһарына ұшырамау үшін, мүмкін болса, оның көмегіне мен қолдауына ие болу үшін, оның атын да, тұрағы аспанды да тура атауға тыйым салған» [5,67], – деген пікірін, әсіресе, қазақ халқының «Тәңірді» – жаратушы немесе жасаған, деп атап келгені жақсы дәлел. Сол сияқты, тотем мәдениеті де адамзаттың ең көне, ең сиқырлы мәдениеттердің бірі. Ата-бабаларымыз бағзы дәуірде көктәңірге табынып, көкбөріні өз тотемі етумен бірге, бүркітті де, аққуды да, үкіні де өз тотемі еткен. Бірақ, қоғам ілгері басқан сайын, қазақ тотемдерінің тотемдік мәні , тотемдік құны солғындап, адамдар жадында тек оның сарқыншағы ғана сақталып қалды. Десе де, тіл мәдениетті тасымалдауға қызмет етеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бүгінгі қазақ тілінде және қытай тілінде тотемнің атын тура атауға тыйым салу салты әлі сақталып келеді, мәселен, мал­шылар көкбөрінің немесе қасқырдың атын ата­сақ, естіп қойып, «малымызға шабады» деп қорқып, оны итқұс, ұлыма т.б. деп атайды.

Қазақ және қытай тілдеріндегі тылсым күштерге, ауруға, өлімге қатысты  тыйым сөздер

Есте жоқ ерте замандағы адам баласы табиғаттағы тылсым күштердің, ауру мен індеттің, туылу мен өлудің сырын түсіне бермеген, олардан қатты қорыққан, үрейленген. Табиғаттағы тылсым күштердің, ауру мен індеттің ие киесі бар, оны шамдандыруға болмайды деп қараса, ал, адамның рухы болады, адам өлгеннен рухы өлмейді деп сенген [6,18]. Сөйтіп, бұл наным-сенім негізінде алғашқы діни таным мен аруаққа табыну көзқарасы пайда болады. Бұл жағында да қазақ халқы мен қытай халқының ұғымында көптеген сәйкестіктерді аңғаруға болады. Көптеген ежелгі халықтардың байырғы түсінігі бойынша нажағай – тәңірдің оғы, оның атын тура атауға болмайды, атын атап, оны шамдандырса, адамға нажағай түседі деп сеніп, нажағайды жай немесе жасын деп, атаған. Сол сияқты жұқпалы аурулардың, емі жоқ аурулардың атын тура атаса, жұғады, жабысады деп қарап, оның атын шікіріт, тұмаурату, салқын тию, жаман ауру деп атаған. Ежелгі адамдар үшін өлім, тіпті де, сиқырлы, қорқынышты болған, олар өздерінің тәңірлік, даолық, шамандық нанымы бойынша, адам – бір түрлі сыйқырлы жаратылыс, ол жан мен тәннен құралады, жан көзге көрінбейді, тән көзге көрінеді, адам өмірден өткенде, жан көкке ұшып кетеді де, тән табиғатқа қайтады деп сенген. Сол себепті, қазақ халқы «жан – тәннің қонағы» деп қарап, өлді деудің орнына, қайтыс болды, ұшты, дүниеден көшті, көзі жұмылды, опат болды, түңілігі ашылмай қалды т.б. деп атайтын болса, қытайлар 去世、谢世、逝世、不在了、长眠、安息、寿终、归天、殉职、阵亡、捐躯、牺牲、就义、撒手人寰 деп, ондаған түрлі сөзбен тергеп айтатын болған [7,31].

Қазақ және қытай тілдеріндегі сан-цифрға қатысты тыйымдар

Қазақ халқында қасиетті сандар деген ұғым бар, мәселен, 7, 9, 12, 40 деген секілді. Ал, бірақ, «жаман сан» жоқ. Ішінара  тақ сандардан гөрі жұп сандарды қадірлеу байқалғанымен, оның өзі мүлде тыйым салынған сандар емес. Ал, қытай халқы ежелден бері «4» деген цифрдан барынша қашып, мүлде  аулақ жүруді қалайды. Тіпті, қазіргі салынып жатқан кейбір таңдаулы, жайлы үйлерде «№4» немесе «№44» пәтер жоқ. Ал, жалпы, ондай  үйлердегі пәтерлер қымбат  болғанымен, төртінші қабаттың бағасы барынша арзан болады. Ұялы телефон нөмірінде де, машина нөмірінде де «4» деген цифр араласқан болса, оларға қатысты компаниялар тарапынан түрлі жеңілдіктер жасалады. Ілгеріректе «4» жасқа толған  балаларын да «4 жаста» демей, «5-ке таяп қалды» деп айту дәстүрі болған. Ал, той-томалақ, үлкен қуаныш үстінде, жаңа жылды қарсы алу кешінде «төрт» деген сөз мүлде айтылмайды. Бұның себебі қытай тіліндегі «төрт» (四) деген сөздің  «өлім»  дегенді білдіретін «死»  деген сөзбен үндестігінде жатыр. Есесіне қытайлар «8» деген цифрды өте қастерлейді. Құрамында «8» саны бар нөмірлер (пәтер, телефон, машина нөмірлері)  біршама қымбат бағаға саудаланады. Оның себебі Оңтүстік қытай диалектісінде сөйлейтіндер «8» санын (八)  «ba» деп емес,  «fa» деп дыбыстайды. Бұлай дыбыстау «баю» деген ұғымды білдіретін «发» иероглифінің дыбысталуымен (fa)  ұқсас. Демек, қытайлардың ұғымында күнде-күнде,  сағат сайын байлықты шақыратын осы сөз айтыла берсе, ол күндердің күнінде сөзсіз мол байлық алып келеді  деп сенеді. Қытай және қазақ тілдеріндегі тыйым сөздерді, егер, жінтіктеп ішкерілей зерттейтін болсақ, ол әрине үлкен бір монографиялық еңбекке жүк болары даусыз. Ол, әрине, болашақтың еншісіндегі шаруа. Қысқасы, тыйым сөздерді зерттеу  барысында, біз кез-келген тілдегі осынау «табу» дейтін  құ­­былыстың жалпы бұрынды-соңды адам­дардың тілдік қарым-қатынасында ерекше маңызды рөл атқаратындығын  айқын аңғарамыз. Себебі, табу сол халықтың тіліне ғана емес, тіпті, мәдениетінің барлық саласына тамырын терең жіберген этнолингвистикалық құбылыс. Өйткені, оның өн бойында сол халықтың ұзына тарих бойындағы  әлеуметтік, мәдени, діни, психологиялық факторлары  жинақталған.  Сондықтан,  қытай және қазақ халқының тілдеріндегі табулардан  шамалы ұқсастықтармен қоса, жоғарыдағыдай  көрнекті айырмашылықтардың болуы заңды да.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Ә.Ахметов. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер. – Алматы: Ғылым, - 1995. - 176 б. 2. Ү.Жетібай. Тыйым және тыйым сөздер//Вестник Карагандинского университета. Серия «филология». №4(76)2014. 3. Большой Энциклопедический Словарь/ Под редакцией В.Н.Яр­цевой, «Языкознание»,1998, 4. 葛校琴。英汉语言禁忌的深层文化映现[J].外语与外语教学,2001,02. 5. 王银泉。禁忌语与委婉语关系之初探[J].四川外国语学院学报,1996,02. 6. В. А. Маслова Лингвокультурология - Издательство: Академия, 7. 刘纯豹。英语委婉语诃典[M].南京:江苏教育出版社,1993.

712 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз