• Заманхат
  • 23 Қаңтар, 2018

Өлең және идея

(Қалқаман Сариннің табиғат тақырыбындағы өлеңдеріндегі  идеяның берілуі)

Айгүл Омарова, жоғары санатты ұстаз, «Жыл мұғалімі», «Қазақ тілінің үздік мұғалімі», «Тілші мұғалімдер олимпиадасы» байқауларының жеңімпазы

Әдеби сын көркем шығарманы ұнату немесе ұнатпау дәрежесінен аса алмаса, ол өз мәніндегі сын бола алмайды. Ал, шын мәніндегі әдеби сын көркем шығармаға эстетикалық баға беріп , бейнеленген өмір шындығының көркемдік шындыққа айналуының көркемдік тәсілдерін, маңызын-мәнін түсіндіреді, саралай отырып, әдебиеттің бүгінгі ерекшеліктерін айқындап, бағыт сілтейді. Сонымен қатар, әдеби сын бүгінгі шығармаларды талдап, оларға кезең талаптары тұсынан баға береді. Қазіргі кезде әдебиетіміздің жанрлары жіктеліп, дамып, өркен жая бастаған тұста сынға қойылар талап пен міндет те күшейе түспек. Белгілі бір шығарма төңірегінде ұнаған-ұна­мағанын айту, әсемдік сипатын немесе кемшіліктерін айтудан аса алмаған сынның өзі сынға ұшырайды. Сол себепті, көркем шығарманың тұтас бітім-болмысына, ой мен образдың бір­лігіне, суреттелер өмір шындығына, заманға көзқарасына басты назар аударылуы керек. Осындай нардай ауыр жүктің поэзияға жүктелер салмағы батпандай десек те болады. Поэзия – өнердің түрі. Оның бойында сурет пен үн тоғысы болады. Егер, өлеңді оқып отырып, суретті көре алмасаң, поэзия сұлулығына тұщына алмайсың.Өлең адамға сыр бүгерлік мүмкіндік бермейді. Қу сөз адамның ақымақтығын да, даналығын да, ұшқары ойларын да, тереңнен түйгендерін де, сүйдіргенін де, күйдіргенін де, қуанғанын да, мұңайғанын да жайып салады. Сондықтан да, өлең – Абай айтқандай, өсекші. Өсекші болған­дық­тан да, ол – ақынның бағы мен соры.Осылай пайымдауыма еш ренжімес деп ойлаймын ақындарды. Өйткені, бұл сөзімнің астарында шындық бар ғой. Ақын Қалқаман Сарин үшін поэзия – бақ. Себебі, ақынның өлеңдерінен оның азаматтық үнін, қуанышын, бақытын, қамыққан көңілін, өмірінің айнасын танығандай боламыз. Ақынды туған жерімен тілдестірген де, үндестірген де, халқымен бірге өмірді бір кештірген де сол өлең. Қазақ поэзиясының бiр белесі Қалқаман жырларын оқырманға таныту мақсатында жазылған сараптама еді, бұл.Сыншылдық мұнарасымен бағдарласақ, ақын өлеңдерін саралағанда, бұрынғы таптаурын ескiрген әдiс-амалдарға түсiп кетпеу мiндетi туады. Сан алуан айшықтау көрнекi әдемі сөздер мен жалаң суреттеулер тасасында ақын өлеңдерінің көр­кем­дiк деңгейiн таныту қағыс қалмауы керек. Біз қазір өлең талдау дегенді шығармада орын алған ойларды жалаң мазмұндау санайтын өріссіз түсініктен біраз арылған тәріздіміз. Әйтсе де, прозадағыдай емес, поэзияда орын алатын шарттылық, әсерлілік, ұлғайту, шөмейту, тақырып, идея т.с.с. түрлерінің мәнін, салмағын саралау жағы әлі де солғын тартып жүрген тәрізді. Сондықтан да, ақынның өлеңдеріндегі табиғат пен лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін қатар қойып суреттеу арқылы идеяның көрініс табуы мәселесін сөз етпекпін. Сол мақсатта ақынның «Ақ жауын» өлеңінен бастауды жөн көрдім. Боздасын, бәрі боздасын, Малмандай басып су-қайғы. Аспанның көріп көз жасын, Қара жер қайтып құрғайды?! – деп ақын өлеңнің алғашқы шумағынан-ақ меңзеу арқылы нені аңғартқысы келеді? Ақ жауынды аспанның көз жасына балаған ақын өмірдегі қуаныш пен қайғының қатар жүретінін еске салғандай болады. Сол себепті «Малмандай басып су-қайғы» – дейді. Сол бір көріністі емес, әлемдегі табиғат апа­тын меңзеп тұрғанын байқау қиын емес. Жауын боп көктен мұң ақсын, Жатпайды жуас жер сілкіп. Жылағандарды жұбатсын, Жанарларын жел сүртіп, – деген келесі шумақтағы ойдан нені аңға­рамыз? Тіршіліктегі қайғыға да, кесапат, апаттарға да қарсы тұрар адамзат іс-әрекетін айтып тұр. Сол себепті ақын: «Жылағандардың жанарларын жел сүртіп жұбатсын», – деген әдемі су­ретті, кейіптеуді алға тартады. Осы ойды келесі шумақта: Жылмаңдап ақпа жылғамен, Сұрауың бар ғой, су-тірлік. Тазарсын мынау күллі әлем, Күйбең де күйбең қу тірлік! –деп да­мыта түседі. «Жылмаңдап ақпа жыл­ғамен» деген тіркес арқылы өмір­дегі заман бейнесін, тірліктегі адамдар әре­кетін аңғару қиын емес. Сар далам өзі-ақ сабырлы, Сабалап оны не керек? Сыз­датпай менің жанымды, Себелеп жаушы, себелеп... Ей, жауын! – деп түйіндейді. Табиғат әсемдiгiн, байлығын, ерек­шелiгiн нақыштаған сөз бен сөз тiр­кестерiнiң өлең идеясын ашуға ба­ғындырылуы Қалқаман өлеңдерінде көп кездеседі. Табиғат құбылысына бiр ғана адам, лирикалық кейіпкер, көзiмен қарау арқылы идеяны айқындаймыз. Табиғат сипатының ақын идеясын негiздеудегi, өрiстетудегi рөлiн былайша пайымдасақ болар. «Қыс. Елес» өлеңінде ақынның «сыр­­қат санасын сауықтырған» жауған қарға қуануы айтылады. Қар жауса, әсіре­се, балалар ерекше қыс қызығы үшін қуана­тынын білетін оқырман одан кейінгі: Қар астында қамалып қалса дедім, Қу тірлігім жанымды жалықтырған, – деген жолдардан жауап тапқандай болады. Аспаннан ағылған қарға тере­зеден қарап тұрған кейіпкер де ағыл-тегіл сыр ақтарғысы келеді. Поэзияда мұндай құбылысты параллелизм дейді. Табиғат құбылысы мен кейіпкердің көңіл-күйін қатар қойып суреттеу арқылы қарбалас тіршіліктегі адамдардың келбетін елестетесің. Лирикалық кейіпкердің бiр ғана сипатымен алынған ойды айшықты суреттеу арқылы өрнектеу ақынның шеберлігін таныта түседі. Мәселен, ақын суреттеуіндегі ақ адал балалықтың қар үстінде алаңсыз ойнауы, баянсыз бақты құшуы, арманның ақ сағымға сіңіп кетуі – бәрі де әдебиеттегі шарттылық. Осы арада «ақ» сөзінің ерекше реңкке ие болып тұрғанын тағы да айтпай кете алмаймыз. Ақ – адалдықтың, пәктіктің символы. Ақ қардай риясыз балалық дәурендей жауған қардай ақын көңілінің кіршіксіз екендігін ас­қақтата түсу үшін қолданылған ой­нақы сөз. Өлеңнің негізі, идеясы қыс туралы емес. Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ, Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ. Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім, Қысты да көктем келіп зар жылатпақ, – деген жолдардан өмірдің алма кезек ауысуы, яғни, мәңгілік ештеңе жоқ екенін жеткізу арқылы мына тіршілікте, ар­палысқан тіршілікте, бәрі өткінші дегенге саяды. Сондықтан да ақын: Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын, Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар, – деп түйіндейді. Бұл өлеңде тура айту емес, өмiрдi, қиындықты астарлап нақыштау жүзеге асқан. Ал, «Көктем»өлеңіндегі лирикалық кейіпкер бейнесі тіптен ерекше. Жүрегіме жыр құйып көктен сарнап, Мынау – менің құстарым жеткен самғап. Қара жердің қайғысын сейілтеді, Қанатынан күміс нұр көктем саулап, – деп басталады. Көктем келді десек, құстардың келуі ең алдымен тілге тиек етіледі. Бұл – шындық. Бірақ, ақын осы құбылысты жалаң баяндаудан аулақ. Кейіпкер жүрегіне жыр құйып самғап жеткен құстар – көктемнің хабаршысы. Осы арадағы самғап сөзі құстардың туған жерге деген ынтықтығын, құштарлығын білдіреді. Осы арқылы біз де ақынның құштар көңілін танимыз. Соғады әлсіз жібектей жел жұмсарып, Жұпар еміп жібиді бел бусанып. Сағыныштың тамшысын көктен үзіп, Cал-көктемге жылайды жер мұң шағып. Жібектей желдің әлсіз соғуы, белдер­дің жұпарды еміп бусануы, жердің сал-көктемге мұң шағып жылауы – тұнып тұрған кейіптеу. Жансызға жан бітіре суреттеу арқылы көктемдегі табиғатта болатын өзгерістерді, құбылыстарды көріп, сезінеміз. Ал, осыны былайша сараласақ: жібектей жел-көктемгі жылы жел, белдің жұпар еміп бусануы – жер тоңының жібуі, жердің мұң шағып жылауы – қардың еріп, сел боп ағуы. Әдемі суреттер айшықты өрнектей сап түзеп, өлеңге ерекше әр беріп тұр. Сабағынан сығалап сан мың бүршік, Тал, терекке қолтаңба қалдырды шық. Көктем мен жаз, күз бен қыс өрнек салар, Шыр айналған дүние-ай, тағдырлы ұршық, – деп одан әрі ойды дамыта түседі. Әйтсе де, алғашқы жанды суретке толы шумақтар сырт қарағанда, көктемнің келуін сипаттағандай көрінгенімен, бұл жолдар ақынның айтар ойына, яғни, өлең идеясына өз ықпалын тигiзбей қоймайды. Сондықтан да, лирикалық кейіпкерді көктемгі әсем көрiнiстер арқылы тіршіліктің бұлжымас заңын беруi енжар қалдырмайды. Себебi, өлеңді оқып келе жатқанда, көктемгі өзгерістер өлең идеясына ықпал етіп тұр. Содан барып керемет кейіптеу – жердің жылауы, шарттылық сан мың бүршіктің сығалауы, көрiктеуiш көктем мен жаздың, қыс пен күздің өрнек салуы, әдемі эпитетті метафора – шыр айналған тағдырлы ұршық қосыла келе өлең идеясын аңдатады. Кәрі қыстың кеткісі келмегендей, Бір аяғын барады сылтып басып, – деу арқылы өмірге келу мен кету заңдылығын дөп баса танытқан. Расында, соңғы шу­мақтағы суретте өзекті идея қоныс тепкен. Қалқаманның табиғат тақырыбындағы өлеңдерін оқып отырып, еріксіз кейіп­кермен бірге қуанып, бірге сезініп, бірге сырласасың. Ақын табиғат құбы­лысын бейнелегенде, не көргенін қаз­балап ежіктей бермейді екен.Табиғат сұ­лулығын, ерекшелігін ашатындай бел­гілерді екшеп, жарқыратып өрнектей біледі. Ондағы көріністердің әрқайсысы жеке-жеке бытырап қалып қоймайды. Сурет әйтеуір сурет салу үшін алынбайды. Бар сурет иық сүйесе келіп, біріндегі әсемдікті екіншілері іліп әкетіп, дамытып, тұлғаланта түседі. Бұл тұлғалантулар жымдасып, өріле келе, бәрі бір ортақ идеяға жүгінеді. «Жылы жаңбыр құйып тұр» атты өлеңі бұған әбден дәлел бола алады. Өлеңнің алғашқы шумағының мазмұны мынадай: жылы жаңбыр құйып тұрғанда даладан аңқыған жусан иісінің шығуы, жалаң аяқ сәбидей жүгірген бала. Сырт қарағанда, кәдімгі қарапайым көрініс. Ешқандай ерекшелік жоқ. Дегенмен де, келесі ойлар ойға ой қосып, арнаны кеңейте түседі. Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр, Естімеген адамзат ән шығар бұл?! Періштелер қондырған қанатымен, О, құдірет! Тамып тұр тамшыдан нұр! – деген жолдардан осыны аңғарамыз. Жаушы, жаңбыр, алмасып тозаң нұрға, Бой көтерсін бозкөде бозаң қырда. Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем, Жердің беті құлпырып көз алдымда. Құдіреттің қуатын дәл мүсіндеп, Періштелер аспанға салды сурет. Кеңістіктей кеңейіп көкірегім, Жүрегіме осы нұр мәңгі сіңбек, –деп ақын дамытуды шебер қолданған. Алдың­ғы ойдан кейінгі ойлар тереңдей түсіп, әдемі суреттеулер, айшықты құбылтулар арқылы жетіле түскен. Жауған жылы жаңбырдың әр тамшысы перзент жүрегіне мәңгі сіңбек. Жай жаңбыр емес, туған жердің жылы жаңбыры. Қарапайым эпитет арқылы туған жерге деген ынтық көңілді аңғарта білген ақынды шебер демеске амалымыз жоқ. Тек бұл емес, ақынның: Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр, Естімеген адамзат ән шығар бұл?! Періштелер қондырған сендегі мен, Ғашық болып өтемін тамшыға әрбір, – деген ой астарында не жатыр? Осы суреттің барлығы ортақ идеяға тоғысады. Ол – туған жер табиғатын тамашалай, қастерлей білуге, туған жерді сүюге үйрету. Ақын табиғаттағы сымбаттылық, керімдіктің жеке өзін әспеттеумен шектеле ме? Жоқ, соған сүйене отырып, терең идеяны танытады. Дәлірек айтсақ, табиғат зей­неттілігіне тәнті ету ақынға оқыр­ман­дарын өміршең ойларға ойлы, парасатты көзбен қаратуға керек бол­ған екен. Зерделесек, өздеріне тән көріктілігімен де, жан сұлулығымен де шырайға шырай үстеп, әсемдік бағын жайната түскен табиғатты суреттеу арқылы терең мағыналы ой қозғайды. Ақын шеберлiгiн, өлеңнің көркемдiк табиғатын таныту оп-оңай iс емес екенi белгiлi. Зерделі ой, тереңге ден қоя үңілу арқылы өлең идеясын жақсы тани аламыз. Табиғатты жалаң суреттеп, мағынасыз, әрсіз көріністерді көлбеңдететін кейбір өлеңдерге қойылар нүкте, айтылар ескерту осылай болмақ. Өлең – сөз өнерінің бір бөлшегі. Сөз өнері – өнерлердің ішіндегі мағына мен мазмұнды қамтитын өнер түрі болғандықтан, әр ақын өзінше жырлауға ұмтылады. Өлең көркем тілде жазылмаса, айтар ойы өзекті болмаса, тағы да өз оқырманын таппайды. Табиғатты жырмен суреттеу, табиғат болмысын жыр қаламына іліндіру қиыннан қиыс­тыру десек қателеспейміз. Себебі, таби­ғатқа қалам сермеген шақта алып-ұшпа сезім мен асыра сілтеп, ой айту мүм­кін емес. Ақын – жырды дүниеге әке­луші болса, оқырман – оның өмір сүруін жалғастыратын тұлға. Ал, көркем шығарманы, соның ішінде поэзиялық шығармаларды әдебиеттану ғылымы мәтін ретінде қарастыратындықтан, мәтін – қаламгер мен оқырманның арасындағы көпір. В.В.Савельева «Көркем мәтін – шығармашылықтың сырлы нәтижесі; талқылаудың және саралаудың нысаны; қаламгер мен оқырманның дүниеге деген өзіндік көзқарасының нәтижесі; ол белгілі бір мәдениеттанудың феномены; лингвистикалық санаты; суб­лимацияның нәтижесі және не­в­ро­патологияның куәлігінің айғағы; архетипиялық әлемі; психологиялық нақтылық», – деген екен. Енді, осы тұрғыдан алсақ, сөз етіп отырған табиғат лири­касы арқылы Қалқаманның табиғатты өзек еткен өлеңдерінен шынайы өмір суретін аңғарамыз. «Тербеліп тіршіліктің» атты өлеңін қарастырып көрейік. Өлеңде ақын көктегі Күн-Ананың құшағынан жер бетіне аппақ алғыс шашылуы, ол мейі­рімге бөленген құрақ көрпе жамылған бұ­рала аққан бұлақ та ерке, күннің шұ­райлы сүт-сәулесін емген таулар, гүл­дерге көбелектердің наз айтуы, аспанда алаңсыз ұшқан қаздар – барлығы бейбіт өмірдің көріністері. Осындай әдемі суреттеулер арқылы тіршіліктегі мейірімділікті паш ете жырлауды мақсат етеді. Өлеңді : Малынып күн нұрына жатты осылай, Тербеліп тіршіліктің бесігі еппен! – деп аяқтауы да сондықтан.Осы арада Ахмет Байтұрсыновтың: «Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүд­десін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, бас­қаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды», – деген анықтама сөзін келтіре кетсек жөн болар. Оқырман автордың рухани дүниесіне еніп, өлеңнің негізгі айтар ойын өзі-ақ сезініп, анықтай алады. Өлеңдегі суреттер арқылы түсініп, сезініп, жасырынған мағынаны, яғни көтерілер мәселені, автор идеясын түсі­неді. Лиризм – поэзияда тек әсерлі сөздерді жинақтап көрсетпейді, лиризм – поэ­зия құрылымын, онда көрініс беретін ақынның өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымын тұтастықта қарауға мүмкіндік беретін, өзіндік орны бар әдеби құбылыстың бірі. Қыс та келді. Тайды тағы Күз серттен. Қар жауып тұр күйге ұласып біз шерткен, – деп басталатын «Күздің соңғы қолтаңбасы» атты өлеңінде лирикалық кейіпкердің бейне «Қара жердің айғыз-айғыз келбеті» секілді, «Қара қойдың терісіндей тұз сепкендей» көңіл-күйі ай­тылады. Ақынның күзге өкпелеген жаз жанын қыс келіп жылатуы ой тереңдігін аңғартса, Қаһарлы қыс, қаталсыз-ау, кек­шілсіз... – дей отырып, көңілінің пәстігін: Қара аспаннан аппақ ұлпа жаудырған, Құлдық ұрдым Құдіретке еш мінсіз, – деген тармақтарда сабақтай түседі. Ақын­ның жазу даралығы да, қайталанбас шеберлігі де табиғи дарыны мен ақындық келбетін де астарлы лиризм шыңдайды. Ақын өмір тынысын өз жанымен сезініп, толғанудан туған ішкі сезімдерін жырлауда, лиризмнің ішкі иірімдеріне жан бітіреді. Санамдағы сағынышты бұғаулап, Қарашадан қар ұшады қылаулап. Біздің шерді тарқататын үн-түнсіз, Күздің соңғы қолтаңбасы мынау бақ, –деген соңғы шумақ осыны көрсетеді. Өлең де ақынның көңіл-күйінің толқымалы шағы да, парасат, адамгершілік, азаматтық мұраты мен армандары да табиғатпен үйлесімді салыстырылып көрініс тапқан. Нақтырақ айтсақ, көңіл кірбіңін, нәзік сезімін табиғат құбылысымен ұштастырса, қабағына кірбің ұялатқан, алаңдаған алаң шағын күзбен, қыспен астастырады. Табиғат сұлулығы адам өмірінің, ішкі толғаныстарының барлық қырын салыстыруға, сезімдерінің барлық қырын астарлай, нәзіктікпен жеткізуге тірек болады. Дегенмен де, ақынның табиғат лирикасындағы өлеңдерінің барлығы осы мақсатты орындай алмаған. Ақынның «Ертіс ағады» өлеңінде эмоционалдық реңк аса басым емес. Мұнда мәселені ортаға тастау, соны талқылау, өз ойын білдіру, соңында жеке танымымен қорытынды жасау жағы солғын тартқан. Сырыма қанық Ертіс ағады, Сүйген сәт есте ең алғаш. Өзекті бүгін өрті шалады, Өткен күндердің оралмас. Ертегі сынды Ертіс ағады, Елесі сіңіп санама, Жанымның жалғыз дерті сол әлі, Жан қалқам қалған жағада, – деген өлең шумақтарында ақын тек өз сезімінен хабар береді. Өлеңді оқып отырғанда, ақынмен бірге оқырман жан-дүниесі тұ­тасып келіп, өлеңге еніп кете алмайды. Жазира белдің желпі, самалы Жусанның иісін аңқытып. Ерке күндерге дес бермей Екпіндеп алып Ертіс ағады, – деген жалаң баяндауларға ерік берген ақынның лирикалық сезімін сезіне алмаймыз. Рас , өлеңде әдемі суреттер де жоқ емес. Ай қарап көктен... Ертіс ағады, Аймалап сәуле-шуағы. Ақынның бір сәт толқыса жаны – Ақ қанат өлең туады! – деген шу­мақтағы келісті сурет, ассонансты ұтымды қолдану өз мәнінде идеяға жұмыла алмай тұр. Өйткені, осы жолдардың алдындағы: Тұнжырап кейде Ертіс ағады, Тулайды қайта тыншып ап... Баурайды сосын көркі сананы, Байғазысына жыр сұрап, – деген тармақтарда ой шашыраңқылығы бар. Өлеңдегі ой екі жақтылықты қажет етеді, біріншіден, суреттелер құбылысқа «іштей ену», екіншіден, одан «тысқары кету». Кей өлеңдерінде ақын осы соңғы олқылыққа жол берген сыңайлы. Поэзияда табиғаттың естен кетпес көріністерімен астастыра талдау ақын шеберлігінің эстетикалық әсерін күшейте түседі. Ақын­ның мұңын да табиғат құбылыстары, жаратылыстың небір жанды суреттері жал­ғастырады. Ал, ақынның «Күз» өле­ңінен мұны байқау қиынға соғады. «Кү­ңіренген күздің күрсінгеніне үйренген біздің ауыл» деген ақын ойы одан әрі сабақтаса өрілмей, тек баяндаулар арқылы берілген. Жанарымда жабырқап жаз жылады, Жылағаны емес пе, қаздың әні?! Қайран менің жүрегім, қайтқан құстың, Қанатынан үзілген сазды ұғады. Жаңа мезгіл желбіреп жалауы тік, Жаулап алды жер бетін қалауы ұтып. Осы жолдарды оқып отырған оқырман өлеңнің ішіне еніп, ақынның «Менін» қабылдай алмайды. Құс жүдеу, ұя салқын. Күздің жырын жазады бір Құдірет, Бір ғажайып қаламмен сиясы алтын, – деген түйіннен не ұқтық? Өлең идеясы көмескіленіп, табиғаттың сүреңсіз суреттерінің тасасында қалып қойған сыңайлы.Бірақ мұндай кемшіліктер ақынның суреткерлік шеберлігін жоққа шығара алмайды. Өмірде ақ пен қара қатарласа жүретіні тәрізді, кеткен кемшіліктерге сын көзбен қарау арқылы алға қарай өрістеуге болады. Табиғат пен адам – бөліп жаруға келмейтін тұтас дүние. Қалқаман Сарин ақын ретінде небір қамыққан немесе шабыттанған шағында табиғатпен тілдеседі. Ақын ішкі жан-дүниесін табиғаттың шырай-көркімен астас­тыра отырып, адам психологиясын дәлдікпен, бейнелі жеткізуде ұтымды пай­далана біледі. Ақынның өлеңдерінен табиғатты үндестiретiн ортақ сипаттармен бiрге шындықты бейнелеуде, идея қозғауда, айшықты сөз қолдануда өзiндiк қолтаңба, өзгешелiктері бар екенін танимыз. Ақын суреттеуіндегі табиғат құбылыстары өз алдына алына салмай, қанаттаса келе, қаламгер стилiн, шығарма идеясын ашуға жұмылдырылғанын дәлелдейдi. Біздің келешегіміз – өскелең ұрпа­ғымыз. Ертең қаулап өсіп, соның бәрін сын көзбен безбендеуі мүмкін зерделі оқырман тұрғысынан бағалауға біз дайын болуымыз керек. Қазақтың Қалқаман Сариндей ақынының табиғат тақырыбындағы өлеңдерінің сыр-сипатын, мәнін ашу үшін іздену керек. Қазіргі кезде ақындар көп. Соның ішінде Қалқамандай дарынды ақынның бір өлеңін болса да, қалың оқырманға жеткізе алсам, қазақ поэзиясының дамуына қосқан үлесім болар деген иек артқан сеніммен осы бір мақаламды тамамдағым келеді.

1802 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз