• Тарих толқынында
  • 26 Қаңтар, 2018

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ МЕ?

Аян-Сейітхан Нысаналин, ақын, сыншы

Үндестік пен үйлесім! Әрине, тарих бізден басталып, бізбен бітпейді. Кім не демейді? Бірақ, ақиқат айнасына қарап, енді бір жандардың ащы шындықты айтқандағы іштей үндестігі, ой ұйқастығы мен ұқсастығы жүректі шым еткізеді. Олар әр қиырда өмір сүріп жатса да, құданың құдіреті, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай жан айқайын білдіріп, қоғамның қоясын сәл де болса ақтарғандай болып көрінеді маған. Даңғазшыл дүмбілез дүниеге дабыл қағып, «Сен салар да, мен салар» енжарлықты ескертіп, нәніпәтерлікті нұқып көрсетеді. Тәуменділіктен құтылып, құлдық санадан бірте-бірте арылып келе жатқанда, Тәуелсіздік арқасында азаттықтың ақ таңы әкелген бар мүмкіншілік пен мүд­дені барынша пайдаланып жүрміз бе? Қазақ хандығының құрыла бастауын көп зерттеушілер М.Тынышбаев, М.Мағауин, т.б. 1456 жылға сілтеп, Мо­ғол ханы Есенбұғаның кезінде (ол 1462 ж. өлді) Қозыбасыдан жер берілсе де, көзжұмбайлық жасалып, әупіріммен тойланып өтті. Ең құрығанда поляктың Қазақстанда айдауда жүрген төңкеріскері, «Қазақ», «Дала» поэмаларын жазған ақын Густав Зелинскийдей болмағанымыз қалай? «...Алтынорда ыдырағасын қазақтар жеке, тәуелсіз, Мұхаммедтің дінін ұста­нушы халық ретінде қалыптасты. Өзінің бірнеше ғасырлық, бірақ, еш жерде хатталмаған тарихында бірнеше даңқты есімдер қалған. Олар: Үндістандағы ұлы Моғол мемлекетінің негізін қалаушы Бабырдың өзі куәлік еткен қазақтың ең құдіретті билеушілерінің бірі, 400 000 сарбаз жасақтай алатын Арыстан хан (Бабырдың замандасы болған Қасым хан шығар, бәлкім), – деп жазды ол көшпелі халыққа жаны ашып. – Он жетінші ға­сырдың алғашқы жартысында монғол тайпаларына жатқызылатын жоң­ғарларды жеңген Есім хан. Оның не­мересі, өзінің әділеттігімен, ақылымен қазақ ордаларының бірлігін бекемдеп, өзара қан төгістерден сақтаған, халқына заң жүйесін жасатқан Тәуке хан... оның өлімімен ханның енгізген ережелері ұмыт болғаны өкінішті-ақ». Алтынорданың Жәнібегі, Қазақ хандығының Жәнібегі (Әбусағит) және Әбілқайырдың немересі жарымес (Әбілғазының «Түркі шежіресі» бойынша Жәнібек бар). Біз үш Жәнібектің қасиеттерін бір-біріне теліп, әбден шатасып, ажыратудан қалып бара жатқандаймыз. Тарих ғылымдарының докторы Б.Аяған қисынсыз, тіпті, Керейді Астанадан жүз шақырым жерде жерленген деп шықты. Қазақ мәдениетінің марқасқа жоқшысы Ө.Жәнібеков жергілікті өлкетанушысының айтуынша ой қорытып, Керейдің Созақ топырағында, Әбусағиттың да сонда жер­ленгенін топшылайды. Өйткені, Жәні­бектің бір баласы осында билік құрған болатын. Бұрын «табиғаттың бермесін тартып аламын», «Адамға табын, жер, енді» деп кеудемсоқтық жасап келсек, енді, адам адамға табынатын уақыт туғандай. Екі ұштылықты ешкім кешірмейді. Өткенде Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанның алғысөзімен «Сүйінбике атым, тегім Ноғай» атты мақала жарияланды. 1515 жылы туған Сүйінбике – Литва кінәзі Виговт пен қайы­натасы Тоқтамыстың біріккен қарулы күшін Борысқылы түбінде талқандаған ер Едігенің ұрпағы, қаһарлы Грозныйдың қолшоқпары бауыры әнжі Смайлдың қолынан өлтірілген Сары Жүсіптің қызы. ІV Иван Қазан хандығына басқыншылық шабуыл жасағанда аз жасақпен қарсы тұрып, ақыры зұлымдыққа тұтқын болып, қапастағы бұлбұлдай ғұмыр кешті. Қазандықтармен қасіретті қоштасуы да бар. Кімге болса да, Сүйінбикенің шерлі шежіресі мұңлы сыр шертіп, өкінішпен өрілген өмірбаян сезімге шауып, қабырғаны қайыстырады. Бұдан ширек ғасырдай бұрын осы тарихи тұлға туралы «Егемен Қазақстанның» (1993 ж. қазан) екі санында еңбегіміз жарияланып еді. Ешкімге де көзін тапса жазуға тыйым салынбайды. Бірақ, ғылымда жаңалық ашу деген оңай емес, Б.Аяғанның табан астында Америка ашқандай болып, көпе-көрнеу жарияланымдарға қиянат жасауы жанға батады. Тұзы жеңіл мені қойшы, 1925 жылы өктем Орталықпен жағаласа жүріп болашақ академик Қаныш Сәтбаев «Едіге» дастанын Мәскеуден шығарды. Шерхан Мұртаза «Бір тамшы жас», жазушы Шәрбану Бей­сенова «Сүйінбике» мақалалары, жас ғалым Ж.Әскербекқызының жазбалары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қаламгер Ә.Сарайдың «Ноғайлысы» мен Астанадан «Фолиант» баспасы жарық көрсеткен «Сүйінбике» кітабы бола тұрып, ешқандай ескерілмей, тіпті, сілтеме жасалмай, жаңалық ашқансып, тарихтағы жаңа есімнің шатпақ шығармасына алғысөз жазғаны несі? Ноғай қызының асыл бейнесін жасаған мүсінші Б.Орманшы, суретші К.Муллашевтардың аттары аталмауы қалай? Соншама азаматтық ұстаным әлсіз, жауапкершілік жүгі жеңіл ме? Жалған атақ пен күмәнді ізденістің күні өткен жоқ па? Обал мен сауап қайда? Кенет Б.Аяғанның жерден жеті қоян тапқандай болып, Сүйінбике тақырыбына жармасуы қайтсе де жараспайды. Жолма жол күлді бадам аудармаға неге ол сәт сапар тіледі? Ертеректе М.Әуезов жөні, жібі түзу көршіге жарымағандығымызды айтып, құдайдың зарын қылып еді (Солженицин, Жириновский, Кәрімов, Путин мен Атамбаев сандырағы несі, не істеп жүр?). Айтқаны айдай келіп жатыр. Қазақ тарихшылары да (шындық шыңғыртады) санда көп те санатта жоққа тән. Өзбек осы саласының маманы Г.Хидаятов бәріне топырақ шашып, ғайбаттап жатқанда, біреуінің жақ ашып, қарсы пікір білдіруге шамасы келмегені жан ауыртады. Әрине, тұлғаның аты тұлға. Жазықсыз жапа жеккен Ермұхан Бекмұханұлының орны ойсырап тұр. Шынында да, орыстың күллі патшалары мен гүржі кінәздары іскер және ақылды да біздің хандар мен билер олардың ширегіне татымайтын кертартпа біреулер ме? Өздері арнайы тарихшы болмаса да, Мұхамеджан Тынышбаев пен Санжар Аспандияров оған неге барды? Зәрулік пен қажеттілік ар-ождандағы азаматтық биік ұстанымды оятты. Перзенттік парыз бен қарыз уақыт алдындағы өтелмеген жауапкершілік борышы соған итермеледі. Енді, ше? Айналып келгенде біз өткенімізді білуге құлық танытпай, төл тарихымызды тән алудан қалып бара жатқандаймыз. «Тарихты бұрмалауға болмайды» дей тұрып, өзіміз алдымен оған қиянат жасап, күрделі кезеңдердің көкейкесті мәселесіне атүсті жүрдім-бардым қарап, мұрын шүйіретініміз қалай? Мәселен, «Следовательно, исходя из маркенсткого определения формирование казахской нации лежит где-то далеко-далеко за тысячилетиями до нашей эры... После этого, извольте не называть трак­товки наших ученых – историков оттауизмом. Это настоящий бессовестный оттауизм» – деп жазыпты қамығып Халықтың сүйікті қаһарманы Бауыржан Момышұлы өз күнделігінде. Кездейсоқ па?.. («Көз алдымда бәріңсің...» 2007 ж., 71-бет) тағы да қайталап айтқанда, Мемлекеттік тарих институтының директоры Б.Аяған бір мақаласында Керейді Астанадан жүз шақырым жерде (неге өзінде емес) жерленді, ал, енді, келесісінде Бабыр шиит дінін қабылдап, Үндістанды биледі деп «жаңалық» ашады. Исламның бір ағымы қашаннан бері дін болып еді? Қырғыз тарихшысы Б.Солтонаев Асанқайғының Жерұйықты іздеп жүргендегі біраз сөзін Толыбайға теліп, Жәнібек заманы (1450-1460 жылдар) десе, оған Еуразияның Л.Гумилев атындағы университетінің оқытушысы Ж.Артықбаев елеп, екшемей, тамсанып, аңыздың қазақ-қырғыз халықтарының ортақ ойқазынасы екеніне бас шұлғып, иіле кетеді. Толыбай кім? Неге оған тарихта айрықша мән беріледі? Хандық құрылғанына жаңсақ, кешігіп болса да (Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектеріне сыни көзбен қарамай), 550 жыл толғаны атап, өтілген жоқ па? «Рухани жаңару» нені міндеттейді? Ал, біз аңыздан арыла алмай жүрміз әлі. Бұның бәріне қол сілтеп қоя салуға болар еді. Алайда, Б.Аяғанның «Тарихты бұрмалауға болмайды» мақаласын («Жас Алаш», 2017 ж. 14 қыркүйек) оқығаннан кейін, тағы да үндемей қалуға болмады. «Іскер әрі ержүрек Мұхаммед Шайбани 1500 жылы өз жақтастарын Әмір Темірдің мұрагерлері билеген Мәуереннахрға алып кетеді. Және ол тез арада Тимуридтер династиясынан (?) Жент, Самарқанд, Бұқар, Хорезм, Үргенішті басып алып, өзбектер билігін орнатқан. Одан жеңілген Бабыр шиит дінін қабылдап, кейін Үндістанға кеткен» деп оқырманды мүлдем жаңылыстырады. Қай кезден бас­тап шиит діні бар еді? Ол ислам дінінің бір ағымы емес пе? Әлемдегі пәленбай миллионнан астам мұсылмандардың 95 пайызы сүнит, 5 пайызы шииттер емес пе? Олардың бір ерекшелігі зікір салып, шақсай-уақсай ғұрпын орындап, ашур жасайтыны рас. Бабырдың немересі Әкбар өзгеріс енгіземін деп буддизм, жайнизм мен исламның қосындысынан «Тәңір дінін» қолдатқызуға тырысқан жоқ па? 1908 жылғы маусымда шіркеуді біржолата мансұқ еткен Л. Толстой Се­мейдегі Р.Елікбаевқа барлық әлемдегі діндердің жақсы жақтарын алып, бір-ақ дін жасауға кеңес бергені бекер ме? Кім екенін білмеймін, Арман Қабылұлы Тәж-Мақалды салдырған Ақсақ Темір дейді. Өліп қалған адам қалай салдырады? «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Білмесе неге айтады? Осындайда, еске сала кетсек, «Егемен Қазақстанда» Ескендір Зұлқарнайын, Бибарыс, Әмір-Темір, Баязит, Ұлықбек, Бабыр, Төлеби, А.В.Затаевич, Н.Г.Хлудов тәрізді тұлғалар туралы толғаныстар жа­рия­ланып, олардың бірсыпырасы кейін­нен «Жансарай» (1999 ж.) жинағына кірді. ХХ мен ХХІ ғасырлар тоғысының өларасында «Қазақ батырлары» апталығы бір топ зиялы қауым өкілдерінің (Академиктер З.Қабдолов, М.Қозыбаев, жазушы Қ.Қайсенов, сәулетші Ш.Уәлиханов, т.б.) сараптауымен «Мыңжылдық мар­қасқалары» мен «Жүз жыл жампоздары» анықталған болатын. Олар туралы шама-шарқымызша жазғанымыз жадымызда. «Жиендерде» де (М.Л.Михайлов, Ф.И.Плевако, Л.Г.Корнилов), олардың өмірі мен шығармашылық жайы қамтылды. Өкінішке қарай, бізде көп нәрсе есепке алынбай, ұмытылып қала берді. Әлбетте, біз үшін Сүйінбике тақырыбы да кездейсоқ емес. Орыс мемлекетінің тарау-тарау тарихын он екі кітап етіп жазған Н.М.Карамзиннің өзі мұны қазбалап қаузады: «Тұтқын ретінде Мәскеу патшасына шығарып беретінін есітіп, Сүйінбикеге қосылып, бүкіл Қазан болып жылады... Кеме тұрған Қазаншық өзеніне дейін қала халқы оның соңынан ілесіп жүрді. Сүйінбике күймемен айлаққа келіп түсті. Соңынан оның ұлын көтеріп жүрушілер жетті. Өңі әппақ болып қуарып жүдеген, шайқалып аяғынан әзер тұрған Сүйінбике кемеге шығып, жағалауда анталаған еліне екі бүктетіліп сәлем етті. Халық дауыс салып, жер құшып жылады» (VІІІ том, ІІІ тарау, 79-бет). Енді, Сүйінбике тақырыбын қайта жаңғыртушылардың көздегені не? Кезінде Еуразияға қанат жайып дәуірлеген Алтынордадан бөлініп шықты дегені болмаса, Ноғай ордасының көрмеген құқайы жоқ. 1782-1784 жылдары Қуөң (Кубань) корпусына келе-келе генералиссимус атанған А.В.Суворов басшылық етті. Сол уақытта да Еділден еңіреп босқан ноғайлар қияметтің қыл көпірінен өткендей болып, шыбындай болып көп қырылды. Мамандығы темір­жолшы болғанымен, төл тарихын сүйіп, терең саралаған Мұхамеджан Тынышбаев Едігенің түп-тұғияны мен зәузатқорының түзігін түзді. Ол шежіре бойынша, Сүйін­бике оған алтыншы, кәдімгі Батырлар жырындағы Ер Тарғын оныншы ұрпақ болып келеді. Қазақ тарихшылары қаншама қажыр-қайрат танытқанымен ақтаңдақтар көп әлі. Егер, жоғарғы билік жағында сыбайлас жемқорлық пен парақорлық жиі-жиі тамыр тартса, базбір баспалар олақ оқулықтары мен кейбір кітаптары басқа белгісіз дертке ұшырап, сұғанақтық па, жиендік пе, жоқ, әлде мал иесіне көзбе-көз обал жасап, иемдене салу етек алып бара жатқандай. Бұл жүгенсіздікке авторлар қоғамының да тісі батар емес. Онсыз да бейәдеп баспалар мен құр кеудемсоқ құрастырушылардың шалқар шығармашылықты әй-шәй жоқ бұтарлап, рұқсатсыз алып жатқаны аз ба? 2001 жылы «Қазақстан даму банкі» «Дала данышпандарын» шығарды. Оған «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Бабыр» үтір, нүктесіне дейін өзгермей тұтас енгізіліпті. 2004 жылы «Жеті жарғы» бас­пасынан он томдық «Қазақтың Ата­заңдары» жарық көріп, бірінші кітабына «Үш пайғамбардағы («Дәуір», 1992 ж.) бүтіндей «Төлебиге» орын беріпті. 2013 жылы «Білім» нашрияты «Қазаққа аты мәлім Иманжүсіпті» жариялады. Тағы да бұрын «Спорт» үнжариясында басылған «Зұлыпқар» көзге оттай басылды. Олардан қалыспайын дегендей «Бөбек» екінші сыныптағылар үшін «Өзін-өзі тану» оқулығында 1988 жылы көрсетілген «Дастарқан» мультфильміндегі әннің мәтінін (сөзі А.Нысаналиндікі, сазы К.Дүйсекеевтікі) «Қазақы дастарқанда» жыр жолдарын шатастырып, қате басқаны өз алдына, ескерту айтпағаны жанды жүдетеді. Сонда бұл не? Барымта ма, жиендік пе? «Судың да сұрауы бар» емес пе? Ең болмаса, алдын-ала хабарласса қайтеді? Баспалар басссыздығы мен құрастырушылардың қаперсіздігі қашанғы бұлай жалғаса береді? Тапаталтүсте ақын-жазушылардың заңды құқы неге тапталады? Араша, ағайын! Бұлардың барлығына әділқазылық жасайтын ормандай оқырман екеніне сенгім келеді. Біздің ұлттық мәдениетімізде беймезгіл белең бере бастаған келеңсіздіктер тамырына балта шабатын кез әлдеқашан жетті. Ендігі опындыратын оқиға қалай өрбитінін уақыт көрсетеді. Т.Т. (Тобықтай түйін). Қазақ аудармасында шешілмеген проблема көп болса да қазір жан-жақты толықты. Ұлттық тіл байлығы қандай күрделі түпнұсқадан да тікелей тәржімалауға мүмкіндік туғызады. Енді шикі жолма-жол аударманы ұсыну шабыт шынарына шіркеу, шідерлеулі аттай шеберлікті шектейді. Қисық ағаштың көлеңкесі түзу түсе ме? Жас тарихшы С.Дүйсеннің қотармасы ала-құла. Әрине, Аянның аудармасы да жетісіп тұрған жоқ. Ең алдымен, жоғары көркемдік келісім жетпейді. Дегенмен, бұдан жиырма бес жылдай бұрын жасалған балама өз міндетін атқарды. Сұлу Сүйінбике қажырлы қайраткер болса да, ақын емес. Бірақ, нәзік жан халқына жүрек сырын ақтарды. Қалай дегенмен, бізге қасиеттейтін тұлға (Сталин, Мао және Хо Ши Мин де өлең жазғандар). Тегінен гөрі затым Ноғайдың ауқымы кең, жатық. Атым мен затым іштей ұйқасып, құлаққа жағымды естілетіндей. Жә, жылт еткенді лайықты бағалай білетін былайғы жанашыр жұрт басқасын айта жатар. Тәуекел!.. Салыстырып қараңыздар!

СҮЙІНБИКЕ ЗАРЫ (Қазақ тіліндегі жолма-жол нұсқасын жолма-жол дайындаған т.ғ.к. Сейітқали Дүйсен)

Бақидан адам озбайды, бір Құдайға сенгенде, Жарығын Құдай береді қазаға төзгенге. Мың бес жүз он бесте бұл дүниеге келгенмін, Ата-анамның дәулеті еш кетпес деп білгенмін. Ата-анамның қолында бір де қайғы шекпедім, Қайғы-мұңды көрем ойлап та көрмедім. Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайда менің бақ даулетім, Сәби шағым, нұрлы жүзім, мырза қызы болған кезім! Он сегіз жасқа толған шағымда Хан жұбайы атандым ата-анадан бөлініп. Қырымнан Қазанға әкелді бақыт қонып. Қазанның жас ханы Жанәлі болды ерім. Жанәлі хан мерт болды бір залымның қолынан, Ендігі қаза тайдырар тура жолыңнан. Хан бикесі болып мен екі жылдай тұрғаным, Қайғы жұтып тұл қалдым, хан дүниесі жоғалды. Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайда менің бақ дәулетім, Сұлу шағым, нұрлы жүзім, ханшайым болған бақытым! Қырымның Сафагерейі Қазанға кеп хан болды, Үш қатыны болса да, төртінші етіп мені алды. Кәпірлер көбейіп, қайғылы заман басталып, Қазанға күшті патшалар көз сұқтарын қадады. Қала іші тынышсыз, дұшпан бары білінді, Дәулеті бар кісілер?.. Сафагерей тұсында соғыстарда көп болды, Әр жақтан жиылғандар, обыр болды содырлар. Өмірім өтті он төрт жыл Сафагерей ханменен. Қазан шаһары көңілсіз, қан төгілді молынан. Шаһар сыртында соғыс, ішінде апат. Сол тынышсыз уақытта Сафагерейім болды опат. Екі жасар ұлым, көзімнің нұры, құлыным, Өтеміскерейім жетім қалды, бұлбұлым. Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайда менің жас дәулетім, Өзім де тұл, ұлым жетім, қайда менің қайғысыз күндерім? Мәскеу ханы Қазанды алмақ болды өзіне, Қазан жұрты сөзіне құлақ тосады. Мәскеу ханы үгіттеп қартты, жасты, жігітті, «Беріліңдер маған, ешқайсың қыбыр етпей», Мырзалар, сөз аңдамай, күштері жоқ соғысуға, Нешеме қабат уәде бұзып, Барды олар солуға (келісім болар?) Келісім шартын тағы бұзды бұл мырзалар Ноғай, Қырым, Қазан жұрты түрлі ел болып тозды Хан орнына хан болып тұра алмадым пан болып, Мырзаларға әлсіздік көрсетіп, жүрек-бауырым қан жұтты. ..? ..? Хан қабірі үстіне тас мұнара соқтырдым, Ойладым: «Өзім өлсем де атым қалар көп жылға». Мұнара тұрғызғаным көңілімді көтерер, Қазандағы князьдар енді тыныш болар, Әрқайсысы қол салар мендей жесірді алуға Әмір түсті кетуге, күймелерге мінуге, Көздерімнен нұр кетті, не істерімді білмеймін, Мені күшпен екі адам отырғызды арбаға Тақты, бақты қалдырып, күйме жанына барармын. Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайда менің хан дәулетім, Көңілім мұңлы, жүзім сынық, көзім жас­ты, есіл бақытым. Көзімді салдым халыққа, көбі жылап ұзатты, Қайсылары «Мәскеу ханы рақымшылық жасар» деп жұбатты. Шаһар түгел гуілдеп, жылып-сықтаған дауыстар Маған түскен қайғылар - мырзалардың күнәсі. Ойлап қалдым бүгін қиямет-қайым келді ме деп Тағы ойладым?.. Күймеге, каретаға жеткенде Тілім байланып не айтарымды білмедім. Қайсы айтады?.. Мен айтамын «Бақытты болыңдар, кеттім енді жыраққа» Халқым қалды жығылып, әлсіз болып бір жақта. Күшті әлділер? қалғандары жырақта. Еділден өтер шақта, қарадым мен қалаға, Қалды жылап Қазаным ұқсап жетім балаға. Дедім: «Менің Қазаным, ұшты бақыт басыңнан, Қалдың бүгін дәулетсіз, бұлақ болып жас ағар, Қайда қалды шаттығың, қайда сенің байлығың? Көрер көзге белгілі?.. Қаңырап қалды сарайың, нұрың кетті жүзіңнен» Деп жылап мен Қазанды көз ұшынан ұзаттым... Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайда менің хан дәулетім, Хан сарайда тұрған едік, бүгін болдық жесір-жетім. Мұнарам көрінді көз көрім жерге кеткенше, Тағы бір жыладым, хал-қадірім жеткенше. Дедім: Иә, Раббым, мұнарам, білмеймін, қайда барарымды, Қалдырдым енді сені, бақтыға қарсы шықпа. Хан мазары үстіне сен түрғызылдың, іргетасың берік қой, Мәңгілікке қалады сенімен менің атым». Солай зарлап жүргенде, мұнарам да көзден жоғалды, Жогалуға себеп сол, күйме ұзап барады. Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайда менің дәулетім, Көңілім мұңлы, көзім жасты, өзім жесір, ұлым жетім. Күйме кетті қозғалып, қаршыға құстай қомданып, Мендей қаріп адамнан ақылы мен күшін алып. Жүре-жүре біз жеттік Зуя деген қалаға, Келді ондағы бояр, мырза, бізді көріп қалуға. Барып жеткен Зуяда біз үш күн тұрдық. Шықпадық біз ешқайда, күйме ішінде отырдық. Сонан кеттік Мәскеуге, жолдың тартып азабын, Жесір болып барамыз, көрмей дүние қызығын. Жол жүріп ұзақ әйтеуір, жеттік-ау бір кез Мәскеуге. Бақытсыз мына жандарға, не болар біз күттік. «Қыздар майданы» деген орынға, Көп күттіріп кіргізді. Кірген үйдің сыртына он кісіден тұратын Қарауыл қойды тұрғызып, Шығармайды, кіргізбейді бөтен адам ешкімді. Күн өтеді, түн батады, тәнім-жаным сыздайды. Екі бояр бір күні келді, Бірі маған «Жүр» деп қолын созды. Жесір болған менен не қайыр, Қозғалдым мен қайғыра. Балам екеумізді қайда алып барады? Келіп кірдік кең үйге, Көп адамдар тұр екен, бәрі бізге қарайды. Падишах маған тіл қатты: «Балаңды өзгеге асырауға, Ал өзіңді ерге береміз». Деп осылай баламды алды қолымнан, Жесірліктен жанған жаным тағы отқа салынды. Естідім мен баламды поптар алды, Ақылы толмаған баланы діннен бездірді деп. Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайтар ма екен хан дәулетім, Көңілім мұңды, көзімде жас, қалдым жалғыз жесір-жетім. Мен кеткенде күндесім: «Кетті енді Сүйінбике» деп, Өзі болғысы келді ханбикесі Халықпенен кеңесіп Астарханнан хан алғызды, Ханның аты... Жәдігер Күндесім ханға барып Қазанды билеуге рұқсат сұрады. «Бермесең асықпа әлі сені отқа қақтармын» деп, Сол жолы патша бір ханға қасындағы Шах Әлиге Қазанға дұшпан жанға мені алып соғысқа баруға, Мәскеуліктермен бірге Қазанды жаулап алмаққа. Сүйінбике атым, тегім ноғай, қайтар ма екен хан дәулетім, Қазаным жоқ, көңілім мұңлы, ұмытылмайды еш қасіретім. Шейх Әлимен барғандар, Қазанды басып алғандар, Мені сатқан мырзалардың басын жерге тыққандар. Жәдігер менен күндесім тағы да қолға түскендер, Мені жандырған отқа енді өздері қақталар. Бейбақ балам Өтеміс алты жаста өтті фәниден, Жалған дүние өтті, ол да менің бір қайғым. Дүниеге келген адам, қайғы көрмей тұрмайды, Өмірден шаттықпен өткендерде топырақтан табар орынды. Сүйінбике атым, тегім ноғай, көзім жасты, жоқ рақатым, Көрдім қиындық, шектім азап, ұмытылмайды қасіретім.

Гүлтәж Сүйінбике

ҚАСІРЕТТІ ҚОШТАСУ

Асқан ақыл мен сұлулық үшін жаралған Сүйінбике туралы сөз әжік-күжік әңгіменің аясына сыймайды. Ол жүректің үлкен толғауын керек етеді. Он жарым ғасырдан бері Сүйінбике тұлғасы әр қырынан зерттеліп келе жатса да, оның уақыты мен өмірі терең зерделеніп болған жоқ әлі. Бұл тақырыпқа жеті тәңірия (муза) өкілдерінің бармағаны некен-саяқ. Сонда да оның бекзат болмысы мен бет-бейнесін кеңістік пен көкжиектің көк мұнары көлегейлеп тұр. Бізден гөрі өткені мен бүгініне ұқыпты келетін татар ағайындар бір кездері «Сүйінбике» атты жорнал да шығарып тұрды. Ежелгі ұлы Жібек жолы бойындағы көне қала Құмкентте қанаттанып, қияға ұшқан ер Едіге мен оның ұрпақтары да тағдырдың түрлі-түрлі қиыр-шиырына түсіп, тарих қатпарларына сіңіп кетеді. Бірақ бұл әулеттен қалған ерлік іздері өшпейді. Торға түскен тотыдай болып, қарақан басына соншама зілмауыр тауқымет түскенде, Сүйінбике қайсар мінез танытып, асқақ тұғырда қалды. Қазан халқымен жыр тілімен қоштасуы да ащы өзекке өрт түсіреді. Кезінде бұл туындыны шаң басқан көне қағаздар арасынан аршып алып оқырман игілігіне ұсынған татар жазушысы, Гүмер Баширов болатын. Аталмыш бәйіт ноғай жазушыларының орысша шығатын «Қыпшақ (Половец) Айы» атты альманахтан (бас сарапшысы Иса Капаев) алынып аударылды.

*** Жазмыштан озмыш жоқ екен, қуат бер бізге, жаратқан, Уақыт қандай қатыгез қасірет жерге таратқан. Мың бес жүз он бесте келіппін мынау өмірге, Шат-шадыман қарадым гүлжазира өңірге. Ата-ананың арқасы еркетотай өстім мен, Көрген жоқпын қағажу тіршілікте ешкімнен. Атым Сүйінбике де, затым ноғай, қайда енді дәуренім? Сәби шағым, нұрлы жүзім, таппай сені әуремін. Бұлғақтадым бой жетіп, он сегізге толғанда, Әлпештеді бәрі де хан қатыны болғанда. Тағдыр мені әкелді Қырымнаи кейін Қазанға, Жәнәліге қосылдым, тұрмады ол ұзақ (жазам ба?), Шейіт болды ол аңдаусыз бір залымның қолынан, Алтын көріп періште, тайған шығар жолынан. Ханбике болдым екі жыл, бақ тұрмады басымда, Тұл қалдым мен сонымен қайғы- қасірет қасында. Сүйінбике атым да, затым ноғай, қайда енді дәуренім? Сұлу шағым, нұрлы жүзім, таппай сені әуремін. Сапакерей хан болды Қырымнан келіп Қазанға, Сатқындыққа кезігіп, кетті талай мазам да. Замананың запыраны қан жұтқызды адамға, Тікен есті қауіпті әрбір басқан қадамға. Шаһар іші беймаза аласапыран болды кез, Қаумалаған жан-жақтан қаскей дұшпан салды көз. Соғыс өртін тұтатты әумесерлер сөзге еріп, Сырт айналды дүние қапелімде өзгеріп, Сапакерей он төрт жыл маңдайымнан шертпеді, Жанды жеген жақаурап мынау маған дерт пе еді? Қан төгілді қаншама жете алмадым мұратқа, Хан-ием өліп, қор болды менің жаным жырақта. Жетім жесір қалдық біз, үзілгендей жұлыным, Екі жаста Өтеміс – көзім нұры, құлыным.

Сүйінбике атым да, затым ноғай, қайда енді дәуренім? Тақсырет тартып тағдырдан ит-рәсуә әуремін. Қансыраған Қазанға Мәскеу тізе батырды, Ездік етек алып тұр, заманы өтіп батырдың. Еңірегенде үлкен жас жасқа толып етегі, Кежегесі кейіндеп, жеткізбейді жетегі. Мырзалардың кісімсіп, кеудесіне нан пісіп, Құлдық қамыт киген соң шықты әңкі-тәңкісі. Опасыздық әрдайым төзіміңді сарқады, Ноғай, Қырым, Қазанның қанбазары тарқады. Хан орнына хан болып тұра алмадым не шара, Қан жылайды жүрегім халді көріп бейшара. Елім үшін қайтейін еткен еңбек еш күнде, Серттен тайып жүрген көп, бәтуа жоқ ешкімде. Хан қабірі үстіне салдырдым тас мұнара; Ойладым мен: «Жылдарға атым қалар ішінара». Бұл ісіме елімде сүйінбеген аз пенде, Құлақтарға дарымай, кетіп жатыр сөз кенде. Қазанға үш қайтара хан болған Сапакерей өлгенде, ұлы Өтеміс-керейдің жастығы себепті, өкімет істерін төртінші қатыны Сүйінбикеге тапсырған. Құршид ана (ханның үлкен бәйбішесі) күндесіп, өзі хан қатыны болу ниетімен Астраханнан Қазанға Жәдігер ханды келтірді. Мәскеу ханымен болған келісімді неше қайта бұзса да, ол істердің күнәһары «Сүйінбикенің ісі, ноғайлардың, қырымдықтардың ісі» деп (Сүйінбике сыртынан) Құршид ана Мәскеуге хат жолдады. Сол себепті Мәскеу ханы келісімді уақытта тұл қалған ноғай Жүсіп мырзаның қызы Сүйікбикені төрт жастағы ұлы Өтеміс-кереймен екеуін Мәскеуге жөнелтуге шарттасты. Қазан төрелері Мәскеуге бүйрегі бұрмаса да, өздерін судан таза, сүттен ақ етіп көрсету үшін Сүйінбикені тағынан, бақы- тынан айырып, жылатып, Мәскеуге аттандырды. Сол күні қаладан шығарып, Қазанды суына жеткенше жергілікті сазгерлердің ойнап берген мұңлы мақамына жазылған жыр Сүйінбикенің өз аузымен айтылған деседі. Қазандағы қасқалар ойлады жан тынышын, Құрбан еттім өзімді тәкаппарлық құны үшін. Аңыратып айырды отырғызып күймеге, Көздерімнен нұр кетті, қалдым сұмдық күйде не. Тұтқындады екі адам емеурін ерінде, Тақ пен тәжді қалдырып, тәрк еттім бәрін де. Сүйінбике атым да, ноғай затым, қайда менің бақытым? Көңіл мұңлы, жүз солғын, көзім жасты, есіл уақытым. Назар салсам халыққа, жетті мезгіл құба-құп, Жылап-сықтап жамиғат жатыр мені жұбатып, Қаңырап тұр соншама қаладағы бау іші, Естіледі емексіп әлдекімдер дауысы. Аспан екеш аспанның өңі сынық, солған ба Ай, Шаһар да шат-шәлекей ақырзаман болғандай. Қаріп-қасер, жоқ-жітік ұшырасса демедім, Әзіз тілім байланып, ләм-мим демедім. Тілегім сол: «Бақытты бол, кетіп барам жыраққа». Халық қалды қамығып, әлсіз болып бірақ та. Еділ жаққа шыққанда, қарадым мен қалаға, Қаңсып Қазан ұқсайды әкесіз бір балаға. Дедім: «Міскін Қазаным, ұшты тәжің басыңнан, Түгел болып тып-типыл, жас та ағар жасыннан. Қайда қалды шаттығың, қайда сенің байлығың, Әрі-тәрі болғанда қашан келер жайлы күн? Қаңырап қалды сарайың, сәулет кетіп жүзіңнен», Соны айтып, қауыштым тұлдыр қалған түзіңмен. Сүйінбике атым да, ноғай затым, қайда дәурен дәулетім? Хансарайда тұрғанбыз, тентіреп жүр әулетім. Көрініп тұр мұнара, бұлдырап көз ұшында, Көп жыладым әлсіреп, жолайы­рықтың тұсында. «Иә, раббым, білмейсің қайда бара жатырмын? Қатал тағдыр, шарам жоқ ауыр ойға батырдың. Тұғырың тас мұнара, ескерткіш болып мәңгілік, Атымыз біздің өмірге қалады ма жаңғырып. Бірте-бірте барлығы бұлбұл ұшты көзімнен, Көңіл қатты құлазып, сиық кетті сөзімнен. Сүйінбике атым да, ноғай затым, қайда менің дәулетім? Шермендемін, көзім жасты, ит-рәсуә әулетім. Күйме заулап келеді, құстай ұшып ілгері, Мұңайып бас бұлғайды түздің солған гүлдері. Қорлық пенен зорлықтың өктем күші зор қандай, Не күтіп тұр тағы да алда бізді сор­маңдай. Бір қалаға әкелді, мазағы ма жарайды, Үсті-басты ішіп-жеп, тесірейіп қа­райды. Отырғызды омалтып, күйме ішінде тұтқында, Және егілдім еріксіз жағдайымды ұқтым да. Одан бізді жеткізді қарғыс атқан Мәскеуге, Жалын толып кеткендей, кек тұтатып жас кеуде. Қала болып қапаста, кештім бастан сан күйді, Қит еткізбей ешқайда басқан ізді аңдиды. Ешкімнің де ісі жоқ жамылғанда біз қайғы, Күн менен түн алмасып дертті дене сыздайды. Тақсыретті тарттым көп, қайғы жанды қозғады, Опасы жоқ жалғанның, жұрт ботадай боздады. Болдым енді пұшайман, туған жерден қашықта, Адастырды тағдырым ел аман, күн ашықта. Қауқылдайды шөкім топ шат­тығымды шайқаған, Қанатымнан шарпылып, отқа түстім қайтадан. Жетім-жесір болған соң етеді кім қайырды? Шырқыратып есі жоқ сәбиімнен айырды. Кете бардым осылай нақақ басым жалалы, Безбүйректер тынды ақыр шоқын­дырып баланы. Сүйінбике атым да, затым ноғай, қайда менің дәулетім? Көңіл қала, көзім жасты, жетім-жесір әулетім.

Мен кеткенде күндесім, жарылардай жүрегі, Әзәзілге ерді ме жаманшылық тіледі. Астраханнан хан етіп Жәдігерді шақырды, Әрі-тәрі тарады елдің түрі ақыры. «Біреуге егер ор қазсаң, оған өзі түседі», дейтін еді. Ендеше көргенім қай түс еді? Күні туып ездіктің еліреді ерек тым. Ата-жұрттан айырылып, енді кімге керекпін? Баян бар ма барқадар алашапқын өмірде, Қандай өркен өседі өртең шалған өңірде.

Сүйінбике атым да, ноғай затым, қайда менің дәулетім? Көңіл қапа, Қазан жоқ, азып-тозды әулетім.

Ноғайшадан аударған АЯН

462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз