• Заманхат
  • 16 Ақпан, 2018

МҰХТАРДЫҢ МҰРАТЫ

Әкем, яғни, Мұхтар Әуезов қолым­нан қысып ұстап, Алматының бір қиырындағы қазақ мектебінің бірінші сыныбына апарып отырғызды. Ол кезде күллі Алматыда екі-ақ қазақ мектебі бар болатын.

Мұрат Мұхтарұлы Әуез.

Жақында ұстазым белгілі музыкатанушы Әсия Ибадұллақызы Мұхамбет маған бір кітап сыйлады. Кітаптың бетінен «Ділім» деген терең мағыналы сөз оқыдым. Кітап мұқабасында Мұрат Әуез деп жазбагердің есімі көрсетіліпті. Мұрат Мұхтарұлы туралы ойласам, көз алдыма қазақ көші елестейді. Поль­шаның азаттығы үшін күресіне байланысты патшалық Ресей империясының басшылығы қазақ даласына жер аударған қайсар революционер Адольф Янушкевич 1846 жылдың 11 шілдесі күні күнделігіне: «Алдымыздан алты сағат бойы қазақ көші өтті» деп жазыпты. Ойланып көріңіздерші, алты сағат! Сонау, сақ бабаларымыздан бас­тау алатын ұлтымыздың тарихы ма­ған тұтастай бір ұзын көш секілді кө­рінеді. Осы Ұлы көштің мақсаты мен мағынасы туралы ойлағанда, көз алдымнан қазақтың небір ұлы тұлғалары өтіп жатқандай күй кешемін. Сондай тұлғалардың бірі ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов. Суреттей болып көрінген осы бейнеде заңғар жазушының қасында түрі мен түсі өзінен айнымайтын бір бала отырғанын көремін... Қазақтың маңдайына шоқ жұлдыздай біткен Мұхтар Омарханұлы халқым деп өмір сүрген адам. Отанына деген махаббатын ғұлама тұлға өз шығармалары арқылы қазақ халқын әлемге таныстырды. Мұхтар Омарханұлы өз перзенттерін тәрбиелеуде де ұлы тұлға бола білген тұлға. Бұны ұлына жазған хаттарының басын оқыған кімде-кім болса бірден түсінері анық: «Мұратай!, Алтын балақайшы Мұратай! Айналайын алтын балам!» Мұрат Мұхтарұлы былай деп еске алады: «Мұхаң өзінің әке екенін сездіре білетін. Кішкентай кезімде әкем менің қалыптасуыма ерекше мән берген. Ернардың бір дорба асығы бар болатын. Әкем арқардың құлжасын: «Мынау – сенің асығың», – деп маған беріп, асық үйреткен. Әкемізбен аңға жиі барушы едік. Содан кейін спортпен шұғылдануыма көп көңіл бөлді». Жазушы өзі бастаған ісін перзенттері жалғастырса деп армандағаны анық. Сондықтан да, ұлдарын адами рух бұлағының мөлдір суының дәмін татқызуға бар күшін салды. «Бірде әкем Ернар екеумізді екі айға Қырғызстанға алып барды. Қырғыз ағайындар бізді Қордайдан күтіп алды. Әкем кезінде қырғыздың «Манас» эпосын қорғап қалған адамдардың бірі ғой. Сондықтан да, қырғыздардың арасында ол кісінің абырой-беделі зор. Сол жолы біз Түгелбай Сыдықбеков, Әбдімомынов және атақты манасшы Саяқбай Қаралаевтың үйлерінде болдық. Мен «Манасты» ұйып тыңдап, әкемнің қасына келіп, құлағына сыбырлап: «мен ана кісінің айтқандарын түсінемін» дегендегі әкемнің балаша қуанған сәті көз алдымнан еш кеткен емес. Әкем қырғыз бауырларына мақтанып айтып, бір марқайып қалған еді. Әйтеуір, ол бізді білімді де мәдениетті азамат етуге тырысып бақты». Жазушының жүрегі «Қазақ» дегенде «Абай» деп, «Абай» дегенде «Қазақ» деп соққаны айдан-анық. Ұлы қаламгер осы көзқарасы арқылы ұлына, туған халқына, Отанына деген шексіз махаббатын да сыйлады. Бұл сезімін ол ұлына да дарыта білді. Оған оның мына хаты дәлел: «Мұратай! Мен сені енді ер жетті, есі кірді деп менің кітабымды оқитын, білетін кезі жетті деп «Абайды» жіберіп отырмын. 1958 ж. 28. ХІ». Жас Мұрат әкесінің жолдауын жан-тәнімен қабылдады: «Абай жолын» оқы­ғанда, ол біреудің жазғаны емес, өзіңе өте жақын адамның жазғаны еке­нін жастайымнан ұғып өстім. Кітаптың өзі әкемізден басталған сияқты». Осылайша, Мұхтар Омарханұлы ұлы Мұратқа туған халқына деген махаб­баттың қандай қымбат, шексіз екенін де біл­діргісі келуге талай әкелік әрекетін жасай білді. Жоғарғы оқу орнына түскен ұлы­на ата-бабасының елін таныту заңғар жазушының көптеген арманының бірі болатын. Осылайша ол досы Кәмен Оразалинге төмендегі хатын жолдайды: «Қымбатты Кәмен! Мынау Мұрат Әуезов менің туған балам. Москва университетінде оқушы еді. Қазір жазда Семейге, содан ары Абай ауданын – әкесі туған жерді, елді көруге бара жатыр. Өзіне саған, Балташқа бар дедім. Осыны ауданды аралатып, елді көрсетіп танытуға өзің бар, Балташ бар, көмек етулеріңді сұраймын. Өзің, сен де үйіңе түсірсең деймін. Мен ауырып Москвада больницада жатырмын, жәйімді Мұрат айтар. Үйіңе көп-көп сәлем. Мұхтар Әуезов. Елдегі бар ағайынға мың сәлем. Балташтікіне жәйді ұғындырып өзің алып барарсың. 1961 ж. 25 маусым. Москва – Кунцево». Бұл хатты жазып жатып Мұхтар Омарханұлы өз өмірінен қымбат көретін қазақ даласын енді қайтып көре алмайтынын білген жоқ еді... Мұрат Мұхтарұлы: «Содан маған хатты табыстап жатып: «Семейде жүрген кезде алған әсерлерің туралы күнделік жаз» деп тапсырды. Сол күні екеуміз алдағы сапарларымыз туралы жос­пар жасадық. Мен әкемнің операция­сынан кейін Семейге барып келетін болдым да, ол сырқатынан жазылған соң Алматыға қайтып, содан кейін Шолпан-Атаға баратын болып келістік. Бірақ, ол сапар жүзеге аспай қалды. Әкемнің тәрбиесі осындай өте нәзік, мағынасы өте терең еді. Мұндай әңгіме-тәлімдер маған ауадай қажет болатын. Менің «Жас тұлпарға» келуімнің бас­тауы әкемнің тәрбиесінде жатыр-ау деймін. Әкемнің өсиеті, өткеніңді ұмытпа, еліңді, жеріңді, тарихыңды біл деуі әсер етті. Бойымда ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына ол кісі менің өзіме де байқатпай асқан үлкен шеберлікпен ықпал жасады. Сезімнен, өзіңнің кім екеніңді сезінуден басталды бәрі». «Жас тұлпар дүбірі» кітабының авторы Әміржан Әлпейісов: «Москвада оқитын 1438 қазақ жастары бастап, басқалары қостап, «Біз қазақ неге көштен қалып бара жатырмыз?» деп, жан-жаққа көз салып, жоғалтқанын іздеуге кірісті. Орны толмастай болып, үңірейіп қалған тарихи олқылықты жанталаса толықтыруға ұмтылды. Ұлттық идея көрінісін Алаш идеясынан іздеген жас тұлпарлықтар қа­зақтың жаңа өмір сүру философиясын қалыптастырушы күшке айналды». Мұрат Мұхтарұлы: Біз Мәскеуде «Жас тұлпар» атты ұйым құрдық. Ұстанған мақсатымыз – отаршылдық саясатқа қарсы шығып, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға үлес қосу. Ол кезде бұлайша атой салу – өзіңе-өзің қару кезенгенмен бірдей болатын. Қиналған кезде әкем түсіме енетін. Әкемнің бір жылы жымиысы болатын. Түсіме сол қалпында енуші еді. Сол жымиған қалпы. Оның жүзінен: «Қамықпа балам. Бәрі жақсы болады» деген рай байқайтынмын. Ылғи да солай. Әкем түсіме енсе, барлық шаруаларым дөңгеленіп жүре береді». Академик Мұрат Ғылманов: «Мұрат жатақханада тұрғаннан бастап, аптасына 1-2 рет жиналатын семинар ұйым­дастырды. Семинарларда еліміздің экономика, мәдениет және тарих мәселелері талқыланатын. Сол семинарларда Мәс­кеудегі ғылыми-зерттеу институттарын­да жұмыс істейтін көптеген аспиранттар баяндама жасайтын. Мұндай оты­рыстар қызу пікірталастармен өтетін. Көбінесе Қазақстан мәселелері көте­ріліп, еліміздің үлкен биіктіктерге жету жолдары талқыланатын. Мұраттың ұйым­дастырған іс-шараларының ішінде 1967 жылы желтоқсан айында Мәскеу қаласының мәдениет институтының акт залында өткізген кешін айрықша атау­ға болады. Бұл кешке қазақтың 500-дей студенттері мен аспиранттары жиналды. ...Мұнда Мұрат үлкен баяндама жасады. Осы баяндамада Сталин және оның қызметкерлерінің қолымен ұйым­дастырған қазақ халқының ұлы қасі­реті жайлы баяндалды. Осы сұмпайы саясаттың нәтижесінде еліміз қырғынға ұшырап, халық саны екі есе азайғаны айтылды. НКВД әскерін жұмылдыру арқылы қолдан ұйымдастырылған ашар­шылық халықтың малын конфискелеу болғаны ашық айтылды». «Жас тұлпар» ұйымының белсенді мүшесі Қалмахан Тілеухановтың есте­лі­гінен: «Бойда қазақтың қаны буырқанып, жүректе жастыққа тән рух жалындап тұрған кез еді. Қылышын жалаңдатқан, танауы иіс сезгіш қызыл империяның қасапханасынан біз қалай аман қалдық? Бұл сұрақтың жауабын өз басым ұйым жетекшісі Мұрат Әуезовтің білімділігі мен біліктілігімен байланыстырамын. Жас­тығына қарамай ол жан-жақты ойлай білетін. Біз тіпті Мұраттың басшылығымен Бүкілодақтың комсомол ұйымын «Жас тұлпардың» жұмысының жандануына пайдаландық». 1966 жылы ақпан айында «Жас тұлпар» ұйымы ашық мәжіліс өткізді. Кездесуге Қазақстанның бар­лық облыстарынан жастардың өкіл­дері қатысты. Осы жиын туралы «Ленин­шіл жас» газетінің тілшісі болып қатыс­қан, бүгіндері белгілі жазушы Дулат Исабеков алған әсерін былай баяндайды: «Жас тұлпарлықтар» Жазушылар одағындағы кездесуге тың өлке­сін аралап, ондағы қариялармен, жергілікті қазақтармен сөйлесіп, олардың ұлттық тұрғыда мүшкіл халін көріп, ойға түйгендерін ерекше күйінішпен тізіп шықты. Мұраттың сөзі әр адамның көңіл түкпірінде сары сом болып қатып жатқан ар мен намысты оятты, іште қамалып келген ұлт болашағы жайлы уайымына қозғау салды». ...Мұрат Әуезовтің сөзі билік басында отырғандар үшін ашық күнгі найзағайдай қабылданды. Көлеңкесінен қорқып үйренген кейбір жазушылар осы сөздерді үреймен тыңдап, кейбір ақсақалдардың залдан шығып кеткенін де көрдік». Ахмет Жұбанұлының «Замана бұл­бұлдары» кітабын қазақ тіліне аударған жазушы Герольд Бельгер композитордың үйіне барғанда болған мынадай бір әңгімені күнделігіне жазып қалдырған: «...Сәбит Мұқановтың «Жас тұлпар» құра­мындағы жастар үстінен органға шағым түсіргені, яғни, революциялық-боль­шевиктік қырағылық танытқаны хақында пікір сабақтады: «Қайтесің, – деді күйрек үнмен. – Жетпіске келіп, жиырмадағы баламен ұстасады. НКВД-ға арыз жазыпты. «Жас тұлпар» саяси теріс үйірме депті. «Әуезовщина» қалмапты депті арызында. Ол шал талайдың түбіне жетеді әлі» («Замана бұлбұлдары». Алматы, «Дайк-Пресс», 2001. 436 бет.). Ия, «Жас тұлпардың» шабысында мін болмағанмен оның жолын кес-кестеген Батыраштар мен Қотыраштар аз болған жоқ. Және бұл мемлекеттік деңгейде орын алды. 1966 жылғы КГБ-ның (Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті – Б.О.) ақпаратында «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде былай делінген: «Из выступлений М.Ауезова в этих встречах: «В 1937 году и раньше были уничто­жены лучшие люди, лучшие предс­та­вите­ли казахской интеллигенции, которые могли бы создать огромную куль­туру. В 1932 году погибло миллион казахов, среди них погибло много талантливых людей. Молодежь наша должна обо всем этом знать и помнить. Все традиции и обычаи наших отцов и дедов забыты. Жизнь современной казахской молодежи не интересна». Әрине, бұндай кесірлік әрекеттер Мұрат Мұхтарұлына кері әсерін тигізбей қоймады: «Мен 1969 жылы Мәскеудің Әлем әдебиеті институтының аспирантурасын бітіріп келдім. Бұл институт Кеңес Одағындағы тіл мен әдебиет жөніндегі ең жоғары ғылыми орталық еді. Білімім бар. Сол жылы және келесі жылы «Дружба народов» журналында менің сыни мақалаларым екі жыл қатарынан жүлде алды. Осындай білімім болған соң мен ҚазМУ-де, жастарға сабақ беретін шығармын деп ойлағанмын. Ал, маған Орталық Комитеттің оқу орындары бөлімінде «Сізге студенттермен жұмыс істеуге рұқсат жоқ!» деп ашық айтты. Марат Сембі, «Жас тұлпар» қозғалы­сының алғашқы мүшелерінің бірі: «Мәс­кеуден оралысымен жас ғылым кандидаты Мұрат Әуезге жоғарғы оқу орындарында жұмыс істеуге тыйым салынғаны туралы ескертілді. Сонда, ол Алматы көшелері мен алаңдарында поэзия күндерін ұйым­дастырды. Бұндай жаңалықты Алматы тұрғындары мерекедей қабылдады. Бұл батыр Исатай Тайманұлының қарулас досы, өлеңдерін оқыған кімді де болса бостандыққа жетелейтін батыр, ақын Махамбеттің жыр кешіне дайындық еді... Бірінші кеш билік басындағылардың түрлі себептер айтуына байланысты кейінге қалдырылды. Консерватория залында өтуі тиіс екінші кешке де көпшілік жинала бастағанда тағы да тыйым салынды...» «Жас тұлпар» қозғалысының мүшелері «Невада-Семей» сынды күрес жолдарында әрқашан белсенділер арасында болды. Алаш азаматтарының арманы орындалып, Қазақстан Тәуелсіздігін жария еткенде де Мұрат Мұхтарұлы алдыңғы қатардан табылды, қоғамда болып жатқан өзгерістерге қызу кірісті. Парламент мүшесі, белгілі қаламгер, әдебиет зерттеушісі, қытайтанушы азамат Қытай мемлекетіне барған тұңғыш елші болды. Мұрат ағаның 1992 жылы «Халық Кеңесі» газетінің тілшісіне берген жауабында да әкесінің рухы желеп-жебеп жүретінін меңзегендей: «1959 жылы Мәскеудегі Шығыс елдері тілдері институтына оқуға түстім. Қай тілді таңдауда да ақылшылар көп болды. Бірақ, әкем марқұм менің қытайтанушы болуымды қалады, қазақ халқының, қала берді, байырғы түркі тарихына байланысты көп деректер Қытайда екендігін, соны зерттеу жас ұрпақтың міндеті екендігін айтқанын қалай ұмытарсың». Елші ретінде Мұрат Мұхтарұлы дұрыс бағытта жұмыс істей білді. Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасының жақсы болуының маңызын тереңінен түйсінді. Жылына 30 миллион нәресте дүниеге келетін елмен тең қарым-қатынас жасау оңай емес екенін нақты түсінді: «Біз өзіміз еті тірі ел болуымыз керек», – деген еді ол сол кезде. Тарихы баяғыдан қатарлас келе жатқан екі ел арасын жақындатуда да Мұрат Мұхтарұлы әке аманатын абыроймен атқарды. М.Әуездің бастамасымен көрші елде қазақтың рухани болмысын таныту жолында үлкен шаралар іске асырылды: «Қытайда сибо деген кішкентай ұлт бар. Халық саны – үш миллион. Әр сибо бес-алты тілді меңгерген. Кезінде бұл халық Жібек жолының бойымен өтетін керуендерге ілесіп, жол көрсетіп, тілмаштың қызметін атқарған. Хабай деген ақсақал ұлты сибо болғанменен қазақшаға судай. Қытайдың заңы қатал ғой. Жазушының тірі мұрагері ретінде менен рұқсат сұрады. Ақсақал романның қазақша нұсқасын өте жақсы түсініп, аударып шықты. Қайша Тәбәрікқызы деген жазушы, аудармашы менен рұқсат сұрап, «Абай жолы» романын қайтадан аударып шықты. Қытайда Мемлекеттік сыйлықтың екі түрі бар. Біреуі – жалпы ұлттарға арналған сыйлық, екіншісі – Қытай мемлекетінің сыйлығы. Ол сыйлық көп беріле бермейді. Сол санаулылардың бірі – Әкбар Мәжит. Осындай азаматтардың араласуымен Абайдың «Қара сөздері» аударылып шықты. Аударма керемет жасалды. Хакімнің ой-толғамдары қытай философиясына жақын болып шықты. Сондықтан жергілікті халық Абайды қызыға оқып жылы қабылдады». Қай аударма болсын, кемшіліксіз болмай жатпайды. Содан болар, Америка Құрама Штаттарында Достоевский шығармалары он сегізінші рет, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» жиырмасыншы рет аударылғаны. Әлемде мұндай мысалдар жетерлік. Мұрат Мұхтарұлы Әуез әкесінің ең алдымен нағыз ағартушы екенін жүрегімен түсініп, қабылдай білген тұлға. Қазақты әлемге танытудың туы Абай екенін жақсы білетін ол жазушы атындағы қорда да белсене жұмыс істеп, «Абай жолы» роман-эпопеясын орыс тіліне екінші рет аудару барысында көп еңбек етті. Мұрат Мұхтарұлы: «Меніңше, роман үлкен рухпен жазылған дүние. Тек қана әдебиет үшін ғана емес, әкеміз ұлт үшін азаматтық борышын орындап кетті деп есептеймін. Құдайға шүкір, әпкем Ләйла Мұхтарқызы үлкен ерлікпен осы романның түпнұсқасын сақтап қалыпты. Сол түпнұсқаның негізінде «Абай жолы»1999 жылы дүниеге қайта келді». Мұрат Мұхтарұлы Әуез қандай қызмет атқарып жүрсе де, ел мүддесін ойлайтын мемлекетшіл тұлға. Бұ­қа­­ралық ақпарат құралдарының қоғам­ды алаңдататын түрлі сұрақтар жө­нінде оның пікірін білгісі келіп, онымен кездесіп, жиі сұхбат жариялайтыны сондықтан болар. Қоғам мүшелерінің Мұрат Әуез не дер екен деген кездері де аз емес. Қазақстан зиялы қауымының айшықты өкілі Мұрат Мұхтарұлы Әуез шынында да осындай тұлға. Бір мақалада Мұрат Мұхтарұлындай үлкен азамат туралы бәрін айтып беру мүмкін емес. Дегенмен, ең бір айтылуы тиіс мәселе бар. Әр адамның алдына қой­ған арманы, асыл мұраты болатыны сөзсіз. Заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұх­тар Омарханұлы Әуезовтің де сондай асыл ойы болғаны анық. Ол кішкентай ұлы Мұратты қолынан қысып ұстап алып, Алматының қиырындағы қазақ мектебінің бі­рінші сыныбына апарып отырғызғандағы мақсаты да осы кішкентай ұлым ержетіп, үлкен азамат болып, көкейімде жүрген арманымды орындаса екен деген тілек еді. Ол кезде күллі Алматыда екі-ақ қазақ мектебі бар болатын... Сол кезден бері де тарихтың талай суы ағып өтті... Көз алдыма 1846 жылдың ыстық жазында «Алдымыздан алты сағат бойы қа­зақ көші өтті» деп күнделігіне жазу жазып отырған поляктың қайсар ұлы Адольф Януш­кевич елестейді. Ия, сол қазақтың көші... Бірінен соң бірі қазақтың ұлы тұл­ғаларының бейнелері... Міне, ұлы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің бейнесі де көрінді. Қасындағы... жоқ, кішкентай бала емес, жасы толысқан, халық білетін ұлы Мұрат отыр. Ұлы тұлғаның арманы орындалғандай.

1195 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз