• Заманхат
  • 19 Наурыз, 2018

МӘТІН МАҒЫНАЛЫ БОЛСЫН

Нағашыбай МҰҚАТОВ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты

Қазақ журналистикасының үш том­ды­ғын сәті түсіп, ұзақ парақтадым. Сонда «Қа­зақ елі танымдық, тағылымдық, тәр­биелік, тәжірибелік мәні бар өнегенің, өсиеттің көбін ауызша айтып, ауызша таратты», – деп жазылған. Ия, қазақ халқы ықылым заманнан бергі тіршілік тынысында киелі сөз өнеріне айрықша мән берген. Бір ауыз сөзге кілт тоқтаған. Жер, ел, жесір дауы осы арқылы түйінін шешіп отырғанына тарих куә. Ұлттық әдебиеттің бастауы ауыз әдебиетінде екеніне ешкім кү­мән­данбайды. Жазба әдебиет кеңге қанат жая бастаған соң, көркем, көрікті, түсінікті жазуға назар аударылды. Мәтіннің мағынасы ұдайы ескеріліп отырылды. Өткен жылдарға зер салсақ, әдебиет пен журналистиканы ажырату мүлде қате. Екеуі де сөз өнерінен түйісіп, қауышады. Пайымдап, таразылап қарасақ, мәтінсіз ақын-жазушы туындыларында, журналистердің қызметінде ешқандай мән жоқ. Мұны қалам­герлердің барлығы да дұрыс түсінеді. Баспасөзде Бас редактор бір ғана адам, басшы. Ұжым жетекшісі. Шығармашылық мекеме соның басқаруымен қызмет жасайды. Ал, радио, теледидар құрылымы өзгешелеу. Оларда қатардағы тілшілерді редактор деп атайды. Соған сай, жұмыс көлемі белгіленеді. Яғни, радио, теледидарда жұмыс істейтін қаламгер, ең алдымен, өзінің қолжазбаларына, сценарийлік жұмыстарына ұқыпты қарауға міндетті. Әрбір сөз, сөйлем өз орнын табуына әре­кеттенген жөн. Хабарды әзірлеуші айтайын деген ойынан жаңылыспай, берік идеяны жоғалтпай, мағыналы мазмұн төңірегінде сценарий әзірлесе ғана ұпай жинайды. Бізде республикалық, облыстық және қалалық радио, теледидарлар жұмыс істейді. Бәрі дерлік замана талабына сай, өте күшті техникалармен жабдықталған. Былайша айтқанда, үнтаспаға жазу, бейнекөріністерді түсіру, монтаж жасау мүмкіндіктері мол. Бірақ, соның барлығы да сценарийсіз жүйелі жүзеге аспайтыны және белгілі. Мәселен, республикалық көгілдір экранда әп дегенде автор сценарий мәтінін әзірлейді де, режиссердің қолына жеткізеді. Ол оқып, әбден танысып, өзінше ой түйеді. Автормен өзара ақылдасу, кеңесу мағынасында сөйлеседі. Сосын барып телеоператормен түсіру алаңына қарай беттейді. Ұтымды жері түсіруші өз жұмысын атқарған мезгілде сценарийге сүйенеді. Сонда нәтижесі де жеміссіз болмайды. Ал, облыстық теледидарларда бұл жұмыс басқаша жүргізіледі. Олар алдымен операторды зыр қақтырып жұмсайды. Бейнекөріністерге қарап отырып, сценарий нұсқасын дайындайды. Екі тәжірибенің озығы кәне десек, алғашқысы көңілге де, жүрекке де жақын сияқты. Мұны тиісті мамандар алдағы уақытта мықтап ескеруі керек. Жалпы, жергілікті жердегі режиссерлардың көбінде арнайы диплом, куәлік жоқ. Сол себепті, сценариймен ойлана, толғана отырып, жұмыс істеуге тек енжар емес, қабілетсіз. Көбі техниканың төңірегінде үйіріліп, монтажшы қызметін атқарғанына мәз. Радио, теледидар редакторы бір қара­ғанда, баспасөздегі білдей бөлім мең­герушісі іспетті. Жұмыс көлемі де соған сай. Өзінің авторлық хабарларын әзірлеудің сыртында штаттан тыс тілшілерді де редакция қызметіне белсенді түрде тартады. Олармен күнделікті байланысты ны­ғайту мақсатында жұмыс істейді. Ғалым Н.Омашұлының айтуынша «Редактор әуе толқынына шығуға тиісті хабарға жауапты адам. Оның міндеті сол, өзі қызмет етіп отырған арнаның бағыт, бағдарына, жоспарларына орай, хабардың сце­нар­лық жобасын құру, жанрын анықтау, хабарға қатысушы адамдарды шақыру, үнтаспаға дауысты жазып алу, мәселеге қатысты жайларды анықтау сияқты тағы басқа ұйымдастыру шараларымен шұғылданады». Зерттеу мақала мазмұнына сәйкес жеке тәжірибеммен бөлісуді ешқандай артық санамаймын. Ұлы жеңістің 40 жылдығына байланысты, теледидар хабарларының фес­тивалі болды. Қостанай теледидарында жұмыс істей жүріп, Бас редактормын деп кеуде көтермей, ұжым намысын көбірек ойлап, осы байқауға хабарды әзірлеуге өзім бекем бел будым. Тақырып белгілі. Соғыс, ардагерлер туралы жалпылама сценарий әзірлеуден бойымды аулақ ұстадым. Фестиваль екенін ерекше ескеріп, жұртты елендететіндей бірдеңе жасауға әрекеттендім. Талантты журналист, марқұм, «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Байтұрсын Ілияс құнды кеңес берді. Кейіпкерім Таран ауданына қарасты «Қайранкөл» кең­шарының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Әмірхан Ерменов. Кейіпкердің тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Әмірхан сұрапыл соғыста екі қолынан біржола айрылған. Снаряд жұлып әкетіпті. Жаралы жан үйілген топырақтың астында қалған. Аяғының басы көрініп жатқан жауынгерді жедел жәрдем көтеріп алып, санитарлық бөлімшеге алып барған. Кейін госпитальда жатып, әбден емделген. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіт елге келіп, Айсұлу есімді арумен көңіл қосқан. Құдай берген бес балалары бар. Бірақ, жұбайы өздері отасқан елу жылға жақын уақыт ішінде біресе күйеуін, біресе балаларын мәпелеп баққан. Кезек тамақтандырып, кезек киіндірген. Осы тағдыр туралы жазған сценарийім, түсірілген бейнекөріністер әділқазылар алқасының назарына ілігіп, жоғары бағаланып, жүлделі 1-ші орынды иелендім. Аталған хабар Қостанай теледидарының алтын қорында әлі күнге дейін сақтаулы. Жеңіс мейрамы қарсаңында экраннан қайталанып тұрады. Ел арасында желдей ескен гу-гу сөз бар. Баспасөзге қарағанда, радио, теледидарда жұмыс жасау оңайлау дейтіндер кездесіп қалады. Бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Журналист қай редакция­да қызмет істесе де, кәсіби шеберлік тұрғысынан көзге түсуге тиісті. Сіз баспасөзден бедел иеленесіз бе, әлде радио, теледидарда құрметке бөленесіз бе, оның барлығы да өзіңнің тұрақты талпынысыңа, ылғи ізденісіңе, қарымды қабілетіңе байланысты. Торғай облыс­тық радиосында 70-ші жылдары жұмыс істегенімде, біраз адамдармен әріптес болдым. Аға-редактор, белгілі қаламгер Қойшығара Салғараұлы қолымен қазақ тіліндегі хабарлар сценарийі бе­кітіледі. Ақтөбе жақтан келген Аманжол есімді әріптесімнің хабарлары көбіне әлсіз деңгейде әзірленді. Салғараұлы оның мәтіндерін айқыш-ұйқыш сызатын. Жөнделген тұстары машинистка көмегімен қайта басылады. Өзіммен бірге еңбек еткен Ғалымбек Сабыров, Сабыр Қарманов, Ереке Ахатовтар эфирге дайындаған хабарлардың мәтінінен мін табу мүмкін емес. Дикторлар нәшіне келтіре қоңыр қазақы дауыспен оқығанда, одан сайын құлпыра түседі. Есімдері аталған журналистер студияға меймандар шақырып, өзара әңгіме-дүкен құрғанда да, жүйелі сөйлейді. Тақырыптан ауытқымайды. Зерттеуші Қ.Қабылғазының жазуына қарағанда «Радио журналист ең алдымен өзі хабарлап отырған ақпараттың, оқиғаның маңыздылығын, шынайылығын сезініп, түсінуі қажет, сонда ғана оның айтқаны сенімді шығады. Тыңдаушыларды хабарға тартудың бір жолы – студия қонағымен еркін сұқбаттасып, шынайы әңгіме айтуға жетелеу». Қабылғазының қателікке ұрынбаған ұтымды ойларын радио журналистер тұрақты назарда ұстайды. Мәселен, Қоста­найдағы КН радиосы тілшісі Мақтагүл Құдайбергенқызы бұрынғыға қарағанда, әбден төселген. Ақпараттарды анық, түсінікті, деректі күйінде жеткізеді. Хабар­ға қатысушы меймандармен ашық түрде, жариялылық жағдайында сөйлеседі. Тың­даушылары оны дауысынан үнемі тез таниды. Мұның өзі журналист үшін онды олжа. Радио, тележурналист ана тілін жақсы, жетік білгенде ғана мақсат-мүддесіне қол жеткізеді. Ол күнделікті тіршілікте әдеби кітаптарды, журналистиканың теориясына негізделген әдістемелік жинақтарды көп оқып, республикалық хабарларды жиі тамашалағандары дұрыс. «Бүгінде телехабарлар, соның ішінде, қорытынды жаңалықтар қоғам мүшелерінің дүние танымдық шеңберін құрайтын саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи тақырыптарды, діни мәселелерді тіл арқылы бұқаралық санаға ықпал етуші қуатты құрал болып табылады». Журналист авторлық бағдарламалармен бірге, ақпараттарға да назар аударып отыруы заңды құбылыс. Негізінде жұрттың көбі жатса да, тұрса да, жаңалықтарға құлақ түреді. Онсыз өмірді ешқашан елестетпейді. Сондықтан да, редактор радиоға, теледидарға ақпаратты күні бұрын әзірлеген кезде, бейне көрініс, үнтаспаларға қоса, мәтіннің мағыналы болуын ұмытпауы керек. Осы ойымызды ақпарат бөлімінде жұмыс істейтін журналистер бірауыздан қолдайды деген сенімдеміз. Баспасөзде бөлім меңгерушілері болған­дықтан, материал түзеліп, тиянақталып, белгілі бір дәрежедегі, дәлірек айтсақ, тақырыпқа лайықталып, әбден дайындалады. Былайша айтқанда, сүзгіден өтеді. Ал, радио, теледидардың күнделікті тір­шілігіндегі қызметі газет, журналдарға қарағанда, басқашалау. Мұнда тілші сөзі көп қолданылмайды. Бәрі де редактор лауазымын иеленген соң, шығармашылық ауыр жүкті өздері көтереді. Яғни, ұйымдастыру қызметтері, кейіпкерге негізгі тақырыпты тереңнен түсіндіру, ұғындыру, үнтаспаға, бейнекөріністерге түсіріп, жазудың онтайлы, оңды әдістерін қолдану, ең бастысы, мәтіндегі әр сөздің нақты болуына, әл­сіздікке ұшарамауына жауап беру ре­дактордың еншісінде. Осы жұмыстарды жүйелі жүргізе білген экран, эфир маманы өзінің мақсат-мүддесіне толық қол жет­кізеді. Режиссер, редактормен тұрақты бай­ланыста жұмыс істейтін маман. Ол мәтінмен жан-жақты танысып барып, хабарды әзірлеуге шұғыл түрде кіріседі. Шығармашылық адамы ретінде авторға өз ойын ашық мағынада білдіруге, сонымен бірге, тақырып аясын кеңейту бағытында ұтымды ұсынысын айтуға хақылы. Талантты режиссер мен танымал журналист арасындағы өзара берік қарым-қатынас, шынайы түсінік, озық ой оларды кәсіби шеберлікке алып барады. Осы жерде мәтінге лайықтап, саздарды таңдау ісімен айналысатын дыбыс режиссерінің де тындыратын қызметі ауқымды. Мәтін мазмұнына үндескен ән, күйлер кез-келген бағдарламалардың ажарын одан сайын аша түсіп, тындаушы, көрермендерді бауырына тартады. Журналист хабарларда бірыңғай мақ­тау сөздердің тізімін жасайды десек, артық айтқандық болар. Автор эфир, экран арқы­лы небір байсалды бағдарламаларды жүргізе отырып, көтерілген көлемді мәсе­леге, сондай-ақ, тақырыпқа сәйкес көзқа­расын білдіріп отырса, өте жарасымды. Журналистің парасатты пайымдары заман ырғағына, уақыт тынысына халықтық тұжырымға үндескені дұрыс. Турасын айту керек, қазіргі таңда жас журналистердің дені қолға түскен деректерді жедел әкеліп, экран, эфирге шығаруға біршама бейімделгенімен өзіндік көзқарас мінбесінен мағыналы сөз, оймақтай ой айтуға келгенде, дәрменсіздеу. Талғампаз жұрт оны үнемі байқап, көріп тұрады. Сол себепті, журналистер ізденісті ірікпеуі, табандылықты сақтауы, қабілетті шыңдауы аса қажет. Қазақ «судың да сұрауы бар» деп бекер айтпайды. Баспасөзде де материалдар шамадан тыс көлемде жария­ланбайды. Оның да өзіндік тәртібі, нормасы бар. Тілшілер сол бойынша ұқыпты түрде жұмыс істеуге талпынады. Біз зерттеу мақала тақырыбына айналдырып отырған радио, теледидарда тәртіп, тіпті, бөлек. Сізге он бес, жиырма, жарты сағат бөлінсе, одан артық көлемде хабарды жасауға ешқандай мүмкіндік болмайды. Тәртіпті бұзсаңыз, режиссер сценарийдің быт-шытын шығаруы әбден мүмкін. Мұны осы салада көп жылдар бойы жұмыс істеген журналистер қауымы жақсы біледі. Кәсіби шеберлік деңгейінде әзірленген бағдарлама ұжым үшін де, тындаушы, көрермен үшін де оңды олжа. Ондай хабарлар редакцияның лездемелерінде аталып өтіледі. Автор, режиссерлар марапатталып жатса, мәртебеңнің тағы да өрлеп, өскені. Мәтіні мағыналы, ойы ұшқыр, идеясы мықты, тақырыбы әбден зерттелген бағдарламалар алтын қорда сақталады. Сәті түскенде, қайталанып беріледі. Әр журналистің өзіндік зертханасы, жазу тәжірибесі бар. Бәріне қойылатын талап біреу. Ешкім мағынасыз мәтінмен айналыспауы керек. Кәсіби шеберлік қай кезде де назарда ұсталынуға тиісті. Қазір жұрттың бәрі сауаттанған, ақпа­раттанған заман. Талғам да күн сайын күшейіп барады. Сапа жарнамада жазып, айқайлап жүргендей, тауарларға ғана емес, журналистикаға да тән. Мәтін мағыналы болуы үшін тер төккен таланттар саны сиремесін деп тілейік.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Н.Омашұлы жалпы редакциясын бас­қарған «Қазақ журналистикасы» 3 томдығы, Алматы, «Таймас» баспасы 2008 жыл. 2. Д.Бисмильдина «Ресми телехабарлар тілі» Астана. «ІС-Сервис» баспасы 2010 жыл. 3. Қ.Қабылғазы «Радиожурналистика» Ал­маты «Қазақ университеті» баспасы 2014 жыл.

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз