• Ел мұраты
  • 19 Наурыз, 2018

Поэзиядағы сұлулық сыры

(М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының  эстетикалық әсерлері)

Шоқан Құттыбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз орталығының редакторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Адам баласы дүниеге ішіп-жеу, тіршілік ету үшін ғана келсе, оның айуаннан артық­шылығы болмас еді. Ал, табиғат (жаратушы) оған ақыл-ой, сана бергендіктен, адам адамша өмір сүруі тиіс, яғни, ол айналаға, өзі өмір сүрген ортаға, қоғамға саналы көз­қараспен қарап, ой-пікір қалыптастыруы, алдына арман-мақсат қоюы керек. Адам, ең әуелі, отбасы, бала-шағасы, халқы мен Отаны алдындағы жауапкершілігін сезінуі абзал. Бұл үшін оқып, білім алуы, еңбек етуі, халық игілігі үшін қызмет істеуі, ел басына күн туған жағдайда, оны қорғауға ерлерше атсалысуы тиіс. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», деп Абай айтпақшы, осы қасиеттерді бойына толық дарытқан адам ғана нағыз адам болып өмір сүретіні күмәнсіз. Осындағы нұрлы ақыл – ол сана болса, жылы жүрек – ол адамдарды сүйе білуі және оларға қамқор-жанашыр бола білуі деп түсінуіміз қажет. Бұл сүйіспеншілік махаббатқа ұласары анық. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деген данышпан Абайдың тағы бір ұлағатты сөзіне сүйенсек, отбасын, елін, жерін, Отанын сүйе білмеген адамның, шын мәнінде, малдан несі артық?! Нұрлы ақыл мен жылы жүректің иесі – сезімнің адамы. Сол сезім қасиетінің арқасында адам баласы айналадағы табиғатқа, оның көркемдігіне, адамдардың сұлулығына құштар бола алады. Сұлулыққа сұқтана білмеудің өзі адамның азғындағанын көрсетеді. Ал, жүрегі жылы, ақылы нұрлы адам сұлулыққа таңырқай қарап, одан ләззат алуы, сүйсінуі, ғашық болуы заңды құбылыс. Ендеше, сұлулық дегеніміз нағыз эстетика. «Ажарың ашық екен атқан таңдай, Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай...» Міне, халық әні «Гауһартастағы» осы екі жол тұнып тұрған эстетика емес пе?! Жалпы, эстетика дегеніміз – адам­ның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғы­нып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым. Адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсінуі бірімен-бірі тығыз байланысты үш категориядан тұрады. Олар – 1) объективті шындықтағы эстетика; 2) субъективті эстетикалық ұғым немесе эстетикалық сана; 3) субъективті және объективті эстетикалық ұғымдардың бірлігі ретіндегі өнер туындылары. Сондай-ақ, эстетика дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсінудің қоғамдық мәнісін және табиғат пен қоғамды өзгертуге бағытталған жасампаздық күштерін көркем шығармаларда, өнер туындыларында керемет сұлулықпен көрсетуі арқылы айқындалады. «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей», – деп орыс халқының ұлы жазушысы Лев Толстой айтқандай, жақсы кітап оқырман жанын жадыратары анық. Қай халықтың болмасын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, сол елге бармай-ақ сол елден жарыққа шыққан кітаптарынан танып-білуге болады. Жазушы шығармаларындағы көркемдік эстетика, табиғатқа адамша жан бітіру немесе табиғаттың тылсым күштерін адам образынан іздеуі де жазушы шеберлігінің көрінісі. Көркем әдебиеттің де құндылығы осында. Сонау, ілгерідегі ауыз әдебиетіне үңілер болсақ, ғашықтық жырларындағы сұлулықты суреттеу, адам қайғысы мен қуанышына табиғатты қоса үндестіру тарихи дастандарымыздың құндылығы мен көркемдігін арттырып тұр десем, артық айтқандық емес. Қазақ халқы аузы дуалы ақындарға, тілі өткір шешендерге қай заманда да кенде болмаған. Бірақ, кез-келген жазушының сомдаған образы мүсінші салған мүсіндей әдемі шыға бермесі хақ. Әр киімді әр түрлі пішкен шебердей, әр жазушының өзіндік жүрегінен шыққан туындысы, жазу стилі бар. Дей тұрғанмен, оқырман ретінде салыстырып, бірінен-бірінің айырмашылығы мен ұқсастығын тауып жатсақ, бұл көркем туындыны кеміткеніміз емес. Табиғатқа, түрлі құбылыстарға, оның ішінде аң-құстарға тіл бітіру, олардың сұлулығы мен тәкәппарлығын адамзат баласымен үндестіру кез-келген жазушының қолынан келе бермейді. Бүгінгі менің кейіпкерім өз заманының ғана емес, бүгінгі біздің заманымыздың да, болашақ ұрпақтың да санасынан мәңгі орын алар ұлы тұлға. Ол – өлең-жырмен өлі табиғатқа жан бітірген қара өлеңнің қас шебері Мұқағали Мақатаев. Мына әлемнің босағасынан енді аттаған ақынды қоғам да басынан сипай қойған жоқ. Халықты қойдай қырған ашаршылық, қазақ зиялыларының басын жалмаған қуғын-сүргін, одан қала берді, екінші дүниежүзілік соғыс ақынды ерте есейтіп жіберді. Жас­тайынан зерек, өлеңге құмартып өскен бала ақынның алғашқы тырнақ алды туындылары 1948 жылы жарыққа шыға бастады. Халқымызда «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмас» деген қанатты сөзі бар. Сол айтқандай, Мұқаң 1960 жылдардың өзінде-ақ қазақ поэзиясының биік шыңын бағындыра бастады. Мұқағали қандай тақырыпта жазса да , жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмай, шын талантымен жыр болып нөсерледі. Мұқағали қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін өзіне шекпен етіп қайтарды». Ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. «Жаз» өлеңінде ақын жылдың төрт мезгілін су­реттеп қана қоймай, әр мезгілдің ерек­шелігін әр адамның мінезімен салыстыра шебер суреттеген. Мұқағалидің «Туған жер» өлеңін оқып отырған оқырманның көз алдына өзінің туып-өскен, кіндік кескен жері елестері анық. Бұл өлеңде қаймағы бұзылмаған алтын бесік – ауылың, сол ауылда асыр салған жалаң аяқ балалардың, кеш батарда ауылды азан-қазан қылатын қозы-лақтардың дауысы, бір талдың көлеңкесінде әңгіме-дүкен құрып отырған ақсақалдардың, маңдайын әжім басқан, мейірімді жүзі жылылыққа толы ақ әженің шынайы суреттелген бейнесі есіңе ауыл жайын түсірері сөзсіз. Шынында да, адам баласының қиялы жүйрік қой, шіркін! Мұқаңның «Бал дәурен, бал дәурен, қайда қалдың?» деген өлең жолдарын оқысам бір сәт қазіргі қоғамнан алыстап, балалық шаққа өтіп кеткендей әсерде боламын. Тәтті арманның жетегінде желік қуып, таңнан қара кешке дейін асыр салып, кім ойнамады, кім бала болмады дейсің?! Қазіргі біздің үлгі тұтқан тау тұлғалы ағаларымыз да бала болды емес пе? Адам, мейлі, қай жаста болмасын, осы өлеңді оқыса, өзінің бал дәурен шағын сағынышпен еске алары сөзсіз. Ақын туындысының құндылығы соншалық, боямасыз өлеңдерін оқи отырып, әр өлең алуан түрлі әлемге жетелейтінін ұғынасың. Міне, өлеңдегі эстетиканың бір көрінісі осы. Ақынның құнды дүниелерінің бірі – «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. Поэманың негізгі тақырыбы – Ана махаббаты. Ақын поэма арқылы үлкен тәрбиелік мәні бар астары терең мазмұнды да көркем туындыны дүниеге әкелген. Поэманың негізгі арқауы – ананың балаға деген махаббаты. Автор өзі көтерген мәселені толығымен ашқан, себебі, поэ­ма шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен сағыныштан туған. Бұл поэмада екі ана бар: бірі – тіршіліктің анасы табиғат-ана, екіншісі – адам баласының анасы. Шығармада «Жетім көлдің» тағдыры туралы жыр толғаған ақын сол жетім көлдің көркін кіргізетін, көк аспанда көшіп жүрген ақша бұлттай аппақ, сұлу аққулар туралы баяндайды. Сонымен қатар, баласының еміне шипа іздеп шарқ ұрған ананың жан күйзелісі сөз болады. Ана ауру баласын емдеу үшін табиғаттың киесі саналатын аққу құсқа оқ атуға мәжбүр болады. Сол жерде аққудан айрылған көлді суреттеген ақынның өлең жолдары тұнып тұрған эстетика. Аққуларынан айрылған жетім көлдің жағасы құлазып, сәбиінен айрылған ананың солғын тартқан жүздері, мұңды бейнесі көз алдыңда көпке дейін тұрып алады. Ақын жетім көл оқиғасын табиғатқа жан бітіре суреттеген. Эстетика – адамның жан дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары дейтін болсақ, әсемдік заңдарын арқау еткен шығарманың да мәнісі осыған келіп тоғысады. Бұл тұжырым автор поэмасында кеңінен көрініс тапқан. Ақынның табиғат пен адам жанын ұштастыра суреттеу шеберлігін белгілі ғалым Зейнолла Серікқалиев: «Мұқағали мұрасы, сұлулық үлгісі біздің бүгінгі игілігіміз ғана емес, Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы – болашақ ұрпақтардың да еншісі, қастерлеп-қадірлейтін қазынасы» – десе, жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Ойын сиқырлы сөзбен айта білу, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізе білу – Мұқағали өле­ңінің негізгі құдіреті ...Мұқағали – өлең түрін түрлендіруге де көп көңіл бөлген ақын. Ол көне шығыс үлгілерін де, әр сөзі ой шегелеген өзіндік тәжірибелерін де қазақ өлеңінің қанына сіңіріп кетті»,– деп бағалаған. Расында, қазақ поэзиясының ақиық ақынын қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтан кейінгі ғажайып ақын ретінде бағалаймыз. Мұқағали өлеңдеріндегі табиғаттың сұлулығын адамзат бойынан іздеуі Абай шығармаларында көптеп кездеседі. Тарқатып айтар болсам: «... Қызғыштар қиқулап, қорғағанда, Сорлағанға ұқсайды сорланғанға, Шүрегейлер айдынын қорлағанда, Көкқұтандар қанатын қомдағанда. Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда, Айдын көлдің иесі жол алғанда. Жетісіп бір «Жетім көл» қалушы еді-ау, Тынушы еді-ау, теңселген қара орман да». (М.Мақатаев. «Аққулар ұйқтағанда»). Бұл жыр жолдарын оқи отырып, Абайдың: «....Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай, Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай. Таң атқан соң шығарын күннің біліп, Өңі қашып тұра алмас бұрынғыдай»,– деп келетін жыр жолдары есіме түседі. Бұл өлеңінде хакім Абай алты ай қыста қар астында жатқан қара жердің күн көзімен, оның шашқан нұрымен ғана түрленіп құлпыратынын айтса, Мұқағали «Жетім көлдің» сұлулығы, сәні тек аққулар оралғанда кіретінін баяндап отыр. Мұнда Абай күнді жер серігі ретінде алса, Мұқағали аққуды көл еркесі, сол көлдің падишасы ретінде суреттейді. Біздің әдебиетімізде сұлу қыздың портретін суреттер болса, оны аққу құсқа немесе жарық күннің сәулесіне теңеп жатады. Ал, Мұқағали өз поэмасында аққудың сұлулығын сұлу қызға теңеуі, сұлулық падишасы – аққудың қасиеттерін адам бойынан келтіруінің өзі оның асқан шебер, қиялының шексіз екенін айқындап тұрғандай. Абай өлеңдерінде де табиғаттың мінезін адаммен салыстыру кең етек алған. Мысалы, «Қыс» өлеңіндегі: «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды. Дем алысы үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды...», – деген жолдарында қаһарлы қыстың әбі­герін қазақтың ауылына келіп жатқан жаңа «құданың» әуресімен салыстыруы да ақынның аса бір тапқырлығы демеске болмайды. Осы өлең жолдарындай, Мұқағали да құс еркесі – аққудың тәкаппарлығын аса бір көркем суретпен жетізе білген. «Жетті аққулар. Түгендеп «Жетім көлін», Жағалауда ұшып жүр шыр айналып, (Бірден көлге қонбайды құлай барып.) Сондайтұғын, аққулар сондайтұғын, Асығыстық оларда болмайтұғын. Қомағай көкқұтандар секілденіп, Жалп беріп жағаға кеп қонбайтұғын. Сондайтұғын, аққулар сондайтұғын, Ақ мүсін айдынға кеп орнайтұғын». Осы жолдардан аққу құстың өзге құс­тардан артықшылығын, сұлулығын, тәкәппарлығын суреттегенде, «Қыз Жібек» жырындағы Жібектің сұлулығы еріксіз ойға оралады. Олай дейтінім, аққудың сағынышпен келген көліне бірден сүңгіп кетпеуі, асықпай айнала қиқулай ұшуы, бұл қазақ ұлтының тектілігін аңғартқандай көрінеді. Біздің бабаларымыз алыс сапардан елге оралса, бірден үйіне бармай, сол елдің ақсақалына сәлем берген. Ал, қыздарымыз өзге ұлттың қыздарындай емес, өзі қанша жігітті ұнатып тұрса да, әдепсіздік танытпай, іштей тілеулес болып, күте білген халықтың ұрпағы. Бұл жердегі шыдамдылық қазақ қызының бойындағы қасиетін ашып көрсеткендей. Ақын поэмасындағы тағы мына бір жолдар: «...Аққулар... Аққу мойын, сүмбе қанат, Алаңсыз тарануда күнге қарап. Айдынның еркелері, білмей тұрмын, Етермін тағдырыңды кімге аманат?! Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу! Бір мамығы майысса ауырсынып, Тарақ етіп тұмсығын, тарайды кеп, Тарайды кеп, тарайды қауырсынын. Құм тұрса да бір түйір ауырсынып, Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу! Ақ қанатын сабалап, асыр салып, Бірде суға сүңгиді басын малып», – деп келетін жолдарын оқи отырып, ерке құстың қылығы мен тағдыры Ақан серінің «Балқадиша» әнімен мазмұндас келетінін байқауға болады. Мұқағали аққудың еркелігін, сұлулығын суреттеу арқылы оқырманын таңғажайып эстетикалық ләззатқа бөлейді. Бұл поэманың негізгі айтары, сұлулық қана емес, адам баласына табиғатты, сол табиғатты мекен еткен тіршілік иелерін құрметтеу керектігін ұғындырады. Қазақ пайымында аққу құс сұлулықтың ғана емес, көлдің киесі, достықтың символы ретінде де суреттеледі. Аққу десе, көз алдымызға адалдық, тазалық, бейбітшілік сияқты ұғымдар келетіні содан. Дана халқымызда «аққуды атпа, досыңды сатпа» деген нақыл сөз бекер шықпаған болар?! Адамзаттың адамгершілік игі қасиеттері осындай тіршілік иелерін құрметтеуден бастау алары да сөзсіз. Осы арада Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегін еске алмай кету мүмкін емес. Бұл еңбегінде ол мына өзгермелі заманда адамдарымыздың санасын сілкіндіру, жаңарту арқылы жаңа заманның жаңа адамдарын қалыптастыруды, бұл салада ұлттық салт-дәстүрлерді, мәдениет пен әдебиетті, музыканы ұрпақ тәрбиесіне пайдалануды ұсынады. Олай болса, жастарға әдеби шығармалар арқылы, эстетикалық тәрбие беру арқылы, рухани жаңғыруды іске асыруға болатынын ұмытпайық.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. А.Құнанбаев шығармаларының екі томдық жинағы, екінші том. Алматы. «Ғылым» баспасы, 1977 ж. 2. М.Мақатаев. «Өмір-өзен», Алматы. «Раритет» 2005. 3. Шешендік шиырлары: (Шешендік сөздер, нақылдар мен толғаулар жинағы)Құраст. Есхожин. - Алматы: Қайнар. – 1993ж. 4. А.Құнанбаев шығармаларының екі томдық жинағы, бірінші том. Алматы. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1957 ж. 5. Рымғали Нұрғали. Әдебиет теориясы, Астана. «Фолиант», 2003 ж. 6. Зейнолла Қабдолов. Сөз өнері, Алматы. «TST Company» баспасы 2006 ж. 7. Н.Ә.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ҚР Президентінің ресми сайты. 12 сәуір 2017 ж.

4540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз