• Заманхат
  • 19 Наурыз, 2018

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ КЕҢІСТІК

Серік ЕРҒАЛИ, публицист, мәдениеттанушы

Ақпарат – бүгінгі адамзат үшін қа­рым-қатынас өзегінің дәмі, пошымы, иісі әрі бояуы; адамдардың өмір сүру үдерісіне қажетті басты материалдық емес қорек пен құндылық; ұлт пен мемлекет тірлігіне керекті тұтынуға жататын аса маңызды ресурс. Ақпарат – жаһандану үдерісіндегі ұлттарды рухани және материалдық жағынан байытатын шикізат, оларды бір-бірімен рухани араластыратын катализатор, бүгінгі өркениеттің өзекті қайнары. Ең бастысы, ақпарат – бүгінгі адам тілі­нің қолданым аясының қауқары мен дәрменін көрсететін бірден-бір мүмкіндік кеңісі. Ақпаратты өндіруге, тұтынуға, сіңіруге және таратуға қатысатын тілдің мүмкіндік ауқымы қаншалықты болса, оның ықпалы мен болмысы да, ғұмыр жасы да соншалықты. Сондықтан да, ТІЛ ақпаратты қаншалықты қолдана алады, қаншалықты оны өзіне әлеует етеді, оны өзіне қаншалықты сайман мен ресурс қылады, соншалықты көлемде ғана қуаттанады, дамиды және жаңа кеңісті бағындырады. Демек, мемлекеттік тіл мен ақпараттың мұхиты саналатын электрондық кеңістіктің де арақатынасы соншалықты құнды. Бұл арақатынасты Электрондық кеңіс­тіктегі жүзеге асатын қызметтер мен алы­­­натын ақпараттардың сипаты мен ауқы­мына сүйеніп қана шамалаймыз. Бұл арақатынасты қазақ қоғамы секілді үш жүзге, яғни, үш секторға жіктеп қарауға болады: 1. Электрондық кеңістіктегі мем­лекеттік қыз­мет түрлері мен ақпарат; 2. Коммерциялық сектор тарапының электрондық қызметтері; 3. Қоғамдық секторға тән элек­трон­дық қызметтер мен ақпарат. Біз бұл тұста бұлардың түр-тұрпатын бей­нелеп, көпсөзділікке ұрынғымыз жоқ. Мемлекет тарапынан етілетін қыз­мет бүгінде мемлекеттік органдар мен мекемелердің сайттары, порталдары арқылы жүзеге асуда. Әрине, басты мем­қызмет Электрондық үкімет арқылы атқарылмақ. Алайда, халықтың қазақ тіліндегі алатын мемлекеттік қызметтерінің сапасын әлеуметтік желідегі тұтынушылар пікірінен-ақ байқаймыз. Мейрам Мұқыш, фейсбук қолданушы. Жылармысың, күлермісің. «Астана қала­сының Тұрғын үй басқармасы» ММ-сі­не хабарласып отырмын. Сайт­тың қазақша бетіндегі байланыс тел. но­мерлерінің барлығы қыйсық. Ал, орыс­шасы дұп-дұрыс. Міне, ММ-нің өзі қазақ­ша ақпараттарын жаңартпайды. Бұл – қазақтілді ақпарат тұтыну­шы­лардың белсенімін арттыруға қажетті бір мәселе. Осы тарапқа қатысты тағы бір мәселені мына ақпарат тұтынушы хабарлап отыр. Aidos Sarym былай жазады: ...Кешелері «Егеменді» қарап отырып, мемлекеттік органдардың веб-сайт­тарының тізімін көзім шалып қалды. Мынадай бір қызықты байқадым. Біздің мемлекеттік органдардың интер­нет­тегі атауларында, домендерді иеле­нуінде бірізділік жоқ. Біреулері қазақшаласа (enbek, salyk), екіншілері орысшалайды (мвд, минплан), үшіншілері ағыл­­шыншалайды (mfa дегендей). Қа­зір электронды үкімет аясында барлы­ғын да бір ізге келтіру қажет сияқты. Екінші бір ұнамайтын дүние – меморган сайт­тарындағы ақпараттың сапасы, әсіресе, қазақшасы сын көтермейді. Меморгандардың қоғамға беруі тиіс ақпараттарды заңмен белгілеу керек-ау, шамасы. Себебі, бұрындары жап-жақсы еңбек еткен қаржы министрлігі сияқты меморгандар таратылатын ақпараттардың легін азайтып отыр. Керісінше, олардың саны да сапасы жыл санап артып отыруы тиіс емес пе? Үшінші әңгіме сайттардың дизайны мен функционалдық мүмкіндіктеріне қатысты. Ақыры мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша беріліп жатыр, бір ізге, бір деңгейге шығару қажет. Кейбір министрліктердің, әкімдіктердің сайтына қарап, жаның түршігеді. 8-ші сынып оқушысының бала-бақшаға тегін сайт жасағанындай әсер туғызады. Бұл жазбаға қарап, жалпы элек­трондық кеңістікте ақпарат таратудағы мемлекеттік қызметтің сапасы мен мәдениетіне қатысты мәселелер де қа­зақтілді ортаға тән екенін біліп отырмыз. Енді, 2-топқа, яғни, коммерциялық тараптың қызметіне шолу жасайық. Электрондық кеңістікке мобилдік телефон арқылы түсетін смс-хабарлама мен телевидениелік жүгіртпе жолдар және банктың банкоматынан бастап, оның порталына дейінгі барлық ақпарат тетіктері кіретінін ескерсек, шетелдік банктарды айтпағанда, біздің елдің 2-деңгейлі банктарында әлі күнге қазақтілді ақпарат енгізетін техникалық мүмкіндік жоқ не­месе қазақтілді қаріпті мойындайтын про­грамма жоқ. Әзірше, ішінара Кас­пибанктың банкоматы ғана қазақша. Ал, осындай мүмкіндіктің жоқтығынан Төтенше жағдайлар бойынша таратылатын мобилдік смс-құлақтандырулар тек қана орыс тілінде, ал, «Қазақстан» аталатын елдің титулдық ұлтының мемлекеттік мәртебе алған тілінде қысқы ауа райының жайсыздығы турасындағы хабарлама да таратылмайды. Сонда, егемен болғанымызға 20 жылдан асса да, төл ақшамызды шығарғанымызға биыл 20 жыл толатын болса да, мемлекеттік ресми тілді мойындайтын саймандар мен жабдықтарды өзіміз шығармасақ та, шеттен келетіндерге талап қоя алмай отырғанымыз ба? Бұған бірден бір жауапты Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi әлі күнге аталмыш сала бойынша техникалық реттеу және өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету деген өз міндетін ұмытып отыр ма? Елде өндірілетін және шеттен әкелінетін ұйымдық техникалардың әлі күнге стандарты мен өлшемдер бірлігі, оларға қойылатын басты талаптардың тиянақталмағандығы, нормативтік актымен қамтылмағандығы байқалып отыр. Бұл жөнінен өзімнің Фейсбуктағы досым, кезінде Қазақстан Республикасы Премьерінің орынбасары, министр болған Әсет Есекешовты отаншыл емес деп кінәләй алмаймын. Алайда, бұл мәселе министрліктің алдына нақты әрі тегеурінді түрде қойылмағандығы айқын. Және банктардың бұл «қаріптік опасыздығын» Ұлттық банктің де бетіне әлі күнге баспаппыз, мырзалар. Әділет министрлігі берген жеке куәліктегі қазақша аты-жөніңді шетелдің банкысы енгізбесін, ал, өз еліміздің банкысына тиесілі компьютерге енгізбесе, біз қандай мемлекет орнатып отырмыз? Қазақстанға миллондап келіп сатылып, шетелдік өндірушінің қалтасына қазақтың теңгесі ағылып жатқаны өз алдына, оған отандық қазақтілді тұтынушы талап ететін міндетті қоя алмай отырмыз. Неге әлі күнге дейін Қазақстанға айпат, айфондар мен планшеттер қазақ қарпінсіз кіргізіледі? Соның кесірінен талайымыз кирилшеге бағынып, әлеуметтік желіге орысша жазуға мәжбүрміз. Бұл – коммерциялық тараптың тек қана техникалық күнәсі. Ал, енді қызмет ету аясына келейік. Халқы 80 пайыз түркілер құрайтын елге 100 пайыз тұрмыстық ақпарат тарататын «Колос», «Из рук в руки» деген газеттердің қағаз нұсқасын былай қойғанда, бұлардың электрондық нұсқасы да өңкей Ресей мемлекеттік тілінде ғана ақпарат таратады.Бұған әрбір қаладағы жергілікті газеттерді қосыңыз. Бұны сөз қылсаң, «ақпарат пен жарнама таратушы қай тілде таратамын десе, өзі біледі, заңда солай; оған қарсы келгенің – бизнеске қарсы келгенің» деген философиялық-дидактикалық мораль­сымақ алдыңнан шығады. Ау, сонда тұтынушының, қазақтілді азаматтардың адамдық құқығы есебінен істелетін бизнестің құны неге көк тиын емес? Мұн­дай бизнес неге қазақтілділердің есебінен өгей тілде өркендейді? Бүгінде елімізде тіркелген Интернет-дүкендер (Сату.кз), коммерциялық порталдар өз қызметін тек қана орыс тілінде көрсетуде. Бұны да мәселе етіп қоя алмай келеміз. Елдегі қазақтілді электрондық кеңістікті нормативтік, техникалық, қаржылай және әкімшілік, құқықтық салада қамтуға тиісті мемлекеттік және коммерциялық тарап­тардың сыйқы аталып өткендей болса, қоғамдық секторда қайбір оңды ақуал болмақ. Дегенмен, әлемдік желіде қазақ тілінің ойып орнын ала бастағанын тек қана осы азаматтық ауқымдағы ақпарат пен қызмет саласы көрсетіп отыр. Қазақтілді алғашқы сайттар Қазақстанда «Керекинфо.кз», «Қазақ.кз» аталатын домендік ресурстардың тірлігімен тығыз байланыс­ты. Бәрінен де электрондық кеңістіктен Малайзияда жүріп, өз аспанын алған моңғолиялық қазақ студенттерінің «Мәссаған» сайты да есімізде. Ал, соңғы кездері қытайлық қандастарымыз барлық майдан бойынша алға шықты, олар қазақша ақпараттық агенттік те, электрондық газет-журнал да, дү­кендер де пайда болды. Бүйірімізді әзірге жылытатын тек қана қазақы құлшынысқа татитын осындай қоғамдық-азаматтық дүниелер. Алайда, мұндай электрондық ресурстарды мемлекет тарапынан қол­дау, халық игілігіне мемлекеттік тілде мойын­сұндыру қолға алынбай отыр. Бізде әлі күнге қарапайым ғана қазақтілді мәтінді табатындай іздеуіштер жоқ, Тіпті Google іздеуіші де көбіне қазақшаға бағынбайды. Nurlan Janai деген фейсбукшы былай дейді: «Үстіміздегі жылдың сәуір айында, Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІХ сессиясында Мемлекет Басшысы Үкіметке «Жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын» жасақтап, осы күздің қараша айында ұсынуды тапсырған болатын. Тұжы­рымдаманы талқылау ғаламторда тағы да «қарқынды түрде» орыс тілінде жүріп жатыр. Интернетті пайдалануды жақсы меңгерген адамның өзі аталған тұжырымдаманы қазақ тілінде таба алмай, қолын бір-ақ сілтейді. Сенбесеңіз, google-ға теріп, іздеп көріңіз». Ең болмаса, бүкіләлемдік игілікке ай­налған Google, Facebook, Twitter, YouTube, Skype, Agent секілді коммер­циялық жо­баларды қазақша пайдаланатындай мәселелерді мемлекеттік ауқымда қарап, тілдік ортаны электрондық кеңістікте дамытпасақ, ісіміздің құны көк тиын. Әрине, айта берсек, мәселе бұл салада жетерлік. Бірақ, ең бастысы, бұларды шешуге келгенде, мемлекет тарапынан жасалатын үйлестіру әрекеті тапшы болып отыр. Қаншама мәселе талай мінбеден айтылғанымен, сол күйінде қалып, келесі отырысқа дейін ештеңе қолға алынып көрген емес. Қарапайым ғана нәрсе: Ворд форматында терілетін қазақша мәтінді орфографиялық жағынан сүйемелдейтін, тексеретін Дұрыс жазу тексермесін енгізуге кемінде 10 жыл бұрын кірісуге болар еді ғой, өкінішке орай, ол әлі іске асқан жоқ. Соның кесірінен тілдің лексикасы электрондық кеңістікте жабайы сипат алуда, қазақ сөздерінің терілуін әркім өз бетінше қолға алуда. Сайып келгенде, бар мәселе бұған дейін аталмыш сала бойынша мемлекет пен қоғамның бірікпей келгендігінен, әр тараптың өзінше білгенсіп, қолда бар күш пен ресурсты шашып, уақытты бекер өткізіп келгендігін көрсетеді.Әсіресе, аталмыш тақырып бойынша мемлекеттік сектор мен коммерциялық тарап әзірше енжар, керісінше қо­ғам­дық құлшыныс барынша зор бол­ғанымен, қауқары шектеулі. Бұдан әрі мәселені бұлай қоздатуды доғару үшін мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық секторлардың ресурстары мен әлеуеттерін біріктіретін корпоративтік-альянстық құрылымды қолға алған абзал. Сонда ғана жылына 1-2 рет жиналып, мәселені сөз етумен шектелмейміз, оны шешуді қолға аламыз деген үміт бар. Қазіргі санақ бойынша, еліміздің электрондық кеңістігінде шамамен 9 миллион тұ­тынушы бар. Ал, елдегі электрондық ресурстардың 20 пайызына жетер-жетпесі ғана қазақтілді екенін ескерсек, атқаратын шаруа шаш-етектен. Осы шаруаны үйлестіруге және электрондық кеңістіктегі мемлекеттік тілдің ахуалын бақылауды тұрақты түрде қолға алуға аталған альянс тетік болар еді.

394 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз