• Келелі кеңес
  • 19 Наурыз, 2018

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ

Жалпы, гендерлік саясат әуел баста батыстағы феминистік қозғалыстан бастау алғаны белгілі. Ал, дәстүрлі қазақ қоғамында ер адам мен әйелдер арасындағы теңдік, өзара сыйластық ежелден қалыптасқан, ешқандай кемсітушілік болған емес. Дегенмен, қазір біздегі гендерлік саясат біржақты сипат алғаны байқалады, яғни, гендерді тек әйелдердің құқығын қорғау деп түсіну басым. Осыған орай, журналымыздың келелі кеңесінде әйел мен ердің тең құқылығы дегеніміз не, әйел теңдігін желеулетіп, ұлттық тәрбиеге нұқсан келтіруге тосқауыл қою, әйел затына деген исламдық көзқарас, этногендерологияны дамыту және т.б. өзекті мәселелер жайында белгілі саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім, философ, публицист Әбдірашит Бәкірұлы, философия ғылымының докторы Берік Аташ, Нұр-Мубарак Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты Салтанат Қағазбекова әңгіме өрбіткен еді. 

Дос Кө­шім: – Бізде жа­санды дү­ние­лер өте көп. Мә­селен, 1990 жылдардағы демократия, теңдік, адам құқығы мәсе­лесі Қа­зақ­станға сырт­­­тан келіп та­­ңыл­ды. Біз де жұрт­­тан қалмайық деген үрдіспен өзімізде мұн­дай проблема болмаса да, бар сияқты көтере бастадық. Сөйтіп, керек десеңіз ол мәселе жоғары деңгейде де қозғала бастады. Қазіргі күні осы тақырыпқа орай арнайы жобалар жасалып, қаражат бөлінетін болды. Шындығында, бұл негізінен Батыс елдерінің өзекті мәселесі. Мысалы, кезінде Америка мектептерінде директор болып қызмет ететін ер адам мен әйел адамның жалақысы екі түрлі болатын. Қазір енді сәл-пәл теңестіріліп келеді. Өйткені, оларда барлығы бірдей тарифпен есеп­телмейді. Өздерінің қамқоршылық кеңестері бар дегендей. Сондықтан, жалақы да әртүрлі болуы заңды. Ер мен әйелдің тең құқылығы осы тұста туындайды. Неліктен? «Екеуміздің жұмысымыз бірдей, екеуміз де мектеп ди­ректорымыз, неге ерлер көп алады, неге біз аз аламыз?» Міне, бұл жерде әйел адамды кемсітушілік бар. Еңбекке ақы төлеудің теңдігі сақталмай отыр деген сөз. Ал, бізде бұл мәселе жоқ. Әйел адам болсын, ер адам болсын, директордың жалақысы бірдей. Бұл бір ғана мысал. Соған байланысты, Батыс елдерінде ер мен әйелді жасанды түрде теңестіру мәселесі басталды. Мысалы, Скандинавия елдерінде парламент депутаттарының 50 пайызы әйел, 50 пайызы ер адам бо­луы міндетті деген сияқты арнайы заңдар қабылданған. Баяғы Кеңес үкіметі кезінде депутаттардың 30 пайызы еңбекшілерден, 20 пайызы шаруалардан, 10 пайызы интеллигенциядан болуы керек деген сияқты ережелер болды. Ол кей уақытта ашық айтылса, кей уақытта жарияланбайтын. Бұны қолдан жасалған теңестіру немесе жасанды пропорция дейміз. Кезінде Балташ Тұрсынбаев Қа­зақ­стандағы орыстар қанша пайыз болса, мемлекеттік қызметкерлердің де сонша пайызы орыс болуы керек деген мәселені көтерген болатын. Бұның бәрі жасандылық. Егер, сол қызметтегі адам­дардың кәсіби біліктілігі дәл сондай деңгейде болса, оның ұлты маңызды емес. Адамдардың жынысына, тіліне, ұлтына қарап, пайыз арқылы теңестіру, менің ойымша, ақымақшылық. Сондықтан, бұл мәселе Қазақстанға келген уақытта, біз де пайыз қуа бастадық. Парламентте әйелдердің үлесі неге10-ақ пайыз, облыс әкімдерінің арасында неге бір де бір әйел жоқ деген сияқты сұрақтар қойыла бастады. Ал, заң бойынша ешқандай шектеу жоқ. Мүмкіншілігі, қабілеті сай келсе, жол ашық. Бірақ, жаратылыстың заңдылығы бойынша әйел адам үйдің, бала-шағаның шаруасымен ай­налысады да, саясатқа ұмтыла бермейді. Бұл жерде әйел мүмкіншілігін шектейтін заңдар немесе басқа да кедергілер бар болса, әрине, демократияға жатпайды. Теңсіздік мүмкіншілік шектелгенде ғана болады. Мен Қазақстанда бұндай проблема жоқ деп санаймын. Сондықтан, бұны жасанды проблема деп есептеу керек. Өркениетті елдер қараңғы деп есептейтін Шығыста әйелдердің құқықтары екінші орында деген түсінік қалыптасып қалған. Оларда бізге көмектесейік деген адал ниеттері де болуы мүмкін. Алайда, теңқұқылық үрдістері бізге келгеннен кейін, оның келеңсіз түрі бағыт алды. Кейбір белсенді феминист бикештер мен ханымдарымыз «неге бізде ер мен әйел теңқұқылығы жоқ, неге біз осынша пайыз емеспіз» деген әңгімені шығара бастады. Жарайды, Қазақстан Пар­ламенті құрамының 30 пайызы әйелдер болуы керек дейік. Бәлкім, әйелдердің өздері саясатты емес, басқа қызметті таңдайтын шы­ғар, ал, біз жасанды түрде оларды сая­сатқа тартуымызға тура келмей ме? Ия,бірқатар демократиялық елдерде осын­дай заңдар бар. Өйткені, оларда осы тектес проблемалар бар. Әрине, заң да про­блемаға байланысты шығарылады. Мен өзіміздің барлық заңдарды қарап шыққан соң, әйел теңдігін шектейтін, әйел адамды екінші орынға қоятын ешнәрсе таппадым. Сондықтан, мемлекеттің заңдарын қабылдарда сол елдің дәстүрі, салты ескерілуге тиіс. Қазақ халқы әйелдерді жоғары қойған. Әйел адамдарды үлкен құрметке лайық көрген. Жерді Ана дейміз, табиғатты Ана дейміз, Құранда да Ананың қадір-қасиеті жоғары бағаланады. Және ең қызығы, Батыс елдеріне қарағанда, Шығыстан, Азия елдерінен әйел басшылар көп шыққан. Индира Ганди, Беназир Бхутто секілді атақты әйелдер белгілі. Қазақ тарихында да ондай мысалдар жеткілікті. Демек, бізде билік басына әйелдердің келуіне барлық мүмкіншілік бар. Мемлекет тарапынан да, салт-дәстүр бойынша да мүмкіншілікті шектеу немесе теңдік бермеу деген жоқ. Сондықтан, мен бұны ойдан шығарылған жасанды проблема деп айтамын. Әбдірашит Бәкірұлы: – Біз алдымен гендерлік саясат дегеннің дәл анықтамасын белгілеп алуы­мыз керек. Гендерлік сая­сат пайда бол­ған кезінде ең әуелі ка­питалистік елдердегі әйелдердің құқығын қорғау мәселесінен туындады. Мысалы, боль­шевизм жеңіске жетіп, Кеңестер одағы құрылғанда, олардың алғаш көтерген мәселесі әйелдер теңдігі болатын. Бұл әйелдердің қоғамдағы өндірістік қарым-қатынастар жүйесінде алатын орнынан анық көрінеді. Яғни, олардың жаратылысынан берілген әлсіздігі сол өндірістік қарым-қатынастарда толығымен көрініс тапты. Олар ерлермен қатар жұмыс істесе де, жалақы айырмашылығы, отбасылық құқығы жөнінде қатты қысымға ұшырап отырды, осы себепті әйелдер мәселесі көтерілді. Ал, біздің менталитетте дәл сол капиталистік қарым-қатынас жүйесіндегідей әйелдердің теңсіздігі деген жоқ болатын. Гегельдің сөзі бар ғой, «Еркіндік дегеніміз – қабылданған, мойындалған қажеттілік», яғни, заң адамдардың өз еркімен қабылданған кезде, сол заң аясында, қалыптасқан қағида аясында жүрсе, сол шеңберде адам өзін тең санайды. Өзінің құқығы бұзылып отыр деп санамайды. Сондықтан, қазақ әйел теңдігі деген мәселені қабылдай қоймайды. Біз қалай тең емеспіз? Отбасын, ошақ қасын ұстау, бала тәрбиесімен айналысу әйелдің табиғатынан туған. Ал, енді, осыны теңсіздік деп жариялау біздің менталитетке жат құбылыс. Сондықтан, мына батыс пен шығыс арасында әйел теңдігі төңірегінде үлкен айырмашылық бар. Жалпы, гендерлік саясат ең алдымен әйелдердің азаматтық құқығын қорғау мәселесінен туындайды дедік қой. Содан кейін барып кез-келген қоғамда әйелдердің аналық құқығын қорғау, от­басындағы құқығын қорғау, оларға күш қолданбау сияқты мәселелерді әрбір қоғам заңмен, белгілі бір ережелермен бекітіп отыруы керек. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та, дамып отырған қоғамда гендерлік саясаттың болуы заңды. Өйткені, ана мен бала құқығын қорғауды біз ешуақытта жоққа шығара алмаймыз. – Адам құқығын қорғау деген бар емес пе? Неге біз әйел құқығын бөліп қорғауымыз керек? Әбдірашит Бәкірұлы: – Иә, адам құ­қығы заңмен қорғалады және онымен айналысатын көптеген ұйымдар бар. Бірақ, соның ішінде, біз қоғамдағы әйелдердің алатын орнына, атқаратын функциясына қарай әйелдер құқығын бөліп қарастырамыз. Өйткені, жаратылысына орай, әйелдердің қоғамдағы және отбасындағы функциясы тек қана бір азаматтық шеңберде тоғыса салмайды. Ерлер мен әйелдердің атқа­ра­тын функциясы қоғамдық ең­бек бөлі­нісінде, қарым-қатынастар жүйе­сінде белгілі бір бағыттарға бөлінеді. Сөйтіп, сол бағыт бойынша әйелдердің құқығын қорғау қажеттілігі пайда болады. Әр халықтың өз менталитеті деген бар, мысалы, бізде қазір әйелдер құқығын көбінесе Ислам діні қалыбында ұқтырғысы келетіндер шықты. Ал, енді, арабтың «Мың бір түн» ертегісін алып қараңызшы, ол арабтардың ислам әлеміне жаңадан еніп, өзінің мифологиялық санасынан ажырамай тұрған кезеңі ғой. Мұнда ерлерге жол көрсетіп, ақыл айтып, түйінді мәселелердің шешімін тауып беріп отырған кімдер? Әйелдер. Яғни, сол кездегі әйелдердің рөлі туралы қоғамдық санадағы пікір кейінгі Ислам дінінің дамыған кезіндегі пікірлерден көп алшақ. Сол сияқты, атақты қазақ жырауларының әйелге қатысты көзқарасын алып қарасақ, олар әйелді қоғамның тең мүшесі, әріптесі, серіктесі, көшпелі өмірдегі серігі деген ұғымда қарайды. Айталық, «Қобыланды батыр» жырын алып қараңыз. Құртқаны алып келе жатқан кезде, Құртқа сұлу Қобыландыға нағашысының көк биесін қалап алады. Сол көк биеден Тайбурыл туады. Тайбурылды бағып, бабына жеткізуді Құртқа өз мойнына алады. Яғни, әйел – ер адамның ажырамас серігі, ақылшысы, барлық жерде тең дәрежедегі қоғамның мүшесі ретінде көрсетіледі. Міне, біздің қазақ халқының менталитеті әлі күнге дейін осылай. Бірақ, кейінгі кезде осы көзқарасты бұзып, оны басқа қалыпқа салу әрекеттері жүріп жатыр. Ол туралы арнайы айтудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, бүгінгі қоғамда қыздарға қатысты кездесетін келеңсіздіктерді гендерлік саясаттың кесірі деген пікір көп ай­тылатын болды. Жарайды, осы­ның бәрі гендерлік саясаттың кесірі болса, біз оны тоқтатайық. Ал, сонда жағдай өзгере ме? Жоқ. Бұл мәселе ген­дерлік саясаттан емес, ең алдымен, әлеуметтік себептерден туындап отыр. Яғни, біз бір жүйеден екінші жүйеге ауысқан кезде көп адамдар психологиялық күйзеліске ұшырады, тұрмыс жағдайы төмендеді, бұрынғы қалыптасып қалған өмір сүру ережелері күйреді, тәр­бие жүйесі қоғамның, мемлекеттің бақылауынан тысқары қалды. Келіп жатқан ақпарат ағынын реттеп отыру тоқтады. Сондықтан, қазіргі жастарда белгілі бір бағыт жоқ. Кім қайда, қандай тәрбие, қандай өнеге алып жатыр? Оны бақылап отырған ешкім жоқ. Соның әсерінен осындай бей-берекеттік жағдай туындады. Осыны бір ретке келтіру үшін, шын мәнінде, бізге қазір гендерлік саясатты өзіміздің ұлттық менталитетке сәйкестендіріп, одан да белсендірек жүргізу керек. Яғни, әйелдердің тең құқылығын қамтамасыз етуді ұлттық менталитетке бұру үшін гендерлік саясатты белсенді түрде жүргізуіміз керек деп білемін. – Осы бағытта ұлттық болмы­сы­мыз­ды, төлтума ерекшелік­терімізді ескере отырып әзірленген белгілі бір тұ­жы­рымдама қабылдаудың қажеті бар ма? Әбдірашит Бәкірұлы: – Ондай тұжы­рымдаманы міндетті түрде қабылдау қажет. Жалпы, әрбір ұлттың өзін көрсететін бір дүниесі болады. Біз соңғы кезде Дос екеуміз қазақтың ұлттық мінезін қа­лай қалпына келтіруге болады, оның қандай оңтайлы тұстары бар деген шығармашылық ізденісте жүрміз. Соның бір тармағы ретінде жігіттік кодексті алайық. Қазақ жігіті қандай болуы керек дегендей. Содан кейін, қыздың жолы, келіннің ибалылығы, ана қадірі, ене институты, әжелер академиясы. Әжелер ұрпаққа қандай тәрбие беруі керек? Міне, ұлттық ерекшелігімізге сәйкес, осылардың қалыптасқан бір қалыптарын (стандартын) жасап алсақ, соны бүкіл тәрбие жүйесіне оңтайландырсақ, бұл қоғамға әлдеқайда пайдалы болар еді деп ойлаймын. Өйткені, біздің қоғамда қордаланған проблемалар жетерлік. Мысалы, қазір жалғызбасты аналардың саны күрт көбейіп кетті. Соңғы жылдары елімізде құрылған некелердің 52 пайызы бір-екі жылдан кейін ажырасып кетеді екен. Сол 52 пайыздың ең аз дегенде 40 пайызында бала өмірге келсе, қаншама бала тірі жетім қалып жатыр. Неге бұлай? Бұған кім кінәлі? Ер-азаматтар кінәлі ме, қоғам кінәлі ме, болмаса әлеуметтік саясат кінәлі ме? Болмаса жат мәдениеттің ықпалы ма? Оны біз қалай анықтаймыз және әрқайсысының осы мәселеге қатысты зиянының мөлшері қанша? Міне, бұл зерттеуге тұратын мәселе. Өйткені, отбасы ажырасқаннан кейін біздегі заң бойынша басымдық анаға беріледі де, бала ананың қолына көшіп, әке тәрбиесінсіз қалады. Сонымен бірге, баланың бүкіл материалдық шығыны, жауапкершілігі ананың мойнына жүктеледі. Ал, қазіргідей жалақы деңгейі төмен кезде, тұрмыстық қажеттіліктердің қымбат жағдайында кез-келген ана оған шыдай ала ма? Міне, осының барлығы жинақталып келіп, үлкен түйткілдердің тізбегін құрайды. Сол тізбекті біз ғылыми тұрғыдан анықтап, сараптап, талдау үшін зерттеуші топ құрып, олар үкіметке, құзырлы мекемелерге осы мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынып отыруы керек. Бұл, әрине, бірден шешіп тастайтын мәселе емес, үздіксіз жүріп отыратын үдеріс. Сондықтан, осындай мәселелерді білікті мамандар дер кезінде көтеріп, дабыл қағып отырса, бұл әлдеқайда тиімді болар еді. Бірақ, біздің ғылыми-зерттеу институттары бұндай нәрселерге бара бермейді. Қазіргі ғылымдағы жүйе бойынша бір тақырыпты алады да, бөлінген қаражатты ақтау үшін бір-екі мақала шығартып, есеп берумен тоқтайды.Тағы да, осы мәселемен күресіп жатырмыз дейді. Ал, осы мәселені тереңдеп зерттейтін, әрі ұсыныстар енгізіп отыратын жұдырықтай жұмылған бір күш, жүйе жоқ. Міне, мәселе осында. Әрбір өзекті тақырып бойынша түбіне жеткізе зерттеп, ізденетін, нақты деңгейге дейін жеткізетін мекеме жоқ. Жекелеген ғалымдардың энтузиазмы біраз уақыттан кейін тұрмыстың салмағыменен ақырын сөне береді. Сөйтіп, ғылыми сабақтастық жойылып кетіп жатыр. – Берік Мұратұлы, сіз гендерлік саясатты зерттеумен де айналысып жүрсіз. Осы ретте Қазақстандағы гендерлік саясаттың қазіргі даму үрдістері қандай және ол қай бағытта дамуға тиіс деп санайсыз? Берік Аташ: – Қазір біз­дің қоғамда да, әлемде де ген­дерология бойынша екі түрлі көзқарас бар – ген­дерологтар (генде­ро­логияны қол­­даушылар) және антигендерологтар. Анти­гендеро­логтар екіге бөлінеді: келісімді және радикалды (шектен шыққан). Гендерологтар да солай екіге бөлінеді. Осының бәрі мына гендерлік саясат дегенді дұрыс түсінбегеннен шығады. Бұл әуелде ХІХ ғасырда Америка, Еуропа елдерінде феминизм деген көзқарастан пайда болған. Одан кейін осы гендерлік саясат туған. Ал, қазір гендерология деген арнайы ғылым саласы қалыптасты. Енді, гендерологияның жаңа сатысы ретінде неогендерология деген пайда болып жатыр. Бұл ретте, ең алдымен бұл мәселені дұрыс түсініп алу керек, көбінесе гендерологияға қарсы келушілер оны феминизм деп ойлайды. Феминизм мен гендерлік саясат екеуі мүлде бөлек. Екеуінің арасын ажыратып алмасақ болмайды. Гендер дейтініміз – әйел мен ер адамның теңдігі. Әйел адамның құқығын қорғадық па, ер адамның да құқығын қорғауға тиіспіз. Мәселен, біз әйелдердің түрлі кемсітушіліктерге, зорлық-зомбылыққа ұшырайтындығы туралы көбірек айтамыз. Ал, отбасындағы ер адамдардың жағдайы туралы мүлде ұмыттық. Гендер осыны да айтуы керек. Мысалы, ер адам отбасында көп жағдайда әйелдер тарапынан психологиялық қысымға ұшырайды. Өйткені, ер адамға отбасын асырау міндеті жүктелген. Егер, олар тең болса, әйел адамға да ол міндет жартылай жүктелсін деген мәселе қойылуы керек еді ғой. Немесе әскер қатарына ер адамдар шақырылады. Ауыр жұмыста көбіне өлім-жітімге душар болатын да солар. Ер адамдар, негізінде, психологиялық жағынан әлсіз болып келеді. Сондықтан, ерлердің де мүддесін қорғау маңызды. Біз қазір теңқұқылық дегенді де шатастырып жүрміз. «Тең» басқа, «бірдей» басқа. Әйел мен ер адам ешқашан бірдей бола алмайды. Қай жағынан алып қарасаңыз да. Биологиялық, физиологиялық жағынан айырмашылық бар. Психикалық жағынан да бірдей емес. Әлеуметтік рөлдері де бөлек. Тіпті, ақыл-ой деңгейі, сана, ойлау жүйесінде де айырмашылық бар. Мысалы, ерлер абстрактылы ойлайды. Ал, әйелдер абстрактылы ойлауға бейім емес. Оған дәлел, философия тарихында бір де бір атақты әйел философ жоқ. Табиғи болмысы сондай. Енді, қазақ қоғамына ойысайық. Негізі, қазақта гендер баяғыдан бар. Ресми емес болса да, солай қалыптасқан. Халқымыз бұрыннан әйелдерді құрметтеген. Бірақ, құрметтеу деген еркіне жіберу емес. Белгілі бір деңгейде шектеп те отырған, оларды. Басқа бір жолға түсіп кетпеуіне, қоғамдағы қай­шылықтарға кезікпеуіне жағдай жасаған. «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» дейді. Неге қызға отыз үйден, ұлға қырық үйден тыйым болмайды? Немесе екеуі неге тең болмайды? Өйткені, қазақ әйел затына ерекше құрметпен, тым сақтықпен және отбасына мән кіргізуші ретінде қараған. Мысалы, «Жаман әйел жақсы еркектің басын жерге сүйрейді, жақсы әйел жаман еркектің басын өрге сүйрейді» деген. Неге «жақсы еркек жаман әйелді өрге, жаман еркек жақсы әйелді жерге сүйрейді» деп айтпаған? Демек, әйел адамның отбасындағы функциясы өте зор. Қазақта батыстағыдай әйел деген бір ғана ұғым жоқ – қыз бала, ару бойжеткен, жар, ана, әйел, әже бар. Олардың әрқайсысының мәртебесі әртүрлі. Мысалы, қыз балаға әдеппен, тыйыммен қараса, әжеге ерекше құрметпен қарайды. Қойылған сұрақ төңірегіне келетін болсақ, гендерологияны антигендерологтар біздің қоғамға мүлде жат нәрсе деп қабылдайды. Келеңсіздіктерді соның зардаптары деп ойлайды. Осыған байланысты, Қазақ Мемлекеттік қыздар педа­гоги­калық университетінің әлеуметтік ген­дерологиялық зерттеулер институтының қыз­меткерлері «Батыстың гендері бізге үйлеспейді, біз оны ұлттық мүддеге қарай бұрайық» деп өз жобамызды ұсындық. Оны этногендерология деп атадық. Басында гендерологияның ұлттық моделі дедік. Кейін оның тұжырымдамасын құрдық. Сол жобаларды көпшіліктің ойталқысына ұсынсақ деген ойдамыз. Бұл концепциямызды ақпарат құралдарында жариялап, қандай кемшіліктері мен жетістіктері бар, қай тұстарын өзгерту керек, қандай бағыттарын дамыту керек деген сияқты пікірталас қажет. Бұл тұжырымдаманың негізгі ерекшелігі, батыстық көзқараспен емес, жаңағы ұлттық құндылықтар, тарих, салт-дәстүрді негізге алып жасалған. Сонымен қатар, қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударылған. Мысалы, Парламентте неше пайыз әйелдер отыр, әкім боп неше әйел отыр дегеннен гөрі, мына қоғамдағы отбасылық мәселелердің алдын алу, нақты іс-шаралар жүргізу деген сияқты. Біз әдетте ажырасу жөнінде, қыз баланың тәрбиесі туралы көп айтамыз, бірақ, соның алдын алу жолдарын ұсынбаймыз, мемлекеттің мойнына артып қоямыз. Біреулер өз қызына әмірі жүрмей отырып, қыз мәселесін айтады, өзінің бала-шағасы орысша сөйлейді де, «тіл жойылып бара жатыр» дейді. Қазір трансгуманизм деген пайда болды. Ер мен ердің, әйел мен әйелдің некеге тұруы кей мемлекеттерде заңдастырылды ғой. Трансгуманизм бойынша болашақта мысалы ер адам өзінің жыныс мүшесін ауыстырып, әйел болуға құқығы бар. Немесе андроген бола алады. Әрі әйел, әрі ер адам болып жүре береді. Ол адамның өз еркіндігі деген сияқты көзқарас. Міне, қазіргі таңда неогендерология осындай қауіпті бағытқа қарай кетіп бара жатыр. Әрине, бұл біздің ұлттық болмысымызға мүлде жат. Енді, ең бастысы, біз осыларға қарсы иммунитетімізді күшейтуіміз керек. Себебі, Батыстан келген, келіп жатқан идеологиялардың санаға әсер ету тетіктері өте күшті, ықпалды. Ал, біздің ұлттық идеямыздың тетігі әлсіздеу. Көбінесе мораль айту, дәріс оқумен ғана шектелеміз. Оны біздің жастар ұнатпайды. Тіпті, жиі айта берсең, кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, интернетте отырып, жағымсыз ақпараттар көрсе, жасөспірімдер соны тез қабылдап алады. Біз де сондай жаңа технологияларды өз мүддемізге пайдалануымыз керек. Ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді насихаттайтын инновациялық әдіс-тәсілдер керек. Жат ағымдардың алдын орап алатын, олардыкінен күштірек әсер ете алатын идеология қажет. Дос Көшім: – Жалпы, «гендер» деген терминнің сіз айтып отырған отбасы, қыздар тәрбиесіне қатысы жоқ сияқты. Сондықтан, гендерлік ғылыми-зерттеу институты дегенге соны кіргізудің қажеті қанша? Егер, «гендер» терминін қолданатын болсақ, онда әйел адамның мүмкіндіктерін шектеу деген проблема бізде бар екені мойындалады деген сөз. Бәлкім, бұны отбасы институты деп атаған дұрыс шығар. Берік Аташ: – Бұл жерде генде­рологиялық ілім басқа, гендерлік саясат басқа. Қазір гендерология ілімінің өзі тармақталып кетті. Гендерлік психология, гендерлік педагогика, гендерлік саясаттану секілді ғылымдарға сараланып, пәнаралық байланысты қалыптастыратын ілім болды. Жаңағы отбасылық тәрбие гендерлік педагогикаға кіреді. Себебі, онда ер де, әйел де, отбасылық мәселе де қамтылады. Әбдірашит Бәкірұлы: – Қазіргі от­басылық тәрбие жүйесінде ер азамат­тардың рөлін дұрыс бағалау кемшін. Дәстүрлі қазақ тәрбиесінде «сен жігітсің, шаңырақ иесісің» деп, ал, қыздарға «сен болашақ анасың, ошағыңның иесісің» деген функцияларды санасына сіңіреді. Сондай тәрбие көрген отбасыларда ішкі қайшылық көп туындамайды. Жалпы, қазақта ажырасу деген атымен болмаған ғой. Ұрпаққа деген жауапкершіліктің жоғары болғаны соншалық, жаңа құрылған отбасы ортада бала тұрғанда, ажырасу туралы мың рет ойланатын. Оған әлеумет қарсы шығатын. «Ажырасып, баланы тірі жетім етуге болмайды» деген ережелер кішкентай кезден санада қалыптасатын. Қазір осындай ережелер ескерілмейтіндіктен, оларға атүсті қараудан түрлі мәселелер туындап отыр. Яғни, бала дүниеге келген соң, ол әке тәрбиесін де, шеше тәрбиесін де көріп өсуі керектігі тасада қалды. Қазір, мәселен, миграциялық үдеріс қарқынды жүріп жатыр. Ауылда жұмыс жоқ, жастар қалаға тоқтаусыз ағылуда. Көпшілігі кездейсоқ танысып үйленеді. Мінездері жараспайды. Қалай кездесті, солай ажырасады. Ал, енді, бұрынғы өмір салтында ата-аналар балаларының отбасы құруына тығыз араласатын. Кімнің қызы, кімнің ұлы, шыққан тегі, тәрбиесі қандай деп отбасы құру жүйесін бақылауда ұстап отыратын. Қазір сол бақылау жойылды, жастарға еркіндік берілді. Өмірлік тәжірибесі жоқ жастар отбасы құрмастан үлкен қателіктерге ұшырап жатыр. Жезөкшеліктің белең алуы, жастар арасында белсіздіктің пайда болуы, міне, осының барлығы отбасы құндылықтарын сақтамаудан, бей-берекеттіктен туындап жатқан мәселелер. Оның үстіне, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы, жұмыссыздық жаңадан үйленген жас жігіттердің өз отбасын сақтауына үлкен кедергі болып отыр. Оған қарсы ешқандай шаралар қолданылмауы өкінішті. Дос Көшім: – Меніңше, бұл жерде тағы бір кереғарлық бар. «Дамып келе жатқан ел болған соң, бізде барлығы өркениетті елдердегідей болуға тиіс» деген көзқарас басым. Мәселен, дәл осындай жағдай тіл білімінде қайталанып, диалектология деген ғылым пайда болды. Ал, шындығында қазақ тілінде диалект жоқ. Бізде говор бар. Алтайдан Атырауға дейінгі бүкіл қазақ халқы бірімен-бірі түсінісе береді. «Бірақ біз неге басқалардан кем боламыз? Өзге тілдің бәрінде диалектология бар екен, бізде де диалектология саласы болуы керек» деп, соны кіргіздік. Сөйттік те, мынау батыс, мынау шығыс диалектологиясы деген жасанды диалектілерді ойлап таптық. Иә, диалект өзбектерде бар, немістер де өткен ғасырларда бірімен-бірі тілмаш арқылы сөйлесетін болған. Германиядағы тайпалардың әрқайсысының тілі әртүрлі. Бізде ондай нәрсе жоқ болса да, бірақ, сол диалектологияны енгіздік. Қазір енді құтыла алмай жүрміз. «Экстремизм» дегенге де дінді қосақтап, «діни экстремизм» деген терминді қолдан жасап алдық. Гендерлік саясатты да дәл сол сияқты қабылдап алдық. Сондықтан, меніңше, гендер деген сөздің өзінен бас тарту керек сияқты. Өйткені, бізде гендерлік саясаттың бұрыннан қалыптасқан өз жолы бар – ол біздің салт-дәстүріміз, отбасылық құндылықтарымыз, қыз тәрбиесі. Оған гендерді араластырып, шетелдік ұғым-түсінікті қабылдаудың, басқа елдерде бар нәрсе бізде де болуы керек деп жоқтан бар шығарып алу­дың қажеті жоқ. Гендерлік мәселе бізде жоқ. Заңдық тұрғыдан да, ұлттық салт-дәстүрімізде де, діни жағынан да жоқ. Қазақ ешқашан бәріміз тең екенбіз деп, ақсақалдарды ысырып тастап, әйел адамды төрге отыр­ғызбайды. Бұл әйелді құрметтемеу емес, әр­қайсысының өз орны бар. Әбдірашит Бәкірұлы: – Мәселе мынада, кезінде Кеңес үкіметі социология деген ғылымды жоққа шығарды. Ондай ғылым болуы мүмкін емес. Өйткені, КСРО-да жоспарлы түрде, жоғарғы жақтан бастап төменге дейін дамитын экономика құрамыз деп санады. Сөйтіп, социология ғылымы Батыста жақсы дамыды да, бізде 20-30 жылға кейін қалды. Сондықтан, бізде де гендерология ғылым ретінде қалыптасуы керек. Ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істей бергенінің ешқандай зияны жоқ. Оған қарсылық та жоқ. Өйткені, бұлардың зерттеп отырғаны сол біз көтеріп отырған мәселелер. Ал, енді, оны қоғамға жақындату үшін өз үлгілерімізді енгізу гендерологияны басқа мүддеге пайдаланудың алдын алады. – Қазір біздің қоғамда діни сенімі бойынша түрлі көзқарастар пайда болғаны белгілі. Ешқашан қара жамылмаған қазақтың қызы жат ағымдардың ықпа­лымен тұмшаланып киінетін болды. Тіпті, жуырда мұсылман оқушы қыздарға арналған жеке мектеп ашу жөнінде де сөз қозғалды. Осы ретте қазіргі қалыптасқан діни ахуалға байланысты исламдағы әйелге деген көзқарас туралы сұрақ туындайды. Салтанат Қағазбекова: – Ислам діні қа­сиетті Құ­ран Кәрімде жә­не пайғам­ба­рымыздың (с.а.с.) сүн­не­тінде адам құ­қықтарына, соның ішінде, әйел құқығына ерекше мән берген. Және де оның қоғамнан лайықты орын алуын қамтамасыз еткен. Басқа әлемдік діндерге қарағанда, Ислам діні әйелдің құқықтарын жоғары қойған. Исламға дейінгі кезеңдерге көз салсақ, арабтар қыздарын көмуі, әйел адамның ешқандай құқығының болмауы деген сияқты түрлі жайттарды келтіруге болады. Ал, Ислам діні келген соң, әйел адамның құқығы жаңа деңгейге көтерілді. Оның дүниеге келгенінен бастап, қыз бала, одан кейінгі ана, әже мәртебелері ерекше айтылады. Мысалы, Құран Кәрімде Алла тағала: «Ей, адамдар, сендерді еркек пен әйел етіп жараттық және бір-бірлеріңді білулерің үшін сендерді ұлт пен ұлыстарға бөлдік» дейді. «Сендердің күдіксіз Алланың алдындағы ең жоғарыларың – тақуаларың» деді. Яғни, аятта ер адам ғана жоғарғы дәрежеде деп көрсетілмеген. Құлшылықта әйелдердің ерлермен құқығы бірдей. Алайда, ер мен әйелдің табиғатына, физиологиялық жара­тылысына байланысты олардың ерекшеліктері болады. Әйелдің отбасында болсын, қоғамда болсын, атқаратын қызметі, функциялары бар. Кейде ер кісі істеген нәрсені әйел істей алмайды немесе әйел істеген шаруаны ер кісі істей алмайды. Мысал ретінде айтсақ, бала көтеру, оны емізу деген функцияларды ер адамның мойнына арта алмаймыз. Бұл ер мен әйелдің табиғи айырмашылығы. Бұл тұрғыдан ешқандай кемсітушілік туралы сөз қозғау мүмкін емес. Бірақ, Исламдағы бірнеше ерекшелікті айта кету керек. Біріншіден, ол эконо­микалық жағдайға байланысты. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін, отбасын асырауға тек ер кісі жауапты. Әйел адамға ол міндеттелмеген. Неге? Өйткені, оның физиологиялық нәзіктігін ескеріп, бұл міндет ер адамға жүктелген. Екінші ерекшелік – мирас мәселесіне қатысты. Әйел адамға берілген мирас ер адамға екі есе беріледі. Бұл жерде Исламда әйел мен еркек тең емес екен, өйткені, мирас екеуіне екі түрлі беріліп тұр деген пікір тууы заңды. Отбасын құрмаған қыз балаға мирас беретін болса, ол тек өзінің қажетіне жаратады, ол мирас бөліске түспейді. Ал, қыз бала тұр­мысқа шыққаннан кейін, оның нәпақасын табуы, бала-шағасының бүкіл материалдық тұрғыдан жағдайын жасауы ер адамның мойнында. Әйел адамға мирас аз берілетіні себебі содан. Куәгерлік кезінде де солай екі түрлі болады. Яғни, ер адам бір өзі куәгерлік берсе, ал, әйелдерден екі адам куәгерлік бере алады. Себебі, тағы да, сол әйел затының жаратылысына байланысты. Куәгерлік берген кезде, әйел адам жаны ашып, иә мейірімділігі ұстап, біржақтылыққа ұрынуы мүмкін. Сондықтан, екі әйел бірін-бірі толықтырсын деген мақсатпен куәгерлікке екі әйел тартылады. Сондай-ақ, әйел адамның табиғи ерекшелігіне қарай, белгілі бір уақыттарда құлшылықтар орындалмайды. Ол оның кемшілігі емес, артықшылығы. Келесі ерекшелік – талақ немесе ажырасу мәселесіне қатысты. Басқа діндерде әйел адам ажырасуға ешқандай құқығы болмауы мүмкін. Ал, Ислам дінінде, егер, әйел адам белгілі бір жағдаяттарда өзінің ажырасқысы келетін болса, оған ешқандай қарсылық келтірілмейді. Бірақ, талақ мәселесінде соңғы шешім отбасындағы ер кісінің үлесінде қалады. Ол да әйел адамның табиғатынан туындайтын жайт. – Ал, қазіргі кейбір діни ағымдардың әйелдерге біздің дәстүрімізге мүлде қайшы, шектен шығарлық тыйым салулары неліктен? Бұл турасында Ислам не дейді? Салтанат Қағазбекова: – Бұл арада біз жалпылама ислам деп айтамыз. Бірақ, радикалды ағымдарды Ислам ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені, олардың идеологиясы бөлек,таным-түсінігі бөлек. Қазақстан бойынша біз Ислам дінінің Әбу Ханифа мазхабын ұстанамыз. Ол біздің салт-дәстүрімізге сай келеді. Өкінішке қарай, көптеген адамдар сол радикалды ағымдардың көрінісін Ислам деп ойлайды. Нағыз Ислам олардан мүлде бөлек. Сондықтан, жат радикалды ағымдарды дін деп қарастырмау керек. – Дәл қазір еліміз үшін демографиялық өсім, яғни, халық санын көбейту өте маңызды. Гендерлік саясаттың осы үдеріске қандай ықпалы болуы мүмкін? Дос Көшім: – Халық табиғи түрде көбейеді. Ең бастысы, әлеуметтік-эко­номи­калық жағдайды жақсарту керек, сол арқылы халық өсімі өзінен-өзі реттеліп отырады. Мәселен, неліктен 1990 жылдары бала туу азайды? Өйткені, ол кезде тұрмыстық жағдай қиын болатын. Сондықтан, мемлекет, ең алдымен, халыққа жағ­дай жасауы қажет. Ал, гендерге келетін болсақ, қазақта жоқ нәрсені жасанды түрде енгізудің қажеті жоқ. Қазақстанда әлеуметтік, қоғамдық санада гендерлік проблема жоқ. Жоқ және болған емес. Сондықтан, ондай жасандылыққа біз бармауымыз керек. Әбдірашит Бәкірұлы: – Қазақтың отбасылық негізін бекемдеу үшін, демографияны көтеру үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту өз алдына бір бөлек әңгіме. Сонымен бірге, қазақтың бұрынғы құдалық институтын қалпына келтіру керек. Осы дәстүр отбасы іргетасының берік негізін қалай алады. Бір-бірін жақсы білетін сыйлас адамдар құда болу арқылы, қыз бен жігіт тәрбиесіне кішкентай кезінен көңіл бөледі. Құда болғаннан кейін, екі жақтың татулығы жаңадан үйленген жастардың жауапкершілігін арттырып, отбасылық беріктігіне кепіл болады. Сондықтан, құдалық институтын қалай қалпына келтіреміз, қалай жандандырамыз деген мәселені де ойластыруымыз керек. Оны гендерлік ғылыми-зерттеу институты әрі қарай зерттесе құба-құп. Берік Аташ: – Жалпы, мен өз басым қазақтың салт-дәстүрін тұтасымен ха­лық санын көбейтуге арналған керемет құрылым деп санаймын. Сондықтан, бұрынғы дәстүрімізді қайта жаңғыртуымыз керек. Батыстық көзқарастағы махаббат дейтін ұғымды асыра дәріптеуге болмайды. Бұрын қазақта махаббат аса маңызды құндылық ретінде бағаланбаған. Қазіргі жастар арасындағы шектен тыс еркіндік ажырасудың көбеюіне әкеп соғуда. Өмірдің құндылығы махаббатта емес, өмірдің құндылығы ұрпақ қалдыруда, отбасын құруда ғой. Бұл тек қазаққа емес, бүкіл адамзаттың дамуына қажетті эволюцияның нақты бір үрдісі. Сіз «гендер керек емес» дейсіз, бұл атауда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, «біздің гендерлік саясатымыз міне былай, біз осы жолмен жүруіміз керек» деген нақты жұмыстар жүргізілуге тиіс. Неге біз барлығын ше­телден көші­руіміз керек немесе біз неге екінші, үшінші орында тұруымыз керек деген мәселе бұл. Сондықтан, мынау қате, бұл жолмен жүрсек, ертеңгі күні даму болмайды, эволюция болмайды деп нақты тұжырымдамаларды жүзеге асыру маңызды. Салтанат Қағазбекова: – Жалпы дін­дегі ер мен әйел адамның рөлі дегенге келсек, Исламда әйелге қатысты ешқандай кемсіту жоқ. Дегенмен, әйелдің де, еркектің де өз орны, жолы бар. Соған сәйкес, Ислам дінінде ер адамға деген құрмет, жоғары мәртебе берілген. Және де біздің дініміз салт-дәстүрден алшақ кетпегені сияқты, қандай да бір діни қағидаттар салт-дәстүрімізден көрініс тауып отыр. Сондықтан да, еркек пен әйел адам арасында теңдік емес, бірін-бірі толықтыру, өзара сыйластық болуына айрықша мән беріледі.

5476 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз