• Тарих толқынында
  • 19 Наурыз, 2018

Алғыс айту – асыл қасиет

Назым САМЕТ, «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының штаттан тыс тілшісі

Полиэтносты қазақ халқы үшін бейбітшілік пен ынтымақтастық аса үлкен маңызға ие. Түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналған  сыйластықтың символы – алғыс айту.  2016 жылы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың №173 Жарлығына сәйкес, «1 наурыз – Алғыс айту күні» деп жарияланды. Бұл күн бірлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында Тәуелсіз Қазақстанды құруға үлесін қосқан азаматтардың бір-біріне ерекше құрмет білдіретін күн.

Қазақбай ТАШТЕМІРҰЛЫ, Қа­зақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, «Түрік» қоғамы тіл және мә­дениет орталығының төрағасы, фи­лософия ғылымдарының докторы, Халықаралық қауіпсіздік саласының профессоры, академик. Кез келген жаулап алушы мемлекет сол ұлттың жерін ғана жаулап алады. Салт-дәстүріңмен, мәдениетіңмен өмір сүре беруіңе болады. Мәселен, Иосиф Виссарионович Сталин кек алу мақсатында басқа ұлт, ұлыстармен бірге Грузияны жаулап алған. Сталиннің жарлығымен Гру­зияның Оңтүстік өңіріндегі жылы, жайлы аймақ тұрғындарын Қа­зақстанға күштеп қоныс аудартты. Қолына қару алып, Ахыска түрік­тері майданда неміс-фашист басқын­шыларына қарсы Отанды қорғап жүрсе, олардың әке-шешесін, қызда­рын, бала-шағасын, туыстарын мал таситын вагондарға толтырып, жер аудартып жіберді. Бір жаманның, бір жақсысы бар. Дегенмен, Сталиннің бізді Қазақстанға жібергеніне де алғыс айтамын. Көшіп келгенде, біраз қиыншылықтар көрдік. Қарашаның ызғарлы күндері мен талай аязды түндері... Осы тұста қазақ халқының жомарттығын, кең пейілін айтпай кетуге болмайды. Балаларымызға қазақтың аналары ана болды. Аталары ата болды. Аузындағы бір үзім нанын қақ бөліп, өздеріне тапшы киімдерін кигізіп, төрлерінен орын берді. Қолдарынан келген барлық жақсылықты аямады. Тіпті, өздері абақтыда жүрсе де... Есіңізде ме? 1937 жылдан бастап, қаншама көзі ашық, көкірегі ояу, жалын атқан, от тілді шешендер мен ұлт көшін бастаған көсемдеріміз заманның қапас түрмелерінде жатты емес пе? Соның өзінде қазақ халқының басқа ұлт өкілдеріне көрсеткен қамқорлығы ерекше. Басқа этностардың мүлде бұл әлемнен жойылып кетпеуі қазақ халқының жомарттығының арқасында. Менің кіндік қаным түскен туған жерім – Қазақстан. Бірақ, мен Түркияны да мақтан етемін. Еліміз, түркітілдес бір-бірімізге бауырлас туыстығымыз бар. Түбіміз бір, тарихымыз ортақ, тіліміз бен дініміз, жүрегіміз, мәдениет, тегіміз бір. Ғасырлар қойнауында, қаншама ұрпақтарымыз бен ата-бабаларымыздың аңсаған арманы тәуелсіздік болатын. Қазіргі кезде Тәуелсіз мемлекетімнің бақ жұлдызының жанып тұрған сәтті кезінде сіз бен біз, барша қазақстандықтар заман уақиғасының куәсі болып отырмыз. Жас қазақ мемлекетінің туып-қалыптасуын көзбен көріп, қолмен жасау бақытына біз ие болып отырмыз. Бүгінде 26 жыл ғана тарихы бар ел иесі, жер иесі қазақ мемлекеті жасампаз қуатының арқасында өз Қазақстандық моделін адамзатқа мұра ретінде әлем жұртшылығының назарына ұсынуы біз үшін таптырмас, баға жетпес ең қымбат қазына. Сол Қазақстан модельдерінің бірі – Қазақстан Халқы Ассамблеясы бүгінде ұлт пен ұлыстардың, этностардың, қоғамдық ұйымдардың арасын мемлекетпен жалғастыратын алтын көпірге айналған. Ынтымақтастық пен сыйластықты көрсетудегі бейбіт өміріміздің белгісі. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстар құт мекен етіп келеді деп айтамыз. Бұл сөздің астарында мемлекетіміздегі ұлт пен ұлыстардың кез келген халықпен терезесінің тең, керегесінің кең екендігін көрсетіп отыр. Қазақ халқының киелі мерекелерінің ішінде салт-дәстүрлер, бейбітшілік пен мәдениеттер мерекесі бар. Бұл қатарды тағы бір «алғыс» мерекесі толықтырып отыр. Алғыс мерекесіне байланысты мен жеті жерде баяндама жасадым. Осы орайда, аса құрметті Елбасымыздың ұлтаралық проблемаларды, мәсе­ле­лерді шешудегі көрегенділігі мен дана­лығын айрықша атап өтер едім. Дарқандығы қазақ даласындай Елбасымыздың басқа этностарға деген құрметі, халықаралық ЭКСПО көр­месінің біздің елімізде өтуі, ҚХА-ын ашуы, оған Конституциялық мәртебе сыйлауы көрегенділігіне тәнтімін. Қай мемлекет осы Қазақстандай дәрежеге жетіп отыр? Сондықтан да, бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі де осы Елбасымыздың еңбегінің арқасында деймін. Надежда ЛУШНИКОВА, айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Жамбыл ауданының құрметті азаматы. «Орыс елі, өз жұртым, қазағым туған ағайын». Қазақ үшін орыстар жаратқан жанмын. Қазақтың көңілінің кеңдігіне Жетісудың бар арнасы жиылса да жетпейді. Қазақтың көңілінің кеңдігіне тек аспан ғана жетеді. Сол аспан көңіл қазақпен он шақты ай ғана кезімнен жарасып-ақ келемін. Көп баланың бірі болып тудық. Мен туған жер Үшқоңыр жайлауы, Шамалған ауылы. Шамалғанға келген себебіміз де шамасы 1937 жыл сол бір маңдайға тиген кезең болу керек. Әкеміз үлкен нан зауытында бас есепші болып жұмыс істеді. Сол жерден соғысқа аттанып кеткен. Мен қазақ отбасына келін болып, ақ босаға аттағанымда, бетімді ашқан Үмбетәлі ақын еді. Ол кісі Жамбыл бабамызбен қырық жылдан астам уақыт бірге творчестволық жолмен жүрді. Жамбыл атамыздың революцияға дейінгі жыр, айтыстарын он бір жастан бастап жаттап өскен адам. Талай әңгімелерге қанықтырған адам еді. Мен қазақ тілі, әдебиетінің маманымын. 27 жыл қара көз қазақ балаларына сабақ бердім. Ұлтқа, тілге қатысты шараларға мені жиі шақырады. Кітабымның аты да «Қазақтың бір қызымын». Ер азамат әйелден бағын іздейді. Сен Түреке, мен Нәке деп өттік бір-бірімізге. Құдай төрт бала берді. Алла бір күнімізде де дастарханымызды тарылтқан жоқ. Бәрі ақ ниетіміздің арқасы. Сен орыс едің, мен қазақ едім деген жоқ. Барлығы қазақ халқының кең пейілінің, ақ жүрегінің арқасында. Елбасының Жолдаулары жергілікті жердің әкімдерінің бағытқа алып, халықтың ішінде орындалып жатқан дүниелері ғой. Қазір киіміміз көк, тамағымыз тоқ. Баяғыдай жамау киетін кез емес. Не ішіп, не жейміз деген уайым жоқ. Құдайға тәубә. Біз армандаған дүниенің барлығына қол жеткенде, кәрілік те келіп қалды. Ниномия ТАКАШИ, Ph.D доктор, жапон тілінің оқытушысы. Мен Жапониядан келдім. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Шы­ғыстану факультетінде, қиыр шығыс кафедрасында жапон тілінен оқытушы болып жұмыс істеймін. Көбінде магистратура және докторантурадағы студенттер менен білім алады. Маман­дығым филолог болғандықтан, маған қазақ тілінің грамматикасы өте қызық. Әсіресе, қазақ тіліндегі көмекші етістік біздің жапон тіліне өте ұқсас. Мәселен, бара жатырмын, барып келемін, келе жатырмын т.б. сияқты. Қазақ тілі мен жапон тілін салыстыра отырып, қазақ тілін тереңдете меңгеремін деген ойдамын. Кафедрамызда қазақтар көп болғандықтан, мен әріптестеріммен қазақ тілінде сөйлесуге тырысамын. Осындай білім, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасап отырған Қазақстанға алғыс білдіремін!

789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз