• Ел мұраты
  • 08 Қазан, 2012

ЕҢБЕК – тәрбиелеудің өмірлік ұстанымы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз беттерінде жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген тапсырмасында адал таза әрі ақылмен еңбек етудің жолдары мен тәсілдері шынайы көрсетілген. Елбасы: «тағы да атап көрсетейін, бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына» өтуге тіреледі. Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі» деген қағида бұл көрегендіктің белгісі. Дәл қазір қоғамда адал еңбек етпей, «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп табыс табудың небір сорақы оқиғаларына куә болып жүрміз. Ауадан ақша жасаудың бұрын-соңды болмаған деректері мен фактілері ақпарат құралдарынан күн сайын айтылады. Міне, сондықтан Елбасының «...Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» тапсырмасында еңбекке баулудың, еңбекке тәрбиелеудің және еңбекті өмірлік ұстаным етудің қажеттілігі барынша түсіндіріледі. Қазір қоғамда бір шаруаны бітірмей жатып, завод саламыз, фабрика ашамыз, тіпті, мешіт саламыз деген даурықпа ұран көп айтылады. Алдымен дүрбелең тудырып, даурықпай шаруаны бітірген соң – жақсы істі жария ету керек қой. Бүгінгі өркениет заманында еңбек біліммен, ғылыммен тығыз байланысуы керек. Білімді, өз кәсібін терең меңгерген адамның еңбегі әрқашан жемісті, табысты болатыны белгілі. Сондықтан кәсібін сүйетін кісі өз мамандығы бойынша білімді, техника жаңалықтарынан хабардар болса – оның еңбегі сөзсіз табысты болады. Сөзімнің басында ауадан ақша жасайтын алаяқтардың жолын кесу жөнінде айттым. Өйткені Елбасы тапсырмасында «жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек» деген қағида бар. Түйіп айтқанда Елбасының тынымсыз еңбек етіп, оның жемісін көру жөніндегі айтқандары мен тікелей тапсырмалары көрегендіктің белгісі. Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті, академик, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

***

ЕҢБЕКСІЗ ӨМІРДЕ ЕШТЕҢЕ ДЕ БОЛМАЙДЫ

Еліміз үшін биылғы жыл ауқымды істер кезеңіне айналып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жылма-жылғы дәстүрлі Жолдауынан кейін, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласының жариялануы жаңарған, жаңғырған қоғамымыздың өміріне рухани күш-қуат, тың серпін берді. Әсіресе, аталмыш еңбектегі әлеуметтік жаңғырту және ғаламдық бәсекеге қабілеттілікті шешетін ұлттық фактор – еңбек бірінші орында болуы керек деген қағида Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам идеясының түпқазығы, басты бағдарлаушы көрсеткіші деуге болады. Және Елбасының осы еңбегіндегі көптеген бағыт-бағдарлар мен еңбек адамын үлкен жауапкершілікке үндейтін өткір де, өзекті ойлар дер кезінде, қоғамымыздың алдағы үлкен істерге белді бекем буып отырған шағында дүниеге келгендігі де көңіл қуантып, келешек көгжиегін айқындай түсті. Еңбек Қоғамы елдің басты өзегі, тірегі де емес пе?! Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бері қарай Қазақстанды тек алға қарай жетелеп, қаншама қиындықтар мен сындарлы шақтардан сүрінбей өткізуге берден-бір себепші болған жағдай да ел саясатының тыныштық пен бейбіт еңбек етуге құрылғандығының арқасы деуіміз керек. Еңбекті сүю, еңбек ете білу, өз болашағың мен елдің келбетін адал еңбек арқылы қалыптастыра білу де – өнер. Еңбексіз өмірде ештеңе де болмайды. Бұны біз өз қауымдастығымыз арқылы тар кезеңдерде елден ауа көшкен байырғы отандастарымызды өздерінің тарихи атажұртына көшіріп әкелу кезінде де анық көріп отырмыз. Еңбек ету, еңбекке жұмылу – біздің халқымызға тән қасиет. Мәселен, сол шет елдердегі қандас бауырларымызды уақыт зауалына жұтылып кетпей, өздерінің қазақ екендіктерін, қазақтық салт-дәстүр, ана тілі мен ұрпақ жалғастығын сақтап қалуларына олардың ата-бабадан бергі жалғасып келе жатқан еңбексүйгіштік қасиеттері себеп болғандығын олардың өздері де жасырмай айтады. Қаншама қандастарымыз осы кезге дейін атажұртқа келіп орналасып, өздерінің тарихи Отандағы жаңа өмірлерін сәтті жалғастырып әкетті. Бүгінде олардың осы елдің белді бір мүшелеріне айналып, елдің ортақ істеріне белсене араласып отырғандығы да – жарасымды ел ынтымағы мен бірлігінің, еңбекке деген ортақ ынта мен жігердің арқасы. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жасалынған 20 қадам елдің стратегиялық бағыттарының дұрыстығы мен үдрісті дамуымыздың биікке қарай өрлеп бара жатқандығын да көрсетеді. Елің үшін қуанып, ел ертеңіне зор үмітпен қарағанға не жетсін! Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары.

ҚАЛАМГЕРЛЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫ ӨЗЕГІНЕ АЙНАЛУДА Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаламынан туындаған еңбектердің бәрі де ел халқының, қарапайым еңбек адамдарының қам-қарекеті мен болашағын күйттеумен тікелей байланысты болып келеді. Оның жуықта ғана баспасөзде жарық көрген «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы – индустриялдық-инновациялық бағытта дамып келе жатқан қоғамның нағыз бір жанды жерін арқау еткен, қоғамды ілгерілетуші адамның бойына рухани күш-қуат беріп, болашаққа берік негіз салатын дүние. Адам қашан да қоғамның басты назарында. Соның ішінде, ел тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін алға тарту ең бір өзекті, әрі тұтастай халықтың кең қолдауына ие болып отырған шара екендігі даусыз. Тәуелсіздік жылдарынан бергі елде атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі де халқымыздың мұң-мұқтажы мен қоғамда жақсы тұрып, бақытты өмір сүруіне бағытталғандығы белгілі. Нәтижесі де жаман емес. Тәуелсіздігіміз баянды болып, халқымыздың арман-тілегіне сай қызмет етіп келеді. Елбасымыздың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласының елде қызу талқыға түсіп, әрбір қоғам мүшесінің көкейінде небір көрікті ойлар мен алдағы жарқын болашаққа деген үміт-сенім шырағын маздатып отырғандығын көріп, мерейің үстем болады. Ел халқының өміріндегі осы бір жарқын оқиға қаламгерлер қауымының да назарынан тым қалмақ емес. Қоғамға, халыққа пайдалы еңбек – бүгінгі қаламгерлеріміздің шығармашылығының да басты өзегіне айналуда. «Жазушы – адам жанының инженері» десек, тәуелсіз еліміздегі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы барлық іс-шаралар да адамтану, адам жанын үңіле зерттеудегі ең бір өзекті құрал болып табылатындығы да шындық. Қазақстан Жазушылар Одағының қазіргі шығармашылық тұрғыдағы қолға алып отырған жұмыстары осы бағытта өрбіп келеді. Шығармашылық жұмыс та – еңбек өмірі. Елбасымыз айтқандай, ең бастысы, әрбір қоғам мүшесінің өзінің жұмыс орнын, мақсаты мен міндетін жақсы біліп, өз нәпақасы мен алдағы жүрер жол, баянды болашағын сол адал еңбектен таба білгендігіне не жетсін?! Ал, бұған бүгінгі қоғамда барлық мүмкіндіктер де жасалынған. Тек ендігі жерде еліміз тыныш, халқымыздың адал еңбекке құрылған бақытты да, бейбіт өмірі өз жалғасын тауып, ел ертеңіне қызмет ете бергей. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы.

***

СЕКТАЛАР СОЙҚАНЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Адамзат тарихында діннің алатын орны ерекше. Қазақстанда дәстүрлі үш дін – Ислам, Хрестиан және Будда діндерін ұстанушылардың ғибадатханалары мен құлшылық орындары бар. Елдегі дін жолындағы жамағаттардың 70 пайызы Ислам дінін ұстанушы мұсылмандар екені белгілі. Өкініштісі, соңғы кездері әлемде дін арасындағы кикілжің, қақтығыстар бой көрсете бастады. Жақында Католиктер мен Ватикан дін өкілдері арасында болған жанжалды ақпарат құралдары көрсетті. Ислам әлемінде де әр түрлі ағымдардың дау-дамайы мен жанжалы тыныштыққа сызат түсіруде. Ал, Қазақстанда діни секталардың шектен шығып кеткені соншалық соңы – қайғылы оқиғалар мен қантөгіске әкелді. Міне, сондықтан Елбасының Қазақстанның әлеуметтік жаңартылуы жөніндегі 12 тапсырмасындағы нұсқаулар дінге байланысты ақиқатты ашық көрсетеді. «Жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына айналды» деген жолдарда діни секталардың сойқаны мен сыйқыры, сананы улайтын сұмдығы ашық айтылып тұрған жоқ па. Секталардың еркін кетуінің себептері айтылады. Дінге байланысты отбасында және мектепте тәрбие жұмыстарын түбегейлі өзгертудің қажеттілігі еске салынады. Олай болса Елбасы тапсырмасы Дін өкілдері мен мешіттегі молдалардың ерекше мән беретін мәселелеріне саналаса керек. Діни секталарға қарсы жұмыс жүргізудің амал-тәсілдерін, уағыз-үгіттерін күшейту біз үшін парыз әрі міндет. Өйткені, діни секталар мен ағымдар мемлекеттің ұлттық бірлігіне қауіпті. Cөзімнің соңында Қазақстандағы Ислам діні қазір Әбу-Халифа мазхабы бойынша бағыт алып, осы жолда келе жатқанын айтсам артық болмас. Елбасы тапсырмасы талқыланып, кей жерлерде іске асырылып жатқан биылғы жыл күллі мұсылман қауымы үшін айрықша жыл болып отыр. Астанада Әзірет Сұлтан мешіті ашылып, биылғы Ораза айындағы ғибадат, құлшылықтардың осы қасиетті орында жалғасуы Алла-Тағаланың шарапаты мен жақсылығы ғой. Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛИЕВ, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының мүфтиі.

937 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз