• Заманхат
  • 19 Сәуір, 2018

ЗАМАНЫНЫҢ ЗАҢҒАРЫ

Азамат ОМАРОВ, журналист

Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиеті мен тари­­хының кемеңгері, бейнелеп айтсақ, қа­зақ ағартушыларының ірі қайраткері және дауылпаз ұлы ақын. Сонау өткен заманда қазақ даласында болған талай қиын кезеңді басынан кешіп, бар тіршілік-өмірін қазақ баласының зарын жазып, жанын аямай ат салысқан алаштың қайратты абзал азаматы. Тарихқа қарасақ, өткен ғасырдың ба­сын­­дағы бет-бейнесін айтсақ, жүректі қан жыла­тып, аяусыз қинаған Ресей им­периясы, одан әрі Кеңес өкіметінің құрылуына қыйсынсыз қазақ ба­ла­сын аямаған заманы болса керек. Сол ке­зеңде қазақ даласында шаш ал десе, бас алатын шолақ атқамінерлерінің келеңсіз күні туған болатын. Сол қиын уақытта қазақ елінің Алаш арыстарын қорғап, жы­рын жырлап, қелеңсіздіктерге бастарын ті­гіп, жа­нын құрбан еткен адамдардың бірі Мағ­жан Жұмабаев. 1893 жылдың 25 маусымында ұлы ақын Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев Ақмола облысы Петропавл уезіндегі По­лу­дино болысындағы Сасықкөл көлінің жа­нын­дағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Мо­­ло­­­дежное селосының маңындағы) ауы­л­­­­да дүние есігін ашқан. Ақынның әкесі Бекен ірі бай, Полудин болысы болған кісі. Сон­дай ауқатты шаңырақта өскен Мағжан төрт жасынан бастап, ауыл молдасынан хат таныған. Он екі жасында Петропавлдағы Мұ­хамеджан Бегішов ашқан медресе – қазақ және татар балаларына арналған діни семинарияға түсіп, бес жылдай оқып, үздік бітіріп шығады. 1911 жылы Мағжан Жұмабаев өзінің жер­лес досы Бекмұхамед Серкебаевпен бірге Уфа қаласына барып, сондағы атақ­ты «Ғалия» медресесінде оқуын одан әрі жал­ғастырады. Осында башқұрттың көр­нек­ті ақын-жазушылары Шайқызада Бабич­пен және Сәйфи Құдашпен бірге оқып, достасады. «Шайқызада мен Мағжан екеуі біздің медресе мақтанышы болды. Біз­дің ең озық ұстазымыз, ұлы Ғалымжан Ибрагимовтың өзі Мағ­жан­мен есептесе білді. «Қазақ қызы» романының бірінші бетінде өз шәкірті Мағ­жанның «Айға» атты өлеңінің бір шумағын эпиграф ретінде алды. Шын мәнінде, бұл уақытта Шығыстың барлық білімін меңгерген жас Мағжан өз замандастарын таң қалдырды. Ол араб-парсы және түркі текті тілдерді жетік білді, тіпті, ортағасырлық ұлы парсы ақындарының өлендерін аударды», – деп жазды кейін Бекмұхамед ағамыз өз естелігінде. 1912 жылы Қазан қаласында Мағ­жанның «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы өз ұстазы, татар жазушысы Ға­лымжан Ибрагимовтың көмегімен басылып шығады. Сол ұстазының ақыл-кеңесімен Мағжан орыс тілін үйреніп, Ресей және Еуропа білімінен сусындауға ден қояды. Уфадан Петропавлға оралған Мағжан мұнда сол кезде әйгілі «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағын шығарып, елге кеңінен танылған ақын Міржақып Дулатовпен кез­де­седі. Орыс тілі мен әдебиетінің білім­пазы болған Міржақып Мағжанды орысша оқытып, үйретеді. Оның кеңесімен ақын Омбыға сапар шегіп, ондағы мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, 1916 жылы алтын медальмен бітіріп шығады. Сонда, оқып жүрген жылдары Мағжан А.Пушкин, Ю.Лермонтов, Гете, Байрон сынды әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысады. Саяси қызметпен де шұғылданып, аз ғана уақыт «Алашорда» үкіметінің Омбыда орналасқан Ақмола облыстық комитетінің мүшесі атанады. Кейін бұл ұйымнан бас тартып, 1918-1920 жылдары Омбы қаласындағы қазақ мектептері үшін мұғалімдер даяр­лайтын екі жылдық курстың және үш айлық «Қызыл мұғалімдер» курсының директоры болып істейді. 1921 жылдың басында Омбыда шыққан «Кедей сөзі» газетінің және кейінірек Петропавлда жарық көрген «Бостандық туы» /қазіргі «Солтүстік Қазақстан» газеті осы аталған басылымдардан бастау алған/ газетінің жауапты редакторы болып тағайын­далады. Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жас­тарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай. Өлеңнің беташары ретінде Мағжан төмендегідей сөздер жазыпты: «Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек аға­лардан үлгі, өрнек алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы зиян деп жүрген, толық саяси хұқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» дейді де, өзінің «Жастарға!» деген өленің басқан. Бұл өлеңнің кейбір шумақтарын келтірейік: Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты. Қырандай күшті қанатты Мен жастарға сенемін!.. ... «Алаш» – айбынды ұраны, Қасиетті құраны. Алаштың олар құрбаны, Мен жастарға сенемін! Тау суындай гүрілдер, Айбынды Алаш елім дер. Алтын Арқа жерім дер Мен жастарға сенемін!.. ...Мен сенемін жастарға! Алаш атын аспанға Шығарар олар бір таңда! Мен жастарға сенемін! Үлкен тебіреніспен, жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұ­дан былай да «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буыр­қанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. 1922-1923 жылдары ұлы ақын Ташкент қаласындағы қазақ-қырғыз ағарту инс­ти­­тутында аға оқытушы қызметін ат­қарып, «Ақжол» газетімен, «Сана» және «Шолпан» журналдарымен тығыз шы­ғар­машылық бай­ланыс орнатқан. Олар­дың беттерінде өзінің ғылыми-зерттеу еңбектерін, «Батыр баян», «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт» және басқа дастандары мен өлеңдерін жариялаған. Мағжанның екінші өлеңдер жинағы 1922 жылы Қазақстанның Татарстандағы бас­па жұмыс­тары жөніндегі өкілі, белгілі ақын Бернияз Күлеевтің көмегімен Қазан қала­сында басылып шығады. Ал, үшінші кітабы 1923 жылы Ташкентте көрнекті қоғам қай­рат­кері Сұлтанбек Ходжановтың ынта-жігері арқасында жарық көреді. Мағжан Жұмабаев 1923-1927 жылдары Мәскеудегі Орталық Шығыс баспасы мен бұрынғы Кеңес Одағы халықтары Орталық баспасында қызмет істеген. Мәскеу әдеби-көркем институтында оқыған. Шығыс ең­бек­шілері коммунистік университетінде оқы­тушы болған. 1927 жылы туған еліне қайтып оралып, 1929 жылға дейін Пе­тро­павлдағы қазақ педагогикалық техникумы мен кеңес-партия мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Сол жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген жалған айып тағылып, Мәскеудегі Бутырька түрмесіне жабылады да, жазықсыз он жылға сотталып, жаза­сын өтеуге Карелияға айдалады. Мағжанның шынын айтып жазған хатына орай, белгілі кеңес жазушысы М. Горький мен оның әйелі Е. Пешкова қазақтың ұлы ақы­нының аянышты тағдырына араша тү­сіп, 1936 жылы КСРО Жоғарғы соты оның жазасын жеті жылға дейін кемітіп, іле бостандыққа шығарады. Елге келісімен, ол Петропавлдағы А.С. Пушкин атындағы №7 орталау мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Алайда, мұндағылар да оны «алашордашы» деп қуғындап, көп ұзат­пай, қызметінен шеттетеді. Жұмыссыз қалған Мағжан келесі, 1937 жылғы наурыз айында Сәкен Сейфуллиннің шақыруы бойынша Алматыға аттанады. Сол жылы 30 желтоқсанда қайтадан тұтқынға алын­ған ақын «кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізіп, Жапонияның пайдасына шпион­дық жасады» деген жалған айыппен ату жазасына кесіледі. Қатал үкім 1938 жылдың 19 наурызында орындалған... Небары 45 жылға да толмайтын қысқа ғұмыр кешіп, кеңес заманындағы саяси қуғын-сүргіннің кінәсіз құрбаны болған Мағжан бабамыз ақыры тарихтағы «хрущевтік жылымық» келіп жеткен 1960 жылы ақталды. Бірақ, өкінішке қарай, ұлы ақынның артында қалған, баға жеткісіз, мол рухани мұрасын жарыққа шығаруға мүлдем тыйым салынды. Бірен-саран адамдар оның жалынды жырларын ұмытпай, жадында сақтап, жұрттан жасырынып, жатқа оқығандары болмаса, Мағжан есімін айтуға да қаймығып, қорқып тұратын қаһарлы заман тағы 28 жылға созылды. Өйткені, Мағжан өз жырларында ашық жазғанындай, Ер Түрік ұрпақтарының бірлігі мен түптің-түбінде бірігуін, алты алаштың азаттығын аңсап-армандап, бос­тандық идеясын бүкіл шығарма­шылы­ғының алтын арқауы етіп, қасиетті туындай аялап ұстанғаны аян. Кеңестік идеология қанішер-құбыжық ретінде сипаттаған хан Абылайды ол: Қиын күн туған алаш баласына, Шұбырып жапанның сар даласында, Кез болған жаудан үркіп «Ақтабанға» Дұшпанның қалғандай боп табасына. Арқаға аяқ салып, түскен барып Екі оттың – орыс, қытай арасына. Күндерде сонау – қара, тапсырған ел Тағдырын Абылайдай данасына. Сол күнде ел қорғаған Абылайдың Қылсаң да аз қанша тәуеп моласына, – деп дәріптесе, ақ патша отаршылдығына қарсы қазақтан қалың қол жинап, қару­ланып, қанды жорыққа көтерілген қазақтың сонғы ханы Кенесарыны: Арқада Бурабайдай жер болмайды, Алашта Кенекемдей ер болмайды. Кене Арыстан мезгілсіз мерт болды ғой, Алашқа бұдан да зор шер болмайды. Ел азды, Арқа тозды, қайғы басты, Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды. Құдай-ау, мәңгілікке қарғамасаң, Кенедей енді неге ер тумайды?! Кене жоқ, ізін басар іні де жоқ, Дариға, жүрегімді дерт улайды, – деп қайғыра жоқтап, аспанға көтере асқақ­татқан ұлтжанды ұлы ақынды кешегі кеңес империясының идеологтары қайтіп ұнатсын?! Тек тарихшылар «горбачевтік қайта құру мен жариялық кезеңі» санайтын, кеңес империясының іргесі шайқала бас­таған 1988 жылы ғана Мағжан бабамыз толық ақталып, туған халқымен қайтадан қауышты. Мәңгі өлмес өршіл рухымен, мәңгі жасайтын мөлдір жырларымен мәң­гілікке оралды ортамызға! Тағы бір айтып кететін жағдай, мағ­жантанушы ғалымдардың бірі профессор Зарқын Тайшыбай ағамыздың ғылыми зерттеулерінен бір тарихи деректі алуға болады. Сол деректерге сүйенсек, Баш­құртстан халық ақыны Сәйфи Құдаш 1969 жылы Қазақ ССР КП Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевқа хат жолдаған: Құрметті Дінмұхамет Ахметұлы! Бұл хатты жазуға қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығар­машы­лығы мен саяси тұлғасы туралы соңғы кезде Қазақстанда біріне-бірі қарсы екі түрлі қоғамдық пікір қалыптасып отырғаны себеп болды. М. Жұмабаев 1929-1937 жылдары екі рет қуғындалып, сотталды. Ол 1960 жылы ақталған болатын. 1968 жылдың қараша айында Қазақ университетінде жиналыс болып, оған қатысушылар республиканың тиіс­ті орындарына М.Жұмабаевтың екі томдық шығармалар жинағын бас­тырып шығару туралы ұсыныс қойған болатын. Алайда, менің білуімше, Қаз ССР КП Орталық Комитеті бұл жиналысты саяси жағынан теріс деп бағалаған, өйткені, М.Жұ­мабаев байдың тұқымы, ұлтшыл, символист, пессимист және мистик-ақын ретінде саналған. Мұндай біржақты баға, белгілі бір дәрежеде, маған да тиіп кетті, өйткені, мен, өзімнің «Жастық жолымен» (Мәскеу, 1968) деген кітабымда оның атын екі рет атағанмын. Бір рет Мағжанның 1909-1910 жылдары Уфа қаласындағы «Ға­лия» медресесінде оқы­­ғанын, екінші рет Қазанда оның ал­ғашқы өлең кітабы «Шол­панның» басылып шығуына бай­ланысты. Міне, енді, бір жағынан, М.Жұмабаев ақталып отыр, демек, жұртшылық оның шығармаларын көруге ынтық бо­­луы заңды. Ал, екінші жағынан, ол толық ақталмаған болып отыр, тек аза­маттық тұрғыдан ақталады да, саяси ақ­тал­майды-мыс (Бұл, тіпті, менің ақы­лыма сый­майтын жағдай). Мәселенің мәнісі – М.Жұмабаевтың өзінің және шығармашылығының тағ­дыры өте-мөте күрделі екендігінде. Қазір­гі ұрпақ кітаптан оқып қана білетін қат-қабат оқиғалардың көбі менің көз ал­дымда өтті, сондықтан, 75 жастағы қарт жазушының ой-толғамдарымен танысу Сізге де артық болмас деп ойлаймын. Оның үстінде, Қазақстан – менің екінші Отаным, мен бұл жерде талай-талай мектептен өткенмін, сондықтан, маған қазақ әдебиеті қымбат, сол әдебиетті жасаған, қазір одан әрі өсіріп-өрбітіп келе жатқан адамдар қымбат. Мағжан Жұмабаев қаламгер ретінде 1905 жылғы революциядан кейінгі кезенде көрінді, оның дүниеге көзқарасы да осы кезде қалыптасты. Революция, азамат соғысы және Кеңес өкіме­тінің алғашқы жылдарындағы осын­­дай жағдайларды барлығымыз бас­тан кешірдік. Біз ірі жазушылар мен басқа қайраткерлердің саяси және аза­мат­тық тұлғасын саралап, оларға баға бергенде, осыларды ескеруіміз қажет. Бұл тұрғыда біз өлгендер мен қаза тапқандардың әруағы алдында ғана емес, тарих соты алдында да жауаптымыз. Мағжан Жұмабаевты өте ерекше және аса көрнекті ақын деп есептеп келдім және есеп­теймін де, бұл жөнінде ол Абайдың лайық­ты ізбасары. Мағжан азамат ретінде қалыптасқан, өмір сүрген, жұмыс істеген және қай­ғылы қазаға ұшыраған заманның қат-қабат қиындығы, теңіздің бір там­шы суындай, Мағжанның бір ба­сы­­нан көрінеді. Сондық­тан, Мағжан шы­ғар­маларына сыңаржақ баға беру, ай­талық, оны күрескер-револю­цио­нер деңгейіне көтеру немесе Кеңес өкі­меті мен қазақ халқының қас жауы деп құлдыратуға болмайды. Бірінші жағ­дайда, тарихымызды қорлап, тұр­пайы­ландыру, ал, екінші жағдайда мәде­ни мұра­ларымызға жауапсыз қарап, ескер­меу болып шығар еді. ­Мағжан өмірін екі кезеңде қарасты­руға болады. Алғашқысында, ол алаш­ордашыл болды, кейін кеңес мәде­ние­тіне қызмет етті. Оның өміріндегі осы екі кезенді салмақтап, салыстырып көрсек, қа­зақ-кеңес мәдениетіне қосқан үлесі әлдеқайда қомақты екенін көреміз. Мы­сал үшін, «Коммунистік партияның тарихын», «Маркс және Ленин» деген кітапты, В.И.Лениннің «Париж комму­насы», «Тоғызыншы қаңтар» деген шығар­маларын тұңғыш рет қазақша аудар­ғанын еске алайық. Қазақ халқы алдындағы оның мұндай енбегіне баға жетер ме? Қазақ халқына білім беру ісіне де ол үлкен үлес қосты, қазақ мектептеріне арнап бірнеше оқулық жазды; 1924 жылы М.Горькийдің шығармаларын қазақшалап, «Сұңқар туралы жыр» деген жалпы атпен бастырды, Мамин-Си­­би­ряктың, В.И.Ива­нов­тың, басқа да орыс жазушыларының шығармаларын аударды. Азамат соғысынан кейінгі жерде, жеке өлеңдері болмаса, негізінен идеялық жағынан кіршіксіз, көркемдік қасиеттері қымбат ақындық мұрасын есептемеген күннің өзінде, осы енбек­терінің өзі-ақ, Мағжан есімін еске алып, оған құрмет көрсетуге тұрады ғой. КазАПП мұрагерлері тарапынан Мағ­жанға қастық ұйымдастыру, қорлау, қуғындау әрекеттерінің асқындағаны сон­шалық, Мағжан ақын өзіне-өзі қол салып, өлмек те болды. Әйтеуір, ажалы жоқ, тірі қалды. 1937 жылдың 30 қараша күні ол тұтқынға алынды. Әйелінің айтуына қарағанда, соның алдында оны НКВД қайта-қайта шақырып мазалаған, ақын ұйқы-күлкіден айырылған; бұ­рын алашордашыл болған, кейін қа­зақ­тың атақты жазушысы ретінде таныл­ған бір адаммен телефон арқылы сөйлес­пекке әрекет қылған. Тұтқындалып, үйден шығып бара жатқанда, Мағжан былай депті: «Мен қоштаспаймын. Бір күнәға құдай­дың өзі екі жаза бұйыр­майды. Өзің білесің, Кеңес үкі­метіне, қазақ халқыма қарсы жасаған еш­қандай қылмысым жоқ. Ал, осы жолдан қайтпасам, «бөлтірік бөріні талап, мерт қылды» деп түсінерсің. Осы есіңде болсын!» Осылайша, Мағжанды ұмы­тамыз ба? Жоқ, ұмытпаспыз. Мағжанның өлең­дері айтылып жүр. Біреулер олар­ды, кім шы­ғар­­ғанын білмей, ха­лық­тікі деп санайды, ал, білетіндер сырын іште сақтауда. Қазақ жазу­шы­лары Қазақстан партия ұйымы­ның кө­ме­гімен өз әдебиетінің ертеректегі тари­хында болған күрделі жағдайларға дұрыс баға беріп, сол әдебиеттің аясы­на өзінің дарынды ұлының есімін қайта­рады деп үміттенемін әрі оған сенім­дімін. Сонымен, осы жазған хаттың үзінді­сінен алып, Башқұртстанның ха­лық ақыны Сәйфи Құдаштың осындай жазуының өзі, Мағжан бабамыздың қазақ халқы үшін, елі үшін, жері үшін жаны ашығанын көрсетеді. Өткен ғасырдың қаталдығы талай-талай арыс азаматтарымызды аямағаны ащы болса да шындық.

Бір мақаланың сыры

1922 жылы 11 маусым күні Мағжан ба­ба­мыз «Мир труда» газетіне «Голод в Сары-арке» деген мақала жазып, қазақ дала­­сындағы аштықтың тұтас ұлтқа қатер төн­діріп отырғанын көрсетіп, күні бұрын ащы шындықты жайып тастады. Сол мақа­ланы Мағжантанушы ғалымдар қазақ тіліне толықтай аударған. Мағжан бабамыздың мақаласын журнал оқырмандарына ұсынғым келіп отыр: «Еділ тоңса, кім кешпес? Едіге өлсе, кім келмес? Әзір Еділ тоңбайды, Әзір Еді­ге өлмейді, Еділдің ханы Едіге өлсе күн сөнеді, ай тұтылады». Тарих тереңінен ұмытылмай келе жатқан осы бір қанатты тіркестер қазақ хал­қының тағдырына Еділдің қандай орын алатынын, қазақтың Сарыарқасы мен мол сулы Еділ дариясының үзілмес байланысын көрсетеді. Еділ жағасында басталған алапат аш­тық алып өзеннің алабындағы қа­лың елді жайлап, Сарыарқаның маң даласына келіп жеткелі де бірталай болды. Қазақтың тұтас өңірі Орын­бор мен Бөкейлік, Ақтөбе мен Орал, Қостанай губернияларындағы қазақ ауылдарының аранын ашқан аштықпен алысып, діңкесі құрыды. Бұл елдердің бір кезде қазы мен қарта шайнаған қазақтары тышқан аулап, иттің етін азық қылатын жағдайға жетті, сапы­рылған сары қымыз көзден бір-бір ұшып, құрттап кеткен құдықтың, сасы­ған шалшықтың борсыған суымен сусын­дауда. Өңсіз-түссіз, бетінен қаны қашқан тірі аруақтар шетсіз-шексіз далаға қаңғып кетті, олар саршұнақ аулап, әлі біткен жерде құлап жатыр, сол саршұнақтарға өздері де жем болуда. Тамақты таңдап, талғап ішетін қазақ малдан жұрдай болып, өлексеге таласуда. Бірінің етін бірі жеуден тайынбайды. Аранын аш­қан аштық ақы­рын жылжып, біздің губернияның шебіне кірді. 1921 жылдың күзінен біздің Ақ­мола губерниясы аштықтың қанды шеңгеліне ілікті. Екі жылдан бері жоға­рыда айтылған губерниялардағы бауыр­лары­мыздың ба­сын­дағы қасірет бізге де келді. Менің ал­дымда Петропавл және Көкшетау уез­деріндегі қазақ болыс­тарынан кел­ген ресми хабарлар жатыр. Еменәлі болы­сының төрағасы жазады: «Біздің болыста аштық 1921 жылдың қараша­сына қа­рай тіпті асқы­нып кетті. Күзге дейін тігерге тұяғы қалмаған халық ұрлыққа бет қой­ды. Был­тырғы алапат жұттан малдың үштен екісі қырылып қалған болатын. Адамдар ісіп-кеуіп өліп жатыр. Қара­ша­ның қысынан мамыр, көктемге дейін 270 адам­ның аштан өлгенін қағаздадық...» Сарыайғыр болысынан: «Қаңтардан мамырға дейін 72 адам өлді, аштық күн­нен-күнге қысып барады. Сәуірдің сары аязында қалған мал қырылды. Ұрлық белең алып кетті». 26-қазақ мектебінің мұғалімі Ізба­саров Петропавлдан 18 шақырым жер­дегі Бай­ға­был ауылының жайы туралы былай жазыпты: «Байғабылда 40 шақты түн­дік кедей-жатақ бар еді, былтырғы жұт оларды тұралатып кетті. Бір қыста 17 адам аштан өлді. Малсыз ауылдың адам­дары босып, қалаға кетті, қаңғып жүріп, көшеде өліп жатыр...» Көкшетау уезінің Бәйімбет және Айыр­тау болыстарынан да осындай суық хабар алып отырмыз. Ақмола және Атбасар уездерінен әзір хабар жоқ. Тек таяуда Ташкенттің «Ақ жол» газетінде Ақмола уезі Шу ауда­нының екі қазақ болысы Түркістан рес­пуб­ликасының Әулиеата, Шымкент және Түр­кістан уездеріне тік көтеріліп ауып келді деген ақпар басылды. Осы айтылғандардың өзі-ақ қырдағы қазақтардың қайғылы халін көрсетеді. Жалғыз Семей губерниясын қоспағанда, Каспийден Ертіске дейінгі аралықтағы бүкіл Сарыарқа өңірі аштыққа ұшырап отыр. Мал қырылып, елдің берекесі кетті, бұлай бола берсе, бірнеше миллион қазақ құрып бітер күн де алыс емес. Алайда, осы жағдайды басқа жұрт біле ме? Өкінішке қарай, қалың қауым нақты жағдайды білмейді. Ал, енді, осындай қанды қырғынның себебі неде? Былтыр, Еділ бойы ашық­қанда бүкіл Ресей дабыл қақты. Кең арналы Еділ бүкіл елді дүр сілкіндірді. Өйткені, Еділ орталыққа жақын, екін­шіден, Еділ бойы халқының қазақ­тардан гөрі көзі ашық, әлбетте, мәде­ниетті ха­лық басқаларға өз сөзін тыңдата алады. Ал, бұған керісінше, қасіретке мойын ұсынып, үн шығармай жатқан Сарыарқа, сол аштықпен арпа­лысуда, қауқары біт­кен соң, жеңіліп, тұяқ серіппей, жан тапсыруда. Аштық қабырғаға батқанда, адамның есі кетеді, шырқырап, жан даусы шығады, осындай кезде басқалар Сары­арқа ұлының ыңырсып қана жан тәсілім бергенін байқамайды. Мәдениетті қала адамы айқай-шу көтеруге бейім, ол өзінің осы шуымен Сарыарқаның әлсіз ғана ыңқылын басып кетеді, естіртпейді. Міне, қазақ даласындағы аштық сұмдығын орыс жұртшылығы білмеуінің бір себебі осында. Әйтеуір, қандай себеп болса да, нақты жағдай осындай, басқаша емес. Аштық­тың ауыртпалығынан ауыл құрып бара­ды, ал, қазақ халқы адамдық бейнесі­нен ада болуда. Мен бұл сөздерді жазғанда, Сарыар­қадағы аштық Еділ бойын­дағыдан да алапат дегім келмейді, деген болсам, ақи­қат­тан аттаған болар едім. Айтпағым мынау ғана: Сарыарқа дабыл қақпаса, ол тойғандықтан немесе жаны жай тап­қандықтан емес. Байлыққа бөккен, қырғыз-қайсақ­тың берекелі Екатерина заманындағы ертегі өлкесі деп қарамайық оған. Сары қымызы өзендей сарқыраған, сүрленген еті тау-тау болып үйіліп жататын Сарыарқа жоқ. Сарыарқаның жан күйзелісіне құлақ салып, қазақ халқының ауыр ыңыр­сыған, азалы үнсіздігін түсінетін кез келді. Мағжан Жұмабаев 11-шілде, 1922 жыл Осы мақаланың түйінінде айтарым, қазақтың белгілі азаматы, алаш қозғалы­сының белсенді қайраткері, белгілі әдебиет­ші, ақын, жазушы және Ұлы ағартушысы, қазақ жерінде алғашқы орыс-қазақ мектептерін ашқандардың бірі Мағ­жан бабамызды ерекше еске алғым келеді. Бір ғана мақалада жан-жақты дерек­терді сыйғыза алмаймыз, дегенмен, тарихи дерек­терге сүйінгенімді айта аламын. Мағжан мәңгі жасайды!

1223 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз