• Ұлттану
  • 19 Сәуір, 2018

Жат жердің топырағы бұйырғандар

Ермек Жұмахметұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Ақпараттар академиясының академигі, Мәдениет қайраткері

Әлемде қазақ ұлты ұландарының табанының ізі қалмаған жер жоқ. Олардың бірі сонау алмағайып заманда туған елінен еріксіз жер аударылса, енді бірі тағдыр тәлкегімен өзге жерді қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан. Олардың біршамасына туған елдің топырағынан мәңгілік мекен табу жазбады. Алайда,  оларды ұмыту әсте мүмкін емес еді. Бүгін  біз  журнал  оқырмандарының  қызығушылығын  тудырар  деген ниетпен  журналист Ермек  Жұмахметұлының танымдық зерттеу еңбегін жариялап  отырмыз.  Ұрпақ тәрбиесі үшін танымдық мәні бар жұмыс алда жалғасын табатыны анық.

Карелияда жерленгендер

Міржақып Дулатов – Алаш қайрат­кері. 1885 жылы 21 қарашада Қостанай облысы, Жангельдин ауданы, Қызбел атырабында дүниеге келген. Жазушы, ақын, публицист, драматург, журналист. 1935 жылы 5 қазанда Карелияның Бело­мор – Балтық каналы, Сасновец беке­тінде қаза тапқан. Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін сүйегі туған елге жеткізіліп, арулап қайта жерленген. Маман Әлімбетов – 1922 жылы Семей облысы, Жарма ауданында дүниеге келген. 1939 жылы Семейдің Абай атын­дағы педучилищесінде оқыған. Әскери шені – лейтенант. 1941 жылы әскерге алынып, Карелияны қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан.

Қытайда жерленгендер

Ақперес Босынұлы – Шығыс Түркістан Республикасының «Халық қаһарманы». 1911 жылы Қытайдың Іле аймағында туған. Гоминдан әскерімен болған шайқаста жараланып, 1944 жылы қайтыс болған. Осы жерде жерленген. Баспай Шолақұлы Бапин – Шығыс Түркістан Ұлт азаттық күресінің батыры, қоғам қайраткері. 1889 жылы дүниеге келіп, 1953 жылы Үрімшіде қайтыс болған. Дәулеткерей – сұлтан. Туған, өлген жылы белгісіз. Қытай тілін еркін біл­ген, дип­ломат. 1760 жылы Жолбарыс сұлтанмен бірге Абылайханның Қытайға жіберген елшілігін бастап барған. Есбосын Жәментікұлы – Қытай қазақ­тарының ұлт-азаттық қозғалысының батыры. 1876 жылы Шыңжаң өлкесі, Нылқы ауданында дүниеге келіп, 1928 жылы Ластай деген жерде дарға асу арқылы қаза тапқан. Есімхан Иманбайұлы – Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі көсемдерінің бірі. 1906 жылы Алтай өлкесінде дүниеге келіп, 1941 жылы Үрімшіде абақтыда жан азабынан қайтыс болған. Райымжан Мәрсеков – жұрт үшін қайғырып, елі үшін отқа түскен Алаш қайраткері. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Алаш үкіметінің белсенді қайраткері ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қытай асып кетуге мәжбүр болған. Қытайда кеңес үкіметінің қас жауы ретінде тұтқындалып, Құлжа түрмесінде қайтыс болған. Сүйегі Қытайда жерленген. Дубек Шалғынбаев – (1920-1947) өткен ғасырдың 40 жылдарында Қы­тайдың Шыңжаң өлкесінде өмір сүрген. Жазушы-аудармашы. Қытайдағы ұлт-азаттық күресіне белсене қатысу кезінде тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Асқар Татанай – ҚХР Алтай аймағында өмір сүрген. Жазушы, этнограф. Тарым жазалау түрмесінде отырған. «Туажат» романы мен бірнеше кітаптардың авторы. Түрмеде қайтыс болып, осында жерленген. Оразхан Ахмет – жазушы. Ұлт зиялысы санатында Тарым түрмесіне қамалған. «Құмдағы іздер», «Өзгерген өңір», «Толқынды көл», т.б. прозалық шығармалары бар. Өлген уақыты белгісіз. Задахан Мыңбай – талантты ақын. Тарымдағы жазалау түрмесіне қамалған. «Дала заңы» т.б. өлең жинақтарының авторы. Түрмеде қайтыс болып, осында жерленген. Демежан Кешубайұлы – 1860 жылы Шыңжаң өлкесінде туып, 1906 жылы Шәуешек қаласында дарға асып өлтірілген. Ақсүйектер ортасында білім алған. Манжұр, қытай тілдерін жетік білген. Мемлекеттік басқару аппараттарында қызмет атқарған. Жантайлақ – Қытай билігіне қарсы шыққан батырлардың бірі. Туған жылы белгісіз. 1931 жылы Шіңгіл ауданының Бұлғын деген жерінде қарулы топтың қолынан қаза тапқан. Закария Әшенұлы – Қытай қазақтары арасынан шыққан әскери қайраткер. 1910 жылы Шыңжаң өлкесінде дүниеге келіп, 1950 жылы Үрімші қаласында қайтыс болған. Гоминдан армиясының генералы. Қазақ полкының қолбасшысы. Қытай билігіне коммунистердің келуімен Закарияға Оспан батырға көмектесті деген айып тағылып, өлім жазасына кесілген. Хасен Рүстемұлы – Қытай армия­сының қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы. ҚХРО Парламент мүшесі. 1921 жылы Ганьсу өлкесінде дүниеге келіп, 2006 жылы Пекинде қайтыс болған. Шәріпхан Жеңісханұлы – саяси қайраткер. 1900 жылы Алтай өлкесінде дүниеге келіп, 1941 жылы саяси жаламен Үрімші түрмесіне қамалған. Осы жерде атылған. Әбдікәрім Ережепов – 1867 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алаш қайраткері. Петербург орман шаруашылығы институтын бітірген. 1904 жылы Шыңғыстайда өз қаражатына мектеп салған. 1927 жылы кәмпескеге ұшыраған. 1828 жылы Қытайға өтіп, 1936 жылы Шыңжаң өлкесінде ату жазасына кесілген. Деректер көзі Әбдікәрімді Кеңес консульдығының қызметкерлері у беріп өлтірген дейді. Қапаған қаған – Шығыс түрік қаған­дығының бас қағаны. Күлтегін мен Білге қағанның немере ағасы. Туған жылы белгісіз. 716 жылы қарулы қақтығыс кезін­де қаза тауып, қағанның басы қытай­лықтарға тапсырылған. Қара Оспан Бейсенбіұлы – би, қолбасшы. 1872 жылы Алтай аймағында дүниеге келіп, 1916 жылы Қытай үкіметінің жазалауымен қайтыс болған. Буыршын даласына жерленген. Қожеке Назарұлы – күйші, сазгер. 1828 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, 1881 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қаза тапқан. Әбеу Мартбаев – әскери қайраткер, полиция генерал-майоры. 1901 жылы Шыңжаң өлкесінде дүниеге келіп, 1939 жылы Қытай өкіметі тарапынан қамауға алынған. 1941 жылы түрмеде өлтірілген. Саурық Алпарұлы – батыр. Патшалық Ресейдің Жетісу өлкесін отарлауына қарсы үн қатысып, қарулы қол жинаған. 1871 жылы жазалаушылар тарапынан қаза тапқан. Денесі Қытайдың Суасу деген жеріне қойылған. Таңғыт Еңсерұлы – ру басы, күрес­кер. 1879 жылы Қытайдың Тарба­ғатай аймағында дүниеге келіп, 1952 жылы Дөрбілжің өңірінде өлім жазасына кесілген. Ақыт Үлімжіұлы – (1868-1940 ж.ж) ақын, ағартушы, белгілі қоғам қайраткері. Құранды тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі саналады. Шың Сысай түрмесінде жауыздықпен өлтірілді. Оспан батыр. Шығыс Түркістанның ұлт-азаттығы жолындағы көсемі, ел басқарған әйгілі батыр. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық оны ақ киізге отырғызып, хан көтерген. Батырды қытай коммунистері қапыда қолға түсірген. 1951 жылы 28 сәуірде Үрімжіде атылды. Зұқа Сәбитұлы – (1867-1929) Қы­тай­дың жергілікті қазақтарға жасаған озбыр саясатына қарсы шыққан батыр. Ел аузында «Зәбір көрсең, Зұқаны ізде» деген сөз қалған. Батырды қапыда қолға түсірген қытайлар оның басын екі құлағынан көпірге іліп қойған. Әсет Найманбайұлы – (1867-1923) – қазақтың әйгілі ақыны, әнші сазгері. Әсеттің Кемпірбаймен қоштасуы, «Мақпал», «Қара көз», «Майда қоңыр», «Жиырма бес», «Қысымет», «Ардақ» секілді әндері халық арасына кеңінен танымал. Аңдаусызда алмаспен уланып қалған қазақтың маңдайына біткен айрықша дарын иесі қапыда көз жұмды. Қабірі Құлжа ауданы Көкқамыр жайлауында. Бүркітбай Тұяқұлы – 1906 жылы Алтайда дүниеге келіп, 1944 жылы Алтайдың Сарысүмбе ауылында қайтыс болған. Алтай өлкесінде Оспан батыр бастаған көтеріліске қатысқан батырлардың бірі. Батырлығымен қоса, әншілігімен де танымал. Бүркітбай шығарған «Ой, Ғайша» әні – қазір қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі. Әзімхан Тішәнұлы – 1929-1996 жылдары өмір сүрген. Аудармашы, әде­биеттанушы-ғалым. «Үш патшалық қиссасы», «Таң дәуіріндегі таңдамалы өлеңдер», «Су бойында», «Қызыл сарайдағы түс» сынды қытай классикалық шығармаларын қазақшалаған. Бейсенбі Дөненбайұлы – атақты күйші, Алтай өңіріндегі атақты төрт бидің бірі. 17 жасынан шешендігімен көзге түскен. Құнанбайға арнаған «Бодау кеңес» күйін, «Жеке батыр», «Жеңілдім», «Қымыз күйі», «Арман-ай» сынды көптеген күйлерді шығарған. Сәдіқожа Мошанұлы – Қытай қазақтарынан шыққан арқалы әнші, сал-сері. Қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі «Сарыбидай», «Ақалайын» сынды танымал туындыларды шығарған. Жүсіпбек Шайхысламұлы – Әйгілі ақын 1857 жылы Әулие ата жерінде туған. Араб, парсы тілдерін жетік білген. «Қасен мен Ғайнижамал», «Мұңлық-Зарлық», «Айман-Шолпан», «Біржан сал мен Сара қыздың айтысы» сынды шығармалардың авторы. Нүсіпхан Көнбайұлы – (1896-1986 ж.ж) әскери полковник, қоғам қайраткері, ағартушы. 1986 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. Әсет Жүнісұлы – (1924-1994) саяси қайраткер, Қытай қазақтарынан шыққан әскери полковник. Алтай атты әскерлер полкында штаб бастығының орынбасары, Алтай әскери районы қолбасшысы болған. Басбай Шолақұлы Бапин – (1879-1941 ж.ж). Қытай қазақтарынан шыққан атақты бай, қоғам қайраткері. ШҰАР Тарбағатай аймағының алғашқы уәлиі (губернатор). Мүтәліп Әміреұлы – (1928-1988 ж.ж) Қытай қазақтарынан шыққан әйгілі театр және кино актері. «Тянь-Шань қызыл гүлі», «Қыз бейіті», «Жетім қыздың махаббаты» сынды атақты кинофильмдерде басты рөлдерді сомдаған. Дәлелхан Сүгірбайұлы – (1906-1949 ж.ж) саяси қайраткер. Алтай айма­ғының уәлиі (губернатор), Алтай атты әскерлер полкының командирі. 1949 жылы Бейжіңге мемлекеттік дәрежедегі арнайы жиынға ұшып бара жатып, Байкал жерінде ұшақ құлап, қаза тапты. Нығымет Мыңжанұлы – (1922-1993) ақын, жазушы, әдебиетші. Бірне­ше көркем шығармалар жинағының, «Қа­зақтың қысқаша тарихы», «Қазақтың мифтік аңыздары» зерттеу кітаптарының авторы. Таңжарық Жолдыұлы – (1903-1947 ж.ж) әйгілі ақын, Қытай қазақтарының жазба әдебиетінің негізін салушы тұл­ғалардың бірі. 1940 жылдан бастап Шың Сысай үкіметі қазақтың бетке ұстар тұлғаларын аяусыз басып-жаншыған тұста түрмеге қамалып, жан төзгісіз азапқа ұшы­райды. 1947 жылы ауыр науқастан көз жұмды. Қажығұмар Шабданұлы – (1925-2011) жазушы. Саяси жаламен өмірінің қырық жылға жуығын жазалау лагерінде, түрмеде өткізген. «Қылмыс» трилогиясының авторы. 2011 жылдың ақпан айында өмірден озған қаламгердің сүйегі Шәуешек қала­сындағы мұсылмандар қорымында жатыр. Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік – жазушы, тарихшы, этнограф. 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы Орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Редакторлық қызмет атқарған. 1955 жылдан ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысқан. «Мәдени төңкеріс» кезінде ауыр соққыға ұшырап, «халық жауы» ретінде теперіш көрген. Жазушының соңында көптеген шығармалары қалған. 2013 жылы ауыр науқастан дүние салған. Әлен Жеңісханұлы – Қытайдың Ал­тай қазақтарының князі болған. 1889 жылы Шыңжанның Жеменей ауданында дүниеге келіп, 1961 жылы Үрімші қала­сында қайтыс болған. Осындағы бабалар Зиратындағы жерленген. 1915 жылы Бейжің үкіметі оған княз атағын берген. 1933 жылы Шыңжаң өкіме­тінің мүшесі болған. 1939 жылы Шыңжаң губернаторының бұйрығымен Үрімші түрмесіне қамалған. Жакулә Күшіков – Алаш қайраткері. Омбы қаласында еуропалық деңгейде білім алып, саяси жұмыстарға араласқан. Ұлт-азаттық күреспен айналысып, ұлттық партия құру жолында ұран көтерген. 1913 жылы Ресей империясы тарапынан саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қытай асып, оқыста қаза тапқан. Нүсіпхан Көнбайұлы – 1896 жылы дүниеге келіп, 1986 жылы дүние салған. Әс­кери полковник. Қоғам қайраткері, ағартушы. Бұланбай Көлбайұлы, Байқозы Жасақбайұлы, Мейрамбек балуан – Қытай қазақтарының арасынан шыққан өте атақты адамдар болған. Бәрі осы жерде қаза тауып, осында жерленген. Иса Тергеусізұлы – Алаш қайраткері, ағартушы. 1896 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Алаш партиясының Жетісудағы ұйымында ұлт мүддесі үшін күрескен. 1933 жылғы репрессия кезінде Қытай асып, осында революциялық істермен айналысқан. 1939 жылы қамауға алынып, 1940 жылы Үрімшіде дарға асылған. Сүйегі осында жерленген.

(Жалғасы. Басы өткен санда)

866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз