• Еркін ой мінбері
  • 19 Сәуір, 2018

БІЗ «ОРЫСҚҰЛ» ДА, «АРАБҚҰЛ» ДА, «ТҮРІКҚҰЛ» ДА ЕМЕСПІЗ

Әділет МӘДЕНИЕТ, студент

«Орысқұл», «Арабқұл», «Түрік­құл»... Бұл тіркестер елімізде, әсіресе, әлеуметтік желілерде кеңінен қолда­нылатын ұғымдар. Неге орысқа, араб­қа һәм түрікке құл болмақпыз? Елдігіміз өз алдына, егемен болсақ, сонда, кейбіреулердің өз қандастарын бұлай кемсітудегі мақсаты, олар кейбір жандарды қазақша шала сөйлегені үшін немесе тілді білмегені үшін, тура тарихты насихаттағаны үшін, тіпті, сол елдің мәдениетін, өркениетін өзінің рухани қазынасын байыту, көңіл сарайын кеңейту мақсатында тұтынғаны үшін жоғарыдағыдай сөздермен кемсітіп, мазақ етеді. Рас, ана тіліміздің ахуалы арқаны кеңге салып, бейжай отыруды көтермейді. Патриоттық сезімнің де әр жүректе атойлап тұрғаны шамалы. Тезге салса түзелмейтін мінез жоқ, әр қазақты онсыз да жүздеген жыл бойы қабағымен басқарып келген үлкен ұлттарға құл етіп, байлап бере берсек, кім, не болғанымыз? Әлеуметтік желі – әркімнің жеке мінбері. Жазбаңды ешкім тексермейді, ақпаратыңның рас-өтірігін талдамайды. Осыдан келеді-дағы, ойына не келді, кімнің жүріс-тұрысы ұнамайды, назарындағы кісісін жердің жарығы табылса, тығып жіберердей етіп сынайды. Және ғаламторда эксклюзивті бейнелерге түсіріліп, қазақша білмегені үшін әлеуметтік желінің жұл­дызы болып жатқандардың көпшілігі – қарапайым қызметкер, жасы келген қарт, студент жастар. «Фейсбук» желісінің осы іспетті арандатушыларға үлкен пай­дасы – жүз мыңнан үш жүз мыңға дейінгі тіркелушісі бар топтар. «Жұрт не демейді?», «Ит жоқ, кіре бер», «Айта берсін»... Топтар тізімін ондап, жүздеп жалғастыра беруге әбден болады. Бірақ, маңыздысы ол емес. Маңыздысы – аталған топтардың басым көпшілігі ашық топтар. Демек, бір ғана тұлғаның ойы, субъективті пікірі мыңдаған адамға ұсынылады. Міне, содан кейін көрінгенді «орысқұл», «арабқұл», «түрікқұл» етіп көрсетіп жатады. Мысалы, Zero.kz рейтинг агенттігінде біршама беделі бар, күнделікті дамып келе жатқан 365info.kz сайты «Мейрамбек те «орысқұл» ма? Онда неге Кремльде ән салуды армандайды?» деген материал жариялады. Кішкене ғана ақпарат желіде тез тарап, таяз ойлайтын кейбіреулер, тіпті, қазақ эстрадасының беделді әншісінің ит терісін басына қаптап жатты. «Қазақ әншілері Кремльде ән айтуға неге құмар? Шынымен, неге солай? Неге орысқа танылғымыз келіп тұрады? Одан бізге не пайда? Орыс бізді неғылсын?  Қит етсе, орыстың шоу-бай­қау­ларына, түрлі ән-би конкурстарына қатысуға асығып тұрамыз. Орыстың құлдығынан құтылғанымыз кеше ғана емес пе? Біздің шоу-бизнес жұлдыздары алдымен қазаққа ұнауды, қазақтың көңілінен шығуды неге ойламайды, осы?  Күні кеше Қайрат Нұртас «Кремльде ән салу арманым» депті. Оның несі арман? Қай орыстың әншісі Республика сарайында ән салуды армандаймын деп айтыпты.  Бізге Тәуелсіздіктің әр жылы қым­бат. Демек, Ресейден барлық жағы­нан тәуелсіз болу керекпіз. Осыны кім, қашан ұғынады? Жарайды, Қайрат өз алдына. Ал, Мейрамбек ше? Күллі қазақтың сүйікті әншісі де Кремльде ән салуды асқақ арманы санайды. Анығында, біз орысқа ешнәрсені дәлелдеуге тиіс емеспіз.  Біздің шоу-бизнес олардан жоғары болмаса, кем емес. Біздің әншілер орыстың әншілерінен талантты болмаса, талапсыз емес». Сайтта 2625 көрілім жинаған ақпарат­тың толық мәтіні – осы. Өнер – ұлт, ұлыс таңдамайтын қасиет. Егер, қазақ эстра­дасының әншілерін орыс халқы шынымен Кремльде тыңдайтындай болса, бұл – мақтаныш. Мақтаныш деуіміздің себебі, орыс – ұлық, біз қормыз деу емес, орыстың музыкасы да, эстрадасы да, әдебиеті де, киноиндустриясы да әлдеқашан дамып кеткен. Ал, дамушы елдің әлем елдеріне гастрольдік сапар жасауы, аудиториясын кеңейтуі – ешқандай да «орысқұлдық» емес. Шығармашылық адамының өз ойы, арман-мұраты болады. Тіпті, жалғыз қазақ емес, футболда күллі әлемнің аяқдопшылары «Мараканада», «Сантьяго Бернабеуде», «Камп Ноуда» доп тебуді армандайды. Сонда, олар «бразилияқұл» немесе «испанқұл» ма? Беспаев тақырыбына қайта оралсақ, Біздің шоу-бизнес олардан жоғары болмаса, кем емес. Біздің әншілер орыстың әншілерінен талантты болмаса, талапсыз емес», – дейді. Кез-келген нәрседе біз бәсекеге қабілеттіміз. Осы сөйлемнің астарынан бір сұрақ жылт ете қалады. Мысалы, пәленше әнші Өзбекстанға, Қырғызстанға концерт беріпті десе, аса елең етпейміз. Неге орыстарға деген қорқыныш, сенімсіздік пен үрей һәм жақтырмау сезімдері санамыздан әлі күнге жоғалмаған? Рас, Кеңес үкіметі уағында орыстардан көрген құқайымыз аз емес. Қанау да болды, аштық жасап, қолдан қыру да болды... айта берсек, көп-ақ. Бірақ, сол қиын-қыстау күндердің өзінде қазақ пен орыстың әдебиеті, өнері аралас-құралас болды. Өнер саласында болсын, әдебиетте болсын, қазақты орыстың осы саладағы азаматтары қор санамай, иықтас, үзеңгілес жүрді. Тіпті, хакім Абайдың өзі орыс әдебиетін бас алмай оқып, айналасы екі айға жуық уақытта ауқымды тілді бір адамдай меңгерген. Сонда, Абай да «орысқұл» ма? Шәкәрім ше? Кешегі Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезовтердің қай-қайсысы болса да, орыс­пен шүйіркелесіп, дос болып-ақ келді ғой. Сонда, әдебиеттегі, жалпы, саяси өмірдегі марғасқа интеллигенттерімізді «орысқұл» дейміз бе? Қазақтың классикалық әдебиетінің шарықтау шегіне жеткен шағы – өткен ғасырдың бел ортасы. Советтік цензура алқымнан алып тұрса да, қоғамдағы айтулы проблемаларды түгел дерлік шығарма етіп, кітап етіп жазды. Орыс жазушыларымен арада әдеби үндестік болды. Пікірлес, сырлас жазушылар шықты. Толстойды, Чеховті, Горькийді, Достоевскийді оқу, тіпті, орыс классикалық орыс әдебиетінің түгелімен танысу – ғылым жолындағы адамға, білімін дамытпаққа бекінген кісіге қойылатын алғашқы талаптардың бірі. Орыс әдебиетін оқығанның бәрі «орысқұл» емес. Орысша сөйлеудің өзі – жетістік. Тек орысша емес, халықаралық маңызы бар тілдерде судай ағып тұрсаң, жетістік емей, немене!? Білген, әрине, өзің үшін пайдалы, орысша білгенің үшін де «орысқұл» деп айыптайтындар табылып жатады. Қате. Өйткені, ол азамат өзінің тіл білуі арқылы орыс халқының мүддесіне орай әрекет етіп жүрген жоқ қой. Сондықтан, істің анығына көз жеткізбей тұрып, өзге тұлғаның азамат­тық позициясын тілдемеген абзал. Неге орысты танысаң – «орысқұл», дініңді танысаң – «арабқұл» болуың керек? Ислам – барша мұсылманның ортақ діні. Құран – күллі мұсылманның қасиетті кітабы. Қағба – қажылық атты парызыңды өтейтін киелі орын. Құран араб тілінде. Қағба араб жерінде. Дініңді түбегейлі тануың үшін арабтың тілін үйренсең, мұсылманша сауат ашсаң, не үшін «арабқұл» болуың қажет? Жоқ. Ешкім арабтардың мүддесі үшін қызмет етіп, елге ылаң салып жатқан жоқ. Дінімізді насихаттап, діни сауаты төмен кісілер үшін тура жол сілтеп жүргендердің көпшілігін сол әлеуметтік желілерде арабтың құлы етіп, есекке теріс мінгізіп жібере саламыз. Осындай теріс ұғым таратушылар арабқа емес, ислам дініне қарсы жасалып отырған әрекет деп білеміз. Қоғамдық пікірдің сапасының төмендігін, құбылмалылығын байқаймыз бұдан. Намазын қаза етпей, оразасын өтеп жүргендер – арабтың құлы емес, Алланың құлы. Орыс пен арабқа құл еткені аздай, Оғыз Доғанның әуе компаниясының арасында болған мәселеден кейін, қазақ тілінің жыртысын жыртқан Оғыздың сөзін сөйлегендерді де «түрікқұл» деп айыптады. Рас, Оғыз Доғанның ұлты – түрік. Дегенмен, бұл азамат қазақ тілінде және қырғыз тілінде таза сөйлей алады. Түркі халықтарының бір-біріне осындай рухани қолдау көрсеткенін жақтау да түріктің құлы болу қарекеті екен-мыс. Сол шулы даудың кейіпкері Оғыз Доған бір сұхбатында: «Сіздер, Түркияны жақсы көрсеңіздер, мен қуанамын. «Түркияқұлдар» дегенім, бұл туған жерім Түркиямды жақсы көретіндер емес әлбетте... Мысалыға, мен қазақ халқын өте жақсы көремін деп «қазаққұл» болмаймын ғой...» Туған жерін, ана тілін менсінбей, өзге ұлттың күйін күйттеп, сол елдің мүддесіне жұмыс жасайтын адамды құл деп айтуға болады. Басқа бағыттармен ешқашан ешкім ешкімге құл болмақ емес. Әйтпесе, неміс пен кәрістің көлігін мінгендерді «немісқұл», «кәрісқұл» деп, әдемі костюм кигендерді «италияқұл» деп айтпаймыз?! Міне, осал жеріміз – осы. Біреудің жер-жебіріне жетіп, осал тұсынан дырау қамшымен осып жібермекке әзір тұрамыз. Татулығымызға нұқсан келтірерлік осындай стереотиптерден бойымызды алшақ ұстағанымыз абзал.

453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз