• Заманхат
  • 19 Сәуір, 2018

ҰЛАҒАТ ҰШҚЫНДАРЫ

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН, ақын

Л.Н.Толстой, И.С.Тургенов, Ф.М.Достоевский...

Армысың армандағы, Ақсәуле Алаңқай! Бұл үлкен әулеттің Ясная Полянадағы мен­шік-мекенінде (имение) бір емес, үш рет болдым. Бүкіл әлемді күллі орыс сөзінің құдіретіне бас игізіп, мойындатқан адамзат ойының бір алыбы 2-ақ метр жерде жасыл жыра шетінде титімдей төмпешік астында мәңгі ұйқыға кетіп жатыр. О, тәңір! Онсыз да тірмізік тіршіліктің қазаны бұрқ-сарқ қайнап, алдияр уақыт сынаптай сырғып, алға тартып барады... Данышпан қара басына да қасірет-мұң бұлты үйіріледі екен. Үстінде ешқандай белгі жоқ. Батыс елдеріндегі дағдылы зиратта бола беретін айқыш та (крест) қойылмаған, тіпті. Неге? Ол іріп-шіріген қатыгез қоғамды мүлде қабылдамай, қарама-қайшылықта өмір сүрді. Шіркеумен біржолата ат құйрығын кесісті. Отбасындағы кішігірім кикілжің жанын жүдетіп, жүйкесін жұқартты. Түн ішінде ажалға қарсы қашып шығып, жарты ғасырдай бірге тұрмыс құрып, бала-шаға өсіріп, ығына жығылып, асты-үстіне түсіп бәйек болған әйеліне: «Ойдағыдай емес!» – деп тілдей аманат хат қалдырып кетуі де қарт құдіретті қаламгердің бар бітім-болмысын боямасыз бедерлеп тұрғандай. Лев Николаевич Толстойдың тамсантып, таңдай қақтырған тамаша туындылары емес, тау тұлғаның күнесі мен көлеңкесін ашып көрсететін адамгершілік, арман-мұрат пен парасат-пайымға толы жеке жүрек сыры еді. «Құснихаттар тасасында тағдыр тұр» дейтініміз сондықтан. Оның замандасы Иван Сергеевич Тургенев те қайдағы-жайдағы испан-француз әншісі Полина Виардоға арнап бес жүзден аса хат жазып, мөлдір махаббат жырын шертті. Және бір орыс жазушысы Ф.М.Достоевскийдің Шоқанға (Есім қосуында еш шатағым жоқ, бірақ... хан лауазым, атақ; атасының атына өзі әдейі қосып алғандай. Әйтпесе, намаз шақырып қойған аты Уәли емес пе?) жолдауында да қанша мейірім, бауырмалдық бар. Бұлардың бәрінен де ұлтына, ұлысына, Отанына қарамай, лүп-лүп соққан үлкен жүректен шыққан шер, ұлағат, арман, үміт, тілектің лебі есетіндей. Ешкім шамданбайды, кеу­демсінбейді, бәлсінбейді. Жаратқан жаратылысына жараса ма? Орыс орманы, орыс аязы, орыс моншасы, орыс арағы... Ел-жұртынан пәленбай мың шақырым қашықтықта жатып, жер-су, тау-тас, орман-тоғай, жан-жануарлар мен өсімдіктерге дейін иемденіп, меншіктеп, тосыннан ат қою пасық пиғылдың, сасық саясат пен отаршылдықтың себеп-салдары: Пржевальский жылқысы, Мушкетов мұздығы, т.б. Өзгеше жанр болып қалыптасқан хаттар көп ойға жетелейді. Олардың бәрі толғандырады. Тұлғалар. Тобырлар. Тағдырлар. Табиғат пен жамиғат. Адам мен Заман. Егер, әлдекім парсы, жапон, орыс, араб, яки, түркі мәдениетіне, соның ішінде, хаттасу мәдениетіне бет бұрып, оған жанашыр болса, одан орысқұл, арабқұл, не түрікқұл шықпайды. Барлығының байыбына барып, астарына үңіліп, жақсысы мен жаманын, махаббат пен ғадауатты, жасампаздық пен жойымпаздық, сүйініш пен күйінішті тамыршыдай тап баса білгенге не жетеді. Бұндай салыстыру арқылы өз туған халқын одан сайын терең сүю сәулесі түспей ме? Керек десеңіз, бұнда өріс пен өре, зор өнеге жатқан жоқ па? Баршадан қол үзіп, томаға тұйық күн кешіп, иек астында арыдағы көкжиекті көрмей, өз қотырын өзі қасу алысқа апармайды. Өзіміздің кежегеміз кейін тартып тұра­тыны болмаса, хат жазу өнері де әлімсақтан ежелгі түркілерге, соның ішінде, қазақтарға да жат емес. Біздің ата-бабаларымыз керек болса, өсиет, аманат, жүрек сөзін тасқа бәдіздеп қашап кеткен кездері көп. Күлтегін жазбалары еріккеннен туды ма? Онда жеке адамның жан айқайы емес, ұйысу, ел болу мәселелері мемлекеттік мүдде, халықтық асыл мұрат бойынша шешіледі, асқақ адамгершілік, адамзаттық ұстаным тұрғысынан сөйлейді. «Жоғарыда аспан, төменде қара жер пайда болған шақта екеуінің арасында адам баласы жаралды. Оларды басқару үшін біздің ата-бабаларымыз Бумын (Момын) қаған мен Истеми (Өскен) қаған жаралды. Дүниенің төрт бұрышындағылар бізге жау еді. Әскер ұстап, бүкіл елді өзіне қаратты (яғни, Күлтегін (684-731 ж.ж.) - А. -С.). Дүниенің төрт бұрышына бейбітшілік орнатты. Бағынбағандардың бастарын идіріп, тізелерін бүктірді». Қандай, ә!.. Абайдың «Сенатқа хаты» ше? Сол көшпелілерге тән жоғарғы жауын­герлік рух әлсіреп бара жатқандай ма, қалай?! Кешегі күркіреп өткен соғыстан келген қарлығаштың қанатындай үш­бұрыш конвертті ашып, қаралы қа­ғазды жасырып, «алтыннан ардақты, қорғасыннан салмақты» деп туған жерге, ата-аналар мен бауырларын аң­саған сағынышқа толы солдат хаттарын көрші-қолаңға ежіктеп оқып бере­тінін ағаларымыз бен әпкелеріміз жыр қылып айтып отыратын. Ол жеке жүрек сырымен бірге, ыстық махаббат, сүйіспеншілігін жеткізетін. Оқ пен от ортасынан жазған Баубек Бұлқышевтың мақалалары, серкесөздер мен арнаулары (мәселен, «Шығыс ұлына хат») ғажап құбылыс демеуге қалай дәтіміз жетеді. Шікәмшіл, астамшыл, кеудемсоқ баз біреулер бұларға да дүрбі астымен қарап, қасақана менсінгісі келмейді. Хаттарда халық жанының қаһар­мандығы мен сұлулығы жатқан жоқ па? Мөлдір бұлаққа бас қойғандай болып оқыса, шіркін!

Б.Момышұлы мен В.П.Строева

Қазақтардың арасында хатты ең көп жазған кісі – Бауыржан Момышұлы. Оның ішінде кімнің есімдері кездеспейді? Қоғам мен мемлекет қайраткерлері Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, Д.Қонаев; ақын-жазушылар М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов; қара­пайым адамдар, т.т. Б.Момышұлы қарумен емес, қалам қуатын пайдаланып, ұдайы халқына жаны ашып, ізгі салт-сана, әдет-ғұрыпты қызғыштай қорғай отырып, ортақ Отанды қорғадым, қасақы жауды жеңдім демейді. Шынайылық пен шындық, махаббат пен ғадауат, өлім мен өмір арпалысы жолында өзін құрбан еткендей болып, көпшілік атынан сөйлейді. Адамның қанша қаны төгілді. Шейіт болмай, күйіп тұрған от пен оқтың арасынан аман-есен шыққан жан қайтыс болғандардың атынан солардың аманатын жеткізейін дегендей. Оның хаттарының ішінде Вера Павлов­наның есімі жиі кездеседі. «Түні бойы мен тәңірдің тамұғынан өткен шығармын, сіз соның бәріне шыдап өткізуде періштедей мені желеп-жебеп жүресіз. Сіз менің пер­зент­терім деп атағандай періштелер еріп жүрді. Олар қанша ойнаса да, ізет сақтап, Сізді басып-озып әбіржіткен жоқ. Сіздің бақыттағы бал-бұл жанған реңіңізде мен өзімнің өмірімді қиюға дайындай жайдары жымиыс бар еді... Мен Сізге хат жазуға бекінгеніме бесінші күн болса да, орын таппадым. Содан бері Сізбен қоштаса алмай жүрмін. Сіздің бей­неңіз менің қыр-соңымнан қалмай жүр (Бұл сәтсіз теңеуімді кешірерсіз). Бұл күндері Сізді үнемі бақытты, әрі бақуатты ретінде көрген түстерім көп. Іштей «Осылай болса екен!» – деп ояна­мын. Қаланың өзі Кура жағасының сол жағында орналасып, тастан салынған тар үйшіктерден тұрып, тазалығы онша емес. Тау үстінде қаланы қаумалап, қа­лыпты Кавказ қорғаны – қирандылары тұр. Оның мәнісін ешкімнен сұрай алмадым. Тағы да: адам ретінде Сіздің жұмыс үстінде екеніңізге қуаныштымын (Сізді бос қоймағаны да) Сіз оған жан-тәніңізбен берілгенмен, мүлдем жұтып жібермейтін шығар (тіпті, ұрыс кезінде де мені маған қымбатты жалғыздығымнан айыра алған жоқ). Сіз көптен бері жалғыз емессіз, дегенмен, сағынышым маза бермей, бастауға шөліркеп бас қойғандай, кейде кездесуге құмбыл болып тұрамын (бұл тоғышарлық мойындауды кешірерсіз). Бұлай жазуға менің «менім» емес, әлсіздігім себепкер болып отыр. Вера Павловна кім? Олар қалай танысып, бір-бірін қимай, сүйіспеншілік сезімдерімен қалай бөлісті? Бұл – жан жұм­бағы. В.П.Строева Украинаның 1903 жылы Рихтер қаласында туып өсті. Киевтің драма театры институтын бітіріп, ұзақ жылдар сахнада ойнап, кейіннен режиссер болып істеді. Соғыс жылдарында Алматыда тұрып, «Дала қаһармандарын» түсіруге қатысты. «Борис Годунов», «Біз, орыс халқымыз» фильмдеріндегі басты кейіпкерлерді бейнелеген. Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей халық әртісі. Б.Момышұлының көп хаттарының ішінде оған арналған лебіз ерекше тұр. Оны бірде ұстазым десе, келесіде маэстра деп діңке құртады. Ол ұдайы декабристерді артынан іздеп баратын заты бекзат әйелдер сияқты. «Мәскеуден сәлем» дей отырып, В.П.Строе­ва (Вера Павловна) Бауыржанға де­ген терең сүйіспеншілігін де сыздықтатып жет­кізеді: «Жүрегімді селт еткізіп, жанарымды жалт қаратқан, асыл ардағым, Бауыржаным! Сенен жасырын менің сырым бар ма? Соғыс өртін ұмытуға болар, махаббат өртін ұмыту мүмкін бе? Ұмытатындар оның жалынында жанбағандар. Қымбаттым, Бауыржан, алыстасың, амалым қанша? Көңілім сені күнде іздейді. Сен десе, менің жаным шыбын-шіркей. Бүгінде дауысыңды есту, қасыңда қатар жүру маған арман. Жүрегімнің қылын қозғап, жан сырымды түгел шерткізген өзің едің, асылым. Саған күні-түні тілейтінім тек амандық. Мен мына жалғаннан өзің деп өтем. Кей күндері сен жастанған жастықты, сен отырған орындықты құшақтап, сүйіп, қолыңнан кітап, қалам түспей, ойға шомған сәттеріңді көз алдыма елестетіп, сағыныш мауқымды басам. Сені сүймеу мүмкін емес еді. Түсінесің бе, жаным... Алғаш көр­генде, көп пенденің бірі деп шекемнен қарағаным да, жан-дүниеңді танығаннан кейін, құлдық ұрғаным да рас. Сен менің мәңгі іңкәрімсің. Сендей ерге бір мен ғана емес, бүкіл адам баласы іңкәр. Еліңді ойлап, күрсінген сәттеріңдегі сұлу да асқақ жан-дүниеңді сезінгенде, ет-жүрегім елжіреп, сені бұрынғыдан да сүйе түскенім өзіме аян. Қымбаттым, сенің «сүю де жақсы, сүйік­ті болу одан жақсы» деген сөзіңді еске алып, сүйікті бола алдым ба, бола алмадым ба деп те ойға батам. Екеуміздің қол ұстасып, қатар жүруімізге кедергі көп. Өкінгенмен, амал қанша? Әйтпесе, мен сенен бір елі де ажырамас едім. Бәрібір сен менің жүрегімнің жүрегісің».

Ә.Нұрпейісов, Ш.Мұртаза, К.Смайылов және М.Мақатаев

Екі ғасыр өларасында жазысқан Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның хаттарына тоқталмай кетуге болмайды еш. Олар бір тақырыптың төңірегінде жырлап қалмай, (ой, бәрекелді!) әлеумет сусап отырған біраз мәселелерді қозғайды. Егер, уәжгер (публицист) сөзі нақты нұсқаға құрылса, оларға байланысты жазушы өз парасат-пайымын ұсынады. «Елім, саған айтам, Елбасы сен тыңда» деп сыпайылап отырып, соны сонарға сілтейді. Екеуара сырласуда аш өзекке өрт түсіріп, апыл-тапыл тәй-тәй басқан тәуелсіз жас мемлекеттің алдында тұрған міндеттерге тоқтайды. Ой бөлісіп, тұңғиыққа батырады. Камал Смайылов: «Араб елдеріне қара­ғанда, Қазақстанның ауа райы егінге жайлы ғой. Аптаған-қуырған ыстық жоқ. Қанша жұтаң, сараң болса да, сол жайылымының екі гектарынан бір қойды асырайтын жем-шөп алуға болары сөзсіз. Сонда біздің бір жайылым (жазда) мен шабындық (қыста) жерлерімізде елу миллион қой ұстауымызға болады... Түркияда 60 миллион халық 170 миллион қой өсіреді. Оның анасы көп, мынасы көп демейді. Ал, біздің елде 50 миллион қой (соның өзінде, Түркиямен салыстырғанда, үш есе аз) 10 миллион ірі қара, 2 миллион жылқы – қазақ жерінің шөбі мен жемі 80-100 миллион малды асырауға молынан жетеді!.. Геологтар айқындаған деректер бойынша, Қазақстан әлемде, әлемнің 186 елінің ішінде аса маңызды деген қазба байлықтар қорынан мынадай орын алады: Вольфрам, қорғасын, барий қорынан дүние жүзінде 1-орын; хромит, күміс және мырыштан 2-орын; марганец қорынан 3-орын. Мыс мөлшерінен 4-орын, уран рудасынан 5-орын, алтыннан 6-орын, темір рудасынан 7-орын, қалайы мен никельден 8-орын (бұл біздің дерек), көмір мен газ қорынан 9-орын алады. Ал, мұнай қоры жөнінен Қазақстан әлемде мұнайға бай Парсы елдері, Латын Америкасы, Ресей, АҚШ-тан кейін 13-орын алып отыр. Бұл – ғаламат байлық». Шерхан Мұртаза: «Көне Египет папирусына жазылып, бізге жеткен асылдарға көз сал. Не жазылған? Бұл дүниеден өткен адам о дүниеде Құдірет алдында жауап беріп тұр: – Мен адамдарға арамдық, қиянат жасамадым. – Мен малды қыра берген жоқпын. – Мен қаріп-қасерді қорлаған жоқпын. – Мен ешкімді өлтірген жоқпын. – Мен зинақорлық жасаған жоқпын. – Мен таразыдан жеген жоқпын. – Мен сәбилердің тамағын тартып алған жоқпын. – Мен ағын суға бөгет жасаған жоқпын. – Шындықты бұрмалап, күнәкар болған жоқпын. Бұл дүние – бәріміздің, уақытша мейманханамыз. Сағаты соққан сәтте біз екеуміз де не деп жауап берер екенбіз?.. Ал, қазір не... Ақша төлесең – академиксің. Екінің бірі академик. Солар Қаныш Сәтбаевтың, Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтың әруағынан сескенсе қайтеді? Солардың қасында өздерін үрлеп қойған ойыншықтар сияқты екендерін неге сезінбейді? Тарс кетеді ғой, жел шыққан соң, не қалады?» Хаттың мазмұны мен түрі әртүрлі болып келеді. Әгарки, Вера Павловна Баукеңе деген жүрек сөзін, соншама сағынышын ашық білдірсе, (біздің қазақ қыз-келіншектері, олай ете алмайды). М.Мақатаев Д.Қонаевқа жазған арыз-шағымда «Ажал алдында тұрғандаймын» дей келіп, мұң шағады: «Қазір мен бәрінен де түңілдім. Жолдас-достардан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі? «Сырым саған, Отаным!» атты жаңа кітаптың қолжазбасын дайындадым. Егер, «Жазушы» баспасы немесе Қазақстан Жазушылар одағы 1975 жылғы жоспарға енгізбей, сызып тастаса, тағдырым қалай болады? Екі жыл болды, еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр». Ал, Елбасымен жазысқан хатында Әбдіжәміл Нұрпейісов басқаша сөз ақтарады: «Шынын айтқанда, өзімді бұл күнде жанын бағып үйде отырып қалған көптің бірі көруші едім. Жоқ, сөйтсем қателесіппін. Ел тағдырын ұстап отырған адамсыз, қанша жұмыс басты десек те, бізге де уақыт тауып есіңізден шығармай, назарыңызда ұстап отырады екенсіз. Қанша дегенмен, затіміз адам болғасын бәріміз де көңілден семіріп, құлақтан азатын шепік пенде емеспіз бе? Несін жасырайын, кәдімгідей мәртебем өсіп, бір көтеріліп қалдым... Бәріміз де бір-бір атаның белінен жаралсақ та, бірақ озалда бірден жұлдызы жарқырап жанып, таланты артық туатындар болады. Олар, онша көп болмас. Бірақ, болады. Бізде ол – Абай. Ол – Абылай. Екеуі де өз тұсында заманынан озып, мерзімінен бұрын туғандар!.. Сонан бері ғасырлар, жылдар өтсе де, байқайсыз ба, заманның да, адамның да, күллі адам болмысының да құлқы, пиғылы өзгерген жоқ-ау! Сіз тағдыры да, талабы да қиын халықты басқарып отырсыз. Басқа не түрлі ойлар келеді». Оған жауабында Елбасы да тартынбай өз сезімін паш етеді: «Тәуелсіз еліміздің жанашыры болып, ұзақ арамызда болыңыз. Жан ұяңызға береке-бірлік, амандық тілеймін. Туа біткен ерекше мінезіңізбен, мәнсап, атақ деген пендешіліктен аулақтығыңызбен елге сыйлы адамсыз. Өз талант, еңбегіңізбен қазақ әдебиетін шыңға көтерген алыптардың бірегейісіз. Сізбен әр кездесуім есімде. Олардың бәрінде де өзіңіз емес, өзгелердің жағдайын айтасыз. Әсіресе, жас жазушыларды есімде ұстауды сұрайсыз. Бұл да Сіздің ерекшелігіңіз». Әр хаттың қалтарысында (тасасында) тағдыр тұр дейтініміз осыдан шығар. Кейде жиі-жиі көршілер тәжірибесіне жүгінуге тура келеді. Марина Цветаева баласының хаттары жан түршіктіреді. Иттің етінен ары жек көретін көрші-қолаңдардың өсек-аяңы ақырында аса дарынды ақын әйелдің өзіне өзі қол жұмсауына әкеліп соғады. Өкініштен өзек өртенеді... Менің замандастарым, тұрғылас­тарым, құрбы-құрдастарым, біздің буын да құснихаттарды есіл еңбегімен, ерлігімен, қан және терімен де жүрегіне жазып жатқанына еш күмәнім жоқ. Иә, хаттар, хаттар... Олар не әкеледі? Ақ түйенің қарны жарылатындай ақ­жолтай жақсы хабар жеткізіп жатса бәріміз бірге қуанбаймыз ба?! Әлі талай тылсым аралдар мен адамдардың сыры ашылады, әлі!

395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз