• Ел мұраты
  • 17 Мамыр, 2018

Шортанбай шығармашылығы: таным мен тағылым

Бауыржан ОМАРҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, әйгілі жыр жүйрігі Шортанбай Қанайұлының шығармашылығын ел мүддесімен, ұлт тағдырымен орайласатын зар заман поэзиясынан бөліп қарау мүмкін емес. Рухани әлемімізде ерекше орны бар, бұл ағым туралы сөз болғанда оның өміршең өлең-толғаулары мен өсиет-өнегесі жөнінде айтылмай қалмайды. Өз дәуірінің жырын жырлап, жоғын жоқтаған Шортанбай мұрасы ғасырдан ғасырға жалғасатын қастерлі құндылық ретінде әлі күнге дейін сан ұрпақтың кәдесіне жарап келеді. «Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет Мұхтар Әуезов қолданысқа енгізді. Ол өзінің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде зар заман ақындарына арнайы бөлім арнап, күрделі кезең поэзиясына жан-жақты талдау жасады; зар заманның өкілдерін атады; бұл дәуірдің басы мен соңына дейінгі аралықты белгіледі; сондай-ақ тарихи және теориялық негіздемелерін ұсынды. «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «зар заман ақындары» деп ат қойдық» [1, 192], – деген М.Әуезовтің тұжырымды сөзі кейінірек әдебиеттану ғылымында нақты ұғым ретінде қалыптасты. М.Әуезовтің байыптамасына сәйкес «отаршылдық дәуірде жасаған, ортақ сарынмен жыр төккен» ақындардың жалпы атауына, тұтас әдеби құбылыстың анықтамасына негіз болған Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» толғауы 1870 жылы академик В.Радловтың «Оңтүстік Сібір және Жоңғар даласындағы түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» атты көп томдық еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында басылып шыққан [2, 714-724].Кейіннен қазақ әдебиетіндегі тұтас бір ағымның атауына айналған шығарма туралы В.Рад­лов осы кітаптың алғы сөзінде былай дейді: «Зар заман» мен «Заман ақыр» тәрізді ғибрат өлеңдер Ертістің шығысындағы дала қазақтарының моллалары шығарған қолтума дүниелер» [2, 21-22]. Бұл жерде әңгіме Шортанбай жөнінде болып отырғаны анық. Сондай-ақ, Шортанбайдың Орынбай ақынмен айтысы да осы кітапта жарияланған [2, 43-46]. Заманға сын айту қазақ ақын-жырауларының шығармаларында бұрыннан бар. Әйтсе де, тасқа басылған Шортанбай өлеңінен кейін «зар заман» тіркесі қасіретті кезеңнің, аянышты халдің жыр түрінде бейнелеуінің көрінісі ретінде қалыптаса бастаған. Ал, Ы.Алтынсарин «Қазақтың қайғысы» («Горе киргиз») деген қолжазбасында [3]атап өткен Я.Лютш жинаған Түркістан өлкесі қазақтарының әдебиет нұсқалары 1883 жылы Ташкент қаласында басылған. Сол кітапта да «Зар заман» деп аталатын өлеңдер топтамасы жарық көрген. Әлихан Бөкейханның мұрасын зерттеушілер ұсынған мына бір дерек назар аударарлық: «Санкт-Петерборға 20 жасында келген Әлиханның студенттік күндерін қалай өткізгендігі жайында Англияның әйгілі білім ордасы – Оксфорд университетінің «Орталық Азия­ны зерттеу қоғамы» өзінің «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы» атты кітабында «Ә.Бөкейхан жас күнінде орнықты революционер, социалист болды және «Зар заман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі болды» деп жазады» [4, 10]. Бұл ұйымның қашан құрылғандығы, қанша адамның мүше болғандығы, топтың іс-әрекеті жөнінде толық мәліметтер жоқ. Дегенмен, ХІХ ғасырдың аяғында ұйымдасып, жұмыс жүргізген осы топтың бұлай аталуына 1870 жылдан бастап сол Санкт-Петербордың өзінде шыққан кітаптарға енген Шортанбайдың «Зар заман» толғауының әсері болуы мүмкін деп топшылаймыз. «Зар заман» атауының мән-мағынасын ашып, әдебиеттанудың ұғымы ретінде орнықтырып, осы ағымның өкілдерінің шығармаларына жанашырлықпен қарап, жалықпай зерттеп-зерделеген жазушы-ғалым Сәбит Мұқановтың еңбегі өлшеусіз. Ол 1942 жылы жарық көрген «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» атты кітабының бір тарауын «Зар заман» деп атады. Бұл топтың жұрт ұғымында қалыптасқан өкілдері – Шортанбай Қанайұлы мен Мұрат Мөңкеұлының қатарына Шернияз Жарылғасұлын қосты. Сонау М.Әуезовтен желі боп тартылып келе жатқан «Зар заман» ұғымы жөнінде С.Мұқанов мынадай ғылыми байыптама жасады: «Бас бостандығынан, жерден айырылған, кедейленген халық, бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарпа бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін біз «Зар заман» әдебиеті дейміз» [5, 120-121]. Шортанбай мен Мұраттың шығар­маларын жинап, жұртқа кеңінен таныс­тырған С.Мұқанов олардың ардақ­ты есімдерін әр түрлі дау-дамайдан ара­шалауға да үлкен үлес қосты. Елуінші жылдардың қырағы көздері Шортанбайларды Абайға қарсы қою арқылы оларды әдебиет аулынан аулақтатуға тырысқаны мәлім. Тіршіліктің бары мен базарын келелі келешектен емес, өткен өмірден іздейтін ақындардың өлең-жырларын тұншықтыру үшін бұл таптырмайтын тәсіл саналды. Әсіресақ әдебиетшілер ілгері басудың орнына кейін тартып, жаңаны жирене қабылдаған зар заман жыршыларын орыстың оқуын оқып, тілін үйренген Абайдың қолымен таяқтатқысы келді. С.Мұқанов алдымен осыған қарсы тұрды: «Біреулер Абайға қоятын шартты Шортанбайға да қойғысы кеп, «неге ол Абайдай бізді прогреске, орыс мәдениетіне шақырмайды» дейді. Сөз емес олай деу. Абай орыс мәдениетімен таныс та, Шортанбай таныс емес. Таныс емес нәрсесіне қалай шақыра алады ол?» [6]. Кеңпейіл жүрекпен, қазақы кең қолтық мінезбен айтылған бұл пікір айқын көзқарасты танытады. Көрнекті жазушы Абай өлеңіндегі Шортанбай шығармашылығына байланысты ой-тұжырымды талдау кезінде таптық таным шеңберінде қалып қоймайды. Мәселенің мән-жайына тілдік-көркемдік, эстетикалық тұрғыдан үңіледі. 1959 жылы 15-19 маусым аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған ғылыми-теориялық конференцияда аты ең көп аталған ақын Шортанбай Қанайұлы болды. Діншілдік ұғымы туралы жасалған тұжырымның бәрі соның өлеңдерімен тұздықталды. Кертартпа бағыттың өкілдерін санамалап көрсеткенде алдымен ауызға ілінді. Ұлы Абайдың «Сөзінің бірі – жамау, бірі – құрау» ақындарды нұсқағанда Шортанбайдан бастайтыны тәрізді, басқосуда пікірталасқа түскен шешендер осы ақынға ерекше шүйілді. Шортанбайдың шығармалары да, оны зерттегендердің еңбектері де сынға түсті. Солай болғанына қарамастан, Сәйділ Талжанов ақын туралы баяндамасында жиындағы дәстүрлі талдау ауқымынан шығып, оң көзқарас танытты. Зерттеуші-ғалымның ұғымында, ол – өмір шындығын айқын көрсетуші, отарлаушы ұлықтарға қарсы күресуші, ауыз әдебиетін жазба әдебиетке жеткізуші. Зар заман поэзиясын жабыла сынаған сол конференциядағы С.Талжановтың: «Шортанбай – өз заманындағы әлеуметтік өмірді жетік білген, кем-кетігін сынай отырып, көргенін қаз-қалпында айнаға түсірген шебер ақын» [7, 185], – деген шынайы бағалауы күні бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Оның Шортанбайды «ақтау жағына бейім болып, әрбір сыннан арашалап алуға» тырысқанын Мұхтар Әуезовтің өзі де атап өтті [7, 368]. Осы басқосудың қаулысында Шортанбайдың әдебиеттегі орны туралы мынадай қорытынды жасалды: «Шортанбай Қанаевтың творчествосы жайында конференция сол дәуірдің негізгі идеялары мен әлеуметтік өмірдегі ерекшеліктерін еске ала отырып, ақын бір жағынан патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының салдарынан туған әлеуметтік жайларды сынай отырады да, екінші жағынан хандық дәуірді мадақтайды, шығармаларында ислам дінінің идеяларын уағыздайды деп қорытады. Бұл сияқты ақындардың творчествосына жоғары мектептің программаларында орын беріліп, негізінде ағартушылық, халықтық бағыттағы әдебиеттің осындай кертартпа ақындармен күрес үстінде дамығанын көрсету үшін аталуы керек» [7, 372]. Әрине, бұл қаулыдан кейін аталмыш ақындардың өлең-жырлары жарыққа шықпайтын болды. Олардың шығармалары мектеп оқушыларына тәрбие беру ісінен аулақтатылды. Сол құжаттан соң қайта жазылған оқулықтар жас ұрпақтың қолына «құлағын кесіп құнтитқан, мұрнын кесіп шұнтитқан» күйінде жетті. Тұрсынбек Кәкішевтің: «Шортанбай, Дулат, Мұраттар қазақ әдебиетінде қара дақ, қаныпезер дұшпан болып түсіндірілді» [8, 86], – деген тұжы­рымы осы кезеңнің табиғатын дәл танытады. Шортанбай шығармалары қазақ елі­нен тысқары жерлерде шыққан антологиялар мен ғылыми басылымдарды әзірлеушілердің назарынан тыс қалған жоқ. 1940 жылы Мәскеуде жарық көрген «Песни степей» атты қазақ поэзиясының антологиясына (құрастырған Л.Соболев) зар заман поэзиясының бірқатар үлгілері енгізілді. Кітап төрт тарауға бөлінген: хан сарайы маңындағы ақындар (Бұқар, Нысанбай, Досқожа), көтеріліс дәуірі поэ­зиясы (Ығылман, Махамбет, Шернияз), зар заман («эпоха скорби») ақындары (Шортанбай, Мұрат), XIX ғасырдағы жазба әдебиеті (Ыбырай, Шәңгерей, Абай, Жүсіп, Нұржан). Жинақты құрастырушы Леонид Соболевтің: «Екі жақты езгіге ұшырап, өз жұртының қалталылары мен патша отарлаушыларынан қорлық көрген қазақ халкының қайғысы «зар заман» ақындары Шортанбай мен Мұраттың өлеңдерінде көрініс тапты» [9, 7-8], – деген пікірі күні бүгін де құнын жоғалта қойған жоқ. 1978 жылы зар заман поэзиясы өкілдерінің (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы) өлеңдері М.Мағауиннің құрастыруымен «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен орыс тілінде жарық көрді. Бір айта кетерлік нәрсе, бұл жинаққа айтулы ақындардың азулы жырлары енгізілді. «Поэты Казахстана» кітабының құндылығы – отаршылдықты сынаған, өз жерімізде қырағы көздер мүлт жібермейтін өршіл өлеңдердің Ресейде жариялағандығында. Жинақтың алғы сөзінде бұл ақындардың айналада болып жатқан құбылыстарға, тарихи ахуалдың шұғыл өзгерістеріне тосырқай әрі шошына қарап, қазақтың өткен өмірін идеал тұтқаны туралы айтылды. Сонымен қатар, «Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындар айрықша өкілдері саналатын «Зар заман» («Эпоха скорби») әдеби ағымы осылай пайда болды» [10, 29-30], – деген түйін жасалды. Ал, 1958 жылы АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Дьюк университеті Томас Густав Виннердің «Ресейлік Орталық Азия қазақтарының ауызекі сөз өнері мен әдебиеті» атты кітабын бастырып шығарды. Виннердің еңбегі ауыз әдебиеті нұсқаларынан бастап қазақ әдебиетінің елуінші жылдарға дейінгі кезеңін қамтиды. Кітабының алғы сөзінде ғалымның өзі: «Айналымға қосылатын барлық түпнұсқа туындылар мұқият тексерілді, бірақ, осы еңбек жазылып жатқан тұста Кеңестер Одағының өзінде жан-жақты зерттеу жүргізуге мүмкіншілік болған жоқ. Сол себепті менің қазақ әдебиеті мен ауызекі сөз өнерінің эстетикалық құндылықтары туралы қандай да болсын кесімді пікір айта аламын деген ойым жоқ. Одан гөрі мен әлеуметтік көзқарасқа ден қойдым» [11, 17], – деп атап көрсетеді. Автор зар заман дәуірі («Time of Lament») ақындарының санатында Шортанбай мен Мұратты мысалға алады. Базар, Әбубәкір және Ақан серінің шығармаларын да осы сарынмен байланыстырады. Олардың поэ­зиясына «Мойынсұну дәуірі» («Poetry of Pesignation») деген тарау арнады. Виннер зерттеуінде алдыңғы екі ақынның ағылшын тіліне аударылған өлең текстері біршама талданған. Шортанбайдың «Зар заман» («Time of Lament») және «Алдаушы жалған» («Faithless Lying»), Мұраттың «Үш қиян» («Three Epochs») толғаулары орыс тіліндегі аудармасы арқылы ағылшыншаға тәржімаланған. Сонда, Шортанбайдың «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықтысының» АҚШ-та басылған оқулықтағы нұсқасы былай болады: Instead of herds, money.From such cattle Yow can obtain no milk. How can one put a saddle on it? Бұл, әрине, түпнұсқаның бар бояуын сақтаған, төрт аяғын тең басқан аударма емес, автордың өзі айтқандай, әлеуметтік көзқарасты аңғарту мақсаты ғана алға қойылған секілді. Нақтылай түссек, «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты» деген жолдар 1940 жылы Мәскеуде басылған «Песни степей» атты антологияда былайша аударылған: Вместо стад – деньги. Из такого скота Ты не выдоишь себе молока, Никак не положишь на него седла... Ал, осы орыс тіліндегі мәтін ағыл­шыншаға жолма-жол аударылғаны айқын көрініп тұр [9, 219]. Ең бастысы, Т.Виннер зар заман әдебиетінің табиғатын таниды, әлеуметтік-тарихи себептеріне үңіледі, халық тағдырымен тамырластығына назар аударады. Ол соның бәрін саралай келіп, «Шортанбай қазақ қоғамындағы орын алған өзгерістерді айқын аң­ғарып, жан-жақты саралап, тарихи құбылыстар халыққа қаншалықты әсер етіп жатқанын алғаш талдап-таразылаған ақындардың бірі» [11, 95 ], – деп қорытынды жасады. Т.Виннер өзінің монографиясында Шортанбайдың өлең-толғауларындағы мынадай үзінділерді мысалға келтіреді: Аяқты қия басу жоқ, Емін-еркін заман жоқ. Ендігі жүрген жігіттің, Маңдайында соры бар. Екі кісі ұрысса, Қалам алар қолына, Зәкүннің түсер жолына. Өте қусаң оралдың, Орыстың жайған торына. Мал бағып тыныш ұйықтаған, Талапты туған ерлерім, Абақты түсті сорыңа! Алдымен қазақ тілінен орыс тіліне, одан соң ағылшыншаға аударылып, кітапқа енген бұл жолдар түпнұсқаның мағынасын дәл беріп тұрған жоқ. Шортанбайдың сөлді сөздері, ойлы оралымдары, тосын тіркестері, құнарлы қайырымдары өзге тілде көркемдігін жоғалтатыны, көңілдегідей болып шықпайтыны баршаға белгілі. Оның үстіне, мұнда ақынның туған және дүние салған жылдары да қате жазылған. Бірақ, қалай болғанда да, америкалық ғалым сол заманның өзінде оның асқақ үнін, ішкі жан айқайын жаһанға естіртті. Ақынның елеулі есімі мен маңызды мұрасы халықаралық деңгейдегі зерттеудің нақты нысанасы болды. Бұл ғылыми еңбек сонысымен де құнды. Шортанбайдан басталған «Зар заман» ағымы тек қазақ әдебиетін ғана емес, қырғыз елінің поэзиясын да қамтиды. Отаршылдыққа қарсы шыққан жыр жүйріктері қырғыз әдебиетінде «замана жыршылары» («заманчы ырчылар») делінеді. Бұл турасында көрші елдің әде­биетін зерттеген ғалым М.И.Богданова былай дейді: «Қырғыз әдебиетінің тарихында осы кезеңнің поэтикалық шығармалары «замандар» деген жалпы атаумен белгілі. Бұлар – Қалығұлдың «Ақырзаман» («Судный день»), Арыстанбектің «Тар заман» («Трудное время»), Молда Қылыштың «Зар заман» («Эпоха скорби») толғаулары, т.б. шығармалар»[12, 79]. Қырғыз зар заман поэзиясы (замана поэзиясы) үлгілерінің тізімі бұдан әрі былайша жалғасады: Алдаш Молданың «Хал заманы», Тоғалақ Молданың «Зар заманы», Жеңіжоқ, Сағымбай, Алтай Айдарбекұлының «Заманалары». 1959 жылы Алматыда өткен конференцияда жарыссөзге шыққан қырғыз ғалымы З.Ш.Мамытбеков өз пікірлерін зар заман ақындарына байланысты таласты мәселеге орайластыра баяндады: «Қырғыз халқында, мәселен, қазақтардағы Шортанбайға ұқсас күрделі ақын бар. Ол – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген жазба ақын – Молда Қылыш. ХІХ-ХХ ғасырлардағы ақындардың мұралары бір-бірімен салыстыру ыңғайында зерттелсе, өте қызықты болар еді. Мәселен, Шортанбай шығармашылығын қырғыз ақыны Молда Қылыштың мұраларымен салыстыра қараған пайдалы. Өйткені, олар бір кезеңде ғұмыр кешіп, бірдей оқиғаларға үн қосқан» [7, 330]. Жарыссөзде жұртты елең еткізген Мамытбековтің пікірі М.Әуезовтің назарын аударды. Ол конференцияны қорытындылаған сөзінде Шортанбай тәрізді Молда Қылыш мұрасы да аса даулы мәселе болғанына, оның шығармаларын сын тұрғысынан бағалауға арналған ғылыми кеңестер өткеніне, Шортанбаймен Молда Қылыштың үйлес жырлары бар екеніне тоқталды [7, 352]. Молда Қылышты заманшылардың қатарына қосқан сүбелі шығармасы – «Зар заман» толғауы [13, 123-163] еді. Бұл – Қылыштың ең көлемді әрі көркемдігі жағынан шоқтығы биік тұратын туындысы. Қырғыз Ғылым академиясы қолжазба қорындағы кейбір естеліктерде 1908 жылдан бастап ел ішінде кең тараған «Зар заманды» қолына түсірген кісілердің молдаларға ақша немесе қой беріп, көшіртіп алғаны туралы мәліметтер айтылады [14, 99]. «Зар заманның» 8-9 нұсқасы бар. Жалпы көлемі – 10 баспа табақ. Шортанбайдың мәнерін еске салатын бұл «Зар заман» сонау 1870 жылы В.Радлов бастырғаннан кейін алыс-жақын жұртқа кең тараған «Зар заманнан» тамыр тартатынын аңғару қиын емес. Демек, Шортанбайдың «Зар заманы» қазақ және қырғыз әдебиеттеріндегі бүкіл «Зар замандардың» бастауында тұр. Қырғыз жұртына кең жайылған «Зар заман» толғауының үлгілері мен үрдістері қарақалпақ поэзиясында да көрініс байқатты. Қазақ зар заман поэзиясындағы төл оппозиция­лы ұғымдардың – жақсылық пен жамандықтың, ерлік пен ездіктің, тектілік пен тәрбиесіздіктің дәуірлер қақтығысының негізінде орын алмасуын сипаттайтын, бір-біріне мағынасы қарсы «зор болды» – «қор болды» (Шортанбай) формуласы Бердақ Қарғабайұлының өлеңдерін [15] де айшықтайды. Кимселер хәдден зор болды, Біраздан шыннан қор болды.

*** Дұшпандарды бұл заманда зор еттің, Сол себепті біздейлерді қор еттің... Көрші халықтардың ақындық мектебіне үлгі болған Шортанбайдың «Зар заман» толғауында ақырзамандық белгілердің көріністері («Заман ақыр боларда, Алуан-алуан жан шықты, Қайыры жоқ бай шықты») ел ішінде үрдіс емес, кейіннен пайда болған құбылыстарды санамалап, замана адамның жаңа тұрпатын аңғарту түрінде бейнеленеді. Ақынның ұғымы бойынша, ен далада еркін жүрген жұрт үшін «ақша деген малдың», «шошала деген үйдің», «шошаңдаған бидің»шығуы жақсылықтың нышаны емес. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтыға» меңзейтін мұндай жаңалықтарға зар заман ақындары шошына қараған. Қазақ әдебиетінде ерекше орны бар айтулы ақындардың сөз өрнегі, өлең өрімі, көркем тілі замана ахуалын, замана адамын бейнелеу арқылы айқын көрінді. Дулат өлеңдерінде дәуірді сипаттайтын «кер заман», «азған заман» тіркестері қолданылса, Шортанбайдың «зар заманы» кейін тұтас бір ағымды санаға сіңірді. Отаршылдық қамытын еріксіз киген жұрттың зары бірте-бірте үдеп, «қайғы-шер» түсінігі замана сипатын аңғартатын балама мағынаға ие болды. «Зар заман, зар заман, Зарлап өткен бір заман», – деген Шортанбай өлеңінің тармақтары дыбыстар гармониясы арқылы да үйлесімділік танытып тұр. «Зар» эпитетінің «заманға» қонымды болғаны соншалық, бұл ұғым ақынның бүкіл шығармашылығының мазмұнын ашатын тіркес ретінде қалыптасып кетті. Қырғыз ақыны Молда Қылыштың «Зар заман» толғаулар топтамасының бұлайша аталуына Шортанбай өлеңдері әсер еткен болуы әбден мүмкін. Көрші елдің әдебиетінде оншақты ырчының «Зар заман» атты шығармасы бар екенін ескерсек, «заман» мен «зардың» берік үндесіп, тұтастық құрағанын байқаймыз. Шортанбай өз дәуірінің түр-сипатын бейнелі сөзбен көркем кестелеп көрсетті: Заманың сенің құбылды, Текеметтің түріндей. Бұл теңеу арқылы аумалы-төкпелі дәуірдің елді елеңдеткен болжаусыз құбылыстары аңғарылып тұр. «Заманның сипаты» ұғымын алмастырған «текеметтің түрі» «құбылу» етістігімен байланыстырылып, синонимдік қатардың ойды білдіруге оңтайлысы таңдап алынғын. Ал, Шортанбай өзі «зар заман» деп атаған дәуірдің тұтастай болмысын былайша бедерлейді: Мына заман қай заман? Азулыға бар заман, Азусызға тар заман. Тарлығының белгісі: Жақсы жаннан түңілген, Жаман малға жүгінген. Мұның өзі зар заман, Зарлығының белгісі: Бір-бірлерін күндеген, Жайына тыныш жүрмеген. Ақын заманның жайын толғағанда өзінің «Әуелгі қорлар зор болды, Сондай зорлар қор болды» тұжырымынан ой туындатады. Қоғамда жақсылық пен жамандықтың, тектілік пен шалағайлықтың, парасаттылық пен пасықтықтың орын алмастырғанын поэтикалық антонимдер қатарын түзу арқылы танытады. «Арғымақ ат тасырқап, Тағалы болған замана. Мәстек жабы жалданып, Бағалы болған замана», – осының бір мысалы. Шын асылды тұсаулаған, өресізді еркінсіткен дәуірдің сиқы қарама-қайшы құбылыстарды, өткен мен бүгінді салыстыру тәсілімен айқындалады. Шортанбай адамның азғандығын елге билігін жүргізетін ақсақалдардың өзара ұстасуынан, өнегесіздіктің тамыр жаюынан көреді. Дау-дамайды әділ шешіп, жұртты жөнге салатын ақылман қария мәртебесінің төмендегеніне, ақсақалдықтың құны түскеніне көңіл аударады. Жалпы, ақынның өлеңдерінде замана адамының азғанын «балық басынан шіриді» тұжырымына бағындыру үрдісі әр тұста байқалып қалады. Бұл, әсіресе, оның ел басшысының не би-болыстың бейнесін кескіндеуінен көрінеді. Ал, ақсақалдықтың қадірі кете бастағанын екі адамның тартысы арқылы былайша түйіндейді: «Екі үлкен егесіп, Қошқардай басын теңесіп, Сол жерде заман оңалмас». Демек, Шортанбай дәуірдің бұзылуын дәстүрдің де бүлінуі деп біледі. Мұның себеп-салдары, әрине, отаршылдық жүйенің саясатымен астасып жатқаны белгілі. Ел ішінде әлдеқалай дау туындаса, қара қылды қақ жарған әділ биге барып жүгініп, екі жақтың да көңілінен шығатын бітімге тоқтайтын заман өтіп, қазақ ішінде қит етсе ұлыққа арыз жазатын әдет пайда болды. Ұлттың барлық мәселесінің отарлаушылар билігіне тәуелділігі осындай ахуалды орнықтырды. Талас-тартысқа не орыс ұлығы, не солардың ел ішіндегі өкілі төрелік етті. Бұл кең қолтық қазақы мінездің өзгеше қалыптасуына әсерін тигізбей қойған жоқ. Осы дертті тап басып, «Ел екіге жарылды» деген Дулаттың айқындамасы Шортанбай шығар­машылығында одан әрі түрленеді: «Екі кісі ұрысса, Қалам алар қолына Зәкүннің түсер жолына». Шортанбайдан кейінгі ақындардың шығармашылығында тектіліктің тозуы мотиві «Әуелгі барлар жоқ болды, Сондай барлар тоқ болды» тұжырымының қалыбына салып шендестіру арқылы дамығаны анық. Шортанбай өз үлгісі бойынша: «Жөн білмеген жамандар, Ел билеген бек болды», – деп күйінсе, Мұрат: «Қоңсыдан туған би болды, Бұл секілді күй болды», – деп әлеуметтік кеселдің түбін қазбалайды. Осы сарынды Әбубәкір: «Қараның ұлы хан болды, Құлдан туған паң болды», – деп жалғастырады. Қоңсы мен құлдан туған замана адамының ағайынын Албан Асан да түстеп таниды: «Күңнен туған түзеліп, Сөз бастағыш ер болды». Тегінде, бұл мотив Асан шығар­машылығында кеңінен көрініс тапты. Дәуір құбылыстары жоғарыда аталған үлгімен, түрліше тіркестермен бейнеленді. «XIX ғасырдың орта тұсынан бас­тап ене бастаған жаңа сөздердің бірі – Шортанбай сияқты ақындардың таным тұрғысынан бағаланған «зар заман», «заман ақыр»тіркестері. Соңғы тіркес, әдетте, діни ұғымға қатысты бұрыннан бар болғанмен, енді, ол зар заман дегеннің синонимі ретінде де келеді. Осы атаудан шығарып, кейін қазақ әдебиеттану ғылымында «зар заман ақындары» деген терминдік тіркес те қолданылып кеткені мәлім» [16,193], – деген академик Р.Сыздықованың пікірі бұл атаудың санамызға әбден сіңісті болғандығын айғақтай түседі. Былтыр Германияның Саарбрюккен қаласындағы «Lap Lambert Academic Publishing» баспасынан ағылшын тілінде басылып шығып, «Amazon.com» халықаралық интернет дүкені арқылы оқырманға ұсынылған «Zar Zaman (Time of Lament) Flow in the Kazakh and Kyrgyz Literature: Monograph (Genesis, Typology, Poetics)»  («Қазақ және қырғыз әдебиеттеріндегі зар заман ағымы» (генезис, типология, поэтика)» атты монографияда [17] Шортанбай Қанайұлы шығармашылығына да кеңінен орын берілді. Ақын мұрасын әр қырынан қарас­тырып, шығармашылық табиғатын, өлең-толғауларының мән-мазмұнын жан-жақты зерделеп, байыптама жасаған зерттеушілердің пікіріне ден қойсақ, «о дүниенің талқысынан гөрі бұ дүниенің азабын, туған халқының бүгінгі тіршілік кебі мен ертеңгі болашағын көбірек қамдаған» [18, 25], «ел мұңын жырлап қана қоймай, ол өмірді түзеу үшін өз жолын ұсынған»[19,14], «заманның бұзылуын көп сөз етіп, қасірет өлеңге қосқаны үшін көбірек датталған» [20, 77] Шортанбай Қанайұлы өзі өмірге келгеннен бергі екі ғасырға рухани азық боларлық қастерлі қазына қалдырғанын көреміз. Аумалы-төкпелі заманға тап келсе де қадірі кемімеген ақын мұрасы бүгінде алмастай жарқырап, баға жетпес құндылыққа айналып отыр. Сөзі салмақты, ойы оралымды, танымы терең жыр жүйрігінің өлең-толғауларының табиғаты әлі де толық ашылған жоқ. Ілім-білімге жетік ғұлама ақынның күрделі көркемдік кестесі талай зерттеулерге жүк болары анық. Ендеше, Шортанбай ғұмырнамасы мен шығармашылығының өміршеңдігін танытатын қос ғасырдың тағылымы алдағы кезеңде де жалғаса бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы: «Ана тілі», 1991. – 240 бет. 2. Радлов В. Нарьчія тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Дзунгарской степи. І отдьленіе. Образцы народной литературы. Часть ІІІ. Санктпетербургь, 1970. – 778 с. 3. Алтынсарин Ы. Қазақтың қайғысы (Горе киргиз). Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, 25-қор, 1-тізбе, 2022-іс. 4. Базарбаев М., Аққұлыұлы С. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (Алғы сөз) // Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы: ҚЭ Бас редакциясы, 1995. – 478 б. 5. Мұқанов С. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерк­тер. 1 бөлім, Алматы: ҚМББ., 1942. – 248 б. 6. Мұқанов С. Ана тілі мен әдебиет сабағы // «Қазақ әдебиеті», 1953, 12 сәуір. 7. Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы: Қазақ ССР ҰҒА баспасы, 1961. – 376 б. 8. Кәкішев Т. Санадағы жаралар. Алматы: «Қазақстан», 1992. – 264 б. 9. Песни степей. Антология казахской литературы. Москва: «Художественная литература, 1940». – 588 с. 10. Поэты Казахстана. Ленинград.: «Советский писатель», 1978. – 608 с. 11. ThomasG. Winner. The oral art and literature of the Kazakhs of Russian Central Asia.Dukeuniversitypress, 1958. – 270 p. 12. Богданова. М. Киргизская литература. Москва: «Советский писатель», 1947. – 292 с. 13. Молдо Кылыч. Казалдар. Фрунзе: «Адабият», 1990. – 256 б. 14. Сооронов О. Молдо Кылычтын кол жазмаларынын илимий сыпаттамасы. Атайын фонду-2. Бишкек:Манастану жана көркөм маданияттын улуттук борбору, 1998. – 116 б. 15. Бердақ. Таңламалы шығармалары. Нөкис: «Қарақалпақстан», 1987. – 320 б. 16. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы: «Ана тілі», 1993. – 320 б. 17. Omaruly B. Zar Zaman (Time of Lament) Flow in the Kazakh and Kyrgyz Literature: Monograph (Genesis, Typology, Poetics).Germany,Saarbrücken: LapLambertAcademicPublishing, 2017. – 172 p. 18. Мағауин М. Шортанбайдың зар заманы // Кітапта: Қанайұлы Ш. Қай заман? Астана: «Фолиант», 2011. – 288 б. 19. Жүністегі К. Ғұмырнама // Кітапта: Қанайұлы Ш. Қай заман? Астана: «Фолиант», 2011. – 288 б. 20. Мәдібай Қ. Зар заман ағымы. Алматы: «Қазақ университеті». 1997. – 160 б.

12221 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз