• Заманхат
  • 08 Қазан, 2012

БІР ТАРИХИ САНДЫРАҚ

Мұстафа ШОҚАЙ

Еуропада шыққан тарих оқулықтарының Исламиятқа қатысты жерлерінің бәрінде Ха­­лифа Әмірдің «атақты Искандерия кітап­ханасын қалай өртегендігі» туралы хикая бар. Ол былай баяндалады. Халифа Әмір Искандерияны басып алғаннан кейін дүниедегі ең бай кітапхана Искандерия кітапханасын: «Егер, бұл кітапханадағы кітаптар ішінде Құранда жазылған нәрселер жазылған болса, онда бұлардың басы артық болғаны, егер де бұл кітаптардың ішінде Құранда жазылмаған нәрселер жазылған болса, онда залалды, сондықтан, бұларды жою керек», – деп өртеп жіберуге жарлық берген деседі. Тарих оқулығын жасаушылар осыдан соң «Міне, сөйтіп жауыз, жабайы мұсылмандар тарапынан дүниежүзіндегі ең бай ғылым қазынасы опат болды» деген сөзді қосып қояды. Искандерия кітапханасының мұсылмандар тарапынан өртелуі жөніндегі осы хикая орыстардың жанына майдай жағады. Орыс мектептерінде оқыған бізге – мұсылман жастарына – ылғи да осы хикаяны айтып, жалықтырушы еді. «Мұсылмандар – жабайылар». Бұл хикаяның мектеп оқушыларының санасына сіңіретін үғым-түсінігі, міне, осындай. Ешбір әсірелеусіз айтсақ, «Искандерия кітапханасының өртелуі» көне Ресейдің мұсылмандыққа қарсы бағытталған саясатына қызмет ететін негіздердің бірі болатын. Миссионер Остроумов, «Надан жабайы мұсылман әмірінің қылмысын» ешқашан айналып өтпеуші еді. Орыс баспасөздері қазір де осы «фактіні» бізге қарсы жұмсағанды қатты ұнатады. 1923 не 1924 жылдары болса керек (анық есімде қалмапты) большевиктер де мұсылмандардың жабайылығын көрсету мақсатымен Уфада ашылған мұсылман діндарларының құрылтайында Халифа Әмірге, жалпы, мұсылман әлеміне қарсы бағытталған осы көне ертегіні құрылтай қаулысына күшпен енгізді. Енді, міне, сол ертегіні біз Ташкентте шығатын «Правда Востоканың» өткен жылы қазан айындағы 30-санынан тағы оқып отырмыз. Бұл ретте Мәскеу большевиктері Искандерия кітапханасының Халифа Әмір тарапынан өртелгенін айта отырып, Иран, Түркия және Ауғанстан халықтарын надан, жабайы етіп көрсетуді мақсат етіпті. Осы газет одан әрі: «Түркияда (Иранда да, Ауғанстанда да) Мекке және Медине дін ғұламаларының осыдан мың жыл бұрын талқыланған тақырыптарын әлі қаузап жүрген газеттер бар...», – деп жазады. Боль­шевиктердің пікірінше, түріктердің осыншама мешеулігінің себебі, «Искандерия кітапханасын өртеткен», сөйтіп түріктердің дін құмарлығын анағұрлым күшейтіп жіберген Халифа Әмірді үлгі тұтқандығынан көрінеді. Бұған түркиялық бауырларымыздың жауап беру, бермеуі, жауап берсе – қалай берері бізге беймағлұм. Ал, біз өз тарапымыздан былай деген болар едік: «Искандерия кітапханасын Халифа Әмірдің өртегендігі туралы хикая бүкілдей жалған. «Таң» газетінің 1923 жылғы 30 наурыздағы санында жарияланған Франция Ғылым Академиясының рапортында («Асаdemіе des іnscrіptіons et belles-Lettres») айтылғандарға қарағанда, бұл оқиға (Искандерия кітапханасының Халифа Әмір жарлығымен өртелгені) алғашқы дәуір тарихшыларына беймағлұм. Ол тек 12 ғасырдың ортасында ғана пайда болған». Одан бұрынғы бұлақтарда кездеспейтін себебі де сондықтан. Ендеше, Искандерия кітапханасын кім, қашан өртеген? Орыс тіліндегі Брокхауз-Эфрон сөздігінде былай делінген. (1891): «...Искандерия кітапханасының бүкіл Рим, Грек, Үнді және Мысыр әдебиетін сақтаған ең үлкен бөлігі біздің жыл санауымыздан бұрын 48-47 жылдарда Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кеткен... Кітапхананың екінші бөлімі, яғни, Птоломей заманыңда жинақталған шағын кітапхана Феодосия дәуіріне дейін сақталған. Оны басқарып тұрған Серафим ертедегі мысырлық алмандардың бірінің ғибадат етуіне кектеніп, патриарх Теофидьдің үгіттеуімен Серпион махалласына шабуыл жасаған жауыз христиандар жағынан өртелген болатын (341 ж.)» Сонымен, атақты ғылым қазынасы әмір әскерлерінің шабуылынан емес (642 ж.), христиандардың шабуылынан ойрандалған. Көріп отырсыздар, Искандерия кітапханасы, Искандерия қаласын арабтар алудан 301 жыл бұрын, «патриарх Теофиль бастаған христиандар қолымен өртелгені туралы аңыз 12 ғасырдың орталарында туылды» дегенін еске алыңыз. Ол кезде қаңдай оқиғалар болған еді? XІ-XІІ ғасырларда Батыстағы христиандардың Шығыстағы Исламға қарсы крест жорықтары болғанын орта мектептен өткен кез келген адамның білмеуі мүмкін емес. XІІ ғасырдың ортасы, екінші крест жорығының соңы мен үшінші крест жорығының арасына тура келеді. Екінші крест жорығында христиандық Еуропа сәтсіздікке ұшырады. Шабуыл жасаушылар Дамаскіні қоршап алуын алғанымен, жеңіліске тап болып, кері шегінуге мәжбүр болған еді. Міне, сол кезде христиандардың мұсылмандарға қарсы өшпенділігін арттыру мақсатымен «Искандерия кітапханасының Әмір тарапынан өртелуі» туралы жалған аңызды ойдан шығарып тарату қажеттілігі туған болса керек. Өз кезегінде замандастарынан «Фароқ» деген жанама ат алған Халифа Әмірдің беделі біздің қорғауымызға зәру емес. Біз мұндай ертегіні теріске шығара отырып, орыстардың оны қазір де сондай арам мақсатта қолданып жүргеніне наразылық білдіреміз. Осы ертегіге байланысты, менің есімде мынадай екі оқиға сақталған. Оның біріншісі 1911 жылы болған еді. Ташкенттегі бір шағын мәжілісте атышулы Остроумов мұсылмандар хақында әңгіме айта отырып, сөз арасында «Искандерия кітапханасының арабтар тарапынан өртелгені» туралы әлгі аңызды, тағы, тілге тиек еткен болатын. Ал, оның шын мәнінде кім жағынан өртелгенін мен Брокхауз-Эфрон сөздігінен оқып алғанмын. Мен осыны айтқанымда Остроумов: «Сөздікті құрастырушылар ойына келгенін жаза берсін. Ал, біз Искандерия кітапханасын мұ­сылмандар өртегені туралы аңызды жал­ғастыра береміз», – деп жауап берген еді. Екінші оқиға эмиграцияда жүргенімде болды. «Последние новости» газетінің 1923 жылғы 10 наурыз санындағы бас мақала, осы ертегіні қайта бір жаңғыртып өткен. Осыған орай, мен әлгі сөздіктен үзінді келтіре отырып, газет редакциясына бір хат жазып жібердім. Газет менің хатымды жариялады. Сонымен қатар, редакция тарапынан хатқа қоса бір шағын түсініктеме беріпті. Онда былай делінген: «Мұстафа Шоқайұлының бұлай айтуға қақысы бар... сөз болып жүрген аңызды біз тек өз пікі­рімізді бейнелеп айтқан кезде, бір символ ретінде пайдаланып едік. Тұраншылдардың отаншылдық сезіміне тиерін ойламаппыз» («Последние новости» газетінің 1923 жылғы 15 наурыздағы санында). Халифа Әмір қайда? – Тұраншылдар қайда! Орыстың ең ірі саяси қайраткері және ең ірі тарихшыларының бірі Милюков осылай жазып отырса, оған амал бар ма? Осыдан соң большевиктердің надандығына сөз шығындаудың өзі артық... Большевиктер «Түрік газеттерінің діни көрсоқырлығын» қайдан көргенін айта алар ма екен? 1933 ж., № 39

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз