• Тарих толқынында
  • 27 Маусым, 2018

Ақырғы сапар немесе Кенесары ханның өлімі

Берікбол Жапаров, Шұбыртпалы Ағыбай батырдың ұрпағы

Буы бұрқыраған еттің исі мұрынды жарып табақ-табақ болып үйіліп, дөңгелене жайылған дастарханның үстіне қойылды. Бір-бір кездікті қолына алған батырлар жапырақтап кесілген майлы етті аузына салғанда екі жақтары бұлтылдап сөзден қалды. Ағыбай батыр жамбастың жартысын алып тісімен жұлып жеп отырғанын байқаған Жоламан батыр да тоқпан жіліктің еті мол жағын алып тіске басты. Әр батыр қолы жеткен жерінен қазы-қартасынан етке қосып тойғанша асап үн шығармай отырды. Сүйегі ірі ту бие болса керек. Хан Кене өзінің жаназасын беріп отырғандай сезініп батырларының ет жесіне қызыға қарап, оң жағындағы Иман батырдың кесіп, ала­қанына салған қазы қарта, жаяның майлы қыртысынан ауыз тиіп отырды. Қысқа бата беріліп, дастархан жиылып, қолға су құйылды. – Батырлар іштеріңе ел қонды ма – деді, көңілі көтерілгендей езуін тартып, бүгін бас қосуымыз, соңғы бас қосу болмасын. Найман жігіттерін бастап келген Темен батырдың ерліктерін Мерке-Ақыртөбе шайқасында көрдім. Аллаға шүкір, Қабан­бай батырдың рухы қолдаған ер жүректер екен, аталарыңа рахмет. Бүгін осы жігіттерге ұрықсат беріп қоршауды Ағыбай мен Жоламан батырларға тапсырайық. Батыр не дейсің деп Ағыбайға қарады. – Хан ием, шешіміңіз дұрыс. Қаптаған қыр­ғыз­дың көзі сіз отырған үйде, басқа ештеңе көріп тұрған жоқ. Екі керегенің арасын ашамыз да сізді атқа мінгізіп найман жігіттерінің арасынан жасырып осы батырларыңыз сізді қорғап алып шығады. Нар тәуекел дейік те бірге аттанайық. – Әй, Ағыбай сен не айтып отырсың «хан қашты» деген не сұмдық? Мен қашсам Балғожалар, Құнанбайлар не дейді? Қара халық не дейді? Жоқ. Мен қашпаймын. Қыр­ғыздардың бостан босқа қоршап отыр­ған жоқ. Орман манапты күтуде. Ол келсе мені өлтірмейді. Сендер Жоламан, Наурызбай, үшеуің Темен батырдың әскерімен қоршауды бұзып шығып сыртта жүрсеңдер, сонда, мені өлтіре алмайды. Қорқады. Тыңдап отырған батырлар қоршауды бұзу туралы қоштағаны мен «Мен қаш­паймын» деген ханның сөзінен үнсіз қалды. Інісі Наурызбай шыдамай үнсіздікті бұзып: «Көке, жазалаушы орыстармен соғысқанда қашып жүріп соғысқан жоқпыз ба? Қор­шауды бұзып шығып, өзіңіз айтқан Албан-Суан қазақтарынан күш жинап қайтіп келіп соғыспаймыз ба?» Сонда Кеңесары: «Бүгінгі жағдай басқа біз кең далада емеспіз, оншақты зең­­біректен сытылып шығатын. Даланың бізге көмегі көп тиер еді. Қазір біз зең­бірек­тің ұңғысының аузында тұрмыз. Бос­қа қырыламыз. Оларға мен керекпін, менің қалуым сендердің қоршауды бұзып шы­ғуына жол ашады деп біраз кідірді де Ағыбай батырға қарап – Сенің ойың қалай Ағыбай? Кекілік тауының жазығын алсаң­дар алдарыңда зеңбірек тұр. Осалдау жерді Тоқмаққа қарай салсаңдар ішке кіріп кетесіңдер», деп ақыл қосады. Хан сөзінен кейін Ағыбай: «Хан ием, бізге салсаңыз Наурызбай екеуміз бастаған сол қанатты алып, Жоламан, Бағыс, Айт­мағанбет бастаған қол ортадан қағып те­сіп шығады. Найманның Темен батыры өз батырларымен оң қанатты қорғап Май­төбе жазығына бет аламыз. Орыстың әс­кері қимылдай бастаса қарсы шабуылға шығамыз амал болмас. Нар тәуекел, Хан ием батаңызды беріңіз» деп қолын көтереді. Хан Кене Құдайдан қолдау тілеп, алдарынан ақ жол ашылуына дұға оқып, бетін сипап, таңғы шабуылға шығарып салды. Есіктен ақырындап шыққан батырлар найман жігіттерінің ішіне келіп «қоршауды бұзып шығуға» аттануға дайындалуды ескертті. Әне-міне дегенше атқа қоған сарбаздар бас­тап қарсы жақтың қырғыз әскерлері бірі аттан түсіп, бірі жамбастап жатқан кезінде оянып ертоқымын түзегенше, қоян қолтық айқас басталып кетті. Ерсілі-қарсылы сілтенген қырғыздар ойға қарай ойысып сырт беткейді ашық қалдырды. Қоршауды оңай бұзып шыққан Кенесары батырлары аманат етіп алған ханның кіші әйелі Жаңылды нөкерлерімен, аспазшыларымен Қордайдан асып Хантауына, Балқашқа қарай бет алуға дайындады. Кенесары ханның көрегендігімен қол­басшылығын Еуропа мойындаған. Стратег: «Кенесары Қасымұлы» осылай айыпты болғаны қатігез заманның тағдыры.

668 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз