• Еркін ой мінбері
  • 27 Маусым, 2018

АХМЕТ ЯСАУИДІҢ АҢЫЗДЫҚ-ХИКАЯЛЫҚ ӨМІРІ

Мұхтар Исаев, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, ғылыми қызметкер

Ел тарихы, жер тарихы қанша бай болғанымен, соған байланысты, жәдігерлерді жинап, оны қалың көпшілікке насихаттап жеткізудің маңызы зор. Осы бағытта жұмыстар жүргізетін мәдениет мекемелерінің ішінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қазіргі күнде еліміздегі негізгі мәдениет ошақтарының бірі. Мәдени қазынамызды халыққа насихаттау үшін аймақтың тарихы, табиғаты, салт-дәстүрімен таныстыратын рухани құндылықтар ордасы. Сонымен қатар, музей ұжымы ғылыми бағыттағы жұмыстарды да қатар алып жүруді өзінің басты мақсаттарының бірі етіп қойып отыр. Өйткені, қазіргі ақпараттық қоғамның даму қарқыны заманауи музей қызметкерінен тарихи құндылықтарды ғылыми тұрғыда түсіндіре алатын дәрежеде болуын талап етеді. Киелі орынның киелі болуы – ондағы кешеннің халықтың санасында туған діни-мифологиялық таным-түсінік, ғұрыптық әрекеттердің және оның ертедегі ескерткіштермен байланыстылығында. Бүгінгі елдің таным-түсінігінде сол жердің қасиеті мен киелілігіне қоса, өнері мен қадыр-қасиеті, ақылдылығы мен көрегендігі, елді соңынан ерте білетін асқан қабілет, дарын иесі болғандықтан мойындалып, елге танылған атақты адамдардың туып-өскен жерлері де ел аузында қасиет дарыған, киелі жер деп айтылып жүр. Міне, сондықтан, түркі халықтарының екінші Меккесі аталған Түркістанның үлкен құрметке ие болуында Қожа Ахмет Ясауидің ілімі мен ол туралы аңыз-әңгімелердің ролі өте жоғары. Сол себепті, қорық-музей Қожа Ахмет Ясауиге байланысты аңыз-әпсаналарды жинақтау, талдау, шетел тілдерінен аудару, халыққа насихаттау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Осы орайда Түркология ілімінің негізін қалаушы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мехмед Фуад Көпрүлүнің «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» атты кітабында түрік, араб, парсы және батыс тілдерінде жарияланған зерттеулер мен еңбектерді, әсіресе, түрік әдебиетіндегі сопылық дәстүрді қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығына талдау жасалады. Төменде ұсынылып отырған үзінді 1918 жылы жарияланған аталмыш кітаптың 1976 жылғы басылымынан аударылып берілді.

Халық санасында қуатты із қалдырған әрбір тұлға, тіпті, өзі өмір сүрген кезеңінің өзінде өзі туралы аңыздық хикаялардың дүниеге келе бастағанының куәсі болады. Ол аңыз-хикаялар көптеген ғасырлар бойы бір ұрпақтан екінші ұрпаққа та­бысталу кезінде біршама өзгеріске тү­седі де, нәтижесінде ол тұлғаның шынайы бейнесін анықтау қиындық туғызады. Әсіресе, Шығыста сопылардың «халық санасындағы» ықпалының жоға­рылығынан ғасырлар өткен сайын, олар­ға жаңа хикая-аңыздар ойлап қосып, тарихи тұлғасын тіпті де ұмыттыра түсе­ді. Ескі Шығыс тарихшылары кө­бінде тарих пен аңыздық хикаяны бір бірі­нен ажырата алмағандықтары үшін халық санасында қалыптасқан қиялдық бейнелерді кітаптарына дәл солай етіп жазудан басқа ешбір нәрсе қоса алмады. Міне, сондықтан, бүгін Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасын қалпына келтіруде, ең алдымен, ғұламаның бізге қалдырған аңыздық хикаялық тұлғасын айқындаймыз. Қоғамдық сана ортаға алып шыққан бұл тұлға, шынайы тарихи тұлғаны дәлме-дәл көрсетпесе де, үлкен бір құрметке ие болып, зерттелуге лайық. Балалық шағы: Түркістанда Сайрам қаласында Хазреті Әли ұрпағынан тараған Шайх Ибраһим атты бір шайх бар еді. Шайх қайтыс болған кезде Гауһар Шахназ атты бір қызы мен Ахмет есімді жеті жасар бір ұлы қалды. Ахмет кішкентайынан қилы тағдырды басынан өткізіп, жасынан ерек іс-әрекеттер көрсетеді. Өзі дүниеге келтірген «Диуани Хикмет» атты шығармасында маңдайына жазылған тағдырды сопылық ілімін жалғастырушы шәкірттеріне бірнеше рет тілге тиек етеді. Бала күнінен Қызыр Алейхссаламның кеңесін алған Ахмет жеті жасында әкесінен айырылып, жетім қалғаннан кейін, басқа рухани ұстаздан тәрбие алады. Хазреті Пайғамбардың рухани кеңесімен Шайх Арыстан баб Сайрамға келіп, оны шәкірт етеді. Арыстан баб аңыздар бойынша алғашқы сахабалардың бірі. Ел аузындағы аңыз әңгімеге қарағанда, төрт жүз жыл және басқа бір аңыздарда жеті жүз жыл өмір сүргендігі айтылады. Оның Түркістанға келіп, Қожа Ахмет шәкіртіне ілім беруі бір рухани мәнге негізделген: Хазреті Пайғамбардың дін үшін соғыстарының бірінде Кирам Сахаба қаншалықты аштық пен азап шеккенде, оның жанында қалып, құдайдан азық сұраған болатын. Хазреті пайғамбарымыздың дұғасына сай, Жәбірейіл періште жаннаттан бір табақ құрма алып келіп береді. Дегенмен сол құрмалардың бірі жерге түседі. Жәбірейіл періште сонда айтады: «Бұл құрма сіздің үмбетіңізден Ахмет Ясауи атты пендеңіздің үлесі». Әрбір аманаттың иесіне берілуі заңдылық болғандықтан, Хазреті Пайғамбар сахабаларына бұл уазифаны іштерінен бірінің мойынына алуын сұрады. Сахабаларынан ешбірі жауап қатпады. Тек Арыстан бап Аллаһтың жәрдемімен бұл уәзифаны өзінің құзыретіне алатындығын айтады. Осыған орай, Хазреті пайғамбар құрманы өз қолымен Арыстанбаптың аузына салып, ықыласын білдіреді. Дәл сол арада құрма үстіне бір перде пайда болып, Хазреті пайғамбар Арыстанбапқа Сұлтан Ахмет Ясауиді қалай іздеп табатындығын түсіндіріп, оның тәрбиесімен айналысуды бұйырады. Осыдан кейін, Арыстанбап Сайрамға, немесе Ясыға келеді және өзінің міндетіне алған уазифаны орындағаннан кейін, келесі жылында өмірден озады: Диуани Хикметте оны хор қыздарының жібек тоннан шапан тігіп, жетпіс мың періштенің жылап жоқтап жаннатқа кіргізгендігі туралы жазылған. Арыстанбаптың тәрбиесімен жеті жасында үлкен рухани дәрежеге өз еңбегімен көтерілгеннен кейін, толық қалыптасқан мәртебеге ие болған кішкентай Ахметтің біртіндеп сол аумаққа даңқы тарала бастады; Әкесі Шайх Ибраһим де сансыз кереметтерімен танылған адам болатын. Сондықтан, ұстазының сөздерін толығымен құрмет тұтқан кішкентай баланың ата-бабалары тұрғысынан да үлкен бір сыйға ие болғандығы белгілі. Осы аралықта бір оқиға Ахметтің даңқын бүкіл Түркістанға таратты. Бұл дәуірде Мауреннахр мен Түркістанда Ясауи атты бір билеуші салтанат құрған еді. Ол қыс мезгілінде Самарқандта отырып, жазда Түркістан тауларында жайлауда болатын. Барлық Түрік билеушілері сынды аң аулауды жаны қалайтын бұл падишах, Түркістан тауларында аң аулаумен уақыт өткізетін еді. Бір жазда Қарашық тауында аң аулауға шыққанында таудың ойлы-қырлы болып келуі оны бұл қызықтан мақрұм қалдырады. Қарашықта ешбір аң аулай алмағандықтан, бұл тауды жоқ етуді көздейді. Өзінің билігі жүретін аумақта қанша уәлилер бар болған болса, соның бәрін жинайды да, бірауыздан осы тауды жоқ етуді тапсырады. Түркістан әулиесі де билеушінің бұл қалауын қабыл етеді. Аллаһтан медет тілеп, үш күнге дейін осы таудың орнынан жоқ болуын жал­ба­рынып сұрайды. Дегенмен, барлық тілектер қабыл етілмей, нәтижесіз қала береді. Себебін іздестіреді. «Елдегі ғұла­малардан, уәлилелерден келмеген бар ма», - деп сұрастыра бастайды. Шайх Ибраһимнің ұлы Қожа Ахметтің өте жас болғандығы үшін шақырылмағандығы белгілі болады. Дереу Сайрамға адам жібертіліп, алдыртылады. Жас бала шығарында әпкесінен рұқсат сұрайды. Әпкесі: «Әкеміздің өсиеті бар. Сенің халық арасында танылуыңның уақыты келіп-келмегенін айқындайтын нәрсе, әкеміздің қастер тұтатын мешітіндегі сандығы. Егер, оны ашуға дайын болсаң, баруыңа болады. Танылатын уақытың келді деген сөз» дейді. Бала осыдан кейін, мешітке барып, сандықты ашады. Осы­лайша танылатын уақыты жеткендігін білдіреді. Жылдам түрде сандықты алып, Ясы қаласына келеді. Барлық әулиелер осы арада дайын отыр еді. Сандықта тұрған бір үзім нанды қолқайыр ретінде қабыл алып, Фатиха сүресін оқиды. Бұл нанды мәжілістегілерге бөліп беріп, бәріне жеткізеді. Әулие және падишаһ әмірлері мен әскерлерінен сол жердегі 99 000 кісі әзір тұрады. Олар бұл кереметті көріп, Қожа Ахметтің даналығына тағы да бір сүйсінеді. Қожа Ахмет әкесінен қалған жүн шекпенін киіп, дұғасының нәтижесін күтіп отырған еді. Кенеттен жер жүзі сел болып, әр тарапқа су тарай бастайды. Шайхтардың жайнамаздары толқын бетінде қалқып жүзеді. Бұл жағдайға таңданып, айқай-шу шыға бастайды. Қожа Ахмет шатырынан басын шығарған кезде, дауыл тоқтап, күн шайдай ашылады. Қараса Қарашық тауы орнынан кеткен. Одан соң, бұл таудың орнында Қарашық атты бір кішкене қалашық пайда болып, Қожаның барлық жұрты тұратын жері және отаны ретінде қалады. Бұл кереметті көрген Билеуші Ясауи өз атының қияметке дейін сақталып қалуын қалап, Қожаға ұсынады. Қожа бұл ұсынысты қабыл етіп, «Әлемде кімде кім бізді сүйсе, сенің атыңмен бірге еске алсын», дейді. Міне, содан бері, «Қожа Ахмет Ясауи» атымен аталатын болады. Даңқының таралуы: Аңыз кітаптарында Ахмет Ясауидің Арыстанбап нұсқауымен біршама уақыт Бұқараға барып, сол аймақтың ең танымал ұстазы Шейх Жүсіп Хамаданиге қол бергендігі және оның өлімінен кейін, белгілі бір уақыт Бұқара халқының құрметіне ие болғаннан соң, барлық сахабаларын Қожа Абду-л-Халық Гуждуваниге табыстап, рухани ілімін дамыту үшін Ясыға келгендігі сөз етіледі. Өзі де Диуани Хикметте жеті жасынан елу жасына дейін қандай рухани кедергілерге кездескендігін сопылық жолындағы шәкірттеріне бірнеше рет айта отырып, «жиырма алты жасында сүйіспеншілікке бөленіп, Мансұр сынды «дидар» үшін күрескендігін, пірге жетіп, дерттерінен айығып, ол дәрежеге лайық бола білген­дігін» айтады; тіпті, бір «хикметінің» қайталанып келетін «заты Ұлы Қожам, саған сиынып келдім» мағынасындағы сөзінің Жүсіп Хамадани жайында екендігі және жиырма жеті жасында оның шәкірті болғандығы көрінеді. Қожа Ахмет Ясауи Ясы қаласында ілім үйретіп, шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Оның айналасына жиналатын мүридтердің саны күн сайын көбейіп, келе-келе даңқы бүкіл Түркістан және Мауреннахр, Хорасан, Хорезм аймақтарына таралады. Тазалық пен нәпсі ілімінде өз заманында озық еді. Мүриттеріне (zâhir ve bâtın) тазалық пен нәпсі ілімдерін үйретіп, бүкіл уақытын ғибадат пен Аллаһтың әмірлерін орындаумен өткізіп, бос уақыттарында қасық және ожау жонып, оларды сатумен күн көретін еді. Әкесінің ертеден серігі болған Қызыр Алейхиссаламмен әрдайым бірге болушы еді. Ол бір күні Қожаға айтады: «Әр күн жеті рет серік іздеуге жеті мезгілде саяхат жасаймын, сенен сүйікті және жақсы серік табылмас еді» деді. Теккесіне сансыз сый-сияпаттар ұсынылатын еді. Бірақ, Аллаһ жолында ешқандай амал жасамағандардан сыйлық қабыл алмайтын еді. Кереметтері халық арасында кеңінен тарала береді. «Хадисті түсіндіретін бір әңгімеде Хажеган өкілінің бір өгізі бар еді. Әрдайым үстінде қоржынымен қасық және ожау, сарылы матасымен қаланың ортасында айналып жүретін еді. Сатып алушылар әртүрлі мөлшерде алып, ақысын қоржынға салып жіберетін еді. Ол өгіз әр күні кешкісін аралап, соңынан Қожаға келетін болды. Қоржын ішіндегісін өз ризашылығымен алатын. Егер де кімде кім ол заттардан алып, ақысын қоржынға салмаса, өгіз сол адамның артынан қалмай жүріп алатын еді. Затты қайтып орнына қойғанша немесе ақшасын салмайынша қалмайтын. Аңыз бойынша Хорасан уәлилері оған үлкен құрмет көрсетуіне қарамастан, шынайы дәрежесінің жоғарылығын білмейтін. Бір үлкен жиын ұйымдастырып, Қожа Ахметті сол жерге қонаққа шақырады және ішінен біреуі күлгін түсті қалпағын киіп, Қожаға хабар беру үшін жолға шығады. Сыр қуатымен бұл туралы хабар алған Қожа мүридтеріне жеті уәлидің болашағы жайлы айтып, жанына дәруіштерін алады да, тырна кейпіне еніп, қарсы алуға шығады. Самарқанд аймағындағы үлкен бір өзенде екеуі кездеседі. Хорасан тұрғындары Қожаның бұл құдіретіне қайран қалады. Кездесу барысында Қожа өзенге бір қарайды да: Бір саудагер бүкіл заты мен тауарларын алып, судан өтерде бәрі суға кетеді және осы сәтте саудагер осыдан аман шықсам дүниемнің жартысын садақа етемін дейді. Қожа осыдан кейін, дереу қолын созып жіберіп, саудагерді құтқарып алып, қайта адам кейпіне келе қояды. Саудагер дәл сол жерде құтқарушының қолына жабысып, байлығының жарымын соған береді. Қожа Ахмет ол берген байлық пен мал-мүлікті алып, Хорасанға келеді де, бәрін сол жердің жоқ-жітік пақырларына таратып береді. Осылайша, сансыз адамның құрметіне бөленеді. Қожа Ахмет Ясауидің даңқы артып, мүридтері (шәкірттері) мыңдап саналатын дәрежеге көбейгеннен кейін, табиғи түрде оны теріс түсінушілер, сырт көздер де арта түседі. Тіпті, қарсы пиғылдылар ауыр бір жалаң сөз таратады. “Даңқты Қожаның мәжілісіне орамалсыз әйелдер ерлермен бірге зікірге қатысады екен”. Шариғат хүкімдерін қорғауды түрлі жолдармен ұстанған Хорасан мен Мауреннахр ғұламалары арнайы өз өкілдерін жіберіп, жоғарыдағы даңғазара сөздердің шындығын анықтамақ болады. Анықтау нәтижесінде мұның анық бір өсек сөзден шыққандығы аңғарылады. Осыдан кейін, Қожа Ахмет Ясауи оларға және бір дәріс беруді ойластырады. Бір күні мүридтерімен бірге мәжілісте отырып, арнайы белгісі бар құты алдыртып, ортаға қояды. Бүкіл жамағатқа қарап дауыстап: «Оң қолын кішкентайынан осы күнге дейін әурет жерлеріне тигізбеген әулиеден кім бар?” деді. Ешкім жауап бермеді. Сәлден соң, Шайхтің мүридінің бірі Желал ата ортаға келеді. Қожа Ахмет Ясауи құтыны қолына беріп, осы күйде, қарсыластарымен бірге Мауренахр мен Хорасан жерлеріне жібереді. Сол жерде барлық ғалым-ғұламалар мен шариғатшылар бірігіп, құтыны ашады: Ішіндегі мақта мен от бір біріне ешқандай әсер етпеген, не мақта жанбаған, не от сөнбепті. Осы кезде, Қожаға күмән келтіріп, адамдар жолдаған ғалымдар, оның берген дәрісінің мағынасын толығымен түсінеді. Егер, еркек пен әйел хақ мәжілісінде қатар отырып, зікір мен ғибадат әрекеттерін жасаса да, Хақ Тағала олардың жүректеріндегі әр түрлі өшпенділік пен дұшпандықты жоқ етуге мүмкіндік жасайды. Оның үстіне, барлық жамағат ұялып, қорыққаннан сый сияпаттарын өткізуге талпыныс жасайды. Халифалары: Қожа Ахмет Ясауидің дүниенің төрт тарапынан келген 99 000 мүриді болды. Басқа бір аңыздарға қарағанда, 12 000 «Уәлиліктегі киелі мекен, керемет иесі, кәміл, жетілген, толық сахаба сопылары бар еді» деген құрметке ие еді. Бірақ, дұрыс жол көрсететін, жан жаққа жіберілген халифа шайхтары одан бөлек болды. Оның басты халифалары мыналар: Сопы Мұхаммед Данышменд Зарнуқи, Сүлейман Хакім ата, Баба Машын, Әмір Али Хакім, Хасан Булғани, Имам Мергази, Шайх Осман Мағриби. Қожа Ахмет Ясауи айналасындағылардың көпшілігі ғаріптер еді. Мәселен, Баба Машын Ахмет Ясауиге қол берместен бұрын Хорасан жерінен шыққан төрт жастағы мәшһүр уәли болады. Әр күні халықтың көзінше жиырма төрт фарсахтық аралыққа ұшып келетін еді. Рухани дәрежеге жеткен Қожа Ахмет Ясауи мәжілісінде әйел-еркектер бірге болғандықтан, бір бірін төмен санайтындай болушы еді. Дегенмен, Қожа Ахметтің әмірімен Хакім ата мен Сопы Мұхаммед Данышменд оның қасында болады. Теккенің тірегіне жақсылап байлап, бес жүз рет ұрады, ешқандай әсері болмайды. Қайта бір рет ұрады. Арқасында кішкене бір нышан пайда болып, жылай бастайды. Осыдан кейін тіреуден босатып алады. Хазреті пірге әдеппен құрмет көрсетеді. «Баба Машынның арқасында қуатты бір жын орналасыпты. Әр күні неше фарсақ жерге ұшушы еді. Бес жүз рет ұрған соққыдан кейін барып, Баба Машынның арқасын тастап, қашты. Соңында Баба Машыннан шығарылып, аластатылды». Баба Машын, бұдан соң, «жетілу» жолына түсіп, «ыстық жерде» қалып сабырлылыққа төселеді. Тіпті, Қожа Ахмет Ясауимен бірге үш рет моншаның ең ыстық жеріне кіреді. Осылайша, Шайхтың ең алдыңғы мәшһүр халифаларының бірі атанады. Ертеректе Қожаның ұлылығын қабыл­дамай, кейін келе оның кереметтеріне бас иіп, мойынсұнған халифаларының бірі - Имам Мервези (немесе Мергази - Мервтік деген мағынада). Қожаның даңқы шартарапқа тараған кезеңде Ясы қаласынан төрт шәкірті оның ілімін түсіндіру мақсатымен Хорезм аумағындағы Үргенш қаласына келеді. Имам Мергази Үргенштің ең танымал ғұлама ұстазы еді. Бұл шәкірттер шынайы түрде одан дәрістер алды. Имам жаңа келгендердің Ясылық екендіктерін түсінгеннен кейін, олардан сұрайды: «Ол жерде Қожа Ахмет Ясауидің шариғатқа теріс әрекеттер жасағандығын естідік. Айтыңызшы, бұл қаңқу сөз қаншалықты шындыққа жанасады?» – деп. Жас шәкірттер мұндай күрделі сұраққа бұл жайында ештеңе білмейтіндіктерін айтады. Тек Қожаның шариғатшы және дінге берік 12 000 «сахаба сопылары бар екендігін» тілге тиек етеді. Күмәнін сейілтетін тұшымды жауап ала алмаған имам өзі барып, көзін жеткізуге ниеттенеді. «Мен бұл уақытқа дейін 12 000 мәселеге кездестім. Әлбетте, бұл істі барып анықтаймын» дейді. Жанына төрт жүз фазыл ғұламалары мен қырық шәкіртін ертіп, жолға шығады. Бұл қауым жолға шыққанынан, Аллаһтың жәрдемімен, болған жайдан хабардар болған Қожа Ахмет Ясауи бірінші халифасы Сопы Мұхаммед Данышмендке әмір береді: «Қарашы, бізге көкжиек тұстан не келеді?», – деп. Сопы Имам Мергазидің ойындағы 3000 мәселемен келе жатқандығынан хабар береді. Осы сәтте, Шайхтың әмірімен Сопы Мұхаммед Данышменд ол мәселелердің мыңын Имамның ойынан шығартады. Содан соң, Сүлеймен Хакім Атадан да дәл осы сауалды сұрады: Ол да Хорезмдік Имам Мергазидің 3000 мәселемен келе жатқандығын, оның мыңы имам ойынан шығарылып тасталғандығын, қазір қалған 2000 мәселемен келгендігін айтады. Қожа Ахмет Ясауи оған тағы да мыңын өшіруді бұйырады. Ол да өшіреді. Осылайша Имам Ясауиге келгенде есінде тек 1000 мәселе қалған еді. Имам Мергази Қожаны үстінде теріс киілген ескі бір жүн шапан, басында қойдың терісінен жасалған қара қалпақпен көрісімен «Аллаһтың құлдарын жолдан шығарған сенбісің?» деп сұрады. Қожа Ахмет еш ашуланбастан, қазір үш күн қонақ болуын және содан соң, көрісе алатындығын айтты. Үш күннен кейін ортаға орындық қойып, Имам сол орындыққа шықты. Шайх, Хакім атаға қалған 1000 мәселені де өшіруін бұйырды. Имам Мергази орындық үстінде білген мәселелерінің ешбірін есіне түсіре алмады. Дәптерлерін парақтап ашты, әр парақты тап таза күйінде көрді. Осыдан кейін жағдайын түсініп, орындықтан түсті. Шайхты мойындап, тәубеге келді. Бүкіл ғұламалары және шәкірттерімен бірге қол алды. Бес жыл бойы үкімдердің бәрін орындап, нәпсіден тиылды. Осылайша, Қожа Ахмет Ясауи оны басқа бес бірдей халифасымен бірге Хорасан халқын иманға шақырып, тәрбие беруге жібереді. Бұлар, Шайх Мұхаммед Бағдади, Сейфедин-ул-Бахарзи, Шейх Кемалуш Шейбани, Шейх Садеддин, Шейх Бахауд-Дин еді. Шілле-хана: Қожа Ахмет Ясауи балалық кезеңінен бері Пайғамбардың ешбір Сүннетіне мойынсұнбай қалған емес, сондықтан, алпыс үш жасына келер-келмес Ха­зреті Пайғамбар осы жасында бұл фәни дүниеден кеткендігі үшін Қожа Ахмет те осы Сүннетке бағынышты болғандықтан, жер астына түсуді қалады. Теккенің бір жағынан шұңқыр қазып, оған баспалдақпен түсіп шығатын етті. Бір жол ашық қалдырып, қам кірпіштен құжра жасады. Хазреті Ілияс пен Хазреті Қызырдың қайырымдары да көмек болғандықтан, жүздеген жылдар өтсе де бұл ғимараттың ешбір жері бұзылмады. Ахмет Ясауи ол жерде иілген түрде бір жер қазып, өзіне осы жерді тұрақ қылды. Қылует деп аталған ол кішкене ғана жерде зікір салуда тізелері кеудесін жауып, жаратушыға жалбарынды. Қожа Ахмет Ясауи бір аңызға қарағанда, жүз жиырма, басқа бір аңыздар бойынша жүз отыз үш, осы күндері Ясыда таралған тағы бір аңыз бойынша жүз жиырма бес жасына дейін бүкіл өмірін осы кішкене ғана шіллеханада, кәдімгі қабірге түскен сахаба секілді нәпсісін тиып, ғибадат жасаумен өмірін өткізеді. Ахмет Ясауидің бұл шіллеханада өмір сүрген кезеңінде көрсеткен кереметтері сансыз. Бір күні «ол сарайда, қабірдегідей Аллаһқа жақын жерде, пақырлар мен имамдар қылует ішіндегі өте күшті ыстықтан шөлдейді, мәжілістегілер бұған бір жол іздей бастайды. Хакім атаға су табу әмірі келіп түседі. Су табу мәселесін естісімен оның құлағына судың даусы естіледі. Таң қалып, жан жағына қарайды. Мәжіліс ортасы отқа немесе хамамның пешіне ұқсайды, жеке-жеке алаулар әр тарапты қарпып келеді, барлық шәкірттер мен пақырлар осы оттың ішінде күйіп, жанып барады. Хакім ата есінен ауысқандай және қол-аяғы буылып қалғандай күй кешеді. Осы кезде Ахмет Ясауи қолында бір шыны аяқ ыдыс бар халде көрінеді. Ыдысты оттың үстінен өткізіп, сол жерде отырғандарға су ішкізеді. Сол ыдыстан су ішкен Хакім ата: «Неткен балдан тәтті және қардан суық еді» деді. Мәжілістегілердің сусыраған халі осылай қамтамасыз етілгеннен кейін, Шейхул-машайых мүбәрак алақанын сол оттың үстіне түсіреді. Сол мезетте от ортадан жоқ болады. Ләкин, Аллаһтың хикметімен осы жерде бір қап орталарына түседі. Ясауилер арасында ол «шынайы ғашықтық» делінеді және онымен анықтау жұмыстары жүргізіледі. Егер, мақсат шынайы болса, шәкірттің қолы қаншалықты қысқа болса да, түбіне жетеді және қолына бір тас, шөп немесе бір нәрсе ілінеді; егер, мақсат шынайы болмаса, шәкірттің қолы неғұрлым ұзын болса да, түбіне жете алмайды. Тағы бір аңызда Газан Хан атты бір билеуші мен Қожа Ахмет арасындағы бір оқиға баяндалады: Газан хан Ахмет Ясауидің Жұма намазы үшін мешітке келмегенін көріп, Қожаның басты шәкірті Сопы Мұхаммед Данышменд Зарнуқиден хабар жібереді. Осы аралықта, жұма намазы үшін азан шақырылады. Сопы Мұхаммед қорқа-қорқа Шейхтың құзырына кірісімен Шайх айтты: «Ия, Сопы Мұхаммед, кел, маған жақында, сенімен Жұма намазына барайын» деп. Сопы Мұхаммед Қожаның әміріне мойынсұнады. Осы кезде өзін бір мешіт ішінде таза жерде отырған күйінде көреді. Жұма намазы оқылар-оқылмас оқиғаға қатты таңданған Сопы Мұхаммед Шейхін іздесе де таба алмайды. Жеті рет мешіт есігіне барып келеді, ешқандай нәтиже шықпайды. Белгісіз мешіт имамы бұл жағдайды біліп, Сопыға айтады: «Ей, дәруіш, бұл жер Мысыр және бұл мешіт «ӘзҺәр мешіті» дейді. Іздеген досың көп уақыттан бері Жұма намазын осы жерде оқиды». Сопы бір апта сол жерде қалғаннан кейін, Шайхын іздеп тауып, сол бір мезетте қылуетке қайта келеді. Қожа Сопыға көргенін хабарлауды бұйырады. Сопы келеді де, басынан өткендерін біртіндеп түсіндіріп береді. Алайда, әлі азан шақырушы азанды айтып болған жоқ еді. Осыдан кейін, Газан Хан және оның жанындағы нөкерлері Қожаның ұлылығын лайықты түрде мойындайды. Ясы маңындағы Сури (Сауран, Са­бран) қаласының халқы Ясылықтарға қарсы болған жаулық пиғылын Қожаның тұлғасымен байланыстырады. Қожа Ахмет Ясауидің даңқы жан-жаққа тараған сайын, олар қызғаныштан өртенуші еді. Осылайша, оны дұшпандық әрекетпен қорқытып, бағындыру үшін арнайы бір жоспар құрады. Бір сиырды байлап алып келіп, құпия түрде мешіттің ішіне қояды. Жылдың жаз мерзімі болғандықтан, мүридтер сыртта уақыт өткізуде еді. Сондықтан, ешкім ол сиырды байқамады. Ертесі күні таңертең сиырларын іздеп, Сури халқы ертелеп мешіттің алдына жиналады және Шейхқа мешіттің ішін іздеп көретіндіктерін айтады. Қожа Ахмет Ясауи бұл адамдарға «Кіріңдер иттер, кіріңдер күшіктер!» дейді. Кіреді, Аллаһтың құдіретімен олар ит келбетіне түсіп, алып келген сиырларын жей бастайды. Сырттан бұл жағдайды көріп тұрған достары бұл жағдайға таң қалысып, бойларын қорқыныш билей бастайды. Дереу тәубеге келіп, Шейхтан босатуын өтіне бастайды. Оларды сол мезетте адам халіне келтіріп, жауыздықтарының куәсі ретінде құйрықтары мәңгі қалады және бұл барлық ұрпақтарына мирас болып қала береді. Сури халқы алған рухани таяқтарына қарамастан Қожамен тартысуды бір сәт те тоқтатпайды. Қожаның Ибраһим атты ұлы мен бір аты бар еді. Кімде кім ұлымның өлімі туралы хабарды жеткізсе, бұл атты оған шүкіршілік ретінде беремін деп шешкен еді. Сури халқы мұны естиді де, бір күні Шахзада Ибраһим ағаштың түбінде ұйқыда жатқан жерінен басын кесіп, шүберекке орап, Қожаның алдына алып келеді. Қожа алып келгендерге «Бұл не?” деп сұрайды. Жаңа жетілген қауын сыйға алып келгендіктерін айтады. Қожа жағдайды түсінуімен бірге, оған араларында қан дауы өршіп жауластық туындамасын және кек сақталмасын деп атын береді және қасына қызын да қосып береді. «Жауаһир-ул Абрар» авторының жазуынша, бұл оқиға туралы Шейх Аттар Мантыкут-Тайыр кітабында да айтылған. Бүгінде әр жылы сол ағаш астындағы жерден қан ағып тұратындығы көрінеді. Қожаның шәкірттері мен өзіне сенім білдіргендер одан Аллаһтың рұқсатымен дертіне шипа табады. Ясауи дәруіштері арасында Қожаға тиісті осы сынды бірнеше аңыз-әңгімелер бар. Өлімінен кейінгі кереметтер: Қожа Ахмет Ясауи шіллеханасында ұзақ жыл жасап, қайтыс болғаннан кейін де бірнеше кереметтер көрсетеді. Тарих және аңыз кітаптарында бұл сансыз кереметтердің тек бірнешеуі ғана жазылып қалған. Мәселен, Әмір Темір Қожаның мазары үстіне бір кесене және мешіт ғимарат тұрғызуы ескі бір аңыз бойынша Қожаның кереметтерінің бірі еді. Рисале-и Тауарих-и Булгарие атты шығарма бұл аңызды мынадай етіп көрсетеді: «Бірде Хазреті Әмір Темір Қызыр Әлейхиссаламмен бірге Бұқараға баруға ниеттенеді. Жолда Түркістанға тоқтайды. Түркістандық Қожа Ахмет Ясауи Әмір Темірдің түсіне кіреді де, «Әй, жігітім! Тездетіп Бұқараға бар, иншаллах ол жердегі шахтың өлімі сенің қолыңда, сенің басыңнан көп нәрсе өтсе керек, бүкіл Бұқара халқы онсыз да сені күтіп отыр» дейді. Әмір Темір осы түсті көріп оянып, Аллаһқа шүкіршілік етеді. Ертесі күні Түркістан билеушісі Ноғайбек ханды шақыртады. Ахмет Ясауи қабіріне кесене орнатуы үшін оған біршама қаржы береді. Түркістан билеушісі осылайша ғажайып бір кесене тұрғызады және ол бүгінгі күнге дейін бүкіл әдеміліктерімен тұр. Шындығында, Темірдің Қожа Ахмет Ясауиге ден қойып сенгендігін басқа да деректерден көреміз, тіпті, Бірінші Сұлтан Баязитпен соғысу үшін Анадолыға сапарында Қожаның рухына Құран бағыштап, зиярат етеді. «Жауаһир-ул Абрар» авторы шайх Саид Мансур Атадан қалған Қожа Ахметтің тағы бір кереметін мынадай етіп баяндайды: Саид Мансур ең алғаш рет Ахмет Ясауидің шіллеханасын көрген кезде оның мұндай тар, қапас жерде жылдар бойы қалай сабырлықпен өмір сүргендігіне қайран қалып, тіпті, бірден төмен түсіп бақылайды. Бір қарағанда, кішкене көрінген шілдехананың ішінде оның бір ұшы Шығыста, бір ұшы Батыста екендігін көреді. Осы кезде барып бастапқы ойының қателігін түсінеді және Хақ Тағала сүйікті құлдарына ешқашан қысым көрсетпейтіндігіне, бірнеше аршындық тар қапас жерді бүкіл дүние сиятындай кең сарай ете білетіндігіне тағы бір көзін жеткізеді. Шиллер есімді ағылшын саяхатшысы Ресейдің Түркістанды жаулап алуынан біршама уақыттан кейін жасаған саяхатында Ясыға келіп, Ахмет Ясауидің халық арасында тараған тағы бір аңыз әңгімесін қағазға түсіреді. Аңыз бойынша Ахмет Ясауи өмірінде Хазрет мешітінің мұнарасына шығып, басынан ақ сәлдесін шығарып тұрып халыққа көрінгендігі үшін жұрт бұдан қаланың жақында орыстардың қолына өтетіндігі мағынасын шығарады және осыған сүйеніп, орыс әскеріне қарсылық көрсетпеген көрінеді». Сонымен бірге, саяхатшыңның осы мешітті Орта Азиядағы бүкіл мешіттерден әлдеқайда қасиетті саналуымен дараланатындығын, Ресейдің жаулап алуынан бұрын барлық ғалымдар мен халықтың осы жерге жиналып, тыныштықтарын бұзған жаудың бетін тойтаруды Аллаһтан тілегендіктерін жазады. Осы сияқты, өте танымал бір Ноғай аңызы Түріктердің ескі халық қаһармандарының бірі Едігені Қожаның ұрпағынан етіп көрсетеді, Шоу (Shaw) тарапынан жарияланған мәшһүр Сатуқ Бұғра аңызында Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінде жасалған діни дәстүр туралы айтылады. Ахмет Ясауидің көзі тірісінде және қайтыс болғаннан кейін көрсеткен кереметтері жайында осы сынды көптеген аңыздар бар. Негізінде, тек Орта Азияда немесе Солтүстік Түріктері мен Қырғыздар арасында емес, бүкіл Түрік мемлекеттерінің терең және қуатты бір халықты рухани байытқандығын ескерсек, өлгеннен кейін де көптеген кереметтер көрсеткендігі туралы аңыздардың мәні мен мағынасы өздігінен түсінікті бола түседі.

Fuad Köprülü. Türk edebiyatında ilk mutasavıflar. Üçüncü basım.

– Ankara: Türk tarih basımevi. 1976. 450 s.S.58-75

2081 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз