• Тарих толқынында
  • 27 Маусым, 2018

«ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» – ЖАҢА САЯСИ-ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ СТРАТЕГИЯ

Тәттігүл Қартаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф

Қазіргі заманғы қоғамда ежелгі мә­де­ниет­тер коммуникациясы мен реконструкциясы маңызды орын алады. Осы орайда мем­лекетіміздің «Қасиетті Қазақстан» жобасы тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қорғау, пайдалану ісіне ерекше серпін беріп, қоғамда зор серпіліс тудырды. «Қасиетті Қазақстан» жобасын қолға алу қазақ мәдениетіне жаңа ұлттық рух беріп, ұлттық бірегейлік регенерациясын жасаудың жаңа механизмін қалыптастырып үлгірді. Тарихи дәуірлерден келіп жеткен мәдени, рухани, табиғи мұраларын біртұтас қарастыратын жаңа саяси-идеологиялық стратегия бағыт алды. Сакральды (ағылш. sacral және латын sacrum\ sacralis– қасиетті, қасиеттілікке ие, Құдайға арналған, Құдай деп танылған), – кең мағынада алғанда Құдаймен, дінмен, көктегі әлеммен, басқа әлеммен, ирра­цио­налдылықпен, мистикалық, қалыпты зат­тардан ерекшеленетін құбылыстармен байланысты ұғым. «Сакральды» термин ретінде ғылыми айналымда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінен қолданыла бастаған. Сакральдылық ғылыми тұжырымдамасымен байланысты бірнеше ұстанымдар бар. Олардың қатарында «сакральды география», «сакральды геометрия», «басқа», «ну­мендік», «сакральды ант», «иеротопия» категорияларын айтуға болады. Сакральды география – ертедегі адам­дардың жер бетінде қалдырған, әртүрлі діни культпен, рәсімдермен байланысты, ерте кезеңдерден қалыптасқан, қасиетті деп танылған ескерткіштеріне қатысты танымдар, білімдерінің жүйесі. Адамдардың мистикалық ұғымымен байланысты жерлеу орындары, кремация орындары, құрбандық орындары да «қасиетті жер» болып саналады. «Сакральды география» шетелдік сакральтану ғылымында «естегі/жадыдағы орындар» деп те аталады. Есте сақталған орындар тарихи дәуірлердегі мұраларды бүгінгі күнмен байланыстырады, әрі болашаққа сақтап жеткізуге міндеттемелер қояды. 1920 жылдары француз әлеуметтанушысы Морис Хальбвакс: «өткендегіні есте сақтау арқылы бүгінгі күннің болмысы анықталады... «Есте сақтау» уақыт жылжыған сайын трансформацияланады, бірақ оны қоғам қазіргі заманғы талапқа сай қайта жаңғырта алады», – деген. М.Хальбвакстан соң, жарты ғасыр өткенде, бұл ұғымды ағылшын тарихшысы, еуромарксист Эрик Хобсбаум дамытқан («Чувство прошлого и история», 1970). Ол: «қазіргі заманғы да, дәстүрлі де қоғамда бұрынғыны қайта жаңғыртуға, қайта болжауға болады», – деген. 1980-1990 жылдары француз тарихшысы Пьер Нор «естегі/ жадыдағы орындар» тұжырымдамасын жасаған. «Естегі/жадыдағы орындар» кең ұғымда «сакральды география» деп аталып, нақты географиялық орындар, ғимараттар, ескерткіштерден басқа, адамдарды, оқиғаларды, дәстүрлерді, аңыздарды да қамтыды. «Сакральды география» тұжырымдамасы негізінде неміс тарихшысы Ян Ассман «мәдени ес/жад» теориясын, оның «тарихтың аңыздық негізі», «өткен дәуірдегі нақтылық» бағыттарын дамытты. Әлемдік ғылымда «сакральды география» ұғымын Жерге тірі биологиялық организм арқылы «геобиологиялық энергияның» енуін қоса қарастырып, осы тұрғыда «тірі жер» ұғымы деген таным қоса қолданылады. Көптеген халықтардың мәдениетінде жер бетінен «ерекше» орындарды іздеп тауып немесе «ерекше» орындарға барып, тылсым күштермен байланыс жасап, табиғат құбылысына әсер ететін геомантика элементтерін қолдану кездеседі. Геомантика элементтерін бойында игеру арқылы «сакральданған бейнелермен» байланысқа түседі. Мысалы, қазақ халқы ертеде тымырсық күндері Жаңалаш Атаның күшіне сеніп, жел шақыру үшін магиялық әрекеттер жасаған; сондай-ақ, Адам, Жер мен Көк арасындағы тылсым байланыстың әрекеттерін орнату мақсатында Тасаттық беру, Жел шақыру, Бұлт жайлату, Жаңбыр жаудыру; белгілі бір кеселден құтылу үшін «дерт көшіру» ғұрыптық-магиялық рәсімдерін жасаған. «Қасиетті жеке тұлғалармен» геомантикалық байланысқа түсу «түнеу», «тәу ету», «тілеу» арқылы орындалады. Бекет Ата жер асты мешітіне, Қараман Ата, Арыстан Баб, Қожа Ахмет Яссауи, Укаш Ата, Бегім Ана, Домалақ Ана, т.б. «әулие», «әнбиелердің» басына барып, «түнеу», «жалбарыну», «тілек тілеу», «топырағына аунау», т.б. ғұрыптық рәсімдер жасайды. Геродот жазбаларында және б.д.д. ІІІ мыңжылдықтағы Қытай жазба деректерінде ертеде парсы, скиф және үнділер, шамамен 7-8 мыңжылдық бұрын жерасты суларының көзін табуда, құдық қазғанда, жүзім шыбығын қолданғандығы туралы айтылады. Шетел тарихнамасында жер асты су көздері, жасырын қазыналары бар «Ерекше» жерлерді іздеушілердің соны тани алатын «ерекше» қасиеті болғандығы, олардың іс-тәжірибесінде ағаш шыбықтарын жиі қолданғандығы туралы деректер бар. Шетел ғылымында бұл «лозоходства (даузинг – ағылшын тілінен аударғанда, ұзын, жіңішке шыбық деген мағына береді) немесе биолокация (жер астындағы жасырын нысандарды тану қабілеті)» деп аталады. Батыс Еуропа әдебиеттерінде «даузинг» қабілетін игеру арқылы «қазыналы жерлерді» тану, табу тәжірибесі туралы жазбалар 15 ғасырдан бастап кездеседі. Қазіргі заманғы «геоманттардың» далалық зерттеулері ертеден сакральды статусқа ие жерлердің, жол тораптарының түйіскен жерлерінде, жерасты суларының көздері болған жерлерде орналасқанын дәлелдейді. Қазақ халқының ғасырлардан ғасырларға жалғасқан халықтық білімдер жүйесінде жердің қойнауындағы құбылысты тани алатын «қасиетке» ие адамдар әрбір аймақта болған. Ерте заманда тұщы судың қай жерден шығатынын білетін адамдарды халық «көзді», «көзі қарақты» деп атаған. Судың көзін танудың әдісін меңгергендер атты адамдар шауып өткесін, басына тымақ киіп, жер бауырлап жатып, жерге құлағын тосып тыңдағанда, жер дүңкілдесе, сол жерде судың көзі барын білдіретін болған. Бұл әдіс негізінен су тереңнен шығатын Үстірт, Маңғыстауда қолданылған. Тағы бір әдісінде сүйменді лақтырып, соның ұшы қадалған жерді қазады екен. Ал, таяз құдықтарды ақбас шөп, қияқ қамыс, ши, алабұта өскен жерден қазады, ол жерлерде су жер бетіне жақын, әрі тұщы болады. Тіпті «көзі қарақтылар» басқа адамдарға көрінбейтін, жер астынан шығып жатқан буды көре алған. Қасиетті жерлер шын мәнінде табиғат­тың ерекше сыйына ие. Қасиетті жерлерге адамдардың қатысуынсыз жасалған табиғаттың ерекше туындысы су, бұлағы, қайнары бар жерлер, табиғаты ерекше тау, тастарда жатады. «Қасиетті жер» танымы «қасиетті/ерекше табиғат», яғни «табиғат ескерткіштерінен» де көрінеді. Әлемдік ғылымда «Тірі Жер» ретінде танылатын жер бетіндегі «ерекше» қасиетке ие жерлерді келесідей критерийлер бойынша жүйелеу тәжірибесі қалыптасқан: Фольклорлық-тарихи критерий – қасиетті деп танылған жерде культтік құрылыстардың (олардың қираған орындарының) болуы; әртүрлі дәуірлерден жеткен және дінмен байланысты табыну нысандарының болуы (қайнар, бұлақ, ағаш, тоғай т.б.), олардың бүгінгі күнге дейінгі қолданысына қатысты аңыз-әңгімелердің болуы; адамдарға «жақсылық» әкелетін «жақсы жер» деп танылған немесе «жамандық» жіберетін «адам басуға тыйым салынған жаман жер» деп танылған жер телімдерінің болуы және оларға қатысты аңыз-әңгімелердің, сол жерлерде болған адам сенгісіз, қайғылы, шытырман немесе қиял-ғажайыпты оқиғаларға (адамдарға, жан-жануарларға, өсімдік әлеміне қатысты) қатысты ауызша және жазбаша деректердің сақталуы. Геологиялық, гидрогеологиялық, геомор­фологиялық, геофизикалық – жер астында жасырын немесе жер бетінде бедері, іздері сақталған ашық және жерасты құндылықтары; су көздері, жер асты су галереялары; жер беті және жерасты кен ошақтары; жер рельефтерінің ерекше көрінісінің айқындалуы; жаратылыстық, физикалық құбылыстардың жер бетіндегі факторлары. Медициналық және биологиялық критерий – белгілі бір территорияда өсімдіктердің көптеген түрлерінің бір бағытты, горизонталды, вертикалды «мутациялық» бейнеде өсуі (Мысалы, Көкшетаудағы «биші қайыңдар»;«Қайыңды» қайыңдары; Алматы облысындағы «Әулие ағаш»); зиянкес жәндіктерге жоғары және өте төмен төзімділік; өсімдіктердің сирек және ерекше түрлерінің шоғыры; адамдар, жан-жануарлар, өсімдіктердің бір жерде бір кесел түрімен залалдануы; бір жер аумағында кесел, залал, белгілі бір дерт түрінің жоғары көрсеткішінің болуы және ұзақ мерзімге сақталуы. Метеорологиялық – құйын, дауыл, т.б. микроклиматтық төзімділігі, бейімділігі бар аймақтар. «Техникалық» («технологиялық») – жол қатері жоғары дәрежеде болатын жол бөліктері (мысалы, Сыр бойында Оқшы Ата жатқан жерден көлік жоғары жылдамдықпен жүрсе жол апатына жиі ұшырайды), техникалық құрал-жабдықтардың себепсіз істен шығуына әсер ететін немесе техниканың жұмыс жасауына кедергі болатын жерлер, бұзылу қаупінде тұрған әртүрлі инженерлік коммуникациялар, құрылыстар, ғимараттар, ескерткіштер тұрған жерлер; өндірістік орындардың болуымен байланысты емес, бірақ атмосферада зиян қалдықтар көп шоғырланған жерлер. Психофизиологиялық – белгілі бір жерде тұрған кезде адамдардың организміне әртүрлі әсерлердің болуының сезілуі; әсерлерді, қозғалысты сезуі; психоэмоционалды өзгерістің сезілуі; оны адамның өзінің іс-әрекетінен көрінуі немесе сырт адамның көруі, сезуі; адамдардың сезіміне, мінез-құлқына белгілі бір күштің әсер еткенін немесе белгілі бір күшпен адам арасындағы байланыстың өтіп жатқанынан хабар беру әрекеттері (дауыстап сөйлесу, сөзді қайталау, ерекше қимылдар жасау немесе қайталау). Аралас критерий. Нақты емес, кез-келген жерде болуы мүмкін, НЛО сияқты ғаламшарлық нысандардың көрінуі; адамдар тобы, жеке адамдардың ерекше құбылыстарды сезуі, көруі; аспан әлемінің ерекше құбылыстарын, найзағайдың сызықты болмай, басқа бір шар, дөңгелек формада ойнауы, қара бұлттың жерге жақындауы, Күннің, Айдың толық, жартылай тұтылуы, жұлдыздар шоғырының жаппай ағуы; аспан әлемі «тұрғындарының» ерекше мінез көрсетуі. Физикалық және психологиялық әсерлердің ерекше сезілетін, көрінетін жерлерінің болуы. Қазақ халқының «қасиетті» танымына ұрпақтан ұрпаққа келіп жеткен рухани мұралары да жатады. Олар материалдық емес мұраның тасымалдағышы ретінде тілді қоса алғанда, ауызша айту дәстүрлері мен айтылу нысандары; орындаушылық өнер; әдет-ғұрыптар, салттар, мейрамдар; табиғат пен әлемге қатысты білім мен әдет-ғұрыптар; дәстүрлі кәсіптермен байланысты білім мен дағдылар санаттарынан тұрады. Материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізімінің енген әрбір санатында «қасиеттілік» бар. Мысалы, «зергерлік өнерге қатысты білімдер мен дағдыларда» көріктің, төстің, ұста ұстаған дүкеннің қасиетінің өміршеңдігі бүгінгі қоғамда да көрініс тауып отыр. Қазақ халқының дәстүрлі танымында қасиетті, киелі деп танылған күндер (сәрсенбі – сәтті күн; дүйсенбі, жұма – діни жоралғылар жасайтын күн), табиғатпен байланысты қасиетті мейрамдар (Наурыз, Қымызмұрындық), діни мерекелер (Айт, Құрбан айт, Мәуліт) «қасиетті рухани мұра» болып саналады. Сакральды геометрия – әлемнің формалары мен кеңістігі туралы діни және немесе мифологиялық идеялардың жиынтығы, өмірдің нысандарының негіздерінен құралған геометриялық форма сияқты оның үйлесімі, тәртіптілігі, пропорционалдылығы. Қасиетті геометрия мифологиялық және діни көзқарастың бөлігі болып табылады, мистикалық тәжірибенің нәтижесі. Қасиетті геометрия барлық әлемдік діндерде және барлық кезеңде, музыкада, өнерде, ғибадатханалар, яғни, діни сәулет өнерінде, көркемөнерде, кескіндемеде қолданылған. Қазақ жерінде діни және немесе мифоло­гиялық идеялардың жиынтығының бірі «ашық аспан астындағы галерея» қыз­­ме­тін атқарып тұрған петроглифтік ескерт­кіштерден, яғни, жартас суреттерінен көрініс табады. Қасиетті мифтік бейнелер. Халық ұғымында «қасиетті» деп танылған «нысандарға» жан-жануарлар әлемінің «мифтенген өкілдері», халықтың тіршілік қамы жүйесінен маңызды орын алған жануарлары да жатады. Қанатты айдаһар бейнелері әлем халықтарына ортақ болса, қанатты пырақ, қанатты барыс, желмая сияқты мифологиялық бейнелер қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымдағы көліктің ерекше бір көрінісі. Қанатты тұлпар немесе пырақ – қазақ дүниетанымында кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпі, өлмес өмірдің бейнесі. Пырақ атауы батырлық жырларда дүлдүл, тұлпар, сәйгүлік, тарлан сияқты жүйрік аттардың синонимі ретінде де қолданыла келіп, теңдесі жоқ жүйрік аттың символына, метафоралық образына да айналған. Қобыланды батырдың аты – Тайбурыл, Алпамыс батырдың аты – Байшұбар, Ер Төстік батырдың аты – Шалқұйрық, Қамбар батырдың аты – Қарақасқа, Ер Тарғынның – Тарланы, Кендебайдың – Керғұласы осындай тұлпарлар. Қанатты барыс тектіліктің, батылдықтың, шапшаңдықтың, алғырлықтың тәкаппарлықтың символы болған, бейнесі Жетісу, Шығыс Қазақстаннан табылған археологиялық ескерткіштерде көп кездеседі. Қанатты барыс осы өңірді мекен еткен тау барысының қиял-ғажайыптық бейнесі. Желмая – мифтік бейнеде желден де жүйрік түйенің түрі. Қазақ аңызы бойынша желмаяны Қорқыт Ата мен Асан қайғы мінген. «Ер қанаты – ат», «Түйе баққан – ұлық баққан», «Қой малы – тоқтық малы» деп төрт түлік малды; «ит – жеті қазынаның бірі» деп тазы итті қасиетті санаған. Жеке тұлғаның қасиеттілігі немесе адам атының қасиеттенуі. «Басқа» категориясы шетелдік ғылымда филосо­фиялық, әлеуметтік-мәдени категория, адамның өзінен ерекшеленетін «басқа адам» немесе аты қасиетті ұғымға айналған «жеке тұлға». Классикалық еуропалық философия­да бұл категорияны Р.Декарт, Л.Фейербах, Г.В.Ф. Гегель, М.М. Бахтин, М.Бубер, Х.-Г. Гадамер, Ж.-П. Сартр, Э.Левинас, Ж.Делеза дамытқан. «Басқаны» танып-білудің этникааралық байланыстар, тартыстар кеңейген тұста және толеранттылық таны­мы беки түскен қазіргі заманда өзектілігі сақталып отыр. «Жеке культтік бейнелердің» қалып­тасуының бір көрінісі халықтың діни дүниетанымымен байланысты, яғни, «діни культпен байланысты, ерекше тылсым күшке ие болған әулиелер» деп танылған мифтік бейнелерді пір тұту, аса қасиетті санаудан көрінеді. Қазақ халқының өмірінде «сакральды культтік бейнелердің» алатын орны ерекше, олар: «Құдаймен байланысты аңыз бейнелер» (Ұмай Ана, Су патшасы Сүлеймен, Дәуіт пайғамбар, Әлі Шынар, Диқан баба, т.б. ); «адамның желеп жебеушілері (Қыдыр Ата, Ғайып ерен қырық шілтен, Баба Түкті Шашты Әзіз, т.б.), жан-жануардың тіршілік әлемінің желеп жебеушісі деп танылған мифтік бейнелер (Ойсыл қара, Қамбар Ата, Зеңгі Баба, Шопан Ата, Сексек Ата)». Қазақтың төрт түлікке қатысты көнеден келе жатқан наным-сенімдерінің бірі әр түліктің өз қамқоршы иесі, құдайы, пірі бар деп саналады. Төрт түліктің пірі саналатын Ойсыл қара, Қамбар Ата, Зеңгі Баба, Шопан Ата, Сексек Ата алғашқы қауымдық құрылыстағы аңшылық кезеңдегі таным бойынша зооморфтық бейнеден жойқын күш иесі ретінде телінсе, тарихи даму сатыларына байланысты табиғатқа адамның тұтастай табынушылығы нәтижесіндегі мифологиялық таным бойынша кейінірек антропоморфтық бейнеде сомдалып, өсіп-өнудің әлеуетті күшіне баланып, өзгерген. Дәстүрлі дүниетанымда қиял-ғажайып кейіпкерлерді, алғашқы тотемдік бейнелерді жалпы ислам өркениетіне тән Ғайып ерен қырық шілтен, Жеті кәміл пірлер, Арыстан баб, Қыдыр Ата, Қызыр Ата, мұсыл­мандандырылған Баба түкті Шашты Әзіз тәрізді қуатты әулиелер ауыстырған. Қазақтардың рухани мәдениетінде, әулиелік культі мен дүниетанымында Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің алатын орны ерекше. Ғайып сөзі «көрінбейтін», «елес» деген ұғым­ды, ал, ғайыптан жаралған деген тіркесте қолданғанда «періште» деген ұғымды білдіреді. Бұл парсы тілінен (ғайеб) енген сөз. Періште – діни сенім бойынша адамды желеп-жебеуші мифтік бейне. Бізге келіп жеткен деректерге сүйенсек, шілтен – шырақшы деген ұғымды береді. «Қыз Жібек», «Алпамыс» эпостарын негізге алсақ, қазақтар ұғымында Ғайып ерен қырық шілтен жолаушыға серік болады, батырларды жорықта қорғайды, бейіт, молаларға жиналып әруақтарды қорғайды. Халық арасындағы аңыз деректерге сүйенсек, шілтендер балгерлік, әрі уақытты аймен санайтын жұлдызшылық қасиеттерге де ие болған. «Қырық шілтен» (Риджал-әл ғайып) кейін софылық культіне айналған мазхаб болған, олар Орта Азияда қырық-қырықтан ұйысып, ресми дін, саяси тәртіппен күрескен. Өздерінің құпия орындайтын салттары болған. Шілтендер шырақшы ретінде үлкен мазар, обаларды мекендеген. Шілтендер күндіз мешітте, түнде мазар, молаларда болған, шөл кезіп жолаушыға болысқан. Ғайып ерен қырық шілтеннің мекен еткен аңыз орны Қазығұрт тауының етегі. Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойы­на тараған осы жерде Адам Ата шоқысы, пайғамбардың су ішкен жері, Пайғамбардың саусағы, Дастарқан тас сияқты қасиетті орындарымен қатар, Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің осы жерде шоғырлануы бұл бейненің қазақ дүние­танымындағы әулиелік культі аса жоғары екендігін дәлелдейді. Әулие басына барып, тәу ету, әулие басына түнеу, әулиеден жәрдем сұрау қазақтардың дү­ние­та­нымында ежелден бар, ол байырғы анимизм дінінің сарқын­шағы, яғни, байырғы политеизмнің монотеизмге өтпелі дәуірінің сарқыншағы ретінде күні бүгінге дейін сақталған. Қазақ халқының байырғы тәңірлік дүниетанымның кейбір белгілері ислам дініне кірігіп, жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен бірге араласып, діни түсініктері де жаңаланып, барған сайын күрделеніп, әулие ұғымының мазмұны да уақыт өткен сайын толыға түскен. Қазақ халқының әлі күнге дейін Ғайып Ерен Қырық Шілтенге тәу етуі көне тайпалар дәуірінен жалғасып келе жатқан ұғым. Жеке тұлғаның халық арасында «қасиет­ті» деп танылуының да бірнеше критериі бар. «Қасиетті» деп танылған жеке тұлғалар немесе «Жеке тұлға қасиеттілігі» екінші жағынан, мемлекетті, қоғамды, ұжымды басқару қабілетіне, оның мемлекет басқару кезінде елі мен жері үшін атқарған абыройлы ісі немесе мемлекет тарихында ерекше маңызды ісіне, мұрасына байланысты жерлер атауымен, жеке басына деген халықтың құрметімен байланысты. Адам атының қасиеттенуімен бірге, оның қасиетті істі атқарған жерінің қасиетті орынға айналуы. Мысалы, Нұқ пайғамбардың кемесі қонған Қазығұрттың; Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын тіккен Қозыбасы жері, Хантаудың; Абылай ханның саяси маңызды шешім қабылдаған ордасы, Бөкей Ордасындағы Жәңгір ханның ставкасы, т.б. киелі саналуы олардың атқарған игілікті ісімен байланысты. Ел басқарған, қол басқарған батырлардың атының ру-тайпалардың ұранына айналуы, жылдар өткен соң, оның атының ұрпақтары арасында «қасиетті» саналуы да жеке тұлғаның қасиеттерімен байланысты. Мысалы, Жалайырлар – Бақтияр, Қабылан; дулаттар – Бақтияр; сиқымдар – Сиқым, Ребек; жаныстар – Жаныс, Төле; ботпайлар – Ботпай, Сәмен; шымырлар – Шымыр, Қойкелді; шапыраштылар – Қарасай; ыстылар – Жауатар; сіргелілер – Тоғаназ; қаңлылар – Бәйтерек; шанышқылылар – Айрылмас ұрандарын; Арғындар – Ақжол, Қарақожа, Керейлер – Жаубасар, Ошыбай; Уақтар – Бармақ, Жаубасар; Наймандар – Қаптағай, Жалбағай; Қоңыраттар – Алатау; Қыпшақтар – Ойбас; Кете – Майлыбай; Әлім – Бақтыбай; Шөмекей – Дөйт; Шеркеш – Шағырай; Ысық – Бәйтерек; Масқар – Қаратай; Алаша – Байбарақ; Тана – Тана; Байбақты – Дәуқара; Қызылқұрт – Жиенбай; Таз – Төремұрат; Беріш – Ағатай; Адай – Бекет; Есентемір – Алдоңғар; Алтын, Жаппас – Баймұрат; Төлеу – Арғымақ; Рамадан – Дулат; Тама – Қарабура; Кердері – Қожахмет; Керейіт – Ақсақал; Табын – Тостаған; Жағалбайлы – Малатау ұрандарын иемденген. Қабанбай есімі найманның қаракерей руының, ал, Сәрке батырдың есімі Сыр бойындағы табындардың ұранына айналған. Нуминизм немесе әулиелік культ. Нумендік (латын numen\numinosum – Құдай, Құдайдың еркінде) Құдайдың ықпалымен, қатысуымен байланысты діни тәжірибені көрсететін, танытатын ұғым. Ғылыми айналымға бұл ұғымды неміс теологы және дін тарихын зерттеуші ғалым Рудольф Отто енгізген («Священное. Об иррациональном в идее божественного и его соотношении с рациональным» атты еңбегі, 1917 ж.). «Нумен» деп ежелгі римдіктер адам тағдырын реттейтін, ерекше алапат күшті атаған. Р. Оттоның айтуынша, «Қасиеттіні», «Әулиелікті» діни тәжірибеде «нумен» ретінде тануға болады. «Әулиемен», «Қасиеттімен» кездесу, қарым-қатынасқа түсу, күрделі гармония ретінде «қорқыныш пен төзімділік», «таңдану мен пір тұту» сияқты психологиялық әсерлер береді. Әулие мәселесі ислам діні келгенге дейін ата-бабаға табыну, оның арғы жағы Тәңірі, Ұмай, Жер-Судан бастау алса да, қазақтардың өміріне ислам дінінің дендеп енуіне орай мұсылманшылық сипатқа ие бола бастады. Ортаазиялық аймақ территориясына ислам дінінің таралуы кезеңінде мұсылмандық пен исламға дейінгі культ тығыз араласып, синкреттеніп, оның белгілері бүгінгі күнге дейін сақталған. Әулие мәселесінің түп негізі – көне дәуірге, түркі тайпалары әлі жеке-жеке халық болып жіктелмеген кезеңге барып тіреледі. Әулиеліктің алғашқы бастаулары – аспан, жер, Күн, Ай, жұлдыз, Тәңірі және Ұмай. Қоғамымызда орын алған әулиеліктің алғышарттары өзгені және өзіңді өзің тану әрекетінен бастау алады. Ислам діні Құдайды тану жолдарын ұсынса, сопылық ілім адамның өзін-өзі тану жағдайларын алдыңғы орындарға шығарады. Ол ішкі наным мен жүрекке сенуді шынайы уағыздайды. Адам «Құдайға жету» үшін мынадай сатылардан өтуі тиіс: шариғат (ұстаным, қағида, ереже), тарихат (жол), мағрипат (ғылым, білім) және хақихат (Алла тағала). Бұлардың бірі екіншісіне өтудің қажетті басқышы. Осы жолдардан өту арқылы адам моральдық-психологиялық жағынан өзін-өзі жетілдіріп, абсалюттік ақиқат әлемінің қыр-сырын түсінеді. Өзін де, өзгені де тану жағдайларын жоғары дәрежеде меңгерген, шариғат, тарихат және мағрипат жолынан сәтті өтіп, хақиқатқа жету жолын іздеген білімді жандар – әулиелер болған деп есептеледі. Қазақстан жеріндегі әрбір «әулиелі жерлер» санатының өзіндік тарихы бар. Әулие/Уәли – араб сөзі, желеп-жебеуші деген мағына береді. Бұл сөздің түп-төркіні семит тілінен алғанда шын берілгендікті, байланысы жақындықты білдірсе, ал, Библияда го’ел гаддам немесе ше’ер, арабша саир – мұрагер дегенді білдіреді. Бұл сөзді діни мағынада жақындық қарым-қатынас, адам мен Құдай арақатынасында таралған деп түсіндіруге болады. «Жақын тұратын» деген түсінік кеңейе келе ескі араб тілінде «уәли» сөзіне ауысып, кейіннен «көмектесетін», «ғажайып иесі» Құдайға жақын тұрушы деп құрметтеле бастаған. Mұхаммед әт-Тамими еңбегінде: «Әулие, жекешесі Уәли – Еріп жақындаған. Алланың әулиелері – Алланың әміріне еріп, Аллаға жақындай түскен иманды мұсылмандар» – деп беріледі. Әулие діни наным бойынша адам тағдырына ықпал жасайтын «қасиетті», «киелі жан», ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлға. Қазақы түсінікте Құдайдың рақымы түскен, оның ерекше сүйген құлы, оның досы болып табылатындар – әулиелер. Қазақ халқында исламға дейін-ақ ата-баба аруағына сену, халық арасында өзіндік дара қасиеттерімен ерекшеленетін адамдарға сиыну кең таралған болатын. Қазақ халқы әулиені Жаратушыдан жоғары қоймаған. Әулиелер – Құдайдың ең жақын достары болып саналатындықтан, ең бірінші тілекті «Алладан сұрап, сол Құдайдың жердегі елшілері әулиелердің зираттарына барып дұға етіп», ғибадат жасаған. Әулиенің тағы бір ерекшелігі – кез келген уақытта түрлі бейнеге және формаға айнала алатындығы. Екіншіден, ұшу қабілетінің болуы да әулиенің таңғажайып істерінің бірі. Қысқа ғана уақыт аралығында ол өзін қажет еткендер мен алыс жердегі шәкірттері арасында бола алады. «Әулие» адамдардың бейіттері мен күмбездерінің өзі олардың «әулиелігін» көрсетіп тұрады, бейітінде от (шырақ) жанады, күмбезі ұзақ уақыт бойы тұрады, жанындағы басқа ғимараттар мен үйлер жер сілкіну, су тасқыны сияқты құбылыстардан апатқа ұшырап, қирап қалғанда, олар бұзылмастан тұрады, осының бәрі «әулиенің қасиетінің» белгісі болып табылады. Әулие адамдар әрқашан да өмірден жапа шеккендерге қол ұшын беріп, көмектескен, мейірбандылық көрсеткен. Келешекті дәл болжап, адам тағдырын анық айтып берген, қолынан келсе көмегін аямаған. Сондықтан да, адам басына күн туғанда, қиналғанда, әлгі айтылғандай адамға барып, алдына жүгінген, одан бата алған. Әдетте, жапа шегетіндердің бірі – қатты сырқаттанғандар болатындықтан, олар да әулие адамға барып, көмек сұрап жалбарынған. Ел ішінде тараған әңгімелерге қарағанда, әулиенің айтқан сөзі, оның тиген қолы науқастарға шипа болған. Әулие культі қазақтар өміріндегі тұрмыстық исламның аса көрнекті көрінісі, бұл қайта өркендеп жатқан жоқ, қазақ халқы арасында шарықтау шегіне жетті. Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Бекет Ата, Шопан Ата, Қараман Ата, Үкаша Ата, Қоңыр әулие сияқты әулиелер жерленген орын халықтың зиярат ету орны болып табылады. Халық түсінігі бойынша, әулиелердің бұл дүниеде атқаратын қызметі: науқас жандарды ауруынан сауықтырады; перзенті жоқ ата-анаға бата береді, сол батасы қабыл болып, сәбилі болады; Мұғжизалар жасайды (40 аршын көкке көтерілу, ұшу, жанған оттың астынан аман-есен шығу); мешіттер салдырып, ислам дінін уағыздайды. О дүниеде атқаратын қызметі: жоқ іздегендер басына келіп түнесе, түсінде аян береді; бұл дүниеде қалған ұрпақтарына қамқоршы болады; қауіп-қатерден, тосын оқиғалардан қорғау мақсатында алдын-ала ескертетін белгі береді. Әулие термині уақыт өте келе, кең түрде байытылып, мазмұн мен мағынаға ие болды. Бұл сөз исламдағы әулие культін кең насихаттап, осының арқасында халықтық исламда «әулие» кереметті жасаушылар, «Құдайға тән қайырымдылық» иелері, түрлі кәсіпті желеп-жебеушілер, қолдаушылар ретінде құрметтеледі. Халыққа жақындығына, дін жолына құлай берілгендігіне, тақуалық өмір салтына орай «әулиелердің» халық арасындағы беделі күшті болды. Дәстүрлі қазақ ортасында Ұмай Ана, Су патшасы Сүлеймен, Дәуіт пайғамбар, Әлі Шынар, Диқан баба нумендік, әулиелікпен қатар, халықтың жекелеген тобының сиынатын, «пір» тұлғасына ие. Ұста, зергерлер іс бастағанда, Дәуіт пайғамбарға, егістікке шығыр орнатқанда, егіншілер Әлі Шынарға, егіншілер егістікке дән сепкенде, Диқан бабаға сиынған. Ұмай Ананы ертетүркілер «әйел кейпіндегі құдай» санаған. Қасиетті ант. Ант/уәде – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым саналған. Билер мен ақсақалдар дауды шешу, күнәлі адамға үкім шығару үшін, талапкер мен жауапкер тұратын ауылдардан, яғни, екі жақтан да арада жүруші екі адам шақырылған. Қылмысты дәлелдеу үшін екіден жетіге дейін куә керек болған, куә болмаған жағдайда ант беру талап етілген, бірақ, оны өздері үшін талапкер де, жауапкер де бере алмаған, олар үшін адалдығымен белгілі адамдар ант беруге тиіс болған. «Уәде - Құдай сөзі» деп уәдені орындаудан бас тартпаған. Құн төлеуге ру болып кіріскен. Иеротопия (грек ἱερός – қасиетті, τόπος – орын, кеңістік, түсінік) – адамдардың шығармашылық қызметінің іздері қалған, қалыптасқан кеңістік, жер, орын. Иеротопияның зерттеу нысандары ежелгі және дәстүрлі қоғам ортасында шығармашылық бірлік негізінде жасалған діни ғибадатханалар, құрбандық орындары, табыну орындары, мәдени ландшафтар, сәулеттік кешендер, байырғы қала-қоныстар, діни-культтік кешендер. «Иеротопия» тұжырымдамасы мен терминін 2002 жылдан бастап ғылыми айналымға Алексей Лидов енгізген. Иеротопия Мирч Элиаде, Рудольф Отто, Павел Флоренский еңбектеріндегі «сакральдықты» жалпы зерттеуден шығатын, жалпылықтан арнайы бағытқа көшкен, адамдардың тарихи дәуірлерде жоғары әлеммен байланыс жасау ортасын қалыптастырудағы нақты әрекеттерінің іздерін, айғақтарын зерттейтін ғылымдағы жаңа сала. Иеротопия сәулет өнері туындылары, суреттер, ғұрыптар, түс-түстер, саналы түрде жасаған шығармашылық нәтижесінде қалыптасқан сакральды кеңістікті, мистикалық компонентті де қамтиды. Сакральды өнердің туындылары болып табылатын «сакральды заттар» (мысалы діни заттар, лауық, тасбиық, жайнамаз, мінбер, асатаяқ, икон, алтарь, т.б.) музей құндылықтары да болады, қалыптасқан орнында да сақталуы мүмкін. Қазақ жеріндегі сакральды өнер туындылары қалыптасқан кеңістікке жартас суреттері мен сол өнерді қалыптастырған адамдардың қоныстары мен қорымдары сақталған орындар, діни-культтік кешендер жатады. Сакральды ландшафт – адамдардың тарихи дәуірлерде жасаған ескерткіштері мен адамдардың қатысуынсыз жасалған табиғат ескерткіштерінің бір жерде, бір ортада үйлесімділік тауып, қалыптасқан, ерекше қорғалатын кешені. Ландшафт (неміс тілінен land – жер, schaft – өзара байланысты білдіретін сөз тіркесі) терминін біздің өлкеде алғаш орыс ғалымы Л.С. Берг қолданған. Географиялық ландшафт – геожүйе түрлерінің бірі. Географиялық ландшафттың құрамдас бөліктерін бедер, климат, су, топырақ, өсімдіктер, жануарлар дүниесі құрайды. Осы құрамдас бөліктер өзара күрделі әрекетте және өзара шарттылықта болып, біртұтас үздіксіз жүйе құрайды. Оны «табиғи географиялық кешен» деп атайды. Ландшафттануда географиялық ландшафтының бірнеше топтық анықтамалары қалыптасқан. Қоғамдық іс-әрекетте географиялық ландшафтық жүйенің ресурс өндіруші, орта құрушы және генетикалық қорды сақтаушы жүйе ретінде және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың ең басты нысандарының бірі ретінде көрінеді. Адамдардың ландшафтпен өзара белсенді байланысқа түсіп отыруы адамзат тарихы басталған уақыттан жалғасып келе жатқан үрдіс. Мүмкіндік болған жерде адамдар ғасырлар бойына ландшафты өз қажеттіліктеріне қарай бейімдеген, ал, жүзеге асыру мүмкін болмаған жерде, тіршілік ету жағдайларына сай өздері бейімделген. Осылайша тарихи (мәдени) ландшафтардың түрлері қалыптасты, солардың бірі сакральды ландшафт болып табылады. Өткен ғасырлар ғылымында сакральды ландшафт негізінен алғанда, археологтар, тарихшылар, этнографтар мен географтардың зерттеу саласы болып келді. Ұзақ жылдық тарихы бар бұл зерттеулердің нәтижесінде тарихи-мәдени ескерткіштердің республикалық және жергілікті статустары нақтыланды, ескерткіштер тізбесі, аймақтық археологиялық, географиялық карталар түрлері жасалып, ғылыми паспортталды. «Ландшафт» термині алғаш ІХ ғасырдағы Фульд монастыры монахтары жазбасында кездеседі. Монахтар латын тілінен regio – аудан, lantscaft– отан сөзін алып, жалпы герман жоспарына сәйкес, Германия жерін «біртұтас қасиетті жер» деп белгілеп, өз ұстанымдарын «regiolantscaft» терминімен түсіндірген. Уақыт өте келе, бұл термин трансформацияланып, бастапқы кездегі мағынасынан өзге, әлеуметтік-географиялық, территориялық-әкімшілік мағына беретін нұсқаға ауыса бастады. «Ландшафт» термині аумақтық әкімшілік және әкімшілік ұғымдар аясында қарастырылды. Географиялық термин ретіндегі «ландшафт» пен «мәдени ландшафт», «тарихи ландшафт», «сакральды ландшафт», «сакральды кеңістік», «сакральды география» ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты. Сакральды ландшафт – мәдени ландшафтың компоненті, бір бағыты және бір нұсқасы болып табылады. Сондықтан да, сакральды ландшафт, осы ландшафтың антропологиялық компоненті – ұйымдағы адамдардың интеллектуалдық және рухани белсенділігінің, табиғи-географиялық ландшафтарды басқарудағы ұйымдасқан жұмыстарының нәтижесі. Сакральды ландшафт ежелгі дәуірлердегі адамдардың шаруашылық қызметі кеңістігінің көрінісі екенін бүгінгі таңда археологиялық ескерткіштер нақты дәлелдеп отыр. Жартас суреттері сақталған тау аңғарлары ежелгі кәсіпшіліктер дамыған жерде, ал, жерлеу, діни-ғұрыптық кешендер – дәстүрлі мерзімдік қоныстарға жақын маңда орналасқан. Бұл ескерткіштер – оны жасаған адамдардың дүниетанымын, кеңістігін, аймақтың ментальдық картасын (аймақтық ерекшелігін) беретін белгілер жүйесі. Нәтижесінде, сакральды ландшафттың ең маңызды қызметі тұрғындардың нақты бір әлеуметтік топтарының аймақтық бірегейлігін сәйкестендіру болып табылады. Яғни, белгілі бір ру-тайпа тармақтарының ғасырлардан бері мекендеп отырған жерлері екендігін нақтылайды. Осылайша, «сакральды ландшафт» термині мен түсінігі ландшафттану ғылымы тұрғысынан талдағанда, ол адамдардың интеллектуалды басқару қызметінің нәтижесі екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, сакральды ландшафт – адамның рухани тәжірибесінен, саналы ой-жүйесінен қалыптасқан жер бетіндегі бейнелер, географиялық кеңістік. «Сакральды ландшафт» – жердегі кеңістік және әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде өзіне тән сапалы қасиеттердің нақты жиынтығына ие. Қазба ландшафтары әдетте, археологтар мен палеонтологтардың зерттеу саласы болып табылады. «Реликтер» танымының «қазба» танымынан ерекшеліктері бар. Оған «археологиялық» мұралардан басқа, этнографиялық мұралар да жатады. Сакральды ландшафт – адамдардың қоршаған ортада өзін-өзі сақтаған ірі тобының жер бедерінде қалдырған, әлеуметтік-мәдени нысан ретінде қалыптасқан мәдени ландшафтың бір бөлігі. Сакральды ландшафты адамдардың географиялық ортаны басқарудағы нәтижесі, географиялық ортаға интеллектуалды әсер етуінің нәтижесі деп қарастыру – «сакральды ландшафты» әлеуметтік-техникалық жүйенің бір бағыты ретінде тануға мүмкіндік береді. Түйіндей келгенде, «сакральдылық» арқылы қазіргі заманда жетіспейтін, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге қабілетті болған өткен дәуірлер тәжірибесін жаңа көзқараспен, жаңа ұстанымдармен оқып білуге болады. Тарих, география және мәдениеттің «материалдық» компонентімен бірге «рухани» компонентін зерделеу қоршаған ортаны бүкіл көпқырлы өлшемінде тану, түсіну үшін өте маңызды. «Сакральды (Қасиетті) Қазақстан» жобасын оңтайлы жүзеге асыру – отандық және шетелдік тәжірибелердің озық үлгілерін салыстыра отырып жетілдіруді, кешенді, пәнаралық зерттеулерді талап етеді. «Археологиялық», «Мифтік», «Тарихи», «Этнографиялық», «Этнофольклорлық», «Топонимикалық», «Ономастикалық» кешенді ғылыми-танымдық «атластарды» бір арнаға тоғыстыру арқылы «Сакральды» мақсатты жүзеге асыру – мемлекеттік маңызы бар бүкілхалықтық іс.

2397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз