• Заманхат
  • 23 Шілде, 2018

«Ерназар би» жыры

Малика Палымбетова, Қарақалпақ мемлекеттік университетінің докторанты

Бердақ қарақалпақ халқы тарихында азаттық жыршысы болды. Ақынның тарихи поэмалары ұлт-азаттық идеяларына арналған. Ол өз шығармаларында өзі білген, көрген, есіткен тарихи оқиғалардан сөз етті. Ұлы қазақ жазушысы М.Әуезовтің пікі­рі бойынша «ежелгі батырлық жырларын өздері соғыстарға қатынасып, көзімен көрген адамдар шығарған». Халықпен бірге болып тарихи оқиға­ларға баға берген Бердақ ақын хандардың зұлымдығына қарсы күрескер негізінде қарақалпақ халқының тарихында азаттық жыршысы болды. Ақынның ұлы мақсаты мен халық мақсаты тұтасып кетті. Ақын халық үшін жан күйдіріп күрескен жауынгерлердің қызметіне сүйсініп олар­дың ерліктерін рухтанып сөз етті. Халық­тың тұрмыс жағдайын тануда, сол заманның тарихын үйренуде, оларға баға беруде Бердақтың көзқарасын білдіретін шығармалардың бірі – «Ерназар би» жыры. ХІХ ғасырдағы қарақалпақ тарихындағы ең үлкен тарихи оқиғалардың бірі 1855-1856 жылдардағы халық азаттық көтерілісі «Ерназар би» көтерілісі. Шығармадағы басты қаһарман Ерназар – Айдостың інісі Мыржықтың баласы. Ерназар ер жетіп үлкен азамат, палуан болып жетілді. Ол Хиуадан «би» деген лауазым алып, хандықпен байланыс орнатады. Бұндағы мақсат халықтың азаттығын, тыныштығын қорғау еді. Бердақтың «Ерназар би» шығармасында Ерназар Айдос бабаның орнына болған «Қарақалпақтың ағасы» сипатында сәуле­ленеді. Жырда Ерназар биліктен айырылса да ханға барып бас июді өзіне лайық көрмеді. Сондықтан, ол ханға қарсы күрес шығару үшін Хожеліге келеді және барлық қарақалпақ билерін жинайды. Хиуадан тәуелсіз мемлекет құруға кіріседі. Оның ханы етіп Зарлық төрені дайындайды. Өзі болса оған құсбегі болады. Бұл шығарма та­рихи маңызға ие. Шығарманың негізгі тақырыбы Ерназардың батырлығын көрсету, ал, негізгі мақсаты халық азаттығы үшін күреске шақыру. Әдебиетші ғалым А.Мұртазаев ақынның «Ерназар би» шығармасына «жырда алпыс бидің сатқындығын көрсете алатын Ерназар алакөздің мәрттігін, пәктігін, кең пейілдігін, еліне берілген және халқын жанындай жақсы көретінін суреттейтін орындарды оқыған адам олардың анасынан қайта туылғандай әсер алады» – деп Ерназар бейнесін жоғары сипаттап берген еді. Ілімпаз И.Сағитов өзінің еңбегінде: «Бер­­дақтың «Ерназар би» поэмасы қара­қалпақ халқының тарихында өте маңызды оқиғаны – қарақалпақтардың 1855-1856 жыл­дары Хиуа хандығына қарсы көтерілісін суреттеуге арналған тарихи маңызы бар шығар­малардың бірі» – деп келтіреді. Бердақ ақын бойынша арнайы шұғыл­данған ғалым А.Пахратдинов «...өз зама­нын­дағы әдебиет пен өнерде шынайы бағ­дардың тереңдескенін көрсетуге теңі жоқ бағалы жазба естелік болып есептеледі. Бұл негізінен 1855 жылдардағы қара­қал­пақтарда халық азаттық күрестерін басқарған Ерназар алакөз туралы тарихи жыр». Шынында да, Ерназар би қарақалпақ халқының еркіндігі үшін күрескен батыр. Бұл жырда көтерілістің тарихы, яғни сюжеті ізбе-із баяндалмайды. Ақын халық батыры Ерназар би мен Хиуа ханның арасындағы келіспеушілікті суреттеу арқылы халық батырының азаттық үшін алып барған әрекетін суреттеу арқылы Ерназардың ерлік істеріне жоғары және әділ баға береді. Бердақ бұл жырда Ерназардың образына қоса халық эпостарындағы сияқты батырларды суреттейді. Жалпы халықты қорғайтын, елі үшін жанын да аямайтын батыр образына тән қасиеттер Ерназар би образына сәулеленген. Автор тарихи тұлға болған адамдардың прототипі негізінде көркем образ жаратады. Дегенмен бұл тарихи оқиғаны суреттеуде фольклордағыдай белгілі бір «штампқа» түскен суреттеулер оқиғалардың, эпи­зодтардың қайталануы ұштаспайды, онда суреттелген дәуірге, оқиғаларға автордың позициясы анық болып ұлттық ерекшеліктерді, жалпы халықтық көзқарастан суреттеу тенденциясы болып көрінеді. Фольклорлық жырларда бір типтегі образдар, батырлар, олардың дұшпандары, патшалар, хандар, ғашықтар, қарапайым халық, мыстан кемпір, жын-жыбырлар сияқты реалистік емес тәсілде, көбінесе морфологиялық, фантастикалық түрде суреттелсе, Бердақтың тарихи жырларында автордың пікірі белгілі бір тұлғалар прототипінде дараланған образдарда суреттеледі. Демек «Ерназар би» жыры жаңа индивидуал көркем ойдың жемісі, ондағы ізденушіліктер фольклордан ажыраған жаңа әдеби көркем әдеби дәстүрлерді тудырады. Ақын тарихи қаһарман Ерназарды прототип етіп алып, оған арнап «Ерназар би» шығармасын дүниеге әкелді. Бұндай шы­ғарма тосыннан туылмайды. Бұл ақынның көзі мен көргенін, мәрттікті, ерлікті халыққа көрсете білу. Автор халықтың батырлығын айтқысы келді. Бұл шығарманы жаратуға заманның өзі итермеледі. Ақынның өзі осы оқиғалардың куәсі болды. Ерназар бидің батырлығы толғандырған, Бердақ осы шығарманы жаратты. Ақын бұл оқи­ғалардың қаһар­мандарынан образ жаратуда қарақалпақ арасындағы ауызекі аңыздардан пайдаланды. Халықтың армандағандай батырларымен тең сипаттады. Мысалы: Гөр ұлы бектей ер еді, Қатарда қоса нар еді. Мұнда автор, Ерназарды «Гөр ұлы» эпосындағы басты қаһарманмен салыстырып суреттеген. Себебі халық қаһарманы Гөрұлы да эпоста әділдік жақтаушысы, халықтың қамын ойлайтын халықшыл батыр образында суреттелген. Бердақ ақын «Ерназар би» шығармасында фольклордағы қаһармандық сюжеттері, әділдік және әділетсіздік ортасындағы күрес мотивтерінің белгілерін енгізуге әрекет еткен. Бізге белгілі фольклордағы сюжеттер, әсіресе кейіпкерлер жалпы халықтың фантазиясының нәтижесінде пайда болған болса, ал, Бердақ шығармаларында бұл образдар болсын, оқиғалар болсын, олар шын тұрмыстан алынып, тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар кейіпкері түрінде сипатталады. Осылайша, біз сөз етіп отырған шығар­ма­ларда да халықтың 1856 жылғы ұлт-азаттық жетекшісі Ерназарға деген пікірі көрініс тапқан. Халықтың ең жақсы тілектерін, ойларын, армандарын сәулелендірген фоль­клорлық образдарды жазба әдебиетте шы­найы образдар негізінде суреттелгенін көреміз.

883 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз