• Заманхат
  • 23 Шілде, 2018

«Менің жырым – балбалым»

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымының докторы

Жырсүйер қауым Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, филология ғалымдарының кандидаты, Қазақстан Ұлттық телеарнасының продюсері, ақын Жаңылхан Асылбекованың «Сезім тамшылары», «Көңіл тағдыры» атты жыр жинақтарымен таныс. Ол қолымыздағы жинағын «Жанарымдағы жарқыл ең» деп атапты. Қаламгер қыздардың шығарма­шы­лығы қалыптастырған әдеби үдеріс ­– әлем әдебиеттануында «феми­нистік әдебиет» деп аталады. Алай­да, жалпыадамдық және ұлт­тық құнды­лықтар мен басқа да катего­риялардың өмір сүруіне байланысты дүниежүзі елдерінде қоғамдағы әйел мен ер адамның рөлі әртүрлі көр­сетіледі. Ба­тыс елдерінде (басым бөлі­гінде) әйел мен ер адамды теңқұқылы деп қарастырса, шығыс халқында ер адамның қоғамдық-әлеуметтік қызметі әйелден үстем тұра­тыны белгілі. Шығыс бөлікті құрайтын қазақ халқы әйел­де­рінің негізгі ұстанымы да осыған саяды. Ер адамнан төмен тұру позициясы қазақтың қаламгер қыздарының көркем шығар­машылығынан да айқын көрінеді. Табиғаты нәзік жаралған жандардың туындыларында өзіне тән ерек­шеліктердің болатыны да жасырын емес. Оны қолымыздағы жинақтың негізінде таратып көрелік. Кез келген ақынның шығармаларына өзі өмір сүрген дәуірдің үлкенді-кішілі оқи­ғалары мен сол заманның өзекті мәселелері арқау болатыны белгілі. Жаңыл­хан – ХХ-ХХІ ғасыр тоғысында өмір сүріп, социализмнің тәрбиесін алып, екі жүйенің бел ортасында өмір сүріп келе жатқан замандасымыз. Сондықтан да, лирикалық кейіпкердің айтары бізге жақын, кейіпкерлері таныс, бейтаныс. Таныс дейтініміз, олардың біз өмір сүрген дәуірдің азаматтары болуы. Бейтаныс дейтініміз, жекелеген кейіпкерлер біз үшін белгісіз жандар. Алайда, қаламгердің сол бейтаныс жандарды типтік дәрежеге көтергені қуантады. Жинаққа енген жырлардың негізгі лейтмотиві – махаббат лирикасы. Сол ма­хаббаттың ең негізгісі – анаға деген махаббат екенін ұғу оңай. Оны ақынның ана туралы «Анамның үні», «Кеше ғана, кеше еді бәрі де...», «Анамды аңсағанда», «Анаммен сырласу», «Анамды сағынғанда», «Кішкенем», т.б. шоғырлы өлеңдері растайды. Кешегі атеизм белең алған кеңестік дәуірде өмір сүрген аналар қандай еді? Олар – ұлттық құндылықтарымызға ерекше құрметпен қараған, аузынан Алласы түспеген, отағасын пайғамбардай сыйлаған, балаларын бауырына басып, аялы алақанның жылуын берген жандар болатын («Құс ұшырмай өткен менің төбемнен, Алақанның алау отын сезінем...»). Ақын өлеңдерінен ХХІ ғасырда ерекше көңіл бөліне бастаған ұлттық құндылықтардың кешегі кеңестік дәуірде қалай сақталғанын көруге болады. Мәселен, «Отырады құрақ құрап, әуенге сап жайменен, Бұрап қойып қырық жылғы мәшиненің құлағын» немесе «Кішкенесі әке атанды алтауына баланың, Анам үшін үлкеймейді, ол – сол баяғы кішкене» деген жолдарға лирикалық кейіпкердің анасы ғана емес, күллі қазақ анасының көркем бейнесі сыйып тұр. Балалардың басы құралсын деген ырыммен өмір бойы құрақ құрап өткен аналарымыз бен қайныларының атын атамайтын жеңгелер – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған жандар. Бұлар бүгінгі таңда балаларын қоқысқа тастап кетіп жатқан көкек аналарға қарсы суреттелсе («Кісінің киесі»), кешегі біздің әкелеріміз қандай еді? «Алдамады ол анамды, басқа әйелге түн қатып, Болған емес еш жерде оның ешбір қалқасы» деген жолдар әкелеріміздің отбасына, балаларының анасына, махаббатқа деген адалдығын танытса («Мәмежан қызымын»), «Айтқым келеді әкемнің мен де барлығын, Бірақ та, олар сұрайды менен: «Қайда?» – деп» деген жолдар («Баланың ойы») бауыр еті баласынан нәпсісін жоғары қойған замандастарымыздың өрескел әрекеттерін еске салады. Жылуды сырттан іздеп, отба­сының берекесін кетірген азаматтардың құдай қосқан жарын бір, ақ сүт берген анасын екі қинауы өкінішті («Сыр берген жүрек»). Осылайша, ақын, екі дәуірде өмір сүрген кейіпкерлер арқылы екі буын өкілдерінің тыныс-тіршілігімен оқырманға ой салған. Тағы бір көңіл бөлетін мәселе – туған жерге деген махаббат. Әркімнің туған жері – кіші мекке, жер жәннаты болса, ақынның да кіндік кескен ауылына деген махаббаты шексіз. Оны «Біздің ауыл», «Жетісу, Белжайлау, балбалдар» тәрізді өлеңдері растайды. «Сарыарқа ән», «Астанада» – ­ақын географиясының кеңіп, Жетісуға деген шексіз ма­хаббаттың қазақ даласына ұла­суының айғағы. Жинаққа енген Қорлан мен Естай туралы жеті өлеңді оқып отырып, лирикалық кейіпкердің де махаббат дертін өзбасынан кеш­кенін ұғынуға болады. «Үнсіз, үнсіз, үнсіз ғана егілем, Үнсіз ғана келісемін көбімен», «Сұрқын көр­мейін боздаған, Бір­ге болуды жазбаған», «Ша­ғала боп жадап жүрмін, Сен білетін таулы өлкеде», «Жаратқаннан шыдам болды сұрағаным, Тағы да шыдам бер деп сұранамын», «Сезімің болмаса егер аялдама, Мен сондай кесіп тастар шатақ тайлақ», «Жүре бер жолың әне бұраңдаған, Уәдеде қиын ғой тұра алмаған», «Кез келген жанға бұйырмаған ғой біздегі сезім, Ақ қар, көк мұз бен терең теңізден іздедің өзің», «Сағынышымды ақша бұлттарға жібергем, Көктен күт енді сен мені», «Менсіз саған ай да жоқ, күн де суық, Су ішінде отырып шөлдедің тым», «Сенен басқа ешкім мені таппасын, Ешкім маған бұрмаса екен ат басын», «Біргеміз, неге онда бөтенбіз, Жауабын іздеумен өтерміз», т.б. жолдар сүйгенінен көз жазып қалған лирикалық кейіпкердің сүйіктісін шарқ ұрып іздеуін көрсетеді. Ақын жырларынан сағыныш саздары үлкен орын алатынын аңғару оңай. «Сары гүлдер», «Сары бел» өлеңінде сарғайған сағыныш басым. Алайда, лирикалық кейіпкер сары уайымға салына бермей, арасында «Сарымын сақтардың жалғасы, Сауысқан күйімді аңдашы» деп дүр сілкініп алады. Ал, «Тұңғиық гүлі», «Сары гүлдер», «Бөртегүл», «Меруертгүл» сынды гүлдерге арналған өлеңдерден ақын жанының сол гүлдердей нәзіктігі аңғарылады. Тұңғиық гүл автордың жанына жақындығы сондай, оның өзін де сол әдемі, кіршіксіз таза, көздің жауын алар гүлге теңеуге болады. Сонымен бірге жыр жинақтан лирикалық кейіпкердің өсу жолы менмұндалап жатыр. Балалық бал дәуренін еске түсіретін «Сырғанақ» өлеңінде таңның атысы, күннің батысы сырғанақ теуіп, аққала жасап жүрген шад-шадыман балақайларды көргенде, бүгінгі телефон шұқып орнынан қозғалмайтын балалар еріксіз еске оралса, «Кеше ғана, кеше еді бәрі де...» өлеңінде оқу іздеп кеткен баласының суретін төрге іліп қойған анаға кез боламыз. «Балғын шақ» өлеңінде «Жүрдік біздер үлкен салған ізбенен, Дала құсын тыңдап өстік біз деген» деп, жастық шағын еске алса, «Болмысқа» балаларының болашағынан үлкен үміт күткен ананың асыл арманы арқау болған: Қияларым, құздарым, өрлерім, де – Ұлдарымның бақыты, амандығы. Солар мені отырғызад төрлеріне! Солар менің бергенім, бермегім де, Қуанышым, шаттығым, ермегім де! Алданышым, жалғасым, ізім менің, Қазылмаған байлығым, кендерім де! Тар құрсағын жарып шыққан балапандарын қойма толы кенге балаған ақын олардың болашағынан мол үміт күтеді. Өмірге ұрпақ алып келіп, бала тәрбиелеген ананың «Төгілмесін еш адамның көз жасы, Мен құдайдан соны ғана сұрайын» деп адамзат баласына жақсылық тілеуі орынды. Ал, «Ақ бауыр қарлығаш» – ауылда өскен балалардың бәрінің жанына жақын өлең. Киелі құстың ұясын бұзбай талайлар көштен қалса, шаңыраққа, босағаға қарлығаштың ұя салуын қазақ жақсы ырымға жорыған. Төле бидің Қарлығаш әулие аталуына да осы кішкентай құс туралы аңыз куә. Жұптасып өмір сүретін кішкентай қарлығашты Же­тісуда жоғалтып, Сыр бойынан тапқан лирикалық кейіпкердің қуанышы шексіз. Ол әдемілікке құштарлық, балалық шаққа саяхат ретінде танылады: Қарақат көз, ақ бауыр құс сүйіктім, Қаншама жыл мен өзіңді көрмедім. Өзгелерден сені ерекше сүйіппін, Сағынышым, жан дүнием сен менің. Автор осы кішкентай құстардың тір­шілігі арқылы адамзат баласына ой салады. Құстардың өзі жұптасып тіршілік етіп жатқанда екі аяқты пенделердің «Қамығамын, күйзелем, жыламаймын, Аққу қонбас әлемім сыңар айдын» деп, немесе «Қосылмайтын шыңдар құсап, Мен жағада қалып қойдым» деп сыңарын таппай көкірегі қарс айырылуы өкінішті. Сонда біздің құстардан тәлім алуға шамамыз жетпегені ме?.. Қазақ поэзиясында ақындардың рухымен сырласу көптеп кездеседі. Бұл қатарды «Ақынға сын» өлеңі толықтырады. Қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамда болып жатқан қасіреттерге күйінген ол Мұқағалидың рухынан «Айтқысы кел­ген­дерді атып тастайды, Шыбын құрлы сұрауы жоқ біле білсең» деп медет сұрайды. Бүгінгі таңда белең алған рушылдық, әлдінің әлсізді қанауы, тоғышарлық, жемқорлықтың мемлекеттік дәрежеге көтерілуіне күйінген лирикалық кейіпкер батыр Бауыржан мен Мұқағали ақынның рухынан медет сұрайды. Ұлттық поэзияда өнер адамдарына, жақындарына, ұстаздарына, туыс-бауырларына өлең арнау –­ қалыптасқан дәстүр. Осы дәстүрді Жаңылхан да жалғастырып, өмірінен ерекше орын алған жандарға арнау өлеңдерін жазыпты. Олардың қатарында «Кенжегүл», «Ұлыма», «Болатжанға», «Досым Ардагүлге», «Аралдың тулап толқыны» (Ұлмекен Ұзақбайқызына), «Ләззат апайға», «Ақша бұлттармен сырласқан ақын» (Ғайни Әлімбекқызына), «Таулықпыз» (Сәуле әпкеге), «Көркісің ғой» (Ботагөз Исмаилға), «Жұбату» (Назгүлге), т.б. өлеңдерді атауға болады. Осы арнаулардың ішінен бір-екеуіне көңіл аударып көрелік. Әріптесі, ақылшысы, жанашыры, бауырларынан да жақын болып кеткен сырлас апасы Ботагөз Исмаилға арнаған «Көркісің ғой» өлеңінде: Байсалдысың, беріксің, байыптысың, Жаратқан құшағын кең жайыпты шын. Әжесінің ақылын тыңдаған қыз, Қандай құрмет көрсең де лайық­тысың, – дейді. «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» дейді қазақ. Олай болса, әжесінің қа­сында жүрген қыздың сол қазынаға қаныққанын, сол ұлттық құндылықтары өмір тәжірибесінде қолданып келе жатқандығын оның әулет жүгін арқа­лаған өмір жолын көруге негіз бар. Ал, «Әпке» өлеңінің айтары бөлек. Қазақ халқында бірге туған ағалы-інілі, апалы-сіңлілі бауырлардың өз балаларын бір-бірінің бауырына салу дәстүрі бар. Ондағы мақсат – туған бауырлары мен бірге өскен бауырларына мейірімін бөлу арқылы екі отбасының арасындағы ауызбіршілікті, ынтымақты нығайту. Кейбір жағдайда балаға мейірі түссе Алла тағала оған шарана нәсіп етеді деген ырыммен тұмса жандарға бірге туғандары баласын беріп жатады. Оны мына жолдардан көруге негіз бар: Әпке өзіңді екі оттың бір гүліне баладың, Сырларыңды іште жатқан сезген шығар дала мың. Біздерді де аяладың, қайғымызды бөлістің, Оларды да еркелеттің, қабағына қарадың. Егемендігіміздің 25 жылдығына ар­нал­­ған «Ұлы күн» атты өлеңде Көк­бөрінің ұр­пақтары үшін тәуел­сіз­діктің тұғырлы болуын қаласа, «Уәдесін ұмыту, Ол – құдайын ұмытқан!» («Уәде»), «Жаратқаннан шыдам болды сұрағаным, Тағы да шыдам бер деп сұранамын» («Шыдам беру») өлеңдері адам жанының ішкі иірімдерін ашуға қызмет етіп тұр. Сөзден сурет салған ақынның бейнелі тіркестерінен сөз саптасы аңғарылады: «Ақ қардай аппақ балалық алақанда еріп жоқ болған», «Көңіл мынау көк белден күдер үзген, Құм сияқты сусылдап бірікпеген», «Құйылып қаным жарылар болдым ызадан, Қызғаныш иті қыңсылап келіп талауда». Осылайша, ол жансызға жан бітіреді. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Мен сүрінсем біреулер алақайлар» өлеңінен мысал келтірелік: Мен сүрінсем, біреулер алақайлар, Жүрегімді лақтырып қалақайға. Сен үнсіз қал, үндеме, өкінбе де, Жаным түсіп жатса да талапайға. Поэзияда сөз, тіркес, сөйлемдерді қай­талаудың өзіндік мәні бар. «Сары гүлдер» өлеңінде «сары гүлдердің», «Үнсіздікте» «үн», «үнсіз», «Уақытта» «уақыт», «Уәдеде» «уәде», «Мүмкін еместе» «мүмкін емес», «Ғашық болуда» «ғашық болу» сөздерін бірнеше рет қайталау арқылы осы сөздерге ерекше көңіл бөлген. Қорыта айтқанда, сөз құдіретіне ерекше көңіл бөлген ақын бірде «Өлім жоқ, өлең деген періштеге» десе, енді бірде «Менің жырым – балбалым» дейді. Иә, өзі айтқандай, ақын қызы­мыз Жаңылханның сөзден салған балбалдарының мызғымай ұзақ тұруына тілекшіміз.

649 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз