• Заманхат
  • 23 Шілде, 2018

«Красный Восток» пойызының саяси комиссары Г. Сафаровқа хат

Бұл хатты 1920 жылдың 19 маусымында Перовск уезінің жұмысын тексеруге Мос­квадан арнайы шыққан, «Красный Восток» пойызының саяси комиссары Георгий Сафаров (Георгий Сафаров (1891-1942) – кәсіби революционер, 1921 жылы шыққан «Колониальная революция. Опыт Туркестана» кітабын жазған, партияның ұлт жөніндегі мамандарының бірі, 1922 жылғы партияның Х съезінде И.Ста­линнің баяндамасына ұлт мәселесі жө­нін­де қосымша баяндамашы болған - С.Ж.) басқарған комиссияға Гержодтың бұрынғы қызметтес көмекшілері, Ташкентте тергеуде жауап беріп жатқан Сүлеймен Миреев, Бекқожа Бердіқожаев және Мұса Тәжбенов орыс тілінде жазыпты. Хат мәтінінен орысша өте сауатты болған И. Гержодтың іс басқарушысы С. Миреевтің қолтаңбасы айқын сезіледі.

Перовск қаласының тұрғындарынан Г. Сафаровқа Перовскінің басшылары (бұрынғы шенеуніктері мен офицерлері және басқалары жайлы) хабарлама. 1920-06-19. «Перовск қаласының тұрғындарынан Г. Сафаровқа Перовскінің басшылары (бұрынғы шенеуніктері мен офицерлері және басқалары) жайлы хабарлама» «Красный Восток» пойызының өкілі жолдас Сафаровқа. Сырдария облысының Перовск қаласының азаматтарынан. Ташкент қаласында жатқан: 1) Бекқожа Берді­қожаевтан; 2) Сүлеймен Миреевтан және 3) Мұса Тәжбеновтан.

Хабарлама

«Красный Восток» пойызы Сыр-Дария облысына жолға шығыпты деген зарығып күткен хабарды газеттерден оқып, сіздерге қымбатты пролетариат еңбекшілерінің құқын қорғаушылары, осы аты аталған Сыр-Дария облысының құрамына кіретін Перовск жайлы азын-аулақ айтып жеткізуді өздеріміздің азаматтық парызымыз деп санаймыз. Қазан төңкерісінен кейінгі Перовскінің одан бұрынғы буржуазды-капиталистік үкімет басқарған Перовскіден онша өзгерген ештеңесі жоқ, кеңестік билік басындағы Перовскіде – пролетариатты сатқан офицерлер, буржуйлер, құлақтар мен кісі өлтірушілер, тіпті, литвалық князьдықтың дара билеушілерінің ұрпақтары басқарып отыр. Жарлы-жақыбай халық кеңестің ішіне кіріп отырып алған мырзаларға қарсы ештеңе істей алар емес. Себебі, жұмысшылар, депоның қол шеберлері мен ұсталары үнемі майданда болды, қандарын төгіп жеңіп алған пролетарлық теңдікті қорғады, ал мұсылман қауымының жұртының оған көңіл аударатындай жағдайы болған жоқ, себебі аштықтан өліп жатты. 1917 жылдың аяғы мен 1918 жылдың басында аштықтан өліп жатқан мұсылмандардың өліктерін көшелерде кездестіруге болатын. Қаланың дүниеқоңыз мещандары мен далалықтағы бай-құлақтарға бұл қолайлы жағдай болды, олар пролетариаттың өте ауыр жағдайы мен төтенше болған күйзелісіне қуанып шаттанды. Билік өздерінің жеке бастарының қамын жасаудан басқа ештеңе істемеді. Осы басқарушылардың кейбіреулері республикаға төнген дағдарыстан аман өткеннен кейін де Перовскіде диктаторлық істерін жалғастырып, бір өздерінің атынан кеңес үкіметін басқара берді. Жоғарыдағы айтқандарымыз жалаң сөз болмасын, соңғы екі жылда Перовскіде орын алған деректерді алға тартайық. Қазан төң­керісінен 1918 жылдың қаңтарына дейін Перовскідегі пролетарлық биліктің басында капитан Шухарт (Шухард - С.Ж.), подпоручик Любимов, прапорщик Блюм, пролетариаттың опасыз сатқыны Агапов (1919 жылдың қаңтарында Ташкентте Осипов екеуі қарулы көтеріліс жасаған), ескі патшалық полицияның қызметкері Тонконогов, жұртқа танымал парақор Шилов және мұсылмандарға танымал даланың бай-құлағы Пірмұхамед Көтібаров болды. Пролетарлық биліктің осы «өкілдері» нағыз шешуші сәтте, яғни, пролетариат өз билігін нығайтуға жұмылып жатқан кезінде, күреспен жеңіп алған теңдігін қорғап жатқанда, пролетариаттың басқа бір бөлігі (жарлы-жақыбай мұсылмандар) аштықтың құрсауына түсіп, бишаралардың бар тамағы күнжара ғана болғандықтан аштықтан көшеде қырылып жатқан кезінде өздерін мынадай іс-қимылдармен танытты. 1917 жылдың 31 желтоқсанынан 1918 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Перовск қаласында бұрынғы уез бастығы Никольскийдің үйінде мына кісілердің бастауымен: совдеп төрағасы капитан Шухарт, уездік комиссар подпоручик Правдолюбов, совдептің төрағасының орынбасары (даланың атақты бай құлағы) Пірмұхамед Көтібаров, совдептің хатшысы прапорщик Блюм, патша шенеунігі, титулды кеңесші Еркебай Мәтенов жергілікті буржуазияның өкілі Абдолла Брендуковтың (Перовскінің атақты саудагері, ақ гвардияшының баласы, қазір Жорабек Есеновтың қолдауымен азық-түлік ұйымында қызмет атқарады) және кеңес үкіметінен саудагерлік іс-әрекеттері үшін жасырынып жүрген Қойшыбай Түгеловтың қаражатымен жаңа жылдың құрметіне салтанатты кеш ұйымдастырды. Ал, Правдолюбов пен Көтібаров күні бұрын қам жасап қайдан алғаны белгісіз әртүрлі сортты спирттік ішімдіктерді, жеміс пен неше түрлі тәттілерді тауып әкеліпті, қой сойылған, палау дайындалған және т. б. Бұл жерде тағы бір айта кетер жәйт, офицерлер бұған дейінгі әдеттерімен барлығы да алтын погондары мен мундирлері, шпорларын тағып келген, буржуйлар мен құлақтар үстеріне қымбат жағалы тондары мен зерлі қамқалы шапандарын киіп, бұл кеш офицерлер мен бужуазияның салтанаттарын еске салған. Бұл хабарды естіген жергілікті депоның жұмысшылары осы түнде Ташкенттен келген қызылгвардиялық отрядпен бірге тойлап жатқандарды қуып жіберу үшін барады. Бірақ, бұл талапты естіген батырсымақтар келген жұмысшыларға қалтасындағы қазыналық револьверлерден оқ атады. Мұны көрген жұмысшылар, мұндай бассыздыққа наразылық білдіріп алтын погондылар мен буржуйларға оқпен жауап береді, осы атыстың нәтижесінде офицер Пяткин, буржуй Түгелов өледі, патшаның қызметшісі Еркебай Мәтенов, (бір жұмысшы) австриялық және темір жол оқушысы жарақат алады. Жұмысшылардың қандай күш екенін сезген офицерлер мен буржуазиялар қаша жөнеледі, офицерлер иықтарындағы погондарын жұлып тастап қашқан, барлық офицерлерді қамқорына алған Иосиф Лукьяновтың арқасында олар аман-сау қалады. Енді, осы мансапқорлардың аяғы не болғанын айтайық. Қызметтерінде аз кем уақыт болғаннан кейін Шухарт, Правдолюбов, Блюм және Агапов қызметтерінен босатылды, артынша Перовскіден кетіп қалды. Соңғы екі кісі, атап айтқанда Блюм мен Агапов 1919 жылғы қаңтардағы ақ гвардияшылардың көтерілісіне белсенді түрде қатысқаны үшін біріншісі атылды, екіншісі бес жылға түрмеге кесілді. Шухарт пен Правдолюбовтың қайда екенін білмейміз. Көтібаров, Мәтенов пен Тонконогов Перовскіде қызметтерінде қалды: біріншісі совдеп төрағасының орынбасары, екіншісі – уездік комиссариаттың хатшысы, үшіншісі тағы бір жерде. Енді, Перовск үкіметінің жаңа құрамына, жоғарыда аталған кісілердің орнын басып сол қызметтерінде 1919 жылдың аяғына дейін болған, күні бүгінге дейін Перовскіде билікте отырғандарға сипаттама берелік. 1) Иосиф Гержод (литвалық уездік князь­дің ұрпағы) 1918 жылдың қаңтарында Перовск совдепінің төрағалығына сай­ланған. Гержод бұл қызметте 1919 жыл­дың қарашасының аяғына дейін болды, үздіксіз, көп жағдайда сайлаушылардың еркінен тыс бірнеше рет сайланды. Перовск уезін «басқарған» уақыт аралығында Гержод жалғыз өзін кеңес үкіметі деп танытып, өрескел қылмыстар жасады, пара алды және т. б. Жарайды, сіздің назарларыңызды оған бұрмай-ақ қоялық, себебі, бүгінгі таңда Гержод Туркфронттың әскери три­буналының Революциялық сотына берілді, соттың өндірісінде ол жайлы егжей-тегжейлі материалдар жеткілікті. 2) Пірмұхамед Көтібаров. Жоғарыда айтылған, қанды қақтығыспен аяқталған салтанатты кештің ұйымдастырушысы, 1918 жылдың жазына дейін Перовск совдепінің төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Осы кезде кейбір адамдардан 40.000 рубльге жуық пара алып сот пен тергеуден сытылып Колчак жаққа қашып кетті.1919 жылдың аяғында Колчактың жеңілісіне көзі жеткен соң, Ташкенттен Перовск уезінің істерін тексеруге арнайы жіберілген комиссияның келе жатқанын естіп, оның құрамындағы туған інісі, бұрынғы шенеунік, окружной соттың прокуроры Әлмұхамед Көтібаровтан қолдау іздеп Перовскіге оралды. Көтібаров қателеспепті, қолдау жасалып інісі Әлмұхамед Көтібаровтың көмегімен жергілікті Чекада оған қарсы айыптайтын материалдардың болғанына қарамастан Көтібаров Перовск ревкомының жанындағы ұйымдастыру және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осындай тірліктен кейін бұл адамнан пролетариаттың қандай ұйымдастырушысы, қандай үгітшісі шығарын Сіздердің пайымдауларыңызға қалдырамыз. Бүгінгі таңда айыптау материалдары Сырдария облыстық Революциялық трибуналына түскеніне қарамастан Көтібаров Перовск уездік милициясының бастығы қызметінде отыр. 3) Жорабек Есенов. Перовск уезінің Жөлек болысының атақты байбатшасы және даланың бай-құлағы. Оны Перовскіге 1918 жылдың 1 мамырында реквизициялық комиссияның мүшесі Дворцов әкелген болатын, оның ұсынысымен сол кездегі совдептің ауыспай жұмыс істеген төр­ағасы болған, Перовскінің атақты диктаторы Гержод Есеновты Перовскінің учас­келік комиссары етіп тағайындады. Бұл тағайындауға наразы болып келіспеген кейбір болыстық комиссарларды Гержод өз билігімен түрмеге отырғызды. Сонымен бірге, Гержодтың бұйрығымен 30 наразы болған мұсылман тұтқынға алынды. Міне, Есеновтың кеңес қызметкерлерінің қатарына келуі осындай істермен басталды. Бірнеше әртүрлі қызметтерде болған Есенов, кейін совдеп төрағасының орынбасары қызметін атқарды, Гержодтың түгелдей сеніміне кіріп, төраға жоқ кезде орнында қалып жүрді, соның арқасында халық оны сыйлауға мәжбүр болды, жұртшылық ішінде жасанды абырой жинады, Гержодтың мұсылмандарды жазалайтын соқыр қаруына айналды. Гержодқа арқа сүйеген Есенов қыл­мыстың неше түрлі сұмдықтарын жасады. Атап айтқанда, Сапар Какие... (қазір өлген) деген жұмысшының Ақкенже деген әйелін тартып алып, бір жылдай тұрып, өзгеріп үлгірген әйелді 20.000 рубль төлеп, тағдырдың тәлкегіне түсіріп, Махан Шынәлиев деген азаматқа қуып жіберді. Бұдан соң төмендегі кісілерге: Саба­лақ болысының азаматтары Қырбас Байғабылов, Мысқалбай Нұрмұхамедов және Көткеншек болысынан Садық Шәймұхамедовтарға түрлі қорлықтар жасады, заңсыз айыптар салып төлетті, өз билігімен бұрыс реквизициялар, кәмпескелеулер, тұтқындаулар және т. б. жасады. Бірақ, олардың шағымдарын жоғарыда аталған Ташкенттен келген комиссия қанағаттандырусыз қалдырды. Оған себеп, аталған комиссияның мүше­лерінің ішінде Есеновтың туыс­қандары мен достары бар болып шықты. Атап айтқанда, комиссияның төрағасы Лаумуллин, мүшелері Мадалиев пен Көтібаров. Ревкомға кіріп алғандардың қолдауымен Есенов Перовск уезінің азық-түлік комиссиясының меңгерушісі болып тағайындалды, бұл қызметте әлі күнге дейін отыр. Айта кеткеніміз артық болмас, осы Есеновтың туған інісі Бабабек Есенов ағасының көмегімен уездік қала­лық партия ұйымының төр­ағасы болып орналасқан болатын, ол кон­трреволюциялық іс-әрекеттері, мас­күнемдігі, саяси қызметкерлерді жәбір­легені үшін тұтқындалып, қазір Шым­кенттегі Туркфронттың Ерекше бөлімінің қарамағында күзетте отыр. 4) Серікбай Бедебеков. Учаскелік прис­тавтың бұрынғы тілмәші, сол кезде қызмет бабын пайдаланып жалғандықтар жасаған, сол істері үшін түрмеде отырған, 1913 жылы Қараөзек болысының азаматы Сауранбай Құлмановты (Сыр бойына белгілі би, болыс, 1847-1919 жж. - С.Ж.) өлтіруге қастандық жасаған, осы болыстың екі қазағы – Құлғабыл Байғозиев пен оның баласы Ермахан Құлғабыловты өлтірген адам, ауылдың атақты бай-құлағы, қазір Есеновтың, Көтібаровтың қолдауымен Перовск уезінің жер шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметінде отыр. Оның соңғы екі адамды өлтіргені жайлы айып тағылған материалдар Перовск уезінің халық сотының өндірісінде біраз жатып, контрреволюционер судья Филоненконың көмегімен (сірә, оны Бедебеков сатып алған болар) архивке тапсырылды. Осы іске куәгер ретінде, бұл істің анық-қанығын жетік білетін, Түркістан республикасының халықты ағарту комиссарының көмекшісі Иса Тоқтыбаевты шақыруға болар еді. 5) Еркебай Мәтенов. Бұрын патшаға қызмет еткен, «патша ағзамға» 25 жыл еңбегі сіңген, сол еңбектері үшін ордендер мен медальдар, шен және т. б. алған, жоғарыда айтылған салтанатты кешті өткізуге белсенділікпен қатысып сол кеште қызылгвардияшыларға қарсылық көрсету кезінде жарақат алған. Уездік комиссариаттың хатшысы қызметінде болған кезінде Мәтенов Гродеков болысының қазақтарынан пара алып, олардан түскен шағым арызға байланыс­ты Перовск совдепінің қаулысымен, 1918 жылдың 1 ақпанында болса керек, қызметінен босатылған. Осыдан кейін бұрын патшаға қызмет еткен адамның мансабы бітуі тиіс еді. Бірақ, жоғарыда аталған Ташкенттен келген комиссияның мүшелерінің – Лаумуллиннің, Мадалиевтің және Көтібаровтың қолдауымен Мәтенов әуелі ревкомның іс басқарушысы, кейін осы басқарманың жанындағы бөлімнің басқарушысы етіп тағайындалды. Бұл адамнан пролетариаттың мүдделерін қорғайтын қандай қорғаушы шығатынын оның өткен тірліктері айқын көрсетіп тұр. Бұл мәселені де сіздердің пайым­дауларыңызға беріп отырмыз. Осы білдірісімізді жеткізе отырып, «Красный Востоктан» барлық айтқандарымызға байланысты тиісті шараларды қабылдауды сұраймыз. Себебі, бұл кісілер қазіргі кезде Перовскіде ешқандай жұмысшылар тарапынан бақылау көрмей үстемдік етіп отыр. «Красный Восток» Перовскіге келген күннен бастап аты аталған кісілерді өздеріне шақырып алып, бет-әлпеттеріне қарап олардың қандай жандар екенін бірден анықтайды деген ойдамыз. Біз, коммунистік партияның мүшелері, жоғарыда аты аталған кісілердің айла­керлік жымысқы қолдарымен жасалған істерінің арқасында қазіргі таңда Перов­скіден шеттетіліп отырмыз. «Красный Востоктың» пролетарлық елімізді жұмыс­шылардың арасына қыстырылып кіріп кеткен осындай элементтерден тазартамын деп қойған әділетті мақсатына үміт артамыз және сенім білдіреміз. 19 маусым 1920 ж. Ташкент. Айтуға тиістіміз, егер, осы кісілер қоғамның басқа бөлігінен алдын ала оқшаулатылмаса, ақиқатқа жету мүмкін емес. Себебі, олар өздері әдетке айналдырған қараңғы мұсылман бұқараны сатып алу, қысым көрсету әдістерін пайдаланып аман-сау қалып, оянып келе жатқан мұсылман жұртшылығын арам ниетті қолдарымен басқарып отыра береді. Бұл адамдар бізді Перовскіден коммунист және пролетарлық ортадан шыққандығымыз үшін (өкілдері есебінде), олар сияқты қылмыстық санамен рухымыз уланбаған жас ұрпақ болғанымыз үшін шеттетіп отыр. Олар біздің мұсылмандық пролетариаттың санасын қанауына мүмкіндік бермейтінімізден қауіптенеді, олардың пролетариат пен социальды революцияның алдында қылмыстар жасағанын біле отырып, олардың пролетарлық биліктің басында болуына жол бермейміз, себебі олар еңбекшілердің нағыз таптық жаулары. 19 маусым 1920 ж. Қол қоюшылар: (С. Миреев, М. Тәжбенов және мұсылманша қол қойылған) Хатта айтылған көптеген жайттар түсініктірек болу үшін 1919 жылдың қараша айынан басталатын кейбір нақ­ты деректерді келтірген дұрыс болар. Иосиф Гержод (01.04.1884 ж. Киев губерния­сында туған-1960 жылдардың аяғы - С.Ж.) Түркікомиссиясының бұйрығымен Ташкентке шақырылып 1919 жылдың 16 қарашасында вокзал басында тұтқындалып ісі тергеуші Рубининге жіберіледі. 1919 жылдың 18 қарашасында Гержодтың мәселесі Ташкентте арнайы талқыланады. Жоғарғы өкіметтің билігіне бағынудан бас тартқаны үшін Перовск уездік кеңесін таратып құрамына 5 мүше кіретін арнайы революциялық комитет тағайындау жайлы қаулы қабылдайды. Алғашында ревком төрағасы болып Ішкі істер комиссариатының өкілі Ягодкин бекі­тіледі де, артынша 1919 жылдың 24 қара­шасында жаңа төраға болып И. Қаш­қынбаев тағайындалады. 25 қарашада рев­ком құрамына Түркіатком мүшелері А. Са­врей (төраға орынбасары), А. Ізбасаров, Ягод­кин және Перовскіде жұмыс істеп жатқан Ерекше-арнайы комиссиясының мүшесі М. Лаумуллин кіргізіледі. Перовск уезі бойынша ревком та­ғайын­далып, оның құрамына өзі де кіргізілгенін естіген М. Лаумуллин 1919 жылдың 26 қарашасында Т. Рысқұловқа телефон шалып жағдайды былайша баяндайды: «1. Комиссияның жұмысы табысты жалғасуда, тек маман тергеушілердің болмауы себепті ғана аздаған кідіріс бар; 2. Ревком жіберу қажетсіз деп есептеймін, өйткені, 6 желтоқсанда кеңес сиезін өткізу жоспарланып қойылды, бұл мәселе бойынша уездің барлық аймақтарында ұйымдастырушылар жұмысқа кірісіп кетті; 3. Перовск ұйымын тарату ісі жоспарлы жүргізілуде. Ешқандай кесір келтіруші жоқ; 4. Партияны тазалау ісі Максимов пен Ізбасаровтың жетекшілігімен жүргізілуде». Бұл хабарды алған соң Т. Рысқұлов Түркістан Төтенше комиссиясына (ЧК) хат жазып екі маман тергеушіні Перовскіге аттандыру туралы өтініш айтады. Сонымен бірге, 6 желтоқсанға жоспарланған уездік кеңес сиезін әзір шақырма, уездегі барлық жағдай тұрақтансын дейді. Т.Рыс­құлов сонымен бірге Перовскі сов­депінің жұмысын тексеріп жатқан Ерекше арнайы комиссияның төрағасы Шайдың Түр­кіатком құрамына шақырылуына байланысты комиссияның жаңа басшысы етіп Мұратбек Лаумуллинді бекітеді. Комиссияның беделін ойлаған М. Лаумуллин уездегі жағдай тұрақталды, жұмыс табысты жүріп жатыр деуі артықтау болатын. Жағдай керісінше асқына түскен еді. Гержодтың сыбайластары комиссияны да, ревкомды да мойындаудан бас тартады. Сол себептен де Түркіатком 1919 жылдың 29 қарашасында жаңа жеделхат жолдап, ревком мен комиссияның жұмысына кесір келтірушілерді дереу тұтқындап, революциялық трибунал сотына беруді бұйырады. Перовскіге келіп жеткен ревком ең алғашқы бұйрығымен түрмеден барлық жазықсыз адамдарды босатып, бұдан былай ешкімнің сот шешімінсіз тұтқындалмайтынын жария етеді. 1919 жылдың 9 желтоқсанында ревком бүкіл уез халқына үндеу жариялап Гержод пен оның сыбайластарының уездегі шексіз қылмысты билігінің тоқтағанын, өз жерінен үдере көшкен қазақ көшпелілерін өз мекендеріне оралуға шақырады. Ревкомның мүшесі әрі Ерекше-төтенше комиссияның төрағасы болып екі қызметті атқарып жатқандықтан М. Лаумуллин комиссияның төрағасы жұмысынан босатылады да оның орнына А. Лазани Ерекше-төтенше комиссияның төрағасы болып тағайындалады. А. Лазани басқаратын Перовск комиссиясы 1919 жылдың 27 желтоқсанында уездің бұрынғы басшыларының арасынан іріктеп төмендегі кісілердің үс­тінен қылмыстық іс ашып, оларды ревтрибуналдың сотына жібереді: И.Гержод – (Перовск атқару коми­тетінің бұрынғы төрағасы) контри­буциялық ақшаны қымқырғаны, пара алғаны, қуғын-сүргін ұйымдастырғаны, заңсыз тәркілеу жүргізіп, алым-салық жинағаны, заңсыз тұтқындаулары, заңсыз атулары және жеке-дара билеп-төстегені үшін; Трефилов – (уездік партия комитетінің бұрынғы төрағасы) заңсыз тәркілеулері, тәркілеген мүлікті қымқырғаны, қазақтарды сотсыз атқаны үшін; Архипов – (уездік төтенше комиссияның (ЧК) бұрынғы бастығы) заңсыз алым-салық жинағаны, қазақ қыздарын зорлағаны үшін; Дворцов – (аштықпен күресетін уездік комитеттің бұрынғы бастығы) тәркіленген матаны жымқырғаны, заңсыз тәркілегені, тұтқындарды азаптағаны үшін; Миреев – (атқару комитетінің іс басқарушысы) өз қарсыластарын парақор деп айыптап, түрмеге жабу үшін жалған құжаттар жасағаны және т.б. үшін; Никитин – (уездік халыққа білім беру бөлімінің бұрынғы меңгерушісі) мүғалімдер мен оқушыларды ұрып-соққаны, қызметкерлерді қуғындағаны, заңсыз тәркілегені, тәркіленген заттарды қымқырғаны үшін; Неймович – (уездік әлеуметтік қорғау бөлімінің бұрынғы меңгерушісі) заңсыз тәркілегені, тәркіленген заттарды қымқырғаны үшін; Курдуков – (уездік милиция бөлімінің бұрынғы бастығы) заңсыз тінту жүргізгені, тұтқындарды ұрып-соғып қорлағаны, қазақтардан мал-мүлік тәркілегені, тәркіленген заттарды қымқырғаны үшін; Тәжбенов – (уездік атқару комитетінің бұрынғы мүшесі) түрліше арандатушы істерге қатынасқаны, заңсыз тұтқындағаны, мал-мүлікті тәркілегені үшін; Кос­тенко – (төтенше комиссияның (ЧК) алғашқы төрағасы) қазақтардан мал-мүлік тәркілегені, тәркіленген заттарды қымқырғаны, адамдарды сотсыз атқаны үшін; Бердіқожаев – (уездік атқару комитетінің бұрынғы мүшесі) заңсыз тәркілегені, мал барымталағаны, қазақ қыздарын зорлағаны, адамдарды заңсыз тұтқындағаны, сотсыз атқаны, тұтқындарды ұрып-соққаны үшін; Ворожейкин – (атқару комитетінің шаруашылық меңгерушісі) заңсыз тәр­кілегені, тәркіленген заттарды қым­қырғаны үшін. Перовск атқару комитетінің кейбір мүшелері – С. Бедебеков, Ж. Есенов, Шыналиев, Фатих Юсупов, т.б комиссия атына хат жазып, өздерін тұт­қындамауды сұраған. Хатта олар: «біз атқару комитетінде азшылық едік.., Гержодтың қысымында жүрдік», – деп мәлімдеген. И.Гержодтың тыңшыларынан әлі күнге қорқатындарын, сондықтан, комиссиядан өздерін қорғауды өтінетіндерін де білдірген. Жоғарыдағы хаттан байқағанымыз, Перовск уездік атқару комитетінің қазақ мүшелері бір-бірлерін жамандап, суға батыруға тырысқаны, өздерінің аман қалу жақтарын ойлағаны көрініп тұр. Түркбюро және Атқару бюросының 1920 жылғы 9 қазанда өткен мәжілісіне Г. Сафаров (төраға), Л. Каганович, Н.Төреқұлов, Атабаев, Сольц, Лепа қатысқан (№8 хаттама). Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе: түрлі қылмыстары үшін заңнан тыс деп табылған тұлғалар тізімін талқылау (проскрипционный список) болды. Осы тізімде 13-ші тұрған С. Бедебеков бойынша-қырғыз аудандарына жібермеу туралы шешім шығарылса, 14-ші тұрған Ж. Есенов бойынша - Особотделде қылмыстық ісі жатқандықтан Турчека мен Особотделге оны ұстап, қамау туралы тапсырма берілген. Қазақтың алауыздығы, ауыз бірлігінің жоқтығы Гержодтың ісін Ташкенттегі ревтрибунал соты қараған кезінде айқын байқалды. Гержодтың зобалаңына түсіп атылып, асылған қазақтардың туған, туысқандары сотқа барып куә болудан қорқып қашты. Бұл жайлы 1920 жылы Ташкентте шығатын «Ақжол» газетінің 29 желтоқсанда шыққан санындағы Ескерген деген азаматтың «Гержодтың ылаңы» деген мақаласында өте жақсы сипатталған. «...Бірақ жұрт қайда? Герджуд пен жолдастарынан көрмеген бәлесі жоқ жұрт қайда? Осы таң қаларлық іс. Кеше жылап жүрген, қырылып жүрген жұрт – бірі қыпшақ, бірі жаппас, бірі Орта жүз, бірі Кіші жүз болып әрқайсысы өз бұзықтарының басын қорғап, Құдай, ата-бабаңның әруағы деген таң емізген өтірік сөзге сеніп, өзі де, сөзі де жоқ болып отыр. Атқа мінгендер, жаяу тілмәштар болып осылай жүрсе, бұл бұл ма, мұнан да бетер талай жамандыққа ұшырайтын, һәм төңкеріс заманында басқалардан жұртшылық шығып, көбінің баласы шығып, көбінің пайдасы шығып, көбінің қамы істе болып жатқанда, қазақтың ру намысын жоқтап өлексеге үймелеген қарғадай болып Герджуд заманында жүз есе жаман шерменде болып жүруі анық. Сондықтан, бұл Герджуд лаңын баяндап жатқа ұсынып отырғандағы мақсатымыз – біреуді айыптап, жазаға тапсыру емес. Оны жұрттың көбі біледі, бірақ ойлаған жоқ. Мұның арты неге барып тірелері, аяғы не боларын ескерген жоқ. Соны ойына салып ескертпекпіз». Тағы бір айта кетерлік жәйт, Гер­жод­тың орынбасары болған Ж. Есенов пен атқару комитетінің жоғарыда аталған басқа да мүшелерінің қылмысты жазадан құтылып кетуіне комиссия мен ревком мүшесі М.Лау­муллиннің біршама ықпалы болғаны. Оған негіз А. Лазани мен Э. Сичтің 1920 жылы 29 қаңтарда Түркіаткомға жолдаған хатында осы жай­лы баяндалады: «Жол. Шайдың Перовскіден аттанып кетуінен соң оның орнына біздің комиссияның төрағасы болып жол. Лаумуллин комиссияның тең өкілетті басқа мүшелерімен ақылдаспай-ақ, жеке өзі даярлаған бұйрықтармен комиссия атынан жариялайтын болып алды. Мысалы, жол. Лаумуллин комиссиямен келіспей, Түркіатком төралқасына хат жолдап, Перовск атқару комитетін таратпау туралы өтініш білдірген, ондағы ойы өз туысқаны болып келетін Есеновтың жұмыссыз қалмауын қамтамасыз ету еді. Есенов болса бар мүмкіндікті пайдаланып биліктен айрылғысы келмеді. Есенов кезінде халыққа талай зорлық-зомбылық көрсеткен еді, бірақ жол. Лаумуллинмен арадағы туыстық жақындығын пайдаланып және патша полициясы приставының бұрынғы тілмәші ретінде айлакерлік пен қулық таныта отырып жазадан құтылып кетті. Бұл туралы Перовскіде барлығы сөз қылып жүр...». Жоғарыдағы хат жазушылар мәлім­де­гендей М. Лаумуллин мен Ж. Есеновтың арасында туысқандық бар екені анық, бірақ Есеновты жалғыз Лаумуллин ғана емес, ревкомның басқа да мүшелері – Қашқынбаев, Мадалиев, Ізбасаров және т. б. қазақ коммунистері қолдаған. 1920 жылдың 20 ақпанында комиссия төрағасы А. Лазани арнайы бұйрық жариялап, комиссияның өкілеттігінің тоқтатылғанын хабарлайды. Жинаған барлық құжаттарды Түркіаткомға тапсырады. Түркіаткомның іс басқармасы комиссияның құжаттарымен егжей-тег­жейлі танысып шығып, оны 1920 жылдың 12 ақпанында Түркістан майданы революциялық-әскери кеңесінің Ерекше бөліміне бағыттайды. Барлығы 9 томнан тұратын айыптау істері революциялық трибунал сотына тапсырылады. Гержод ісін аяғына дейін сотқа жеткізу жұмысында сол кездегі Мұсылман бюросының басшысы болған Т. Рысқұловтың еңбегі ерекше болғанын айтқан жөн. Енді, осы Хабарламаны жазған үш адам жайлы кейбір деректерді ортаға са­лайық. Әуелі осы үш адамның Гержодпен қандай қарым-қатынастарда болған, сол жағына тоқталық. Сүлеймен Миреев – 1895 жылы (кейбір деректер бойынша 1892 жыл) Қызылорда облысының Қазалы ауданында (кейбір деректер бойынша Қарақалпақ АССР-ң Шымбай ауданында, Нүкісте) туған. 1937 жылдың 27 ақпанында «халық жауы» деп атылған, 1960 жылы ақталған. Гержодтың көмекшілерінің ішіндегі ең сауаттысы және сенімдісі болған адам. Сотталар алдында Ақтөбеде аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметінде болған. Соған қарағанда, «Гержод ісі» бойынша түрмеде көп отырмаған, бірақ Қызылордадан тыс жерде өмір сүрген. Жоғарыда аталған А. Лазани басқарған Ерекше-арнайы Перовск комиссиясы өзінің қаулысымен Гержодты бірнеше көмекшілерімен бірге С. Миреевті де Ревтрибунал сотына беруге қаулы шығарады. Оған мынадай негізді дәлел келтіреді. 1919 жылдың қазан айында республикалық басшылыққа бағынбаған Гержодты Ташкенттегі жоғары билік тұтқындау жөнінде қаулы қабылдайды. Ташкенттегі ТурЧеканың бастығы Перовскідегі уездік Чеканың бастығы А. Архиповқа Гержодты тұтқындау жөнінде шифрлі жеделхат жібереді. Архипов бұйрықты орындаудың орнына Гержодқа барып жеделхаттың мазмұнын оқып береді. Мұны естіген Гержод сол күннен бастап Ташкенттен Гержодты ұстауға келе жатқан қарулы отрядты күтуге дайындала бастайды. Жоспар жасайды. Атқару комитетінде 50 винтовка, 10000 патрон бар, егер 50 адам жинасақ, Сырдарияның арғы бетіне өтіп қарулы отрядқа қарсылық ұйымдастыруға болады, ал егер сәтсіздік болғандай болса, Бұхара құмдары арқылы Сібірге өтіп кетуді жоспарлайды. Сүйтіп сыбайластар келісіп бүлікшілердің негізгі ядросын құрады. Бұл құрамға аткомның төрағасы Гержод, компартия төрағасы Трефилов, төтенше комитеттің (Чека) төрағасы А. Архипов, Дворцов пен Чипков және аткомның іс басқарушысы және хатшысы С. Миреев кіреді. Миреевке мұсылмандармен байланыс жасау тапсырылады. Бірақ күтпеген жерден Ташкенттен қарулы отряд емес, оның орнына арнайы комиссия сау ете қалады. Оның үстіне жинаймыз деген 50 адамды жинай алмайды, сасқан Гержод қашпақшы болады. Қайда қашамын деп ақыл сұрағанда сенімді көмекшілерінің бірі Бекқожа Бердіқожаев Сырдарияның арғы бетінде «Сабалақ» деген жерде оқшау тұрған үйі бар екенін айтып қайыққа мінгізіп Гержод пен Дворцов екеуін сол жерде жасырады. Гержод қашып кетіп өздерін жалғыз қалдырады деп қорыққан Архипов пен Чипков оларды артынан іздеп келіп, екеуін «Сабалақтан» алып қайтады. Осы кезден бастап Гержод пен оның көмекшілері (ішінде Миреев те бар) өткен даталармен жалған қаулылар жазып, айғақты құжаттарды жоюмен айналысады. Міне, осындай істерді жасау кезінде Гержодқа ерекше адалдығымен берілген С. Миреев Ерекше комиссияның алдында «жаздым, жаңылдым» деп трибунал сотынан құтылған болса керек. С. Миреевтің Перовскіден кеткеннен кейінгі өмірі жайлы деректер қолымызға түскен жоқ. Бекқожа Бердіқожаев – 1882 жылы туған, орысша сауатты сөйлеген, бірақ, жаза алмаған болса керек, құжаттарға арабша қол қоятын болған. Ерекше комиссияның алғашқы төрағасы болған Ю. Ибрагимов 1919 жылғы 31 қазанда Т. Рысқұловқа жазған хатында «...Сондықтан да, Гержод пен оның ең жақын ымыралас сыбайластары» деп С. Миреевті, Б. Бердіқожаевты, М. Тәжбеновты атап көрсетіпті. Жазбаша сауаты мықты болмаса да Чеканың, ревтрибуналдың мүшелігіне, орынбасарлығы, заседателі сияқты жауапты комиссиялардың құрамында жұмыс атқарған, болыс, учаскелік комиссар болып, Гержодтың арнайы тапсырмаларын орындайтын сенімді қызметкеріне айналған. Інісі Мәжитті болыс етіп қойған. Кеңес заманында большевиктік қызметі жайлы еш жерде айтпаған, жарияламаған. Ерекше комиссия Б. Бердіқожаевқа – заңсыз тәркілегені, мал барымталағаны, қазақ қыздарын зорлағаны, адамдарды заңсыз тұтқындағаны, сотсыз атқаны, тұтқындарды ұрып-соққаны үшін деп ісін сотқа берген. Мұса Тәжбенов – 1895 жылы 4-ауылда туған. Орысша жазу, сөйлеу қабілеті болған ол 1915 жылы Перовскінің пошта-телеграф конторының 6-разрядты шенеунігі болып жұмысқа тұрған, Гержод екеуі пошта конторында бірге істеген. 1918 жылы Гержод совдептің төрағасы болып сайланған соң Тәжбеновты қасына жұмысқа алған. Осылайша, И. Гержодтың өте сенімді серігіне айналған. 1937 жылы «үштіктің» қаулысымен 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне айдалған. «Гержодтың ісінен» кейін Қызылордадан тыс жерде болған сияқты. Сотталар алдында Арал қаласында тұрған. М. Тәжбенов та Б. Бер­діқожаев сияқты артында большевиктік өмірі жайлы сөз, әңгіме қалдырмаған, оқшау өмір сүрген сияқты. Қашан өмірден өткені белгісіз. Мұса Тәжбеновтың Гержодтың өте сенімді адамы болғанын дәлелдейтін бір айғақ қалыпты. Гержод ешкімге, әсіресе, қазақтарға, мылтық асынып жүруге рұқсат бермеген. Мұрағаттарда М. Тәжбеновтың Гержодтың атына хат жазып қару сұраған арызына Гержодтың «берілсін» деген қолтаңбасы бар құжат қалыпты. Гержодтың өмірінің соңында жазған «Соңғы парад» атты қолжазбасында «Тәжбенов сияқтылардың бәле-жаласы күйе болып жағылды» депті. Тәжбенов та билігін пайдаланып ағасы Ғайсаны болыс етіп қойған. Айыптау ісінде «түрліше арандатушы істерге қатынасқаны, заңсыз тұтқындағаны, мал - мүлікті тәркілегені үшін» деген айыптар тағылған. 1920 жылы Москвадан Шығысқа арнайы жіберілген «Красный Восток» пойызының саяси комиссары Г. Сафаровқа И. Гержодтың жақын үш көмекшісінің жазған хатының тарихы осындай. Бұл мақаланың мақсатында аталған кісілерге байланысты ақ немесе қара баға беру жағы жоқ. «Гержод ісінің» әлі күнге дейін ашылмаған құпиялары көп. Кеңес заманында «Гержод ісі» жайлы айтуға қатаң тыйым салынды. Сонымен бірге, атышулы Гержод 1918-1919 жылғы совдептің өзіне қатысты құжаттарының барлығын жойып жіберген. Сондықтан да, бұл іске байланысты табылған әрбір дерек, құжат сол бір ел басындағы талайлы кезеңге сәуле түсіретіні анық. Жоғарыда аталған кісілердің істерінде сол заманға лайық жарық та, көлеңкелі жақтары баршылық. Өздері оқшау өмір сүрген, артында ауызша да, жазбаша да деректер қалдырмаған десе де болады, ұрпақтарына өздерінің большевиктік өмір кезеңдері жайлы айтуға қатаң тыйым салған. Мысалы, Б. Бердіқожаевтың қызы, кеңес қызметкері болған Мүслима Бекқожаева әкесі жайлы 1954 жылы «..Әкем Қазан төңкерісінен кейін әртүрлі жұмыс атқарған, байлардың қолында жалданып жұмыс істеген, қазір еңбек мүгедегі» деп, жеке анкетасында қысқа қайырыпты. С. Миреев 1937 жылы атыл­ған, ұрпақтары Ресейде, Украинада, тіпті АҚШ, Германияға дейін шашылып тарап кеткен. Мұса Тәжбенов жайлы да деректер тапшылық.

Қали ОМАРОВ, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі, Сағат ЖҮСІП, өлкетанушы

461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз