• Заманхат
  • 23 Шілде, 2018

Іштарлықтың құны қанша?

Берікхан Тайжігіт, Журналистер одағының мүшесі

Іштарлық, көреалмаушылық дегендерді жалпы, қасиет деп айтуға келсе, қасиеттен садаға кетсін! «Қазақтың басқа ха­лықтарға қарағанда іші тар» де­ді бір досым. «Неге? Неге олай дедің?» дей алмадым. Өйткені, өзім де осындай жағымсыз ой жетегінде жүрген едім. Ұлтымды жанымдай сүйемін. Рас. Сол үшін де оның жамандықтан айрылып, таза жолға түскенін қалаймын. Жалпы, өзге ұлттарда жоқ көптеген жақсы қасиеттерге ие қазақ дәл осы көреалмаушылық пен іштарлық деген жаман қасиеттерді бойына қайдан, қашан жұқтырғаны маған да беймәлім. Әсілі, бұлар ежелден қазақтың бойында болмаған деген ойдан аулақпын. Мұндай сезімдер болмаса бұл тіршіліктің тепе-теңдігі де бұзылып, жаппай жалғанды жалпағынан басып жүрер ме едік... «Бұл бір ұлттың емес, адам баласына тән қасиет...мысалға, өзге ұлттардың ішінде бірге тұрып, жұмыс жасап көр», дейді әріптес досым. Ақын қыз Ардақты Қамақ бір сөзінде: «...Бірде бақалар мұнараның басына шығу үшін жарыс ұйым­дастырыпты. Көрермендер, яғни, жан-жануарлар, жәндіктер көп жиналыпты. Көбісі бақаларды мазақ етіп, олардың мұндай жарыс ұйымдастырғандарын көре алмай, әжуалай бастапты: «Бақа деген мұнараға өрмелей ала ма екен, бұл мүмкін емес, бәрібір жете алмайды, ақымақтар», – деп мінеп-сынап күлкіге қарық болыпты. Шынында да, жоғары өрмелеп тырмысқан бақалар мұнарадан бірінен кейін- бірі топылдап құлай береді. Тек бір бақа ғана алған бетінен қайтпай, мұнараның басына шығады. Кө­рермендер таң-тамаша болып, қалай шыққанын білгілері келіп, сұрақтың астына алады. Сөйтсе, әлгі бақаның құлағы естімейтін таскерең екен. Ол әркімнің көре алмай айтқан кертартпа сөздерін, мінін, сынын естімепті. Соның арқасында алға қойған мақсатына жетіпті, – делінген екен бір аңызда... Бұл да бір дерттің түрі ғой, Алла көралмаушылық, рия дерттерінен сақтасын» дейді. Мен өз басым осы бір ертегіден көп нәрсені аңғардым». Таза ауада сайын дала төсінде сайран құрған біздің ұлтқа бұл пәленің қашан келіп «жабысқанын» шамалаймын. Ол үшін әлбетте, кейбір сөздердің, терминдердің этимологиясына үңілейікші. Жалпы, «көрші» деген сөз әлмисақтан етістік болғанымен біртіндеп зат есімге айналған сыңайлы, келіссеңіз де, келіспесеңіз де. Қараша үйдің жабығынан сығалап: «Әй, барып көрші, ана үйдегілер не істеп жатыр екен?» дейтін жағдайға алып келген жаппай коллективтендіру саясатының құрбандарымыз ба, әлде!? Қазақ дархан жазира даласында емін-еркін той тойлап, шат-шадыман жүрген халық еді ғой. Бір жерден ішіп, бір жерге қысы-жазы қоныстану шынымен санамызды тұмшалап, ізгі қасиеттерімізді ада еткені ме? Неліктен түгелдей дерлік адам психологиясы өзгерді? Мұндай жаман әдет біздің ұлтымызға тән емес еді ғой. Бұл, шынымен-ақ, заман ағымы өзгерген сайын пайда болған ұлтымызға жағымсыз қасиет болғаны ма? Көреалмаушылык, іштарлық, қиянатшылдық, сатқындық, алауыздық, жікшілдік сияқты індеттер қазақта көп таралып, генімізге әбден сіңіп кеткен жоқ па!? ...Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар, Өтірік, өсек дегенде, Бəйге атындай аңқылдар, – деп жырлаған Абай бабаның өлең жолдары әлі де маңызды, көкейкесті болып тұрғаны жасырын емес. Хакім Абай да сыртынан ғайбат сөздер айтып өсектейтін ағайын, туыс, дос-жаран, тіпті дұшпандарынан әбден зәрезап болғаннан соң жүрегінен шыққан өлеңі емес пе еді бұл!? Болмаса «...Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз...» дегенде Абай нені меңзеді, нақ осындай жаман қасиеттердің тым жұқпалы, тым қауіпті екендігін айтпады ма?!. Жалпы, ғалымдардың пікірі бойынша, адам баласының 20 пайызы қызғаныш дегеннің не екенінен хабарсыз болса, 80 пайызы өздерінің осындай мерез жұқтырғанын мойындамайтын көрінеді. Қиын ғой! Он жыл сыныпта бірге оқыған дос қыз Аягөзге келіп зәулім үй салды. Саудасы да бірден жүріп, әп-сәтте-ақ ауқаттылар қатарына қосылды. Мәселе онда емес. Сол қыз қазақтардың іштарлығы мен көреалмаушылығын айтқанда еңірегенде етегі жасқа толады: – Аягөздің бір шетінен жер алып, кәсібімді бастарда, болмаса сауда нүктелерін ашарда арызданған өзіміздің қазақ ағайындардан көз аша алмаймын деуге болады. Бір жақсы іс бастарда алдымен жан-жағыңа қарап, алыс, жақындағыларды ескеріп, елеп-екшеп алмасаң, өкініште қаласың. Маңайыңдағы іші тар, мерездер бір сәт те қалғымайды ғой. Сол күні тиісті органдарға арыз-шағымдарын бората бастайды, – дейді ол қамығып. – Сонда мұндай жаман қасиеттер өзге ұлттарда болмағаны ма?- деймін таңданысымды жасыра алмай. – Рас, – дейді ол, – Сен не іс­теп жатырсың, немен айналысып жүрсің, айналамыздағы өзге ұлттардың көпшілігінің шаруасы да жоқ қой. Бірақ, дәл осы іштарлық пен көреалмаушылық секілді жаман қасиеттер көбінесе өзіміздің ұлттан шығады. Шынын айтайын, қазағымды жаныммен сүйем. Тіпті, ғарышта жаралғанына кепілдік бере аламын. Қазақты жанымен сүйетін, ұлты­мыз десе, отқа да түсуге дайын қыз­дың бұл сөзі мені әжептәуір ойландырып тастады..

678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз