• Ұлттану
  • 28 Тамыз, 2018

«САҚТАЛУШЫ ЕДІ СЫБАҒА...»

Жуырда Түркістан облысы Отырар ауданында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен «Өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Отырар ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Сақталушы еді сыбаға...» этнографиялық фестивалі өтті. Шараның мақсаты ұмыт болуға ай­налған «Сыбаға» дәстүрін ел арасына кеңі­нен насихаттауға бағытталған. Жалпы «Сыбаға» дегеніміз халқымыздың бір-бірін сыйлағанын білдіретін дәстүрлерінің бірі. Жиын-тойға келе алмай қалған қадірлі қонақтарына, жақын туыстарына немесе соғым сойғанда арнайы жақындарына бөлінген мүшелерді «сыбаға» дейді. «Өкпе бер, бауыр бер, сыбағамды тәуір бер» деп қазақ халқында сыбаға беру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Қазы-қарта, жал-жая, май-құртын сарымайдай сақтап, келген қонактың алдына қояды. Алыста жүрген ұл-қызына сыбағасын беріп те жібереді. Ағайынды жақындастырады, бір-біріне құрметін арттырады. «Сақталушы еді сыбаға, Сапарға кеткен ұлдарға, Наурыз айы туғанда» дейтін өлең жолдарында айтылатындай, сыбағаның да бірнеше түрі болады. Қара сыбаға – сыйлы адамдар қайтыс болған кезде көзкөргендер ол адамның сыбағасын үзбей оның отбасына, әйеліне немесе балаларына әдейі жіберіп отырады. Мұны халық ұғымы мен салтында «қара сыбаға» деп атайды. Қазақ сыйлы адамдарына, жақын-туыстарына жыл сайын тиісті сыбағасын сақтап отырған. Оны әдейі сақтау да, сол сияқты тиісті кісілердің келіп өз сыбағасын жеуі де үлкен парыз әрі сыйластық, құрмет белгісі саналған. Сыбаға сақтамау да, сақтағанын барып тата алмау да бір сын. Бү­гінде ұмытыла бастаған қара сыбаға салтының тәлім-тәрбиелік манызы зор. Болжаусыз сыбаға – қазақтың бөлін­беген еншісі, берілмеген несібесі. Аты айтып тұрғандай бұндай сыбағалар болжаусыз келген қонаққа үй иесінің ерекше ықыласымен берілетін қонағасы. Онда ерте туған марқадан бастап, түйе сойып күтсе де айыбы жоқ. Жалпы сыбағаның өзі сыйластықтан шығатындықтан, көбінде сыбағаны арнаулы асын беріп немесе ат мінгізіп, шапан жауып, сырға тағып, жүзік салып, жыртыс жыртып, киіт кигізіп өтеуге де болады. Біздің әңгіме етіп отырғанымыз арнаулы асқа байланысты болғандықтан сыбаға беру, сыбаға үлестіруді етпен, сойылған қойдың пісіп дайын болған мүшелерімен өлшейміз. Ал, келесі сыбаға «Сақталған сыбаға». Сақталған сыбағаға «болжаусыз сыбағадан» басқа сыбағалар жатады. Себебі, қазақ алыс-жақындағы кұда-жекжат, кұдағи-келін, туыс-туғанды жылына бір келетіні анық деп күтіп отыратын болған. Сол үшін сыбаға жілігін сақтаған. Бұл да болса қазақтың туысшылдығын, бауырмалдығын, сол адамға арналған несібені сақтауды, сол несібе иесіне деген құрметін білдіреді. Сақталған сыбаға үлкенге де, кішіге де, ағайынға да, алашқа да бірдей. Тек «сақталған сыбағаны» өз ішінен төмен­дегідей; 1. Құданың, сыйлы ағайын-туыстың, көрші-қоланның сыбағасы; 2. Құдағи мен жеңгенін сыбағасы; 3. Жорықта жүрген ер азаматтың сы­­бағасы; 4. Күйеу бала мен келіннің, алыс са­пар­дағы ұл мен қыздың сыбағасы деп бір­неше бөлікке бөліп, арнаулы сыбаға етін дайындаған. Осы ретте «Құданың, сыйлы ағайын-туыстың, көрші-қолаңның сыбағасын» тарқатар болсам; Әуелі құдаға бас, жамбас, кәрі жілік, сүбе қабырға, белдеме, арқа және бірнеше тал қара қабырғамен қоса ұлтабары кесілген, майлы жұмыр тартуға болады. Бір табақта (дастарханда) алты адамнан көп болмауын қадағалаған жөн. Егер адам алтыдан көп болса асық жілікті косуға болады. Бұл та­бақ тарту, сыбаға үлестіруде бірінші табақ деп аталады. Қазір көп жерлерде етті турап тартатындықтан және мал соймай, дайын ет сатып алатындықтан бұл үрдіс ұмы­тылып бара жатқандығы белгілі. Дегенмен ата салтын білген ұлттың ұрпағы ұтпаса ұтылмайтыны анық. Енді, келесі сыбаға үлестіретін «Құдағи мен жеңгенің сыбағасы» аталатын екін­ші табақтың үлесіне тиетін сыбағалы мүшелерді тарқатайын. Мұнда ортан жілік, тоқбас жілік, арқа, белдеме, қабырғаны қосуға болады. Үшінші табақ «Жорықта жүрген ер азаматтың сыбағасы» жалпы ер азамат­тарға арналған табаққа асық жілік, белдеме, қабырға, арқа, жауырын, төстің етегі тартылады. Соңғы сыбаға табағы – төртінші табаққа «Күйеу бала мен келіннің, алыс сапардағы ұл мен қыздың сыбағасы» ретінде асық жілік, төс сүйек, арқа, қабырға, белдеме тартылады. Жоғарыда келтірілген табақтарға салын­ған еттің ішінде бір сыбаға жілік болуы міндетті. Ал, қасындағыларды қоспасы деп атайды. Мысалы «барында бір жілігіңді жеп кет» деп жатады үлкен апаларымыз. Ол – «өз сыбағаңды жеп кет», «қоспасымен бір жілік ет асып қойдым» деген сөзі. Ә. Нұрпейісов қолданысындағы салтқа байланысты туған этнографизмнің келесі бірі – өлі сыбаға. Жазушы өлі сыбаға атауын қолдану арқылы қазақ даласында қалыптасқан «балықтан сыбаға беру» сияқты жоғары азаматтық пен жомарттықтың, кеңпейілділік пен қамқорлыктың тамаша үлгісін көрсеткен: «Сүйеу қартты сыйлайтын жұрт Итжемес жұмыс істемесе де, оны үлестен қалдырмай, қыс бойы өлі сыбаға боп кеп еді». Өлі сыбаға – қазақ халқының жақсы салтының қатарына жатады. Бас көтерер азаматы жоқ қарттарға, асыраушысы жоқ жетім-жесірге, жоқ-жітіктерге егінші-кеу­сен, мүліктен-мүше, балықтан – өлі сыбаға беретін болған. Бұған ешкім іштарлық немесе қарсылық жасауға тиісті емес. Бұл ел ішінде бұлжымас заң болған. Аққұла – бұл ертеде егін егетін елдің бұлжымас дәстүрі болған екен. Қазір хал­қымыздың салтына айналған аққұла мүл­дем ұмытылған. Бұрын әр егінші өзіне қажетті дәнін сеуіп болғаннан кейін әдейі қалдырылған жерге тағы да бөлек дән себетін болған. Ол «аққұла» деп атал­ған. Бұл қазақшаға аударғанда «құдай несібесі» немесе «құдай сыбағасы» деген сөз екен. Аққұла өсіп, жиналғаннан кейін жетім-жесірлерге, кайыршыларға және дін жолындағы адамдарға үлестірілген. Бұл елдік дәстүрден қазақ халкының әр шаруашылық иелері тек өзінің ғана емес, жағдайы төмен кедей-кепшіктерді де ұмытпағанын, зор адамгершілік міндеттер атқарғанын көруге болады. Фестиваль барысында жоғарыда айтылған сыбаға түрлері дастархан мәзірі үстінде дәріптелді. Ет тағамдарынан жасал­ған табақ тарту жоралғысы (бас тарту, құда табақ, құдағи табақ, сый табақ т.б) және ұмытылып бара жаткан мипалау, үлпершек астарынан көпшілік дәм татып, жасалу жолы айтылды. Сүт өнімдерінен жасалған кұрт, ірімшік, дәнді-дақылдардан әзірленген тары, талқан, жент сынды жеңсік астардың жасалу жолдары мен кімге қалай сыбаға ретінде берілетіні айтылып, іс-шара өнерпаздардың ән мен жырына ұласты.

Айгерім Тастанова, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері

2574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз